Дидахмет Әшімханұлы. Жүрегім бір соғып, бір соқпай тұрғандай...

Бөлісу:

27.06.2020 5893

Қазір Алтайда жаз. Маусым мен шілде Алтайдың жұмақ кезі. Көсіле көл боп жатқан кербез шағы. Алтайда төрт маусым түгел. Әр маусымның өзіне тән мінезі бар. Әр маусымның өзіне тән еркелігі бар. Қашанда асқақ. Қашанда тұнжыр. Қашанда мұңлы. Алтай кейде сәбидей іңгалағыш, кейде ағыл-тегіл жылауық. Дегенмен жасы қайсар. Мұңы паң. Кірпияз. Көбіне Бұқтырмадай бұрқ-сарқ етіп тасынат. Тасынат та басылат. Басылат та ашынат. Бітпейтін өкпесі бар. Мәңгілік сағынышқа оранған жазылмайтын жарасы бар. Алтайды сағынсам Қалиханды оқитынмын. Алтайды сағынсам Оралханды қайыра парақтайтынмын. Алтайды сағынсам Дидахметпен дидарласатынмын. Бұл күнде үшеуі де жоқ арамызда. Үшеуі де Алтайды жырлай-жырлай Алтайдың өзіне айналып кеткендей. Үшеуі де туған даласын, туған жерін жырлай-жырлай туған отанының өзіне айналып кеткендей. Жоқ деуге аузымыз бармайтыны содан. Ақ қағазда бәрі жатыр ақтарылып. Дидағаң да алпыстан аса бере ағаларының артынан кетіп еді. Одан бері де бес жыл аунапты. Міне енді, туған ел-жұрты, киелі оқырмандары асыл ұлының жетпіс жылдық мерейтойын, ағаның рух-дидарымен, сүбелі еңбектерімен, адами болмысымен бірге қарсы алып отыр. Қолымызға қапияда Дидағаңның ағалары туралы жазған ескі дәптері түсіп еді. Сол дәптердің сырлы бетін парақтай отырып, ағамен ағалары туралы сыр бөліскендей болдық. Заманның тілі мұны ретро-сұхбат дейді екен. Мейлі. Оқып көріңіз. Қазақта сөз ұстартқан қауымнан бастап, қара сөзге жаны сусаған жанның Қалиханды, Оралханды сағынбайтыны кемде кем шығар деймін. Енді оған Дидағаң сағынышы қосылды. Ағалардың асқақ рухы алдында тағызым!

Сіз осы өміріңізде ағаға кедей, ініге кенде болған жоқсыз. Біліміңізбен, мінезіңізбен жақсылардың ортасында еркін жүрдіңіз. Ағаны сыйлап, ініні еркелетіп, жастарды қолпаштап, сүйемелдеп, әлпештеп жүресіз қашанда. Қалай болмасын атамекен Алтайдан шыққан ағаларыңыздың орыны бөлек шығар деймін. Бүгінгі әңгімеміздің бір парасын сол ағаларға деген ілтипатпен бастасақ. Болмысы бөлек, бітімі ерекше Оралхан Бөкейді оқырман қауым әлі сағынады. Жиі еске алады. Әңгімеміздің әлқисасын Орағаңнан бастайықшы.

– Ол көп адамның қалыпты тірлігіне ұқсай бермейтін бөлекше ғұмыр кешті. Ең ақыры ақтық демі де талайдың тағдырына жазбаған жағдаятта үзілді. Оралханның ылғи да бір тосын дүние күтіп жүретін жұрты үшін оның сонау Үнді жеріндегі қазасы да тым тосындау көрінгені рас. Бұны не кездейсоқтық, не қажеттілік заңына жорудың өзі қиын.

Ол қалам ұстаған ешкімнің жазу мәнеріне ұқсамайтын шығармалар жазды. Оларын біреу түсінер, біреу түсінбес, біреу қабылдар, біреу қабылдамас, алайда сол еркемінез, еркіндеу, тентек те телқоңыр дүниелерімен ол өнерде «Оралхан» атын танытты, әдебиетте ұзақ ғұмырлы «Оралхан Бөкей» есімін қалдырды. Егер ол тірлігінде өзі әжуалап отыратындай «тым мәдениетті», «тым жуас», идеологияның икемінен шықпайтын, әдебиет теориясының бар қағидасын қалып етіп ұстайтын шығармалар жазса, онда Оралханның басқа оралхандардан қандай айырмасы болар еді. Бұны өзінен артық әдемі айтқан да ешкім жоқ. «Менің шығармаларымның қай жері біреуге артық-ауыс көрінсе, дәл сол жерде Мен бармын», – дейтін ол. Бұл сөзден оның талант табиғаты ғана емес, мінез ерекшелігі де сезілер еді. Мінез демекші, ол барлық адам оп-оңай түсіне бермейтін, қалтарысы мол, жұмбағы көп, ойлап кетсе – дана, ойнай қалса – бала мінезбен өмір сүрді. Барлық адам деймін-ау, оның жандүниесіндегі кейбір жайларды жанында ұзақ жыл үзеңгілес жүрген ең жақын достарының өзі жақсы білгеніне мен күмәндімін. Бұл түйіндеуіме мынадай негіз бар.

Оралхан адамның өзін-өзі жұмбақтау ұстау қасиетін ерекше бағалайтын. Оның пікірінше: өмірдің, дүниенің, сан түрлі құбылыстың бүкіл қызығы – жұмбақтығында, сол жұмбақтарды шешсем, құпияларды ашсам деген құмарлықпен күн кешу тіршілігіміздің бір мәні болса, адамның жан-дүниесі де сондай жұмбақты болу керек, бір сөзбен айтқанда, кез келген адамның ішкі дүниесі – өзінше бір қазына, шыныңды айтам деп сырыңды айтып бар асылыңды баршаға таратып жіберсең, сенің кең сарайың қайыршының қара бақырсыз қапшығынан несі артық. Ендеше, қазынаңның қара құлпына ие бол, ашық болам деп шашық болма!.. Рас, бұл ойлай білетін екі адамның біріне белгілі қағида. Ал Оралханның олардан айырмасы осынау қарапайым қағиданы айтып, жазып қана қоймай, мүмкіндігінше күнделікті тірлігінде де ұстай білетіндігі еді. Яки, іші-сыртын жұмбақтау ұстау оның үйреншікті әдеті болатын. Сол себепті де ол біреулерге «түсініксіз», біреулерге «қызық» көрінетін. Сол себепті де ол соңынан ылғи да бір сұрау белгісін ертіп жүретіндей еді. Бұл сұраудың жауабын іздеп, шақшадай басын шара ететіндер де көп еді. Бұны өзі білмейді емес, білетін. Білетін де күлетін. Кейде балалығы ұстап кетіп мынандай да әңгіме айтатын:

«Қызық, бір адамды тани тұрып, әдейі, танымағандай жанынан өте шықсаң, ол бұны неге жоритынын білмей, қалай бас қатыратынын білесің бе? Бұл да қалжыңның бір түрі екенін о байқұс қайдан түсінсін», – деп мәз болатын. «Ойнай қалса – бала» дегенім де осы. Бұны түсінбегендер, әрине, оны «тәкаппар» дейтін. Бірақ шын мәнінде ол тәкаппарлықтың тек рөлін ғана ойнаушы еді.

Орағаңның бойындағы мұндай жұмбақ мінездің құпиясы қайда жатуы мүмкін?

– Әр адамның мінезі негізі әуелі жаратылысынан, сосын өскен орта, шыққан ұясында қалыптасатыны белгілі. Менімше, Оралхандағы қызуқандылық, ой реакциясындағы ұшқырлық, нағыз ақынға бітер арқа оған қанмен берілген қасиет те, сырбаздық, шешендік, намысшылдық секілді мінездер отбасынан дарыған болса керек. Осы тұста есіме ең алдымен Оралханның анасы – марқұм Күлия апам түседі. Ол кісі, жаны жәнатта болғыр, мен білетін етекті жанның естісі, жаулық жамылғанның сестісі, қара сөздің бетінен қаймақ қалқитын шешен, төсек үстінде отырып-ақ төр басынан төскейге дейінгі шаруаны түгел көре білетін көзі қырағы, сөзі өтімді адам еді. Оралханның кенже қарындасы, Күлия апамның көзінің ағы мен қарасындай болған Мәншүк дүниеден қайтқанда Алматыдан жедел жеткен біз, өкінішке қарай, ат басын азалы үйден бұрын бейіт басына тірегенбіз. Үлгергеніміз сол. Оралхан жаңа қазылған қабірге жас топырақты уыстап сеуіп, қарындасына жоқтау айтып отыр екен. Бір әредікте жолықтық. «Келіп қалдыңдар ма? – деді сыбырлай сөйлеп, сосын терең күрсініп. – Жүрегім бір соғып, бір соқпай тұрған секілді», – деді тағы да. Мен Күлия апамды ойладым. Мұның алдында ғана екінші қызы Әйменнен, артынша отағасы Бөкейден айырылған. Бәрінен де сол кісіге қиын болды-ау, бұл қазаны қалай көтеріп кетер екен дедім іштей. Оралхан екеуіміз бейіттен екі жүз қадамдай жердегі қара шаңыраққа әр қадамымызды санап басып әзер жеттік. Күлия апам әдеттегідей төсек үстіңде отырғанын көрдім. Мені бауырына басқан күйі шерін сәл тарқатып алды да, іле қайратына қайта мініп, ширақ сөйлей жөнелді: «Е-е, бауырым (аталас ру жағынан мені солай атайтын), «Тоқсан келейін деген жасым ба еді, быламық жейін деген асым ба еді» дегеңдей, қартайған шағыңда қара шалды алға сап, қасына екі қызын қосып беріп, арттарында аңырап қалам деп ойладым ба. Күні – түн, түні – мұң боп отырған Күлия апаңның түрі осы, бауырым. Қайтейін, енді қалғанына береке берсін деймін де. Ақсағын қойып, сауын түгеңдер кез келді міне». Күлия апамыздың әр уақыттағы сөз саптасы осы еді. Күлия апамыздың әр кездегі тілеуі – бір Оралханның амандығы еді.

«Жалғыз ұлдың арқасын елге, аяғын жерге тапсырдым» деген сөз осындай ғана ананың ауызынан шығар еді. «Алып – анадан, ат – биеден» деген сөз осындайда еске түспес пе.

Мен білетін Оралхан отбасында тым еркін де еркелеу боп өскен еді. Төрт бұрымдының ортасындағы жалғыз тұлымдының маңдайынан кім шертеді, Күлия апамыздай адуынды, Бөкей нағашымыздай кіді мінез ата-ана мойындарына бұршақ салып жүріп көрген жалғыз ұлдың бетіне кімді қаратады, одан басқа кімді әлпештейді. Соның арқасында Оралхан тік жүрді, сәнді киінді, еркін сөйлеп, еркелей де білді. Бұл қасиет, бұл мінезден ғүмыр бойы айырылған да жоқ. Ата-ана аясынан шыққан соң ол өз отбасының, достарының, елінің де еркесіне айналды. Маған белгілі көп адам өзгенің «анау-мынауын» көтермесе де Оралханның «ойындарын» көтере беретін. Бұған қарап оны қысқа ғүмырын тек қызықпен өткізді деуге болмайды. Ол өзінің өр мінезімен ғана сырт көзге сырты бүтін, жоғарыда айтқандай «тәкаппар», жұрттың біразы ойлағандай «менмен», ауылдастары ауызға алғандай «мақтансүйер» көрінетін. Ал нағыз табиғатында бұл түйіндемелерден көп басқаша еді ол. Оралхан өмірінің үлкен бір бөлігі жалғыздықтан тұрды. Оның жан-жүйесін күн сайын жегідей жеп жататын бір қасіреті де осы жалғыздығын үнемі сезініп отыруында еді. Өмірінің соңғы бес-алты жылына дейін «жалғызбын», «мен жалғызбын ғой» дегенді тіпті де жиі айта беретін. Ауылда да, Алматыда да жанында біраз жүрген мен оның, расында, жалғыздығын жақсы сезінетінмін. Әсіресе, ауылға барған кезімде. Бірақ біз еш уақытта Алматыдан елге бірге аттанған емеспіз. Ол әдеттегі «жұмбақтығына» басып, менен не ерте, не кеш, әйтеуір бір күні Шыңғыстайдың төбесінен топ ете түседі. Сосын мен оны іздеп барамын. Екеуміз етектегі Бұқтырмаға қарай аяңдаймыз. Бәрі де сағынышты. Аяқ астында туған жердің борпылдаған қара топырағы. Жол жиегінде былқылдаған қазоты. Бала кезімізде екеуміз де тал ат мініп шапқылап, табанымыздан таңба қалған жерлер. Бәрі де еске түседі. Бәрін де айтып тауыса алмаймыз. Мұндай сәтте Оралхан Алматыда айта бермейтін талай әңгімесін ақтарып та тастайды. Бірақ әдебиет, әдебиетшілер туралы сөзден ылғи да сытылып шыға беретін. Сол сәттегі оның ел мен жер, табиғат жөніндегі ой түйіндері мені қатты қызықтырушы еді. Айта берсе дейтінмін. Бірақ... сөз аяғы көбінде бір көңілсіз бірдемеге тіреліп қалатын да, сосын басын кекжите бұрып алып... алысқа, тым алысқа қараған қалпы ұзақ ойланып кетуші еді. Сонда жүзінен әлдебір уайым, әлдебір мұң сезілетін. Мәселен, ол қарадан-қарап отырып мына сияқты әңгімені айтатыны бар-ды. «Кейде орман ішінде келе жатып, баяғыда құлап қалған қарағай дөңбекті көремін. Қабығы шіріген. Ағашын мүк басқан. Томары мүжілген. Енді біраз жылдан кейін мүлде қара топыраққа айналады. Қандай аянышты. Сұмдық аяймын…» Бұдан кейін одан көңілді әңгіме күтіп көр, ауыратынын айтады, жалғыздығын тілге тиек етеді... Бұл жағынан ол уайымшыл еді. Иә, Оралханның оптимизмнен гөрі скептицизмге жақындығы басым болатын. Мысалы, жастайынан көбірек ауырғанынан ба, ол медицина «кереметтеріне» көбінде күмәнмен қарайтын. «Соқырішек секілді көзге көрініп тұрған бірдеңені сылып тастағаны болмаса, дәрігерлердің қолынан не келеді. Берген дәрі-дәрмегі ауырған бір жеріңді басса, сау екінші жерінді ауыртады. Бәрі де чепуха», – деп бір қояды. Сөйте тұрып бірде: «Әй, мына бір мазь керемет-ей! Бір жаққаннан жұлып түсірді», – деп мәз болатыны тағы бар. Ал оған: «Мына сөзіңізге келіспеймін», – деп уәж айту және қиын. Ондайда құдай берген тілі мен мінезі, интуициясы мен эрудициясы жеткілікті Оралхан өз сөзі мен сенімінің дұрыстығын қалайда дәлелдеп шығуға тырысып, ағыл-тегіл сөйлеп кеткен кезде, көріп-біліп тұрған ешкіңді теке десе де сеніп қалатындай едің. Әрі-беріден соң бұның өзі де таланттылықтың белгісі емес пе?

