Ақиқат - шындықтың шыңы

Бөлісу:

04.04.2017 13929

Қаламын жүрекке, жүрегін ақиқатқа малып ап жазған Бауыржан Момышұлы әскери, тарихи, әдеби салада мол мұра қалдырды. Ахмет Байтұрсынұлы тіл мен әдебиет теориясын негіздеп беріп кетсе, Момышұлы соғыс теориясын жазды. Профессор Момышұлы шығармаларының ішіндегі шоқтығы биігі - «Соғыс психологиясы».

«Соғыс психологиясы» - әлемдік әскери ғылым еншісіне қосылған теңдессіз еңбектің бірі. Бәлкім бірегейі. «Соғыс психологиясы» - соғыс теориясы. Әдебиет үшін Байтұрсынұлының «Әдебиеттанытқышының» орны қандай болса, әскери ғылым үшін «Соғыс психологиясының» орны сондай. Одан бір мысқал да кем емес. Бауыржанның батырлығы туралы айтылды, бірақ оның ғалымдық қыры һәм әскери ғылым саласына қосқан үлесі туралы жүйелі сөз айтылған жоқ. Оны айту оңай да емес. Қандыкөйлек досы Дмитрий Снегин Момышұлына: «Ученый, писатель, военный историк» деп баға берген. Баукеңше айтқанда бұл - «Үлкен баға». Баласы Бақытжанның айтуына қарағанда Момышұлының мұралары әлемнің 12 мемлекетінің әскери мектептерінің оқу бағдарламаларына енгізілген. Бірде маған Мекемтас Мырзахметұлы: «Бауыржанның атында алғаш әскери мектеп ашқан Израиль. Біз Баукеңнің атындағы мектепті Израильден кейін аштық», - деп еді...


«Соғыс психологиясы» - іргелі, күрделі еңбек. Оны тұтас талдауға менің әскери білімім жетпейді. Оның үстіне Бауыржан өзін аямайтындардың сапынан. Жандүниесінің терең қатпарларындағы кемшіліктеріне дейін аямай аршып ашық айтып кеткен адамның психологиялық ұстанымдарын тап басып тану, оны жүйелеу - оңай емес. Мен бұл шағын мақалада осы еңбектегі «Қорқыныш» яки «Үрей» ұғымдарына ғана, ол туралы автордың талдауларына, аракідік Момышұлының жазушылық ұстанымдарына «шорқақ шолу» жасамақпын.

Ғалымдар қорқыныштың екі түрі бар дейді:


1.Жаратушы алдындағы қорқыныш.


2.Табиғи қорқыныш.

Біздің тоқталатынымыз да, Момышұлының талдайтыны да - осы екінші қорқыныш. Табиғи қорқыныш. Бұл әу бастан адамңа Жаратушы берген қасиеттердің бірі. Қорықпайтын адам болмайды, қорқынышқа жеңілетін адам болады, қорқынышты жеңетін адам болады. Гәп осында. Енді «типографияның қара бояуымен емес, соғыс майданында қанмен жазылған кітапты оқыған» батырдың қорқыныш туралы тұжырымдарына тоқталайық. Әзілхан Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз» роман-диалогында Бауыржанға Болгариялық журналистің «Бухарес» қонақүйінде: «Сіз соғыста қорықтыңыз ба?» деп сұрақ қойып, оған Бауыржанның пышақпен «жауап бергені» туралы ғажап эпизод бар. Бұл «жауаптан» Момышұлының қорқынышқа деген көзқарасы көрінеді. Батыр кез-келген мәселеге ақиқаттың көзімен қарауға тырысты. Ол сарбаздың бойындағы қорқыныш сезіміне де шындық көзімен қарайды һәм осыны басқа жазушылардан да талап етеді. Бұған соғыс майданынан Мұхтар Әуезовке оның «Намыс гвардиясы» атты шығармасын аяусыз сынап жазған хаты дәлел бола алады: "Ах, как жаль, и становится обидно, когда истинный художник, сотрудничая с невеждой, неосторожно выглядит богомазом", "Откуда вы взяли шапкоиздательские победы, без упорного сопротивления, критического положения, иногда и временного порожения? Что за шум, гам и без умолка, до тошнаты, ура?", "Очень сожалею, что могу помочь только наказанием за ваши оплошности" (Б.Момышұлы. "Айтылмаған ақиқат" 77-78-бб, Алматы: Өнер, 2009 ж).


А.Бектің «Волоколамское щоссесі» «Страх» деген бөліммен басталуы кездейсоқ емес: «- Пишите,- сказал Баурджан Момыш-Улы:- «Глава первая. Страх».
Подумав, он проговорил:


— «Не ведая страха, панфиловцы рвались в первый бой…» Как по-вашему: подходящее начало?


— Не знаю, — нерешительно сказал я.


— Так пишут ефрейторы литературы, — жестко сказал он.

—...На что рассчитывали немцы, вторгаясь в нашу огромную страну? Они были уверены, что в восточный поход вместе с ними во главе танковых колонн отправится генерал Страх, перед которым склонится или побежит все живое.
Наш первый бой, проведенный в ночь с пятнадцатого на шестнадцатое октября тысяча девятьсот сорок первого года, был и сражением со страхом. А семь недель спустя, когда мы отбросили немцев от Москвы, за ними побежал и генерал Страх. Они наконец-то узнали, быть может впервые за эту войну, что значит, когда сзади гонится страх» (А.Бек. «Волоколамское щоссе», 7-бет, Москва, Воениздат 1985 ж).
«Соғыс жалғанның бетпердесін сыпырып тастайды... Өтірік оқ астында шыдас бермейді». (Б. Момышұлы «Психология войны», 16-бет, Алматы, «Өнер», 2010 жыл). «Адамның барлық қасиеттері тек соғыста ғана сыналады». Оқ жалғанның бетпердесін сыпырып тастайды, ол сарбаздың ішкі әлемін аршып ашып тастайды. Бейбіт күндердегі «ер» әп сәтте езге айналып, елеусіз адамнан ер шығатын сәт те осы. «Жер бетінде қорықпайтын адам жоқ. Қорқыныш барлық жерде һәм барлық жаратылыста бар, ол адамға да, хайуандарға да, тіпті өсімдіктерге де тән. Өз басым жүзден астам ұрысқа қатыссам да, қорықпайтын адам көрген емеспін» («Психология войны», 20-бет, Алматы, «Өнер», 2010 жыл). Қорықпайтын адам жоқ. Бұл – батырдың қорқыныш туралы ұстанымы. Үрей, қорқыныш адамның өміріне ықпалы зор сезімдер. Бұл сезімдер кей сәттерде тұтас бір ұлттың тағдырына әсер етеді. Автор үрейдің үлкені һәм кішісі болады дейді. Үрейді қатардағы сарбаз, унтер-офицер, генерал деп шенге бөледі. Көп жағдайда соғыс майданындағы жағдайды осы Үрей генералының шешіп кеткендігі туралы тұжырымы да негізді. Олай болса, қорқынышты қалай жеңуге болады? Сарбазды өлім себелеген майданда шабуылға шығуға итермелейтін қандай күш, қандай сезім? Сарбаздың жүрегінде қорқыныштан басқа парыз деген ұғым бар. Одан соң автор мәжбүрлеудің екі түрі туралы айтады. Соның ішіндегі ең маңыздысы -ішкі мәжбүрлеу. Бұл сарбаздың өзін-өзі қайрауы, қорқынышқа қарсы тұрып, оны жеңуі. Ұрыс алаңында сарбаздың ішкі әлемінде үрей мен парыз сезімдерінің арпалысы жүріп жататындығын, бұл арпалыс екі жыртқыш аңның айқасынан да алапат, күрделі һәм қиын екендігін айтады. Сарбаздың ішкі әлемінде жүріп жататын осы алапат айқасты берудің орнына оқиғаны сырттай, жалаң суреттейтін жазушыларды, олардың ұрыс алаңындағы сарбаздың ішкі әлемінде жүріп жататын негізгі соғыстан бейхабар екендігін өткір һәм әділ сынайды. Осы алапат айқаста парыз жеңсе, сарбаздың маңдайы жарқырап, атақ-даңққа бөленіп, ана сүтін ақтамақ та, қорқыныш басым түссе, сарбаздың сағы сынып, отан алдында қарабет болмақ. Арын сақтаған сарбаздың сыйы- ар-намыс пен адамдық биігі, ел алдындағы жарық маңдай. Ата мен ананың ақталған үміті.


Осының барлығы отбасы, ошақ қасынан бастау алатын қасиетті тәрбиеден басталады. Қазақтың «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дегені де осы. Бауыржанның ерлік туралы ұстанымы да бөлек. «Ерлік туа бітті қасиет емес, ол - дұрыс берілген әскери тәрбиенің жемісі» («Психология войны», 23-бет, Алматы, «Өнер», 2010 жыл). Бауыржан бұл ойды күнделіктерінде де жиі қайталап отырады. Бұл автордың кездейсоқ пікірі емес, бұл-оның берік ұстанымы. Бұл ұстанымы Байтұрсынұлының «Баланы ұлша тәрбиелесек ұл болмақшы, құлша тәрбиелесек, құл болмақшы» деген сөзімен үндесіп жатыр. «Отан үшін отқа түс күймейсің», «Елім дегенде еміреніп, жұртым дегенде жүгініп қызмет ет», «Намысты нанға сатпа», «Өмір үшін өлгенше күрес», «Адал ұл ер боп туса ел түрегі», «Ердің Еділ тобығынан келмейді», «Соғыстағы ең қуатты қару-адамның рухы», "Тексізден тезек артық" сияқты бұл күнде ел жүрегін тербеп жүрген тірі тіркестер осы ойлардан, терең толғаныстардан шыққаны күмәнсіз. Батыр шайқастардың бірінде алғашқы ұмтылысы сәтсіз шыққан сарбазға:«-Анаңнан ұл боп туғаның рас болса, анау танкінің көзін жойғын,- деп бұйырдым. Сарбаз бұл сөзден кейін рухтанып, екінші рет ұмтылып танкінің көзін жойды»,-дейді. Оның адам мінезінің қыр-сырын терең меңгеріп, тамыршыдай тап басып отырғаны даусыз.


Батыр соғыс майданында тек қолына қару алып соғысқан жоқ, ол өзінің ішкі әлеміндегі алапат айқастарды, сол айқастарда туған тұжырымдарды дәптер беттеріне түсіріп отырды. Онысы соғыстың аяғына қарай 37 дәптерге жетіпті. Демек батыр жай соғысқан жоқ, ол соғыс туралы терең ойларға барды, тың тұжырымдар жасады, соғыса жүріп, халық мұраларының інжу-маржан үлгілерін өз пайдасына жаратты. Ауыз әдебиетінде соғысқа қатысты сан ғасырлық құнына баға жетпес мұралар бар екеніне қан кешіп жүріп көз жеткізді. ««Ерді намыс, қоянды қамыс өлтіреді». Бұл мақал халқымыздың әскери ой-тұжырымы. Көбі біздерді, қазақтарды, тек мал баққан тайпа деп біледі. Егер біз өз жадымызға терең үңілсек, әскери мақалдарымыздың баршылық екеніне көз жеткізер едік: «Өлімнен ұят күшті», «Өмір үшін өлгенше соғыс», «Жаным арымның садағасы»» («Психология войны», 23-бет, Алматы, «Өнер», 2010 жыл). Бұл мақалдардағы әскери ойды тек қан майданда жан беріп, жан алысқан ойлы адам ғана байқаса керек сірә. Баукеңнің «Әскери көзбен қараған кісіге Абайдың өзі қып-қызыл соғыс» дегені ойға оралады. Бауыржан Момышұлы әдебиеттің, соның ішінде ауыз әдебиеті үлгілерінің ұрпақты елдікке, ерлікке тәрбиелеудегі орны туралы көп айтқан авторлардың бірі. Өзі де артына кейінгі ұрпақтың әжетіне жарар талай мақал қалдырды. Бұл тұрғыда Баукеңмен бірде-бір қазақ муәллифі теңесе алмайды.

Осы орайда мына мысалға мән берейік:


«Исламқұлов тыным бермеуде:


- Оң жағым мен сол жағымдағы көршілерім шегініп кетті.


Оның сөздерінен өзінің де шегінгісі кеп тұрғанын сезіп тұрмын. Мен оған:


- Ей, Мұхаммедқұл! Қазақтың «Ерді намыс, қоянды қамыс өлтіреді» деген мақалын білесің бе? Менің бұйрығым осы.


Жарты сағаттан кейін ол маған хабарласты:


- Шабуылға шықпақпын. Мен:


- Шық»,- дедім» («Психология войны», 256-бет, Алматы, «Өнер», 2010 жыл).

Абдырап, шегінгісі кеп тұрған сарбазды шабуылға шығарған қандай күш? Ол-орынды жерде айтылған мақалдың күші. Орынды жерде қолданылған мақалдың күші бұйрықтан да салмақты болатынына бұдан артық мысал табылмас сірә. «Халық мақал-мəтелдері - менің авторлығымдағы негізгі тамырлар».


«Найзадан қол босаса, қалам алдым,


Толғанып оқиғаны көп ойландым.


Тырмысып әл келгенше көргенімді,


Жалтақтамай, именбей ашық жаздым». Найза мен қаламды қатар ұстаған хас батыр осылай сыр шертеді. Өтірік пен зорлыққа белшесінен басқан Кеңестік қоғамда «жалтақтамай, именбей ашық жазу» оңай болған жоқ.

Автордың тағы бір ерекшелігі - оның жазушылық ұстанымы. Шығарма біткеннің барлығына дерлік соцреализмнің шалығы тиіп, шындықтан алшақтаған тұста Бауыржан «Өтіріктің балын жалап тірі жүргенше шындықтың уын ішіп өлген артық», деген қағиданы ұстанды. Оның үдесінен де шықты.


«Мен маманданған жазушы емеспін, мен материалмын. Басқаларға да, өзіме де материалмын. Ол материалдығымды осы күнге дейін ешкімнен аяған емеспін». Расында, батыр өзінің материалдығын Бектен де, Нұршайықовтан да аяған жоқ.
«Мен мемуаристердің бірімін. Мемуар деген сөзге түсіну керек: Ол ой толқыны, сыр толқыны деген нəрсе. Тіл жағынан, саяси жағынан менің кемістігім мол, бірақ шындық жағынан да растығым аз емес». «Мен жазушы емеспін, мен-мемуаристпін. Шығармаларымда ойдан құралған бірде-бір кейіпкер, бірде-бір эпизод жоқ». «Менің əдебиетке кіріскен жолым басқалардан бөлек, қазақ əдебиетінде мемуарлық, естелік, халық мақал-мəтелдері - менің авторлығымдағы негізгі тамырлар». Муәллиф бұл тұста өзінің жазушылық кредосынан хабар беріп отыр. Өзінің шығармашылық бағыты туралы сөз қозғап отыр. Бұл қазақтың өзіне жақын ұстаным еді. Қазақ «Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам» дейді. Бұл қағиданың шындығына қазір көзіміз анық жетіп отыр. Кеңес дәуіріндегі көркем қиялға малынған шығармалардың көпшілігі қазір қадірінен айрылды. Көркем қиял. Орыстар оны "художественная фантазия" дейді. Өтірікке жабылған жыртық шапанды осылай атаған. Əдебиетке көркем қиял керек. Мысалы адамзаттың бəрінде болатын сезімді, қылықты т.б. типтік образды ашу үшін қолдану. Бірақ қиялды тарихи тұлғаға апарып таңуға болмайды. Қолына қалам ұстаған адам осыны ажырата білу керек. Əйтпесе қиялдаймын деп жүріп қиянатқа барады. «Я очень недоволен. М. Әуезовтің «Абайы»-ұлы шығарма, бірақ кейбір жерлерімен келіспеймін. Неге? Себебі не? Ол кісі Абайды көтеремін деп, Құнанбайды кемітеді. Бұл өте үлкен қате деп білемін. «Иттен ит туады боқ жейтұғын, Малдан мал туады шөп жейтұғын»-дейді. Осы принципті Мұхаң саясатқа бейімдеуге барды. Құнанбай-қазақтың Иван Грозныйы. Иван Грозный мақсатына жетті, бірақ Құнанбай ойына жете алмады. Мұхаң осыған түсінбеді. Мен бұл ойымды Мұхаңа айтқанмын. Құнанбай қазақ мемлекетін жасауға ұмтылған еді...» (Өнер 2009, "Айтылмаған ақиқат" 58-59-бб, Б. Момышұлы). Шындығы да осы. Қазір жүрегі дерттен ада қазақты Құнанбай жаман дегенге сендіру қиын.


Бауыржан қиялға емес, шындыққа арқа сүйейді. Ақиқатты ардақтайды. Бұл ұстаным Бауыржанды басқалардан бір бас биікке шығарды. "Өтірік ешқашан нағыз кейпімен көрінген емес, ол қашанда шындықтың тонын жамылып тұрады. Түптеп келгенде шындық жеңіп шығады"("Жүрекпен жырлап толғаймын" 224-б Б. Момышұлы). Шындықты білетіндер көп, мойындайтындар аз, онымен өмір сүретіндер санаулы ғана. Баукең сол санаулылар санатынан. Оның шыншылдығы туралы Генерал-полковник Чистяков: «Нравилось мне у Момышулы ещё одно качество — правдивость. Как бы тяжело ему ни было, я знал, что он всегда скажет правду, того же он требовал от своих подчинённых» десе, Генерал Петр Вершигора былай дейді: «Нам известны военные подвиги Бауыржана, но став писателем он совершил второй подвиг. Оба подвига, на мой взгляд, равноценны». Тағы бір пікір иесі: «Записки офицера интересны тем, что основаны на документальных материалах, в его книгах нет вымышленных героев и выдуманных событий» деп, дәл баға береді. Рас Баукеңнің шығармашылығында ойдан шығарылған кейіпкерлер де, уақиғалар да атымен жоқ. Өзі де ел есінде бас кесіліп кетсе де, шындықты айтар қалпында қалды. Тәмам.

Абай Қалшабек.

Бөлісу:

Көп оқылғандар