Ол наурыз бен бұл наурыз

Бөлісу:

21.03.2022 4231

Жердің тоңы жібіп, көк қылтиып, төл төлдеп, жаңа тіршіліктің, шуақты жаздың алғашқы белгілері біліне бастайтын осы бір мезгілді халқымыз ежелден қадір тұтады. Күн мен түннің теңеліп, қыстың аяғы тартылатын бұл шақта ана табиғаттың тосын мінез танытатыны да бар. Солай бола тұра, қазақ осы күнді зор құрметпен, шынайы көңілмен қарсы алған. Ол заман қазақ жұрты ғана емес тұтас түркі мен парсының да табиғатпен етене біте қайнасқан, әлі даланың тілін ұмытпаған шағы болатын.

Көнеден жеткен наурыз туралы аңыздар қанша көп болса да, бұл мерекені барлығы тек табиғатқа, ауарайына ғана қатыстырады. Әуелде барша адамзаттың тұрмыс-салты, әдет-ғұрпы өмір тәжірибесінен келетіні анық. Жаңағы көп аңыздан Наурыз мерекесінің де қаншама жылғы өмір тәжірибесі арқылы есептеліп қалыптасқан мереке екенін аңғарамыз. Мал өсірумен ғана айналысқан көне қойшылар үшін ертеңгі күннің қас-қабағы басқаның бәрінен де маңызды екені анық. Әсіресе көшіп-қонып, судың тұнығын, шөптің шүйгінін қуалап өмір сүрген біздің бабаларға көштің бағытын жайлауға, не қыстауға бұру үшін ауарайы туралы нақты ақпарат қатты қажет болды. Әкеден балаға, баладан немереге жетіп отырған бұл ақпараттар сан рет қайта тексеріліп, күн мен айды, жұлдызды аңдып, соған сай табиғаттың мінезін зерделей келіп, қаншама ғасыр өткенде барып күн мен түн теңелген осы күнді жыл басы етіп ұстанған.

Күн мен түннің теңелуі – ақ пен қараның, міскін мен саудың, патша мен халқының теңдігін де білдірсе керек. Көне түріктердің Наурыз тойлау дәстүрі туралы аңыздардың бірінде Наурыз күні хан үлкен той жасап, мол дастархан жаяды. Сол тойда ағаш басына ілінген теңгені кім қағып түссе, сол адамға хан бір күн тағын беріп, хан атымен той-думанды басқаруға рұхсат береді екен. Осының өзі хан мен қараның теңдігі деген ұғымды ел санасына орнықтыру жолы болса керек.

Қазақ халқының ертедегі Наурыз тойлау дәстүрін айтпас бұрын сол тұстағы қазақы түсінік пен тұрмыс-салтты да айта кеткен жөн шығар. Ұлан-байтақ кең далада мал бағып, күндерді кең табиғат құшағындағы мал өрісінде, түндерді жұлдызды аспан астындағы мал күзетінде өткізген қалың қазақ, табиғат құбылыстарын бақылаудан туған халықтың көп жылдық тәжірибелерін қорытып, жұлдызды аспан туралы түсініктер мен білімдер жинаған. Тарихшы, этнограф Нығымет Мыңжани «Қазақтың қысқаша тарихы» деген кітабында: «Табиғат құбылыстарының айналып келіп отыруын – күн мен түннің, жыл мезгілдерінің, ай жаңалануының айналып келіп отыруын мұқият бақылап, есептеп ұғынудың қазақ халқының шаруашылық өмірі үшін орасан зор практикалық маңызы болды. Қазақтар осы есеп арқылы жайлауға қай уақытта көшу, күзеу және қыстауға қай уақытта келу, қой мен қозыны қай уақытта қырқу, қашан күйек алу, қай мезгілде көктеулікке барып мал төлдету, соғымды қашан сою, егінді қай мезгілден бастап салу, шөпті қашан шабу сияқты шаруашылық мезгілдерін белгілеп отырды. Бұл есептен жаңылу, оларды ауыр шығынға ұшыратты», – дейді. Мысалы, төл ерте туса, күннің суығынан шығын көп болуы мүмкін, кеш туса қой қысырап, төл жетілмей қалады. Міне осының бәрі уақыт есебін жаңылмай білуді, табиғат құбылыстарының айналысын бақылап отыруды қажет етті.

Міне осындай табиғат құбылыстарының айналысын, жұлдызды, аспанды бақылаудан туған, халықтың көп жылық тәжірибесінде жинақталған астрономиялық түсініктер мен білімдер негізінде байырғы қазақ календары жарыққа шықты. Қазақ календары үркер жұлдызының ай артына жасырып қалатын уақыт аралығымен белгіленді. Үркердің ай артына жасырынып көрінбей қалатын кезін «тоғыс» деп атады. Екі тоғыстың арасы бір тоғыс айы деп аталды. Бір жылда 13 тоғыс айы болды. Жаңа жыл қазіргі күнтізбе бойынша 22 наурызға тура келді. Жаңа күннің, жаңа жоспарлардың, жаңа көштің, төлдің де басы тура осы Наурыз мейрамына сай келіп отырды. Сондықтан бұрынғы мал шаруашылығымен айналысқан қазақ қауымы үшін Наурыздың маңызы бәрінен де жоғары болды.

Тарихи деректерге қарап отырсақ қазақ баспасөзінің алғашқы қарлығаштары болған «Айқап» журналы, «Қазақ», «Сарыарқа» газеттерінде, басқа да басылымдарда Наурыз мейрамы туралы мағлұматтар баршылық. Бұл ақпараттар бізге Совет одағы Наурызды ескіліктің қалдығы ретінде санап тойлауды шектегенге дейін оның қазақ ішінде қандай маңызы болғанын аңғартады. 1913 жылы наурыздың 9-шы күні шыққан «Қазақтың» 5-санында «Наурыз» деген қысқа мақала басылады. Мақалада бұрын қазақтардың Наурыз күні үйді-үйге қыдырысып, бірімен бірі көрісіп, қауқылдасып жататын әдеті болғанын, соңғы кездерде соны ұмытыңқырап бара жатырмыз деген ой айтады. Және Наурыздың нақты қай күні екенін білетін кісілер болса редакцияға хат жазуын сұрайды. Сол жоғалып бара жатқан ескі әдетті қайта тірілтіп, өзіміздің жаңа жыл етіп тұрақты тойлап тұрсақ дейді. Ал 1914 жылы «Қыр баласы» жазған осы «Қазақ» газетіндегі «Жаңа жыл» деген мақалада автор өзіне белгілі болған әлемдегі барлық календарды тізіп шығып, жыл, ай, күн есептерін көрсетіп, Наурызды тойлаудың 4 мың жыл бұрын пайда болғанына дерек келтіреді. Сөз соңында Наурызды қуаттай отырып, ескі календар бойынша 9 март (бүгінгіше 22 наурыз) Наурыз күні деп көрсетеді.

«Қазақ» газетінің 1915 жылғы 9 наурыздағы санында тағы да Наурызға, жаңа жылға қатысты мақала жарияланған. Бұл мақала келген жылдың қоян жылы екенін, және қоян жылы қашан болсын ауыр болғанын айта келіп, бұл жылы да соғыс болып жатқанын тілге тиек еткен. 1916 жылғы Наурызбен құттықтау да осы соғыстың салмағы төңірегінде өрбиді. Қаржының жоқтығынан «Айқап» журналының жабылуы, «Қазақ» газетінің жұмасына бір шығатын болып қысқарып қалуы секілді мәселелерді сөз қылған. Бұл мақалалар өз кезегінде шағын жыл қорытындысы сынды деуге де болатындай. Бұдан әрі 1917 жылғы Наурыз күніне арнап құттықтау өлең басылған. Бұны Мадияр деген атпен Міржақып Жазғанға ұқсайды. Осы жылы Ақпан төңкерісі болып, патша тақтан тайдырылған болатын. Ресей құрамындағы ұлттардың көпшілігі автономия аламыз деп, бір бөлігі бөлек ел боламыз деп жанталасып, және соған өзінше жақсы мүмкіндік туып тұрған кез болатын. Осындағы құттықтау өлеңнен де осы жаңалыққа деген зор үміт еседі. Ал 1918 жылғы «Жаңа жыл құтты болсын!» деген мақала келер күннің дүдамал бұлыңғыр екенін айтады. Қазан төңкерісі, азамат соғысы бірінен кейін бірі келіп, алаштықтар әуелде сенген уақытша үкімет те онша оң қарай қоймай, екінші жағынан қызылдар төніп, аласапыран уақыт орнаған кез еді. Осындай хәлде отырған соң той тойлайтындай да болмай жатырмыз дейді автор.

«Қазақ» газетіндегі осы жазбалардан Наурыз мейрамының бұрынғы күнтізбелік, шаруашылық мәнінен көрі ұлттық мәнінің көрнекілене бастағанын байқаймыз. Алайда осы ұлттық мәні қалыптасып үлгерместен бұл мейрамды тойлауға шектеу қойылып үлгерді. 70 жылға жуық тойланбай, атап өтілмей келген Наурыз мейрамы 1989 жылы алғаш рет қазақ ортасында атап өтіле бастады. Осыдан 33 жыл бұрын алғаш тойланғанда оңтүстік өңірлерде ат шаптырып бәйге беріп, қызқуар, көкпар салып дүркірей тойланыпты. Газет-журнал беттерінде де ұлттық мереке ретінде аса жоғары бағаланып, телеарнада құжатты фильм де берілген. Фильмде ұлттық салт-дәстүрлер мен тағам түрлері, ұлттық ойындар көрсетілген.

Содан бері жыл сайын Наурыз мейрамы осындай форматта өтіп келеді. Мерекенің басты атрибуты наурыз көже екені баршамызға мәлім. Ол ет, бидай, тұз, су, қатық, тары, күріш секілді 7 түрлі дәмді араластырып пісіріледі. Алайда әр өңірде әр түрлі жеті дәм қосылады. Наурыз мерекесінің әуелгі мәні қаһарлы қыстан шығып, жадыраған жаңа күнді көру қуанышы болғандықтан, бұл күні адамдардың біріне бірі қыдыра барып, аман-сәлем жасайтын салты сол беті жалғасып келеді. Ертеректе ауылды жерлерде мейрам 7-15 күн бойы тойланатын. Бір күні бір үй көже беріп, ет асса, ертесі бір үй қонақ етеді. Осылай сол ауыл, не қыстаудағы аралас отырған ағайын біткенше қонаққа шақыру, Наурыз тойы бітпейтін.

Бүгінгі күні оңтүстік өңірлерде қыс ерте шығып, күн жылып, жердің тоңы ерте жібитіндіктен Наурыз тойы да алдымен оңтүстіктен басталады. Ат шаптыру, қыз қуу, көкпар, балуан салу, асық ату секілді ұлттық ойындар ойналып, қала халқы орталық алаңға жиналып бірге тойлайды. Ал солтүстік өңірлер көбіне бір ай кешігіп, сәуірдің соңына қарай ұйымдастырып жатады. Бірақ Наурыз күні 22 наурыз болғандықтан еліміздің барлық өңірінде бұл күн символдық тұрғыда атап өтіледі. Биік тұрғын үйлердің ауласында шағын Наурыз асын ұйымдастырып, көже тарататын кісілер де кездеседі. Әлеуметтік желілер мен телефон арқылы бірін бірі құттықтау, бас қосу да қала тұрғындарына тән құбылыс. Осының бәрі бұл күнде Наурыз тойы тек күнтізбелік күн ғана емес, ұлттық мейрам ретінде тұрмысқа да барынша сіңе бастағанын аңғартады. Қалай десек те, бұл күн жаңарудың, түлеудің және ұлттық бірліктің күніне айналып үлгерді.

Көрнекі суреттер ашық интернет көздерінен алынды.

Бөлісу:

Көп оқылғандар