Думан Рамазанның “Жын” әңгімесі несімен ерекше?
Бөлісу:
Бәшери ғылымның (гуманитарлық) қарастыратын аясы хаттың қайыра жаңғыратын мәтіндемелік кеңістігінің шегімен анықталады. 1990 жылдардың аяғына дейін қазақ әдеби кеңістігіне желілік қағидаты үстемдік етті. Батыстық және коммунистік құндылықтарға құрылған “әлемдік кітапхана” ресми қызыл билік құп көрген өнер иелерінің құзырында болды. Осы батыстық марксистік идеялық қағидатты қазір алды елу, арты қырықтағы сөз зергерлері бұзды. Милетшілдіктен ада мәтіндемелік табиғатының көрініс табуына бағытталған әңгімелеу бәшери хаттың нарративтігін жалаңаштап, қаламгер мен оқырманды батыстық ойлардың жетегіне кетуге мәжбүрлейді.
Әлем дегеніміз – сөз. Осы сөзді ұлты үшін өмірге әкелушілер – жартықұдай, яғни тәңіршелер. Ақындыққа әр қазақтың таласы бар. Прозаға ниет еткендер көбіне ақындықтың айдынынан қайраңға шығып қалғандардай көрініп кетеді. Шынымен солай ма!?
Бізде бұны әдеби ауытқуға баласа, Батыста бұған керісінше, дәстүрлі ақындықтан алшақтап, жаңа бағыт пен ағымның жетегінде кетуді жатқызады. Қазақ прозасының адам танымастай өзгеріп, түркі әлеміне өнеге болуды үрдіске айналдыруы бәрімізді қуантады. Және әлемдік деңгейдегі туындылардың өмірге келіп, бұрынғы буын табынған Кафканы қапқа қамағаны төбеңді көкке жеткізеді. Қазақ прозасы өзінің шәкірттік кезеңін артқа тастап, өзгелер үйренер жаңа жосықтағы, соны аңыстағы шығармалар легін өмірге әкеле бастады. Бұл әсіресе, әңгіме жанрында мол орын алып отыр. Және осы жанрда дүйім жұртқа танылған, жадыларында хатталған барша прозашылардың өзіндік авторлық жетістіктері жетіп артылады. Солардың бәрін жіпке тізбесек те, Т. Кеңесбаевтың “Кәнден” әңгімесі, Т.Нұрмағанбетовтің “Кене” әңгімесі өкшесін басқан буынға зор серпін, тың серпіліс және шығармашылық буырқанған шабыт сыйлады.
Батыстың әдеби баяндауын үлгі тұту ұлттық баяндауды тәрк етеді. Ұлттық нарративтік құрылым тек қазақи әңгімелеу әлпетінде ғана дүниеге келеді. Өйткені, оның бойында алаштық поэтика мен риториканың заңдылықтары орныққан. Сондықтан жазушыларымыз батыс әлемі таңатын “Ұлы кітапхананың” шырғалаңынан өздерінше жол іздейді.
Кеңестік дәуірден қалған көркем тілдік симплицизмге (жайдақтыққа) прозадағы асыра құштарлық еш опа әпермейді. Прозашыларымыздың білім көгжиегінің коммунистік мәңгүрттіктен арылуы көп ойлылықты өмірге әкелді. Бұл әдеби сын мен әдебиет теориясында балама түсіндірулерді, өзгеше ой жүгіртулерді тудырды. Р. Барт тәпсірлеудің сан алуандығын алға тартып, оның әрқайсысы өзінше дұрысты екендігін санамызға құйып кетті. Талдау еркіндігі арқасында көзге түспегендер көзге түсіп, аяланып, ардақталғандар сын садағына іліне береді.
Біз Думан Рамазаннан дәстүрлікті жиі байқасақ, Асқар Алтай мен Дидар Амантайдан бейдәстүрлікті жиі аңғарамыз. Бұл әдеби құбылыс бұрынғы әдеби әмбебаптықтың келмеске кеткендігін танытады. Әрі аталған жазушыларды түрлі ыңғайда тәпсірлеуге мүмкіндік береді. Бұны біз классиктеріміз Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсіреповке қатысты қолдана алмаймыз. Олардың басын әдеби әмбебаптық біріктірсе, Думан Рамазан, Асқар Алтай мен Дидар Амантайларды әдеби сан алуандық алшақтатады.
Думанда белгілі және ойдан шығарылған кейіпкерлердің өмірбаяндық әңгімеленуі бар, сонымен бірге әдеттен тыс әңгімелеу үрдісі де бар. Міне, осы әдеттен тыс әңгімелеу әлеміне аяқ басқан кезде реалист Думан Рамазан постмодернист жазушыға айналып құбылып шыға келеді.
Жазушының әңгіме тілімен түсіндіріп беруге болмайтынды түсіндіруге талпынысы құшпайтын дүниеңді құшақтатқанмен бірдей тірлік. Думандағы постмодерндік түс түсіндіріп беруге болмайтынды түсіндіріп, оқырман ретінде құшпайтын дүниені қауыштыра құшқызып құшағыңа алғызуымен құнды.
Біздің «Жын»-ды талдауымыз қазіргі қазақ әдебиеттануындағы енді бой көтеріп келе жатқан жаңашыл әдіснама бойынша авторлық мәтіндік концепцияның бойынан әлдебір ойға тұщынып, соны қайыра жазып шығу болып табылады. Ол үшін біз автордың ойлаған ойы және алға қойған мақсатын ескеріп, не айтпақ болғандығымен теориялық жақтан қабысуға тиіспіз. Қазір қазақ прозаиктері адамды ішкі шайтаны бар – жын-періге немесе ішкі шайтаны жоқ – періштеге айналдырып, өзіндік ұстанымдарын персондандырып жүр. “Жын” – осы бағытта жазылған үздік туындылардың бірі.
Осы жолдағы бар мақсат, авторлық ойды жұртқа түсінікті оқырман тіліне аударып шығудың өзіндік түсіндірме нұсқасын өмірге әкеліп, оның сансыз мол тәпсірлеуінің бір үлгісін ғана жария етіп отырмыз. Онымен келісетіндер де бар, мүлдем келіспейтіндер де бар.
Бұрынғы қазақ әңгімелері бір ғана желілі болып келіп, бір ғана талдаудың тоқпағына көнсе, қазіргі қазақ прозасын бір қазыққа байлап қойып, дағдылы әдіспен сөз бәрін көтереді деп, ағыл-тегіл есіліп, кеңінен көсіле алмайтындығың өмірлік фактіге айналды. “Жын” сынды әңгімелер бір ғана талдаумен шектелмейді, тәпсірлеушісінің ұстанған көзқарасы мен тұтынған дүниетанымына байланысты сансыз талдаулар легін туғызады. Бұндай әңгімелер сонысымен құнды, әрі осынысымен бағалы.
Ұлттық сын мен милет оқырамандары осы оқиғаның орын алғандығына нық сенімділікпен автордың куәлік жасауы жағына қадам басқанда, ілуде бір орын алатын, кейбір қандастарымыз зардап шегіп жүрген, кейбірі әзер құтылған қалыпты оқиғаға жолығысады. Бір қарағанда, сары басылымдарда жын-шайтан туралы бірін-бірі қайталап, жоқтан бар жасап дүркіндеп шығып жатқан, аяқталып болмайтын өзара тақырыптас әңгімелердей көрінгенімен, егер де сөз өз иесін, тақырып өз жөнін тапқанда татымсыз дүниенің мәнденіп, поэтикалық арайланып шыға келетіні бар. Думан сары басылымдар жауыр қылған тақырыпты өзінше игеріп, кесек туынды тудырып отыр. Автордың осы тылсымды дүниені тым қарапайымдап, бірақ, өзінің жазу мәнерімен тамаша мистикалық әңгімеге айналдыра білгендігінің шеберлігін адамилықпен мойындауға тиіспіз.
Жын-шайтан секілді сары әдебиеттің бауырына басқан тақырыбын ұлттық әдебиеттің айдынына әсем аққудай жүздіру оңай дүние емес. Әрі жұрттың бәріне белгілі біреулер өзі куә болған, біреулер жақындарынан естіген жайтты жазып отыр. Достоевскийдің “Қылмыс пен жазасы” және Сәбит Мұқановтың “Адасқандарына” дейін қылмыс оқиғасы тек бұқаралық көпшілік қолды әдебиеттің игілігі болып келгені жасырын емес. Қос автор өзіндік позициясы тұрғысынан тамаша классикалық дүниені өмірге әкеле білгендігін әдебиет тарихынан жақсы білеміз. Міне, араға жылдар салып, Думан Рамазан ұлт әдебиетінде бұқаралық көпшілік қолды әдебиеттің тақырыбын жаңа қырынан таныта біліп отыр.
Думандағы түс көруді З. Фрейдше ғылымиласақ, қазақы мәнерде әдебилендірсек, онда үш сатыдан тұратын түс көру – әуелі жасырын алмағайыптықтан: белгісіздік пен белгіліктің тұтасқан қоспасынан тұрады. Өң мен түс мидай араласып кетеді де, шындық пен қиялдың бірін-бірі алмастыруы орын алады. Ең соңынан оқырман санасына образданған ой қонақтайды. Думан қаламы фрейдтік психоанализді қаламгерлік поэтикалық тілге айналдырады. Нақтылай айтсақ, алмағайыптық – гиперболаға, алмастыру – метафора, метонимияға, ал, оқырман санасына образданған ой – аллегорияға айналады.
“Түн қараңғылығын жамылып, жалбыр шашты біреулер той жасап жатыр. Адамдарға ұқсамайды. Ергежейлілер елінен келген елшілер сияқты: бойлары бір-ақ тұтам. Өздерінше ән айтып, би билеп, той көрігін қыздыра түскен. Ортадағы лаулай жанған отты айнала қоршай, бақадай балпаң басып, серкедей секең қағып, секіріп жүр. Мәз-мәйрам. Қойша маңырап, қозыдай жамырап, ду-ду, гу-гу етеді. Үсті-бастарын түк басқан қыз кейпіндегі екі албасты Болатбекті қос қапталдай құшақтап алған, сиырша жаланып, кенеше жабыса түседі. Ол сытылып шықпақ боп, алға қарай ұмсынса, қасындағы қандықол қарақшы иығынан басып, тырп еткізер емес. Бір кезде сәл босанып, орнынан тұра бергені сол еді, сақал-шашы жалбыраған бадырақ көз біреуі бар дауысымен аузы-басын қисайта баж ете қалды.
– Аа... ааа!...”
Неге жазушы жын араласқан фантостогрмониялықтан әңгімесін бастап отыр. «Түс көруге қаламгер неге барып отыр?» деген сынды заңды сұрақ алдымызды кескестейді. Қаламгер ұлт әдебиетінде алғашқылардың бірі болып, ғылымда әлі сараланып, толық құпиясы ашылып бітпеген түс көру феноменін шығармашылықпен игеріп, ұлттық эстетика аясында оның мәнін ашуға талпыныс жасауда үш нәрсеге күш түсіреді: түс көрудің, алмағайыптанып барып, қиял мен шындықтың бірін-бірі алмастыруы нәтижесінде алаштық дүниетанымға сәйкесімді оқырмандық образдың санамызда жандануы. Автор осыны сәтімен шығара алған. Қаламгер дерексіз нәрсені деректендіре алған. Шын мәнісінде, көбіміз жын-сайтанға сенбейміз. Ескінің сарқыншағы деп қарайтын батыстық дүниетанымның ұшпағы да санамызда қылаңдайды. Бірақ, жазушы өз әңгімесін тап осы түстен бастау арқылы бізге бұрын белгісізді нақтыландырып бере алған.
Көркем туындының кейіпкерлері ерікті, ал, нағыз сөз зергері өз кейіпкеріне бағынышты емес. Осындай жағдаят біз талдағалы отырған әңгімеде орын алады.
Жынынан арылу, немесе арылмау Болатбектің өз еркіндегі дүние. Осыны автор қалай берген:
“– Не істесем екен, а?! – Қабырғасымен кеңескендей, ойлана терезе жаққа көз салды.
– Не істесем екені несі! Барамыз! Кеше өзің ғой, «барып-қайтайық» деген. Әйтпесе, бүгін... Көп сөзді қой! Жүр, жинал! Жаныңды алады дейсің бе, жолыңды ашып береді, – деді Еркін бастырмалатып.
– Жарайды, болмадың ғой! Жалпы осы емші, молда, бақсы-балгер дегендерге сенбеуші ем. Мүмкін...
– Не мүмкін?
– Мүмкін, сенікі де дұрыс шығар!..
– Әрине, дұрыс!.. Мен саған жаманшылық ойлайды дейсің бе?!
– Білем ғой! Кеттік онда!..
Екеуі әңгімелесе жүріп сыртқа шықты. Дала қапырық, күн ми айналып жерге түсердей шыжып тұр”.
Жазушы неге қытымыр қысты емес, қапырық жазды алып отыр. Қыста жын жанымен қайғы болып кетсе, шыжыған ыстықта миыңды қағып қолыңа берері анық. Жазушы ұлттық архипсихологияны тамыршыдай тап басып отыр.
Әдебиет тарихында “Алиса ғажайыптар елінде” кітабының авторы Льюис Кэрролл өзінің жұртты дал қылған “Снаркке жасалған аңшылық” туындысы жайында: “Уақыт өткен сайын маған сыпайыгершілік аңыстағы “Снаркке жасалған аңшылық” аллегория ма, әлде жасырын мораль немесе саяси сатира бойына бұққан туынды ма деп сұрайды. Осындай сауалдардың баршасына өз басым “Ештеңкені білмеймін” деген бір ғана жауап қатудамын” дегенін бәріміз білеміз. Думанның жынға жасалар аңшылықты беруі Батыстық әдебиетке көзі үйренген, оларды ауызға алмай сөйлесе ұрты күйетіндер үшін түрпідей көруіні де мүмкін. Сонымен жынды қуу жорығының қалай өткеніне мәтін бойынша ой жүгіртейік:
“Молда оның қарсы алдына жүрелей отырды да:
– Аазу бил-лаһи минаш шай-та-нир-ражим.
Бис-мил-ла һир-рахма нир-рахим, – деп құран оқи бастады. Дауысы сондай әуезді, құлаққа жағымды естіледі. Мақам-ырғағы да жүрекке жылы тиеді. Ара-арасында мойнын созып, басын қақшита «сүф... сүф...» деп жыландай ысылдап, Болатбектің бетіне түшкіріп қояды.
Сүт пісірімдей уақыт өткен кезде тізесі онсыз да дірілдеп отырған Болатбек кескен теректей шалқасынан құлап түсті. Аузынан ақ көбік ағып, жан тапсырған адамдай қимылсыз қалды. Осы сәтті күтіп отырғандай молда қызылға түскен қырандай қомданып үстіне төне түсті. Оң қолымен оның маңдайынан қапсыра ұстап, Құран оқуын жалғастыра берді. Бір кезде оқыс тоқтай қалып:
– Әй, малғұн, сөйле жаның барында! Әйтпесе, жаныңды жаһаннамға жіберемін. Қанша алып болсаң да, құраннан күшті емессің! – деді дауысын көтеріп. – Сөйле, малғұн!.. Сөйле дедім ғой!..
Молда сөйлеген сайын сұстанып, сұрланып барады. Қас-қабағы түйіліп, түндей түнеріп алған. Шоқтай жанған отты жанары жай оғындай жалын атып, ызғар шашады. Осы сәт болар-болмас, естілер-естілмес күрсінген дыбыс білініп:
– Неғыл дейсіз? – деген күбір естілді. Еркін жалт қарап еді, ұйықтап қалған досының ауызы ояу адамша жыбырлап жатыр екен. Денесі ісіне бастаған сияқты. Киімінің ішін жел кеулеп кеткендей, көк көйлегі үрленген шар тәрізді тырсия томпайып барады. Бір мезет Болатбектің екі иығы селкілдеп, денесі оңды-солды қимылдай бастады. Тап бір билеп жатқан сияқты. Жаны тозақ отына күйдіріліп жатқандай «аһ, уһ... аһ, уһ...» деп қинала айғайлап қояды.
