Талдаубек Әшімханұлы. Қастерлі қара сөзді қадыр тұтқан қаламгер

Бөлісу:

20.06.2021 3726

Талдаубек Әшімханұлы белгілі ғалым, әдебиеттанушы, сыншы, филология ғылымдарының докторы. «Қазақ афоризмдері» монографиясы мен «Алтын жағалау» атты әдебие танымдық кітаптардің авторы. Сыншы соңғы уақытта, қазақтың классик жазушыларының шығармалары туралы, жүйелі, толыққанды сын-сараптар жасап жүр. Біз Талдаубек Әшімханұлын арнайы сөзге тартып, оқырманға «Көкбелес», «Құмдағы іздер», «Аманат» сынды романдарымен кеңінен танылған жазушы Оразхан Ахметтің шығармашылық әлемі төңірегіндегі сауалдарымызды жолдаған едік.

- Оқырмандар арасында, жазушы Оразхан Ахметтің шағын әңгімелерінен гөрі, көлемді хикаяттары мен романдары туралы жиі айтылады. Әңгімемізді осыдан бастасақ аға?

- Әр жазушының бағын ашар тақырыбы, оң жамбасына келер жанры болады. Бір жазушының таланты шағын жанрда айқындалса, енді бірінің парасат биігі, суреткерлігі шалқар тынысты эпикалық дүниемен ашылады. Қазақ әдебиетінде Бейімбет Майлин, Тәкен Әлімқұлов, Сайын Мұратбеков секілді жазушылардың таланты әңгіме жанрында айырықша көрілсе, Әбіш Кекілбаев, Оралхан Бөкейев, Қабдеш Жұмаділов, Дулат Исабековтер өзге жанрға қарағанда, повесть жанрында көбірек қалам тартты. Қырғыз халқының заңғар жазушысы Шыңғыс Айтыматовтың бағын ашқан, әлемге танытқан шығармалары да – повесть жанрында болды. Атағын бірден шығарған «Жамиладан» кейінгі «Ақ кеме», «Қош бол, Гүлсары», «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет», «Шынарым менің, шырайлым менің» повесттері жазушының ойшылдығын, суреткерлік кемелденген болмысын пәш еткен айтулы шығармалар еді. Қытай қазақ әдебиетінде повесть жанрында өндіре қалам тартқан жазушының бірі – Оразхан Ахметов.

- Ол кісі шығармашылық жолында қай тақырыпта көбірек ізденді?

- Оразхан Ахметовты жазушы ретінде танытқан, есімін келешекке апарар, жұрт көңілінен орын табар ең сүбелі шығармалары – повесттері дер едік. Өйткені, жазушы қаламынан туған жирмадан астам повесттердің көркемдік деңгейі жағынан, жанр өлшем талабына жауап беру тұрғысынан көңіл көншітерлік тұстары көп. Повесттерінің тақырыбы әр алуан болғанымен, негізгі деталын ауыл өмірінен алып жазды. Ондағы алқа-салқа адал жандардың өмірін, мінез-болмысын суреттеді. Сондай-ақ, заманның, қоғамның адамдар санасына жасаған әсерін, өзгерісін айта отырып, жалпы адамзаттық құндылықтарды, қоғамдық-әлеуметтік мәселелерді көтерді. Жазушы Оразхан Ахмет «Кәсіп таңдаған адам» повестінде 1970 жылдардағы қоғам өмірінің, адам сана деңгейінің бір қырын көрсете отырып, күрделі әлеуметтік жағдайдың астарын, адамдар арасындағы қарым-қатынастың шиленіскен тұстарын жанды детальдармен ашып береді.

- Осы шығармасы туралы айта отырсаңыз?

