Болат Сарыбаев - ұлт аспаптарының жоқшысы

Бөлісу:

13.05.2022 4142

Сыбызғы – қазақтың көнеден жеткен саз аспабы. Сыбызғының сырлы үнін Қазақстанның әр түкпіріндегі үлкенді-кішілі сахналардан тамашалап, естуге мүмкіндік бар. Өзге де үрлемелі аспаптармен қатар, сыбызғының да көптеген ұлт аспаптар оркестрлерінде өзіндік орны бар. Қазақстан байтағы қазіргі күні домбыра мен сыбызғының дуэтінде күй орындау дәстүрінен де кенде емес.

Егер тартып қараса,

Сыбызғы үні тамаша!

Дала ұйып тұр тыңдап.

Ойна, сыбызғы!

Жырла, сыбызғы! –

деп көрнекті қазақ ақыны Әбдрахман Асылбек жырлағанындай, сыбызғының тамаша үні тәуелсіз Қазақстанның аспан астында еркін уілдеп тұрған қазіргі заманға дейін сындарлы күй кешкендігі, Болат Сарыбаевтай ұлтсүйер азаматтың барша ұлт аспаптарымен қатар, сыбызғыны сақтап түлетуге еңбек сіңіргені туралы айту ләзім. Биыл көрнекті тұлғаның туғанына 95 жыл толып отыр.

Тарихи дәуірлер бойынша алып қарағанда қазақ халқының көне саз аспаптарының бірі сыбызғының атажұрт Қазақстандағы қолданыс ауқымы ХХ ғасыр жүзінде әрқалай болғандығын көреміз. Яғни, сыбызғы тарту дәстүрінің ел аумағындағы қолданысы белгілі бір кезеңдерде жіңішкеріп барып, үзілерге шақ қалған тұстары да болған. Оған әрине, заманның озуы, дәстүрдің тозуынан бастап, көптеген факторлар әсер еткені анық. Қуаныштысы, бүгінгі күні қазақтың төл саз аспабы сыбызғының өрісі кең, болашағы жарқын деп сеніммен айтуымызға болады. Қазіргі күні арнайы сыбызғы мамандығы бойынша бітірген кәсіби сыбызғышылардың өнер ұжымдарында қызмет етуіне мүмкіндік бар. Бұл мүмкіндіктің бәрі бірден қалыптаса қойған жоқ. Оның артында қаншама тұлғалардың мыгымсыз еңбегі жатыр. Солардың бірі де бірегейі – Болат Шамғалиұлы Сарыбаев.

Қазақстандағы сыбызғышылық дәстүрдің қайта жандануына өлшеусіз үлес қосқан ізденімпаз, музыкатанушы, қазақтың ұлттық музыка аспаптарын жинаушы әрі сол аспаптарды орындаушы, педагог, өнертану ғылымдарының кандидаты, қазақ өнерінің жоқтаушы, жаңғыртушысы, профессор Сарыбаев Болат Шамғалиұлы 1927 жылы 14 тамызда Ташкент қаласында дүниеге келеді. Әкесі Шамғали Харесұлы – қазақтың көрнекті ғалымы, ұлттық тілімізді оқыту әдістемесінің негізін салушылардың бірі.

Болат Шамғалиұлы 1950 жылы Алматы мемлекеттік консерваториясын бітірген соң аталған консерваторияның ұлт-аспаптар кафедрасында қызмет етеді. Осы кезеңнен бастап ол қазақ халқының ұмыт болған немесе сирек қолданылатын саз аспаптарын жаңғыртуды қолға алады. Музыка аспаптарын жинап, өз үйінде мұражай ретінде сақтайды. 1968 жылы ұлттық музыкалық аспаптардан ансамбль ұйымдастырады. Сазсырнай, бетіген, үскірік, шертер, шаңқобыз, дабыл, даңғыра т.б. аспаптарды қайта қолданысқа енгізіп жетілдірді. Әр кезеңдерде құрылған ұлт-аспаптар оркестрлері мен ансамбльдерінен орын алуына негіз қалады.

Көзін көрген әріптестері мен шәкірттерінің естеліктері мен зерттеу жазбаларына қарағанда, профессор Болат Сарыбаев көптеген саз аспаптарында шебер орындаушы да болған. Солардың бірі сыбызғы аспабында да ойнай білген. Бұл турасында, жалпы өткен ғасырдың 30-70 жылдарындағы Қазақстандағы сыбызғышылықтың жай-күйіне қатысты, осы саз аспабына байланысты іс-қызметтердің қазіргі тізгінұстары белгілі ұстаз сыбызғышы Талғат Мұқышев журналист Думан Анашпен сұхбатында, былай дейді: «Сыбызғы туралы енді ғана айтылып жүрген жоқ. Кезінде академик Ахмет Жұбанов атамыз сыбызғыға да үлкен көңіл бөлген. 1934 жылы Құрманғазы атындағы оркестрді құрған кезінде, оркестрдің бір мүшесі ретінде бұрынғы Орал облысынан Ысқақ Уәлиев есімді сыбызғышыны алып келді. Оркестрге өнерпаздарды ел ішінен таңдап алатын. Алайда, сегіз жасынан бастап сыбызғыда ойнаған Ысқақ Уәлиев 1944 жылы соғысқа кетіп, майданнан қайтпады. Оркестрде оның орны ойсырап тұрды, көп жылдар бойы ұжымда сыбызғышы болған жоқ. Ел ішіндегі сыбызғы тартушылардың көбі соғысқа кеткендіктен, бұл салада шәкірттер де даярланған жоқ. Алпысыншы жылдары Шығыс Қазақстан облысының Катонқарағай ауданынан белгілі сыбызғышы Оспанғали Қожабергенов Алматыға шақырылды. Оспанғали ақсақал сыбызғыны консерваторияда жеке класс ретінде ашпаса да, республикалық халық шығармашылығы үйінде қосымша аспап ретінде жастарға екі жылға жуық үйреткен. Алайда зейнетке шығатын болғандықтан, Алматыда ұзақ тұрақтамай, туған жеріне кетіп қалды. Оспанғалидың ісін Болат Сарыбаев ағамыз жалғастырды. Бөкеңнің сыбызғыға сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Сарыбаевтан кейін сыбызғы өнері тағы тоқырап қалды. Себебі, сыбызғыда арнайы оқыған кәсіби маман болмады. Аты аталған азаматтардың барлығы өздігінен ізденіп, қазақ сахнасынан сыбызғы да орын алса деген үмітпен еңбек етті» (Думан Анаш. Сыбызғышы» дипломы бар тұңғыш қазақпын. 24.10.2013. «Дидар» газеті)».

Музыкатанушы ғалым Болат Сарыбаевтың қазақ ұлт аспаптарын көне қалалардың орнына қазба жұмыстарын жүргізген кезде күл-топырақтың арасынан іздеді, іш пен сырттағы қазақ ауылдарын шарлай жүріп, ескіден қалған аспаптардың жұқанасын жинақтап жаңғыртты, шетелдік жиһангездердің жазбаларындағы саз аспаптары туралы сипаттамаларға шұқшия үңіліп отырып, оларды қолдан құрастырып та шығарды. Нақтылай айтқанда, ғалымның бұл жұмысы – миллиондаған жыл бұрын жер бетінен жойылып кеткен динозаврлар түрінің қаңқасын қайта жаңғыртқанмен бірдей еді.

Болат Сарыбаев қайта оралтқан, түлеткен ұлттық саз аспаптарының бірі – сыбызғы және ғалымның сыбызғышылығы, сыбызғышылықты насихаттаудағы еңбегі туралы кеңінен тоқталатын боламыз.

Осы арада мынадай сұрақ туады. Қазақтың ұлттық саз аспаптары ерте кезден қолданыста болып келген болса, өнер мен ғылым, білім қарыштап дамыған ХХ ғасырдың ортасында неліктен қолданыстан шығып қалды немесе мүлде ұмыт болуға айналған? Бұл сұраққа жауап ретінде ұлттық музыка өнерін насихаттаушы, танымал музыкатанушы Жарқын Шәкәрімнің мына пікірін келтіруге болады: «...Бұл аспаптар бізде Түрік қағанаты кезінен бері болған. Кейін Алтын орданың билеушісі Тоқтамыс хан Ақсақ Темірден жеңілгенде орда Қазан, Астрахан, Өзбек және т.б. хандықтарға бөлініп кеткен. 1465 жылы Жәнібек пен Керей Моғолстан ханы Есенбұғаға арқа сүйеп, Өзбек хандығынан бөлініп шығады да, Қазақ хандығын құрады. Байқап қарасақ, жаңағы музыкалық аспаптар Алтын орда ыдырғанда, әр хандықтағы халыққа тараған. Сол себепті де домбыра татарда да, түрікте де – түркітілдес елдердің бәрінде бар. Қырғыздың комузы да домбыра тәрізді. Кейін заманның зұлматты жылдарында, соғыс, жорықтарға байланысты халқымыз олардан мүлдем қол үзіп қалды. Кеңес заманының қазақтары олар туралы тіпті білген де жоқ. Болат аға жетіген мен шертерді тапқанда үлкен жаңалық болды». Иә, қазақ даласында кейінгі бірнеше ғасыр жүзінде жүрілген қым-қуыт шайқастар, олардың салдарынан жат жұрттың отарлаушылығына ұшырауы, елдің астаң-кестеңін шығарған зор төңкерістер, нәубет аштықтар, дүниежүзілік соғыстар мен саяси қуғын-сүргіндер, ұлттық сипаты бар дүниелердің бәрі мансұқталуы т.б. салдарынан қаншама төлтума құндылықтар ұмыт болды. Жоғарыда аталғанындай, дәулескер сыбызғышы Біләл Ысқақов майданға кетіп қаза тапқаннан кейін Сарымалай мұраларын жалғастырушы Батысқазақстандық сыбызғышылық мектеп дәстүрі үзіліп қала жаздаған. Ахмет Жұбановтай кәсіби музыка маманының дер кезінде нотаға түсіріп жазып алуы ғана мұндай қауіптің алдын алғандығын көреміз.

Осы ретте қазақ топырағында көнеден жеткен қарапайым сыбызғының оркестр құрамына еніп, заманауи талаптар мен өлшемдерге лайықталуына алғаш жол салған музыка маманы – академик Ахмет Жұбанов екенін атап өткен дұрыс болмақ. Бұл тұрғысында профессор Сарыбаев «Қазақтың муызкалық аспаптары» атты еңбегінде былай деп атап көрсетеді: «Ахмет Жұбанов тембрдің және аспапты ойнаудың техникалық тәсілдері сақталуына ерекше назар аударды. Аспаптардың барлық негізгі түрлері: домбыра (тенор), қылқобыз (альт), сыбызғы және дауылпаз оркестрге сол тұста енгізілді.» Сыбызғы қатарлы аспаптарды оркестрге бейімдеуге бағытталған бұл үрдіс – өткен ғасырдың отызыншы жылдарында басталған болатын. Алайда Ахмет Жұбанұлы бастаған бұл қадам қырқыншы жылдары баяулап, тіпті қожырап қалды деуге болады. Оның себебі – ұлттық атаулының бәрі мансұқталып, байшыл-феодалшыл, ескіліктің қалдығы делініп, бақсылардың аспабы атандырылған қобызды айтпағанда, қазақтың домбырасының өзіне қатер төнген заман болатын. Ұлттық музыканы, ұлт аспаптарын қайтадан зерттеп жаңғыртуға Кеңес Одағының көсемі И.В.Сталин өмірден өтіп, Н.С.Хрущев келгеннен кейін жүрілген «жылымық» аталған кезеңде ғана мүмкін болды. Ұлы Отан соғысы тұсында эвакуациямен Одаққа танымал көптеген музыкатанушы мамандардың келуі де Қазақстандағы музыка саласын дамытуға, маман кадрлар дайындауға үлкен ықпалын тигізгені анық болатын. Елуінші жылдардан бастап барлық салада үлкен мүмкіндіктер туды. Отызыншы жылдары нәубетке ұшырап, аты аталуға тыйым салынған көптеген әдебиет және өнер қайраткерлерінің есімі қайта оралды. Бұл да болса жас маман зерттеушілер үшін үлкен мүмкіндіктер сыйлады. Қазақстандық музыка еуропалық бағытқа қарай бағыт алды. Еуропадан жеткен музыкалық жанрлар негізгі басымдыққа ие болды. Бұл – тіпті қазірдің өзінде музыкалық білім беретін өнер ордаларында сол қалпында деуге болады. Профессор Болат Сарыбаевпен көп жылдар бойы қанаттаса қызмет атқарған өнертанушы Жарқын Шәкәрім өткен ғасырдағы, нақтылай айтқанда Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі ұлттық музыканың жай-күйі туралы былай деп жазады: «Опера, симфония, хор, камералық музыка тәрізді Еуропадан жеткен музыкалық жанрлар, нақтылай айтқанда, кәсіби музыкамыздың дамуы шырқау биікке көтерілгенімен, ұлттық дәстүрлі музыкамызға ден қою жетіспеді десем, артық айтқандық болмас. Қазақтың көне музыкалық аспаптары арнайы ғылыми жолмен зерттелінбеді. Тіпті, 1960 жылдарға дейін қазақтың халық оркестрлерінің өзінде домбыра мен қобыздан және сыбызғы мен дауылпаздан басқа бірде-бір көне музыкалық аспап болмады.»

Міне осы тұста ұлттық аспаптардың жоқшысы Болат Сарыбаев көп жылдық еңбегінің нәтижесі ретінде ұлт аспаптар оркестрін құрады.: «1968 жылы Болат Сарыбаев қазақтың тұңғыш көне аспаптар ансамблін ұйымдастырып, түп қазығын қадады және ансамбльді «Отырар сазы» деп атауды ұйғарды. Ансамбльді ұйымдастыруға қазақтың көне түркі дүниесінен жеткен музыкалық аспаптарының табылып, қайтадан жаңғыруы себеп болды. Бұрыннан танылған домбыра, қобыз және сыбызғы аспаптарының қатарына ендігі жерде «жетіген», «шертер», «асатаяқ», «шаңқобыз», «үскірік», «сазсырнай», «қос бұрау домбыра», «қамыс сырнай», «дабыл», «даңғыра», «шың», «сақпан» тәрізді, көрермендерге бұрын-соңды белгісіз болып келген көне аспаптар қосылып, көне музыкалық аспаптар ансамблі бой көрсетті.»

«Қазақтың музыкалық аспаптары» кітабында профессор Болат Сарыбаев Монғол Халық Республикасындағы белгілі сыбызғышы Кәлек Көмекеев пен домбырашы Ахмет Ыбыраев бірлесіп орындаған халық күйлерi «Әрбиан қоңыр», «Кербез қыз», «Бөкен жарғақ», «Ой толқыны» күйлері енді бұдан былай ансамбль бағдарламасынан орын алғандығы туралы атап көрсетеді. Мұндағы Кәлек Көмекеев – Кәлек Құмақайұлы, Ахмет Ыбраев – Ахмет Ыбырайұлы. Кәлек Құмақайұлы мен Ахметбек Ыбырайұлы – Баян-Өлгий аймақтық музыкалды-драма театрында сыбызғы мен домбыра дуэтін құрып көп жылдар өнер көрсеткен сахна саңлақтары. Жалпы Қобда бет қазақтары арасында домбыра мен сыбызғыда дуэт болып күй тарту дәстүрі ежелден бар. Осы елдегі Бейіс аулының Сағынған, Сақтаған т.б. домбырашы, сыбызғышыларының жұптасып, топтасып күй тартқандығы жөнінде айтылады. Өнертанушы Сақай Қарсыұлы «Күй керуен» атты кітабында да келтірген болатын.

Қазақстан сахнасында сыбызғы мен домбыраны алғаш жұптастырып тартқан – сыбызғышы Болат Сарыбаев пен домбырашы Қаршыға Ахмедьяров. Бұл турасында өзінің «Қазақтың музыкалық аспаптары» кітабында былай деп баяндайды: «Азия мен Қазақстан студенттерінің ғылыми конференциясында «Бөкен жарғақ» күйі орындалды. Сонда сахнаға сыбызғымен осы кітаптың авторы, домбырамен Құрманғазы атындағы консерваторияның сол кездегі студенті Қаршыға Ахмедияров шықты. Сөйтіп, домбыра мен сыбызғының үйлесімді қалыптасатыны сол кезде-ақ байқалды.»

Музыкатанушы Болат Сарыбаев сондай-ақ сыбызғы мен өзге аспаптардың дуэтін қалпына келтіріп, жандандыру үшін көптеген эксперименттерге барғандығы туралы айтады. Кәсіби музыка маманының бұл қадамдары көбінесе сәтті болғандығы өзінің жазбаларынан аңғарылады. Жоғарыда аталған кітапта автор былай деп жазады: ««Жоғарыда айтылғандай көп уақыт үмыт болып, тоқтап қалғаннан кейін ақыры әр түрлі музыкалық аспапта қосылып ойнау дәстүрі қайта өмірге келді. Бұл жолы Д.Мықтыбаев пен осы кітаптың авторы дуэт қүрады. Бұрынғыдағыдан бір өзгешелігі, біз күйлерді тартып үйрене бастадық. Алғаш 1970 жылы Алматы облысына гастрольдық сапарға шыққанымызда Ықыластың «Қамбар батыр» күйін орындаған едік. Кейінірек Ықыластың және бір күйін «Кер толғауды» дуэтке салдық. Тембрі, әуені, ойнау тәсілі, дыбыстың күші жағынан сыбызғы мен қылқобыз жақсы үйлесім табады. Оларда орындалатын күйлердіқ сипаттары жағынан бір-біріне үндес болып келуі де осы екі аспапты ойдағыдай дуэтке қосуға жағдай жасайды.

Сыбызғы мен шаңқобыздың дуэті де жарасымды. Бұрын мұндай дуэттің болған-болмағаны жайында біздің қолымызда ешқандай дерек жоқ. Бүл екі аспаптың үнін үйлестіру тіптен оңайға да түспеді. Шаңқобыз, сыбызғыда ойналатын мелодияның регистріне қарай күйге келтірілуі тиіс. Қосылып ойнағанда сыбызғы жетекші рөлін атқарады да, шаңқобыз сүйемелдеу қызметін атқарады. Әсіресе, ырғағы ашық-айқын күйлер мен әндер бұл дуэтке жақсы келеді.»

1968 жылы алғаш құрылған «Отырар сазы» ұлт аспаптары оркестрінен кейін Қазақстанда әр өңірде ұлттық музыкалық аспаптар ансамбльдері құрыла бастаған және оларда ұлттық аспаптанушы Болат Сарыбаев қалпына келтірген саз аспаптары кеңінен қолданыс тапқан және олардың біразында сыбызғышылар да болғандығы байқалады. Профессор Болат Сарыбаев өз кітабында осы жайында атап өтеді: «1974 жылы Арқалық қаласындағы облыстық филармония жанынан «Шертер» ансамблі ұйымдастырылды. ...Ансамбльдің құрамында жетіген, шаңқобыз, дабыл, даңғыра, асатаяқ, сырнай, үскірік, саз сырнай, домбыраның бірнеше түрлері, шертер сынды көне аспаптар бар. Ансамбль республикамыздың көптеген облыстарында гастрольдік сапармен өнер көрсетіп, жұртшылық құрметіне бөленуде» (Қазақтың музыкалық аспаптары. – Алматы, 1981, 168-б.) «Шертер» ансамблінің 1974 жылы түсірілген фотосуретінде шапан киген ер адамның башқұрт қурайына ұқсас ұзыншақ сыбызғы аспабын тартып тұрғандығын көруге болады. Бұл өткен ғасырдың жетпісінші жылдарында сыбызғының отандық фольклорлық ұжымдардан орын ала бастағанының куәсі болмақ.

Осылайша тынымсыз ізденімпаз, қажымас өнертанушы, қазақ саз аспаптарын ғасырлардың шаңынан аршып алып әлемдік деңгейдегі сахналарға алып шыққан профессор Болат Сарыбаевтың сан жылдық еңбегінің жемісі көріне бастады. Жыл өткен сайын ұлттық саз аспаптарына деген сұраныс арта түседі. Ел ішіндегі тума таланттарды ел астанасы Алматыға алдырып, олардың бойындағы талантын жарқыратып көрсетуге мүмкіндіктер жасалады. Бұл – шынымен де қазақ әлеміндегі рухани серпіліс еді. «Осылайша Б.Сарыбаев негізін салған көне аспаптар ансамбльдері республика көлемінде араға жылдар сала отырып, бір-бірлеп ұйымдаса бастады. Мәселен, 1980 жылы осы жолдар авторының көркемдік жетекшілігімен, белгілі жазушы әрі домбырашы Таласбек Әсемқұловтың және қобызшы Ерлан Қуандықовтың атсалысуымен қазақтың төртінші көне аспаптар ансамблі – «Сазген» ұйымдастырылды. 1984 жылы белгілі өнер саңлағы Абдулхамит Райымбергеновтің жетекшілігімен «Мұрагер» фольклорлық ансамблі ұйымдастырылып, халқымыздың музыка өнерін паш етті. Бүгінгі таңда Қазақтың Құрманғазы атындағы Ұлтық консерватория студенттерінен құрылған «Тұран» фольклорлық ансамблі елге танылып, ерекше өнер көрсету үстінде. Міне, осының бәрі Б.Сарыбаев салған сара жолдан бастау алған еді. Қазақтың рухани дүниесіндегі мәдени байлығымызды танытатын көне музыкалық аспаптар ансамблі бүгіндері әрбір өңірдің, әрбір ауылдың қызығына айналды. Халқымыздың өнерінің дамуына Б.Сарыбаев қосқан үлестің бірі, міне, осы», - деп атап көрсетеді, өзі де қос ішекті домбыраның өрісін кеңейтуге зор үлес қосқан музыкатанушы Жарқын Шәкерімұлы.

Ұлт аспаптарының қай-қайсын болмасын, отандық музыкатануда «қайта тудыру» оңай болмағанын сыбызғының аяққа тұру тарихынан анық көруге болады. Бұған әрине, ұлттық құндылықтарға деген жалпы қырын көзқарастар әсер етпей қойған жоқ еді. Жоғарыда атап өткен «жылымық» дәуірінен кейін әдебиет пен өнерде көптеген мүмкіндіктер қолға келуінің бірі – саз аспаптарын жаңғырту болды.

Қобызым неге сарнайды –

Ажалдан хабар бередi.

Сыбызғым неге зарлайды –

Деп тұр: «Ием өледi!», -

деп Шәкәрім Құдайбердіұлы жырлауына қарағанда, қазақ халқы қобыз бен сыбызғының болашақты болжар тылсым қасиетіне сенгендігі анық. Қобыз бен сыбызғыны ескіліктің қалдығы, бақсылардың құралы ретінде ұмыт қалдырып мансұқтаушылар осы аспаптардың алапат күшіне қатысты, мысалы, «Қойлыбайдың қобызы» сияқты сан ондаған аңыздарды негізге алған да болуы мүмкін-ау. Сыбызғы да, қобыз да жылдар өте Ұлы Далаға қайта оралғаны қуанышты.

Әдебиеттегі алғашқы қадамын ақындықтан бастаған классик жазушы, академик Сәбит Мұқанов өзінің «Сыбызғының сыры» («Шоқан Уәлихановтың арманы») атты өлеңінде сыбызғы аспабы туралы былай деп жазғанын көреміз:

Сыбызғының сарыны,

Қайғылы елдің зар-үні,

Кетер ол үн алысқа!..

Болашақ бір уақытта,

Ел де жетер бақытқа,

Қол артып, ұлы орысқа!

Серіктес өзге құралмен,

Жаңа күй, жаңа жыр-әнмен

Ол да түсер жарысқа!

Өлеңнен коммунистік дәуірдің ықпалы есіп тұр десек те, сыбызғы аспабының болашақта өзге құралдармен (саз аспаптарымен) бірге танымал болатыны туралы айтқанын көрегендік деуге әбден болады.

Белгілі өнертанушы С.И.Өтеғалиева профессор Болат Сарыбаевтың ұлттық саз өнерін дамытуға қосқан үлесіне былай деп баға береді: «Б.Сарыбаевтың еңбегі қазақ аспаптары мен қазақтың аспаптық музыкасын терең де жүйелі түрде меңгерудің негізін қалады деп сеніммен айтуға болады». Иә, профессор Болат Сарыбаев – қазақ топырағындағы саз аспаптану ғылымының негізін қалаған, ғасырлардан ғасырларға ұласқан дәстүрлі музыкамыздың ұрпақтан ұрпаққа аманатталып дамуына өлшеусіз үлес қосқан жасампаз, жаңашыл, көрнекті тұлға. ХХ ғасырдағы еуропалық жанрлар үлгісінде даму жолына түскен қазақтың кәсіби музыка өнеріне, Ұлы Даланың дәстүрлі көне музыкалық аспаптарын енгізіп кіріктіріп, жаңғырту арқылы әлемдік класссика мен түркілік, қазақтық байырғы заманның тандемін құрды, бабалар үнінің асқақ рухын әлем халқының, оның ішінде ұлтымыздың мәңгілік рухани құндылығы ретінде енгізді. Болат Сарыбаевтың есімі – ұлттық руханияттың жоқшысы, өшкенді жандырушысы, қайта жаңғыртып түлетуші ретінде әрдайым құрметпен аталып, туған халқымен бірге мәңгілік жасай берері сөзсіз.

Бөлісу:

Көп оқылғандар