– Сөйле, малғұн! – деді молда зіркілдей.
– Не айтайын?!. – Дауысы жер астынан шығып жатқандай, қыр-қыр етіп қырылдайды.
– Қайдан келдің?
– Қара түнектен. – Күшпен күшене сөйлейді.
– Атың кім?
– Сәма.
– Мұсылмансың ба, кәпірсің бе?
– Мұсылманмын.
– Реңің қандай?
– Қара.
– Әй, малғұн, кімді алдағың келеді. Кәпірсің ғой. Мұсылман жынның реңі сары болмай ма?! – деді молда долданып. – Енді өтірік айтсаң, өлтіріп жіберемін!
Жын үнсіз қалды. Молда дауысын мейлінше көтере құран оқи бастады. Бір кезде ыңырси ышқынған дауыс естілді де:
– Кешіріңіз, кешіріңіз! Енді өтірік айтпаймын! – деген жылаңқы дауыс құлаққа шалынды.
– Әп, бәлем, иманға келдің бе? Келмей қайда барасың! – деді молда сәл жымиып. – Ұрғашы жынсың ба, еркек жынсың ба?
– Қатынбыз! – Құдды Болатбек сөйлеп жатқандай, ауызы жыбыр-жыбыр етеді. Бірақ дауыс ауыздан емес, көмекейдің ар жағынан шығатын сияқты. Анық емес, талып-талып естіледі. Әр сөзді сағызша созып, түсініксіздеу айтады. Сөйлеген сайын кеуде тұсы бүлк-бүлк етіп, бүлкілдеп қояды.
– Қатынбыз дейсің бе?
– Иә, қатынбыз.
– Нешеусіңдер?
– Екеуміз.
– Ол неге сөйлемейді?
– Бұл өзі көп сөйлемейді. Қорқақ. Қорыққанынан тілі байланып қалған сияқты.
– Өй, сұры құрсын, сұрың құрғырдың!.. Бұл жігіттің бойына не мақсатпен кірдіңдер?
– Біз оны жақсы көреміз!
– Бағын байлап жүрген сендер екенсіңдер ғой!
– Біз бұны қатты қызғанамыз.
– Құдай-ау, кімнен?
– Қыздардан.
– Неге?
– Екеуміз де өлердей ғашықпыз!
– Әй, бұл жігіттің үйленіп, үйлі-баранды болуы керек қой!
– Бізді бұған некемізді қиып, заңды түрде қосқан. Біз бұның некелі әйелдеріміз.”
Батыстың әдебиетінде Кафканы көкке көтереді. Ол өзі көзі тірісінде жариялануын құп көрмеген дүниелерін досы жариялап жіберді де, қаламынан шыққанының бәрі ғажайып дүниеге айналып шыға келді. Шынында солай ма!? Батыс пір тұтқан дүниелердің бәріне жапа-тармағай бас салмай, қолайымызға қонымдысын екшеп алу керектігін Думанның осы әңгімесі танытады. Батыстың абсурдты әлемі мен алаштың абсурдты әлемін бір арбаға жеге алмайсың. Өйткені, батыс үшін фантастикалық Снарк бірде акула (shark), енді бірде жылан (snake) болып, өздерін дал етсе, Думанның Жыны – әрі мұсылман, әрі кәпір жын. Оның сондай екенін бабаларымыз қалай қабылдаса, біз де солай қабылдаймыз. Бар мәселе жазылуы мен ұғынылуында. Фольклорланған жын мен әдебиленген жын екі басқа дүние. Думан бізге осы екі басқа дүниенің әдебиленген авторлық нұсқасын ұсынып отыр.
“– Шықпас бұрын Ислам дінін қабылдап, мұсылман боласыңдар! Ұқтыңдар ма? Мен сендерге соңғы мүмкіндік беремін! Таңдаңдар!..
– Біз одан қорқамыз!
– Кімнен?
– Одан!.. Ол не бұйырса, біз соны істейміз!
– Әй, ол күшті ме, Алла күшті ме?
– Ол!..
– Сендер кәпірсіңдер! Ібіліске қызмет етесіңдер! Адамдарды азғырып, теріс жолға саласыңдар! Сайтандық пен сайқалдыққа жол ашып, күнәға белшелеріңнен батасыңдар! Бұл үшін кейін Алланың алдына барғанда есеп бересіңдер! Алланың қаһарына ұшырайсыңдар! Алланың құдіреті бәрінен күшті. Одан да ақылға келіп, мұсылмандық жолды таңдаңдар! Аллаға құлшылық етіңдер!
Молданың жүзі кәрленіп, тағы да дауыстап құран оқи бастап еді.
– Ой, ауырып кетті, ауырып кетті!.. Оқымаңызшы!.. Айтқаныңызды екі етпейміз! – деген жалынышты үн шықты.
– Әп, бәлем, қалай екен?! Ислам дінін қабылдап, мұсылман боласыңдар ма?
– Қабылдаймыз! Сіз үшін...
– Мен бар-жоғы Алланың құлы ғанамын, Алла үшін қабылда!
– Айтқаныңызға құлдық!
– Бұдан былай сенің есімің Зарлықыз, ал ана күндесіңдікі Үндемескүл болады, жарай ма?!
– Зарлықыз... Үндемескүл...
– Иә, тап солай! Ұмытпай, жаттап алыңдар!
– Жақсы!
– Зарлықыз...
– Ау?
Таң-тамаша болып, таңдай қағып отырған Еркін еріксіз езу тартып, күліп жіберді. Молдаға бір, Болатбекке бір көз салып, қайта-қайта басын шайқап қояды.
– Енді шығыңдар! – Молда бұйыра сөйледі.
– Қалай шығамыз?
– Қалай кірсеңдер, солай шығыңдар! Қалай кіріп едіңдер?
– Аузынан.
– Ендеше аузынан шығыңдар!
– Қалай кіргенімізді ұмытып қалыппыз, қалай шығарымызды білмей тұрмыз!
– Ендеше естеріңе түсірейін, қу қаншықтар!..
Дауыстап құран оқи бастады, тағы да ыңырси ышқынған дауыс естілді.
– Шығамыз, шығамыз!..
Молда тоқтала қалды да, дауысын барынша көтеріп:
– Шығыңдар тезірек! «Ассалаумағалейкум!» деңдер де, шығыңдар! – деді зірк-зірк етіп, – Бұдан былай адам баласын мазалаушы болмаңдар!
– Ассалаумағалейкум!..
Сол сәт молда өзінің әр қимылын қарауылша міз бақпай бағып отырған Еркінге қарап:
– Қазір шығады. Шығуға жиналып жатыр. Аузынан шығады. – деді жайбарақат кейіпте. – Жындар шығып кеткен кезде мына қасқаң да оянады.
Еркін көріп қалармын ба деген оймен Болатбектің аузына қадала қарай қалған. Ол өзі ештеңе сезбейтін сияқты. Пыс-пыс етіп, пысылдап ұйықтап жатыр. Алғашқыдай емес, қыбыр-жыбырсыз тыныштала қалған.
– Әне, шығып барады! – деді молда. Бірақ оның көзіне ештеңе көріне қоймады. Тек досының «аһ» деп ауыр күрсініп, аузын кере ашқанын ғана байқап қалды.
– Ой, Алла-ай! – деді Еркін таңданған кейіп танытып, – Осыны біреу айтса сенбес ем!.. Құдайдың құдіреті-ай!..”
Бір анығы қазіргі қазақ авторы Ләйлі болса, әрбір қазақ оқырманы оған ғашық Мәжүн, сондықтан, Ләйлі мен Мәжүннің ойы ешқашан қабыса бермейді. Әр Мәжүн өз Ләйлісін өзінше ұғынады. Бұрынғыша, авторша ойлап, авторша түсіну деген ұғымды тарс естен шығарғанымыз жөн сияқты. Өйткені, әр қаламгерді тарихи және архитарихи ұлт тағдыры толғандырады да, барлық өмірлік құбылыстарға милеттік мүддені ұстанған жалпыалаштық көзқарас тұрғысынан келеді. Бұдан шығатыны мәтін тек бұрынғыны тек оқылған шақта ғана ұғынылатын “сәйкесімді түсіну” феномені деген көнерген ұғымнан арылуға тиіспіз. Мәтін біреудің ұғынбағанын екінші біреу аңғаратын, үнемі жаңару үстіндегі, тіпті кейде автор ұстанымымен еш қабыспайтын дербес әлем. Ол дербес әлем болғандықтан әркім өзі қалаған, өзі жөн деп тапқан түсінігін бере алады. Мәжүн мен Ләйлінің мәңгілік таусылмайтын сүйіспеншілігінің жаңа қырын оқырмандық әлеміне отау тіккізу – басты ұстаным. Оны жатырқай қабылдау мен одан ірге ажыратпау әркімнің өз еркіндегі дүние. Думанның қаламы бізден тек осыны талап етеді.
Оны бұрынғы “Абай жолы”, “Адасқандар” “Ұлпан”, “Шырағың сөнбесін”, “Қан мен тер”, “Өлгендер қайтып келмейді” т.б. кеңестік дәуірдің шоқтықты туындыларына берген формулалық түйіндеулермен кесіп-пішуге еш болмайды. Әр дәуір “Абай жолы”, “Адасқандар” т.б. классикалық туындыларға қилы аңсардағы, түрлі жапсардағы өз бағалауларын сан мәрте жасайды. Әрі бұндай жаңашыл ойлар әлдекімдерге ұнамауы да мүмкін.
Автордың көркемдік деңгейі жоғары болған сайын туынды сюжетінің қайталанбастығы мен дербестігі айшықтала түседі. Міне, сондай қаламгердің бірі, әрі бірегейі – Думан Рамазан.
Қазіргі қазақ әдебиетінің сюжеттік репертуары біздің қоғамымызда орын алып жатқан әдеби, қоғамдық және тарихи процестерге тікелей байланысты.
Біздің жағдайымызда қос шашты сайтан жігітке ғашық. Өлеңге сыймайтын дүние әңгіменің бойына сыйса, әңгімеге сыймайтын дүние өлеңге сияды. Бұл – кереғарлық емес, әдеби заңдылық. Жынның өлең бойында тек поэтикалық образ болып қала беруі бар да, жынның әңгіме мәтінінде романтикалық, гротескілік, мифологиялық аңыста сан құбылуы бар. Бұны қаламгер персонаж аузымен былайша кестелейді:
“– Шыныңды айтшы, Сәкеннің бойында жын болғаны рас па?
– Рас болғанда қандай! Сен әлі сенбей жүрсің бе, не?
– Сенгім келсе де, біртүрлі сенімсіз сияқты. Жын адамның қай жерінде болады екен?
– Мен оны қайдан білейін. Білгің келсе барған соң молдадан анықтап сұрап аларсың. Сәкеннің бойында жын болғаны рас. Біреу емес тағы, үйірлі жын иектеп алыпты. Бақандай бесеу. Төртеуі алғашқы күні-ақ шығып кетті. Олардың да басшысы болады екен ғой! Мықты болған соң басшы болады да. Сол содыр молдамен үш күн тайталасып, әрең шықты. Сәкен содан бері бойым да, ойым да жеңілдеп қалды деп қуанып жүр ғой!.. Ауыруы да тас тиылды.
– Шын ба?
– Мен саған қашан өтірік айтып ем?! Міне, жол үстінде келе жатырмын ғой, өтірік айтсам оңбай қалайын. Тіпті Алланың атымен айтайын, шын сөзім.”
Адам Мекебаев ұлттық прозада “Жезтырнақ” хикаятымен қазақ мистикалық реализмінің атасы болып табылады. Адам Мекебаев осы шығармасы арқылы жұрттың ыстық ілпитатына бөленді, бірақ, кеңестік сын оның азат ойын ашып айтқанын еш кешпеді. Сол кезең туралы, Адам Мекебаев Жұлдыз Әбділдаға берген сұхбатында ұлт әдебиетінің тарихы үшін маңызы бар екі шоқтықты ой айтады: оның бірі – “Егер нарықтық экономика сол заманда болғанда, кәсіби деген жазушылардың талайы іске аспай қалар еді. Муракамидің танымалдығы жылдан-жылға артып келеді. Оның бір ұшы жапон халқының менталитетінде жатыр. Ал бізде не бір топ құрып алып, соны қорған тұтуың керек. Не басқалардың талауына түсіп, жем боласың. Менталитет солай. Мәселен, менің «Жезтырнақ» деген повесімді жұрттың бәрі мақтады. Бірақ, Сағат Әшімбаев бастаған сыншылар соны жаппай сынады. Бізді өсірмеген де осы нәрсе”. Екіншісі – өзінің әдебиетке қосқан үлесін ашып айта алмауы және біреулердің оның әдеби ағымдағы көшбасшылығын елмеуі.”
Ағамыз дұрыс айтады, қазақта бар нәрсені өзгенің жазған-сызғаны деңгейінде бағалау бізге опа әпермейді. Қазақтың мистикалық реализмінде Адам Мекебаевтан кейін өзіндік ойы мен өзіндік жазу мәнерін таныта білген Думанның “Жыны” өзінің әділ бағалануын күтуде. Біз тек соның шымылдығының шетін ғана түрдік.
Думан түркі әдебиетіндегі тылсымдыққа жаңа леп, соны үрдіс қосып, бұрын кеңестік дәуірдегі отаршылдықтан ұлтын өрелілікпен азат ететін егемен әдебиеттің алғашқы талпынысын сездірді: поэзияда – Бұхарлық мемлекетшілдіктің Жұбан Молдағалиевтағы, ал, прозада – ұлттық постмодерндіктің ілкі үлгісін Адам Мекебаевта неожаңашылықта бой көрсеткендігін араға уақыт салып, әңгіме жанрында жын-сайтанға қатысты постмодерндік сезімталдықпен бере алған.
Біз жоғарыда Думанда белгілі және ойдан шығарылған кейіпкерлердің өмірбаяндық әңгімеленуі бар және сонымен қатар, әдеттен тыс әңгімелеу үрдісі де бар екендігін сөз еткен болатынбыз. Міне, осы әдеттен тыс әңгімелеу әлеміне аяқ басқан Думан Рамазан постмодернист жазушы ретінде ұлтына екі бірдей ғажайып туынды сыйлап отыр.
Қазіргі әдеби процесте қазақ прозашылары бәрін есте сақтаушы мың-мың жылдық тарихы бар мұрағатпен жұмыс істейді. Осы жұмыс істеу барысында әдебиет пен мәдениет арасындағы шығу тегі бағзыдан тамыр тартатын әдеби жады жаңғырып, бір-бірінен алшақ және кіндіктес сюжеттер өзара дәстүрлік аяда тоғысуға түседі. Думан Рамазанның “Жан” және ”Жын” атты әңгімелері осының куәсі. Жалпы, Думан архетиптік жадыны жаңғыртуды ту етіп көтерген прозашыларымыздың бірі. Жазушының біз талдаған екі әңгімесі екі түрлі бағытты ұстанып, екі түрлі тұрақты мотивті тұтынған туындылар болып табылады. Оны ойы озық ұлт оқырманы жаңаша көзқараспен қабылдап үлгерді.
Жынға адалдық, оның құлы болу қазақ әдебиетінде бұрыннан бар мотив, осыны қазіргі қазақ мистикалық реализмінде және сюрреалистік әңгіме аңысында өзіндік бағыт қалыптастырған Думан Рамазан қалай өрбітіп жүр? Міне, біз бар болғаны осы мәселе жөнінде өзіндік пікірімізді білдірдік.
Әбіл-Серік ӘЛІӘКБАР, әдебиет сыншысы, ғалым
Бөлісу: