«Волоколамск тас жолы» бізге не үшін керек?..

Бөлісу:

08.05.2022 8114

Драматург, прозашы Константин Симонов «Волоколамск тас жолы» кітабы жайында былай депті: «...бәріміздің соғыс туралы жазған шындықтардың ішіндегі ең маңызды және ең қымбат шындықтардың бірі Бектің «Волоколамск тас жолы» кітабының ақиқаты еді... бұл жалпы алғанда әдебиетіміздегі соғыс туралы ең жақсы кітаптардың бірі. Бізде және бүкіл әлемде танымал болғанымен, бұл кітап әлі де лайықты өз бағасын алған жоқ». Ал латынамерикалық революционер Че Гевара Бектің «Волоколамск тас жолы» повесін өзінің үстелүсті кітабы атап, оны үнемі өзімен бірге командирлік сөмкесінде алып жүреді екен.

Әдебиетке құштар әрбір жанның бала шағынан сүйікті шығармасы, авторы немесе кейіпкері болатынындай, біздің де «тапсырмадан» тыс, мектеп кітапханасынан өз бетімізше алып оқыған туындының бірі «Волоколамск тас жолы» деп аталатын қалың мұқабалы кітап-тұғын. Сонда жазушы Александр Бектің қазақ батыры Бауыржан Момышұлының ерлігі хақында баяндаған повесін бірінші рет орыс тілінде оқыдық. Бала кезде бұл шығарманы қызыға парақтауға не түрткі болды және оның бүгінгі күн тұрғысындағы құндылығы жайында әуелгі алған әсермен бөлісе отырып, жазып көруді мақсат еттік.

Ең алғаш шығарманы оқуға итермелеген – аңызға айналған Бауыржан бейнесі. Ол бейненің маңызын түсінуге мектеп ұстаздары септігін тигізген. Қарапайым қазақ отбасынан шыққан адам жайында барлық нәрсені білуге ұмытылыс сол кезден басталды. Бұрынғы өткен замандағы ел қорғаған қаһармандар бір бөлек те, ал Бауыржан бір бөлек болып көрінген. Себебі ол әкелеріміздің, аталарымыздың замандасы және Бауыржан өмір сүрген кезең өзіміз өмір сүріп жатқан уақыттан алшақ та емес еді. «Бауыржан кім?» деген сұрақ бізді қызықтыра түсті. Мектеп кітапханасына барып, Бауыржан Момышұлы туралы шығармаларды іздестіре бастадық. Кітапханашы көкшіл мұқабадағы «Волоколамское шоссе» деген кітапты ұсынды. Ішін ақтарып, оқи бастағаннан-ақ бірден баурап алған.

Төрт повестен тұратын циклдік шығарма жеңіл оқылған. Оның себебі автордың әр повесті кішігірім тақырыпшаларға бөліп бергенінен болса керек. Туындыдағы алғашқы ләм автордың «Бұл кітапта мен бар болғаны арлы әрі еңбекқор хатшымын» деген жолдарынан басталады. Александр Бек өзін баяндап беруші ретінде таныстырады. «Міне, оның әңгімесі» деп, әрі қарай Бауыржанның өзі айтқан хикаясын жеткізеді. Алғашқы повест – он, екінші повест – он төрт, үшінші повест – он жеті, соңғы – төртінші повест он екі бөлімге жіктелген. Шығарманы Бауыржанның соғыс күнделігі деп атауға да келетіндей. Панфиловшылардың ерлігін баяндаған туынды Момышұлының жүрген жолы, алған демімен өрбиді.

Журналист Нұрлан Жұмахан шығарманың шынайылығы жайында жазған мақаласында "Егер «Арпалыс» повесі ("Волоколамск тас жолы " - Н.Б.) шынайы жазылмаса, биік деңгейге көтерілмес еді. Сондықтан, барша кеңес халқы шындықтың шырақшысы болған Бауыржан Момышұлына алғыс айтуы тиіс. Өйткені, бұл кітап талай жауынгерге күш-жігер беріп, қасиетті Жеңісті жақындата түскен құнды дүние екенін мойындауымыз керек. Сондай-ақ, Баукеңнің тікелей араласуымен жазылған туынды жастарды бойындағы рухын оятып, отаншылдыққа тәрбиелейтін тамаша құрал десек болады" деген пікір айтады.

Алғашқы повест жойқын күреске кіріспе секілді. Одан соғыс психологиясын түсінесің. Патриотизм деген сөздің түпкі мағынасын аңғарасың. Адам бойындағы әлсіздік, өлім алдындағы қорқыныш сезімдері жан-жақты шынайы ашылған. Бұрын мамыражай күн кешіп жүрген адам бірден ұрыс алаңына тап болса қандай күйге түсетіні баяндалады. Соғыс психологиясы ашылғандықтан болар, «Волоколамск тас жолын» бірнеше ел әскери міндетті кітап санатына қосқан. 1946 жылы шығарма израильдік аудармашы, редактор Авраам Эвен-Шошанның тәржімасында иврит тілінде жарық көреді. Содан бері Израиль әскери қорғанысы офицерлерінің оқуға міндетті кітабы қатарында саналады. Ал Финляндияда Әскери академия курсанттары да кітапты зерттеп-зерделейтін көрінеді. Қытай коммунистік партиясы мүшелері «Волоколамск тас жолын» оқуға міндетті кітаптар қатарында қарастырады екен. 1963 жылы кітап Германияда да әскери офицерлердің оқу бағдарламасына енгізіліпті. Қаншама елдің қорғаныс саласына қажетті деп тапқан шығарманың басты құндылығы неде? Бұл сұраққа туындыны оқығанда бірнеше жауап айтуға болады.

Өскемендік жазушы, марқұм Жүніс Ыбыраевтың 1993 жылы шыққан «Майдан жыры мен сыры» деген кітабында шығарма туралы құнды пікірлер айтылады: "Шынымды айтсам, Александр Бектің «Волоколамск тас жолы» («Арпалыс») повесін ертеректе, алғаш оқығанда-ақ керемет қайран қалғанмын… Сонымен бірге кітапты оқу барысында бірқатар дүлдамал сұрақтар да туындап жатты. Бектің өзін тек айтқанды қағаз бетіне түсіруші хатшы ретінде ғана көрсетуі сол кезде қалайда түсініксіз болып қалған. Бауыржанның авторға – осы кітаптың бірінші тарауын өтірік жазсаңыз, сол қолыңызды, екінші тарауын өтірік жазсаңыз, оң қолыңызды шауып тастаймын деуі әзіл де болса, одағайлау, бірақ шындық астары да бар ма, әлде деген сезік тудырды.

Кітап бастан-аяқ дерлік Бауыржан Момышұлының атынан баяндалады. Сонда бұл кітаптың нағыз иесі кім өзі? Оның түпкі негізі қайдан шыққан? Осындай сұрауларға жауап іздеп, толқуға түскенім бар..."

Шығарманың ең басты құндылығы – отаншылдық сезім. Адам бойындағы жай күндерде біліне бермейтін, төтеннен келген тажалда айқын көрініс табатын қасиет. Бұл қасиетті Бауыржан Момышұлы шығарма басында қорқыныш сезімі арқылы түсіндіреді. Қорқыныш барлық адамда кездеседі. Ерлік жасауың үшін, әуелі бойыңдағы үрейді жеңуің керек. Кейіпкер ешкім де тумысынан ержүрек боп тумайтынын меңзейді.

«– Жазыңыз, – деді Бауыржан Момыш-Ұлы: – «Бірінші тарау. Қорқыныш».

Ол ойлана тіл қатты:

– «Қорқынышты білмей жатып, панфиловшылар бірінші шайқасқа кірісіп кетті...». Сіздіңше қалай: қолайлы бастама ма?

– Білмеймін, – дедім мен екілене.

– Әдебиеттің ефрейторлары осылай жазады, – деді ол дөрекі үнмен. – Осы күндері мұнда тұрып жатқан сізді мен екі-үш мина жарылып, оқ ысқыратын жерлерге апаруға әдейі бұйырдым. Мен сіздің қорқынышты сезінуіңізді қаладым. Айтпасаңыз да, мойындамай-ақ сізге қорқынышты басу керек болғанын білемін».

Шығарма басындағы «Қорқыныш» бөлімінде осындай жолдар бар. Қорқыныш дегенді біз әртүрлі түсінеміз. Қазіргі күнмен есептесек, біреулер үшін қорқыныш биліктен түсіп қалу немесе жұмыстан айырылу, енді бірі үшін отбасын жоғалту болуы мүмкін. Бірақ ең үлкен қорқыныш – өлім алдындағы қорқыныш екен. Бұл – бірінші қарағандағы әсер. Ал одан да үлкен қорқыныш бар. Ол – Отаннан айырылу. Арсыздар ғана Отанды қорғаудан бас тартады. Отанды жоғалту – бәрін жоғалтумен тең. Тәуелді болып, тентіреп қалудан асқан азап жоқ. Бірінші повестегі «Мені соттаңыз» бөлімінде Бауыржанның ішкі сезімдері арқылы арды сақтап қалу да Отанды сақтаумен бірдей екенін байқайсың. Өлімнен қорқып өзін жоғалтқан, өз қолын өзі атып жаралаған Барамбаев деген әскерді Бауыржан Момышұлы әскери сапта бәрінің көзінше атуға бұйрық береді.

«...Муриннің винтовкасы дірілдеп тұрғанын байқап, айғайладым:

– Мурин, дірілдеп тұрсың ба?

Ол дірілдеп, түзеліп мылтық тұмсығын қаттырақ басты; қолы қатайды. Мен пәрменді қайталадым:

– Қорқақ, Отанын сатқан, ант бұзушыға... бөлімше... ат!

Осылайша қорқақ атылды.

Мені соттаңыз!

Бірде көшпенді әкемді айдалада жүргенде улы өрмекші шағып алады. Әкем құм арасында жалғыз өзі, төңіректе түйеден басқа жан жоқ. Бұл өрмекшінің уы өлімге әкеледі. Әкем сонда пышағын суырып алып, өрмекші шаққан жерінен өз денесінің бір кесек етін кесіп алып тастаған екен.

Міне, мен де солай істедім – пышақпен өз денемнің бір бөлігін кесіп алдым.

Мен адаммын. Ішімде адамға тән сезімдердің бәрі маған айғайлады: «Қажет емес, ая, кешір!». Бірақ мен кешірген жоқпын...».

Бауыржан өз бетінше шешім шығарады. Өз шешімін қатал болса да әділетті шешім деп біледі. Уды у қайтарады дегендей, қоластындағы мыңдаған сарбаздың қорқынышын – қорқынышпен басады. Отанды сатқанның жазасы өліммен өтелетінін ұқтырады. Адам соғыста өлу үшін емес, өмір сүру үшін күреседі. Өзің өмір сүруің үшін жаудың көзін жоюың керек. Бұрын қолына қару алмаған адам үшін ең ауыр психологиялық соққы. Біреудің өмірін алу және жаныңдағы жақындарыңның жан беріп жатқанын көру. Соғыстың сұмдығы да осы ғой. Жан алып, жан бересің.

«Бір мақалада оқығанымды еске алдым: «Шайқаста адамда екі күш арпалысады: парыз сезімі мен өзін-өзі сақтау инстинкті. Үшінші күш араласады – ол тәртіп, ал парыз сезімі үстем шығады».

Солай ма өзі? Бұл жайында біздің генерал Иван Васильевич Панфилов басқаша айтқан. Бірде Алматыда түнгі әңгімеде (әлі сұрақ қоймаңыз, алаңдамаңыз – әңгімені содан кейін толық жеткіземін) Панфилов: «Солдат соғысқа өлу үшін емес, өмір сүру үшін барады!» деп еді», – дейді Бауыржан. Генерал Панфиловтан алған өмірлік сабағы осы кітапта анық берілген. Оған деген адами сезімі мен алғысы шығарманың өне бойында жиі ұшырасады.

Бауыржан немістердің соғысын психикалық соғыс деп бағалайды.

Екінші повесте майданға үйреніп, қиян-кескі ұрыс ішінде жүрген әскерлер тағдыры суреттелген. Жау үшін аса маңызға ие Волоколамск тас жолындағы Мәскеу үшін шайқастың орны тарихта қалды. «Сен Мәскеуді бердің!» атты бөлімде Бауыржанның психологиясы нақты ашылған.

«– Естимісің? Немістер – артымызда. Онда жау Мәскеуге жол тартып барады. Онда бауырларымыз соғысып жатыр. Біз, біздің батальон, оларды бүйірден болатын соққыдан жауып тұрмыз. Олар бізге сенеді, сенеді: біз қарсылық көрсетеміз, оларды жібермейміз. Ал мен саған сендім. Сен жолды ұстадың, оны құлыптадың. Сосын қорықтың. Қаштың. Сен жолды тастап кеттім деп ойлайсың ба? Жоқ! Сен Мәскеуді бердің!

– Мен... мен... мен ойладым...

– Сенімен әңгіме бітті. Бара бер.

– Қайда?

– Тапсырыс бойынша орныңа.

Мен өзен жаққа нұсқадым. Брудный менің қолым көрсетіп тұрған жерге қарағысы келгендей басын қозғалтып артына бұрылмақ болды. Бірақ ол қозғалысты тежеп, алдымда «тыныш» тұра берді.

– Бірақ онда, жолдас батальон командирі... – деді ол қырылдап.

– Иә, немістер бар! Соларға бар! Қаласаң, оларға қызмет ет! Немесе оларды өлтір! Мен саған мұнда кел деп бұйырған жоқпын. Маған қашқын керек емес! Бар!

– Взводпен бе? – деп сенімсіздікпен сұрады Брудный.

– Жоқ. Взводта басқа командир болады! Жалғыз өзің бар!». Қоластындағы сарбаздарға командирдің қатаң талабы осындай еді. «Волоколамск тас жолын» жазып болған соң Бауыржан авторға өтірік жазар болса оң қолын кесетінін айтыпты. Шығарманың ерекшелігі де оның өмірден алынғанында болса керек. Екінші дүниежүзілік соғыс барысы, сарбаздар психологиясы повестің арқауына айналды. Туындыдағы кейіпкерлер де қарапайым: Рахимов, Бозжанов, Блоха, Синченко тағы да басқалар. Олардың бәрі өмірде болған, Бауыржанмен бірге майданда жүрген жандар. Кейіпкерлер бейнесі өмірдегідей шынайы ашылған. Өзімен бірге жүрген әскерлердің тапсырмаға адалдығы, кей жерлердегі осалдығы – бәрі де баяндалады. Барамбаевты атуға бұйырғаны да көп нәрсені аңғартса керек. Себебі көп адам шешім шығаруға келгенде әлсіздік танытатыны бар. Әсіресе қан майданда шешім шығара алмасаң жау келгенде де әлсіздікпен ыдырауың мүмкін. Қоластындағылар ыдырап кетпеуі үшін де Бауыржан қатаң шешімдерге барғанын шығармадағы әрекеттері арқылы аңғаруға болады. Кейде жеңіске жету үшін де жеңіліп көру керек шығар. Сонда шын жеңістің қадірін ұғатындайсың. Оны туындыда генерал Панфилов былайша түсіндіреді:

«– Психикалық соғыс... – Панфилов жымиып, күлімсіреуін жалғастырды: шамасы, бұл сөз оған ұнаған сияқты. – Иә, бұл жолақта (Панфилов Волоколамскінің алдынан біз қалдырған жолақты көрсетті), немісті бір ай бойы осында алдарқатуға болатын еді, бірақ кейбіреулер оған көніп, кей жерлерде бізді бос қалдырды. Дегенмен шамамен екі апта, егер он бесіншіден санасақ, біз оны осында алып келеміз. Демек, Момыш-Ұлы жолдас, жеңе тұрып та, жеңілуге ​​болады екен.

– Сонда қалай, жолдас генерал?

– Ал бағасы ше? – деп асыға жауап берді Панфилов. – Жеңіс үшін төленетін бағасы». Панфиловтай көреген қолбасшыдан Бауыржан көп нәрсені үйренгенін шығармада жиі айтады. Генералдың көркем мінезі мен жанашырлығы, ақыл-парасаты Момышұлына соғыста демеу болды. Бәлкім, содан болар, кітаптың соңы «Ол өмір сүреді» деген бөліммен аяқталған. Бұнда да генерал Панфилов жайында айтып жатыр. Соғыстың басында қайтыс болғанымен, генаралдың «елесі» бүкіл соғыс бойында панфиловшылармен бірге жүрген сияқты. Панфиловшылардың ерлігі қолбасшыларынан алған тәлімі мен сабағына байланысты болса керек. Панфилов пен Момышұлы оларға жанды үлгі көрсетті.

Әдебиеттегі соғыс психологиясы мен кейіпкерлер өмірінің жарқын мысалын «Волоколамск тас жолынан» көре аламыз. Ол белгілі бір уақытта көнеріп, көмескіленетін зат емес. Адам барда, оның бойындағы әлсіздік пен ерлікке ұмтылыс сезімдері барда бұл кітап құндылығын жоймайды.

Повест шыққан соң қойылған толассыз сұраққа жазушы Александр Бек: «Волоколамск тас жолындағы» кейіпкер ойдан шығарылмаған, өмірде болған адам. Оның есімі – Бауыржан Момышұлы, ұлты – қазақ. Ол, шынында да Мәскеу түбіндегі шайқаста панфиловшылар батальонын басқарған аға лейтенант» деп жауап беріпті. Кеңестік билік бір кезде жеңілген ұлт деп санаған елден Мәсеуді жанымен де, қанымен де қорғаған қаншама боздақтар шыққаны тарихқа аян. Олар орыстарды қорғаған жоқ. Адамзатқа ортақ еркіндіксүйгіш идеяны қорғап қалды.

Бөлісу:

Көп оқылғандар