Майдан хаттарындағы замана көрінісі
Бөлісу:
(Баубек Бұлқышевтің жазбаларына шолу)
ХХ ғасырдың басындағы адамзаттың ұлы трагедиясы ұлы отан соғысы кезінде хат жанрының қолданысы кеңейе түсті. Соғысқа кеткен азаматтар еліне деген аман-саулығы мен сағынышын айшылық алыс жолдардан хат арқылы жіберіп отырды. Еңсесі түскен әскерге жігер беріп, үрей билеген бұқараға сенім сыйлау – жалынды хаттардың еншісіне тиесілі болды. Көсемсөздің сипаты майдан алаңынан келген хаттар легінен белең алды. Кейбір азаматтар жауынгер ғана емес, жауға қарсы күрескер публицисте атанды. «Публицист ғылыми-социологиялық әдіс арқылы нақтылы әлеуметтік жағдайларды, жеке адамдарды, олардың қарым-қатынастарын зерттейді. Фактілер мен құбылыстар арқылы өмір шындығын көрсетеді, осылардың көмегімен адам сезімін оятады. Сонымен қатар публицистикалық шығарма адамды жігерлендіретін, күш-қайрат беретін әлеуметтік сезімге бөлеуі тиіс» [1,5]. Бұқара мен кейінгі ұрпақты әсерге бөлеп, барша адамзатпен хат арқылы тілдескен Баубек Бұлқышев те эпистолярлық жанрдағы көсемсөздің рөлін біршама биік деңгейге көтеріп кетті. «Шығыс ұлына» жазған хатында:
«Шығыс ұлы!
Біздің қазіргі уақыттағы орнымыз қанды майдандағы қызу ұрыста ғой. «Ереуіл атқа ер салмай, егеулі найза қолға алмай, еңку-еңку жер шалмай» біздің ісіміз бітпейтін нағыз қызу кезең осы емес пе, Шығыс ұлы! Мен саған осы хатты немістің блиндажында жазып отырмын. Жанымда бірнеше казақ жігіті бар. Осыдан 40 минут бұрын бұл блиндажда немістер отырды. Біз оларды қамауға алып, үстінен басып қалдық. Тек аз шама солдаттары қашып құтылды» [2,15] - дейді.
Хат публицистің атынан жеке адамға емес, күллі бұқараға баяндалғанын көреміз. Қазақ батырларының жетістігі мен ерлігі арқылы үміт артқан елінің жабырқау көңіліне жұбаныш һәм медет болған жайы бар. Бір қарағанда публицист майдан ортасынан репортаж беріп отырған журналистке ұқсайды. Оқиғаның барлығын хат арқылы қиялымыздан өрбітіп, ой түйеміз. Қатып қалған заңдылыққа бағынбау көсемсөздің басты шарттарының бірі болып саналады. Көсемсөз кез-келген жанрдың бітім-болмысынан көрініп тұруы мүмкін. «Публицистикалық стиль қоғамдық талапқа сай жазылған шығармалардың негізінде қалыптасады. Белгілі бір тілде публицистиканың өз алдына бөлек стиль болып қалыптасуы қоғамдық сананың өскенін, артқанын көрсетеді. Тілдің басқа стильдері сияқты публицистикалық стиль бірыңғай болып келмейді. Бір қатар лингвистер публицистикалық стильдің жазбаша түріне саяси тақырыпқа жазылған газет-журналдардағы материалдар, памфлет, очерк т.б. шығармаларды, ал шешендік сөздерді публицистикалық стильдің ауызша түріне жатқызып жүр»[3, 165-167]. Демек хат арқылы оқиғаның ортасынан хабар берудің астарында көсемсөздің болуы да таңсық жағдай емес. Публицист хатының келесі жолдарында:
Сен біз «дәу қара» деп атайтын Қарағандының забойшигі Бейсенәліні білесің ғой! Ол қазір бізбен бірге. Өзі де дәу қара десең, дәу қара - ау! Бүгінгі ұрыста жұртты тым – ақ сүйсіндірген сол болды. Оның қимылы да қызық. Сонша ірі денесімен керіліп тұрып немісті найзаға түйреп алып, басынан асыра кейін лақтырады. Жау онымен қарсыласуға беттемей жалт береді. Жаңа оны командир шақырып алып, арқасынан қағып, алғыс айтты. Жауынгерлер оған Шығыс ұлы деп ат қойып алды. Менің есіме сен түстің сонда. Сондықтан саған хат жазуды дұрыс деп таптым. [2,15]
Бұл сөздерден кейін «Шығыс ұлының» кім екенін бағамдауға болады. Ол кешегі біздің жүректі, білекті батыр бабаларымыз, керек десеңіз, солардың сарқыны мен қалдығы сіз бен біз. Жаудың тылында жатып алып сахарасы мен жапан даласына сыры мен тілегін хат арқылы жария жасайды. Батырлықтың символы ретінде қазақ ертегілері Қобыланды мен Алпамыс, Ертарғын мен Жиреншені көрсетсе, публицист «Шығыс ұлын», яғни, қазақтың қара баласын танытады. Көпшілік санасына қозғау салып, күреске шақырады.
Шығыс ұлы! Сонау туған өлкең Арқаны есіңе түсірді. Ондағы мейірімді халықты, бізді тәрбиелеп өсірген Отан ананы еске түсірші! Сен соларды сүйетін едің. Бүгін сол шын махаббатты іс жүзінде көрсету керек болып отыр. Отан деген бір-ақ сөз. Бірақ осы бір сөздің мағынасына тең келер ешбір сөз жоқ. Сол ардақты Отан бүгін қауіпте тұр. Менің көз алдыма: «Қарағым ұлым, тағдырым сенің, қолыңда», — деп тұрған ізгі ана —қазақ әйелінің бейнесі келеді. Бұл маған Отан өміріне төнген қауіпті аңғартады. «Ұланым,туған еліңді сақтап қал!» — дегендей болады. Осы лебіз жанды жанып, күш-қуатты тасытады. Сақтаймыз, ана, өміріңді сақтаймыз, — дегің келеді, сөзбен емес, іспен ақтауға ұмтыласың. Ел қорғауға ер намысымен аттанған біздің алдымызда үлкен бел жатыр, Шығыс ұлы! Туған елдің келешегін сақтауға біз міндеттіміз[2,15].
Отан деген бір сөздің ішіне мыңдаған ұғымның тоғысуы хаттың публицистикалық сипатын арттыра түседі. Мейірімді халықтан бастап, қазақ әйелінің бейнесімен ұласатын кейіпкерлердің барлығы отан ананың перзенттері. Оларды жаудан қорғап қалу ұлықты ұлдардың ар алдындағы жауапкершілігі саналады. Публицист отанды қазақ әйелінің келбетімен шендестіреді. Сол арқылы өзінің де, оқырманның да намысын қайрайды. Хаттың әлеуметтік маңызы қаншама жыл өтсе де өзектілігін жоғалтпайтынын көріп отырмыз. Әдетте бұндай қасиет көсемсөзде кең етек алады. Демек хат жазбаларында көсемсөздің сипаты анық сезіліп тұрса, одан қоғамдық болмысты да көруге болады. Сонымен қатар публицистің ойын ашық жеткізетін тіл көркемдігі де басым екені көрініп тұр. «Тіл ─ публицистиканың ең маңызды элементі, журналист үшін таптырмайтын жұмыс құралы. Тілге шорқақ адам жақсы журналист бола алмайды»[4,156]. Баубек Бұлқышевтің ержүрек батыр ғана емес, тіл мен ойға толы отты сөздердің иесі екенін де еш дәлелсіз мойындауға негіз бар. Публицист жазба хатында қазақ қыздарының қылықты мінездерін ұлықтай келе:
...Ендеше қазақ қыздарының ғасырлар бойы «Елім-ай» деп сары даланы күңірентіп салған зарлы әнін бүгінгі күні жаңа күймен ұрыс алдында біз шырқасақ, оның айып-шамы жоқ. «Елім-ай» — елін сүйген қыз жүрегінен шыққан ән. Елін сүйген ер жігіт қазіргідей заманда «Елім-ай» десе, ол — ант! Ол— серт! Ұрыс алдында жауынгердің жүрегіне төтенше махаббат құймақ. Шығыс ұлы, кел, шырқатып «Елім-айды» салайық. Қайғымен емес, жауға бермейміз елімізді деп, жігерленіп салайық; қасіретпен емес, ел үшін, жер үшін өлімге қарсы жүреміз деп, серт бере салайық. Сен қайда болсаң да біздің дауысымыз қосылады. Сен түстікте, мен батыста — бір фашистен өлтірсек, Отан екеу деп санайды. Біздің ән де, қимыл да осылай ұштасады[2,15].
