Құндылық туралы бірер сөз

Бөлісу:

24.07.2024 1959

Қазіргі цифрландыру кезеңі, ақпараттық жүйенің дамыған заманында өз ұлтымыздың тарихи және әдеби-мәдени кодын сақтап қалу маңызды мәселелердің бірі. Жалпы адамзаттың, соның ішіндегі қазақ халқының болмысына тән тамыры терең құндылықтарын сақтап қалу және оны ары қарай зерттеу бүгінгі күннің басты мақсатына айналып келеді. Кез келген құндылықтың бастауы бар екені белгілі, соның ішінде жалпыадазаттық құндылық жөніндегі алғашқы пікірлер Сократ, Аристотель заманынан бері жалғасып келе жатыр. Ойшылдардың ізгілікке ұмтылу, шындықты әспеттеу сынды тұжырымдарының әрқайсысының астарында жалпыадамзаттық құндылықтардың жатқандығы белгілі. Алғашында философиялық түсінік ретінде қалыптасқан құндылық теориясы, кейін келе басқа да гуманитарлық салалардың қатарында көрініс тапты, оның ішінде әдебиет, мәдениет, тарих салаларына да қатысы бар екендігі дәлелденді. 

Құндылықтар мәселесінің ғылыми тұжырымдамасы 1960 жылдары В.П.Тугаринованың «Марксизмдегі құндылықтар теориясы» еңбегінен бастау алады. Маркстік идеология тұрғысынан түсіндірілген еңбек болса да, жалпы құндылықтар теориясын зерттеуге жол ашты десек болады. Шетел әдебиетінде ұлттық құндылықтарға анықтама беріп, зерттеген ғалымдардың ішінде Т.Г.Исламшиннің «Полиэтникалық ұжымдағы этникалық құндылықтар» және А.Ю.Шадженің «Ұлттық құндылықтар және адам» атты еңбектерін айтуға болады. Т.Г.Исламшиннің еңбегінде ұлттық құндылықтар «Ұлт және мемлекет» контекстінде зерттелсе, А.Ю.Шадженің еңбегінде салт-дәстүрлер, наным-сенімдер жүйесі негізінде зерттеулер жүргізілген. Құндылық мәселесі, негізінен, субъектінің (адам, әлеуметтік топтар, қоғам) объектіге (табиғаттың жаратылысы, материалдық және рухани әлем) арақатынасы негізінде туындайды. Ол философия ғылымдарында үлкен орын алып, кейіннен  Сократ, Аристотель, Канттың этика және эстетика туралы тұжырымдамасымен жалғасты. Мысалы, алғашқы адамдардың аңшылықты өз қолымен емес, таяқ не таспен аулағаны тиімдірек және тамақты шикі емес, пісіріп жеу керектігін білгендері алғашқы адамдардың техногенді ортаға келе жатқандығының белгісі ретінде осы жайттарды білуі – құндылық болып есептелді. Алғашқы адамдар ар, ұят деген мінездерді білмеді. Мұндай адами құндылықтар уақыт өте келе қалыптасты. Яғни әр кезеңнің өзінің құндылықтары болатындығы және ол жаңарып, дамып отыратындығын көруімізге болады. Алғашқы құндылықтар жөнінде пікір білдіргендердің қатарында В.Виндельбанд және Г.Риккертті жатқызуға болады. Соның ішінде В.Виндельбандтың пікірінше, өмірдегі барлық құбылысты философия деп атағандармен келісемін, бірақ философия ғылымын анықтайтын дүние ол –құндылық мәселесі деп көрсетеді. Риккерт мәдениеттің жоғары деңгейге жетуін құндылық деп есептейді. Осы секілді ғалымдардың ойынан бөлек, Вебер құндылықтың әлеуметтік-тарихи жағын айтып өтеді. Вебердің ойын ары қарай дамытушылардың бірі М.Шелер болды. Шелердің ойынша құндылық адам ойының жетілуі нәтижесінде дамиды. Субъект және объект мәселесі  құндылықтар теориясын  зерттегенде маңызды рөл атқарады. Мысалы, Рикерттің пайымдауынша,  құндылықтар – объектіге де субъектіге де қатысы жоқ, ол өзінше жеке әлем деп көрсетеді. Келесі бір ойшылдар құндылық турасында қарама-қарсы пікір білдіреді. Огберн және Нимкоф сияқты ғалымдар құндылық феномені түпкілікті субъективті факторға қатысты, өйткені «кез келген зат өздігінен құндылыққа айналатын белгілі бір қасиетке ие болмайды, құндылыққа айналдыратын ол – адам», деген пайымда. Ал Расселдің пікірі бойынша әр адамның талғамына сай, жеке индивид ретінде құндылық деп өзі баға беруі керек екендігін айтады. Осылайша ғалымдардың арасында құндылықтарға қатысты бірталай пікір қайшылықтары болған. Алайда соңғы пікір құндылық – объектіге емес, субъектіге қатысты деген пікір болды. Осыған орай философ ғалымдар құндылықтардың бірнеше түрлерін атап өтеді. Олар:

1. Материалдық құндылықтар (техника және тағы басқалары.)

2. Саяси-әлеуметтік құндылықтар (теңдік, бостандық немесе еркіндік және т.б.)

3. Рухани құндылықтар (шындық пен әділдік, әдемілік және т.б.)

Егер осы үш категорияның ақырғысына тоқталсақ, біз қаншалықты осы тармақтың мән-мағынасын түсініп жүрміз? 

Рухани құндылық – шындықпен өлшенетін болса, онда қазіргі қоғамның аяқ-алысы, бет-бұрысы неге өзгерді? Деген секілді сауалдар туындайды. Шындық – Құдайдың бір аты. Ол жоғалған жерде ар, ұят, иман секілді таза құндылықтар болмайды және болуы да мүмкін емес. 

Әр құбылысты «суық ақылмен» сынаған Шәкәрім философиясының мәні де шындықта жатыр еді. Шын болмыс, шын бейне, шын таным. Онсыз дүниенің жұмбағын ашу мүмкін емес. Жалпы, құндылық  дегеніміз – объектінің жағымды және жағымсыз тұстарын  көрсететін философиялық-социологиялық ұғым болып есептеледі. Сонымен қатар, құндылықтар әлеумет үшін ең маңызды деген салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптар, нормалар жүйесі мен мән-мағыналардың қызметін өзіне жинақтайды және бағындырады. Ал шетелдік анықтамалықтарда, соның ішінде Кэмбридж анықтамалығында адамдардың өмірдегі дұрыс немесе дұрыс емес деген ең маңызды нәрсе туралы сенімдері деген тұжырымдама берілген. Сонымен бірге, құндылықтардың екі түрін ажыратып көрсеткен. Олар: жалпы немесе негізгі құндылықтар, мәдени-дәстүрлі құндылықтар. Ғылымда жалпыадазаттық құндылықтар деп термин ретінде қалыптасқан ұғымның мәні тереңде. Жалпыадамзаттық құндылықтар – адам туралы философиялық ілім мен аксиологияны оқытатын пәннің маңызды құрамдастары жүйесіне енетін түсініктер кешені. Олар адам тегінің ұлттық, саяси, діни және басқа да әуестігінен еркін жалпы мүддесін білдіруімен ерекшеленеді және осы сипатта адамдық өркениет дамуының императиві болып табылады. Сонымен, жалпыадамзаттық құндылықтар – бұл барлық мәдениет пен замандағы адамдар үшін абсолютті стандарт болып саналатын іргелі, жалпыадамзаттық бағдарлар мен нормалар, моральдық құндылықтар. Орыс зерттеушілері жалпыадамзаттық құндылықтардың өзін мақсатына қарай 5 топқа жіктейді. Олар: 

1.Әлеуметтік мақсатты (Қасиеттілік, руханилық, білім, шеберлік, іс, мәртебе, билік, байлық); 

2.Әлеуметтік аспаптық (Құқық, бостандық, әділдік, ынтымақтастық, рақымшылдық); 

3.Дербес-аспаптық (Өмір, денсаулық, күш, ептілік, әдемілік, ақыл; 

4.Субъективті мақсатты (Зат, энергия, кеңістік); 

5.Жалпыадамзаттық мақсатты (Ойшыл рух, қоғам, адам) көздейді.

Ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық сана, оның негізгі құрамдас бөліктері ұлттық дәстүр мен құндылықтар болып саналады, белгілі бір тұрақтылыққа ие және осыған байланысты белгілі бір консерватизмге ие. Бұл жағдай ұлттық сана-сезімнің тарихи дамудың объективті заңдарына қатысты көрінеді. Ұлттық идеяларда, жақсылық пен жамандық ұғымында, анықтамада, ұлттық топтардың санасы өздерінің ұлттық мүдделерін белгілі бір түсінікке сүйене отырып, қолданыстағы әлеуметтік салаға деген көзқарасын білдіреді. Көбінесе бұл қоғамның дамуының объективті тенденциясына қайшы келеді. Дробницкийдің айтуынша, оның заңдылықтарын анықтайтын барлық объективтілік адамдардың іс-әрекетін білдіреді. Лю ди тарих заңдарын өз мүдделеріне сәйкес әрекет етуден басқа жолмен жүзеге асыра алмайды. Үшінші жағдай: құндылықтар белгілі бір мәнге ие бола алады және субъектінің құндылық бағдарларын тек егер олар «іске асырылмаған, бірақ олардың іске асырылуын талап ететін» болса ғана анықтай алады. Ұлттық және жалпыадамзаттық бағалардың өзара әрекеттесуінің қарама-қайшылықты сипатын көрсететін келесі жағдай бұл – ұлттың жалпыадамзаттық процеске қосылуына кедергі келтіруі. Жершілдік пен рушылдықтың кесірі осындай қиындыққа әкеледі. Қай кезеңде де адам өзінің әлеуметтік табиғаты бойынша ортақ игілікке ұмтылады. Сонымен бірге, белгілі бір тарихи жағдайларда ортақ игілікке жетуге бағытталған мұндай ұмтылыс пен іс-әрекет өзінің болмысының негіздерін бұзуға әкеледі. Жалпы әлеуметтік нормалардың және оларға негізделген халықаралық бұйрықтардың әділетсіздігі мен кінәсіздігі, олардың жеке, сонымен қатар топтық және ұлттық мүдделер мен құндылықтарға деген дұшпандығы туралы сана пайда болады. 

Сондықтан жалпыадамзаттық құндылықтар жалпыадамзаттық санаға жүгінгендіктен, сол биіктікке әрбір ұлт құлаш ұруға ұмтылуы керек.

 Француз қаламгерлері де, итальяндық Ренессанс ойшылдары да әлем хаос пен күйреу деңгейіне жетті, «Тек соқырларға ғана ортақ мақсат үшін барлық адамдар достастығы идеясы түсініксіз болуы мүмкін» деп наразылық білдірді. Бұған қарамастан, глобалдық мәселелерді шешу – жекелеген мемлекеттердің жеке ісіне айнала алмайды, дегенмен олардан туындайтын жалпыадамзаттық құндылықтар – барлық халықтардың ұлттық мінез-құлық нормалары болып есептеледі.Сонымен бірге жалпыадамзаттық құндылықтардың қатарына махаббат, бақыт, ақиқат, ар-ұят, наным-сенім және т.б. жататыны белігі. Осы тұрғыда ойшылдардың құндықтардың аталған түрлеріне деген көзқарастары да баршылық. Мысалы, Аристотельдің айтуынша игіліктердің кейбіреуі құнды, басқалары мақтаулы заттардың, үшіншілері мүмкіндіктердің қатарына жатады. Ол: «Құндылар деп – мен құдайдан тарайтын ең қадірлі игілікті айтамын, мысалы, жанды, ақылды, бұлар – бастапқы алғашқы принцип деуге болатын нәрселер. Құнды – бұл сыйлы дүние, сондықтан ондай нәрселерді бәрі құрметтейді. Ізгіліктің әсерімен адам абыройлы болады, өйткені ол – құндылық», – дейді.  Ал Аристотельдің ойын әрі қарай жалғастырушы, екінші ұстаз атанған Әл-Фараби «Риторика», «Поэзия өнері туралы» трактаттарында этикалық, эстетикалық мәселелерге көңіл бөліп, көркемдік, сұлулық, бақыт, мейірбандық, білім категорияларының сырын ашып, солардың негізін дәлелдеп береді. Ғалым этиканы ең бірінші жамандық пен жақсылықты танып білуге мүмкіндік туғызатын ілім деп таныған болатын. Сол себептен ойшылдың этика жөніндегі концепцияларында жақсылық, мейірбандық деген ұғымдар басты орын алған еді. Ал «Бақыт жолына сілтеу» трактатында өлгеннен кейінгі баянсыз бақыт туралы емес, тірі адамның бақыты туралы сөз қозғайды. Ғалымның айтуынша, ол үшін адам әрдайым өзін-өзі жетілдіріп отыруы тиіс. Сонымен қатар, ақиқатқа айналадағы дүниені танып білу арқылы жетуге болатындығын айтады.  Құндылықтар мәселесімен аксиология ғылымы айналысып келеді. Яғни бұл термин грек тілінен аударғанда «құндылық туралы ілім» деген мағынаны білдіреді. Құндылықтар теориясы антикалық  дәуірден бастап қарастырылуда. Кейіннен Э.Гартман «аксиология» терминін тұңғыш рет қолданған болатын.  Әлем халықтары сұлулық, ізгілік, ақиқат сынды болмыстардың мәнін ұғуға тырысты. Осы себептен де зерттелген құндылықтар жүйесі құндылықтар теориясы болып қалыптасты. Соңғы жылдары «Жалпыадамзаттық құндылықтар» көптеген ғалымдардың ғылыми зерттеулерінің өзегіне айналды. Соның ішінде ағылшын зерттеушілері де бар. Ағылшын зерттеушілерінің  ішінде жалпыадамзаттық құндылықтар туралы 4 түрлі түсінік бар. Жалпыадамзаттық құндылықтарды, біріншіден,  барлық адамдар ортақ қолдануы керек, қандай жаста болсын, қандай ортада өмір сүрсе де, барлығына ортақ болуы тиіс; екіншіден, құндылықтар кез келген қоғамға және кез келген әлеуметтік-экономикалық модельдерге сай болуы керек, яғни олар адамзат тарихында мәңгі сақталуы маңызды. Үшінші көзқарас этикалық тұрғыдан талқыланса, төртінші көзқарас философиялық көзқарас болып есептеледі. Әр ғасырда технологиялық мүмкіндіктер алға жылжып, адамзат өміріне өзгерістер әкелсе де, өзгертуге болмайтын тұрақты сакральді құрылымдар бар. Мәселен, адамға қастандық жасау немесе адамды қинау секілді әрекеттерді ешбір ұлтпен, ешбір қоғаммен, ешбір заңмен (дәстүр, салт) ақтауға келмейді. Бұл туралы француз философы Жорж Батай өзінің еңбектерінде көптеп айтып кеткен болатын. Соғыс, қару-жарақ жасау, қинау, зорлау, мойындату, адамды құрбандыққа шалу, адамдарды бір-біріне қарсы қою және т.б. ұстанымдарды жеккөру арқылы Жорж Батай негізгі идеясын алға тартты. Ол идея – осы кесапатты кесірлердің барлығына төзбеушілік. Философиялық ізденістерінде ойшыл ашумен, зұлымдықпен өмір сүрудің қаншалықты жиіркенішті екенін меңзейді. Бұдан құтылудың ортақ нормаларын ұсынып, бірігіп күресуге шақырады. Еске түсірсек, постмодерндік шығармаларда да мұндай элементтер аз-кем ұшырасады. Ирониялық иірімдерді көркем мәтінге енгізу үрдісі Жорж Батай өмір сүрген уақытпен тұспа-тұс келді. Әрбір адам белгілі бір ұғымдарды ақыл-оймен немесе мінез-құлықпен бағалайды. Ал бұл мінез оның тәрбиесімен және әлеуметтік ортасымен байланысты. Әр қауымдастықтың географиялық орналасуына және мінез-құлқына байланысты өзіндік артықшылығы мен ерекшелігі болады. Сонымен бірге құндылықтың қалыптасуына тарихи жағдай да әсер етеді. Алайда, барлық адамзатқа ортақ жалпыадамзаттық құндылықтарды зерттеп, ортақ құндылықтардың жүйесін құру немесе зерделеу де кезек күттірмейтін мәселе.  Құндылықтар этикалық зерттеудің пәні болып табылады. Кейде ағылшын тілінде  «этика», «мораль» терминдері және «құндылықтар» бір ұғымға  біріктіріледі, яғни терминдер бір-бірін алмастырады. Бірақ философтар оларды келесідей ажыратады: Құндылықтар мен мораль бір-бірімен тығыз байланысты, дегенмен мораль ұтымды ойлаудың нәтижесі, ал құндылықтар әлеуметтік ортадан туындайды. Кейбір кезеңде адам немесе ұлт өзінің «эголық» шеңберінен шығып, өз іс-әрекеттерін жалпыадамзаттық және басқа да принциптер тұрғысынан қарастырады. Бұл ұстаным ұлттық қабілеттерді, мүдделер мен құндылықтарды бағалауда объективті болуға, оларға түзетулер енгізуге мүмкіндік береді. Бұл жағдайда жалпыадамзаттық құндылықтар ұлттық өмір салты қабылданатын стандарт ретінде әрекет етеді. Мұндай тәсіл көпшіліктің консервативті психологиясын өздігінен бұзуға ықпал етеді, бұл өмірдің құндылығы ретінде қалыптасқан өмірге артықшылық береді. Мұндай психологияға жақсы өмір туралы абстрактілі армандар тән, сонымен бірге жаңа идеяларды дамытуға және олардың практикалық іске асырылуына байланысты қосымша алаңдаушылықты, жеке жауапкершілікті өз мойнына алғысы келмеуі жатады. «Қазіргі тарихи жағдайдың ерекшелігі, – деп жазады Л.В. Скворцов, – бұл – адамның макроәлемі әрі микро-әлеміне енетіндігінде. Әр адамға белгілі бір дәрежеде ортақ тарихи жауапкершілік жүктеледі. Осылайша, адам әрқашан ізденіс үстінде болып, өзінің көкжиегін біліммен кеңейтіп отыруы маңызды болмақ». Құндылықтар теориясын зерттеген ғалымдардың пікірі бойынша, әр ғалымның құндылықтарға деген көзқарасында ерекшеліктер бар. Оған тағы да дәлел келтірер болсақ, М.Рокич құндылықтарды мынадай топтарға бөледі:

