Ежелгі мифтердегі аруақ архетипі (төрт таған)
Бөлісу:
Әр халықтың мифтік сюжеттерінде, ертегілерінде о дүниелік тылсым күш немесе аруақ образы көрініс табады. Бұл мифтер алғашқыда табиғатты сезіну «түбірінен» өрбіп, бірте-бірте сюрреалистік сипатқа көшкен. Грек мифологиясында Зевс, Гера, Посейдон, Афина сияқты құдайлар мен Персей, Геракл, Одиссей сияқты кейіпкерлер – сол халықтың танымының жаратылысы. Басқаша айтқанда, байырғы дәстүрінің бір бұтағы.
Басқа елдердегі секілді аруақ образы грек мифтерінде әртүрлі деңгейде суреттеледі. Ол бірде жағымды (күш беруші, қорғаушы), бірде жағымсыз (қарғаушы, өлтіруші, қорқытушы) кейіпте болады. Аруақтар, яки әлем мен адамдар арасында делдал болып қызмет ететін рухани жаратылыстар, көбіне өлген адамдардың рухтары ретінде сипатталады. Мысалы, «Сизиф туралы» аңызда Сизифтің жазалануы, оның талпынысының бос кеңістікке сіңуі, құдаймен тай-таласы тылсым образдардың бір парасы болмақ. Абсурдтық идеяға негізделген мұндай сюжеттер грек мифтерінде жиі кездеседі.
Гомердің «Илиада» және «Одиссея» поэмалары, Гесиодтың «Теогониясы», Софоклдың, Эсхилдің және Еврипидтің трагедиялары – барлығы да грек мифологиясынан алынған образдар мен тақырыптарды қамтиды. Бұл шығармаларда адамның күнделікті өміріндегі қиындықтар, арғы өмір гипотезасы, моральдық этикасы және басқаша ойлау жүйесі бой көрсетеді.
Ежелгі грек мифтерінің әлеуметтік және мәдени мәні зор. Олар халықтың дүниетанымын, құндылықтарын, сенімдерін және нормаларын қалыптастыруға көмектесті. Грек мифологиясындағы аруақтар мен жаратылыстардың образдары әдеби ізденістерде адамзаттың мәңгілік тақырыптарын, яғни өмір, өлім, тағдыр және мораль туралы ізденістерді негіздейді.
Ежелгі грек мифтері мен аруақ образы – әдебиет пен мәдениет тарихындағы маңызды элементтер. Олар адамның санасына терең әсер етіп, сол арқылы өнердің, философияның әрі әдебиеттің дамуына ықпал етті.
***
Грек мифтері сынды ежелгі ағылшын мифтері де арғы әлем туралы жұмбақтарға бай. Британия мен Орталық Англияның дәстүрлі аңыздары, фольклоры мен халық ертегілерінде адамның бұл дүние мен о дүниедегі өмірі салыстырылып беріледі. Кейде шындық мифтің ішіне, миф шындықтың ішіне кірігіп кететін тұстар аз емес. Бұл әдіс – көркем шығармалардан бастап, фантастикалық фильмдерге дейін қолданылған. Мәселен, Толкиннің «Сақиналар әміршісі» романында аруақтар тіріліп, бітіспес майданға қатысатыны бар. Бұл да шығармаға тың динамика, интрига және тартыс сыйлайды.
Адам тағдыры – ағылшын мифтерінің негізгі тақырыптарының бірі. Көптеген аңыздар мен хикаяларда адам өмірінің мәні, таңдау жолы және тағдырды алдын ала белгілеуші тылсым күштер суреттеледі. Мысалы, Артурдың тағдыр жолын өзі таңдауы секілді эпизодтар жиі кездеседі. Аруақтар, яғни өлгендердің рухтары, көбінесе жерде қалған unfinished business (аяқталмаған іс) арқылы адамдарға әсер етеді. Осы тұрғыда аруақтар шын өмірде, жер бетінде орындалмай қалған міндеттерін атқару үшін қайта келетін әрекетімен үйлеседі. Мұндай үрдіс, әсіресе, готикалық жанрдың түрлі иірімдерінен табу болады.
***
Ежелгі үнді мифтерінде де құдайлар, аруақтар, иллюзиялық қаһармандар мен тылсым жаратылыстар туралы баяндайтын көптеген аңыздар бар. Ведалық мәтіндер, «Махабхарата» мен «Рамаяна» эпостары, сондай-ақ фольклорлық жәдігерлер үнді мифологиясының маңызды бөлігін құрайды.
Үнді мифтерінде аруақтар, яки рухтар, көбінесе жерде тіршілік ететін жақын адамдарға немесе қоғамға жәрдем көрсету үшін құдайлармен немесе басқа жаратылыстармен байланысқа түседі. Көптеген үнді мифтерінде аруақтардың ұлттық немесе отбасылық тарихқа әсер етуі, сондай-ақ олардың жердегі өмірлерімен байланысы көрініс табады. Мысалы, «Махабхарата» эпосындағы кейіпкерлер дүниеден өткен аруақтардың кеңестері мен рухани нұсқаулықтарына сүйенеді.
Бұрынғы дәстүрдің әдебиетке әсері мен ықпалы зор. Дәстүр мен жаңашылдық қақтығысында да метамәтіндік инерция, түп негізге оралу тенденциясы қайыра ұшыраса беретіні шындық. Ежелгі үнді әдебиеті дінде, философияда және моральдық қағидаларда өнер мен әдебиеттің интеграциясын көрсетеді. Бұл шығармаларда методологиялық қисын мен адалдық идеалдары бар. Мысалы, «Рамаяна» мен «Махабхарата» – тек қана эпостық шығармалар емес, сонымен қатар адамгершілік құндылықтар мен этикалық таңдаулар туралы терең ойларды қамтитын философиялық мәтіндер.
Ежелгі үнді мифологиясы мен әдебиетінің халықтың дүниетанымына, өмір сүру стиліне және қоғамдағы моральдық нормаларға әсері айтарлықтай жоғары болды. Олар космологиялық сырларды табуға, адам жанының табиғатын және этикалық қабаттарды түсінуге көмектеседі. Арғы өмірді зерделеу және сол өмірдің бар екеніне сену арқылы адамдар табиғатқа бір табан жақындай түседі. Тіпті, табиғаттың өзіне айналады десек, қателеспейміз. Осылайша, ежелгі үнді мифтеріндегі аруақ архетипі және бұрынғы дәстүрдің әдебиетке әсері – адамның өмірі мен дүниетанымының терең және көпқабатты аспектілерін көрсетеді. Олар адамзаттың санасындағы мәңгілік сұрақтарды зерттеудің және түсінудің сипаттамаларын ұсынады.
***
Ең көне мәдениет өкілдерінің қатарына Қытай өркениеті жатады. Ежелгі қытай мифтері – Қытай мәдениетінің тереңдігі мен байлығын көрсететін, ғасырлар бойы қалыптасқан аңыздар мен хикаялардың жиынтығы. Бұл мифтерде табиғат күштері, қару-жарақ, құдайлар, батырлар және аруақтар бейнеленеді. Мысалы, Нюйва – адамзаттың жаратушысы, Чанъэ – ай құдайы және Дао Тиан – аспан құдайы сияқты кейіпкерлер қытай мифологиясында маңызды рөл атқарады.
Аруақ архетипі – қытай мифтерінің негізгі элементі. Аруақтар, яғни ата-бабалардың рухтары, қытай мәдениетінде ерекше құрметке ие. Бұл рухтар отбасының тарихи дәстүрі мен мәдени мұрасының салтанатын көрсетеді. Адамдар аруақтарға сый-құрмет көрсетіп, олардан бата алуға тырысады. Аруақтардың қоғамдағы рөлі – адамдарды қорғау, жол көрсету және өмірдің күрделі сұрақтарын түсіндіру. Мұндай рухтар отбасы мен қауымның бірлігі мен тұрақтылығын қамтамасыз етуге көмектеседі.
Ежелгі қытай мифологиясының әлем әдебиетіне ықпалы зор. Ежелгі қытай жазуларының, поэзия мен прозалық шығармаларының алтын арқауы да – осы мифтер мен аңыздар еді. «Шицзин» (Киелі поэзия жинағы) мен «Дао дэ цзин» (Даосизмнің негізгі мәтіні) секілді шығармаларда мифологиялық сюжеттер арқылы моральдық, философиялық және рухани мәселелер терең зерттелді. Мифологияда кездесетін символизм мен семиотикалық, мистикалық тақырыптар әдебиетте адамның табиғаты, өмір мен өлім, қоғам мен жеке тұлға арасындағы байланыс туралы ой қозғауға көмектесті.
***
Аруақ – өлген адамның бейнесі ғана емес, ол тіршілік еткен сәуле, адам санасындағы із. Біз бұл тақырыпты эйфориялық күймен емес, мәтіннің нөлдік деңгейінде түсінуге тырыстық. Төрт мәдениетті қарастыра келе, әр елдің дәстүрі Жаратушы мен адам арасындағы магиялық байланысты әспеттейді. Шәкәрімнің бес сауалының ішінде адамның өлгеннен кейінгі өмірі жайлы сұрауы бар. Бірақ сұраққа жауап бергеннен кейін оның дәлелін келтіруді міндеттейді. Дәлел. Яғни, суық ақылға негізделген тұжырым. Біздің аруақ деп жүргеніміз, шын мәнінде, санамыздың ойлап тапқан дүниесі емес пе деген пайым да жылт ете қалады.
Дегенмен сан ғасыр өтсе де, аруақ архетипі сана қатпарынан қайта-қайта аршылып, әр кезде жаңа бейнеде көрініс тауып отырды. Әлі де талай дискурстарға түрткі болары сөзсіз.
Бөлісу: