Серік СЕЙІТМАН: Рухани жаңғыру – Ұлттың Ұлы Мұраты!
Бөлісу:
Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру»
атты мақаласына орай
Рухани жаңғыру – Ұлттың Ұлы Мұраты! Ұлы мұрат жолында тізе қосып, іс қылу – біздің перзенттік һәм азаматтық Ұлы борышымыз. Ал бұл сапарда жолымызға қақпан құрып, аяқтан шалушылар – Қазақстанның хас жауы.
РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ
Шыңға биік Ел көз тіксе асқарлы,
Шайыр жазбай, кім жазады дастанды?!
Сүйінші, Алаш!
Тарихыңда толғаулы
Рух жаңғырар жаңа дәуір басталды!
Көк түріктің ұрпағына, уа, құтты
Ту көтерер тағы бір таң атыпты.
Жолын таппай, қаңғырған Ел қаншама,
Кодын сақтай, жаңғырған Ел бақытты.
Бұл жаңғыру – өрге бастау Ұлтымды,
Бұл жаңғыру – төрге бастау Ғұрпымды.
Ұлттық кодым – менің ұлттық құлпым,
Кім көрінген қолды етпесін кілтімді.
Бұл жаңғыру – ұлыларды ұлықтау,
Ұлы Абайдың даналығын ұмытпау.
«Кісен ашып» Құрманғазы күйімен,
Болмысымды бұлжымастай құлыптау.
Бұл жаңғыру – кемелденіп жаңғыру,
Кеуде соққан күллі әлемді таң қылу.
Жыр алыбы Жамбылдарды жыр қылу,
Ән алыбы Шәмшілерді ән қылу.
Бұл жаңғыру – бастамасы ғажаптың,
Бұл жаңғыру – астанасы ләззаттың.
Жалғаны көп сахнасында жаһанның
Мәдениетін мойындату қазақтың.
Бұл жаңғыру – тарихи сәт сауапты,
Сауапты іске бәріміз де жауапты:
Тұлпарымыз озсын десек бәйгеде,
Ұрпағымыз болсын десек сауатты.
Бұл жаңғыру – Туған Жерді түлету,
Ен даланың кең құшағын гүл ету.
Шығыс, Батыс, Оңтүстік пен Солтүстік –
Бар қазақтың арман-жырын бір ету.
Асуды асып Қазақстан – ардағым,
Аспанменен астасып тұр арманым.
Ер бастады!
Ел қостады!
Жарылқа!
Тәңір Ием, Туған Елдің БАҒДАРЫН!
Серік СЕЙІТМАН
ақын, «Жас тұлпар-2014» сыйлығының иегері.
Бөлісу: