Қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы еңбектерді аудару туралы семинар өтті

Бөлісу:

09.09.2022 1353

Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі  Тіл саясаты комитеті мен Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы «Қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы еңбектерді аударудың терминжасамдық жүйелілігі» республикалық әдістемелік семинар өткізді. 

Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім  министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Әділбек Қаба: «Ғылым мен техниканың әлемдік озық үлгілерін қабылдап қана қоймай, дамыған елдермен терезе теңестіру, жаһандық бәсекеге қабілетті болу үшін білім алу қажет. Ал білім беру мәселесі салалық терминологиямен қатар келетіні белгілі. Бұл ретте аударма арқылы қазақ тілінің терминологиялық қорына жаңа  халықаралық ғылыми лексиканы енгізген «100 жаңа оқулық» жобасының орны ерекше. Жоба аудармашылары ғылыми-теориялық мәселелерді зерделеп, қол жеткізген мәселелерімен бөліссе, оқытушылар мен ізденушілер қолданбалы тұрғыдан термин баламаларының қаншалықты сәтті шыққандығына баға берсе, терминологиялық жүйені біріздендіру, терминдерінің түсіндірмесін жасау және т.б. мәселелердің оң шешімі табылады деген ойдамыз,-деді. 

«Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасындағы аударма барысында қолданылған терминдерді айқындау, олардың қазақ тіліне аудару практикасын саралау, қазақ тілінің терминжасам көздері мүмкіндіктерін жан-жақты жүйелеу мақсатында өткізген шараға Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Республикалық терминология комиссиясының мүшелері, ЖОО ғалымдары, «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының мамандары мен  аудармашылары, орталық атқарушы органдардағы сала мамандары (салалық терминологиялық секция жұмысына жауапты) және жергілікті атқарушы органдардың терминология саласына жауапты қызметшілері, БАҚ өкілдері қатысты.

Семинарда «100 жаңа оқулық» жобасы терминдерінің жай-күйіне сараптамалық талдау жасап, оқулықтарды  аударуға тікелей қатысқан аудармашы мамандар жұмыс барысында кездескен түйткілді мәселелерді нақты мысалдар арқылы көрсете отырып, оны шешу жолдары ұсынды. Аудармада жиі қолданылатын калька тәсілінің тиімділігі мен кемшін тұстары, термин  глоссарийіне қойылатын талаптардың орындалуы және т.б. талқыланды. 

«Астана» халықаралық қаржы орталығы Әкімшілік департаменті директорының орынбасары, ф.ғ.д., академик. Шерубай Құрманбайұлы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасының меңгерушісі, ф.ғ.к. Серікзат Дүйсенғазы, Stepp&Worlld баспа үйінің бас редакторы, филология магистрі, Назгүл Қожабек, Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының «Қазақ тілі» және «Қазақ әдебиеті» зертханасының меңгерушісі, ф.ғ.к. Айман Ақтанова, т.б. ғалымдар, мамандар оқулықтар аудармасының сапалық деңгейіне қатысты өз ой-тұжырымдарын ортаға салып, пікірлерін айтты, аудармаға қатысты ұстанымдарымен бөлісті. 

Бөлісу:

Көп оқылғандар