Қуаныш Дәлей. Құмдағы ауыл
Бөлісу:
Көктем
І
Жылымық күн келе жатыр,
Жылтырар мұз әйнектей.
Қар жұлдызы сөнеді ақыр,
Қараяды сай, беткей.
Аға дөңдер бусанады,
Жусан ағы көрінер.
Ескі шөптің қу сабағы,
Жерде қалмас, желінер.
Күннің көзі қандай жылы,
Таңнан сұлу еш не жоқ.
Майда самал, балдай нілі,
Бойға сіңер еспелеп.
Жайнар өмір, жадырап көк,
Жымыңдайды көп жиі от.
Төбемізден шаңырақ боп,
Көмкерілген көкжиек.
Сулар сыбдыр, нулар сыңғыр,
Күлкі жаңа, күй мөлдір.
Мың бояумен құбыларсың гүл,
Жаныңды елітіп сүйген нұр.
Өзен шалқар атыраулап,
Шағаланың шаңқылы – ән.
Желпіп қалып, әтір аумақ,
Бозбала қыр балқыған.
Жүзіне нұр шақырған-ды,
Өмір тәтті түс көрген.
Жәрмеңке ғып жатыр маңды,
Жөңки аққан құс керуен!
Бұлбұл әні тіл емеді,
Күн қабағын ай бағып.
Тікенге де гүл өнеді,
Нұр пейішке айналып.
ІІ
Алып-ұшып жауқазындар гүл ашқан,
Миығынан жымияды күн, аспан.
Сан бояулы өрмек құрып айнала
Дала сонау көкжиекке ұласқан.
Ішкен шайдай сүт үстіне бал қатып,
Ескен самал аңсарыңды аңдатып...
Кейде дала жел қуалап шытынап,
Қабағына шыға келер қар батып.
Кешқұрым бір көлеңкелер сайды ызып,
Шегірткелер әнге басып, той қызып...
Қаққа қатқан қабыршақ мұз ішінен
Бұлттар көшіп бара жатыр, ай жүзіп!
Жусан иісі кеңсірікті қытықтап,
Жадырайсың жұмақ лебін жұтып қап.
Кең даланы үлбіретіп ұстайды,
Майда самал мақпал шөпке үтік сап!
Ши түбінен желкілдеген көк қияқ,
Май күледі уақыттан көп сый ап...
Кең даладан сақ рухы аңқиды,
Ақжал айғыр арқыраса от тұяқ.
Ғұмырнама
Кім айтар ғұмырдың дауасын,
Өмірге келу де – ауыру.
Күндермен, айлармен қажасып,
Сағыну,
Мұңаю,
Жабығу...
Біреудің қанымен сөлденген,
Көзінде бөлтірік ұялап.
Анаңның ақ сүтін емгенмен,
Ол-дағы біреуге қиянат!
Несібесін іздейді бұл адам,
Өзіндей хайуанмен қаржасып.
Жылатқан,
Уатқан,
Жылаған,
Алмасып,
Арбасып,
Алмасып!..
Құрттары сияқты сор-мұңның,
Жиналып өңкей бір жат адам.
Қайнайды ішінде боқ-жынның
Өздері қоғам деп атаған.
Айластар бірігіп жатады,
Берем деп соларға қол ұшын.
Тонау мен зорлықтың отаны
Билік деп қояды онысын.
Заурені ғайып боп, бақ тайған,
Сарайы сайтанның көріндей.
Патшалар құйрығы тақты ойған,
Отырар мәңгіріп өлімдей!
Сорланған өңінде бар айбын,
Шайтанның ойнағы – теңдесі.
«Махаббат» дейтұғын сарайдың
Зауықханадан тұрады бөлмесі...
Бір кірсе, шыға алмай қанша адам,
Батады белшеден қылмысқа.
Пенделер өздері аңсаған,
Күнәнің түрі де мың нұсқа!
Жылайды өкіріп, уанбай,
Жетсе өлім, аяқтап аз дәурен.
Азаптан құтылса қуанбай,
Тозақта отырса, мәз болған...
Кім жуар, жүргенде сайрандап,
Мына кір әлемнің айыбын.
Кетеді қай толқын, қайда айдап,
Ескегі майысқан қайығын?!
