Ахмет Байтұрсынұлының ақындық туралы айтқандары

Бөлісу:

05.09.2018 40570

СӨЗ ӨНЕРІНІҢ ҒЫЛЫМЫ

Сөз өнеріне жұмсалатын зат – сөз.

Сөз шумағы тіл деп аталады. Сөз өнеріне жұмсалған сөз шумағы да тіл я лұғат деп аталады.

Шығарма тілі екі түрлі болады: 1. Ақын тілі. 2. Әншейін тіл. Ақын тілі айырықша өң беріліп айтылған сөз: әншейін тіл ондай өң берілмей, жай айтылған сөз. Ақын тілімен сөйлегенде, сөзге айырықша өң берілгендіктен лебіз көрнекті болып шығады. Әншейін тілмен сөйлегенде сөзге өзгеше өң берілмегендіктен, лебіз сида, жалаңаш болып шығады. Сондықтан алдыңғысы көрнекті лебіз делініп, соңғысы жалаң я (көсе) лебіз делініп айтылады.

Сөз өнері деп асылында нені айтамыз?

Бір нәрсе турасындағы пікірімізді, яки қиялымызды, яки көңіліміздің күйін сөз арқылы жақсылап айта білсек, сол сөз өнері болады. Ішіндегі пікірді, қиялды, көңілдің күйін тәртіптеп қисынын, қырын, кестесін келістіріп сөз арқылы тысқа шығару — сөз шығару болады. Шығарма дегеніміз осылай шығарған сөз. Сөзді бұлай етіп шығаруға көп өнер керектігі жоғарыда айтылды. Сөз шығару өнерді қорек қылса, өнер ғылымды қорек қылады. Мұнан сөз өнерінің ғылымы туады.

Шығарманың екі жағы бар: 1. Ішкі пікір жағы. 2. Тысқы тіл жағы. Сондықтан сөз өнерінің ғылымы екіге бөлінеді: 1. Шығарманың түрінің ғылымы. 2. Шығарманың тілінің ғылымы.

Тілінің ғылымы дыбыстардың, сөздердің, сөйлемдердің заңынан шығатын тіл өңінің жүйелерін танытады, ғылыми сөз өнерінен шыққан нәрселердің мазмұн жағының жүйелерін танытады. Сондықтан сөз өнерінің ғылымы, шығарманың тіл өңі жағынан тіл я лұғат қисыны болып, мазмұн жағынан қара сөз жүйесі, дарынды сөз жүйесі болып бөлінеді.

ҚАРА СӨЗ БЕН ДАРЫНДЫ СӨЗ ЖҮЙЕСІ

Екі түрлі лебіз бар: бірі жалаң, екіншісі көрнекі болады деп жоғарыда айтылған еді. Қайсысымен сөйлесек те сөйлеу болады. Бірақ сөйлеуді негіз түріне қарай айыру қажет болған орында жалаң лебізбен айтылған сөзді ғана сөйлеу дейміз де, көрнекі лебізбен айтылған сөзді жырлау-толғау дейміз. Сөйлеуде, жырлауда, толғауда бұл күндегі әдебиет алқасына кіретін жалаң лебізді және көрнекі лебізді сөздердің таптарын анық ашуға жарамсыз болғандықтан жалаң лебізді сөздерді қара сөз деп, көрнекі лебізді сөздерді дарынды сөз деп атау қолайлырақ. Әдетке қарамай, асылына қарағанда, «Қара сөз» деген мен «Сөйлеу» деген екеуінің мағынасы бір болып, «Дарынды» сөз деген мен «Жырлау», «Толғау» дегеннің мағынасы бір болып, бірінің орнына бірі айтыла береді. Қара сөзді шығармалардың да, дарынды сөзді шығармалардың да түрлерінің өлеңдісі, өлеңсізі болады.

Сөздің асыл болуы ұнауымен.

Сөз көңілге сипат жағының көркемдігімен, сөз мағына жағының күштілігімен жағады. Сөз көркемдігі әуезінің әдемілігі мен кестесінің келісті болуынан табылады. Әуез әдемілігі сөзді дыбыс жағынан тәртіптеп, үйлестіріп тізуден болады. Күштілігі сөздің қалыпты мағынасының үстіне күш қосатын әдістерді істеуден болады. Бұлардың бәрі де тіл (лұғат) талғауы туралы сөйлеген жерде баяндалған. Бұл жерде айтып өтерлік бір нәрсе — сөздің бірі жалаң, бірі көрнекі көрінуі неден екендігі. Ол мынадан болады.

Жоғарыда айттық, жалаң сөз дегеніміз жалаң лебізбен айтылған сөйлеуі орнына жүретін ұғым деп; көркем сөз дегеніміз көрнекі лебізбен айтылған толғау орнына жүретін ұғым деп.

Сөзді жалаң түрінде айтқанда, күш көбінесе зейін жағына салынып, пайым терең, мағына күшті, пікір дәлелді болып айтылған сөз адамның ақылына қонуы көбірек көзделеді.

Сөзді көркем түрінде айтқанда, күш көбінесе қиял мен қиыс (түйіс) жағына салынып, сүгіреті толық, меңзеуі мерген, қисыны қызық болып, сөз әсерінің күшімен көңілге ұнауы көбірек көзделеді.

Сөз ақылға қонады шындығымен, көңілге ұнайды өңі үйлестігімен, өң үйлесуін жарастық, келістік дейміз. Келістік көрік негізі екендігі өлеңді сөйлемдер туралы сөз болғанда айтылды. Оны тағы қайтадан сөйлеудің қажеті жоқ.

Мақалдың мәні, тек сөзге көрік болуда болса, сақалдың мәні, тек жүзге көрік болуда болса — шындыққа ондай нәрселердің керегі жоқ. Жағатын опа сияқты — тек көрік үшін ғана керек нәрсе, шындықтың жүзін күнгейлейді. Неғұрлым ашық, неғұрлым жалаңаш болса, шындық солғұрлым ашық, солғұрлым жарық болмақ. Шындықты көріктеу шыныны әдемілеймін деп бетін шимайлап, жарығын күңгірттеу болады. Шындығымен ақылға қонуын көздейтін сөздер сақал-мұрт сияқты көрік болатын нәрселерден аман болады. Сондықтан ол жалаң сөз деп аталады. Келістігімен, әдемілігімен көңілге ұнауын көздейтін сөздер сақал-мақал сияқты адамға келісті көрінетін нәрселермен көркем көрінеді. Сондықтан бұлар көркем яки дарынды сөз деп аталады. Жалаң сөз нәрсені тиіс жағынан алып, пайым бойынша сөйлейтін шындық сөзі, шын әңгіме болады. Көркем сөз нәрсені түйіс жағынан алып, қиял бойынша сөйлейтін шын емес, шығарғы әңгіме болады. Көркем сөз — көңіл тілі, жалаң сөз — зейін тілі. Жалаң сөз зейін байлығына қарайтын нәрсе, көркем сөз қиял байлығына қарайтын нәрсе. Жалаң сөз дүниені тұрған қалпында алып айтады. Көркем сөз дүниені көңілдің түйген, қиялдың меңзеген әлпіне түсіріп айтады. Көркем сөз айтқанын ақыл табуынша дәлелдеп, мәністеп қақиқат түрінде айтады. Көркем сөз айтқанын қиял меңзеуінше бейнелеп, әліптеп көбінесе ұйғару түрінде айтады. Жалаң сөз дүниеде шын болған, шын бар нәрселерді әңгіме қылады. Көркем сөз болуға ықтимал деген нәрселерді де алып сөз қылады; хатта қисынын келтіріп болмаған нәрсені болғанға, жоқ нәрсені барға ұйғарып сөз қылады. Қисынын келтіріп, қиялдан туғызып әдемі әңгіме шығару — ақындық дарыған адамның ғана қолынан келеді: жалаң сөздің қара сөз делініп, көркем сөздің дарынды сөз делініп аталуының мәнісі де осыдан.

Сондықтан қара сөзде айтылған нәрсе дүниеде нақ болған, сол күйде және бар нәрсе деп білу керек те, дарынды сөзде айтылған нәрсе дүниеде нақ сол күйде болып етпегенмен, яки бар болып тұрмағанмен, дүниеде болатын және боларлық нәрсе деп білу керек. Қысқасынан айтқанда, қара сөз жаратынды, тиіс ғалам турасындағы әңгіме де, дарынды сөз ұйғарынды түйіс ғалам турасындағы әңгіме.

Тиіс ғалам турасында сөйлегенде жай күйінде жабайы тілмен тиістісін айтамыз. Түйіс ғалам турасында сөйлегенде көңіл түюінше өң беріп, дем беріп, көрнекі тілмен айтамыз. Бірақ тиіс ғалам турасында сөйлегенде де айқындық үшін ажарлау керек болса, жалаң лебіз орнына көрнекі лебіз жұмсалады.

Қара сөз бен дарынды сөздің арасындағы парық жұмсалатын орнына, қызметіне қарай былайша айрылады: дарынды сөз адамның ойына өң береді, көңіліне күй түсіреді, қара сөзден адам тек ұғым алады.

Арабша қара сөзді шығарманы насыр деп, дарынды сөзді шығарманы назым деп атайды. Арабша айтқанда біз де солай дейміз; қазақша айтқанда қара сөз, дарынды сөз деп жүргіземіз.


ДАРЫНДЫ СӨЗ

Дарынды сөз деп ақын тілді шығармаларды айтатынымыз алдыңғы баптарда айтылған сөздерден мәлім болғандықтан, мұнда қайта баяндаудың қажеті жоқ.

Қара сөз көбінесе ғалымдардың, шешендердің сөзі болатындығы қара сөз түрлерінен анық көрінді. Дарынды сөз олай емес, ақындардың, арқалылардың сөзі болады. Ақындар ғалымдар сияқты болған уақиғаны яки нәрсені болған күйінде, тұрған қалпында бұлжытпастан айтып, дұрыс мағлұмат беріп, қақиқаттауға тырыспайды. Тұрған нәрсе тұрған күйінде, болған уақиға болған күйінде ақынға өте үйреншікті, жай қалыпты жабайы көрінеді. Оның бәрін ақындар өз көңілінше түйіп, өз ойынша жорып, өз ұйғаруынша суреттеп көрсетеді. Сол өзі ұйғарған түріндегі ғаламды сөзбен көрсетуге бар өнерін, шеберлігін жұмсайды. Сөйтіп шығарған сөзі көркем сөзді шығарма болады. Оны шығаруға жұмсайтын өнердің аты ақындық болады. Ақындықтан шыққан сөзді яғни көркем лебізді шығармаларды, үлгілі жұрттар айтылуына қарай үшке бөледі:

1. Әуезеленіп айтылуына қарай.

2. Толғанып айтылуына қарай,

3. Ғамалдап айтылуына қарай.

Бұлайша болу қазақтың жазба әдебиетінің түрлеріне келсе де ауыз әдебиетінің түрлеріне келмейді. Сондықтан қазақ ауыз әдебиетінің шығармалары айтылу түріне қарай бөлінбей, тұтыну орнына қарай бөлінеді. Осылай бөлінбесе, ауыз әдебиетінің сөздерінің көбі жоғарғы айтылған үш салаға үйлеспей, далада қалып қояды. Ауыз шығармаларды сөз қылғанда, көркем сөзді шығармаларды ғана сөз қыламыз. Қазақ ауыз әдебиетінде көсе сөзді шығармалар жоқ. Неге болмайтындығын азырақ айтып, түсіндіріп өту қажет болады.

Жазу-сызу жоқ жұртта көсе сөзді шығармалар болмайды. Себебі жазу-сызу жоқ жұртта өнер-ғылым болмайды. Ғылым дегеніміз дүниені, яғни табиғатты дұрыс тану. Ғылым жоқ болса, дүниені тану дұрыс болмайды. Дүниені дұрыс танымаған соң, дүние турасындағы мағлұмат жиысатын сана-саңлауы дұрыс болмаған соң, табиғаттың күшін, ісін, қасиетін бұрынғылар теріс танып, теріс әуезе қылған. Сондықтан бұрынғылардың ертегі сияқты, ертегі жырлар сияқты шығарған сөздері біздерге шып-шылғи өтірік көрініп, біздің ақыл арнамызға жуыспайды.

Қай халықтың да болса, жазу-сызу білмеген заманы болған. Сондықтан ертегі сияқты өтірік сөздер қай халықта да болса бар.

Әдебиет сөзін тәртіптеп тапқа бөлу керек. Жұртынан шыққан олар ауыз сөзді де айтылу түріне қарай негіздік үш тапқа бөлген: 1. Әуезе. 2. Толғау. 3. Айтыс. Не үшін олай бөлген мәнісі әр табын бас-басына баяндағаннан көрінбекші.

1.ӘУЕЗЕ

Әуезелеуші айтатын сөзіне өзін қыстырмай, өзінен тысқары ғаламда болған істі әңгіме қылады.

Ескерту: тысқарғы ғалам деудің мәнісі адамда екі ғалам болады — ішкі ғалам, тысқы ғалам.Ақыл көңіл, қиял сияқты адамның рухына қараған жағы — ішкі ғалам болады да, онан басқалары — басқа адамдар, мақлұқтар, нәрселер, бүтін дүние тысқы ғалам болады.Әуезе тысқы ғалам турасындағы сөз. Ақын әуезе түрінде сөйлегенде уақиғаның ішінде өзі болып, басынан кешірген адамша сөйлемей, тек сыртта тұрып бақылап, уақиғаға көз салған адамша, хатта біреуден естіген адамша айтады. Уақиғаны бұлайша түрде айтып көрсету — тысқарғы түрде айту болады. Сондықтан әуезе көркем сөздің тысқарғы түрлісі болады. Бірақ әуезеге алынған уақиға болғандықтан және де ол уақиға айтушы өзінше көрік беріп, шығарғандығы сөзі әуезе болады.

2. ТОЛҒАУ

Толғағанда айтатын нәрсесін толғаушы тысқарғы ғаламнан алмай, ішкергі ғаламнан алады. Толғаушы ақын әуелі көңілінің күйін-мұңын, мүддесін, зарын, күйінішін, сүйінішін айтып, шер тарқату үшін толғайды. Екінші ішкергі ғаламында болған халдарды, нәрселерді тысқа шығарып, басқаларға білдіріп, басқаларды сол көңілінің күйіне түсіріп, халын түсіндіру мақсатпен толғайды. Толғау қысқасынан айтқанда іш қазандай қайнаған уақытта шығатын жүректің лебі, көңіл құсының сайрауы, жанның тартатын күйі, ақындық жалғыз өз көңілінің күйін толғай білуде емес, басқалардың да халін танып, күйіне салып, толғай алуда.

Әуезі тысқарғы ғаламның жыры, толғау ішкергі ғаламның күйі деп екі айырғанымызбен, екі ғаламның ісінің арасында зор іліктік бар нәрсені танығанда, сол тануымыздың өзі екі жақты болатындығы жоғарыда «Қара сөз», «Дарынды сөз» деген бапта айтылды. Әр нәрсені саңлап, санамызға алған уақытта ол нәрселер турасындағы ұғымдарымызға көңіл кіріспей тұрмайды. Адам дүниедегі көрген-білген нәрселерін тек байқап, тек пікірлеп, тек саңлаулап қана қоймайды. Ол нәрселермен қатар адамның көңіліне күй де жасалады. Адам көрген-білген нәрсенің я ісінің біріне күйінеді, біріне сүйінеді, бірінен сескенеді, бірінен шошынады. Сезіліп тұрған тысқарғы ғаламмен, сезіп тұрған ішкергі ғаламның екі арасы санаға келіп түйіскен жерде жыртылып айрылғысыз болып бірігеді. Тысқарғы ғаламнан санаға түскен саңлау мен сана жанында тұрған көңілдің күйін бір-біріне қатыстырмай бөлектеп қоюға мүмкін емес. Адамның санасы фотография (сүгірет машинасы) емес, нәрсенің тұрпатын ғана түсіріп қоятын нәрсенің саңлауы келіп адамның санасына түскенде, адамның ойын да, көңілін де бірдей оятады. Адамның көңілін оятпаған нәрсе тіпті сезілмей дерексіз өтеді. Бірақ адамның ілтипаты тысқарғы ғаламға, бірде ішкергі ғаламға көбірек ауатын орындары болады. Кейде тысқарғы нәрсе өте қорқытса, яки өте қуантса, я болмаса өте тамаша күйде болып таңдандырса, адамның ісін алып, ілтипатын өзіне аударып кетеді. Кейде қайта адам өз ойы, өз қиялы, өз көңілінің күйімен болып, айналасындағы болып жатқан уақиғаларды, істеліп жатқан істерді, тамашалы тысқарғы ғаламды байқамай қалады. Бұл адамның ілтипатын тысқары ғаламнан ішкергі ғалам аударып алып кеткен уақытта болады. Ондай адамдардың көбі ілтипатын көбінесе ішкі ғалам жағына салатын адамдар болады. Кейде тысқары, ішкергі екі ғаламның да күші бірдей болып, ілтипатымызды бірдей түсіреді. Мәселен, бір нәрсе, яки іс қандай көркем, әдемі болса, сондай оған сүйінеміз. Қанша сүйкімсіз жаман болса, сонша жек көреміз.

Сөйтіп, манағыдан бергі айтылған сөздердің қорытуы мынау болады. Ертек тысқарғы ғаламның жыры деп, толғау ішкергі ғаламның күйі деп екі бөлгенімізде, тіпті сорпасы қосылмайтын бөлектік бар деп ұқпасқа керек.

3. АЙТЫС

Айтысқанда екі күрескен балуандар сияқты, бірін-бірі аңдиды, бірін-бірі бағады. Күрескендегі бірін-бірі жығу үшін істейтін әдіс-амалдарды, тәсілдерді мұнда да істейді. Айтысқанда жай сөзбен айтыспай, өлеңмен айтысады. Сондықтан өлеңмен ғана айтысу — айтыс деп аталады. Өлеңсіз айтыстың аты әзіл-ерегіс болады. Бәлки өлең айтыс та о басында әзілден, ерегістен шыққан болар. Бірақ бұл күнде айтыс деп өлең түріндегісі ғана айтылады. Айтыс өлеңді сөз болған соң оған ақындық керек. Ақындықтың үстіне әдіс керек. Күрескенде күшке әдіс серік болу сияқты айтысқанда ақындыққа да әдіс серік болады. Әдісі жоқ әйдік ақынды әдісті анау-мынау ақын жеңіп кетуі мүмкін.

Айтысқанда түрлі нәрселер жайынан сөйлеп, бірін-бірі тосуға тырысады. Көбінесе бірінің-бірі басындағы, еліндегі, жұртындағы міндерін айтып тоспақшы болады. Айтыстың бұл жағының әлеумет алдында пайдасы зор. Адамның, елдің, жұрттың басындағы келіссіз ғамалдарын, мінездерін айтып көрсету, халықтың құлқын түзеуге зор пайдасы тиетін нәрсе. Мұнысын байқағаннан кейін айтыс екінші түрге түсе бастаған. Айтыс бастапқы кезде шын екі ақынның айтысқаны болса да, соңғы кезде айтысты ақындар өз ойынан шығаратын болған. Яғни бір ақын екі ақынның айтысқаны қылып, екі жағының да сөзін өзі шығаратын болған. Сөйтіп айтыс шын айтыс емес, тек шығарманың түрі болуға айналған. Адамның, елдің яки бүкіл жұрттың келіссіз істерін, мінездерін, пиғылдарын айтқысы келсе, ақындар өз атынан айтпай, айтысқан ақындардың сөзі қылып шығаратын болған. Ондай айтыстырып шығарған сөздерді соңғы кездерде екі ақынның өзіне екі адам айтысқан сияқты болып, бара-бара айтыс өлеңде айтылатын келіссіз істерді, мінездерді алаң ауданда істетіп көрсететіндер болды. Онан әрі бара-бара осы күнгі ойналатын түрлі алаң алданышы болып шығар еді. Алдындағы көрсетілетін істерге алаң алданышы деп ат қоюда мәніс бар: оңдағы көретініміз өмірдің өзі емес, тек түрі; сәулесі айнаға түскен сияқты алаңға өмірдің өзі түспей, сәулесі ғана түседі. Алаң айнасына түсіріп көрсететін көбінесе өмір жүзінде, адам арасында болатын ұрыс-керіс, талас-тартыс, алыс-жұлыс, қуаныш-қайғы сияқты түрлі халдар болған себепті сөз өнерінің бір түрі Европа тілінде тек «Айтыс» мағынада емес, «Айтыс-тартыс, арпалыс» мағынада ұғылады. Біздің қазақ Европа әдебиетінен үлгі алмай, әдебиетін өз бетімен жетілдіргенде, қазақтың айтыс өлеңдері алаңға түсе-түсе барып, алаң алданышына айналып, айтыс-тартыс түрге түсетіні даусыз еді. Үлгіні өзге жұрттан алғандықтан алаң әдебиеті бізде төтеннен шығып қалды. Әуезе, толғау, айтыс-тартыс үшеуінің кәрісі — әуезе, ортаншысы — толғау, кішісі — айтыс-тартыс. Айтыс қазақта ауыз әдебиет түрінде болғанмен айтыс-тартыс түріндегі сөздер басқа жұрттарда жазу-сызу, өнер-ғылым шыққан уақытта пайда болған. Шын айтыстар емес, шығарма айтыстар қазақта да соңғы кезде шыққан. Асылында айтыс-тартыс түрлі шығарма ауыз әдебиетінде жоқ.


(«Əдебиет танытқыш» кітабынан)

Әзірлеген: Асылбек Жаңбырбай

Бөлісу:

Көп оқылғандар