Ағаның қасында етбауыры, қаламдас інісі боп ұзақ уақыт бірге жүрдіңіз. Сырластыңыз, мұңдастыңыз. Қуанышы мен жұбанышында да бірге болдыңыз. Жазушының біз біле бермейтін шығармашылық лабароториясы туралы оқырмандарға айта кетсеңіз?

– Ол – әдебиетте жолы болған, алдынан үнемі жасыл шам жанып тұрған жазушы. Жолы болуының басты себебі өнердегі өз жолын ерте тауып кеткендігі ме деймін. Ол қай жанрда қалам тартпасын, оны жазған Оралхан екенін оқырмандар авторына қарамай-ақ сезе беретін. Жазушы үшін бұдан артық қандай бақыт керек. Баспасөз бен баспаға да керек автор осы ғой. Жазғандарының сиясы кеппей жатып газет-журналдарда басылды. Одан іле кітап болып шығып жатты. Кітапта шыққаны ешбір сыншының да назарынан тыс қалған жоқ. Олар Оралхан шығармашылығы жөнінде, обалдары нешік, небір түйінді пікір айта білді, әлі де айта беретін болар. Сондықтан мен бұл тақырыпқа соққым келмейді.

Дей тұрғанмен, көпке белгісіздеу, айтылуы сирек бір мәселеге тоқтала кеткенді жөн көремін. Ол – жазушының шығармашылық лабораториясы.

Біріншіден, Оралхан еш уақытта тақырыптан таусылып көрген жазушы емес. Бір-ақ сөйлемдік мәселеден ол қалауынша шығарма тудыра беруге қабілеті де, құдіреті де жететін. Сол себепті де болар, ол: «Жоспарлаған дүниемнің көптігі сондай, оларды ешқашан жазып тауыса алмайтын шығармын», - деп қиналатын.

Екіншіден, ол өте шапшаң жазатын. Қандай көлемді дүниені ұзаса бірер айда бітіріп тастаушы еді. «Ойыма қаламым ілесе алмай отырады» дейтін ол бұл жөнінде. Ойына қаламы ілесе алмайтыны – Оралхан прозадағы импровизатор (суырыпсалма) еді. Шығармаларындағы әуез-ырғақтың әдемілігі, ой ағысының арындылығы, композициялық тұтастық, бәрі-бәрі суырыпсалмалықтың жемісі деп білген жөн. Бұл жағынан оны ақын десек, артық болмас.

Үшіншіден, жазған дүниесі жарық көргенше оны ең жақын достарына болмаса, басқаларға дабыра қыла бермейтін, шығармашылық жұмысында біреулермен ой бөлісуді және ұнатпайтын. Сыншылар пікіріне құлақ асқан кезі де сирек. Әсіресе, сын-ескертпелер естігенде.

Ал жазуы (почеркі)?.. Әріптері өте ұсақ, жолдарының арасы тым жиі, бір бетінен машинкалық екі беттей шығатын. Бірақ оқылуы оңай, танылуы жақсы еді. Онда «черновик» деген болған емес. Тургенев айтқандай «көп дегенде – екі, әйтпесе бір-ақ рет» жазатын. Сөз реті келтенде айта кетейін, өз жазуына ұқыпты қарау жағынан мен Қалихан Ысқақов пен Герольд Бельгерден өткен кірпияз жан көрген емеспін. Айтпақшы, Оралхан алғашқы шығармаларының біразын қара қарындашпен жазған. Оған қараған көздің өзі ләззаттанатындай еді.

Бүгінде Оралхан есіме түскенде оның ауылдағы бозбала күнінен Алматыда ел ағасы болғанға дейінгі әртүрлі бейнесі көзіме апанық елестейді. Алайда, бәрінен де жанарымда жақсы сақталып қалғаны – 89-жылы Әлібек (Асқаров) үшеуміз ел адамдарымен Шәңген деген көлге барғандағы «суреті». Иен тау. Иен көлдің жағасы. Мүлгіген орман. Оралхан жұрттан оқшаулау барып, бір серек тастың үстіне тон жамылып отырып, көзін көл бетінен асырған күйі әдетінше алысқа қарап отырған. Ұзақ отырған. Көз алдында... қызылжалқын сәулесі көл бетінде алаулап, шар табақ күн шалқып батып бара жатты. Жайлап басып жанына бардым. Ол тағы да біраз үнсіз отырды да: «Қандай ғажап, қандай жұмбақ, қандай баянсыз да тұрлаусыз дүние», - деді күбірлеп.

Сонда ол не айтқысы келді екен? Не айта алмай кетті екен деп ойлаймын бүгінде.

Иә, Оралханның айтқанынан айтпағаны, жазғанынан жазбағаны көп еді-ау.

Қазақ әдебиетінің классигі, ғажап суреткер Қалихан аға Ысқақ өзінен кейін әдебиетке келген қаншама ұрпақтың ұстазына айналған, өзіндік мектебі бар, өзіндік мәнері мен үлгісі бар күрделі әлемнің иесі ғой. Қалағаңның қасында жүріп не ұқтыңыз, не түйдіңіз?

– Бүгінгі қазақ әдебиетінің белгілі ғана емес беделді өкілі, қарымды қаламгер деп қою да аз – қара сөздің қайталанбас шебері Қалихан Ысқақовты мен алғаш рет 75-тің желтоқсанында көрдім. Ол уақытта сөз өнерінің беделі асқан, берекесі ұйыған кез еді. Жазушылар одағында өтер әр жиында әдебиеттің ағымдағы шаруасынан бастап, халықтық, ұлттық мәселелерге дейін сөз болып жататын. Мұндай сәттерде жазушылардың үш қабатты ақ үйі қайнаған базар, мереке-думанның ақ ордасына айналып кетер еді. Міне, осындай шуақты күндердің бірінде жас жазушылардың республикалық кезекті бір кеңесі өтетін болды да, мен оған Шығыс Қазақстан облыстық «Коммунизм туы» газетінде істеп жүрген жерімнен шақырылдым.

Алғашқы күнгі жалпы жиыннан кейін бізді жеке-жеке топқа бөліп, семинарлық жұмыс жүргізуге кіріскен. Құдай сәтін салды ма, әлде Қалағаңның өзі ыңғайлап жіберді ме, біз, Әлібек Асқаров екеуміз Зейнолла Қабдолов бастаған сөз өнерінің талғампаз да таза жүректі өкілдері Қалихан Ысқақов, бүгінде о дүниелік болып кеткен (жандары жәнатта болғыр) Жайсаңбек Молдағалиев, Төлеген Тоқбергеновтің тобына түскен екенбіз. Бұлар төбедей болып төрден орын алған. Төмендегі біз – 12 жас қаламгер, кезек-кезек өз шығармамызды оқимыз, ағалар пікір айтады. Менің көзім көбінде Қалағаңда. Ал Қалағаңның көзі – бәрімізде, «Сен кімсің? Қайдан келдің?» деп ешкімге де ерекше көңіл бөліп отырған ол жоқ. Әлібек екеуміз кешеден бері оны сырттай көріп жүргенмен жақын таныса алмаған едік. Соған бір жағынан өкінеміз, бір жағынан іштей: біздің де Қатонқарағайдан екенімізді тезірек білсе екен дейміз ынтығып. Бірақ... біраз отырыстан кейін бұл ыстық ниетіміз біртіндеп суи бастағандай болды. Бала жасымыздан «бір көрсек» деп армандап жүрген бұл ағамыздан гөрі бізге қайта Жайсағаң жақындау көрінген. Үні жұмсақ, «айна-а-лайын» деп қана сөйлейді. Әдебиет есігін енді ашсам деген біз секілді үрпек бастарды үркітіп алмайын дейтіндей. Ал Қалағаң, байқаймын, сылап-сипауды білмейді, тарғылдау қоңыр даусы өктем де өр. Пікірін белінен басып, нығыздап, шегелеп айтады. Онысы кейде тіпті ұрсып тұрғандай естіледі. Соған қарағанда біз жазғанымыз үшін жазықты секілдіміз.

– Қалихан,– дейді Жайсаңбек жұмсақ қана, – жастарға мұндай үлкен талап қойғаның қалай? Шеберлік тәжірибемен келеді. Бұларда қазір қандай тәжірибе бар? Сосын жұрттың бәрі мен сияқты жазсын деу артық шығар...

– Біздің Қалихан осылардың жасында «Қоңыр күз едіні» жазған ғой. Ол бір керемет шығарма ғой, – деп Зейнолла ағамыз есте жоқ ескі заманға бір кетеді.

– Дұрыс-ақ, «Қоңыр күз еді» – Қалиханның ғана емес, қазақ әдебиетінің табысы ғой, – дейді Төлеген аға қырылдап.

Сосын бір келесі жас талап имене тұрып, өз шығармасын оқиды. Ол соңғы парағын айқара жапқан кезде «сен не дейсің?» дегендей Зейнолла аға тағы да алдымен Қалағаңа қарайды. Қалағаң сұқ саусағын тапаншадай кезеп тұрып сөйлеп кетеді.

– Газеттің қоқыр-соқыр тілімен көркем шығарма жазам деу – бос әурешілік. Жазады екенсің қазақтың тілін біл. Ал қазақтың тілі лексикалық қорында небәрі 150-ақ сөзі бар ҚазТАГ-тың тілі емес, білдің бе!..

