Абзал Сүлеймен. Құшады аспан жанымыз бүрлегенге дейін

Бөлісу:

02.06.2021 3947

Көл түбіне қатқан мұз

қыстың аязды күні

көл бетіндегі қалың мұз құрсауын көріп

тәнімді құшқан жұмсақ су туралы ойладым

құдды күллі ғаламның суы қазір қатып жатқандай

қолымды батырғым келді менің

сірескен толқын жалына қолымды қойғанда

беймаза ойлардан оятқан суық

миыма өтеді

ондағы тірі жасушалардың тітіркенгеніне

тамырымдағы қою қанға өшіккендей

тәнімдегі өмір жылуын сөндіруге тырысып

мен тағы еске алдым көл бетіндегі мұз құрсауын

бала күнімде сырғанап ойнағаным да

көліктің көл түбінк кеткені де

мұз аударылып өмір мен өлім қақпасына айналғаны да есімде

бізге сонда мұз құрсауы шексіз көрінетін

қазір көкжиекке сіңіп бұлдырайтын мұзды көл

уақыт аралық көпір сынды

қайтадан өткен өмірімді еске салады

оның жібіген кезін ұмытқалы қашан

иә оны бұл жердегілер де мұз күйінде ғана көреді

сосын тұрдым жағада

ақ жал толқындарды көруге зарығып

әбден мезі еткен ойлардан арылуға

тыныштықты тыныштықпен алмастырғым келгендей

мәнсіздік ішінде тұншығып

көкжиектен соққан желмен ұшқан

қар ұшқыны бетімде ериді жас сынды

мұз жарығынан сытылып шыққан суға

тамып

Құшады аспан жанымыз бүрлегенге дейін

Діңкесі қатқан кәрі емен жапырақтары

Жүдеу бұтақтарын жалаңаштағанда

Асфальт үстінде шіритінін білетіндей

Ұзақ қалқиды уақытпен ойнап,

Қала ортасындағы шуда,

Әйнек пен бағанға кедергі шолақ бұтағы

Шабылған күйі иіліп

Өзіне таныс күнге ғана ұмтылып

Сол күйі солған.

Оған тән емес берік бетон дуалдардан

Соңғы жерлеген жапырақтарын

Балақайлар шашып ойнаған дыбыс қана естіледі,

Айқайы ғана естіледі оның.

Уақыт аралық қылмыс

Дағдыға айналған әңгімелерден соң,

Жоқтау жаңғырығы сіңген қала,

Мың жылдық тастарға біткен құпия

Жаңалықтарда қайта көрсетілді.

Өткеннен тек жақсылық есте қалатыны сияқты,

Фрескалардағы жарты бейне,

Ажал құшқан тұрғындары да,

Қиратылған ғимараттары да,

Бізге адамзаттың ғаламаттығын көрсетеді деп ойлаймыз.

Жаны тастап ұшқан үйілген қаңқалар,

Өздері жайлы аз ғана ақпаратты сақтап жатса да,

Ажал иісіне қанық қаланың адамдары

Кісі қолынан қаза тапқанын,

Жел үстінде қалқыған өркениет,

Кісі қолынан қаза тапқанын,

Сенімге айналған тілдің,

Кісі қолынан қаза тапқанын,

Сыбырлайды тек,

Нәсілі мен жынысын анықтаған ғалымға.

Гүлді ғаламшар

Құшағым гүлге толғанда,

Күздің салқыны жылы сипап өткенін сезіп,

Ол туралы жақ ашпауды жөн көрдік.

Үнемі әлдене кедергі болатынын ойлаймыз,

Көзімізді жұмып.

Құлақ түбінде естілген "Көзімнің қарасы",

Төртінші өлшемдегі ғалам қақпасында

Дәл қазір басқа уақытта айтылғандай,

Қол созым жерде,

Бәлкім, менің ол ішімде

Қара құрдымда

тәніміздің талқаны шыға берсе де,

Жанымыз спираль бойымен созылса да,

Орала береміз тағы,

Көзімізді жұмып.

Реликті шағала*

Жүздеген,

Мыңдаған шақырымдарды,

Артқа тастап,

Аралтөбеге** қайта оралғанда,

Өзіне таныс көлдің бетінде шағала,

Өзіне бейтаныс көлдің бетіндегі балапан

Қайта ұшуға қамданады,

Көк ала толқынның жалында қалқып.

Ескі де емес және жаңа да,

Өліара кезеңнің ұлы құсы,

Тамырының тереңге бойлағанын да, бірақ

Планетаға әмірі жүрген динозаврлар дәуірінің

Қайта келмейтінін де біледі.

Біледі сосын ол мынау көлдің де

Көне теңіздің бөлшегі екендігін.

Ештеңе өспейтін аралдағы

қиыршық тастарға,

Жемтігін төсеген,

Шуылдақ мыңдаған шағала

Адам қолынан қаза тапқанда;

Ештеңе өспейтін аралдағы

Қиыршық тастарға,

Мамық қауырсынын төсеген,

Шаңқылдаған жүздеген шағала,

Адам қолынан қаза тапқанда;

Ештеңе өспейтін аралдағы

Қиыршық тастарға,

Өз денесін төсеген,

Сыбырлаған қос шағала

Адам қолынан қаза тапқанда,

Ешкім де азалы дауыс естімеді..,

Биыл да Аралтөбе жетім...

*Реликті шағала – көне заман шағаласы

**Аралтөбе – Алакөл көліндегі реликті шағала ұя салатын арал

Көрнекі сурет: Джексон Поллок «Синее (Моби Дик)»

Бөлісу:

Көп оқылғандар