Елім-ай қазақ даласының гимні десек те қателеспейміз. Ол әнде қазақтың азаттық пен бейбіт өмірге құштар сезімі жатыр. Жарқын болашақтан күтер үкілі үміті жатыр. Осы сенімді әр қазақ баласы сертіне бекітіп, дертіне дауа ретінде ақтайтын болса, шалыс басқандық емес. Жау келді деп жатып алатын қорқау мінез қазаққа ежелден ерсі боп көрінеді. Оны көсемдер сан мәрте ескертіп отырған. Елі үшін басын сертке байлап, өлімге қарсы жүрген ерліктің бейнесі көз алдымызға хат арқылы келіп отыр. Хатты оқып отырып, «шығыс ұлымен» бірге жігерлене түсесің. Публицист жаудан келген қайғыны орынды іс-әрекетпен сейілтуді үндеп отыр. Ол жайында ақын Абай: «Шығар есігін таба алмай, уайым-қайғының ішіне кіріп алып, қамалып қалмақ, ол өзі де – бір антұрғандық» -дейді. Ал, публицист антұрғандықтың емес, керісінше ерліктің һәм өрліктің жолын сілтеп отыр. Көсемсөзге қойылар талаптың жүзеге асуы, хаттың бағасын құнды қылуда.
Өткен жылы Гитлердің аз уақыттың ішінде Москваны, Ленинградты алып Оралға өтем, Азия ұрыссыз бас иеді деп көпіргені есіңде ме? Ол ақымақ бізді адамға санады ма екен? Ол Азия ұлдарының алып қимылын көріп қана мойындаған жоқ па? Кеше ғана бізге күлген немістер енді қара шашты, қара көзділерден өлердей қорқады. Отан бізге қолымызға қару, бойымызға қуат беріп, өзіңнің сүйікті Арқаңды, сұлу Шығысыңды, қонақжай халқыңды қорға деді. Сол Отан, бүгін менің тағдырым сенің қолында, жауынгер, деп отыр. Ойлашы, Шығыс ұлы, біз ел сенген ерміз, қалайша неміске туған жерді қолдан береміз? Ел намысы үшін, ер намысы үшін жан қиятын шақ бұдан артық болар ма? [2,15]
Азияның ішінде қазақтай қайсар халықтың барын ұлы отан соғысы кезінде барша жұрт мойындады. Жер мен ел азат болмай, ердің азат емес екенін сезінген жұрт жұмыла көтеріліп жауға қарсы тойтарыс берді. Хат арқылы милиондаған пікірге ықпал жасаған публицистің сол кезеңдегі өтпелі ағымның болмысын айшықты етіп көрсетуінің өзі үлкен ерлікке тең. Көсемсөз жайында ағартушы Ахмет Байтұрсынов: . «Көсем сөз шешен сөз сияқты әлеуметке айтқанын істету мақсатпен шығарылатын сөз. Шешен сөзден мұның айырмашылығы ─ шешен сөз ауызша айтылады, көсем сөз жазумен айтылады. Көсем сөз әлеумет ісіне басшылық пікір жүргізетін сөз болғандықтан да көсем сөз деп аталады. Көсем сөз кезіндегі әлеуметке керек іске мұрындық болып істеу ыждағатымен айтылады»[5,102] – дейді.
Олай болса, Баубек Бұлқышевтің жазба хаттары көсемсөздің жүгін толық көтере алатынына көзіміз жетті. Оның жігерлі сөздерін санаға сіңіріп өсірген ұлт, түбінде өз еркіндігін алмай тыныш таппайтынына сенімді болды. Немістерді жеңгеннен кейін, кеңес үкіметінен теңдік алып, өз алдына дербес болуды қазақ халқы сан мәрте армандады. Соның жемісі ретінде Мәскеуді дүр сілкіндірген Желтоқсан оқиғасын тілге тиек етсек те аздық етпейді...
Бағлан Оразалы
Пайдаланған әдебиеттер тізімі:
1. Қазақстан журналистерінің тәжірибесінен: Тәжірибелік нұсқаулық. – Алматы: «MediaNet» Халықаралық журналистика орталығы, 2008. – 435 бет.
2. Баубек Бұлқышев. Шығармалары. – Астана: Фолиант, 2014. 385 бет.
3. Б.Жақып. Қазақ публицистикасының қалыптасу, даму жолдары. -- Алматы: Білім, 2004. 310-350бб.
4. Әбдезұлы Қ. «Әдебиет және өнер». – Алматы: «Қазақ университеті», 1992 ж. 349б.
5. Байтұрсынов А. Әдебиет танытқыш. – Алматы: Атамұра, 2003.- 208б.
Бөлісу: