Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары қазақ еліне ағылған көштің бедерін безбендеген бір дүние болса, ол – ақын Мұрат Пұшатайұлы сөзін жазған, композитор Бержан Файзоллаұлы музыкасын жазған «Ел көшкенде» әні дер едік. Өз заманындағы «Алаң да алаң, алаң жұрт» деп толғаған Қазтуған жыраудың «Қайран да менің Еділім» мен бүгінгі «Ел көшкенденің» өкініші мен күйініші бірдей, тамырлас жатыр.
22 қаңтар күні ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында кеңінен танымал «Ел көшкенде» әнінің сөзін жазған қазақ ақыны, Монғолия елінің қоғам қайраткері Мұрат Пұшатайұлының шығармашылығына арналған «Мұраттың мұрасы» атты ғылыми-танымдық конференция өтті.
Конференцияның тізгінін Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы Дәулеткерей Кәпұлы ұстап, келген қонақтарға сөз ұсынды.
Алғашқы сөзді алған «Отандастар қоры» КеАҚ өкілі Қалыбек Қобландин өз лебізін былайша білдірді: «Армысыздар, қадірлі ағайындар! Ақын Мұрат Пұшатайұлының еңбек жолына арналған бүгінгі «Мұраттың мұрасы» тақырыбында ғылыми-тәжірибелік конференциясын ұйымдастырып отырған Қазақстан Жазушылар одағына, Астана қаласы әкімдігіне және осында отырған ағайын-туғандарына, отбасына ризашылығымызды білдіреміз. Әдеби өмірде ақындар келеді, кетеді. Бірақ олар өздері өмірден өткенімен, артында ұмытылмас рухани мұрасы қалады. Ақын-жазушылардың қаламы, шыққан кітабы қалады. Сондай шығармашыл тұлғалардың бірі – ақын Мұрат Пұшатайұлы. Ол кісінің есімі барша шетелдегі, әсіресе Монғолиядағы қазақтар арасындағы ұлттық әдебиетіміздің көрнекті өкілі, ақыны, мәдени қайраткері ретінде есте қалары сөзсіз. Үлкен жүректі ақынның қаламынан туған жырлары – туған елге-жерге деген ыстық махаббатқа тұнып тұр десек болады. «Ел көшкенде» әні Монғолия қазақтарының тоқсаншы жылдары Қазақстанға, тарихи Отанына бет алған ұлы көшінің қыр-сырын, рухани астарын дәл сипаттап бере алғандығымен ерекше, сонысымен де халықтың көңілінен шықты. Конференция жұмысына сәттілік тілеймін! Құтты болсын!»
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақынның үзеңгілес досы Бодаухан Тоқанұлы өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарындағы Ұлы көшке қатысты жағдайларды еске ала отырып былай деді: «Сол заманда Баян-Өлгийдегі қазақ радиодасында істейтін едім. Ел іші екіге жарылып, сара жол социализммен жүреміз бе, әлде демократиялы жаңа жолға түсеміз бе деп жатқанда, қазақтар арасында көші-қон деген мәселе бірінші дәрежеге көтерілді. Біз, Мұрат, Баман үшеуіміз Атажұртқа көшу туралы хабарды жергілікті радиодан жиі беріп отырдық. Ол біреудің көңілінен шығады, біреудің көңілінен шықпайды. Кейбір ағаларымыз: «Монғолияның қазақтары Қазақстанға барып бейнет, қиындық көретін болса, оған Мұрат, Баман Бодаухандар кінәлі. Радиодан күндіз-түн зарлап насихаттаған осы азаматтар болатын», - деп шықты. Сол заманда Мұраттың мықтылығы: аймақтық партия комитетінде істесе де, азаматтық танытып социализмнің, коммунизмнің туын көтермеді. Көбіміз көшке келгенде, бір жағымыз «көшкен дұрыс», - деп, бір жағымыз «көшкен теріс», - деп жатқанда, Мұрат: «Көшкенің де аман бол! Көшпегенің де аман бол! Қай-қайсымыз да қайда жүрсек те қазақпыз!» - деген ұстанымды ту етіп көтерді. Мұрат Пұшатайұлы мықты ақын, салиқалы саясаткер болды». Мұрат ақын әрқашан біздің жүрегімізде. Жары Шайзада мен ұрпақтарына ұзақ ғұмыр тілеймін!»
Мұрат ақынның досы, белгілі қаламгер, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Әділғазы Қайырбеков те өткен күндер естелігін ортаға салды: «Мен Мұратпен бес жыл университетте бірге оқып, жатақханада бір бөлмеде тұрып, бірге жүріп, сырлас досы болып кеткен адам едім. Оның елін, жерін сағынып жүріп жазған көптеген өлеңдерінің алғашқы тыңдаушысы да мен болған шығармын. Ақын туған жері туралы:
Ол тауларда ұлылық бар болатын,
Қарашада басына қар қонатын.
Белбеуіндей, баяғы батырлардың,
Жондарында жап-жалпақ жол болатын.
Сапарыма бастаған сол болатын... -
деп толғанса, мұнда бейнелі сурет те бар, шынайы сезім де бар, шуақты сағыныш та бар. Ол өзінің студенттік жылдарда жазған өлеңдерінің басын құрап, мың тоғыз жүз сексенінші жылы Баян-Өлгейден «Студент дәптері» деген атпен жыр жинағын шығарды. Кітаптың алғысөзінде: «Мұрат Пұшатайұлы аймағымыздың жас толқын ақындар буынының талантты өкілдерінің бірі. Өз стилін, өз үнін айқындау жолында еңбектеніп жүрген жас ақынның жыр жинағы оқырман қауымның жүрегіне жол табады деп сенеміз», - делінген екен.
Көз жіберші қырмызы қырға, жаным,
Көк пүлішпен көмкерген құз балағын.
Бұлақ жатыр бұлқынып төскейлерде,
Бұрымындай бұралып, қыз баланың.
Басталғандай жаңғырып, жаңа бір ән,
Сарғалдақтар майысып, сабағынан.
Күй төгілген сияқты кең далаға.
Шаңқобыздың шымырлап шанағынан...
Ақынның осындай лирикалық өлеңдерінің бойындағы нәзік иірімдер оқырмандарына жылы әсер қалдырады. Ол тіпті өзінің емес, сенің ауылыңның табиғатын жырлап отырғандай күй кешесіз. Мұның сыры – әлгі жыр шумақтарындағы көркемдік қуатта, көнермейтін сарында жатса керек. Ал мына бір-екі шумақ өлеңдегі көл-көсір сезімді, аяулы махаббатты, кең жазықты кербесті мініп, жұлдыздай атқан балаң жігітті, ат тұяғы тиіп, сабағынан үзілген, жараланған гүлді қолына алып, жігіттің соңынан қарап тұрған ару қызды суретші ақынның қолынан туған дүние екен демеске шара қайсы:
Сауырынан суылдап самал ағып,
Кең жазықпен кербесті барады ағып.
Тұнып тұрған гүлдерге тұяқ тиіп,
Табан асты қалыпты, жараланып.
Бесті кетті бедерлі ізі қалып,
Балаң жігіт барады жүзі жанып.
Артынан кеп ару қыз қарап тұрды,
Сабағынан сол гүлді үзіп алып...
Ақын досы туралы оның өлеңдерінен мысалдар келтіре толғанған Әділғазы аға Мұрат Пұшатайұлының шығармашылығына арналған іс-шараға сәттілік тіледі.
иегері, ақын Сұраған Рахметұлы, жазушы, журналист, бірнеше этнографиялық кітаптың авторы Бекен Қайратұлы, әдебиеттанушы, журналист Асылбек Байтанұлы, журналист, этнограф Асылбек Баяжұма және басқа да адамдар сөз алып, Мұрат ақынның өмірі мен шығармашылығына қатысты лебіздерін білдірді. Барлығындағы ортақ ой: ақын өнері мен қайраткерлік ісінің ұрпақтар есінен ұмытылмай жиі насихатталып отырса дегендік болды.
Монғолиядан арнайы келген отанасы Шайзада Сақтағанова бастаған Мұрат Пұшатайұлының отбасы, туыстары, Алматыда студенттік өмірді бірге кешкен достары конференция барысында жылы естеліктері мен әсерлі ойларын ортаға салды. Ұлтының мұратын жырлап өткен Мұрат ақынның мұрасы мәңгілік жасай берері сөзсіз.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.