– Ау, Қалихан, бұның енді... – деп Жайсағаң басу айтайын десе, Қалағаң «тапаншасын» енді оған шұғыл бұра қойып:

– Әдебиетке кірер есік бар, шығар есік жоқ тегінде. Оған кірем деген адам тесіктен емес, есіктен кірсін, білдің бе. Дұрыстап хат та жаза алмайтын біреулердің быттыбай-шыттыбайын осындайда мақтап-мақтап өткізіп жібереміз де, артынан «ау, халтурщиктер қайдан келген» деп ойбай саламыз. Жаза алмайтын, жазу қолынан келмейтін адамға бірінші күннен айтатын сөз біреу-ақ: не марать! Онсыз да бездарный дүние бізде жеткілікті. Әдебиеттің кем-кетігін всякий хламмен толтырудың түкке де керегі жоқ. Сөз осы! – дейді шорт кесіп.

– Сіздің алғашқы әңгімелеріңіздің бірін Қалихан ағаның «шимайлап» тастайтыны осы тұс па?

Өстіп біразымыз Қалағаңның қаһарына ілігіп қалдық. Тек Мархабат Байғұтов, Жұмагүл Саухатова, Әуезхан Әбдірашовтың шығармасын тыңдағанда ғана ағамның түсі жылиын деді. Кезек маған келді. «Жетпіс апа» деген әңгімемді оқи бастағаным сол:

– Әй, Оралхан ағаң сияқты зырылдатпа, – деді ол. «Мәссаған, мені танып отыр!» «Оралхан ағам болса өзі де бөтен емес қой» деймін іштей. Сосын зырылдатпай оқуға кіріскем.

– Әй, асықпа дедім ғой мен саған, – деді ол тағы гүр етіп.

– Оның мінезі сондай аға, жылдам сөйлейді, жылдам оқиды, – деді жанымда отырған Әлібек.

– Сен тыныш отыр, – деді оған Қалағаң. Не керек, әйтеуір, терлеп-тешпіп тұрып әңгімемді бітірдім.

– Бұның жөн екен. Басқа нең бар? – деді Қалағаң. «Аққабаның толқынын» алдына қойдым. Бірінші бетіне көз жүгіртіп шықты да, бірден Зейнолла ағаға бұрылды.

– Зеке, осыны өзіңіз оқып шығыңызшы.

– Е, бұдан не таптың? – деді Зекең.

– Бірінші сөйлемі сөйлем сияқты екен.

– Сола-ай ма? Ендеше бұнысы әңгіме сияқты болғаны ғой. Не нәрсенің басы қалай басталса, аяғы солай аяқталады да, – деп Зекең жылы кейіппен маған кербез бір қарап алды да, әңгімемді қара папкесіне баптап салып қойды.

Байқаймын, «сияқты» деген сөздің астарында бір жылы үміттің ұшқыны жылтырап жатқан сияқты. Бірақ «сияқтыға» менің көңілім толмайтын сияқты. Өйткені өзім істеп жүрген облыстық газетте осы әңгімемді таяуда ғана жариялап, «пәмелиемді» тақырып басынан көріп, лездеме кезінде «талант, талант» деген сөзді естіп, көкірегіме жел, арқама жал бітіп, өзімді кәдімгі жазушы сияқты сезініп жүрген кезім ғой ол.

Сол күнгі семинардан өстіп жарым көңіл, жартыкеш үмітпен сыртқа шыға бергенім сол:

– Әй, қара бала, тоқтай тұр, – деген дауысқа жалт бұрылдым. Қалағаң екен.

– Сен ертең үйге кел. Адрес мынау, – деп бір жапырақ қағазды қолыма ұстата салды.

– Жаңағы екі әңгіме жөнінде сонда сөйлесеміз, – деді ол тағы. Қатты қуандым. Үйіне шақырғанына емес, әңгімелерім жөнінде «жөндеп сөйлесетінімізге» қуандым. «Бәсе, жаман жазбағандай едім» деймін іштей. «Жұрт көзінше айтпаған жылы сөзін енді айтар» деймін және бір есекдәмемен. Ол кезде ағамның мақтауға сараң, сипауға сырдаң екенін қайдан білейін...

Ертеңінде үйіне ертелеп жеткен мені Қалағаң кішірек бір бөлмесіне кіргізді де, бірден өзі жазу үстеліне жайғасып, қарсы алдынан маған орын нұсқады. Сосын «Жетпіс апаны» қолына алып үнсіз оқуға кірісті. «Кеше ғана өз аузымнан тыңдады емес пе. Енді несіне оқиды» деймін шыдамсызданып.

Не заматта Қалағаң қағаздан басын көтерді де:

– Сенде авторлық көз бар, оқырман көзі жоқ, – деді. – Әсіресе, мүсіндеуге келгенде шорқақсың. Кейіпкерлеріңнің тек аты ғана бар, олардың бір-біріне ұқсамайтын кейіп-кескін, бет-жүзі, қимыл-қозғалыс дегендері мұнда жоқ. Бәрі сахна сыртында сөйлеп тұрғандай. Бұл – сенің жазып отырған дүниеңді оқырман көзімен көре алмағандығың... Екіншіден, композиция деген мәселеге мән бермейсің. Оқиғаларың, ойларың, штрихтар мен детальдарың бір-бірімен бос байланысады. Турасын айтқанда, шығармаңда тұтастық жоқ. Үшіншіден, шын жазушының шыбыны босқа ұшпайды. Оған да себеп керек. Ол да азды-көпті шығармаға қызмет етуі керек. Ал сенің шыбыныңды қойып таудай өгізіңнің өзі текке жүр. Сосын... кейіпкеріңді «жылады» дейсің. Алдымен оны жылайтын жағдайға жеткізбейсің бе. Сонда ғана оқырман оның шын жылағанына сенбей ме. Бұған жеткізе алмаған, сендіре алмаған екенсің – онда әңгімеңде әсер жоқ.

– Сонда менде не бар? – дедім түңіліп.

– Сенде ме?.. Интуиция бар, сезім бар, бейнелі көретін көз, адамды жақсы көретін жүрек бар. Ұнамсыз деген кейіпкеріңнің өзін іштей аяп отырасың. Жазушыға ең керегі – осылар. Қалғаны машықпен, дағдымен, еңбекпен келеді.

– Ал енді бұның мұртын аздап басып жіберейік, – деп Қалағаң қолына қалам алған. Содан ұзақ отырған. Мұрны пыс-пыс етіп, іштей күбірлеп-күбірлеп алып, сөз-сөйлемдерді сызып тастайды да, үстіне бірдеме жазады. Сосын тағы сызады, тағы жазады. Байқаймын, «мұртын басам» деген Қалағамның қайшысы мұрттан сақалға, сақалдан шашқа түсіп барады. Түскен жерін түзеп, күзеп барады. Құдды қолындағысы қалам емес, менің «көкорай шалғынымды» жапырып бара жатқан комбайынның жаткасы сияқты. Қарап отырып ішім ашиды. Намысым келеді. «Iштен шыққан шұбарымды» әлдебіреу шырылдатып сойып жатқан секілді. Қарсыласуға дәрмен жоқ. Мінезі қандай екенін Қалағаң кеше көрсетіп тастаған.

Не заматта, әйтеуір, қағаздан басын көтерген ол:

– Машинкаға қайта бастырып, бірінші, екінші данасын маған бер. Бірақ түзелген нұсқасын жоғалтпа, кейін өзіңе керек болады, – деп қап-қара шимай әңгімемді алдыма қойды.

– Бұны не қылам? Менің дүнием емес қой, – дедім мен.

– Не-е? – деп ол маған тік қараған.

– Бұнда енді менен бірдеме қалды ма? Бәрі де сіздікі емес пе, – дедім мен.

Қалағаң орнынан шұғыл тұрды да, үстелді айналып келіп, жаныма отырды.

– Сырты сұлу болғанмен, ішіңде бір түйір дәні жоқ нәрсеге мен уақытымды итрәсуә етпеймін. Ал сен шамаң келгенше ешкімге ұқсатпай жазасың. Біреулер айтпағанды айтқың келеді. Бұған қоса тіл білесің. Маған керегі – осы. Ал бұл жазғаныңды мен тек стилистикалық жағынан ғана қарап шықтым, түсіндің бе?

...Рас, ол уақытта түсінгем жоқ. Кейін Қалағамның сол «қара шимайына» қаншама рет үңілгенім тағы есімде жоқ. Оған қараған сайын құлақ түбімнен Қалағаң: «Осылай жаз. Бос сөз, болбыр сөйлемің керек емес» - деп тұрғандай болады. Және... бүгінге дейін солай жазуға – мүмкіндігінше өзімнен кейін ешкімге жұмыс қалдырмауға тырысам. Өйткені, қолымда Қалағаң сызып берген тамаша үлгі бар.

Біз Қалағаңның замандас, аға-інілерінің естеліктерінен оның мінезінің кеңдігін, жанының жібектей нәзік екенін оқушы едік. Тіпті жазғандарының өзінен жанының жұмсақтығы көрініп тұратындай еді...

– Рас, ол уақытта мен Қалағаңның өзін де түсінген емеспін. Кейін оған көп жақын жүрген кезімде Қалихан Ысқақов деген екі адам барын байқадым.

Біріншісі – өнердегі Қалихан. Иә, өнер мүддесіне келгенде ол мүлде басқа адамға айналып кетер еді. Мұндайда өзіне де, өзгеге де тым қатал. Жә, өзгені қойдық, өзіне бір сәт қараңыз...

Бірде үйіне келсем, маржандай тізіп жазған бір бет дүниесін қайта көшіріп отыр.

– Түзетіп жатырсыз ба? – деймін.

– Жоқ, түзеткенді көшіріп... – деді ол. Өзгерткені үш-ақ сөз.

– Осыған бола ма? – деймін.

– Жазғаның оқығанда ғана емес, қарағанда да сүйкімді болу керек, – деді ол қысқа ғана.

– Сіз екеуіңіз де Бейімбетті қатты қадыр тұтып, ұстаз санадыңыздар ғой? Орағаң тіпті жатқа оқиды екен...

Есіме қай-қайдағы түседі.

80-жылдары Қалағаң Бейімбеттің «Құрымбайдың жігітшілігі», «Охрана бастығы» әңгімелері бойынша қысқа метражды фильм сценарийін жазған. Сол фильмді телевизордан көрген мен:

– Диалогтерді өзіңіз жазыпсыз ғой, аға. Бейімбетте олар жоқ. Киноны екі әңгімеге қарап отырып көрдім, – деп едім, Қалағаң ал кеп ашулансын.

– Сен өзі Бейімбетті түсінбейді екенсің ғой. Диалог шығарманың ішкі табиғатынан шығады. Мен соны тек сезініп, түйсінген шығармын. Әйтпесе Бейімбеттің аузына сөз салу сен екеуіміздің қолымыздан келмейді. Басқамен ойнасаңдар да, Бейімбетпен ойнамаңдар, тегінде.

Ол Чехов пен Бунинді де осылай құрметтер еді. «Үлкен стилистер» дейді Қалағам бұлар жөнінде. Стилист демекші... жас жазушылардың кейінгі бір кеңесінде Талаптан Ахметжанов әңгімесін оқып тұрған.

– «Ауыл шетіндегі осынау қоржын үйдің іші бүгін өлік шығарғандай жым-жырт» дегенде:

– Тоқта! – деді Қалағам. – Ешбір сөзін жөндемей осы сөйлем әсерін екі есе күшейтуге болады. Қалай? Бірақ нүктемен. «Жым-жырттың» алдынан нүкте қойып, қайта оқышы.

– «Ауыл шетіндегі осынау қоржын үйдің іші бүгін өлік шығарғандай. Жым-жырт».

Жаңағы екі Қалихан Ысқақов бар деп отырғаныңыз осыдан ба?

...Әдебиетте осындай талантты да талғампаз, қатал да кірпияз, сезімтал да сергек Қалихан Ысқақов бар да, күнделікті өмірде өте қарапайым, кішіпейіл де кішік, ақкөңіл де аңқау Қалихан-Қалағаң бар. Әдетте ақынжанды, арқалы адамның бір мінезі артық көрініп тұратыны белгілі ғой.

Бұл неліктен дегенде, менің есіме қазанға шамадан тыс құйылған су түсер еді. Қайнаған кезде ол да кемерден асып-төгіліп, буын аспанға, көбігін отқа шашпай ма. Меніңше, бойға артықтау біткен талант та осы секілді. Бұны түсінбегендер, түсінуге түйсігі жетпейтіндер шын өнер иесінің кеңдігін – кемдігі, қарапайымдылығын – қарабайырлығы, ақкөңілдігін әпенділігі көрер еді. Қалағамды да біреулер өстіп бағалайтынын білемін. Бірақ оларға сөзімді шығын қылмай, таланттар қалай түсінеді дегенге ғана тоқталғым келеді.

Бір Бұқтырманың суын ішкен Оралхан мен Қалиханның әдебиет туралы шешіліп әңгімелескенін көрген кезім сирек. Екеуі қатар отыра қалғанда көбінде тілге тиек етерлері – ел мен жердің жайы, қара шаруаның қамы ғана болатын. Ал оңашада Оралхан маған:

– Қазақтың уыздай нәрлі, тас бұлақтай таза тілі қазір санаулы ғана жазушыда қалды ғой. Солардың арасында Қалиханның жөні тіпті бөлек. Тілдік қорының ересен байлығымен қоса оны бейнелі, бедерлі пайдалануы қандай! Бұған және бірін-бірі қайталамайтын кейіпкерлер образын қос – әрқайсысы бір-бір тип. Ал табиғатты суреттегенде... алдына жан салмайтын жалғыз қара тағы да Қалихан шығар, – дер еді.

Осындай пікірді мен Сейдахмет Бердіқұлов ағадан да бірнеше рет естігенім бар. Ол кісі кездесе қалғанда алдымен менен сұрары Қалағаңның халі еді. Ол кісі мені тек Қалағаң үшін жақсы көретіндей еді...

Көбінде қыңыр сөйлеуге құмар Асқар Сүлейменов ағаның ең жақсы көретін, жақсы көргеніне ғана айтатын сөзі – «харам» болатын.

– Сенің «харам» ағаңның, – дейді ол, – ең «харам» дүниесі – «Менің ағаларым» повесі. Сендер мақтап жүрген «Қоңыр күз еді», «Тұйық» деген көркем шығармаларының өзі осы повестің шаңына қақалып қалады. Документалды шығарманың өзін көркем дүниеден асырып жіберу Қалиханнан басқа қай «харамның» қолынан келеді.

«Менің ағаларым»... Қандай жылы сөз! Алланың рахымына жолыққыр, бүгінде марқұм болып кеткен сол Асекең де, Сейдағаң да, Жайсаңбек пен Төлеген де менің ағаларым еді. Қалағаң арқылы тапқан ағаларым еді. Олар мені, мен оларды жақсы көрсем, мүмкін бұл шама келгенше өмірде Қалағама ұқсағым келіп жүретіндігімнен шығар. Ал өнерде... Бейімбетке ұқсап қарапайым, Қалиханға еліктеп кестелі жазу қайда маған!..

Бөлісу:

Көп оқылғандар