ТОҒЫЗ ЖОЛДЫҢ ТОРАБЫНДА ОЯНҒАН

Бөлісу:

12.09.2022 5310

Арнайы “Таласбек” сыйлығы үшін

Күйші туралы сөз өрбітіп отырған соң, күйші туралы аңыздан бастайық. Әшім күйшінің сегіз жасар кезі екен. Домбыраның құлағын ұстап, бірер күйдің ырғағын келтіре бастаған шағы болса керек. Ауыл молдасынан киіз үйде дәріс алып жүріпті. Бір күні ауылға қонақ келеді. Қонақ болғанда Іле мен Тарбағатай арасын күймен әлдилеген Қоңқай күйші. Ауыл ортасындағы Рақым зәңгінің үйінен домбыра үні шыға бастағанда-ақ Әшім де тағат қалмапты. Ақыры, сытылып шығып, ақ боз үйдің ішін толтырып отырған алқалы жұрттың ішіне сіңіп кетеді. Төрде Қоңқай домбыра тартып отырады. Бір күйден бір күйге өтеді. Күй арасында аңызға бергісіз хикаялар өрбиді. Уақыттың қалай өткенін жұрт та, Қоңқай да сезбей қараңғы түседі. Күйшіге демалыс, жұртқа жан бағыс керек. Ел тарай бастағанда Дүңші ұлын көреді. Әлденеге ұйып қалған. Ес-түссіз құнығып отырыпты. Орнынан тұрғызып, үйіне қайтады. Әшім есін жиып, сөзге келгенімен қызып ауыра бастайды. Түнімен сандырақтап, шекесі солқылдап,  Дүңшінің зәресі ұшады. Емші соқпа болғанын айтады. Неден болғанын ол да айыра алмайды. Ертесі Әшім тұйықсыз есін жиып, орнынан қарғып тұрып, керегеде қыстырулы тұрған қызыл домбыраны алып, шатып-бұтып бір күй тартады да, қайта сылқ етіп құлайды. Көздері бақырайып тұрған жұрт сонда барып, баланы не соққанын біледі. Күй! Қоңқайдың күйі. Сонымен, не уласа, сол жазады деген уәжбен Қоңқайдың алдына апарады. Қоңқай да аттанғалы тұрған жерінен тізгін іркіп, Әшімді ұшықтап береді. Әшім шынымен есін жиып, өзін табады. Қоңқай оған күй тартқызып көреді. Тартысына риза кейіп көрсетеді. Әшімнің әкесі Дүңші өзі домбыра жасаудың шебері болған. Домбыраның тіліне бейімі бар кісі. Әшімге алғашқы әсер әкесінен еді. Дүңші Қоңқайдан ұлын шәкірттікке алуды өтінеді. Жанып тұрған баланы баулудан Қоңқай да шегіншектемейді. Тек, бір сынағы барын айтады.

– Баланы кешке қарай тоғыз жолдың торабына апарып,  ұйықтатып кетесің. Оянғанда көрген түсін ешкімге айтпай маған келсін. Маған айтсын. Қалғанын сонан соң көрейік, – дейді.

Мақұл десіп, баланы тоғыз жолдың торабына апарады. Жол түйіскен тұсқа жақын жалғыз ағаш бар екен. Соның түбіне Әшімді алдаусыратып, ұйықтатып тастайды. Ересектер кезектесіп алыстан қарауылдап жүреді. Әшім таң саз бере бастағанда жүзіне қан жүгіріп, көзінен ұшқын атып ояныпты. Қоңқай түсінде не көргенін сұрайды. Бала күй тартып отырғанын көргенін айтады. Сол күйді қазір тарта аласың ба десе, тартам деп тартып береді. Қоңқай қатты риза болып, батасын беріп, Әшімді шакірттікке алады. Содан Қоңқай қайтыс болғанша Әшім одан екі елі қалмай күй үйреніп, өзі де дәулескер күйші болып жетіліпті деседі. 

Бұл өзі деректі аңыз, бірақ, мифке айланып та үлгірген. Жұртшылық өзі бұған имандай сенеді. Мифтің астарында не жатқанын бүгінгі ғылым талдап, жіліктеп ашқанымен, өз заманында жұрт өзінің түпсанасындағы архетиптік ақпараттардың жетегінде Әшімнің тоғыз жолдың торабында түсінде күй тартып оянғанына шүбә келтірмейді. Ал, мен бұндағы мифтік бояудың мәніне үңілмес бұрын, бұған қалай сенетінімді дәлелдемес бұрын: «Қоңқай кім, Әшім кім», – деген сауалдарға өзім иелеген мәліметтер бойынша жауап бергім келіп отыр. 

Қоңқай туралы мен айтпас бұрын, белгілі күйші, зерттеуші Мұрат Әбуғазының  Қоңқай туралы мақаласы бар екенін, онда жеткілікті деректер, күйшіге дәл баға бергенін айтқым келеді. «Қоңқай – Іле күй мектебінің ту ұстаушысы» дейді. Бұдан өтіп баға беру бізге қиын. Сол дәулескер күйші Қоңқай Шоқырақұлы 1838 жылы ҚХР ШҰАР Тарбағатай аймағында дүние есігін ашқан. Руы жағынан найманның матай бұтағынан тарайтын қызай тайпасы. Қоңқайдың әкесі Шоқырақ та домбыра жасайтын шебер болған. Қоңқайдың домбыра тартудағы алғашқы сауаты  өз шаңырағында ашылған. Нұрбек деген молдадан дінни  сауатын ашып, ілім-білімі көтерілген соң, өзі де молда атанған.    Алғашқы ұстазы өз тұсындағы даңсалы күйші Бердіке би болған. Онан кейін Мүсірбай мен Текебай әулиелерден күй үйренген. Қызайда «қызайдың төрт әулиесі» деп аталған төрт әулие болған. Соның екеуі осы Мүсірбай мен Текебай. Текебай әйгілі күйші Байжігіттің төл шәкірттерінің бірі. Байжігіттің өнердегі мөрін ұстап қалған және бір шәкірті қызыл мойын Қуандықпен сыйлас болған адам. Ал Байжігіттің бір әпекесі қызайдың Қожаназарына ұзатылған. Қожаназар бүгін де «қызайдың ноқта ағасы» саналады. 

Қызыл мойын Қуандықтың ұлы қайтыс болғанда Текебай барып, күймен көңіл айтқан. Күйдің аты «Қуандыққа» деп айтылады. Қуандық оған күймен жауап берген. Қазақта жырмен көңіл айту, жырмен көңіл сұрау бар болғаны секілді күймен көңіл айтып, көңіл сұраудың да еш таңданыс тудырмас дәстүр  болғанын, екі достың арасындағы осы жауаптасудан байқау қиын  болмаса  керек. Өзі алғыр жас домбырашы, өзі Текебай әулиенің шәкірті болған Қоңқайдың да Қуандыққа сәлем беруі, күй іздеген көкірегі тыншымай Қуандықтан да қағыс үйреніп қайтуы жайлы жорамал жасау осы арада қыйсынға да шет емес, күйшілік дәстүр де бұл жорамалды негіздей түседі деп ойлаймын. Ал, Тәттімбеттің қызыл мойын Қуандықтың шәкірті екенін ескерсек,  күй аңызы Қуандық бұл арада екі күйшілік мектептің асқарында тұрған екі қыранға бата берген болып есептеледі. 

Сонымен қатар, Қоңқай Тарбағатай күй бұтағының басында тұрған әйгілі күйші, сыбызғышы Шәлекенұлы Қайрақбай бидің де баулуын көрген шәкірт. 

Қоңқай сегіз қырлы, бір сырлы болып ержетеді. Ағаштан түйін түйген шеберлігі, атбегілігі, құсбегілігі, балуандығы жайында аңыздарды мен бұл арада тізіп отыруды жөн көрмедім. Бастысы оның ғұмыр кешкен тұсы үркін мен қорқынға толы еді. Мамыражай күндер аз болған. Сонау Абылайдың тұсында, Абылайдың жарлығымен Әбілпейіз төре мен Қабанбай батырдың бастауында, бір жағынан шығыс шекараны қорғап, бір жағынан Жоңғардан босағанымен, Цин империясы басып қалған өлкелерді біртіндеп қайтару үшін жасалған көші мен жорықтарының соңы Қоңқай заманында да жалғасып жатыр еді. Цин үкіметінің дерегі бойынша, Есенгелді батыр мен Дәулетбай батырдың 1757 жылы Қытай шекарысын мал отарлату сылтауымен тұңғыш бұзып өткені хатталыпты. Арты баршамызға мағлұм. Қазіргі Қытай қазақтарының негізгі бөлігі сол тұстан тартып, иен жатқан сол өлкелерге қоныс тебе бастапты. Бірақ, елдің араласуы жиырмасыншы ғасырдың басқы ширегіне дейін кедергісіз болған. Оған дәлел найман Танеке батырдың Кенесарының қырғызбен соғысына көмекке аттанған қосынына, қызайдан жүз жігіт ертіп Сарайт батыр мен Қарайт батырдың қосылуы, кейінгі Қарамолда, Көктұма съездерінде Қызай Байеке бидің үш төбе бидің бірі болып, ел ортасындағы дау-шарларға билік айтуға қатысуы (Көктұма съезінде Байеке би қасына Қоңқайды ертіп барған), Қызай елі Ілеге ауғаннан кейін, Жетісу күйшілік мектебінің ірі өкілі, Қожеке батыр арқылы албан жұртымен сыйласуы, т.б. Қоңқай бұл аралықта әбден есейіп, қызайдың игі-жақсыларымен етене араласып, жорыққа да, жортуылға да, ағалыққа да жараған мезеті еді. Ерлік қылып шынжыр балақ батырлардың да сеніміне кірген. Сол батырлардың да біразы мықты күйші еді. Мәселен, Қарайт батырдың бүгінге «Қарайттың қыз ұзатуы» деген ғажап күйі жеткен. Жүректі елжіретіп, ауыр да аяулы сезіммен тыңдарманын әлі де емірентеді. Сосын, Қожеке күйшіге інілік қылып, татулығы жарасып, Қожеке арқылы жетісу күйлерінің ырғағына да бойлаған, бірде жауласып жылқы алысып, бірде берекелесіп, құдандалы болған қырғыз ағайынның күйшілерімен де ұғысқан. Аңыз бойынша, Қоңқай бір жортуылда қапыда қырғыз қолына тұтқын болады. Қырғыздың бір қомызшысымен күй тартысқа түсіп, жеңгені үшін босатылады. Сонда шығарған күйі деп айтылатын  бір күйінің аты – «Жаралы бұғы» Сол Қоңқай, Шығыстың шыңырау күйлерімен шөлін қандырып, Жетісудың жайсаң да жаралы әуендерімен өрісін кеңейткен, ғұмыр бойында тынымсыз өнер іздеп, күй сауған сол Қоңқай қазаққа Әшімдей алып күйшіні дайындап беріп кеткен. 

1914 жылы Іленің Күнесінде өмірден озған.