1.Мақсатты құндылықтар (өз-өзіне деген сыйластық, жанұя, жайлы тұрмыс және т.б.)

2.Құралдық құндылықтар  (батылдық, жауапкершілік, ақыл-ой және т.б.)

Осылайша, барлығын қосқанда 36 құндылықтың түрін ажыратып көрсетіп береді. Ғалымның пайымдауынша, адамның өмірде қол жеткізгісі келетін және қалайтын жағдайы мақсаттық болып, ал сол мақсаттық құндылықтарға жету үшін жасалатын іс-әрекеттері құралдық құндылықтарды құрайды. Ю.А. Шерковиннің ой-пікірлері бойынша, бір уақытта жеке және әлеуметтік тәжірибелермен шарттасқан құндылықтар жүйесінің екі жақты сипаты, оның екі жақты функциолналды мағыналарымен анықталады. Біріншіден, құндылықтар адамдардың саналарына сақтау және қалыптастыру үшін керек негіз болып табылады, олар жеке индивидке анықталған бағытты ұстануға, өзінің көзқарасын айтуға, баға беруге көмегін тигізеді. Осылайша, олар сананың бөлігі ретінде қарастырылады. Екіншіден, құндылықтар өзгертілген түрде, қызметтер және тәртіптердің мотивтері ретінде қолданылады. Себебі әлемдегі адамдардың бағыттары және олардың белгілі бір мақсаттарға жету үшін жасаған әрекеттері әртүрлі болады. Жалпы, құндылықтар – өте үлкен әлем. Олар өзгеріп, дамып, бір түрден екінші түрге ауысуы, трансформацияға ұшырауы, жойылып кетіп, жаңасы пайда болуы мүмкін. Ғалымдар арасында құндылықтардың ерекшеліктерін ашуда әр түрлі ойлар айтылған. Соның бірі ғалым Ш.Шварц жалпы құндылықтардың негізгі алты түрлі екекшелігін атап көрсеткен:

1.Ең алдымен құндылықтар – бір-бірімен байланыстағы сенімдердің жиынтығы. Бұл ерекшелігі – адамға эмоционалдық тұрғыдан әсер етеді. Яғни адамның басындағы әр түрлі жағдайға байланысты немесе мемлекеттік жағдайға байланысты адамның эмоционалдық тұрғыдан жауап беруі;

2.Одан кейін құндылық дегеннің өзі адамды әртүрлі іс-әрекеттерді жасауға итермелейді. Яғни құндылықтарды сақтау жағынан күреске немесе басқа да жағдайларға жетелеуі;

3.Келесі ерекшелігі ретінде құндылықтар ешқашан белгілі заттарға тәуелді болмайды. Сонымен қатар құндылықтың өзінің кейбір ортада аса қатты маңызды орын алса, кейде адамдар құндылықты жете түсінбеуі мүмкін;

4.Құндылықтардың өмір сүретін нақты ортасы болмайды. Ол кез келген жерде немесе кез келген уақытта көрініс табуы ықтимал;

5.Құндылықтардың өзі іштей жіктеледі, дараланады. Маңыздылығына қарай топқа да бөлінеді. Сонымен бірге әр ұлт өкілдері, тіпті адамдар арасында да құндылықтардың түрлері жөнінде баға беруі әртүрлі;

6.Мінез ерекшелігі де құндылыққа әсер етеді.

Хош, құндылықты қанша тарауға немесе қанша тарапқа жіктесек те, маңыздысы – оның іске асуында. Бізде, өкінішке орай, осы тұрғыда айғай, ұран, пафос көп. Кез келген іске пафоссыз кірісуге дағдылана алмай-ақ қойғанымыз жанға батады. Егер құндылық дегеніміз – әлеуметтік желі қолданушыларының бірін-бірі мансұқтау, бірін-бірі негізсіз мақтау болса, қандай да бір «жұлдыздың» түскі асының айналасы болса, реттелмей жатқан шараларды реттегісі келіп, бірақ оған шын ықыласымен берілмеген тұлғалардың бойкүйездігі болса, онда оны құндылық деуге ауызымыз бармайды. Біздіңше, құндылық атаулының барлығы да алдымен өзіңе, одан кейін отбасыңа, қала берді ұлт пен адамзатқа деген шынайылығыңа байланады. Ұлт күйінсе, күйініп, ұлт сүйінсе, сүйініп, әрбір сәтті қадари хәлінше ақыл көзімен баққанда ғана біз айтып отырған тақырыптың бір парасы ашылар деп топшылаймыз. Сонымен, құндылықтар – адамзат ғұмырының мәні болып есептелетін біркелкі әрі жоғарғы мінез-құлық пен ғұмырлық наным-сенімдердің топтасқан жиынтығы болып есептеледі. Құндылықтардың көмегімен тек қана жеке индивидтің, яғни тұлғаның ғана емес, бүкіл халықтың, этностың немесе мемлекеттің құндылықтық бағдарын айқындауға болады. Ол бірінші кезекте ұлттық құндылықтарды саралауға, зерттеуге көмектеседі. Құндылықтардың статикалық және динамикалық деген екі түрлі қыры бар екендігі белгілі. Алайда осы мәселеге келгенде зерттеушілер арасында пікір қайшылықтары кездеседі. Құндылықтар жүйесінің өзгеріске ұшырауына, алмасуына әртүрлі факторлар әсер етеді. Сондай-ақ қоғамдық фактор мен әлеуметтік және саяси, психологиялық деп аталатын факторлар да әсер етеді. Анықтап айтатын бір нәрсе бар, егер сөз – құндылық ретінде өмір сүріп жатса, я болмаса өмір сүруге хақысы болса, қоғамда қандай да бір мәні болса, онда ол да лайықты бағасын алуы керек. «Сөзге тоқтаған» халықтың басты қасиеті осында. Даралық жүйесі де осы жүйеде жасырынған. Сөз құнды болған сайын, ой еркін бола түседі. Ой еркін бола түскен сайын ұлттың жаңаруы немесе деколонизация үрдісі басталады.

 

 

 

 

Бөлісу:

Көп оқылғандар