Кім айтар ғұмырдың дауасын,
Өмірге келу де – ауыру.
Күндермен, айлармен қажасып,
Сағыну,
Мұңаю,
Жабығу!..
Құм. Жаз. Аптап
Көмескілеп көкжиек шырайларын,
Кіл тозаңның көрдің бе ылайлауын?!
Сайтан сағым сайқалсып ыржақтайды,
Дидарына шағылып, құм айнаның!
Таңырқанған бұл неткен қауым десіп,
Тым алыстан өтеді ауыл көшіп...
Аптап ыстық.
Табаннан миға шауып,
Бүйрегіңді қайнатар, бауырды есіп!
Тас төбеңде күн қалғыр жатып сұлық,
Сағат жүрмей қалады уақыт сынып.
Қарылғандай табаға қайта қашар,
Кесірткелер інінен атып шығып!
Сәске.
Ұйқыға жанымның тыншы батпай,
Пысқырынған, тұһ, мынау қырсық атты-ай!
Қасқа бұқа өкіріп қояды анда,
Тас маңдайдан шаншылған нұр шыдатпай!
Ыссы аптапқа екен ғой жылқы да осал,
Саялайтын сай таппай шырқы қашар.
Мойындарын қайырып қалың зеңгі,
Жусап жатар, жануар, ыңқыл атар!
Тазғыр дала тамұқтың қамын кешіп,
Жел үп етсе, өртейді жалын көшіп.
Құм жылғадан қураған ән ап келер,
Тербеткен көмескі сарын бесік.
Аптап ыстық әсерін құс аңдайды,
Аузын ашып әудем жер ұша алмайды.
Шың еткен үн, шиқ еткен дыбыс та жоқ,
Ғайып болған өмірді нышандайды.
Түнде ғана сезілер сыздың жылты,
Аптап жазда өзгермес түздің ғұрпы.
Осы сарын, осы ізбен кетеміз-ау,
Күреңітіп тұрғанша, күздің бұлты?
* * *
Ежелден топ-толық бүтін ем,
Жартылай алмассың, жабылсаң...
Жалғыздық, мен саған түкірем,
Адамдар, сендерді сағынсам.
Әкелген осында жетелеп,
Қиян бір өлкеге жол кеткен...
Сағынышым сияқты өте көп,
Сыңғырлай соғылған шөлмектер.
Дауыстар,
Айғайлар,
Сыбырлар,
Әуендер сыйқырлы саз бұққан.
Ірі ойлар,
Пәкене ұғымдар,
Өмірлер жапырағына жаз жұққан!
Даңықтар уақыт құлатқан,
Меселде ғасырлар қайтарған.
Бүгіндер, ертеңдер жұбатқан,
Үміттер қаңтарда жайқалған...
Бозала шаң басқан көшелер,
Дүкендер есігі шалқайған.
Жол шетінде отырған пешене,
Несібе және де ортайған.
Бәр-бәрі адамдар таптаған,
Күре жол бойында көмілген.
Жанында боздаған ақ боран,
Көзінде бұлақтар төгілген!
Жайындай дарияны сапырып,
Өтуге менің де хақым бар.
Сағынсам аламын шақырып,
Адамдар,
Азаптар,
Ақындар...
Келіңдер, бірің де қап қалмай,
Ымырттан соқпақты суырып.
Жүрегімді
Бір жапырақ та ап қалмай,
Беремін бәріңе қуырып!
Құм. Дауыл
Шұбатылған ащы ішектей,
Мына боран – қай боран?!
Қара дауыл аш,
Тісі өтпей
Торы құмды шайнаған!
Шулап бірге тозаң көшіп,
Бұрқанады құм тасып.
Май қайнаған қазанды ашып,
Жібергендей су шашып.
Аспан асты ақырған ән,
Шақырған үн,
Ыңырсып...
Алып өрттей лапылдаған,
Тас қуырып,
Құм ыршып...
Жиылып кеп тәмәм мұнар,
Орап алған әбжыландай.
Тас сүйекті тораңғылар
Қасқаяды тапжылмай!
Тарпаң неме тұр ширығып,
Жарап алған, тер кеуіп...
Қазан шұңқыр.
Құм шиырылып,
Биіктейді ернеуі.
Жетім дауыс жүр адасып,
Дауыл.
Қаны тасып көп
Құм төбені жұла қашып,
Жіберердей шашып кеп!
Бұлт па,
Мұң ба,
Күн көзіне
Тозаң болып киілген.
Жиып алып нұрды өзіне,
Дауыл шаңдай иірген.
Кеуіп қалған кенезеден
Құм сапырар айнала...
Сиыршы шал терезеден
Қарап отыр жай ғана.
Туған жұрт
Жүрегіңді қайтсем екен шер басқан,
Жер де көрді,
Ел де көрді,
Көрді аспан...
Кірпігіңнен домалайды сел тасқын,
Жанарыңда жарқырайды алдаспан.
Самарқау бір кезеңінде мұнардың,
Маңдайыңда бұғып қалды шығар күн.
Соға берер қасіретіне сан қайта
Көп адасқан арасында тұманның!
Ауырларға бастап ылғи жол бүлік,
Жіберді ме жігеріңді жер қылып?!
Қалдың ба екен табанында таулардың
Кең далада далаңа ұқсап кең жүріп?!
Араласпай ақыл-ойдың күшімен,
Жағаласпа жалмауыздың тісімен.
Арық мергенді ойласаңшы,
Ет берген
Жезтырнаққа қанжарының ұшымен!
Өз құйрығын өзі жұта бастаған,
Аждаһаның соңғы күні – тас боран...
Аласа жұрт бармас, сірә, алысқа,
Көлеңкесі өз бойынан аспаған!
Қанын төккен сан қаһарман ұлдардың,
Өзегінде қалды ма аты жылдардың?!
Соларға арнап соғады уақыт ескерткіш,
Сенің даңқың өз орнынан тұрған күн.
Тілге – кісен,
Ділге – ноқта.
Ой – сана
Оянады темірге орап қойса да,
Қылышынан қан сорғалап тұрған жұрт,
Құлар жерің болар екен қайсы ара?!
Көкбөрі
Тұмсығыңды айға шаншып,
Алыс аспан төрінен
Ұлисың-ау,
Ұлы дауыс
Мен туыспын сенімен.
Аспан шамы самаладай,
Бар тұлғаңды жарық қып.
Күміс зерлі, көкбурыл жоның
Қайда тұрсың, жарықтық?!
Ескі күннің сіңіп кіріп,
Шүңетіне шомылып.
Қалармысың, әлде Орхон
Бойларынан табылып?!
Үстіңдегі зор моншақтан
Қарға алтын бу тамшылап.
Ұлы Үйсін жұртына кеп,
Даңқтарға малшына.
Қайта оралып ғасырлардан,
Кешіп мәрмәр теңізін –
Менің ұлы бабаларымды
Жүр ме екенсің емізіп.
О, Сары өзен – Атамекен,
Ұлы сақтар сойынан.
Бізбен бірге кеттің бе ауып,
Улун сахарасы бойынан?!
О, евінкі, ескі тайпа,
Саған ол да жат емес.
Бір тамыры соғар бізбен
Өскен інім тетелес.
Алып Һинган жоталарын
Тынбай жортып аралап.
Сонда қалған туысымды
Медеу тұта сағалап.
Тәңір тауын кенерлеп,
Күннен озып келдің бе?!
Қара түндей қайғы ораған
Қандасыңды көрдің бе?!
Шүлен тау мен ескі Дұңхуаң
Баба жұрттың сәлемі.
Бүгін сонда соғып жатыр
Және кімнің жүрегі?!
Асқар Алтай – алтын бесік,
Екеумізді тербеткен.
Анам – Ертіс, суын ішіп,
Нуын кешіп ержеткем.
Қайран жұртым қалды артымда
Мекен тұтқан мың жылға.
Сені емгендігім үшін
Мен де түстім қуғынға!
Әр түн ұлимын кеп
Туған айға асылып.
Сенің дауысың жатар сонда
Айналамда шашылып...
Сенің қаның – менің қаным,
Еуразия аймағын
Дүбірлетер сескендіріп,
Көзін ашқан айбарым!
Жол бастайтын шағым таяу,
Тұрған толқып төрімде.
Бөрілі байрақ желбірейді,
Ұлы шығыс жерінде!
Бөлісу: