Нұржан Қуантайұлы: Алаш әлі зерттеліп біткен жоқ

Бөлісу:

25.04.2017 6544

Биыл Алашорда қозғалысының құрылғанына 100 жыл толды. Алаш зиялыларының шығармашылық мұраларын зерделеу және оны жандандыру мәселелері бойынша нақты қандай жұмыстар атқарылып жүр? Сауалымызды белгілі жазушы, жүсіпбектанушы ғалым Нұржан Қуантайұлына қойған едік.

– Алашорда қайраткерлерінің еңбегі мен ерлігін бүгінгі буын толық бағалай алды ма?


– Алашорда қайраткерлерінің еңбегі туралы біршама жазылды, әлі де зерт­телуге тиіс дүниелер бар. Әйт­кенмен олар біздің ресми тарихта әлі толық ба­ға­сын ала алмай отыр. Мектеп оқулық­тарында жал­пылама таныстыру бар, одан әрі ештеме жоқ… Мектеп оқушылары ға­на емес, мы­салы, тарих факультетінің сту­денттеріне «қазақ жерінің қазіргі шекарасын 1921-1922 жылдары кімдер бел­гілеп берді?» деп сұрақ қойсаңыз, жауап бере алмайды, өйткені оқытыл­май­ды… Одан арғысын айтпай-ақ қояйық.


– Алаш қайраткерлерінің ішінде зерттелмей қалған тұлғаларымыз бар ма?


– Бар ғой. Аз емес. Рас, біраз мәлі­мет бар, бірақ мәселен, Сабыр Сарығожин, Молданияз Бекімов, Ғали Самыратбеков, Хамит Тоқтамышев секілді Алашорданың полктерін жа­сақтаған офицерлер туралы зерттеулер жоқ, төңкеріске дейін-ақ Абай мен Міржақыптың өлеңдерін орыс тіліне алғаш аударған кісі, тұңғыш қазақ агрономы (туған жері – мына іргедегі Қаскелең), өзі шығыстанушы, Алашорда мүшелігіне кандидат болған Сатылған Сабатаев әлі зерттелмей жатыр, тіпті басқасын айтпағанда, Алашорда – ұлт кеңесіне мүше болған Уәлихан Танашев, Айдархан Тұрлы­баев, Халел Ғаббасов, Базарбай Мәметов, мүшелікке кандидат болған Батырқайыр Ниязов, Ережеп Итбаев, Биахмет Сәрсенов секілді ірі тұлғалар жеке зерттеу объектісі болмай жатыр.


Алашорда автономиясы, Алашорда үкіметі соңғы жиырма бес жылда біршама зерттелді. К.Нұрпейісовтың, М.Қой­гелдиевтің, Д.Аманжолованың моногра­фиялары секілді іргелі ең­бектер жазылды, баспасөзде тұщымды дүниелер шықты, бірер деректі фильм түсірілді. Бұл тарапта әдебиетші, тарихшы ғалымдардың еңбектерін бағалауымыз керек, баспасөз­дің жұмысын атап айтуымыз қажет. Алаш автономиясының, Алашорда үкіме­тінің құрылғанына биыл бір ғасыр толады дейміз, соның қарсаңында тиісті іс-шаралар үкіметтік деңгейде өткізілсе деген тілек бар. Былтыр Алашорда көсемі Әлихан Бөкейханның 150 жылдығын ғалымдар ғана атап өтті, баспасөз назар салды, өкінішке қарай, біз күткендей республикалық дең­гейдегі мәдени шаралар өткізілмеді. Әлихан Бөкейхан болмаса, Алашорда қозғалысы тумас еді, біз соны терең түсінуіміз керек. Биыл Алашорданың 100 жылдығы дәл солай, жетім қыздың тойындай өтпесе екен деп тілек бар.


ХХ ғасыр басындағы қазақ тарихын­дағы ең айтулы, ең қуанышты дата, қазақша айтқанда, ақ түйенің қарны жарылған күн осы – 1918 жылдың 24 қыркүйегі болатын.


Бізде Алашордаға байланысты екі қате түсінік қалыптасып барады. Бі­ріншісі, тарихта ешқашан Батыс Алашордасы (Күнбатыс Алашордасы) немесе Шығыс Алашордасы (Күн­шығыс Алашордасы) деген болмаған. Тіпті байқаймын, осы бағытта бірнеше диссер­тация да жазылып кеткен екен… Бұл – түбірімен қате. 1918 жылдың күзінде Комуч (Құрылтай жиналысы комитеті) басшыларымен кездескенде, Әлихан Бөкейхан мен Жаһанша Досмұхамедов «Батыс Алашордасы деген жоқ, бір ғана Алашорда бар» екенін қадап айтқан. «Алашорданың уақытша құрылған батыс бөлімі бар, бірақ Батыс Алашорда деген жоқ» деген екеуі де. Өкінішке қарай, Алаш қоз­ғалысына қатысты біздің жаңа эн­циклопедияларда да «Батыс Алаш­ордасы» деген ұғым жүр. Бұл, сірә, Алашорданы қаралау үшін Бочаговтың 1927 жылы тапсырыспен жазылған кітабынан бастау алса керек. «Күн­шығыс Алашордасы» деген атау соңғы 20-25 жылда пайда болыпты, сірә, әлдекім­дердің «Батыс Алашорда болса, неге Шығыс Алашорда болмауы керек» деген «темір логикасынан» туындаған секілді… Міне, алдағы уақытта осы қателіктер түзетілсе деген ниетіміз бар.


– 1918 жылы құрылған Ойыл уәлаяты ше?


– Ойыл уәлаяты төрт ай ғана өмір сүрген. Әрі ол автономия емес, кантон ретінде уақытша құрылған бірлік болатын. Оған екі-үш-ақ ояз, жердің аумағы кірген. Құрылуы себебі, бірін­шіден, Алаш­орданың ресми жариялануы алмағайып заманда сақтық үшін кейінге қалдырыл­ғандықтан, екіншіден, Оралдағы боль­шевик-совет өкіметінен қазақ ауылдарын қорғау үшін Жым­питыда ресми Ойыл уәлаятын жа­риялап, Алаш әскерін тез арада жа­сақтау үшін қажет болған секілді. Қалай болса да, Жаһанша Досмұхамедов бұл қадамға амалсыз барған.


1917 жылы 5-13 желтоқсан күн­дерінде Орынборда екінші жалпы қазақ-қырғыз съезі өтеді. Алаш ав­тономиясы және оның Алашорда деп аталатын ұлт кеңесі осы кезде құ­рылды. «Желтоқсанның 12-сі күні, түс ауа, сағат 3-те дүниеге Алаш авто­но­мия­сы келіп, азан шақырылып, ат қойыл­ды, – деп жазады сол кезде Әлім­хан Ермеков «Сарыарқа» газе­тінде. – Алты Алаштың баласының ба­сына ақ орда тігіліп, Алаш туы кө­те­рі­л­­ді. Қырғыз бен қазақ жұрты өз ал­ды­­на ауыл болды. Отан­сыз жұрт отан­ды болды». Қазіргі күнтіз­бемен айт­­­қанда, бұл – 25-жел­тоқсан. Бұл күн – қа­зақ тарихында алтын әріппен таң­балануы керек.


– Екінші қате түсінік неде?


– Екіншісі, Алаш автономиясын біз тек қазақтікі деп жүрміз, жоқ, автономия қазақтікі ғана емес, қырғыздікі де болатын. «Жалпы қазақ-қырғыз съезі» деген атауы да соны көрсетіп тұрған жоқ па?! Жәнеке Солтоноев бастаған қырғыз депутат­тары да Алаш автономиясына дауыс бергені – тарихи шындық. Өкініш­ке қарай, біз қырғыз бауырларымызды ұмытып кетеміз. Байырғы ұғым бойын­ша, Алашқа тек қазақ қана емес, Алашқа қырғыз, қарақалпақ және сол замандағы өзбек кірген. «Алаш ав­тономиясы» де­генде аталарымызда әзірге тек қазақ-қыр­ғызға автономия алып алсақ деген ой болған. Бірақ Мәскеу басқаша шешіп, 1920 жылы Қазақстан автономия алады да, қырғыз Түркістан автономиясы­ның құра­мында кетеді.


1917 жылы 5-13 желтоқсан күн­дерінде Орынборда екінші Жалпы қазақ-қырғыз съезі өтеді. Алаш ав­тономиясы және оның Алашорда деп аталатын ұлт кеңесі осы кезде құ­рылды. «Желтоқсанның 12-сі күні, түс ауа, сағат 3-те дүниеге Алаш авто­но­мия­сы келіп, азан шақы­рылып, ат қойыл­ды, – деп жазады сол кезде Әлім­хан Ермеков «Сары­арқа» газе­тінде. – Алты Алаштың ба­ласының ба­сына ақ орда тігіліп, Алаш туы кө­те­рі­л­­ді. Қырғыз бен қазақ жұр­ты өз ал­ды­­на ауыл бол­ды. Отан­сыз жұрт Отан­ды бол­ды». Қазіргі күн­тіз­­бемен айт­­­қанда, бұл – 25 жел­тоқсан.


Бұл­ күн – қа­зақ тарихында алтын әріп­пен таң­балануы керек.
Бірақ сол кездегі бірқатар саяси жағдайларға байланысты және Түркістан қазақтарының Алашордаға қосылуын күтіп автономияны ресми жариялауды бір айға кейін шегерді. «Бүкілресейлік құрылтайда Алаш автономиясын мойын­датып алайық, ал оны жариялау ешқайда қашпас» деген шешімге келеді Алаш қайраткерлері. Бұл – сол кездегі қоғам­дық-саяси жағдайларға орай өте дұрыс шешім болатын.


Тағы бір себебін тоғыз ай өткен соң, 1918 жылы Міржақып Дулатов былай деп жазады: «Арамыздағы анасы басқа жұрттармен келіселік, мелисиямызды жасап, ұлт қазынасын жинап, қам­данған соң жариялайық деп қаулы қылдық. Үлкен себебі, жұртқа большевизм дерті жайылып келе жатқанда сөйлеспей жариялап жіберсек, көршілерімізбен арамыз қандай болып кететініне көзіміз жетпеді. Бұл сақтықтың орынды еке­ніне жұрттың көзі енді жетіп отыр».


Дегенмен кейінге ысырған, сол бір ай мезгіл өтпей жатып, қазақ зия­лылары үлкен үміт артқан Бүкілресей­лік құрыл­тайды 1918 жылдың 5 қаң­тарында Петерборда большевиктер қару кезеп, күшпен таратып жібереді. «5 қаңтарда 500-ден аса депутат жиылған еді» деп жазады Әлихан Бөкейханов бұл жөнінде «Қа­зақ» газетінде. «Николай түс­кен­нен бері жұрттың сүйенгені, таянғаны, Құдай­дан соңғы, құрылтай еді. Құрылтай басына бұтын көтеріп большевик сарыды… Айғайлап алдымен шабатын большевик еді. Соғысты тоқтатам, бітім қылам деп қараңғы солдатты ертіп алып, демогогияға сүйенетін іс жүргізген». Сөйтіп, автономияны жариялайтын күн әзірге белгісіз болып қалады.


Большевизм профанациясы империя ішінде обадан бетер тез тарайды. Орын­бор, Орал, Семей, Ташкент, Верный шаһарларында гарнизон-гарнизон болып тұрған, большевиктік жалған уәде, жалаң ұранға емексіген орыс әскері 1918 жылдың көктемінде күрт қимылға көшіп, қарумен ықтырып «совет» деп аталатын жаңа өкіметті жаппай қол­дайды. «Қай болыс, қай қала болсын, – деп жазады сол кезде «Сарыарқа» газеті. – Большевик өкіметі алмаған жер жоқ. Советтен совет шығып жергілікті меке­мелердің бәрін төңкерді, иледі, биледі». Большевиктердің айтқанға көнбегенді атып тастауға дайын тұратынын, Алашорда қозға­лысы­ның, кейін авто­номиясының үні саналатын «Қазақ», «Сарыарқа», «Бірлік туы», «Жас азамат» газеттері, «Абай» жур­налы ашық жазған.


Мысалы, «Сарыарқа» газеті 1918 жылы былай деп жазады: «Автономия бол­дық деген жұрттар да, біз де бұл жолға тентектікпен түскеніміз жоқ, мемлекет күйі, саясат ісі құбылып, еріксіз айдап түсіріп отыр. Март басында басталған өзгеріс алғашқы күндегісіндей болмады. Жыртықты жамап, бүтіндікті бұзбай учреди­тельное собранияға тыныш­тық­пен жетуге жібермеді. Барған сайын ұлғайды, күшейді, неше қабат сұранып, сан қатерге кездесіп, ақырында бастапқы түрінен, бастапқы күйінен айырылды. Мемлекет тізгіні боль­шевиктерге ауыс­ты, боль­шевик­тер қалай билік қолына тиіп күш алған соң, Николайдың таз кепесін жұртқа қайта кигізуге айналды, айтқанына көнбеген, айдауына жүрмеген елді аттырды, талатты. Кедей мен байды, оқыған мен қараны жау­ластырды».
Уолл-стрит пен Ми-6-ның Ресейді тонау жобасы есе­бінде жүр­ген боль­ше­виз­мнің ин­ферналь өзегін Әлихан Бө­кейхан бас­таған Алаш қай­рат­керлері көріп, таныды деп ойлаймын. Кейін Ре­сейде әскери дик­татура ор­нат­­қысы кел­ген адми­рал Колчак­тың да Ан­танта им­­пе­риалис­те­рінің қолын­­­дағы құ­рал екенін ша­малады деп білем. Саяси жағдайдың қолай­с­ыз­ды­ғы, әскери күштің жоқ болуы себепті 1918 жылдың наурыз-сәуір айларында Алашорда бас­шылары саяси шарасыздықтан совет өкіметінің Мәскеудегі көсемдерімен еріксіз жақындасады.


1918 жылдың наурызында Алашорда көсемі Әлихан Бөкейханов­тың тап­сырмасымен Халел және Жаһанша Досмұхамедовтер Орал қаласынан шығып, Мәскеуге барады. Онда совет өкіметінің көсемдері Ленин мен Сталинге жолығып, ІІ Жалпы қазақ және қырғыз съезінің қаулысын табыс етеді. Ол қаулымен танысқан Иосиф Сталин 19 наурыз күні Әлихан Бөкейхановты телефон арқылы ке­ліссөзге шақырады. Қырға шығып кеткен Әлекеңнің орнына ертесінде, 20 наурызда Семей қаласында Халел Ғаббасов телефон арқылы Иосиф Сталинмен келіссөз жүргізеді. Ол келі­сімнің толық мәтіні «Сарыарқа» газетінде бар: «…Ұлт мәселесі тақырыбын совет өкіметінің негізгі қызмет жобасы етіп келеді. Жал­пы қазақ-қырғыз съезінің қау­­лысы түгелімен жоғары жобаға муа­фиқ келеді», – деп жазылған Сталиннің газетте берілген сөзінде, – «Бірақ жалғыз-ақ шарт қоямыз; егер сіздің съездің қаулысы өкілдеріңіздің совет өкіметін тануға қарсы болмаса, болғаны».


Әйткенмен Алашорданы қолдаған көп жұрт зорлықшыл большевик солдаттардың кесірінен жергілікті совет өкіметімен тіл табыса алмайды. Сол кездегі саяси жағдай жөнінде 1918 жылы «Абай» журналында басылған «Қазіргі саяси хал» мақаласында Жүсіпбек Ай­мауытұлы былай деп жазады: «Ұран­дасып, бас қосып, кеңесіп ұлт жұмысына кірісе бас­тағанда қожасының артынан қолы келіп, басымызға міне түсті; Ол қол – ойдан, қырдан жиылған жітікке саяқ, олжа тапқыш сығандар, социализмнің атын сатқан большевиктер. Ре­волюция­ның берген бостандық теңдігі, боль­шевиктің істеген жұмысы – ел шауып олжа табу, аузын ашып қарсы келгендерді шабу, асу, ату болды. Большевиктің босякты қырғандығын көрген жұрт жағасын ұстап, Николай бірсәрі екен ғой деген де болды. Большевиктің содыры тимеген ел, таланбаған дүние, талқан болмаған қала қалмады… Большевик хүкіметі тұра берсе, қазақ та аман құ­тылмас еді. Россияның әр жерінен ақ гвардия, қазақ-орыс, афесерлер қосылып, күш жинап большевикті жоюға қам қылған. Соның аяғы – осы майдың ішінде бүкіл Сібір қалаларындағы боль­шевиктер қуыла бастады. Омбы, Том, Новониколайск, Краснояр, Ақмола, Қызылжар, Көкшетау, Павлодар, Қарқаралы, Семей, Барнауыл, Өскемен, Зайсан – бәрі алынды. …Семейден, Барнауылдан қашқан большевиктер Рубцовка деген қала маңында жиылып жатыр дегенді естіп, большевиктің тұқымын құртуға афисер, казак-орыс, қазақ отрядтері жіберілді. Қазақ отряды большевикпен төбелесіп, қуып, бірнеше кісілерін тұтқын қылып қайтты. Енді большевик қалған жер – Түркістан жағы. Барлы-жоқты күші Ташкентте деген хабар бар. О жаққа тілігірам жүр­мегендіктен, анық хабары алынбай тұр».


Мақала соңында Жүсекең қай­ратты азаматтарға атқа мініңдер деп Алаш милициясына жазылуға ша­қырады. Ел болу, мемлекет көтеру үшін ең алдымен, әскер керегін жазады, өйткені «шама­мыздың кемдігінен большевик хүкіметі автономия беремін деп, емексітіп, алдап кетіп отыр. Енді күш алдырмаймын, ғаскер жасатпаймы н дейтін большевик жоқ. …Алаш қаласында қазақ басшылары жиналып, Алашордасын көтеріп, қызметке кірісе бастады. Алашор­даның қазіргі мақсаты – қазақты жұрт қылып, автономия алу. Осы жолда Алашорда милициясын жасап, қазынасын толықтыруға кірісіп жатыр».


Қазақ милициясын құру үшін барлық мүмкіндік пай­да­ланылады. Қазақ жігіттерін әскер ғылымына үйретуге под­полковник Ғали Самыратбеков сияқты азаматтар шақыртылып, Қос­танайда 2-қазақ полкінің, Жаман­қалада (Орск) 3, 4, Оралда 5, 6-қазақ полктерінің құ­ралғанын, қазақ офицері, штабс-капитан Хамит Тоқтамышев Өске­менде 1-полк пен офицер даярлап шығаратын мектеп ашады.
Дәл осы кезеңде Батыс Сібірде өкі­метке таласқан саяси, әскери күштердің көбейгені белгілі. Сондай өкіметтердің ірісі – Жүсіпбек Аймауытұлы жазғандай, «патша заманының қара күнін қайта туғызып, қазақтың басына әңгіртаяқ орнатқан Колчактың кер заманы» еді.


Алашорда делегациясы мен Сібір өкіметінің комиссиясы арасындағы келісімге Уфа қаласында өткен мем­лекеттік мәжіліс қарсаңында қол жетті. Тарихта Уфа мемлекеттік мәжілісі деген атпен қалған бұл басқосу 1918 жылы 8 қыркүйекте ашыл­ды. Міне, осы бас­қосуда, сол кез­­дегі қа­зақ га­зет­те­рін­де жа­зыл­ған­дай, 11 қыр­­­­күйек күні (қа­­­зір­­­гіше 24 қыр­күйек) Бү­­кіл­­ресей­лік құ­­­­рыл­­­тай жиы­лы­­сын­да Алаш­ор­­да үкіметі бас­қар­ған Алаш ав­­то­но­миясын Ұлт­тық республика ретінде таниды. Бұл күн – қазақ тарихында алтын әріппен таң­балануға тиіс ай­рық­ша дата. Ол жөнінде «Қазақ» газетінде де, «Абай» жур­на­лын­да да жа­­зыл­­ған. Мә­селен, «Абай­да» шық­қан, сол кезде Уфада жүрген Әлихан Бөкейхановтың атынан Алашор­даға кел­ген жеделхатты оқиық:
«Құрылтай уәкілдігінің комитеті Алаш­ты автономиялы жұрт деп таныды! Бар күшті ұлт ғаскерін жа­сауға салыңдар. Алаш – Россиядағы одақтас мемлекет­тер­­дің бірі. Сондықтан тіреудің бір ұшы –­ Алаш ғаскері. Алаш полкіне не керегін тауып беріп, таратпаңдар. Керек нәрсені, қаншаға болсын, қарыздануға қорған­баңдар. Жетік, білікті қару алсын. Алаш отрядының Орал, Торғай бөлімде­рін­де ғаскер жасау жұмысы жалғассын. Оралда қазақ офицерлерін шығармаңыз. Алашорда бастығы Бөкейханов».


ХХ ғасыр басындағы қазақ тарихын­дағы ең айтулы, ең қуанышты дата, қазақша айтқанда, ақ түйенің қарны жарылған күн осы – 1918 жылдың 24 қыркүйегі болатын.


– Шығармашылығы сіздің зерттеу объектіңіз болған Жүсіпбек Ай­мауытұлы 1928 жылғы репрессияның алғашқы құрбандарының бірі болды. Ол кісі неге қатарынан бұрын атылып кетті? Себебі неде?


– Голощекиннің тапсырысы деп ойлаймын. Голощекин мен сол кездегі НКВД басшысы Ягоданың арасында достық қатынас болған, екеуі де Қызыл террор заманында Свердловтың жеке жендеттері саналған. Совет қайта орнаған кезде, яғни, 1920-1921 жыл­дары Жүсіпбек Семей губерниясының ревкомында, Семейдегі «Қазақ тілі» газетінде қызмет істеген. Ол заманда қазіргі Павлодар, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстарының аумағын алып жатқан Семей губерниясы Сібір өлкесіне қарайтын, оның орталығы Томск болатын. Ол кездегі Қазақстанға тек қа­зіргі Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Қостанай, Ақмола облыстары ғана кіретін. 1920 жылдары Семей губерниясын Қа­зақстанға қосу үшін бір кезде Алашордаға мүше болған қазақ қайраткерлері жан аямай іске кіріседі. КирЦИК-тің қау­лысымен Қазақстанның сол кездегі астанасы Орынбордан арнайы комиссия шығып, кейінгі жас қайраткер Смағұл Садуақасов сол комиссияны басқарып келеді. Семейдің шовинист боль­шевиктері оңай жау емес, өзі де өжет, өткір Смағұлды Семейдегі бұрынғы Алашорда қай­раткерлері, оның ішінде Халал Ғаббасов, Жүсіпбек Ай­мауытұлы қолдайды. Смағұл басқарған комиссия біршама жұмыс тындырып кетеді. Бірақ жер үшін талас тоқ­тамайды. Мәселен, 1924-1925 жыл­дары Сібір мен Қа­зақстаннан тағы бір комиссия шығып, Алтай өлкесінің біраз жерлері Қазақстан­ға қосылған. 1923 жыл­дың наурыз айында Мәскеудің тапсыр­масымен әйгілі Ежов (1936-1938 жылдары НКВД-ны басқарған) Семей губ­комын басқаруға келеді. Міне, сол, кезде шаш ал десе, бас ала­тын, әумесер Ежов Семей қаласының азаматтары Жүсіпбек Аймауытұлы (1923 жылдың жазында Қарқаралы мек­тебінде директор болған Жүсіпбек негізінде Семейде жиі болып тұрған) мен Халел Ғаб­басовты, өзге де қазақ қайрат­керлерін жақсы білген. Бұл кез­де Семейдің Сібір жақ төңірегін, Ба­тыс Алтайдың біраз жерін Қа­зақ­стан­ға қай­тару проблемасы күн тәр­тібінде тұрған. Жер мәселесіне орай қазақ қайрат­керлері мен орыс шовинис­те­рінің (оның ішінде Ежов бар) арасында керіс, кикілжің болмай тұрмаған. Кейін Голо­ще­киннің оң қолы болған Ежов Аймауытов пен Ғаббасов туралы толық «компромат» берсе керек, 1928 жылғы Алашорда репрессиясында Жүсіпбек пен Халел алғашқылар бо­лып 1929 жылы жаз­ғытұрым Мәс­кеудің Бутырка түрмесінде атылады.


– Биылғы мерейтойға орай «Алаштың аманаты» атты деректі фильм түсіруді қолға алды. Деректі туындыны түсіруде нені ескергеніміз абзал?


– Алашорда туралы бірнеше бөлімнен тұратын деректі фильм тү­сі­рі­летін болса, онда тек 1917-1919 жыл­дар ғана емес, Алашорда қоз­ға­лысының бағытында қызмет еткен қай­раткерлердің 1920-1925 жыл­дар­дағы еңбектері де (мәселен, рес­пуб­ли­ка территориясын белгілеу жұмыс­та­ры) міндетті түрде қамтылса деп ой­лай­мын. Алаш азаматтарының 1921-1924 жылдары Сібір, Түркістан өл­ке­сінен, Алтайдан, Самарқан, Закаспий облыс­тарынан қазақтар қоныстанған жерлерді алып, Қа­зақстан деген автономиялы респуб­ликаның аумағын үш есе кеңейтуі оңай болған емес. Осы ұлы еңбектері деректі фильмдердің назарынан сырт қалмаса екен деймін. Содан соң, әрине, бұл тақырыпты терең білетін Мәмбет Қойгелдиев, Дина Аманжолова секілді ғалымдарды фильмдерге кеңесші етіп алу керек.


– Алаштың 100 жылдығына орай, арнайы экспедиция ұйымдастыру қажет секілді. Қалай ойлайсыз?


– Әрине, экспедиция ұйым­дас­тырылса, оған тек қуану керек. Орын­бор­дан бастап Ор, Жымпиты, Орал, Торғай, Қостанай, Семей, Өскемен, Үржар, Алматы қамтылса деп ойлай­мын. Алашорда милиция­сының (кейін Комуч, Колчак әскерінің құрамындағы Алаш полктері) Батыс Қазақстанда (Жымпиты, Жәнібек, Орал), Жетісу мен Тар­бағатайдағы (Лепсі, Үржар) соғыстарда шәйіт болған азаматтары еске алынып, марқұмдарға ас берілсе, сауап болар еді.


– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Гүлзина БЕКТАС

aikyn.kz

Бөлісу:

Көп оқылғандар