Ақын Дәулеткерей Кәпұлының кеші өтті
Бөлісу:
АСТАНА. 12 желтоқсан. «Балбал тастың жүрегі бүлк еткенде...». Осындай атпен болмысы Табиғатпен тамырлас ақын, Мемлекеттік «Дарын» сыйлығының иегері, Халықаралық «Шабыт» фестивалінің бас жүлдегері Дәулеткерей Кәпұлының шығармашылық кеші Астана қаласындағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде өтті.
«Әкесі Қытайда, өзі Моңғолия топырағында, ал баласы тәуелсіз Қазақстанда өмір есігін ашқан» ақын кешін жырмен бастады.
«Ел едің тұғыр еткен тұлпар жалын,
Ұлың ем ұлықтаған ұлт арманын.
Армысың алтын жүрек арда қазақ,
Жетеді шаттығыңды шырқауға әлім.
Тәуелсіздік тойларың құтты болып,
Самғасын шыңнан шыңға сұңқарларың.
Қадіріне жетсін ел Желтоқсанның,
Қасиетін сезініп ту-таңбаның.
Қазақша оқитындар көбейсе екен,
Қазақстан Заңының бір тармағын»,- деп жыр бастаған Дәулеткерей өзінің 5 жыл бұрын домбыраны қаламға айырбастағанын тағы бір рет айтып өтті:
«Он жыл бойы айтысып алқаңызда,
Көрермен көңіліңнен күлкі ауладым.
Күреңбай көрерменім сіздерсіздер,
Таңдайтын ақындардың кіл тарланын.
Мені ешкім шығарған жоқ топтан қысап,
Әлі де оңымды алар оқтаулы сәт.
Бес жыл бойы алдыңнан көрінбедім,
Барымтада жоғалған шоқпар құсап.
Ел мен жұрт қайда жүр деп сұрайды екен,
Айтыскер ақындарға ақпарды сап.
Екі кітап ұсындым оқырманға,
Жыр жазсам деген алға жоспарды сап.
Үшінші мүшелімде келіп тұрмын,
Тағы бір көрсетсем деп көкпарлы шақ».
Кеше ғана қабылданған қандастардың көсегесін көгерте қоймас «Көші-қон заңының» азат елді аңсаған ағайынның аяғына тұсау бола алмайтынын айтқысы келген азулы ақын өр рухын былайша жырлады:
«Мен көшсем Өр Алтайдан ел деп көштім,
Жоқ демес еліме еткен еңбекті ешкім.
Әу бастан уызыма жарыған соң,
Ұлтымның өлеңіне өрнек қостым.
Өлсем де халық сөзін айтып өлем,
Қандасымды қайғыдан меңдетпеспін.
Елбасы бастап берген «Нұрлы көштің»,
Тағдырын келешекте шерлетпеспін.
Оралманды итерген кеудесінен,
Кей заңың пасық пиғыл, жендет кескін.
5 жыл бойы бермесең де азаматтық,
Сілкініп Сирияға мен кетпеспін!!!»
Кешін қасиетті Тәуелсіздік күнінің қарсаңында өткізген ақынның үшінші мүшеліндегі үшінші кітабының аты – «Шертолқақ» деп аталады. Кітапқа Дәулеткерей Кәпұлының айтыс айдынында жүзген он жылдағы жауһар жырлары топтастырылыпты.
Шығармашылық кешке арнайы ат басын бұрған сыйлы қонақтардың да қатары көп болды. Академик ғалым Сейіт Қасқабасов, жазушы Әлібек Асқар, Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов «Шертолғақтың» тұсауын кесті. Ұстамы жақсы шәкірттің ұстазы болған Сейіт Қасқабасов ағамыз Дәулеткерейдің Қазақ мәдениеті мен әдебиетіне жас та болса қосқан зор үлесін тілге тиек етіп, ақындық өнерін жоғары бағалады. «Өр Алтайдың ар жағынан атажұртқа көшіп келген, жай ғана келмей мәдениетімізге, өнерімізге, бүгінгі рухани өмірімізге өзінің қолтаңбасымен, өзіндік үнімен, өзіндік өнерімен келген азаматты қарсы алып отырмыз. Ол келген бойда айтыс ақыны ретінде танылды. Айтыстың өзіне жаңа қолтаңба енгізді. Оның сөздерінде біздің ескі дәстүрлі формалар, дәстүрлі сөз тіркестер, дәстүрлі образдар жиі көрінді. Бүгінгі өмірдің ғана суреті емес, біз ұмыта бастаған әдемі ойларды, тіркестерді өмірге әкелді. Дәулеткерейдің өлеңдері маған баяғы кездегі жыраулардың үлгісіндей көрінеді. Өскен ортасының өзі өзгеше. Қазақылық ата салтымызды әлі күнге сақтаған Баян-Өлгейде туып өскен оның басқаша жазуға қақы жоқ. Кештің атының өзінде үлкен мән бар. Образ бар. Сенен әлі де жақсы дүниелер күтеміз» деді академик ағамыз.
Ата-бабасынан жалғасқан ақындық өнердің қаймағын бұзбай, қасиетін сақтап бүгінге жеткізген ақынның тектілігіне тоқталған жазушы Әлібек Асқар: «Ақынның баласы да ақын болады екен. Ал екі мықты ақыннан үшінші ақын өмірге келген кезде адуынын айту да қиынға соғатын сияқты. Қазақта оны жеті атасынан қаракөк дейді ғой» дей келе «Қазақтың 1000 әнін» тарту етті.
«Елге келдім еңсемді көтерейін,
Қуат берсін атажұрт бата, мейірің.
Төркін қызға қарыздар, қыз төркінге,
Бірігіп биіктетсек ел мерейін»,-деп сахнаға көтерліген ақынның аяулы анасы – Моңғолия Республикасы Жазушылар одағының мүшесі, «Алтын алқа» иегері, ҚР Мәдениет қайраткері, ақын апамыз Егеухан Мұқамәдиқызы ел ағаларына шапан жауып, сый-сыяпат көрсетті.
Алтайдың ар жағынан келген ақынға ағалары осылайша ақ батасын беріп, ізгі тілектерін білдіргенде Ауған соғысының ардагері, Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл інісінің кеудесіне Бауыржан Момышұлы атындағы орденді тақты.
– Маған шетте жүрген қазақ қалың қасқырдың арасында жүрген бір топ жылқы сияқты болып көрінеді,-деп бастаған ақын Несіпбек Айтұлы інісінің айтыскерлігінен гөрі жазба ақындығының шыңын биік бағалай келіп сөзін жалғады,– ақындық-Дәулеткерейдің бір қанаты ғана. Оның өзі сол қанаты. Оның оң қанаты – жазба ақындығы.
Айтыскерлікпен халқына танылған ақынның кешінде кеше ғана «Алтын домбыраға» ие болған Жандарбек Бұлғақов пен Мейіржан Сұлтанхан сөз қағыстырса, шәкірті Еркебұлан Қайназаров, Әсел Ережеқызы да әсерлі айтыс жасады. Жырлар оқылып, қос ішектен күмбірлі күйлер төгілді.
Суреттерді түсірген: Ғабит Мадалиев
Қайнар көз: www.baq.kz порталы
Бөлісу: