Тік жүрді, тік құлады...

Бөлісу:

30.07.2021 10187

Соңғы жылдары қазақ руханиятының аспанынан қаралы бұлт арылмады. Алаштың аяулы ұл-қыздары бірінен кейін бірі келместің кемесіне мініп кетіп жатыр... кеше бір емес екі бірдей жақсымыздан қапыда айрылып қалдық. Болат Атабаев мінезді, өр рухты, жаңашыл режиссеріміз еді. Барлық мүмкіндігін сарқа жұмсай алмады. Білетін бар дүниемді жастарға беріп кетсем деп жүретін. Оған да үлгірмеді... Осы қазадан есеңгіреп отырған ел-жұртқа жазушы Аягүл Мантайдың қыршын өлімі тіпті де ауыр тиді. «Әдебиет порталы» жазушының отбасына, жақындары мен қалың оқырмандарына шын жүректен көңіл айта отырып, Аягүл Мантайдың жанәлемін түсінетін қаламгерлердің аза сөзін жариялап отыр.

Зәуре БАТАЕВА, жазушы, аудармашы:

Аягүл Мантайдың қазасы жанымызға қатты батты. Соңғы екі жылда қанша адаммен қоштастық, бірақ 29-шілде күні жеткен ауыр хабардан бәріміз есеңгіреп қалдық. Аягүлдің бойында эмпатия – адамға деген жанашыршылық деңгейі өте жоғары болатын, содан болар, ол өзі тым сезімтал еді. Француз жазушысы Марсель Пруст бірде: «Әлемдегі қандай ұлы нәрселерді жүйкесі жұқа адамдар жасады: дін негізін қалаған да, адамзатқа небір өнер туындыларын сыйлаған да басқа емес, солар», - деген еді, Аягүлді де жазушылыққа ерте әкелген осы ерекше табиғаты болса керек. Бұндай адамдар басқаның тән азабын, жан азабын өзінікіндей қабылдап алады да, сол адаммен бірге қасірет шегеді, сондықтан олардың сыртқы әлемнен қорғана білу қабілеті төмен болады, олар сәби бала сияқты қорғансыз келеді. Аягүлдің сондай ерекше адамның бірі екенін оның шығармаларын, әлеуметтік желілерде жазып жүрген ой-пікірлерін оқыған оқырмандары, жақын-алыс таныстары бәрі білетін еді. Енді өзекті өкініш өртеп, «аяулы жанды қорғай алмадық» деп қоштасып жатырмыз. Біз оны неден қорғай алмадық?

Ковид-2019 басталғанда қазақ тілінде не бір жүйелі ғылыми ақпарат жоқ, не бір жүйелі сақтану шаралары жоқ – не істерге білмей абдырап қалған жұртты нәубеттен сақтануға шақырған Аягүлдің Фейсбук үндеуін жүздеген оқырмандар өзара бөлісіп, қаламгердің жанайқайы мыңдаған адамдарға демеу болды. Міне, жазушының ешкім оқымайтын неше том кітап шығарып, ұйым-одақ мүшесі болуы немесе сансыз жүлдеге ие болуы талап емес, қандай жағдайда да оқырманына рухани қолдау, қандай да шешім ұсынған қаламгерді жазушы дейді. Аягүл осы қағиданы, жазушының қоғамдағы орнын ерте және елдегі жазушылық жайлы теріс түсінікке қарамастан, дұрыс түсінген сирек қазақтың бірі. Ол қоғамдағы қатігездікке, принципсіздік пен жағымпаздыққа төзімсіз еді, бәрінен де сатқындықты жек көруші еді. Ондай адамға кез келген қоғамда, бірақ әсіресе рухани құндылықтары тым бұлыңғыр пост-кеңестік қоғамда өмір сүру әрқашан қиын. Аягүл де өз ортасын таппады.

Тіпті сонау 2006-2007 жылдары жазған туындыларын оқып, «бұл бала неге осыншама мұңды» деп ойлайтын едім. Кейіннен әлеуметтік желілер пайда болып, таныстық, 1-2 әңгімесін аудардым. Осыған қатысты жиі хабарласып тұратын едік, жазушылық кәсібін қанша жақсы көрсе де, жазушылықпен айналысуға соншалықты жағдайы болмады. Бұған қатысты ойларын жиі айтып жүретін еді. «Сапалы дүние ізденісті қажет етеді, ізденіс күш-қайратты, уақытты талап етеді, бізде ой еңбегі бағаланбайды», - деп өзіме бірнеше мәрте жазды. Қазақстанда дәл қазір орын алып отырған ой еңбегін бағаламау, дарынды керексіз қылып итеріп тастау кризисін бір әдеби сыншы «қаламгердің трагедиялық қажетсіздігі» деп атаған еді, ұлтымызда «қажетсіздік» сырқаты үдеп тұр. Екі жоғары білімі бар, таланты бар Аягүл Мантайға тұрақты жұмыс ұсынатын бір де бір қазақ табылмағаны ма?

Екіншіден, Аягүлдің сезімталдығын, жеке күйзелісін «әлсіздік», тіпті «сырқатқа шалдыққан» деп түсінетін рухани соқыр-керең адамдар бар екенін кеше Аягүл көз жұмған сәтте білдік. Аягүл сол адамдардың аяусыз қатігездігінің құрбаны. Аягүлдің қазасына «қоғам кінәлі» деген кеңестік слоганды мың қайталап, жұртты сабырға шақырған болып, істі жылы жауып қоюға қазірден бастап кірісе бастаған топтар бар. Бірақ бұл адамдар мәселені жете түсінбей отырған сияқты. Қазір «буллинг» деп аталып жүрген құбылыстың орысшасы «травля», қазақша атауы – психологиялық қудалау, адамның ізіне түсу. Яғни, не физикалық, не психологиялық «тұзақ құру» деген мағынасы бар. Қателеспейтін адам болмайды, өзара түсінбеушілікті мәдениеті жоғары адамдар, әсіресе ақылы толған әйел адамдар әлеуметтік желіде емес, жеке шешеді. Халық алдында жүрген қаламгерге ауыр сөз айтып, әлеуметтік жүйеде жер-жебіріне жете жәбірлеген адамдар Аягүлдің психологиялық күйін, жеке күйзелісін біле тұра осы буллинг әдісін қолданды және оны өз көзімен көрген куәгерлер жетерлік. Аягүл өзіне құрылған психологиялық тұзақтан шыға алмай қалды – психологтардың айтуынша, буллинг нәтижесі жиі осылай аяқталады. Зәбірлеуші адамдарды заң жүзінде жазалау қажет, себебі халық алдында жүрген өнер иелеріне ұйымдасып алып жабылу, оларға қарсы жандайшаптарын айтақтап, айдап салып, жұрт алдында талау – бұл қазақ қоғамында баяғыдан бар құбылыс, 15 ғасырда отырған жоқпыз, ХХІ ғасырда бұнымен заң жүзінде күресу керек.

Думан РАМАЗАН, жазушы-драматург:

БАҚҰЛ БОЛ, АЯГҮЛ ҚАРЫНДАСЫМ!.. Аягүл (Мантай) қарындасым да фәни жалғаннан бақи дүниеге көшіпті. Осынау жүрекке зіл батпан салмақ салар жаманат хабарды естігенде көңілім толқып, көзімнен жас шығып кетті... Өйткені, Аягүлді ажал түгіл, өкпеге қимас ем. «Аға-ау!..» деп тұрушы еді... Мен үшін аяулы жандардың бірі еді... Ауыр қаза, орны толмас жоғалту... Қазақ халқы талантты перзентінен айырылды, қазақ әдебиеті дарынды жазушысын жоғалтты... Мен Аягүлді көптен білемін. Қарым-қатынасымыз өте жақсы болды. Қатты сыйлайтын. Сөз жоқ, талапты, білімді, талантты бойжеткен. Көп оқып, көп ізденетін. Ой-өрісі кең, таным-түсінігі мол еді... Өз ойы, өз көзқарасы, өз ұстын-ұстанымдары бар арлы, отты, өжет, жаны кіршіксіз таза, жүрегі нәзік, адам баласына жамандығы жоқ адал қарындасымыз еді... Өзіндік мені болатын. Оны да түсінетінмін. Өзіне, біліміне, талантына сенетін. Ал ондай дарындар мінезді келеді. Мықтының алдында құрдай жорғалауды, жағынып-жағымпаздануды білмейді. Кім болса, ол болсын, ойын ашық айтатын. Әділетсіздіктерге төзіп, үн-түнсіз жүре бермейді. Ал ондай қызметкерлерді басшылар жақтыра қоймайды. Мүйіздейді... Еркелігін көтере алмайды... Есебін тауып жұмыстан шығарып жібереді, қызметке жолатпайды. Несібесінен қағады. Содан жаны күйзеледі, жүрегі ауырады, ашынады... Аягүл де осындай халді басынан кешірді. «Қазақ әдебиеті» газетінің бір бас редакторын жаны жақтырмайтын. Жұмыстан шығарып жібергені өз алдына, артыма түсіп алғаны соншалықты, бас редакторлықтан кеткенше менің шығармаларымды бергізбей қойды. Ал оны жазайын десем, ұяламын. Ішкі мәдениетім жібермейді!» дейтін. Мен болсам, ондай жексұрынның атын атып, түсін түстеп айта салар едім, өйткені олар сыйлауға тұрмайтын адамдар. Ал Аяш оның атын айтпады... Тек жазбаларында өзіне бір бас редактордың жамандық жасағанын, сегіз жылдай шығармасын газетіне жариялатпай қойғанын ғана шетжағалап жазып жүрді. Міне, біздің қолына қалам ұстап, әншейінде әулиедей көрінетін ағаларымыздың түрі! Жұмыстан шығарсын-ақ, жарайды, соңына түсіп, шығармаларын газет бетіне жариялатпаудан сол ағамыз не ұтты? Түсінбеймін! Егер ақылы болса, Аягүлдей талантты қорғап-қорғаштап, еркелігін көтеріп, жағдай жасап, шығармаларын жариялап тұруы керек еді ғой! Материалдық жағынан болмаса да, рухани тұрғыда қолдап-қуаттап жүрсе несі кетеді?! Ал кейбіреулер сол ақымақ, кекшіл, тырысқақ бас редакторды да әулие тұтады. Әулие түгіл, жазушы деген аттан садақа кетсін! Содан амалсыз Мәскеуге оқуға кетті... Оқуды бітіргеннен кейін де сонда біраз жыл қалып қойды. Әрине, бір жағынан өмір көру, білім жинау жақсы. Бірақ оқуын бітіргеннен кейін қыз баланың шетте тентіреп жүргені қайбір жақсы дейсіз?! Жаным ашитын. Шынымен жаным ашитын. Оны осы фейсбуктегі парақшамда осыдан үш-төрт жыл бұрын жаздым да. Айналайын, жылап тұрып «Жылаттыңыз, Аға!» деп хабарласып еді... Бірақ басқа қолымыздан ештеңе келмеді. Сондықтан Аягүлдің өліміне мен де кінәлімін. Мойындаймын. Сол үшін алтын қарындасымның аруағынан кешірім сұраймын! Қазақстанға келейін десе жұмыс жоқ. Жұмыс таппай шарқ ұрып жүргенін талай көрдім... Оның үстіне біздің қоғам шындықты айтатын адамдарды қабылдамайды. Керсінше, сыртқа тебеді... Шеттетеді... Аягүл сияқты дарындар қазақта көп емес қой! Бағалау керек еді... Жағдай жасау керек еді... Еркелігін көтеру керек еді... Амал қанша, енді айттың не, айтпадың не, бәрі кеш! Қазақ «алтынның қолда барда қадірі жоқ!» деп тегін айтпайды ғой. Аягүлдің де қадіріне жете алмадық... Мен білетін Аягүлдің жүрегі жұмсақ, жаны нәзік еді. Бәрін жүрекке қабылдайтын. Сырттай мықты көрінгенімен, бәрібір нәзік жынысты ғой. Тағдырдың тауқыметін, өмірдің соққысын, іштарлықты, қараулықты, әділетсіздікті, тобықтан қағуды, жамандық жасауды біз көтерерміз, ал жаны нәзік қыз бала қайдан көтерсін?! Аягүлге жаным ашып, жағдайын айтып, қамқорлық көрсетуді сұрап, қолдап-қорғаштап, фейсбуктегі парақшамда да бір-екі мәрте жаздым. Неге? Осындай бір жамандықтар орын алмаса екен деп ойлайтынмын. Жаны нәзік адамдар морт сынады ғой! Солай болды да... Әрине, өкінішті!.. Әмірхан (Балқыбек) досым да өмірді осылай тәрк етіп кетіп еді... Енді міне Аягүл қарындасым... Кешіріңдерші, Жақсыларым! Біз сендерді сақтай алмадық! Бақұл бол, Аяжан! Жатқан жерің жайлы, топырағың торқа, жаның жәннатта болсын! Рухың пейіштің төрінде шалқысын!

Нұркен ӨТЕУІЛ, Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актері:

Аятай, құбылыс! Мәшһүр Жүсіп: «Құдайдың құдіреті адам арқылы көрінеді», – дейді Алланың қазаққа берген талантты перзенті еді, Аятай. ... Аятайдың әңгімелерін оқысам жанарыма жас үйіріледі! Оның кейпкерлерімен бірге өмір сүресіз, сырласқыңыз да келеді. Шынайылық деген осы да. Ғажап. Таланттарды аялауымыз керек. Ал, біз олай істей алмадық. - Құдай маған жанарымның нұрын бір сағатқа сыйласа, өзімді, адамдарды, балалардың күлкісін, табиғаттың сұлулығын, мейірімнің бейнесін, бәрін- бәрін көрер едім . - Мейірімнің бейнесін дейсіз бе? - деп мен одан таңдана сұрады. - Ия, мейірімнің бейнесін көрер едім, - деді ол ерекше сенімді дауыспен. (Соқыр сана)

Гүлшат БАҚЫТЖАН, ф.ғ.к, аудармашы, Абердин университеті PHD докторанты:

Аягүл шығармашылығындағы басты ерекшелік – ол адам эгосына психоанализ жасайды. Адамның күнделікті басына келетін қарапайым ойларын көрсетеді. Адам бойындағы мейірім мен эголардың (бұл жерде Құдай – адам эгосы - супер эго (қоғам) арасындағы қарым-қатынастар туралы айтылып тұр) арасындағы қарама-қайшылықтар мен тайталас, соңында қайсының жеңетінін көрсетеді. Мысалы, «Соқыр сана» әңгімесіндегі «Қара суықтан қалтырап, метроның кіре берісінде гүл сатып, бүкір кемпір тұр. Гүлдің бәрін сатып алып, оны суықтан қорғағым келген. «Өзіме өзім гүл сыйлап, сезімдерімді алдағым келмейді. Өз сезімдерімен ойнаған адамның махаббатта жолы болмайды» деп гүл сатып алу туралы ойымнан айнып қалдым».- деген үзіндіден, адамның ойына алдымен келетін мейірімділіктің алдын қоғам сіңірген сенімдер мен тәрбие орап кететінін көрсетеді. Аяның шығармасындағы адам – біздің қоғам мен біздің өзіміздің айнадағы бейнеміз. Ол тас мінезді, мейірімсіз адам. Кез-келген адам осы кейіпкер сияқты, алдымен ойына лүп етіп келетін ізгілік пен мейірімді артынан іле-шала жететін эголар – орта немесе қоғам тәрбиелеген мінездер (менменшілдік, бақай есеп, түрлі сенімдер, табу, арамдық және т.б. сияқты) жаншып кетеді.

Жазушы, әдетте, өз ойына алған, жанын жегідей жеген, өзі сұрау салып, жауабын ала алмай жүрген тақырыпта жазады. Ая адам ретінде де шынайы өмірінде мейірімді, таза еді. Сондықтан болар, ол шығармаларында мейірім, адалдық туралы көп жазды. Оны сипаттамайды, сараптайды. Оның түп тамыры мен адам бойында қалай өсіп-өнетінін көрсетеді. Оны оқып отырып, мейірімділік адам болмысының қай жерінде, оны қалай тану керек, оны қалай тәрбиелеу керек, сол арқылы өзіңді бір мысқалға болсын қалай жақсарта алатыныңды көрсетіп береді. Жалпы, Аяның жазу стиліне көп анықтауыш қолдану, сипаттау тән емес. Ол формаға емес, процесстерге мән беретін жазушы.

Кеңес әдебиетінен біз не нәрсені (адам күйін, табиғатты және т.т.) ұзақ та егжей-тегжей сипаттаудан, көп анықтауыш пен теңеулерден тұратын мәтіндерге үйретілгенбіз, оқырман ретінде. Ал Ая ол дәстүрді жақсы біле тұра, оған қарсы стильде жазды. Ол сол ұзақ баяндаулардан қашатын және іс-қимылға, серпіліске көп мән беретін жазушы еді. Содан да, шығармалары қысқа болғанмен, әр сөйлеміне бірнеше қабат мағыналарды топтастырып беретін «тығыз мәтін» жазатын. «Тығыз мәтін» ұғымы әңгіменің нағыз жаны. Әңгіме көлемі кіші болғанымен, оның басы, оқиғаның дамуы, кульминациясы және аяғы бар болуы қажет. Сонымен бірге, ол оқырманға әсер етуі тиіс. Осындай кішкене және шағын көлемге өмірдің күрделі құбылысын сыйдыру аса шеберлікті қажет етеді. Хэмингуэйдің «айсбергтің ұшы» деп бейнелегені сынды. Біз күнделікті қарым-қатынаста айналамызда жүрген адамдармен түсінісе алмай жатамыз, ойымызды дұрыс жеткізе алмай жатамыз. Ал қалың оқырманға күрделі ойды жеткізу, өз философиясын ұғындыру, жазушыдан, ойға кіріспе беру, оның элементтерін кейіпкерлерге бөлшектеп дарыту, кейіпкерлерді шынайы өмірдегідей бейнелеу сынды ерекше аналитикалық қабілетті талап етеді. Аягүлдің әңгімелеріндегі кейіпкерлердің шынайылығы – олардың сөз саптасынан білінеді. Олар жасанды репликалар мен ойлардан ада. Ұзақ-сонар сөйлемдермен ойланбайды немесе сөйлемейді. Олар барынша табиғи. Аягүл, диалогтарды ұйымдастырғанда, кейіпкерлердің мінезіне сай сөз саптату арқылы көрсетеді. Кейіпкер туралы ұзақ сонар баяндау арқылы емес, оның ішкі ой ағымдары мен сөздері арқылы оқырман көңіліне суретін сап береді. Ол прозадағы күрделі әдіс - диалог құру тәсілін шебер меңгерген. Оның мәтініндегі кейіпкерлер күнделікті сіз бен біздің арамыздағы қарапайым адамдар еді. Ол пафоссыз жазатын. Пафосты ұнатпайтын. Әдебиеттің басты міндеті - адамдарға өмір сүруді үйрету екенін ол жақсы түсінді.

Аягүлдің шығармашылығындағы екінші бір басты мәселе – жазғандарының барлығы дерлік біздің әлеуметте, қоғамда болып жатқан мәселелерге арналуында. Бұрынғы сенім күл-талқан болып, ортасындағы ұрпақ әрі-сәрі күйде қалған, жас буын жанталаса ізденген қоғамдағы адамдардың көңіл-күйін, психологиясын талдап көрсетеді. Жазушының психоанализге жиі баруының, соның нәтижесінде адамдардың көптеген санасыз қасиеттерін көп байқағанынан болар, өмірде ол қоғамнан жерініп кеткендей. Жазушы жаны нәзік. Ол қоғамдағы санасыз іс-әрекет пен (саясаттан бастап жекелеген адамдардың санасыздығын) ойлау жүйесін қабылдай алмағандай. Мысалға мына бір үзіндіні талдап көрелікші: «Өзін-өзі, шын мәнінде, сыйлай білетін, жақсы өмір үшін күресе білетін жігерлі адам үш күн тұрмайтын біздің қаладағы кішкентай бөлмеміз тым жұпыны. Терезені ашсақ, әр жерінен жыртылып, ажыраған қоңыр түс қағаздар желбірейді. «Кім болса да, мына түс қағазды талғамсыз адам таңдаған» деп күңкілдегенімізбен, онсыз да көңілсіз өмірімізді онан сайын көлегейлеп тастаған бөлмені ақтап, сырлау ешқайсымыздың ойымызға кіріп шықпады. «Басқа пәтерге көшем». Екеуміз де солай ойладық. Бірақ біз көшпей, сол ескі жатақханада тұрақтап қалдық» («Соқыр сана»). «Қаладағы кішкентай бөлме» – әлемдегі қазақ қоғамы деп түсінсек, оның «әр жерінен желбіреген жыртылып, ажыраған қоңыр түс қағаздар» біздің қоғамның проблемалары десек, оны шешуге адамдардың ұмтылмайтыны, күрескерлік қабілет көрсете алмайтыны, Аягүлше айтқанда «бөлмені ақтап, сырлау ешқайсымыздың ойына кіріп шықпайтыны», оның орнына сол бір жан жүдетер жағдайға бейімделіп «сол ескі жатақханада тұрақтап қалатыны», яғни қоғамдағы келеңсіздіктерге бойсұнып кететіні, жігерсіздік туралы баяндайды. Жазушының қалауы – адамдардың бейнесін, олардың қазіргі қоғамдағы мінез-құлқын өздеріне айнадағыдай көрсету. Қоғам соны түсінсе, сең қозғалар деген үмітте. Әдебиет арқылы адамдарға білім беру, оған қалай өмір сүру керек екенін білімімен білгенінше айту, оларды ояту, жігерлендіру Аяның мақсаты еді. Жазушы ретінде, шығармашылығында қаншалықты мұң мен қоғамдағы келеңсіздіктерге деген қарсылық болғанымен, Ая пессимист жазушы емес. Ол оқушының намысын оятып, жігерлендіруге күш салатын жазушы. Ол өткен өмірді аңсау немесе өмірдің мәнсіздігі туралы қайғыға берілген зарлы мәтіндер жазбайды. Ол қазіргі қоғамның іріңді мәселелері мен олардан құтылу туралы ойын ашық, бұлталақтамай жеткізетін. Сондықтан да оның мәтіндері терең әлеуметшіл, жігерлі мәтіндер.

Қазіргі қазақ әдебиетінің ересек буыны кеңес дәуірінде санамыздан әдейі сылынып тасталған, өшкен тарихымызды түгендеумен айналысуда. Оларды түсінуге болады. Олардың жастық шағында тиым болып, тереңінен сусындай алмай қалған, бірақ қатты құмартқан дүниелер ғой. Тарих туралы жазу – олардың, бір жағынан, аға буын ретіндегі борышы да, өздерін іздеу жолы да. Алайда қоғамға тек тарих туралы ғана емес заманауи қоғамның да заңдылықтарын талдап беретін және сол арқылы қоғамды тәрбиелейтін шығармалар аса қажет. Батыста әдебиеттің функциясы осындай. Бұл бағытта, әрине, тәуелсіздік жылдарында білім алып, қалыптасқан жазушылар жазып жүр. Алайда, олардың арасында әлеуметтік реализмге қарағанда, сентименталды, лирикалық немесе романтикалық, болмаса оқиғаға немесе құбылысқа баға беру стильдерінде жазу басым. Күрделі тақырыптарға бара қоймайды. Ая күрделі саяси тақырыптарға баратын, яғни қоғам және адам өміріндегі келеңсіздіктердің түп-тамыры жүйеде жатқанын, ал жүйе, адамдардың өздері өзгермейінше өзгермейтінін күрделі психоанализ талдау тәсілі арқылы жазатын. Шығармаларындағы кейіпкерлерге қараңызшы, олар жинақталған, аяқталған портреттер. Әлеуметтік портреттер. Мысалы, мына, диалог арқылы жасалған кейіпкерлер портреттеріне қараңызшы:

«Ол әдемі жымиды.

«Ортамен қалай қарым-қатынас жасауды білетін, олардың көңіл-күйін табу үшін саналы қадамдарға баратын, тіпті адамдарға ұнамай қалудан қорқатын адам» деп ойладым.

– Елге қашан ораласыз? – деп сұрады ол.

– Елге қашан оралатыным әлі белгісіз. Мен мұнда өзімді әрқашан бөтен сезінем. Себебі, бұл – менің қоғамым емес. Менің қорқатыным: өз елімде жүргенде өзімді бөтен сезінем. Мен сол сезімнен, анығы өзімнен өзім қашып жүрген адаммын, – деп шынымды айттым.

– Жүйе өзгерсе, қоғам да өзгереді. Сіз өзіңізді бөтен сезіну сезімінен арыласыз, – деп сендірді.

Міне, менің алдымда шетелде білім алған, билікке араласқысы келетін жас жігіт отыр. Мен оған қазақтың болашағына, мемлекеттің дамуына қатысты көп сұрақ қойғым келеді. Тек жауап ала алмаймын ба деп қорқамын.

– Сіз билікке не үшін араласқыңыз келеді? – деп сұрадым.

– Мені биліктен көргіңіз келмей ме? – деп өзіме қарсы сұрақ қойды» («Бөтен»).

Қазіргі қоғамдағы «бәрінің басынан аттап өтуге дайын, бірақ өз ұпайын жібермейтін «денди»» тұлғаны таныдыңыз ба? Ол білімді, ақылды, бірақ онда адалдық жоқ. Ол бұрынғы отбасына да, еліне де, ешкімге де адал емес. Бірақ ол «алысқа баратын, ақылды, әрі білімді жігіт». Бүгінгі күннің қаһарманы. Бүгінгі күнде күнделікті көретін кейіпкердің портреті. Ая мұны суреттеу арқылы баяндап емес, оның сөз саптасындағы психологиялық ағымдар арқылы танытып тұр.

Қорыта айтқанда, Аягүл, қоғам өміріндегі күрделі, әлеуметтік-саяси тақырыптарға терең бара білген, әрі оларды психоанализ тәсілімен сараптай алған жазушы. Оның стилі жинақы, әрі пафоссыз. Ол жүйедегі келеңсіздіктер мен оның шешілу жолдарын өзінің білімі тұрғысынан айта білді. Оның прозасы өткенді аңсау, қайғы-мұңға берілу сынды пессимистік сарындардан ада, керісінше, оның прозасы өмірді жақсартуға жігерлендіреді, мейірім мен адалдыққа үйретеді. Ая, қазақ прозасына батыстық әдебиеттің стилі мен тәсілдерін әкеліп, жаңа бір леп берген, қазақ прозасының жаңа буынындағы, сөзсіз, кәсіби жазушы еді.

Айнұр АХМЕТОВА, М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызыметкері:

Аягүл соңғы уақытта әлеуметтік желі алаңдарын белсенді қолданды. Пікірін, ойын желілерде пост жазу арқылы жеткізіп жүрді. Әңгіме жазса да, пост жазса да жазуды өмірінің басты құралы, бәлкім, өзін құтқарудың амалы санағандай.

Аягүл көп адам елей бермейтін әрбір мезетке назар аударатын. Әрбір мезеттің маңызына, сол сәттегі адамдардың әрекетіне мән берді. Ол кейіпкерлерінің еркін, тәуелсіз, бақытты өмір сүргенін қалады. Қоғамға деген көзқарасын контраст оқиғаларды салыстыру арқылы түсіндіретін. Оқырмандары да оның әңгімелерінен өздерін таба алғандықтан сүйіп оқыды. Жазушысынан айырылып қалған оқырман Аягүлді қатты жоқтады, қимады, өліміне сенгісі келмеді. Дәл сондай жоқтауды желіде бұрын-соңды көрмеген едім.

Аягүл ғұмырының қысқа болатынын сезгендей. «Отыз жыл? Менің ендігі ғұмырым отыз жылдан аз…»; «Өмірім қысқа бола ма екен? – деп, бар даусыммен айқайладым» дейді «Жүрекке оралу әңгімесінде. «Құдайға ғана махаббатының мәңгілік» екенін білген жазушы мәңгілік әлемге асықты. Шын мәнінде, қай заманда, қоғамда болса да ШЫНАЙЫ ақын мен жазушыға өмір сүру оңай тимеген. Тазалықты жазатын және сол әлемде өмір сүретін өнер иесі қоғамның шартты, жалған нормаларын қабылдай алмайды. Бетперде киіп өмір сүру де оған жат.

Аягүл адамдарды көп сынағанымен, қатты жақсы көрді, жақын араласты да. Қаза болғанда фейсбук желісінде Аягүлмен өзара қарым-қатынасын жазып, скриндерін жариялағандар көп болды. «Адамзаттың бәрін бауырым деп сүйді». «Бөтен» деген әңгімесінде «Менің қорқатыным, өз елімде жүргенде өзімді бөтен сезінем. Мен сол сезімнен, анығы өзімнен өзім қашып жүрген адаммын» дейді. Бірақ өзіне бөтен қоғамды қабылдай алмады.

Бағдат МҮБӘРАК, ақын:

Ая қарындасым әлем әдебиетін тұла бойын сіңіріп алған бірегей қызымыз еді. Тіпті біздің буын мен бізден кейінгілердің ішінде шығармашылыққа дәл осылай жас ғұмырын сарп еткен адам таппаймыз! Бәріміз күйбең тіршілікті ойлап жүргенде ол жазуды ғана ойлады. Шедевр дүниеге отыруға тас түйін дайын шағы еді, әттең. Шығармашылық ғұмырдың қандай зіл батпан екенін оқырманның санасына құйып бақты. Ая не жазсада оқырманды қалай жетектеп әкетуді ғажап меңгерген. Күн демей, түн демей еңбек етті. Және сонысын бұлдаған жоқ, ештеңе дәметкен жоқ. Бізде қыз бала ғой деп елеп-ескеруді білмедік. Көптің бірі деп ойладық. Шынтуайтында қарындасымыз қай жағынан алып қарасақ та жауға бермейтін жалғызымыз еді. Ол нағыз талантты қызғыштай қорғады, оны түсінуге тырысты. Бәрінен ар-намысын жоғары қойды. Елді сендіруге тырысты. Қарашы, сол арына тіл тигізіп еді, әрі қарай шыдамады. Бұл анау-мынау қаламгердің қолынан келе бермейді! Мына қайғы үшін көрші мемлекеттегі әріптестерден ұялуымыз керек! Ая өз ажалынан өлген жоқ! Құдай оны осылай моральдық тұрғыда әлсіз қылып жаратты. Енді артық әңгіменің қажеті шамалы. Бар болса, оның жұмақтан басқа баратын жері жоқ!

Гүлманат ӘУЕЛХАН, ақын:

Аягүлді 2005 жылдан бері білемін. «Шабыт» фестивалына бірге қатыстық. Бізді Алматы табыстырды. 2008-2009 жылдары екі жыл жақын араластық. Сырлас құрбылардан болдық. Аягүл ашық жарқын, бетің-жүзің демейтін, көңіліне жақпаса айта салатын. шыншыл, ноқтаға басы сыймайтын асау, өр мінезді қыз еді. Солай қырсық, еркелігі мен қатар жаны таза, жүрегі жұмсақ жан болатын. Кейін тұрмысқа шығып мен Алматыдан кеттім. Кейін Аягүлде бір жылдары Астанаға жұмысқа ауысты. Сол кездерде де үнемі звандап қалімді біліп тұратын. «Сен мықтысың, қаламыңды тастама Гүлманат»,-деп мені желпіндіріп, жақсы сөздеріп үйіп-төгіп тұратын. Арада біраз жыл менде күйбең тіршіліктің көлеңкесінде жүріп өлеңнің ауылынан алыстағанда хабарсыз қалдық. Кейін қайта іздесіп аман-сәлем жасасып тұрдық. Осыдан бір жыл бұрын Мәскеуден келген кезі болса керек, ұялы байланыс арқылы үш сағат әңгімелесіп өткен-кеткенді айтыстық. Онмен сол сәтте соңғы рет тілдесіп тұрғанмды білсем ғой. Ол өмірдің жалған екенін көрсеткендей бір күнде аспанға ұшып кетті... Енді айдалада жатқан мені демеп желпідірер Аяш жоқ... Ол қазақтың маңдайына сыймай кетті... Ешкімнің алдында аласармай, айтарын айтып, жалған дүнені тәрк етіп кетті... Бақұл бол Аяш!

Торғын ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ, жазушы:

Аягүлдің жазбалары қаншалық өткір, зілді болса, жүрегі соншалық нәзік, қорғансыз болатын. Бекер ме дейсің... Әркімнің өз сыны, өз айқышы болады деп жатады. Бәлкім Аягүлдің көтере алмай кеткені сол жүрегі болар. Байқамайтынды байқап, көрмей-ақ қоя салатынды көріп қойып, елеуге тұрмайтынға таусылатын жүрегі шығар. Оралуға асыққан өз жүрегі... Өкініш бар көкейде. Әлі жазары, берері, айтары көп еді. Ішінде не кеткені енді бір Құдай мен өзіне ғана аян. Қош бол, Аяш! Иманың саламат болсын!

Әсел ОСПАН, ақын:

Аягүлдің жазбаларын ең алғаш әлеуметтік желіден оқып, таныстым. Отты, ойлы, реалистік көзқарасты қыз. Былайша айтқанда харизмасы басым жазушы деп те тануға болады. Шығармаларын көңілге қонымды, оқырманға түсінікті тілмен жазады. Батысты ақтарып-төңкеріп, Европа әдебиетін алдымызға жайып салғанда алғашында таңырқағаным рас. Көп біледі, көп оқиды. Көп ізденеді. Алдына биік-биік мақсаттар қоя біледі. Осыдан екі жыл бұрын оның "Жүрекке оралу" деген кітабының тұсаукесеріне арнайы бардым. Ешқандай модераторсыз кеш бойы жалғыз өзі сөйлеген қыздың іші әбден толып қалған.Ұзақ сөйледі. Ақтарылған сайын жаны рахаттанды. Аяның нағыз өткір, қайсар қыз екені жазбаларында ғана емес шынайы өмірден көрінді. Қоғамнан жерінген жұдырықтай қыздың оптимистік көзқарасы айналасындағыларға да әсерін тигізбей қоймасы анық. Бір сөзбен айтқанда Аяны тағдырлы қаламгер ретінде жоғары бағаладым.

Көктемі өткен, өмірдің жазы да өткен,

Шырқалмайды әні де сазы көптен.

Бауырына құлаштап алып жатыр,

Қара жердің кең еді тәні неткен?!

Биіктер құламайды биік шыңнан,

Киік те құралайын сүйіп тынған.

Аягүл, айналайын, айдай қалқам,

Ажалға кім бар сені қиып тұрған?

Шындықтан шырылдады үнің талай,

Опасыз дүние мын-сан құбылғаны-ай.

Қоғамның арам шөбі қаптап тұрып,

Даланың әсем гүлі жұлынғаны-ай.

Ай қыз-ау, Аягүл қыз, Аяжан қыз,

Бәріміз де пендеміз, жәй адамбыз.

Сен түскен соқпақ жолдың торабында,

Адасып кетпесек ес-санадан біз.

Жапырағын жаныңның балталатып,

Су кештің, тондың бірге қарға батып.

Жүрегің тыныш тапса, мың жүректі,

Кеттің ғой қапылыста паршалатып.

Жүйрік еді қаламың жорға сынды,

Байқонысың баян бақ, орда сынды.

Бозторғай боп орлғын өз далаңа,

Жаратқан иманды есін жолдасыңды!!!

Бөлісу:

Көп оқылғандар