Ақан сері-Гэтсби

Бөлісу:

18.04.2022 5356

Тақырыптың өзі айтып тұрғандай, не бүлдіргелі отырғанымызды аңғарып отырған шығарсыз, көңілі көреген оқырман. Айдала – Америкадағы Фицджеральдтің қиялы мен біздің Ақан серінің қандай қатысы бар дерсіз? Әрине қатысы жоқ. Бірақ бір қызық құбылыс бар, ол – барша адамзатқа ортақ сюжеттердің аса көптігі. Мұны мифологиядан тартып фольклор туындыларынан, тіпті Қайта өрлеу кезеңінен бергі авторлардан да кездестіруге болады. Сөзіміздің дәлелді екенін Борхестің «Ажалсыз» новелласы, Таласбек Әсемқұловтың «Интертекс» мақаласы, Әмірхан Балқыбектің осы төңіректегі мақалалары мен Серікбол Қондыбайдың шығармалары көрсетіп бере алады. Алайда, біздің салыстырайын деп отырғанымыз сәл басқаша, бірі көркем роман болса, бірі шынайы тағдыр.

Ғабит Мүсіреповтің социалистік реализм қалыбына салып жазған «Ақан сері-Ақтоқты» трагедиясы көп оқырманға белгілі. Бүгінгі таңда да театрларда сахналанып, «тап тартысын суреттеп, жоқ-жітіктің қақын түгендеп» жүрген осы шығарма туралы талдау, трактовкалар да баяғы ырғағынан бір жаңылмапты. «Оңбаған, жауыз» Науан хазірет, «бай, зорлықшыл, төре» Жалмұқан мен «жаңашыл, коммунистік моральді бойына әбден сіңірген» Ақан сері мен Ақтоқты және бірнеше кедей, жоқ-жітіктің арасында тартыс өтеді. Автор Науан мен Жалмұқанды жағымсыз етудің бар амалын жасайды. Езілген, әділетсіздік көрген Ақан сері мен «кедей» достары ақыры жеңіліп тынады. Ақтоқты көзінің жасын көл етіп, өзіне тең келмейтін қораш, ұрда-жық ожар байдың илеуінде кетеді.

Ал өмірде солай ма еді, өзі? Бұны айтпас бұрын Гэтсбидің тағдыр-талайын бір шолып өтейік. Фрэнсис Скотт Фицджеральдтің кейіпкері Гэтсбидің прототипі автордың өзі екені туралы да сөздер бар. Оның себебі Фицджеральдтің сүйген қызы Зельда Сейрдің әкесі Фицджералдьті кедей деп менсінбейді де, екі жастың үйленуіне қарсы болады. Кейін, әрине, Фицджеральд алғашқы романымен мол табыс табады да ақыры сол қызға үйленеді. Романдағы Гэтсби әскерде жүргенде сүйген қызы Дейзиге де осындай себеппен, яғни кедейлігі себеп боп үйлене алмай қалады. Дейзи атадан дәулетті бай спортшы Том Бьюкененге тұрмысқа шығады. Дейзидің тарапынан: «Егер Гэтсби бай болған болса соған шығар едім», - деген сыңайда әңгіме болғанын естиді Гэтсби. Оның өмірінің қалған бөлігінің өзгерістеріне себеп болған осы сөз болса керек. Романда оқиғаны баяндаушы Ник Карравэй Нью-Йорк көпірінің шығыс жағалауынан үй жалдап тұрады, оның көршісі алып сарайда тұратын сырлы тұлға – Гэтсби апта сайын ұлан-асыр отырыс өткізіп, қаланың бүкіл элитасын үйіне жинап тұрады екен. Бір қызығы Гэтсбидің түр-тұлғасының қандай, өзінің не істейтін адам екенін ешкім білмейді, жұртқа тегін отырысқа келіп ойнап-күліп қайту ғана маңызды болса керек.

Ал Гэтсбидің бұл атсыз-атақсыз ойын-тойының басты себебі жүре келе анықталады. Жасында ғашық болып, жоқтықтан қолы жетпеген ғашығы Дейзи әйтеу бір күні адасып отырысқа келіп қалар, келсе аста-төк байлық ішінде шалқып отырған мені көрер, көрер де өкінер, сөйтіп өзіме қайтар деп армандайды екен Гэтсби мұңлық. Ақыры отырыста кездесудың ыңғайы келмеген соң Дейзидің немерелес туысы боп келетін, әрі құдайы көршісі Никке өтініш жасайды. Ник өтінішін қабыл етіп, туысы Дейзиді үйіне шақырады да, Гэтсби ойда-жоқта көршісіне сәлемдесе келген боп Дейзимен жолығады. Сөйтіп екеуі арасындағы баяғы үзілген жіп қайта жалғанады.

«Керемет Гэтсби» романымен қатар, романның желісімен түсірілген қаншама фильмдер бар. Әсіресе 2013 жылы түсірілген, Леонардо Ди Каприо ойнайтын фильмді көрмеген адам кемде кем шығар. Сондықтан да аңғарымпаз оқырман сюжеттен толық хабардар екені анық. Сол себепті бұдан әрі сюжет қуалап отырмай тоқетер тұсын айтайық.

Оқиға дами келе романдағы (фильмдегі) барлық негізгі кейіпкерлер Нью-Йорктегі «Плаза» отеліне жиналады. Осы жерде әңгіменің басы ашылып, Гэтсби мен Дейзи арасындағы ескі махаббат хикаясы баршаға мәлім болады. Гэтсби Дейзиге: «Томды сүймеймін, бұрын да сүймегем, тек амалсыздан тұрмысқа шықтым», - деп шындығыңды айт та, менімен жүр деген шарт қояды. Дейзи қатты қиналып, ақыры бұны айтудан бас тартады. Махаббат майданында Том жеңімпаз атанады, бұны тіпті екінші жеңісі деуге болады. Соңында өткен тәтті сезімдерін кері қайтара алмаған күйі мұңлық Гэтсби кісі қолынан өледі. Том мен Дейзи белгісіз бір жаққа кетіп қалады. Біздің назарға іліккен, Ақан сері тағдырымен қиылыса кететін тұсы да Дейзидің Гэтсбиден бас тартатын тұсы.

«Ақан сері-Ақтоқты» ғашықтық хикаятына қатысты ел ауызында да айтылып жүрген әңгіме аз емес. Серінің Ақтоқтыны жыр еткен әндері де біршама. Жоғарыда Ақтоқтының некелі күйеуі Жалмұқан туралы сөздің ұшығын шығарған едік. «Қазақ әдебиеті» газетінің 2019 жылғы қазан айының басындағы санында Ілия Жақановтың «Жалмұқан-Ақтоқты баяны» атты мақаласы жарық көріпті. Мақалада автор Жалмұқан мен Ақтоқты өміріне қатысты советтік кезеңде айтылмай келген көптеген шындықтың бетін ашады. Сол мақаладан өзімізге керек деп тапқан бөлігін осында баяндай кетейік.

Жалмұқан – Ғабит Мүсірепов суреттегендей надан, жауыз бай болмаған екен. Ақтоқтының әкесі де трагедияда айтылғандай кедей, момын емес. Ақтоқтының әкесі Бақтыбай мен Жалмұқанның әкесі Сүтемген – екеуі екі елге ие болып отырған, көзі ашық, саясы кең, қамқор адамдар болыпты. Сүтемген – ел ішінде «жақсы» атанған, медресе ашып бала оқытқан, орыспен сауда-саттық жасап, малдың соңынан ғана кете бермей жаңа үдерісті аңғара алған адам ретінде айтылады. Жалмұқан болса сол кездегі қазақ жеріне жаппай қоныстанып жатқан переселендерден жерін, елін қорғауға барынша күш салған тұлғалардың бірі екен, қыстауына орыс үлгісінде үйлер салғызып, қалалық мәдениетке ұмтылыс жасаған көрінеді. Бұрынғы қазақ байлары бір ауыл елді бір өзі асырап отыратыны, бүгінгі сөзбен айтқанда бір бай бүкіл ауылды жұмыспен қамтып отырған компания сынды болғаны мәлім. Жалмұқан есімінің араға қаншама жыл салып қайта жаңғырып шыға беруі, оның шарапатын көрген елдің осынша жыл ұмытпай еске алып келуінің өзі Ақан сері әніндегідей «жаман» болмағанын аңғартса керек. Бір қызығы, Ақтоқты Ақанды қалай сүйсе Жалмұқанды да солай сүйген, тіпті Жалмұқан мен Ақтоқтының салтанаты, жарасымы бөлек еді деп аңыз қылады екен көзі көргендер. Жалмұқан әрі бай, мырза болған соң сол заманның салтымен ауылынан әнші, жыршы үзілмейтін болса керек. Иманжүсіп, Балуаншолақ, Біржан сал, тіпті Ақанның өзі де кейін неше рет құрметті қонақ болып күтіліп, ауылды әнге бөлепті.

Баяғы қазақтың бұрыннан келе жатқан «Жылқының көркі жалменен, жігіттің көркі малменен» дейтін аталы сөзі де бар. Осы тұрғыдан алсақ, ер мінезді, батыр тұлғалы Жалмұқанның Ақтоқты сұлуға сай келмейтін ештеңесі де жоқ. Ақан әуелде Ақтоқтыны сүйіп, ол да серінің ыстық сөзі мен әсем әніне құмары кеткенімен ақырғы сәтте бас тартады. Ақан Ақтоқтыны ұзатып жатқан қызойнақ үстіне алып қашып, өзінше «жаман» Жалмұқаннан құтқармақшы болады. Артынан қуғыншы түсіп қашып келе жатқанда Ақтоқты шамасы Ақаннан өзіне бостандық сұрайды, бұған шыдай алмаған сері сұлудың ішін қанжарымен есіп жіберіп, «Маған бұйырмасаң өзгеге де бұйырма», - деп тастап кетеді. Ақтоқты жаралы болғанымен тірі қалады, Жалмұқанға адал жар болып, екеуі бірге көз жұмғанға дейін жұптары жазылмай өтеді. Олардың өмірден өткен сәті де қасіретті һәм жан толқытарлық бөлек әңгіме. Әсет ақын айтқандай: «Қозыкөрпеш-Баяндай бір молада өлген» екен. Жалмұқан Ақанның жоғарыда айтып өткен ерсі қылығын кешіп қана қоймай, «Ақтотының аужары» әніндегі: «Қорқамын шымылдықтың құруынан, Бір жаман қолын сұғып тұруынан», - деп бастап, «Жұртым-ау, мен риза болсын десең, Құтқаршы сол жаманның тұяғынан», - деп аяқталатын сөзін де: «Ол ән Ақан серінің жан ашуы ғой, күйінген жан не демейді?», - дейтін көрінеді. Жалмұқанның осындай құрметін көргеннен соң, енді бір жағынан Ақтоқтының өзі де: «Тұнығымды лайламашы», - дегеннен кейін Ақан сері бұл дерттен айығып, шын жеңілісін мойындап, одан әрі Жалмұқан ауылынан алысырақ жүргенге ұқсайды.

Біз Ақан мен Гэтсбидің ортақ тұсын да осы жеңілісінен тауып отырмыз. Күйігі басылмай тұрған шақта жеңілісін мойындағысы келмей: «Сарымида басыңды кесіп алып, Даулассамшы өмірде құныңменен», - дейтіні де серінің өзімшіл, менмен махаббатын аңғартып тұратындай. Ақанда: «Мен не болсам болайын, сен аман бол», - деген түйін жоқ, оның түсінігінде сұлу да, сұңқар да, жүйрік те Ақанда болуы керек. Ол соған ғана жарасады. Бұл былайғы жұрт түсіне бермейтін бөлек такаппарлық. «Қыпшақтың жүз қатыны ұл туса да, Бәрі бір Иманжүсіп бола алмайды!» - дейтін Иманжүсіп, «Кемпірбай бұл дүниеден көшіп кетсе, Білемін енді өзімдей ұл тумасын», - дейтін Кемпірбайлардың өзіне, өнеріне деген асқақ сенімі өздерінен өзгені «жаман біреу» етіп көрсететін болса керек. Бүкіл өмірінің қорытындысы сынды «Шырмауық» әнінде де: «Дәуренді мендей сүрген кім бар екен, сонда да қызығыңа бір қанбадым», - деп толғайтыны бар емес пе, Ақан сүймеген сұлу, Ақанға жайылмаған дастархан, Ақан малдас құрмаған төр бар ма? Баяғы ел боп, еңсесін көтеріп тұрған заманнан қазаққа аман жеткені жалғыз әні мен күйі ғана болған сол тұста серісін сыйламаған ел болмапты, сол елдің ортасында ойнап-күліп сайран салыпты. Таласбек Әсемқұловтың «Қылышымның майын бер» атты мақаласында XIX ғасырдағы сал-серілерді ерте дәуірдегі жауға жалаңаш тиіп, жауынгерлердің намысын қайратын «ер-серілердің» жалғасы ретінде қарастырады. Осы таным бойынша қарайтын болсақ, Ақанның мұңының да түп негізін сезетін сыңайлымыз. Ол аңдаусыз отар елде туып қалған сонау асқақ, кеудесі биік ертегі заманның адамы. Оның жаны да сол биікті аңсайды, сосын сырлы, бөлек өмір сүреді. Кірпияз, асқақ мінезді, такаппар Ақан қанша сұлу болса да әйел затының өзінен бас тартқанын көтере алмайды. «Сұлудың арманы – мен», - деп сенеді. Ақтоқты туралы әнінің бәрінде Ақтоқты бұған қосыла алмай арманда кетіп, мұңлық болған етіп, соның жан дүниесін сурттейді. Бірақ Ақан адасты, Ақтоқтыны шын мәнінде түсіне алмаған екен. Гэтсбидің де адасуы тура осындай. Дейзи оны баяғыдай сүйеді деп ойлады, «Томды сүймейді, тек байлығына бола тұрмысқа шықты», – деп ұқты. Гэтсбидің заңсыз жолдармен болсын байлық жинап, соңында тек Дейзиге қол жеткізгісі келгені мен Ақанның Ақтоқтыны алып қашқаны бірдей құбылыс.

Фицджеральд «Жоғалған ұрпақ» буынына жататын жазушы. Дүниежүзілік екі соғыстың арасы – өткен дүниетаным мен құндылықтар өз мәнін жоғалтып, жастығын, жалынды шағын соғысқа тонатқан буынның рухани дағдарысқа түскен, онымен қоса әлемдік экономикалық кризис қатар келген ауыр мезгіл болатын. Гэтсби де сол жоғалған буын өкілі, соғыстан бұрынғы шын сүюді, асыл махаббатты іздейді, жаңа өмірдің мәнін ұға алмайды, адамдарға не керек екенін түсінбейді. Содан болса керек ол тым жалғыз және өткеннің елесіне шырмалып, бүгіні мен ертеңін жоғалтқан адам. Ақан да сондай жалғыз да, сырлы өмір сүреді, мұңдасы домбырасы, жолдасы Құлагері мен Қараторғайы. Оның да бірі өліп, бірі қартайғанын көзбен көрді. Ол іздеген, ол аңсаған құндылық қазақ ішінде қалмағанын кеш түсінді. Қазақты ұлт ретінде біріктіре алатын жаңа түсінік Алаш зиялыларымен бірге келді. Сондықтан да «Зар заман ақындарынан» кейін өмірге келген осы бір сал-серілер кезеңін қазақтың «жоғалған ғасыры» десе де болатындай.

«Керемет Гэтсби» романында Ник Гэтсбиге: «Өткенді қайта әкелу мүмкін емес!» - дейді. «Зар заман» мен сал-серілер кезеңі де қазақтың өткенді аңсау кезеңі секілді еді, баяғы хандық құрған, айбары асып, дәулеті тасыған заманды қайта көргісі келді. Отар елдің ұсақ мінезін сынады, ел ішіне енді еніп келе жатқан капиталистік құндылықтарды түсіне алмады. Есесіне ұлы туындылар дүниеге келді, қанша ғасыр өтсе де құлақ құрышын қандырар әдемі әндер қалды. Әлем әдебиетіндегі «Жоғалған ұрпақ» буынының орыны қандай болса, қазақ үшін де сал-серілердің орыны бөлек дегіміз келеді. Ойымыздың дұрыс-бұрыстығын қадірменді оқырман өзі саралап көрер.

Бөлісу:

Көп оқылғандар