 Әшім Дүңшіұлы 1896 жылы туып, 1962 жылы қайтыс болған. Іле күй мектебінің негізін Қоңқай салса, Әшім кемеліне келтірген. Әшімде ұстаз көп болды. Қоңқай ең негізгісі болғанымен, жалпы, қызай руының басқа рулармен өзгешелеу келетін бір жері – қызайда билік тізгінін ұстаған би-батыр, тәйжі-зәңгінің мүлде көп сандысы күй сауғандар болып келеді. Қожекенің қызайды “күй сауған ел” деп баға беріп, өмірінің соңында “Қызайлармен қоштасу” деген сүйініш пен қыймастыққа толы күй қалтыруының да бір себебі сол. Әшімнің жастық дәурені де сол Қожеке бағалаған күйшілердің ортасында өтті. Төресі Құдаймендеден тартып, мен білетін күйі қалған күйшілерден Тергеусіз тәйжі( Әсет ақынмен дес-жар болып сыйласқан, Тергеусіздің мұрагерлерінен Әсеттің “Ән” деген күйі табылып отыр.) Дарубай ақалақшы, өзі күйші, өзі Іледегі ең үлкен, даңсалы өнер ордасын ұйыстырған өнер қамқоршысы. Алпысбай ақалақшы, ақын Таңжарықтың қолдаушы қормалы болған тұлға. Таңжарық Жәйірбек байдың тұлпары сетіккөкті ұрлап сәбетке қашып кеткен кезде, Жәйірбекке сетіккөктің құнын төлеген де осы Алпысбай күйші. Мазақ ақалақшы, Тілеміс мампаң сияқтылар бар. Жалпы, бұлардың өзі айналасына әнші-күйшіні көп жыйған. Жора-жолдастық жасаған. Оның үстіне 1916-ның дүрбелеңі, онан кейінгі ашаршылықтан Ілеге барған өнер адамдары да аз болмапты. Солардың бірі албаннан шыққан Егінбай деген күйші. Қызайдың Дарубай ақалақшысы өзі өнерге қатты әуес кісі екен. Қасына өнер адамдарын көп жыйған, бір жерде жаңа күй шығыпты деген хабарды естісе қасындағы күйші, домбырашылардың бірін сол күйді үйреніп келуге “күй ақысын” беріп аттандыратын болған. Сол Дарубай, Егінбайдың өнерін қатты бағалап, жиын-тойларда қалтырмай ертіп, серік қылып жүреді екен. Егінбай күйшінің бүгінге жеткен екі күйі бар. Бірі “Қымыз думан”, бірі “Қызайдың қымыз думаны”. Осындай қалың өнерпаздар шоғырының арасында, Қоңқайдың үмітті шәкірті болып жүрген Әшім тез жетілген. Күй өнеріне ертеден-ақ терең бойлаған. Күйші, өнертанушы Ардаби Мәулеттің зерттеуімен Абайдың “Абайдың ақ толқыны” деген күйі осы Іле күйшілерінің қоржынынан, оның ішінде күйші Тергеусіз тәйжі мұрагерлері мен Әшім шәкірттерінің қорынан табылыпты. Осы арада қыстыра кетерлік бір дерек бар.  Күйші Қарайт батыр Ілені басып алған орыс жасақтарымен жауласып,  артынан қолға түсіп итжеккенге айдалған. Итжеккеннен қайтқанда Құнанбай ауылына ұзақ аялдаған. Егер Абай “Ақ толқын” күйін отызға жетпеген шағында шығарса, онда күйді қызай арасына әкелуші Қарайт батыр болу мүмкіншілігі тіпті де күшті, тіпті де сенімді болуы керек. Жалпы, қызай ортасында күй мен күйші тым ертеден елмен етене. Жаңағы көрнеу тізім бертінгісі.  Байжігіт күйшінің алдын көріп, тәлім алған Текебай мен Алтай күйшіден тартып, оның алдында, Жоңғар дәуірінде жасаған Тілеуберді күйшінің де күйлері табылып отыр. Жалпы, тұғыры ертеден қаланып, топырағы күй дәстүрімен үзіліссіз және тереңдеп суарылмаса, соншама көп күйшінің буын сайын шалқып отыруы өте қиын еді. Әшімнің ел көзіне ерте түсіп, ерте мойындалуы тегін де емес. Сол орта, сол күй сіңген ауа Әшімді Әшім етті. “ Үш жүз алпыс күй шерткен Әшім күйші” деген лақап жұрт аузында тегін айтылмаған. 

Қазақ арасындағы симфониялық оркестрдің алғашқы үлгісі де Әшімнің қолымен жасалса керек. Қазақ күйі әлмисақтан жеке тұлғаның орындауына арналған. Меніңше, Әшім осы дәстүрді тұңғыш бұзушы болса керек. Оның “Сексен жігіт парлама” деген күйі осы сөзімізге дәлел. Күйші Тұрарбек Ясынбекұлының жеткізуі бойынша бұл күй – Әшімнің шәкірттері үшін шығарған күйі. Қалың шәкірті бірге, иықтасып, қатар шертетін күй. Бұл енді жаңалық еді.

1923 жылы Күнесте туған “Батпақты уақиғасы” жұртты қатты дүрліктіреді. Күреден (сол тұстағы Цин үкіметінің Ілені басқаратын орталығы)  Шаңбақшы деген қарулы әскер бастап барып, салықты кешіктірдің деген сылтаумен бір ауылды қан жайлатып, рулы елдің малын айдап кетеді. Соған орай қызайдың ел ағалары Күнестің Алмалы деген жерінде кеңес өткізеді. Кеңеске жас күйші Әшім де қатысады. Кеңестің аяғы кек қайырып, соғыс салуды емес, жұртты қырып аламыз десіп, Күредегі бас ұлыққа тіке кездесіп, келісім жасауды, қалған шешімді сонан соң шығаруды қуаттап бітеді. Аршындап, аламан сайлауға ниет етіп тұрған жас күйші бұл шешімге риза болмайды. Содан “Алмалы кеңес” деп күй шығарып, өз пікірін жеткізіп, өкпесін білдірген. Бұл күйдің мұратын тура жиырма жылдан соң Әкбар батыр орындап еді. Өнер қай-қашанда қарсылықты алдымен жасап, жұрттың жігерін сомдайтыны осыдан да. Әкбар батыр бастаған қызай көтерілісшілерінің тынымсыз жеңісті соғыс жүргізіп, Құлжаны да тез әрі ақкөз ерлікпен басып алуы, Ілені жылдам азат етуінің де бір себебі сол жұрт намысының ұзақ қайралуынан болса керек. Кейін де бұл күйді Әшім күй мектебінің қазіргі ең мықты мұрагерінің бірі Ардаби Мәулетұлы Байжігіт күйлерін тірілтуші, кемеңгер күйші Таласбек Әсемқұловқа тыңдатқанда Таласбектің “Күйдің ішінен дүркірей желкілдеген туды көрдім” деуі жайдан жай емес. 

Әшім туралы сөз шұбыртудың қажеті бізге шамалы. Бейтаныс емес деп ойлаймыз. Сөзімізді мақаланың басындағы аңызға қайта бұра отырып, осы арада түсінде күй көру архетипі туралы аздап тоқталуды жөн болар деп отырмын. Қазақта сүйекке сіңу, сүйекке біту деген сөздер бар. Болмысына сіңу, болмысына айналу деген сөз болса керек. Бірақ, мұндағы сүйек деген сөзді жұрт танымындағы мәнінен гөрі тереңдей қаузау керек. Яғни, писихологиялық тұрғыда мұндағы сүйек сөзі неге меңзеуі мүмкін. Меніңше, бейсанаға. Әрине, мұнда түпсаналық элементтер де бар. Оны жоққа шығармаймын. Бастысы таразы бәрібір бейсанаға ауады. Фрейдтің “ақын болу барлық адамның қолынан келеді, бірақ, ол адамның сәби шағында ерекшеленеді, дамуының негізі сәби шақта құрылады” дейтін сөзі бар. Міне, бұл жалпы өнер адамы туралы, және олардың бейсанасы туралы сөз. Бейсанаға сіңген дүние өзіңе айланады, өзіңдікіне емес, болмысыңа, табиғатыңа. Және, ол кезі келгенде, орайы табылғанда өзін көрсетеді. Оянады, миыңда жаңғырады. Ал, бейсанадағы ақпараттардың көбінесе адамның түсіне енетінін ескерсек, Әшім секілді күйге бала жасынан “соғылған” тұлғаның бала жасында-ақ түсінде күй тартуы ешқандай таңғаларлық құбылыс емес. Күй сүйегіне сіңіп үлгерген. Бар болғаны сол. Сөздің жөні келгенде айта кетелік. Байжігіт күйлерін түсінде көріп, оянған соң көзіне жас алып отырып тартып, жұртқа жеткізген Таласбек Әсемқұловтың да жұмбағы осылай ашылуға тиіс. Нағашы атасы оны жөргектегі кезінде алып кеткен. Қысқасы, Таласбек нәресте күнінен тартып күй еміп өскен жан. Ал атасы – Байжігіт күйлерінің мұрагері. Бала кезінде атасынан үйреніп тартқан күйлерін есейе келе ұмытып қалуы жәй ғана үзіліс. Ол күйлердің Таласбек үйреніп тартқаны бар, тартпай-ақ сәби күнінен естіп, сана түкпіріне шөккендері бар, бәрібір, Таласбек сол күйлермен біте қайнасып кеткен. Бейсанасында қалғып кеткен қаншама күй болды, оны біз білмейміз. Оянған күйлер өзі Таласбекті мазалады. Түсіне енді. Ал, Таласбек өзінің миссиясын орындап, күйді көпке ұсынды. Жалпы, Таласбек рухани, танымдық тұрғыда Жүнісбай Стамбай күйшінің, сол дәуірдің, және онан арғы дәуірдің биік рухын, алағай да бұлағай таным байлығын біздің дәуірге жеткізген алтын көпір еді. Оның бейсанасы да осы сөзімізді дәлелдеді. 

Сөз басында айтылған аңызға оралайық. Мұнда мифологиядағы ең ғажайып екі деталь бар. Бірі – тоғыз жолдың торабы. Тоғыз жолдың торабы жайлы ең дәйекті сөзді мифолог, ғалым Серікбол Қондыбайдың пайымымен жеткізсем, “тоғыз жолдың торабы, тоқсан жолдың торабы – киелі оқиғалар туылатын нүкте” депті. Ал жалғыз ағаш туралы мен айтпасам да өздеріңіз бағамдап отырсыздар. Жалғыз ағаш – бәйтеректің символы. Мықан ағашы, рух ағашы, ғаламдық бәйтерек. Атауы көп болғанымен, барлығының көрсететіні бір ұғым. Ол үш әлемді тұтастырып тұратын өткел, баспалдақ. Мифологиядағы барынша бірілікке келген, байыпталған мәні осылай. 

Екі бірдей киелі нүктенің тоғысқан жерінде Әшімнің түсінде күй тартпауы мүмкін емес. Өйткені, күй тарту да мінәжаттың, құдаймен жалғасудың бір символы. Махмұд Қашқарида “Түркілер күйді тәңірмен жалғайды деп ұғады” деген сөз бар. Қорқыт та сөйткен. Бақсылар да сол жосынды жалғаған. Айтпақшы, ол да соңында жердің кіндігіне (тоғыз жолдың торабы) қайтып, Сырдың суына кілемін жайып, өзі соның үстінде жүз жыл тынбай күй тартқан-мыс. Қоңқайға сол шартты қойғызып сынатқан Қоңқайдың түпсанасы болатын. Түпсана әлеуметтік бейсанамен тікелей қатысты. Тарихи және әлеуметтік жадтың әбден сығымдалып, әбден сүзгіленіп барып жатқан тұсы. Архетиптер қоймасы.

Мақала күйшілер туралы. Ендеше, мақала басын аңызбен,  мифпен бастағанымдай, мақала соңын да аңызбен аяқтауға тура келіп тұр. 

Ертеде бір ханның ай мен күндей сұлу қызы болыпты. Қыз өз тумысының мәртебесіне қарамай ханның бір жарлы жылқышысына ғашық екен. Жігіттің де жалғыз міні кедейлігі ғана болса керек. Ол да қызға жүрегін арнапты. Күндердің бір күні табыспасына көздері жеткен ғашықтар уағдаласыпты да, бір түнде ғайып болыпты. Бір иен өлкеге жетіп сол жерді мекен тұтыпты. Ойнапты, күліпті, сұлу күндермен мас болыпты. Қыз өз уағы жеткенде босанып, бір қыз бен бір ұл дүниеге әкеліпті. Егіз. Дәл сол кезде хан қуғыншылары да жер дүниені тінтіп жүріп бұларды да тауыпты. Тапқан соң екеуінің қол-аяғын байлап ханның алдына апарған екен. Хан әбден қанына қарайған. Сол мезетте-ақ жігіттің басын шапқызыпты да, қызды қамап тастапты. Ал, егіз баланы иенге апарып лақтыртыпты. 

Ғашық болып қосылған жігіті, сол жігіттен тапқан қос жауһары қызды тыныш қалдырсын ба?! Қайғыдан есін жоғалтып, бір күні есіктен сытылып шығыпты да айдалаға меңірейе бет түзепті. Күн жүріп, түн жүріп әбден талықсыған кезінде бір ағаштың түбінде ұйықтап кетіпті. Әлден уақытта оянса құлағына бірде зарлаған, бірде күңіренген үн ызыңдап келе беріпті. Зер салып қараса, өзі ұйқтаған ағаш найзағай түсіп үңірейіп, қақталып қалған екен. Сол ағашқа құдіретше екі ішекті қолмен таққандай жел түйіп кетсе керек. Жаңағы зар үн мен күңіренген үн солардан жел қаққанда шығады екен. Сүйтсе, иенге тасталған егіз сәбидің сүйегін қарға-құзғын жеп, екеуінен бір-бірден ішекті қатты жел ағашқа асып кетіпті. 

Қасіреттен қан жұтқан қыз ойына әлдене түсіп, малдың ішегін қуыс ағашқа тағып өзі шерткен екен. Домбыраның мұңлық, зарлық аталған қос ішегі содан қалып, домбыраны тұңғыш сол сорлы қыз, сол кейуана жасаған екен-мыс. 

Мұнда да сол жалғыз ағаш, мұнда да сол қаңғыған жел мен есі кеткен кейуана, есі кеткен ғашық, желге ұшқан қос ішек табысқан жол торабы.

Арман ӘДІЛБЕК

Көрнекі суретке  Қабдыл-Ғалым Қаржасов картинасы пайдаланылды

Бөлісу:

Көп оқылғандар