Нәзір Төреқұлұлының сыншылығы

Бөлісу:

25.05.2022 3702

Қазақ әдебиеті, соның ішінде әдебиет теориясы мен сыны белгілі бір уақыттар аралығында кең өрістеп, дамыды. Атап айтсақ, «жиырмасыншы жылдардың басында қазақтың ұлттық әдебиеті қарқынмен өсті: шетелдің, орыстың классикалық әдебиетімен сусындаған жазушыларымыз бен ақындарымыз тың туындыларды дүниеге әкеле бастады. Олардың арасынан Ж.Аймауытов, С.Торайғыров, М.Жұмабаев, М.Дулатов, А.Байтұрсынов, Б.Майлин, С.Сейфуллин, I.Жансүгіров, тағы басқалары ерекше жарқырап көрінді. Олардың әдеби туындылары сол кездерде шығып тұрған «Ақжол», «Бірлік туы», «Еңбекші қазақ», «Әдебиет майданы», «Қызыл Қазақстан» секілді газет-журналдарда жарияланып тұрды. С.Сейфуллиннің «Асау тұлпар» атты өлеңдер жинағы, «Тар жол, тайғақ кешу» мемуары, М.Жұмабайұлының бір томдық өлендер жинағы, С.Торайғыровтың, С.Дөнентаевтың негізгі өлен-жырлары, Б.Майлиннің әңгімелері, I.Жансүгіровтың кең пафосты өлең-поэмалары осы тұста дүниеге келіп еді.

Қазақ поэмалары мен романдарының тууы әдеби процесті ілгері жылжытты. Мағжан Жұмабаевтың «Батыр Баяны», Бейімбет Майлиннің «Раушан коммунисі», «Азамат Азаматычы» тағы басқа туындылар расында да қазақ әдебиеті үшін өзінше құбылыс болды». Бұл – қазақ әдебиетінің жаңа бір дәуірі еді. Ауыз әдебиетінің озық үлгілерінің халық арасында кең таралуымен қабат жаңа, жазба әдебиеті де қатар қаулап өсіп келе жатқаны байқалды. Ол ұлттық мәдениетіміздің жаңа белеске көтеріле бастағанының белгісі болатын.

Осы орайда белгілі ғалым, фольклоршы Р.Бердібаев былай деп жазады: «Осы тұста атап өтерлік бір мәселе – ауыз әдебиеті мен жазба әдебиеттің байланысы, бірін-бірі нәрлендіруі, байытуы сан түрлі формада жүріп жатқандығы. Бұл екі көркемдік әлемнің өзара ықпалын сөз еткенде, әдетте, ауыз әдебиетінен жазба туындыларға көшкен жекелеген бейнелеу кұралдарын, оқиғалық ауыс-түйістерді ғана көрсетумен шектелетініміз бар. Бірақ, шындығында, мәселенің мәні анағұрлым тереңіректе жатқанын байқау қиын емес. Ауыз әдебиеті шығармаларының фабулаларын өңдеп, жетілдіріп, «сүргілеп» жаңа идеяларға кызмет еттіру үшін, тек окиғаның кызықтылығы немесе тарихи нақтылығы жеткіліксіз болар еді», – деген ой тастайды.

Осындай ұлттық әдебиетіміздің күн санап өркендей түсуі әдебиет сынына да өз ықпалын тигізбей қоймады. Тың туындылардың тууына орай әдебиет сыны да тез қарқынмен өркен жая түсті. Әдебиет тарихына үңілу, оны зерделеу ісі дереу қолға алынып, бұл бағытта да біршама істер жүзеге асқанын әдебиет тарихынан анық көреміз.

«...XX ғасырдың әдеби процесі, көркем шығармаларының мазмұны мен формасы көпшілік жағдайда оның алдындағы ғасырлар әдебиетінің мазмұны мен формасына ұқсамайды. Адамзаттың кейінгі тарихи даму жолымен алға басуына орай XX ғасырда жаңа археологиялық, этнографиялық және басқа да ғылыми жаңалықтар дүниеге келіп, мұның өзі бұған дейін белгісіз болып келген әдеби жәдігерлерді алдымызға жайып салды», – деп жазады зерттеуші-ғалым М.Қараев.

Ал жазушысы, әдебиетші-ғалым М.Әуезов былай деп жазды: «Жазба әдебиеттің Абайдан бергі дәуірін алғанда, жолын өзгертетін жаңалық соңғы жылдарда туып келеді. Ол жаңалық – жаңа басталып келе жатқан сезімшілдік, сыршылдық (романтизм) дәуірі».

XX ғасырдың жиырмасыншы жылдарында қазақ жазба әдебиеті қанатын кеңге жайды. Сонымен бірге қазақ әдеби сыны да бір арнаға түсті. Бұл салада А.Байтұрсынов, Ж.Аймауытов, Қ.Кемеңгеров, С.Сәдуақасов, С.Қожанұлы, Н.Төреқұлұлы секілді қазақ зиялылары ерекше дараланып көрінді. Мысалы, үлкен қайраткер Сұлтанбек Қожанұлы әдебиетке де жақын болды. Ол Мағжан Жұмабаевтың бір томдық өлеңдер жинағын бастырып қана қоймай, оған өзі алғы сөз жазды. Сол алғы сөзінде ақынның поэзиясына баға берді:

«Мағжан Жұмабайұлының өлеңдерімен оқушыларымыз бұрыннан таныс. Әдебиеті жаңа аяқтанып, әдебиет тілі енді жасалып келе жатқан жұртта Мағжандай ақындардың қызметі зор екені анық. Осы күнге дейін Түркістанда қойшылар тілі саналып келген, ресми қағаздар жазуға, кітаптар жазуға жарамсыз деп келген қазақ-қырғыз тілі іске асуы былай тұрсын, өнерге асатын бай, жатық, таза, өткір, әдемі тіл екенін Мағжан өлеңдері көрсете алады. Сондықтан біз Мағжан өлеңдерінің саяси мәнінен гөрі, әдеби мәнін көбірек көзге тұттық...». Сұлтанбек Қожанұлы Мағжанның ақындық келбетін дөп басып, әдемі жеткізе білген. «Бай, жатык, таза, әдемі тіл», – дей отырып, ақынның қадір-қасиетін, поэзиялык қуат-күшін көрсетіп отыр.

Осы жылдарда қоғамдық қызметімен қабат журналист әрі әдебиетші, сыншы ретінде жарқырай көрінген қайраткердің бірі – Нәзір Төреқұлұлы еді.

Нәзір Төреқұлұлы журналист, публицист ретінде көпке танымал болып қана қойған жоқ, ол сонымен қатар ұлт әдебиетінің арғы-бергісіне үңіліп, жазба әдебиетіміздің аяғынан тік тұрып кетуіне, өсіп-өркендеуіне тікелей ықпал жасай білді. Көркем әдебиеттің қайсысы жақсы, қайсысы озық екенін дөп басып, прозалық-поэзиялық шығармаларды болсын, басқа да жанрлар болсын, талдағанда әдебиет сыншыларынан бірде-бір кем түскен емес. Мұнысы – қайраткердің білімділігін көрсетпек. Әлем әдебиетімен ерте сусындағандығын дәлелдей түспек (оған дәлел көптеген тілдерді еркін меңгеруі).

Ол әсіресе Мәскеуде қызмет істеген тұста ерекше жарқырап көрінді. Күншығыс баспасын басқара жүріп, Орта Азия халықтарының, оның ішінде әсіресе қазақ, өзбек, қырғыз, татар, башқұрт секілді елдердің әдеби мұраларын бастыруға көп еңбек сіңірді.

Нәзір 1923 жылы «Темірқазық» журналын бастырып шығарды. Сол журналдың кезекті нөмірінде «Ел асылын жасытпаңдар» деген басқарма атынан жазылған мақала бар (Авторы – Н.Төреқұлұлы). Сонда былай дейді: «Әдебиет – халық айнасы. Ақынның жыры, әні, жазушының кестелі, майда сөзі елдің тілін кестелейді, тұрмысын сүйреттейді, сезімін оятады. Елге тура жол бастайды, түзу тәрбие береді, қысқасы, елдің білім жүзінде теңдігін әпереді, елдігіне жеткізеді» деп келеді де, бұдан кейінгі жолдарда: «Бірақ бұл күнге дейін біздің көп акын, жазушыларымыз аяқ-колын көсіле алмай келеді, талай жыршы-сыршы, сезгіш ақындарымыздың, жазушыларымыздың өлеңі, сөздері көбі жарыққа шықпайды, елге ұсынылмайды. Ешбір пайдасыз, басылмай қалады. Бұған себеп болып отырған жазушы, акындарымыздың күйсіздігі. Көбінің күн көруінің қиындығы. Ел надандығымен бұларды бағалай алмайды, кәдірсіз ұстайды. Мұны іс басындағы жауапкер кызметкерлеріміз көрмейді» деп, өзінің аянышты сезімін жеткізеді. Соны айта отырып, бұл журнал сондай таланттардың тәуір дүниелерін басуға арналғанын еске салады. Шығармашылықпен айналысатын адамдарға шабыт бергендей болады. Әдебиетші ретіндегі тұлғасы анық көрінеді.

Нәзір Төреқұлұлы өз заманында С.Айнидің, А.Бартольдтің құнды-құнды еңбектерін бастыруға күш салып, олардың шығармалары туралы баспасөзде пікір білдірді. Кітаптарына алғы сөз жазды. Оның әдеби ойлары, сыни пікірлері жиырмасыншы жылдардың ішінде «Еңбекші қазақ» газетінде, өзі басшылық жасаған «Темірқазық» журналында көптеп жарияланды.

Н.Төреқұлұлының әдебиет жайлы нақты бір мақаласына әдебиетші, алаштанушы ғалым Д.Қамзабекұлы мынандай көзқарас білдіреді: «Аталған мерзімді басылым жүзіндегі айрықша әдеби-эстетикалық тұжырым «Н.» псевдонимімен жазған автордың «Әдебиетімізге көз салу» атты мақаласында түйінделген ой дер едік. «Н.» – кейбір зерттеушілеріміз жазып жүргендей Нәзір де, Нәзипа да емес. Өйткені олардың жазу мәнері, тіпті әдеби білімі «Н.»-дан бөлек... Сонымен бұл әдебиетші («Н.», бәлкім дәстүрлі «К») осы мақаласында:

1. Тіл-әдебиет дегеніміз не?;

2. Шығыс әдебиетінің ұстыны қандай?;

3. Батыс әдебиетінің негізі не?;

4. Туысқан түрік әдебиеті «осман» кезінде қай бағытты ұстады?;

5 «Жаңа» дәуірдегі жалпы түрік әдебиетінің бағдары;

6. Қазақ әдебиеті не істеу керек? – деген сұрақтарға жауап іздейді. Автордың әр мәселе бойынша жасаған ой қорытындылары жинала келіп, сауатты тұжырымға негіз болады.

«Н.»-ның пікірінше, «шүбәсіз тіл мен әдебиет мәселесі» – «жаңа тарих майданға қойған» ең өткір мәселе. Себебі, «жас буынды келер заманға даярламақ үшін, ұлт мектебі негізін түзу, елжіреген жас жүрекке биік идеялы жарығын салу үшін ұлт әдебиетін гүлдендіру» қажет. Сонда автор әдебиеттің үш күшін – идеялық, білімдік, эстетикалық күштерін – біліп, құнттаған болып шығады. Бұл – бір. Екінші, күшті бағалаумен нәтиже шықпайды, сондықтан оған қалай қол жеткізуге болады деген сұрақ тұрады. Әдебиеттанудың табалдырығын басқан автор бұған:

«Біздің халық әдебиетіміз бар, мол. Енді әдебиетіміз үшін жаңа тіл, жаңа қазақша әдеби тіл туғызу лазым. Қазіргі қазақ тілі үшін жаңа сөздер, жаңа түрлер, жаңа кестелер жетпейді. ...Қошеметке мәз болып, тілімізді ескерусіз тастай алмаймыз, һәрдайым тіліміз үшін бар күшімізді жұмсап, ажарлауымыз, байыптауымыз тиіс», – деп жауап береді («Н.» В.Радлов сияқтылардың мақтауын айтып отыр). Бұл орайда айта кететін бір мәселе «Н.» псевдонимімен жазылған мақаланы Д.Қамзабекұлы Н.Төреқұлұлынікі емес болуы ықтимал деген көзқарас білдіреді. Бірақ та, мақаланың Н.Төреқұлұлынікі екені ғылыми топшыланып, шығармалар жинағына енгені мәлім. Авторға қатысты көзқарасын білдіре отырып, Д.Қамзабекұлы мақаланы өте жоғары бағалаған. Бұл мақаланың қазақ әдебиетіне қатысты «эстетикалық» жұмыс екенін атап, дәлелдеп көрсетеді.

Одан ары қарай: ««Әдебиетімізге көз салу» еңбегінің авторы Шығыс мәселесіне бірден бармайды. Бұл оған қазақ әдебиеті де тоқайласып үлгерген «шағатай әдебиетін» саралап барып соғады. Сөз, термин, магына, түр мәселесін шағатай әдебиеті «ислам-парсы мәдениетіне бой ұрып шешті» деген қаламгер осы ойын әрі қарай: «Әсіресе ғажам» әдебиетінің басшылығымен дәуірледі. Ғажам әдебиеті Ширази, Сағди, Туси, Хайям секілді әлденеше ақын, философтардың атын шығарса, шағатай әдебиеті де сол шамадағы, сол қалыптағы Әлішер Науаи, Ражи, Әміри, Ахмет Яссауи секілділердің атын шығады. Бұлардың бәрі де кітаптарында надандық, тағсиб, рия, залым, зорлық-зомбылыққа қарсы протест айту, сол жауыздықтарды жоғалту жолында болғандықтары көрінеді», - деп дамытты. «Н.» неміс ғалымы Трумб пікіріне сүйене отырып, Шығыс әдебиетінің орнығуына мистицизм – тассауф негіз болды дегенге көңілін ұйытады. Мақала авторы жеткізген осы әдебиеттің ұстанымы мынау: «Әдебиет әрқашан тұрмыстан айырылмай, қол ұстасып бірге кетсін. Тұрмыстың әрбір сазына әдебиет жаңғырық саз қайтарсын, халықтың әрбір қайғысын әдебиет айнадай көрсетсін».

Ат-тассауфты зерттеген кеңес исламтанушылары: «Ат-тасауууф жүйелері теориялық трактаттарда ғана емес, көптеген поэтикалық шығармаларда орын алды. Сопылық символдар, образдар, әуендер барлық парсы тілді поэзияның өзегіне айналып, бұл құбылыс діни және зайырлы поэзияның жүгін көтерді. Араб поэзиясында бұл аз мөлшерде көрінді», - деп жазды. Біз бұл дәйексөздегі «зайырлы» (орысша «светский») дегенді қаперде ұстауымыз керек.

«Н.» шағатай мен парсыны әдебиеттегі «түзу жолдан ортодокс (бір сарыннан таймаушылар) шығады» деген қорытындыға келеді.

Мақала авторы Батыс әдебиетінен бұрын шағатай мен парсының бұрыс жолын бастан кешірген «гұсманлы» (осман, түрік) әдебиетінің жайына тоқталады. «Н.» пайымынша, Шығысқа құрғақ еліктеу осман әдебиетін шын мәнінде құлдыратқан. Автор мұны: «Қайғылы хал! Құдай мұны көрсетпесін», – деп сипаттайды.

Ал, Батыс әдебиетінің негізі туралы «Н.»: «Еуропа мәдениетінің бір асылы – дух критипизма – рух сыны», – дейді. Мұны ол бекер айтып отырған жоқ. Автор қазақ әдебиетін Батыс жолында көргісі келеді. Бұл ретте ол жаңа дәуірдегі озық түрік халықтарының тәжірибесін тілге тиек етіп: «Шарқта ұлт әдебиеттері жалғыз Еуропа мәдениеті басшылығы арқасында жарыққа шықты. Еуропа мектептерінде оқып жатқандар ұлт әдебиет мектептерін ашты. Шинасилар, Камалдар, Әминдер, татарда Тоқай, Ғаяз, бірінші газетші Исмаил Гаспринский, қазақта Абай – баршалары франк, орыс әдебиетгерінің пікірлері, идеалдарымен мәлім болды, баптанды», – деп жазады.

Жалпы әдебиетті, оның Батыс һәм Шығыс бағыттарының негізін, түрік әдебиетінің ізденісін зерделей келе, «Н.» туған әдебиетінің жай-күйіне тоқталады. Дұрыс-ау деген бағдарын белгілейді. Бұл орайдағы автор концепциясы (біз мұны «Қазақ» газетінің де концепциясы деп есептейміз): қазақ әдебиеті рух сынын басшылыққа алып, руханияттағы Абай жолымен алға қадам басуы қажет. Ол үшін ең бірінші кезекте:

– дәйекті даярлық пен жүйелі білім;

– ұлттың болмыс-бітімін, табиғатын тану;

– халық ауыз әдебиетін жиып, тәртіптеу керек деген тоқтамға келеді қаламгер.

«Н.» мақаласының соңында «Қазақ» газетасынан: «...Н.» мырзаның бұл тілегі һәм оқығандарымызды ескерулісіздікке айыптауының дұрыстығында екі пікір болмасқа керек», – деп жазуына қарап, бұл еңбек – басылымның белсенді авторының қаламынан туған демесек те, ұлттың рухани үнінің жаңғырығы дегенге көңіліміз сенді», – деп топшылайды.

Нәзірдің әдебиетшілігі дегенде тағы бір айтарлық еңбегі – оның баспа жүзін көрген әр алуан такырыптағы, әрқилы мәселелерді көтерген жеке жинақтары мен кітаптары. Мәселен, «Жат сөздер туралы» деген еңбегі әдеби тіл нормаларын сақтау, тілдің тазалығын қорғау секілді маңызы зор проблемаларды көтеретіндігімен де құнды.

Сол жылдарда мерзімдік басылымда Д.К. деген азаматтың «Жат сөздер туралы» кітабына пікір басылған. Ол өз мақаласында кітаптың ұстанған бағытын, уағызын қолдап келе, мынандай бір пікір білдіреді: «Жат сөздің өзгеру заңын ойлау – қарастыру былай тұрсын, сол өзгерудің өзі керектігін осы күнге дейін білмеген «білім иелері» бар деп Нәзір өкінеді. Мұнысы рас. Дегенмен Нәзірдің айтуындай-ақ бұлар түбінде тілдің негізін жоюға болмайтынына түсінеді ғой...», – дейді.

Ал келесі бір кітап сынына үңіліп көрсек: «Еңбекші қазақ» газетінде Т. деген азамат «Жат сөздер туралы» кітабына ризалық білдіріп, мұндағы әр түрлі дәлелдерді қостай отырып, сөзінің аяғында: «Тегінде, Нәзір кітабы қазақ тілін таза сақтауға едәуір шылбырдың ұшын береді. Мәзір қазақ тіліндегі сингармонизм жолын қуаттаушы жазушы. Мұндай кітаптар шыға беруіне тілектеспіз», – дейді.

Жат сөздерді, термин сөздерді әдеби шығармаларда болсын, күнделікті кеңсе тілінде болсын – қалай пайдалану керектігін айта отырып, ой толғаған бұл еңбегі бүгінгі күні әдебиетшілеріміз үшін әлі де маңызы зор.

Нәзір 1924 жылы «Жаңа Әліп-би неге керек?» деген көлемді еңбегін жазып, бастырды. Осы кітабын парақтай отырып, оның терең әдебиетші, білікті тілші екеніне көз жеткізе аласыз. Кітапта адам баласының алғашқы жазу белгілерінен алып, осы күнге дейін жазу таңбаларының өзгеру тарихы түгел жазылған. Онда бірқатар жобалар ұсынылады.

Ғ.Қожамұратұлы «Еңбекші қазақта» осы еңбек туралы пікір бастырды. Ол өз мақаласында Нәзірдің білімділігін мойындайды. Тіл білетініне шәк келтірмейді. Жазылған еңбектің құндылығын да еске салады. Соны айта келе Нәзірмен келіспейтін тұстарын да жасырып кала алмаған. Мысалы, ол бір жерінде Нәзірдің тты қатал, тым өткір етіп жазған жолдарын, әсіресе Мағжан мен Сәкенге «түйілген» жерлерін қостамайтынын анғартады. Соны айтып болады да, ендігі сөзді жалпы қазақ зиялыларына арнайды: «Қазақ окығандарынан біздің өтінішіміз: елді жаңа бағытқа бастауларыңа рахмет, бірақ кандай жаңалық та болса, пайдасын салқын қанмен түсіндірсеңдер екен...», – дейді.

Келтіріліп отырған мысалға орай тағы да айта кетеміз – кейбір зерттеушілеріміз Нәзір бұл еңбегінде Мағжанды да «сойып» салды, демек бас араздығы болған деген ойды қайталап ұсынуға тырысады. Бұлай түйіндеу келте пікірге жетелейді. Бұл жайлы Ж.Әлмащұлы: «Нәзір кітап кемшілігін байқаса, оған ымырашыл болмаған деп түсіндіргеніміз абзал», – деп пікір білдіреді.

Сонымен қатар ол сөз жоқ, халық ауыз әдебиетін терең білген, оның қадір-қасиетін жақсы түсінген әдебиетші. Олай деуімізге қолынан келгенінше ауыз әдебиетін көптеп бастыруға, жылдамдатып жарыққа шығаруға ұйтқы болуы. Оған дәлелдер жетерлік.

Мысалы, Нәзір 1923 жылы Ахмет Баржақсыбаласы жинаған «Мың бір мақал» деген кітапты өз баспасында басып шығарды. Сол кітапшаға өзі алғысөз жазды. Былай деп бастайды: «Мың бір мақал» кітабын көргенде кейбіреулер «бұны не үшін басып шығарған, қазіргі күнде ескі мақалдардың керегі қанша еді?» деп Күншығыс баспасөз кеңсесіне кінә қоюы мүмкін. Және бұл кітаптың қанша пайдасы барлығын кейбіреулер бәлкім аңғара алмас та. Сондықтан «басқандағы мақсатымыз қайсы?» деп сұрақ қойып, соған өзі жауап береді. Мақалды білу – ел тұрмысын, тірлігін білу деген сөз екенін айтады. Сонымен қабат мақалды білу – тіл үшін де қажет. «Адамның оның жарыққа шығаратын күшті құрал – тіл» деп жазады Нәзір.

Бұл кіріспе сөзге ерекше тоқталып жатқанымыз – кішкене мақаланың өзінде Нәзірдің ауыз әдебиетіне деген көзқарасы мен көңілі анық байқалып жатыр. Нәзір жай әдебиет сыншысы ғана емес, төл әдебиетіміздің арғы-бергісін жетік білетін әдебиетші де. Содан да болар «Мың бір мақал», «Жиырма үш жоқтау» тәріздес жинақтарды жинастыруға да, бастыруға да өзі мұрындық болды.

Бұл ғана емес, Нәзір қазақтың зиялы қауымын аса қадірлеп, олардың есімдерін келер ұрпаққа танытуда зор еңбек сіңірді. Тағы да мысалға жүгінелік. 1925 жылғы 16 мамырда Әлихан Бөкейханов Мәскеуден елдегі Ахмет Байтұрсынұлына хат жолдайды. Сол хатының бір жерінде: «Біздің Нәзір «Шәңгерей, Шоқан, Ыбырайды (Алтынсары) кітап қылып шығарайық» деді. Мен «Жарайды» дедім. Мен Шәңгерейді жазбақ болдым. Ыбырайды саған бермек болдық. Шоқанды... өзің жаз дедім.. », – деп жазады.

Нәзір Мәскеуде қызмет еткен кезеңде қазақ әдебиетінің майталмандары Ә.Бөкейхановпен, А.Байтұрсыновпен, М.Дулатовпен, М.Жұмабаевпен өте тығыз байланыста болды. Олармен үнемі ой бөлісіп, ақылдасып отырған. Шама-шарқынша қолғабысын тигізген. Оған мына бір мысал дәлел бола алады. С.Мұқановтың «Өмір мектебі» атты өмірбаяндық трилогиясының үшінші кітабында: «1922 жылдан бастап Москвада, «Ұлттар» баспасы аталатын мекеме құрылды да, оның карамағында қазақ тілінде «Темірқазық» атты журналы шықты. Баспаның директоры да, журналдың редакторы да – Нәзір Төреқұлов.

«...Әбдірахманның баяндауынша, Нәзір Төреқұлов Алашорданың Москвада тұратын лидері Әлихан Бөкейханов пен байшыл ақын Мағжан Жұмабаевтың тілін алады...», – деп, онысын кемшілік етіп көрсетеді.

Қазақтың үлкен ақыны Мағжан Жұмабайұлы мен Нәзір екеуінің арасын бірсыпыра зерттеушілеріміз шиеленістіре түскісі келетіні байқалады. Кейбір әдебиет зерттеушілері «Сәкеннің маңдайынан сыйпамаған адам Мағжанды аяушы ма еді» дейтін пікір білдіреді. Ал, шын мәнінде Нәзір Мағжанды аса қадірлеген. Поэзиясына бас ұрған. Ақын ретінде мойындаған. Тіпті мүмкіндігіне орай қасында ұстауға, қамқор колын ұсынуға бейім болған. Бұл көзқарасқа дәлел ретінде төмендегі мысалдарды келтіруе болады:

Мағжан Жұмабайұлы 1924 жылдары Мәскеуде оқып жүрген кезінде Нәзірдің «Темірказық» журналында жұмыс істегенін тарихи құжаттар айғақтап отыр.

Бұған мына бір деректі тиянақ ете аламыз. Тұтқынға алынған Мағжан 1929 жылғы шілденің 14-інде өткен тергеудің хаттамасында былай деп жауап береді: «...Жиырма үшінші жылы Ташкентке бардым, онда оқу-ағарту наркомы Қожановтың көмегімен Қазақ оку-ағарту институтына окытушы болып орналастым әрі Қазақтың ғылыми комиссиясына мүше болып сайландым. 1924 жылы Мәскеуге барып әдебиет-көркем өнер институтына түстім, ол окуға жолдама жазып жәрдем жасағандар – Төреқұлов Нәзір, профессор Поливанов болды. Орталық баспаға орналастырған Төреқұлов еді, онда әдеби қызметкер міндетін атқардым», – деген жазба бар.

Ол екеуінің ара байланысын дәлелдей түсетін тағы бір дерек – Нәзірдің «Ұлт мәселесі және мектеп» деген кітапшасын Мағжанның қазақшаға аударуы. Сондай-ақ С.Мұқановтың «Өмір мектебі» атты өмірбаяндық трилогиясында мынадай жолдар бар: «Төреқұлов Лениннің «1905 жылы» деген атпен шыққан мақалалар жинағын алашордашыл ақын Мағжан Жұмабаевқа аудартып басты». «Демек, бұдан шығатын қорытынды – Мағжанға кір жағушы Нәзір емес, саясатшылар, солардың итаршылары».

Осы жерде тағы да айтатын, қарастыатын бір жәйт бар. Ол Ж.Әлмашұлының пікірі: «Соңғы жылдары біздің тарихшыларымыз бен зерттеушілеріміз 20-30 жылдардағы зиялы қауым арасындағы карым-қатынасты әртүрлі етіп көрсеткісі келеді. Мәселен, Нәзір мен Мағжан арасын шиеленістіріп, не болмаса Сәкен мен Нәзірдің «бас араздығы» болды деп, әйтпесе Қожанов псн Сәдуакасовты «теке тірестіріп» жатады. Бұдан ұтарымыз қайсы? Рас, тарихты өз қалпында, өз бейнесінде жазуымыз керек-ақ шығар. Әйтсе де кейбір кезеңдерде бір-біріне сын жазды деп, біріне-бірі «қырын» қарады деп, сол арқылы коғамдық пікір тудыруымыз дұрыс па? Ал, түптеп келгенде 20-30 жылдардағы қазақ интеллегенциясы бір-біріне зор құрметпен, үлкен ілтипатпен қарағаны даусыз ақиқат. Олар бір-бірінің білімі мен қабілетін жоғары бағалап, қай кезде де кұрмет көрсете білген».

Бұл тұрғыда тілге тиек етер фактілер жетерлік. Мысалға жүгінсек:

Кейбір пікір қайшылықтары бола тұрса да, Мұстафа Шоқай мен Ахмет Байтұрсынов екеуі тату дос болған. Олар үнемі бір-бірін сыртынан жақтап, өсек сөзге, ғайбат сөзге ермеген делінеді. Айталык, М.Шоқайдың «Қазақ жеріндегі ашаршылық» деген мақаласында мынадай жолдар бар:

«Қорытындыда Ахмет Байтұрсыновтың өзі туралы бірер сөз айта кетенін. Ол – әйгілі қазақ жазушыларының бірі. Ол қандай лагерьді жақтаса да, біздер қазақ зиялылары, оның көзқарастарының мөлдір екеніне күмән келтірмейміз. Жоғарыда айтылған «Қазақтардың Ленинге хатында» Байтұрсыновтың қолтаңбасы мен ой өрнегі бар екені айқын байқалады. Сол кезде Мәскеуде тұрған қазақ большевиктері үшін бұл хат сауатты және мазмұнды жазылған. Және де осы хатты Мәскеуге әкелген делегацияның құрамында да Байтұрсыновтың болғанына дау жоқ.

Ал қазір «Новый мир» журналында жарияланып отырған «Қазақ жеріндегі ашаршылық» деген мақаланын авторы – шынайы Ахмет Байтұрсынов емес. Оның мақаласын кеңестік цензураның 99 процентке өзгертіп жібергені аңғарылып тұр, өйткені Ахмет Бантұрсынов ешқашан айтқан фактілерге карама-қайшы келмейді».

Шетелде жүрген М.Шоқайдың Ахметке деген риясыз көңілі, сенімі. Болмаса тағы бір мысал.

Атақты ақын Сұлтанмахмұт Торайғыров өзінің «Ғалиханның Семейге келуі» деген мақаласында вокзал алды тола адам екендігін, олар генерал-губернаторды емес, өз еркімен қазақтың бір зиялысын күткенін айта келіп:

...Түймеге жарқылдаған алданбаған,

Басқадай бір басы үшін жалданбаған,

«Қайткенде алаш көркейер» деген ойдан

Басқа ойды өмірінде малданбаған.

Ғалихан Нұрмұхаметұлы Бөкейханов еді» деп түйіндейді.

Осылайша 20-30 жылдардағы қазақ зиялылары бірінің соңынан бірі шырақ алып түспеген, керісінше жақсысын асырып отырған. Әрине, кемшілігі болса оның да бүркемелен жатпаған, бетіне айтқан. Сондықтан да олар туралы қалам тербегенде біржақты кетпегеніміз, бұра тартпағанымыз абзал.

Кейбір тілдік, артық-ауыс сөздік кемшіліктеріне қарамастан Нәзірдің жоғарыдағы аталған еңбегі оны әдебиетші-ғалым ретінде таныта білді. Оны атап айтуымыз керек.

Нәзір көп тіл білген жақсы аудармашы да. Онын, мұндай қыры күні бүгінге дейін ауызға алынбай, сөз етілмей келеді.

Мысалы, ол 1920 жылы Түркістан республикасында қызмет істеп жүрген шағында төселген аудармашы, сауатты тілші ретінде танылды. Осы кезде тұңғыш рет әлеуметтік-саяси сөздер сөздігін әзірледі. Мұнда бұрын-соңды баламасы айтыла коймаған жүздеген сөздер мен сөз тіркестері енді. Осы кітапшаны талқылағап өлкелік мұсбюро құрастырушының тіл білетіндігін, саяси сауаттылығын баса айтты.

Мынандай дерек бар: 1920 жылдары Ташкентте жастар ұйымының Жарғысы мен Бағдарламасы әуелі орыс тілінде басылып, сосын ол қазақ және өзбек тілдеріне аударылды. Міне, осы шаруаға да Нәзір қызу ат салысты.

Ол Мәскеуде қызмет істеген кезеңде өзі басшылық жасаған «Темірқазық» журналында үнемі аударма жұмыстарына орын беріп отырды. Ғ.Тоғжановтың, М.Жұмабайұлының әр түрлі аудармалары Нәзірдің редакторлығымен жарыққа шығып жатты.

Кейінірек Сауд Арабиясында елші болып тұрган кезінде де Нәзір сүйікті кәсібі – аударма жұмысынан алшақтап кете коймады. Сол елдің тарихын, мәдениетін зерттеп, осы тақырыптағы кітаптарды тәржімалап, кезекті лекцияларына, газет материалдарына пайдаланды.

Жалпы, Нәзірдің аудармашылық кырлары туралы әңгіме өз жалғасын таба бермек. Аударма саласы да – әдебиет үшін басты салалардың бірі. Аударма болмаған жерде әдебиеттің дамуы да қиын. Себебі, бір елдегі әдебиет екінші елдегі әдебиетпен байланысқа түспей, кең өрістей алмайды. Сондықтан да Н.Төреқұлұлының аудармашылығы – әдебиетшілігіне тікелей қатысты деуге болады.

Бөлісу:

Көп оқылғандар