«Жас тұлпар дүбірі» атты туынды жарық көрді

Бөлісу:

12.11.2013 5228

43570202.jpg

АСТАНА. 12 қараша. BAQ.KZ - Мызғымайтындай көрінген Кеңес Одағының шаңырағының ортасына түсуіне, социалистік жүйенің қирауына қазақ жастарының қосқан үлесі зор. Ал сол жастардың санасын серпілтіп, болмысын оятқан Алаш зиялыларының күрес жолын жалғастырған «Жас тұлпар» қозғалысы болғанын екінің бірі біле де бермес. Осы орайда, ХХ ғасырдың 60-70 жылдарындағы жастардың Қазақстанның тәуелсіздігі үшін күресінің қалай өрбігендігі Алматы қаласындағы «Асыл сөз» баспасынан таяуда шыққан «Жас тұлпар дүбірі» атты кітаптан жан-жақты қаныға алады.

 

«Алаш зиялылары мен жастұлпарлықтарда ортақ бір қасиет болды. Ол Ұлы рухтан шыққан жүректерінің түкпіріндегі армандары қазақ ұлтының бақытты болашағына сенімі. Қазақ мұратының ерте ме, кеш пе, орындалатынына еш күмәнданбауы...» деп жазады шығарманың авторы Әміржан Әлпейісов. 

Туындыда Алаш зиялыларының соңғы көзі Мұхтар Әуезовтың тарихи орнына ерекше көңіл бөлінген. Өйткені ұлы жазушының тарихи-көркем шығармалары, әсіресе «Қилы заман» повесі жастарға үлкен ой салған еді. «Жас тұлпар» қозғалысының идеялық алғы шарттарын, Алаш идеясының нәрін М. Әуезов ұлы Мұратқа 1961 жылдың шілдесінде өзі дүниеден өткенге дейін беріп үлгерді. Ұлттық мүдде, болашақ ұрпақ қамы болатын ой-арман Мәскеу, Ленинград және басқа Ресей қалаларында оқитын қазақ жастарының басын біріктірді. Олар жас болса да ұлт тағдыры үшін өздерінің жауапкершіліктерін сезіне білді.

Қазақ халқының ұлттық, саяси санасын қалыптастырудағы ең биік белес болған Алаш қозғалысы десек, 40 жылдан соң сол Ұлы арманды халқына жеткізуге талпынған «Жас тұлпар» ұйымы болды. Шығармада елінің ертеңіне елеңдеген жастар қозғалысы мүшелерінің осы бағыттағы батыл қадамдары жан-жақты баяндалады. Сондай-ақ, ұйымның қалай құрылғандығы, атқарған істері жайлы деректер, естелік әңгімелер де мол.

«Жас тұлпар» дүбірі қазақ жастарының санасын серпілтіп, азаттық күресіне жетеледі.»

«Жас тұлпарлықтар» бастарын қауіп-қатерге тіге отырып өз ұлтының мәдениетінің, әдебиетінің, әдет-ғұрпының тарихын, ана тілін кемітіп қаралап отырған мемлекеттік саясатпен келіспейтіндерін ашықтан-ашық білдірген.

«Жас тұлпар» дүбірі қазақ жастарының санасын серпілтіп, азаттық күресіне жетеледі. Дүбірден оянған жастар Қазақстанның бар аймағында жасырын үйірмелер құрып, шама-шарықтарынша әрекет етті.

«Бұл ұйымның салған жолы елу жыл өтсе де өз жалғасын тауып отыр. Қазақстаннан тыс жерлердегі қазақ жастарының ұлттық-мәдени орталықтарын құрулары, өзге де жастар ұйымдарымен қанаттаса жұмыс істеулері соның бір жарқын айғағы іспеттес. Ал «Жас тұлпардың» жүріп өткен жолы еліміздегі Тәуелсіздік үшін күрес жылдарының тарихи кезеңдерінің бірі іспеттес», деп түйіндейді кітап авторы.


 

Қайнар көз: www.baq.kz порталы

Бөлісу:

Көп оқылғандар