Білім күні - әлемнің әр елінде...

Бөлісу:

31.08.2021 6083

Ертең – бірінші қыркүйек. Күздің алғашқы айының алғашқы күні миллондаған бала мектепке барады. Қалалар мен ауылдардың көшелері жаз бойы мүлгіген тыныштықтан кейін ерсілі-қарсылы жүрген көліктерге, адамға толады. Біреулер мектепке бара жатыр, біреулер келе жатыр. Осы бір үрдіс енді жаздың басына дейін созылмақ. Теледидарда қазақ киносының классигі Абдолла Қарсақбаевтың әйгілі «Менің атым Қожа», «Алпамыс мектепке барады» фильмдері көрсетіліп жатады. Бұл – біздің елімізде қаншама жылдардан бері орныққан ізгі дәстүр. Қазақ поэзиясының классигі Мұқағали Мақатаевтың:

«Бар кітапқа бас болған,

Әліппе – ғылым анасы.

Әліппеден басталған,

Даналықтың данасы», -

дейтін өлең шумағы қазақ тілді қауымға етене таныс. Білім күнінің бейбітшілік сабағынан кейін партаға отырған бірінші сынып оқушысы бар кітаптың басы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы түзген «Әліппені», білім мен ғылымға жол ашатын алғашқы оқулықты қолға алады.

Әліппем, менің Әліппем,

Сені қолға алып мен.

Сөз құрап жаза бастадым,

"А" деген бастап әріптен, -

деп білім жолына алғашқы қадамын жасайды. Кеңестік кезеңде мектепте білім алу ұзақтығы аз да емес, көп те емес, он жылды құрайтын еді. Мұқағали Мақатаев өлеңіндегі «он жыл» осы кезеңді меңзейді:

Мектебің, мынау – класың,

Осында он жыл тұрасың.

Тарыдай болып кіресің,

Таудай болып шығасың!

Иә, мектепте білім алу ұзақтығы, білім күнінің уақыты әр түрлі жағдайларға байланысты өзгеруі мүмкін. Бірақ тарыдай болып кіріп, таудай болып шығатыны – рас. Ол – өмірдің өз заңы.

Оқу жылының басы ретінде бірінші қыркүйектің таңдалуы христиан дүниесінің тарихымен астасып жатыр. Яғни біздің заманымыздың ІҮ ғасырында Рим императоры Константин әлемде теңдесі жоқ шіркеу тұрғызып, осыған орай бірінші қыркүйек күні Жаңа жыл мерекесін тойлау туралы жарлық шығарады. Бұл жарлық бірден біркелкі орындала қойған жоқ. Мысалы, Ресейде ол заманда жылдың басы өзге көршілеріндей наурызда тойланған. Кейіннен Жаңа жылды тойлау бірінші қыркүйекке ауыстырылған екен. Мұны айтып отырғанымыз – ислам әлеміндегі діни медреселік жүйе сияқты, христиан әлеміндегі школдар шіркеу қабырғасында болып келген. Сондықтан да жаңа оқу жылының басталуы Жаңа жылмен бірдей болған. Мұның сорабы христиан дініндегі елдерде әлі күнге дейін бар. Бұған төменде тоқталу барысында көз жеткізетін боламыз.

Бірінші қыркүйек – христиан дінін ұстанушы халықтар үшін Білім күні ғана емес, Жаңа жылдың басталуы себепті, жылдың басы болып саналған.

1 қыркүйек жексенбіге түскен жағдайда мерекелік сапқа тұру екінші қыркүйекте өтеді. Бұл күндері мектептерде салтанатты сапқа тұру, сынып сағаттары, бейбітшілік сабағы өтеді.

Бірінші Петр патша заманның өзінде Ресейдегі барлық оқу орындары бірінші қыркүйекте жаңа оқу жылын бастай бермеген. Кейбір мектептер мен гимназиялар тамыздың, қыркүйектің немесе қазанның ортасында, ал ауылдық жерлерде бірінші желтоқсаннан соңын ала басталатын болған. Православ шіркеуі үш 1 желтоқсан Наум пайғамбарды еске алу күні оқушы білімге қадам басса, барынша ақылды болады деген түсінік болған екен.

Кеңес Одағының өзінде 1930 жылдардың ортасына дейін оқу жылының нақты басталу датасы болмапты. 1935 жылы Кеңес Одағы Халық Комиссарлары Кеңесі мен Бүкілодақтық коммунистік партиясы Орталық Комитеті арнайы қаулы шығарып, елдің барлық мектептерінде бірінші қыркүйектен бастауды ұйғарады. Ал аяқталуы дербес айқындалатын болды. 1939 жылы дәл осы күні, бірінші қыркүйекте Гитлершіл Германия Польшаға басып кіріп, Екінші дүниежүзілік соғысты бастағандықтан, бұл күннің соғысқа қарсы мән-маңызы күшейе түседі.

Кеңес Одағында Бірінші қыркүйектің маңызы ерекше болды. Атеизм салтанат құрған мемлекет 1 қыркүйектің байырғы мән-мағынасына аса мән берген жоқ. КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1984 жылғы 15 маусымдағы №373-11 Жарлығымен «1 қыркүйек – жалпыхалықтық мереке – Білім күні» болып ресми түрде бекітілген сәттен бастап Кеңес Одағында тың серпінмен атап өтіліп келді. Кеңес Одағы тарап кетсе де көптеген дәстүрлер сияқты Бірінші қыркүйек – Білім күні мерекесі сақталып қалды. Одақ құрамында болған Ресей, Белоруссия, Қазақстан, Қырғызстан, Молодова, Түркменстан, Тәжікстан, Украина, Армения, Литва, Латвия, Эстония қатарлы тәуелсіз мемлекеттерде 1 қыркүйек – Білім күні ретінде әр түрлі деңгейде атап өтіліп келеді. Өзбекстан Республикасында Білім күні – 2 қыркүйекте атап өтіледі. Мұның себебі: бірінші қыркүйек – Өзбекстан Республикасының тәуелсіздік күні. Ал Әзербайжанда 15 қыркүйекте, сондай-ақ Грузияда 15-қыркүйекте немесе 18 қыркүйекте жаңа оқу жылы басталады. Бұл – аталған елдердің өз географиялық аумағындағы климаттық ерекшеліктерді ескеруінен туындаған үрдіс. Себебі, қыркүйек айының басқы апталарында Кавказ тауының оңтүстігінде қатты ыстық болады екен.

Бұрынғы Кеңес Одағы құрамындағы одақтас республикалар, қазіргі тәуелсіз мемлекеттерде жаңа оқу жылын біркелкі бастау бойынша отыз жыл ішінде бірізділіктен алыстап кеткенін көреміз. Және бұл үрдіс жылдар өткен сайын ұлғая түсетіні анық.

Әлемдік тәжірибеде жаңа оқу жылының басталуы қалай? Осы туралы біршама шолу жасап көрелік.

Бірінші қыркүйек – әлем картасындағы 197 мемлекеттің біршамасында сол елдің мектеп жасындағы тұрғындары үшін білім жолына қадам басатын қуанышты күн екен. Бұл күні білімге қадам басатын біздің еліміз үшін бүкіл әлемнің мектеп жасындағы балалары осы күні сөмкесін асынып мектепке асығатындай сезіледі. Алайда, бәрі де біз ойлағандай емес. Жоғарыда айтқанымыздай, әлемдік тәжірибеде көптеген мемлекеттерде Грузия, Әзербайжан елдеріндегі сияқты климаттық жағдай барынша ескеріледі екен. Осыған байланысты, Білім күнін әлем халқы тек бірінші қыркүйекте ғана емес, жыл он екі айдың жүзінде, өздеріне тән ерекшеліктермен қарсы алатынына көз жеткіземіз.

Еуропа елдерінің бірталайында, атап айтқанда, Бельгия мен Венгрияда, Македония мен Ирландияда, Балтық бойы елдерінде, Словения мен Польшада оқу жылы бірінші қыркүйекте басталады екен. Мұның арғы мәнінде жоғарыда тоқталған дін мен білім алудың әуелгі түпкі байланысы жатқаны анық. Ал Финляндия мен Швецияда оқу жылы тамыз айының ортасында басталады. Біріккен Корольдік құрамындағы елдерде (Шотланиядан өзгелерінде) сабақ қыркүйектің алғашқы аптасында басталады. Ал Шотландияда жаздың соңғы аптасында, яғни тамыздың аяғында басталатындығы да климаттық жағдайды ескеруден туындаса керек.

Германияда жаңа оқу жылының басталуы күн райына байланысты болады екен. Балалардың неғұрлым ашық аспан астында көбірек жүруі үшін Германияның федералды жерлері өз тәртіптері бойынша оқу жылының басталу уақытын белгілейді. Оқудың басталуы әдетте жауынды маусыммен тұспа-тұс келеді. Шамамен барлық жерлерде тамыз-қыркүйек айларында оқу басталады. Германияның орта білім беру жүйесі де өзге мемлекеттердікінен мүлде өзгеше екен. Мұндағы оқудың жалпы ұзақтығы – 41-42 апта. Бастауыш мектепте мүлде баға қойылмайды. 9 сыныпқа дейін оқу тегін. Әр оқушы үшін ата-анаға айына 200 еуро жәрдемақы төленіп отырады. Балақайлар бірінші сыныпқа алты жасында барса, орта мектепті 16 жасында, 10-12 жылын жұмсай отырып бітіріп шығады. Бірақ мұнымен орта білім алу аяқтала қоймайды. Оқушылар бұдан кейін бейіндік орта мектепте оқуын жалғастырады. Бейіндік (профильді) орта мектепті бітірген оқушылар жоғары оқу орындарына түсу құқығына ие болады. Жазғы каникул 1,5 айға созылады. Жыл бойына оқушылар Рождество мен қысқы каникулде, Пасха мен Қасиетті үштік мерекелерінде демалады.

Испанияда балалар мектепке қыркүйектің соңы мен қазанның басы аралығында барады. Оқу жылы маусымның ортасында аяқталады. Бұл мемлекеттің білім жүйесінде күнделік жоқ, дәптерге баға қойылмайды. Егер ата-анасы өздері білгісі келіп қажет деп таппаған жағдайда оқушының оқу үлгерімі қандай немесе өзге де мәселелері жөнінде оларға ешкім хабарлауға тиіс емес.

Еуропадағы іргелі мемлекеттердің бірі Италияда оқу жылы өзгермелі сипатқа ие. Италияның әр облысы өзіне лайықты деп таныған уақытта оқу жылын бастайды. Бұл елдегі оқу жылының басталуы да климатқа байланысты. Яғни өте ыстық аймақтарда өмір сүретін балаларға әлі де бір апта демала тұруға мүмкіндік береді. Бірақ бұл демалысты қыс айларында міндетті түрде өтеуі тиіс. Италиялықтардың білім алуы жарты жылға ұласады. 24 желтоқсан мен 6 қаңтар арасында, Роджество мерекесі кезінде каникул болады. Ақпан карнавалында және Пасха кезіндегі демалыс аптасында каникул болады.

Шығыс Еуропадағы Болгария мен Румыния елдерінде оқу жылы 15 қыркүйекте басталады. Францияда жаңа оқу жылы 3-қыркүйекте, ал Грекияда 11 қыркүйекте немесе он бірінші қыркүйектен кейінгі жексенбіден соң басталады.

Мұхиттың арғы жағында жатқан АҚШ пен Канада мемлекеттерінде әр штат үшін климатқа байланысты оқу жылының басталу мерзімі еркін таңдалады, бірақ таңдау тамыздың ортасынан 15 қыркүйекке дейін аяқталуы тиіс. Оқу жылы маусымның соңында аяқталады. Мектеп жасына толған балалар әр штаттың өз заңына сәйкес 5-8 жасында мектепке барады. Бастауыш сыныпта оқу алты жылға (11 жасқа дейін) созылады. Орта білім екі жылға (14 жасқа дейін), ал жоғары сыныптардағы оқу үш жылға созылады. Оқу жылы үш триместрге бөлінген. Олардың арасында аз күндік каникулдер бар. Бұл елдердегі жазғы каникул маусымның соңында басталады.

Азияның жер бедері, климаты, халқы қандай алуан түрлі болса, ондағы оқу жылының басталуы, білім беру жүйесі де соншалықты алуан түрлілікке ие.

Азияның көптеген елдерінде, атап айтқанда Қытай мен Гонконгте, Лаос пен Тайландта, Монғолияда оқу жылы бірінші қыркүйекте басталады. Мьянмада оқу жылы қыркүйектің ортасында басталады. Ал Вьетнамда бірінші қыркүйекте басталады. Мұндағы ерекшелік – қоңыраудың орнына барабан соғылады.

Оңтүстік Кореяда өзге елдерден мүлде басқаша. Бұл елде оқу жылы 3 наурызда басталады және шілденің ортасында аяқталады. Осыдан кейін екі айлық каникулге кетеді. Тамыздың соңында екінші семестр басталып, ақпанның ортасына дейін жалғасады.

Солтүстік Кореяда оқу жылы бірінші сәуірде басталады. Мұнда ешқандай салтанатты рәсімдер қарастырылмаған. Білім алу бес жастан басталады. Осы жастан бастап жас жеткіншектер партия тарихын жаттап, саяси идеологияны меңгереді. Мектеп формасы мен оқулықтарды мемлекет береді, оқушылар мектепте саппен жүреді. Оқу жылы 1 сәуірден 31 шілдеге дейін және бірінші қыркүйектен наурыздың соңына дейін жалғасады.

Жапониядағы оқу жылының басталуы да көршісі Солтүстік Кореядағыдай, бірінші сәуірде. Мұның да өзіндік символдық мәні бар. Дәл осы күні жапон халқы үшін жаңа өмірдің, сұлулық пен жастықтың нышаны саналатын сакура ағашы гүлдейді. Бұл елде балалар алты жастан мектепке барады. Оқу жылы үш триместрден тұрады және келесі жылдың 31 наурызында аяқталады. Оқушыларға қыста, көктемде азғана күнге және жазда бір айлық каникул беріледі.

Тайландта оқу жылы мамыр айында, тай халқының жаңа жылынан кейін басталады. Бұл жаңа жыл ұлттық күнтізбеге сәйкес әр жылға жекелей анықталады, бірақ қалай болғанда да сәуірдің ортасына дөп келеді.

Ал Тайландпен көршілес жатқан арал мемлекет Филиппиндер елінің балалары үшін Білім күні - маусымның бірі болып саналады.

Сингапур мемлекетіндегі жаңа оқу жылы әр мектептің ерекшелігіне байланысты қаңтардың бірінде немесе қарашаның соңында басталады. Сингапур мектептеріндегі оқу жылы тоғыз айға созылады. Жылдық курсты бітірген соң оқушылар сессия тапсырады. Сингапур елінің оқушылары – жазғы каникулде ең аз демалатын жеткіншектер. Сингапур мектептеріндегі каникул небары бір жарым айға ғана жалғасады.

Үндістанда оқу жылының басы көктемге, сәуірдің басына сәйкес келеді. Үндістандық балақайлар мектепке өте ерте барады. Мұндағы оқушылар сабаққа төрт жасында барады екен. Ал педагогтік жұмыс – тек ер адамдардың ісі болып саналады. Үндістан штаттарындағы каникул елдегі ең ыстық мауысымға сәйкес – мамыр мен тамызда басталады. Бұл кезеңде муссондық жаңбырлар басталады.

Шри-Ланкада оқу жылы бірінші қаңтардың бірінші дүйсенбісінде басталады. Үкімет оқушыларды мектеп формасымен, оқулықтармен қамтамасыз етеді.

Батыс Азия елдеріндегі оқу жылы негізінен қыркүйек айында басталады. Атап айтқанда, Израиль мектептерінің есігі бірінші қыркүйекте оқу жылына айқара ашылады. Алайда кейде оқу жылының басы өзге күнге ауыстырылатын жағдайдар болады. Мысалы, күздің алғашқы күні сенбіге немесе ұлттық мерекеге тап келсе, тамыздың соңына ауыстырылады.

Арабия түбегіндегі елдерінде оқу жылы қыркүйекте басталады. Катар мен Біріккен Араб әмірліктерінде 15 қыркүйекте, Египетте 15-24 қыркүйекте, Оман мен Сауд Арабиясында қыркүйектің алғашқы аптасында басталады. Қазақстанның теңіз көршісі Иранда жаңа оқу жылы 22-23 қыркүйекте басталады. Мұның да өзіндік мәні бар. Күн мен түн теңеліп, күн қысқара бастайтын 23 қыркүйек – ежелгі парсы күнтізбесі бойынша - күздің басы. Білім күні осы күнге арнайы орайластырылған.

Оңтүстік Америкадағы жаңа оқу жылының басталуы да климаттық ерекшеліктерге орайластырылған. Қазақстанда жаз басталғанда Латын Америкасында қыс түседі. Ал ол жақтағы күз айлары біздің наурыздан басталады. Мектептердегі оқу жылының басталуы, каникулдер де күн райына байланысты ұйымдастырылады. Сол себепті жаңа оқу жылы Аргентина, Коста-Рика мен Бразилияда ақпанның алғашқы аптасына, Чилиде бірінші наурызда Уругвайда наурыздың алғашқы дүйсенбісінде басталады екен.

Орталық Америка елдерінде оқу жылы қаңтардың екінші дүйсенбісінде, ал осы аумақтағы Гондураста бірінші тамызда басталады. Орталық Американың ірі мемлекеті Мексикада Білім күні 2 қыркүйек болғанымен, ондағы штаттарда оқу мерзімі өзгермелі. Әрқайсысы өздеріне қолайлы кезеңді белгілейді.

Африканың көптеген елдерінде, атап айтқанда Эфиопия, Нигерия, Сомали бірінші қыркүйекте жаңа оқу жылын бастайды. Солтүстік Африка мемлекеті Алжирде қыркүйектің бірінші жексенбісі – білім күні болып саналады. Таулы Кенияның кейбір өңірлерінде бірінші қыркүйекте сабақ басталса, келесі бір өңірлерінде тіпті қаңтарда, Жаңа жылды тойлаған соң басталады. Мұның өзі де климатқа және діни наным-сенімге байланысты екендігін атап өткен жөн. Оңтүстік Африка республикасы мен Танзанияда оқу жылының басы – қаңтардың ортасында. Ал жаңадан құрылған жас мемлекет Оңтүстік Судандағы оқу жылы 20 наурызда басталады. Осылайша, Африкадағы мемлекеттер де Білім күні түрлі жағдайларға байланысты сан алуандығымен ерекшеленеді.

Жасыл құрлық Аустралия мен көрші арал мемлекет Жаңа Зеландиядағы Білім күні – біздің жақтағы қаңтардың қақаған суығына тұспа-тұс келеді. Аустралияда оқу жылы жыл сайын 26 қаңтарда атап өтілетін «Аустралия күнінен» кейін басталады. Егер бұл күн 27 қаңтарға түсссе, онда мектептер оқу жылының басын ең жақын дүйсенбіге белгілейді. Жаңа Зеландияда да осыған ұқсас тәртіп бар. Оқу жылы 27 қаңтарда басталады. Кейбір мектептер ата-аналардың өтініші бойынша ақпанның бірінде бастауы мүмкін.

Білім күні қарсаңында, әлем жұртшылығындағы оқу жылының басталу мерзімі, ондағы білім беру ерекшелігі туралы шолу жасай отырып, Жер шары халқының алуандығына, климатқа, дәстүрге байланысты өзіндік ерекшелігіне тағы бір рет айқын көз жеткізгендейміз. Жас ұрпағының лайықты білім алуына деген аңсар, ұмтылыс – әлемдегі кез келген мемлекетке тән екендігіне қазіргі жаһандық үрдіс айғақ болады. Осыған орай бәсекеге қабілетті, білімді ұрпақты оқытып-тәрбиелеу – мемлекетіміздің білім саласының, әрбір ата-ананың қасиетті парызы, мызғымас мақсаты болмақ. «Мектеп – білім бұлағы, білім – өмір шырағы» дейтін халқымыз қашанда ұрпағына білім беруді басты назарда ұстап келген, солай бола береді де. «Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады» дейтін ақиқат қашанда өзгермек емес. Білім күні құтты болсын!

Бөлісу:

Көп оқылғандар