Қарқаралы – қазақтың қарашығы

Бөлісу:

15.07.2022 4793

Қарқаралы – қазақтың қарашығындай өлке. Қаймағы бұзылмаған құт мекен. Қазылмаған қазынасы, ашылмаған құпиясы көп жұмбақ аймақ, тылсым табиғат. Құс төресі Қарқарадай қасиет қонған кепиетті жер. Арғы-бергі тарихын қазбаламасақ та, кешегі күй перісі Тәттімбеттің қоңыр домбырасының күмбірі қалған, асау басы ноқтаға симай, ауыздығымен алысқан ер Мәдидің асқақ үні әуелеп, әннің Абай атанған Жүсіпбекке қонған жер бұл. Қаһарлы Құнанбай мен паң Алшынбайдың келелі жиыны, келісті отырысы өткен кіндік жұрт та осы. Сайдың тасындай сайып қырандар мен сөз сүлейлерінің, бекзада бектердің ыстық қаны тамған, алаш жұртына ең аяулы перзенттерін сыйлаған ырысты мекен. Бармай, көрмей сағынысып, сырласып жүретін жерлерің болады. Іштей бір көрсем деген аңсарлы шақққа аса ынтығып жүрген кездерің болады. Сондай жер ұйығы осы Қарқаралы қойнауы еді. Бала күнімізден шерлі Мәдидің шемен әнімен бірге жүрегімізге ұялаған Қарқаралы еді. Аруақты атырапқа табанымыз бір тисе деп жүруші едік. Соның сәті де көп күттірмегендей...

Жақында ғана Мәдениет және спорт министрлігі Геральдикалық зерттеулер орталығы және «Тұғырыл хан – Оң хан» корпоративтік қорының бірлесе ұйымдастыруымен, Қарқаралы қаласы әкімдігінің қолдауымен «Елдіктің нышаны – ерліктің белгісі» Мемлекеттік рәміздерді ұлықтауға арналған пресс-тур аясында, көз тойғысыз көрікті алқап Қарқаралы ауданына жолымыз түскен еді. Аталмыш іс-шараның мақсаты айқын, межесі нық. Ең бастысы – мемлекеттік рәміздер мен геральдикалық белгілерді насихаттау және оларды қолданудың нормативтік-құқықтық жүйесін бақылау; жас ғалымдарды, журналистерді қазақ геральдикасының арғы-бергі тарихына назар аударту; жергілікті басқару органдары қызметкерлерімен мемлекеттік рәміздерді пайдалану тәртібі мен өңір тұрғындарының құрметін қалыптастыру бағытында кездесу өткізу; көнеден қалған тарихи ескерткіштер VІ-VІІІ ғасырлардағы түрік қағандығы мен VІІІ-ХІІІ ғасырлардағы қыпшақ заманында жасалған Қарқаралы тас мүсіндерінің тарихи құндылығын зерттеуге назар аударту, көпшілікке насихаттау. Міне, осындай межені басты нысан еткен шығармашылық топтың бел ортасында Елтаңба авторы, профессор Жандарбек Мәлібекұлы, Геральдикалық зерттеулер орталығы басшысы Асылбек Байжұмаұлы мен орталықтың ғылыми қызметкерлері, Қарқаралы аудандық жергілікті басқару органдарының қызметкерлері, жас жазушылар, журналистер болды.

Астана қаласынан ат арытып шыққан экспедиция мүшелерін Қарқаралы халқының меймандос пейілін арқалап, қала әкімі Ерлан Бейсембайұлы мен әріптестері арнайы жол үстіндегі Қарқабат ана ескерткішінің басынан күтіп алды. Әдепкі таныстық, аман-саулықтан соң Қала әкімдігіндегі арнайы кездесуге ат басын бұрдық. Қарқаралы қаласының зиялы қауымы мен әкімдік қызыметкерлері және экспедиция мүшелері қатысқан жиналысты Ерлан Бейсембайұлы өзі жүргізіп отырды. Қала әкімі Қарқаралының тыныс-тіршілігі, әлеуметтік келбеті, экономикалық, туризм саласы, мәдени-тарихи бітімі туралы арыдан қозғап әңгіме айтып, келген қонақтар мен журналистердің сауалына толыққанды жауап берді. Әңгіме ашық форматта, шынайы келбетте өрбіді. Кезекті сөз тізгінін алған Геральдикалық зерттеулер орталығының директоры Асылбек Байжұмаұлы, жақында ғана құрылған орталықтың негізгі жұмыстары мен атқарып жатқан шаруалары, алдағы уақытта қолға алынатын мәселелер төңірегінде сөз қозғады. Ел ішінде Мемлекеттік рәміздерге деген құрметті арттыру, облыс, аудан, ауыл, әулет пен ру негізінде келсін-келмес, мемлекеттік талапқа сай емес рәміздерді пайдалану сынды толып жатқан мәселелерді тілге тиек етті. Биыл Мемлекеттік рәміздерімізге отыз жыл толуына орай атқарылатын негізгі іс-шараларды атап өтті. Кезекті сөз Елтаңба авторы, профессор Жандарбек Мәлібекұлына берілді. Жандарбек Мәлібекұлы өз сөзінде жас ұрпақ пен отан алдындағы Мемлекеттік рәміздердің құрметі мен орыны туралы тебірене сөйледі. Геральдикалық зерттеу орталығының қазіргі атқарып жатқан жұмысына ризашылығын білдіріп, Қарқаралы жұртына, әкімдік қызметкерлеріне, ыстық ықыласпен қарсы алған аудан жұртына рақметін жеткізді. Сөз соңында Қарқаралы қаласының әкімі Ерлан Бейсембайұлына Елтаңба бейнеленген орден тағып, өз құрметін білдірді. Кезекті сөз тізгінін алған тарихшы Нұржан Игібаев қазіргі қазақ тарихындағы ақ таңдақтар, тарихи санадағы жүйесіздіктер, жергілікті өңірдің тарихындағы қателіктер туралы сөз бастап, қазақ тарихының ең басты міндеті тарихи азат сана қалыптастыру екенін баса атап өтті.

Қарқаралы топырағына қадам басқан экспедиссия мүшелерінің алғашқы қадамы Құнанбай қажы мешітіне зиярат етуден басталды. Жалпы, Қарқаралы қаласы ашық аспан астындағы мұражай сияқты, ежелгі жәдігерлерге толы. Қаланың орталық көшелерінде ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында салынған байырғы ғимараттар жетерлік. Әрбірінің тамырын басып, сырын ақтарсаң тарихтың біз біле бермейтін беттері ашыла кетердей. Ғасырдан астам уақыт өткеніне қарамастан сол ғимараттардың бәрі дерліктей жұмыс істеп тұр. Солардың ішінде Құнанбай қажының салдырған мешітінің орыны бөлек. Мешіттің жоба-жоспары 1847 жылдары қолға алынып, 1850 жылдары құрлыс жұмыстары басталып, 1851 жылы ел игілігіне жарай бастаған. Құнанбай Өскенбайұлы Қарқаралы окургының аға сұлтаны болып тұрғанда, сол өңірдегі он алты болысты атқа қондырып, патшадан арнайы жер мен рұхсатын алып салдырған екен. Кейінірек мешіт маңынан шәкірттер үшін медресе, молдалар мен мұғалімдер үшін арнайы үйде бой көтерген. Сол заманның рух шырақшысындай, иман таразысындай бекзада бітіміміен, сән-салтанатымен жұмыс істеген мешіт, кейін аумалы-төкпелі заманда небір қиындықтарды басынан өткеріп, бізге жеткен бейнесі осы. Қарқаралы жұрты мен өз заманының зиялылыры, ел басындағы атқа мінер қауымның күшімен бірнеше рет қайталай күрделі жөндеуден өтіп, бұл күнде Құнанбай аңсаған асыл діннің өзегін жалғап, алтын арқауын үзбей келе жатыр. Ғасырдан асып, заманмен бірге қаншама зобалаң көрседе, қарадан шыққан хан Құнанбай мен хакім Абайдың көзіндей болған бұндай жәдігердің әлі күнге ел руханиятына қызымет етіп тұруы, белгілі мөлшерде ел өркениетінің, мәдениетінің деңгейін көрсетерлік құбылыс екені даусыз. Қаракөктің аруағы ұрпақтарын желеп-жебеп жүргей.

Қарқаралы қаласында халқымыздың саяси-әлеуметтік, әдеби-танымдық тарихымен тікелей байланысты жәдігерлердің көп екенін жоғарыда тілге тиек еттік. Соның біршамасы Абай һәм Алаш көсемдерінің есімімен байланысты. Солардың бірі – Қарқаралыдағы Құнанбай қажы көшесінің бойында орналасқан Бекметовтар үйі. Бұл үйді ХІХ ғасырда Қарқаралыда өмір сүрген татар көпесі Халимолла Бекметов деген кісі салдырған. Халимолла оқыған-тоқығаны көп, ел ішіне сыйлы, дәулетті адам болған. Сол дәулетінің арқасында мешіт-медресе салып, шәкірт тәрбиелеп, ағарту ісіне молынан араласып, қаржы бөліп отырған. Абайдың әкесі Құнанбай сұлтанмен дос-жар, сыйлас адам болған. Құнанбай Қарқаралыға келген әр сапарында Халимолламен сәлемдесіп, дәм татып, шаңырағында әңгіме дүкен құрған. Сол сапарларының бірінде, нақтылап айтсақ 1850 жылдардың шамасында бала Абай әкесімен еріп келіп, осы Халимолланың үйіне түскен. Бұл үйде Абайдың арнаулы жеке жатын бөлмесі болған. Бекметовтардың бұл хан сарайындай жасыл шатырлы үйі одан кейін де талай жақсы мен жайсаңның құтты тұрағы болған. 1905 жылы он төрт мың адам қол қойған «Қарқаралы петициясы» осы үйде жазылған. Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатұлы, Ахмет Байтұрсынұлы сынды ұлт көсемдері осы үйде бас қосып, мемлекеттің іші-сыртындағы мәселелерді талқылаған. Қазақтың алғашқы заңгері Ақпайдың Жақыбы осы шаңыраққа күйеу бала бала болған. Содан бері алаш ұранды жұрттың басынан өткен талай күрделі тарихқа куә болған, көк шатырлы бұл үй өз сынын жоғалтпай бүгінге дейін жетіп отыр. Күрделі жөндеуден өтіп, жаңартылған қоныста бұл күндері Қарқаралы ауданы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі жұмыс жасап келеді.

Қарқаралы ашық аспан астындағы экспонаттарға толы дедік. Соның бірі – «Қарқаралы тарихи-өлкетану музейі». Бұл үй 1870 жылы салынған. Әуелдегі мақсаты сол кездегі Қарқаралының әкімдік ғимараты негізінде салынған. Сол үшін де жергілікті халық «Ақ кеңсе» атап кеткен. 1918 жылдан кейін жергілікті Совет үкіметінің әкімшілігіне өткен. «Қарқаралы тарихи-өлкетану музейі» алғаш 1977 жылы 7 қарашада қарқаралық қоғам қайраткерлерінің белсене ат салысуымен алғаш негізі қаланып, 1979 жылы 11 қазанда Қаз КСР Мәдениет министрлігінің бұйрығымен Қарағанды облыстық музейінің бөлімі болып, 1980 жылдан бастап өз алдына Қарқаралы тарихи-өлкетану мұражайы болып жеке шаңырақ көтереді. Бұл күнде музейде сегіз мың үш жүзден астам жәдігерлер қоры бар. Қарқаралы қаласы әкімінің орынбасары, белгілі өлкетанушы Сайлау Әлиұлы біздің топты өзі бастап, осы өлкетану мұражайының барлық жәдігерлерімен егжей-текжейлі таныстырып шықты. Қарқаралы өңірінің мол рухани байлығынан сыр шертетін бұл музейдің бізге берген әсері шексіз болды. Қарқаралының мол мұрасын аялап сақтап отырған музейдің ұжымына шын жүректен алғыс білдіреміз.

Экспедиция мүшелерінің Қарқаралыға сапары бір-ақ күнге жоспарланғандығы себепті, уақытымыз барынша тығыз болды. Соған қарамастан Қарқаралы ауданы әкімінің орынбасары және ішкі істер саясаты бөлімінің басшыларының жетекшілігімен негізгі тарихи өңірлерді барынша аралап үлгіруге тырыстық. Сапарымыздың соңын ала ауданнан он жеті шақырым жерде орналасқан көне қорғандарды тамашалауға жолымыз түсті. Яғни Қызыл мола мен Шүнгілтай қыстағында жатқан байырғы балбалтастар жұрты. Ғалымдардың пайымынша бұл өңірдегі байырғы қорымдар үш дәуірді де толықтай қамтып жатыр. Яғни ерте темір, орта ғасыр, қола дәуір сынды ежелгі тіршілік иелерінен бізге жеткен жәдігерлердің үзігі екендігі әмбеге аян болып отыр. Қазақ даласына бізге дейін жеті жұрт келіп, жеті жұрт кетіпті дейтін ескілерден қалған сөз бар. Олардың баршасы өзге емес, бүгінгі қазақ баласымен, кешегі тұтас түркі жұртымен кіндіктес ел екені түсінікті. Осы қорымдардың қойнауында ашылмаған, зерттелмеген балбалтастардың біршамасы көзге түсті. Уақыттың дауылынан аман өтіп бізге жеткен осы бір көненің көзіндей ескерткіштер ғалымдар назарына ілігіп, ғасырымыздың биігінен сөйлеп, ұрпақтар игілігіне жараса деген ізгі тілегіміз бар.

Сөз соңында айтарымыз, Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты Геральдикалық зерттеулер орталығының ұйтқы болуымен Қарқаралы өңіріне жасаған «Елдіктің нышаны – ерліктің белгісі» Мемлекеттік рәміздерді ұлықтауға арналған шығармашылық жобасы әлі де осы орталықтың ұйымдастыруымен жүзеге асатын болады. Отанымыздың ұлан байтақ даласында еліміздің мәдениеті мен тарихынан, байырғы өркениетінен сыр шертетін небір аталы аймақтар мен шежірелі өлкелер жетерлік. Алдағы уақытта еліміздің солтүстік өңірлеріндегі жәдігерлерді аралап, ашылмай жатқан қазыналардың ғылыми айналымға түсуіне себепкер болсақ деген ниеттеміз.

Бөлісу:

Көп оқылғандар