- Көркем әдебиет – образға құрылады. Ал, образды ой – форма немесе тәсіл арқылы іске асады. Жазушыға идеяалық мақсатын іске асыратын ұтымды тәсіл таба білу – шеберлікке апарар кілт. Әрі қаламгердің парасатын, сартабан суреткерлігін танытатын маңызды түйін. Аталған хикаятында, жазушы көркем идеясын бейнелеп жеткізудің ретін, ұтымды әдісін тапқан. Хикаяттың алғашқы сөйлемі «Мысық мұрт, бадырақ көз қара кісі бөлімге есік қақпастан тасыр-тұсыр кіріп келді» деп кейіпкер портреті мен қимылын берумен басталады. Шығарманы оқиғаға тіке қатысты кейіпкердің жайынан аңдату жасап бастаудың өзіндік мәні зор. Бұл жазушы шеберлігінің бір қыры ретінде әдебиетте көп ұшырасып жүрген құбылыс. Адамның сыртқы тұлғасы мен әрекеті оның жан дүниесінен хабар береді. Мынадай сықпыт пен тасыраңдаған мінезден кейіпкердің кейінгі оқиғада қалай болатынын бірден мөлшерлейміз. Хикаят – «Меннің» атымен басталғанымен, тұтас оқиға тізгіні орталық кейіпкер Кемелдің қолына өтеді, соның ауызымен шертіледі. Кейіпкер Кемел – дәуірдің туындысы, заман сомдаған жиынтық бейне. Таратып айтсақ, Кемел арқылы сол тұстың яғни Қытай қоғамының 1970 жылдардағы қоғамдық жағдайының шындығынан сыр суырады. Жазушы тек осы повесітіне ғана емес, 1960-1970 жылдардағы тарихи жағдайларды астар еткен өзге шығармаларына да, жазықсыз жазалалы болып, азап шеккен жандар мен айлакерлікпен жала сауған жағымысз образдар арасындағы қайышылықтарды көбірек оқиғаның арқауы етеді. Адамдар арасындағы қым-қиғаш тартыстарды суреттей отырып, қоғам бойындағы келеңсіздікті әшкерелейді. Адам бойындағы табиғи қасиеттердің жұтаңдауы, күрделі өзгерістерге ұшырауының мәні тереңде жатқанын жазушы Оразқан Ахметов көркем образ арқылы аңдатады. Байқап отырсақ, Оразхан Ахметов қаламынан туған әр туындыдан жазушы өмірінің айқын ізі байқалады. Хикаяттың фоны ретінде алынған кезең мен оқиғалардың бірталайы жазушы өзі басынан өткерген, куә болған жағдайлар екендігіне шығармаларды талдау барысында көз жеткіземіз. Кезінде автордың өзі де дәл осы хикаятында суреттелген кейіпкерлер – Кемел, Серікбайлар сияқты пәлешіл жандардың жәбіріне ұшыраған-ды. Жазушының көбінесе өз өмірінің соқпақты тұстарына айналып соға беретіні, басына бұлт үйірген заманның кескінін есінен шығара алмауы да заңды еді. Осы көріністерді хикаятта шағын эпизодтармен аңдатып өтетін тұстары кездеседі. Мысалы: «Төлеутайдың қойын дәптері» деген эпизодта көп сыр жатыр. Бұл – шығарманың жай ғана қажеті үшін алына салынған эпизод емес. Онда жазушымен ұқсас күй кешкен өнер адамдарының тағдырының шындығы жұмбақталып, мәдениет пен өнерге жауыға қараған заманның сиқы аяусыз мысқылмен әшкерленеді.

Бұл арада, өмір шындығын шағын деталь, бір үзім эпизодпен бүлік еткізіп айтып өту – Оразхан Ахмет жасампаздық шеберлігінің бір қыры ретінде көрініс табады. Бұл әрине, идеяны астарлап, симовлдап жеткізудің, оқырманға ой тастап отырудың бір жолы. Хикаятта кейіпкер аузынан берілетін мынадай толғамды тұжырым бар: «Қанша сарпалдаңға түсіп, атақ-даңқ жолында арпалыссаң да, түбінде бір күпті боп жирене қарайсың. Сол үшін төгілген тер, жұмсаған қайрат-жігеріңе өкініп, опық жейсің. Жалаудай бұлғаңдап көз тартып, көңіл аудара беретін сол құрдым атақтың шіріген мұнарадай құлап түсіп, мәңгі ғайып болуын тілейсің». Алдамшы дүниенің даңғаза тірлігіне ерген пенде шіркін де өтеді өмірден. Жалған атақпен жалпақтаған тырашты тірлігің де уақыт иірімінде жермен жексен болып тынады. Өзгермес, бүлінбес дүние – шын өнер деп тұрғандай жазушы бұл эпизодында.

- Сіз үшін сынның мұраты не?

- Әдеби сынның мұраты – жазушы жасампаздығының жетістіктері мен «Әттеген-ай» тұстарын ғылыми тұрғыдан саралаумен ғана тынбайды. Жазушы еңбегінің әдеби дамуға қосқан үлесін ашып беруге міндетті. Сонымен бірге, әдеби сын – әдеби құбылыстың даму барысындағы өзекті теориялық мәселелерді негізге ала отырып, әлеуметтік ірі жағдайаттар жайында түйінді тұжырымдар ұсынады. Сол арқылы әдебиеттің дамуына жетекшілік, қозғаушылық етеді. Міне, осы мақсатқа орай жазушының стильдік қолтаңбасы айқындалған соңғы кездегі басты-басты бірқанша повесттерін ала отырып, ғылми тұрғыдан ішкерлей талдауға көшеміз.

- Енді жазушының алғашқы повесттері туралы ой-пікіріңізді білсек?

- Жазушы Оразхан Ахметовтің аралық жанрдағы ырым алдысы – «Алыстағы оттар» мен «Ең соңғы көз жас» повесттері. Әңгіме жанрында екі жинағы жарық көріп, қаламы төселе бастаған тұста жазған жазушының бұл повесттері көркемдік жағынан да, көтерген тақырыбы жағынан да едәуір салмақты туынды қатарында. «Алыстағы оттар» - автордың балалар әдебиеті жанрындағы көлемді еңбегі саналады. Ауылдағы ата мен әженің қолында өскен бала Қанатты қалада тұратын әке-шешесінің алып қайтуы, баланың ауылға қайта қашу барысы – повесттің негізгі оқиғалық арқауы ретінде алынғанымен, жазушының мақсаты ауыл баласының өмірін ғана жазып шығу емес еді. Повесть көп қабатты астарлы идеяларға құрылғаны байқалады. Баланың ата мен әженің бауырында тәрбиеленуі – қазақ өміріндегі ертеден келе жатқан дәстүрлә салт пен таным. Жазушы әуелі кейіпкер Қанаттың мінезі арқылы өзге ластан, былық-шылықтан алыс ауылдың «атмосферасымен» тыныстап өскен баланың жаны таза болатынын айтқысы келген. Екіншіден, ауыл өмірін, сахараны көріп өскен баланың көкжиегі кең, өз халқының этнографиялық өмірімен де қала балаларына қарағанда біртабан етене таныс болып, санасына сіңіруге мүмкіндік алады. Бұл әрине, оқиғаға орай алға шыққан көзқарас болғанымен, повесттің ең негізгі түйіні, автордың басты мақсат еткен көркем идеясы Қанаттың қаладағы әке-шешенің қолына барғаннан кейінгі оқиғаларға сәйкес көрнектіленеді. Өзінің ұлттық рухани тамырынан ажырап, тексізденіп бара жатқан ұрпақтардың мінез-болмысын, қоғамдық жүйенің адамдар санасына жасаған ықпалын кейіпкер бала Қанаттың көзіммен бақылатып, бала ойы арқылы ашады. Жазушы адамдардың рухани дүниесінің жұтаңдап, дүниенің қызығы да, тұтқасы да байлық пен атақ, мансап пен дәреже деп білетін тоғышарлық идея бойларын жайлай бастағанын Қанаттың әке-шешесінің тірліктері арқылы көрсетеді. Қалада әке-шешесімен бірге тұрып жатқан Қанаттың тумалас ағасының содырлығы, қонаққа шақырылған әке-шешесімен еріп келген әкім баласының оспадарлығы, сондай-ақ, әжесінің тәрбиесіндегі қалаға көшіп келген ауыл баласы Бәкеннің болмысы бәрі-бәрі де Қанат көзімен бақылана отырып, көркемдік салыстырулар, психологиялық талдаулар жасалады. Байқап отырсаңыз, қалада өскен бала мен ауыл қарияларының тәрбиесіндегі баланың мінезі басқаша болып жетілгенін көреміз. Қанаттың досы ретінде алынған Бәкен туралы эпизод көркемдік идеяны аша түсу үшін өте орынды алынған. Бәкеннің әжесін де тілге алып өтуінің де, қала баласы мен ауыл баласын салыстра айтуының да үлкен идеялық мәні бар. Автор тәрбие негізінің қайнары – ұлттық рухани тамырда, соның көзі болған ауылда екендігін аңдатады. Әкім баласының бала Қанатқа жасаған дөрекілігі – тек ата-анасының тәрбиесі ғана емес, қоғамдық ортаның бір кемшін тұсы, өкінішті ісі еді. Адамзатқа керекті барлық құндылықтарды тек заттық дүниенің қызығынан іздейтін өлексе мінездің жас ұрпақтардың қанына сіңіп бара жатқанын жазушы ашына отырып баяндайды.

«Алыстағы оттар» - жазушының тұсаукесер повесты болғанымен, недәуір сәтті жазылған шығарма. Жазушының жасампаздық ізденісінің, стильдік мәнерінің айқындала басталғандығының куәсі. Бұл - бала көзімен барлау жасай отырып, қоғамдық-әлеуметтік ірі мәселелерді көтере білген туынды. әсіресе, аталған повестте жазушының ұтқан жері – өмірлік детальды дәл тауып, орынды қолдана білгендігі. Көркемдік деталь – көркемдік кепілі, шеберлік шарты, парасат айғағы. Детальды саралай білу, орнын тауып қолдану – жазушы парасатын, суреткерлік шеберлігін танытады. Шығарманың көркемдік тұтастық тауып, сәтті шығуы үшін детальдың атқарар рөлі зор. Өмірлік көріністі көркемдік детальға құлпырта айналдыру жағындағы жазушы шеберлігі повесть тіліндегі жадағай сезілетін аздаған олпы-солпылықтары да білдірмей кеткен.

- Бұл кемшіліктер «Ең соңғы көз жас» шығармасында да қайталана ма?

«Алыстағы оттар» жинағына қатар еніп, бір мезгілде жазылған жазушының аралық жанрдағы көлемді туындысы «Ең соңғы көз жас». Бұл повестьте жазушы жалпы адамзатқа ортақ міндет саналатын экологиялық ортаны қорғауды басты тақырып етеді. Мәселе тақырыптың көтерілуінде емес, автор ойға алғанын нендей әдіс, қандай көркемдік деңгейде суреттеп жеткізе алды дегенге тіреледі. Көркем идея – образбен, терең психологиялық талдаулармен жеткізілсе, шығарманың сапалы шыққаны. Жазушының жалаңдықтан аулақтап, суреткерлік қуатының артқаны. Жазушы Оразхан Ахмет оқиғаны жай жалаулатып авторлық баяндаумен сыдырта бермей, көркем идеясын жеткізудің оңтайлы жолын қарастырған, бұл ретте тапқан сүрлеуі – кейіпкердің жан дүниесіне психологиялық талдаулар жасай отырып, көркемдік шындықты жанды көрсетуге тырысады.

Повесть оқиғасы – өмір бойы табиғатты козқарашығындай қорғап, адал өткен Бөкей қарттың басынан кешкен өмірінің белгілі-белгілі тұстары қарт қиялымен елестетіле отырып баяндалады. Көркем әдебиетте, психологизмге, оның көркемдік компоненттері – портрет, пейзаж, ішкі монолог, ишаралау, түс көру, елестету сияқты тәсілдерге иек арту – жазушы стилінің даралығын, суреткерлік парасатын көрсететін маңызды буындар екені белгілі. Автор шығармада кейіпкер Бөкей қартты бастан аяқ ішкі толғаныста ұстай отырып, көркемдік желіні тереңдете тартуға әрекет етеді. Мұндағы назар аударатын түйін: жазушының нені айтпағы ғана емес, адам жанының мың қатпарлы күрделі құбылсытарын ішкі монолог арқылы ашудағы жазушының суреткерлік шеберлігі болмақ!

Жазушы шығарманы бастаған жерден-ақ психологиялық талдауға көшеді. ішкі монолоктың бір елеменіті болып табылатын – еске алу, қиялымен барлау, лиырикалық шегініс жасауға сүйене отырып, қарт өмірінің белестеріне сапар шегеді. Оқырман жазушы қаламынан туған көркем туындыны оқығанда, суретші салған әсем картинаның сыртқы бояуын қызықтағандай әсермен ғана тынбауы керек. Оқырманға керегі көркем образбен, суреткерлікпен берілген құнды идея, жандүниесін арпалысқа салып толғандыратын мәнді, мағыналы мазмұн, философиялық терең ой. Повесттің бауыздау түйіні – адамзаттың алтын бесгі табиғатты аялауға тіреледі. Кейіпкер Жапарға байланысты эпизодтар – бүгінгі қоғамның шындығына сәйкес келетін біршама келеңсіздіктерді көрсетіп береді. Жеке басының мүддесі жолында экологялық ортаны бүлдірген азсанды азғындық жолына түскен жандарды сындай отырып, барлық адамды табиғатты қорғауға шақырады. Шығармада өз кіндігінен тараған ұрпақтың қия басып, қиянатты жолға түсуін қарт орманышы Бөкей өзінен көріп, тәрбиемнің жетерсіздігі деп санап рухани азапқа түседі. Алайда, бұл ойдың бір ұшы қоғамдық жүйе адамдар пиғылының бұзылуына тіке себепші болып отыр деген идеяға барып тоғысады.

- Осы аталған хикаяттарда жазушының сюжет құруы мен өзі көздеген идеяны аша алуы көңіліңізден шықты ма?

- Көркем шығарманың ұлы сүйегі негізгі және қосымша идеялардан құралып, басты идеялық өзекті арқау ете желі тартады. Шығарма идеясының бір түйінге ойысуы керекті детальдардың сәтті орналасуына байланысты болып келеді. Бір ойды бір ой жетелеп, бір оқиғаны келесі бір оқиға туындататын жағдайлар көркем шығарманың сюжет желісін құруда жиі кездесіп отыратын құбылыс. Мәселен, «Ең соңғы көз жас» повестінде орман қорғау бөлімшесінің бастығы болып тағайындалған Жапар бастаған бір топ адамдар өздерінің қылмысты ізін жасыру мақсатымен, бір сайдың орманын өртеп, жаласын жай қызметкердің біріне жабады. Сол барыста, Жапардың шешесі, Бөкей қарттың аяулы жары – Ақтоқтының зираты да өртенген орманмен қоса кетеді. Міне, осы жерден повестьке тың сюжет қосылады. Ол – қарт Бөкейдің жастық өмірінің куәсі болған Ақтоқтыға қатысты эпизод еді. Негізгі оқиғалық желіні жетелеп шығарған бұл эпизод – Бөкей қарттың алаулы махаббаты жолындағы ерлік оқиғалар болғанымен, автордың басында алға қойған негізгі идеялық мақсатынан тысқары жатыр. Әрі тұпқазық нысанаға дәл дарымайтын, ең негізгі өзекті идеяға қызмет етпейтін қосалқы, жапсырма сюжет. Мұның себебі, біріншіден, Ақтоқтыға байланысты оқиға Бөкей өмірінің мәнді бөлшегі болғанымен, автордың көздеулі идеялық жоспарына тіке қатыссыз оқиға. Екіншіден, Ақтоқты оқиғасының ұзақ баяндалуы яғни повесттің тең жарымына жуық көлемді иелеп тұруы.

Біз жоғарыда көркем шығарманың сюжеті негізгі идеяны желі ете отырып өрбиді дедік. Және соған сай негізгі идеяны толықтыру мақсатында көптеген шағын сюжеттер болатындығын, әрі ол сюжеттердің шығарманың негізгі идеясын көрнектілендіре түсу үшін алынған қосалқы идеялар саналатындығын қайталай еске сала кетеміз. Ақтоқты оқиғасы повестіке қыстырма баяндау тәсілімен беріліп, Бөкей қарттың өз махаббаты жолындағы ерліктеріне арналған тақырып. Кейіпкер Бөкейдің адамдық болмысын, кіслік тұлғасын кемелді көрсету мақсатында берілген қосымша идеялар екені анық. Алайда, ескеретін бір мәселе, қосымша сюжеттер негізгі идеяның салмағынан асып кетпеуі керек. Жазушы суреттеп отырған оқиға және оның қосалқы бөлектері, кейіпкер арасындағы талас-тартыстары мен арман-мұраттары, күйініш-сүйінштері, т.б. бәрі-бәрі де жазушының сол шығармада айтпақшы болған идеясына бағынып өрістетіледі. Оқиғаны солай қарай икемдеп отырады. Кейде, жазушыны оқиға жетелеп кететін жәйіттер де жүз береді. Табиғи өз арнасымен ілгерлеген оқиға жазушының бұра тартуына көнбейді де, жазушы амалсыздан оқиғаның соңына ереді. Дамып, шиленісті бір кезеңге жеткен оқиғаны жазушы қысқа тұйықтап доғара сала алмайды да, оқиғаның шешім табуына дейін жазуға барады. Мұндай, жағдай жазушы идеясының шашыраңқы болуына, композициясының бошалаңдығына апарып соғады, шығарманың жалпы көркемдік тұтастығына әсер етеді. Жазушы Оразхан Ахметовтің аталған повестіндегі Ақтоқтыға қатысты сюжет хақында осыны айтар едік.

- Сіздің пайымыңзша, шығармадағы «Ақтоқты оқиғасы» басы артық дүние сияқты ма қалай?

- Рас, Ақтоқты оқиғасы тартымды баяндалған, повестьтен бөлшектеп жіберсек, өз алдына бір әңгіменің жүгін көтеріп жүре беретіні де анық. Көркем шығарма идеясының тығыз, бір бүтін тұлғада келуі үшін, тұтас шығармаға арқау болған әрбір сюжет, штрих дерлік негізгі идеялық мақсатқа желі тарта отырып берілуі тиіс. Мақсатсыз алынған әрбір деталь шығарманың сиқын кетіреді. Қанша көркем берілседе, идеяға қызмет етпегеннің бәрі де өлі сурет болып қала береді. Жазушы Оразхан Ахметтің бұл повестінде мүлт кеткен жері де осы. Дейтұрғанмен, автор повестьтің идеялық шешімі ретінде философиялық астарлы ой ұсынады. Автор қайраты кетіп, жаңа дәуір жастарына билігі жүрмей қор болған қарттың ішкі қыжылын ой ағысымен береді. Көз алдында отқа оранып тақырға айналған даланың, сирексіген орманның қалын көріп жаны бір жараланса, бауыр еті баласы Жапардың тірліктері онан арман қартты қасіретке батырады. Сөйтіп, тағдыр дауылына қарт емендей қайыспай қарсы қарап келген Бөкей қария қайғыдан үзілді, өкіншпен өмірін аяқтады. Тіпті, көзі жұмылып бара жатып та, қатты өкініш білдіріп жатады. Қарттың көз жұмар алдындағы ең соңғы монологы: «Балаларыма адал еңбек жолын тауып бердім деп ойлаған едім, қате басыппын. Менің оларға беретін мұрам Ақтоқтының асыл арманы, махаббаты екен». Жазушы шығарманың соңғы шешімін – ұрпағыңа мұра ретінде қалдыратын шын құнды дүние заттық байлық емес, жақсы тәрбие, асыл мінез бен махаббат дейтін идеяға түйіндейді.

«Жасыл бақша» жазушының балалар әдебиеті тақырыбында жазған екінші көлемді шығармасы. Бұл повесттің негізгі желісі – кейіпкер Жомарттың отбасында орын алған оқиғаларға құрылады. Маскүнемдікке салынып, ұрпағының тағдырын, отбасын ойрандаған ішінара адамдардың тірлігін сындайды. Бұл – «Алсытағы оттар» повестіндей тым табысты шықпаған. Повесттің соңында, автор өзінің болашақ ұрпақтан күткен үмітін кішкентай Жомарттың әкесін арақтан арашалау үшін дәрілікке жылан ұстайтын эпизодты арқылы береді.

Жоғарыда, Оразхан Ахметтің повесть жанрындағы алғашқы туындыларына тоқталып, жазушының алған тақырыбын игерудегі және әрбір детальды орынды қолдана отырып, көркем идеяны көрнектілендіре көрсетудегі суреткерлік шеберліктерін, әсіресе, жазушының сюжет құру мен композиция бірлігін бір жақты етудегі ерекшеліктерін шағын аяда болса да саралап өттік. Мақсатымыз жазушының стильдік жақтан қалыптасып, өсу барсын, сондай-ақ, жазушы парасатының қырларын көрсетіп беру болатын.

- Жазушы Оразхан Ахмет қазақ әдебиетіне роман жанрында үлкен олжа салған қаламгер. Енді әңгімені осы арнаға бұрсақ?

- Роман – дәуір туындысы, қоғам айнасы. Әр дәуірдегі қоғамдық-саяси өзгерістер сол дәуірде жасап отырған адамдар тағдырына зор ықпал жасайды. Заманның өзгерісі тудырған адам тағдырындағы сан алуан құбылыстарды көркемөнерлік талаптар бойынша кең тыныста суреттеп беру роман жанрының еншісінде болады. Роман – әңгіме, повесть сияқты өмірдің бір үзік қырларын ғана немесе бірер адам тағдырын ғана суреттеумен шектелмейді. Ол бір халықтың, бір ұлттың, бір тарихи дәуірдің елеулі оқиғаларын, күрделі саяси-әлеуметтік күрестерін, ауқымды мәселелерін суреттеу объектісі етеді. Әрине, әдебиеттану ғылымында алып жанр романның теориялық мәселелері аз қарастырылған жоқ. Ол жөнінде шертер хикая бөлек. Зерттеуіміздің ендігі тізгін тартар нысанасы – Оразхан Ахметовтің романдары жайында болмақ. Жазушы қаламынан қазірге дейін «Өзгерген өңір», «Көкбелес», «Құмдағы іздер», «Аманат» қатарлы романдар туды. Аталған романдардың көркемдік табыстары, жанрлық сипаттары, идеялық мазмұны, сондай-ақ, жазушының суреткерлік қырларын, стильдік қолтаңбасын айқындайтын тұстарын мүмкіндігіміз жеткенше талдап көрелік.

- Осы тұста жазушы романдарының негізгі арқауын тарқатып айтып кетсеңіз?

- Оразқан Ахмет романдарын негізінен «Мәдениет зор төңкерісі» тұсындағы оқиғаларды тарихи астар, өмірлік дерек ете отырып, өзі басынан кешкен сол бір қилы күндердің шындығын суреттеуге құрады. Бұндағы көркемдік деталь идеяны бейнелеп жеткізудің құралы. Ұқсас детальмен ұқсамаған тақырыпты көтеріп, тың ой айту және қиын. Үлкен ой айту үшін, әсіресе, роман сынды сүйекті жанр дәуірлік сипаты зор ірі-ірі оқиғаларды талап етеді. Ондай оқиғаны жазушы ұзақ уақыт зерттеп, оқиғаның жайы, дәуірлік астары жазушыға бейне өзі араласқандай айқындалып тұрмаса, шығармасы сәтті шықпайды. Жазушының қайта-қайта кешкен күндеріне соғып, «Бір атқан жеріне жүз келген аңшыдай» шиырлай беретіні де сондықтан. Шыны керек, Оразхан Ахметов романдарындағы идеялық сабақтастық, оқиғалық үндестік оқырманға жазушыны бір шиырдан шыға алмағандай әсер береді.

ЖАЛҒАСЫ БАР...

Бөлісу:

Көп оқылғандар