Кеңсайдан кейісті хат

Бөлісу:

07.09.2023 4614

Кімге: Алматы, Жазушылар одағы, Дулат Исабековке.

Қайдан: Кеңсай мұсылман зираты, Ханғали Сүйіншәлиевтен.

Дулат шырақ!

Мен – профессор Ханғали Сүйіншәлиев, тұтас сексен сегіз жасап, 2006 жылы бақиға аттанған едім. Ғұмыр бойы ғылым деп, ұстаздық деп тыпырлап өттім. Енді барақат тыныштық. Бұл жақта жұмыс та, уақыт өлшемі де жоқ. Жер бетіндегі тіршілік ісіне араласуға және мүмкін емес. Әйткенмен, өзіңе тікелей қатысты жағдаяттардан мүлде хабарсыз қалмайсың. Шүкір тәуба, артымнан жаманат шыққан жоқ. Осылай, мамыражай тыныстап жатқанда, көр түбіндегі қу сүйегім үш рет аударылып түсетіндей, айрықша бір сұмдық хабар жетті. Мағауин екеуіңнің араңда, қисынсыздан туындаған кикілжіңге қатысты.

Бұл Мұхтар Мағауин анау бір жылдары, Оралхан Бөкеевтің араға жүруімен, саған Мемлекеттік сыйлық алып берген еді. Таразы басы қалтылдап тұрғанда, өзінің тағы бір досын қосып алып, шешуші дауысымен. Енді осы тақауда, кейінгі бір классик Тұрысбек Сәукетайға да биік мәртебе әперу талабымен пікір айтады. Неге екені белгісіз, саған жақпай қалыпты. Талапкер туралы емес, оның қолдаушысы жөнінде, орыстың «сам дорақ» сырынмен қатарынан үш мақала жариялапсың. Қаралайсың, жеке басы мен жазуына қаншама айып тағасың. Сендердің быжық-шыжығыңда шаруам жоқ. Мені түңілткен – сенің соңғы, үшінші мақалаңдағы (Әдебиет порталы, 13.VІІ.2023) рабайсыз кеп. Өзіңнің дауыңа мені араластырасың. Мағауинге арнаған зілді сөздерің маған тиіп жатыр.

Міне, сондағы лепесің: «Кезінде «Жас ғалым ашқан жаңалық» деп, ғылыми диссертация қорғадың. Бір күн де кітапханаға барып, ғылыммен айналысқан адам емессің. Мен айтып берейін, «Жас ғалым ашқан жаңалық» сенің емес, Ханғали Сүйіншәлиевтің еңбегі. Байғұс шалдың еңбегін пайдаланып кеттің...»

Міне, керемет!.. Мен қайтіп, қалай пайдаланыппын? Иә, сәл ауыс түсті – мен емес, Мағауин, менің еңбегімді қалай ұрлап, тартып алыпты. Сонда бұл Исабеков, «байғұс шал» деп кеміткенімен қоймай, менің атымнан сөйлеп отыр ғой, жанашыр жақтаушы болып. Мен шетке шыққан әлденендей «байғұс шал» емес, ғылым докторы, профессор, қадарынша өз пікірімді өзім айтып өткен кісімін. Манағы кебімді қайталасам, ешқашан ешкімге жала жауып көргем жоқ. Енді амал не, дәп осы ретте қажетті бір ауыз сөз.

Сен, Дулат шырағым, тәртіпті, жағымды студент болдың. Ал анау Мағауин деген – тентектеу еді. Бірден аспирантураға түсіп, өткен тарихты қопара бастады. Иә. Қопарып жатыр. Жасым үлкен болса да, мені сыйламады демейін, қайшы келе беретін. Әйткенмен, ғылым мүддесі ғой. Араз, ренішіміз болған емес. Керісінше, ғұлама профессор Бейсенбай Кенжебаевтың басшылығымен ынтымақты жұмыс жасадық.

Соның алғашқы бір көрінісі – «Ежелгі әдебиет нұсқалары» аталатын антологиялық жинақ еді. Айтқанымдай, Бейсекемнің жетекшілігімен жүзеге асқан. 1967 жылы «Мектеп» баспасынан шықты. Міне, сол заманда үлкен жаңалық қана емес, ерекше ерлік болған құнды жинақтың алғы сөзіне қара: «Кітаптың «Орхон жазуларындағы өлең, жырлар» бөлімін Мырзатай Жолдасбеков; Асан, Сыпыра, Қобылан, Жанақ, Медел қожа, Орынбай, Тәтіқара толғауларын – Бейсенбай Кенжебаев пен Ханғали Сүйіншәлиев; Қазтуған, Доспамбет, Шалкиіз, Марғасқа, Жиенбет, Ақтамберді, Есет, Көтеш, Шал, Бұқар, Жанкісі жырларын Мұхтар Мағауин жинастырып, баспаға дайындады.» Ықшамдап айтқанда, дәп осылай. Яғни, Мұхтар Мағауин әуел бастан-ақ ежелгі жыраулар мұрасын жинастырып, баспаға дайындаған. Кейінде бәрін топтап, толықтырып, «Алдаспан» антологиясын жарыққа жеткізді. 

Бұл екі аралықта біз Мағауин екеуіміз, әрқайсымыз өз бетімізбен, екі кітап шығардық. Сен атап айтпасаң да күстаналап отырған «Қобыз сарыны» және менің «Қазақ әдебиетінің қалыптасу кезеңдері» дейтін еңбегім. Екеуі баспаханаға 1967 жылы, бір ай ішінде өткізіліпті – 28 сентябрь және 1 сентябрь. Екеуі тағы да ескі мен жаңа жыл тоғысы, бір айда басылып шыққан.

Бұл кітабымды Мағауинге өз қолыммен сыйлап едім. Міне, нақты қолтаңбам: «Қаламдас ініміз Мұхтарға, ағалық ақ ниетпен, автор Х.Сүйіншәлиев, январь 1968.» Жай ғана сыйластық емес, ақ ниетпен! Мағауиннің ішіне кім кіріп шыққан, ал менің көңілімде ешқандай кірне жоқ екен.

Енді келесі, бар жағынан алғанда жинақты, қорытынды еңбегім – «Қазақ әдебиетінің тарихы» аталады. 1997 жылы «Санат» баспасынан шыққан, көлемі – адам сенгісіз – 928 бет. Мұхтар Мағауин бұл кітаптың сыртында емес, ішінде әлденеше мәрте арнайы аталады. Әлбетте, сен ұрлатып отырған көне заман жырауларына қатысты. Кейде аты аталып, көбіне «Ертедегі әдебиет нұсқаларында» Мағауин дайындап өткізген мәтіндерге сілтеме жасалып. Атап айтқанда, Қазтуған жырау – 260, 267-268 беттер; Доспамбет жырау – 269-273 беттер; Шалкиіз жырау – 279, 282, 285-86, 288 беттер; Ақтамберді жырау – 291-295 беттер; Марғасқа жырау – 296 бет.

Ақыры, бір теңдік кітаптың 280-бетінде түйінді пікірімізді айтамыз: «М.Мағауин 1966 жылдан бастап, Шалгездің революцияға дейінгі жинақтарда жарияланған өлеңдерін түгелдеп, 1973 ж. «Алдаспан» жинағы арқылы, оларды қазіргі оқырман көпшілік назарына ұсынды. Жырау туралы мақалалар жазды. Ол 1968 жылы өзінің «Қобыз сарыны» кітабында жырау мұраларын арнайы зерттеді. Аталмыш оқулықтар мен зерттеулер тек қана Шалгез шығармаларын танытып қойған жоқ, сонымен бірге ХV-ХVІІІ ғасырлар поэзиясын түгел таныстырған соны қадамдар болды. Кейін «Бес ғасыр жырлайды» (1984, 1 том) жинақтарында басылып келеді.»

Міне, маған қатысты нақты деректер осындай. Бұдан әрі қарай, Мағауин ғана емес, менің өзімді де жоқ деп жариялап жатсаң, таң қалмаймын. – Ғылым докторы, профессор Ханғали Сүйіншәлиев. Кеңсай зираты, 2.ІХ.2023.»

Хатқа түсірген поштабай – 

Мұхтар Мағауин, 

Америка Құрама штаттарынан,

3 сентябрь 2023.

Бөлісу:

Көп оқылғандар