«Алтайдың алтын тамыры» шығармашылық кеші өтті
Бөлісу:
19.09.2014
4853
Алдында Алтайдың асқақ армандары қол бұлғап, өлең өлкесінде өзіндік өрнегімен танымал болған ақындарымыздың бірі – Ұлықбек Есдәулетов. Біз өткен жаңалықтарда хабарлағанымыздай ақынның 60 жасқа толу құрметіне арналған кешке арнайы қатысып, ерекше әсерде болдық. Бұған дейін «Әдебиет порталында» ақынмен интернет-конференция ұйымдастырылып, ақынның туған күіне орай бірқатар қаламгерлердің жылы лебіздерін ұсынған болатынбыз.
Алаштың айтулы ақыны Астана төрінде оқырмандарымен кездесті. 2014 жылы қыркүйектің 18 жұлдызы күні Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Тұңғыш Президент аудиториясында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Жұлдыз» журналының бас редакторы, көрнекті ақын Ұлықбек Есдәулеттің 60 жасқа толуына орай «Алтайдың алтын тамыры» атты әдеби-музыкалық кеші өтті.
Кешке мемлекет және қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар мен өнер иелері, студенттер қатысып, ақынды мерейлі мерейтойымен құттықтады.
Әдеби кешті Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, Еуразия ұлттық университеті жанындағы «Кәусар» мәдени-танымдық бірлестігінің жетекшісі Кенжеғали Мыржықбаев жүргізді.
Бүгінгі қазақ поэзиясының көш басында тұрған талантты ақын өзінің ел тағдырын, қазақ мұңын сахна төрінде шабыттана жырлады. Ақынның ел басына күн туғанда шыққан «Заман-ай», «Қара пима» әндерін халық үлкен толқыныспен тыңдады. Осы кеште алғаш рет «Қара пима» әніне түсірілген қысқаметражды фильм көрсетілді. Әсем әндер шырқалды, жүрекжарды жырлар оқылды, күй тартылды... Көрерменді ерекше ықыласқа бөлеген тағы бір таңғажайып нәрсе – айтулы ақынның кешінде тұңғыш рет талантты күйші Секен Тұрысбеков ақынның сөзіне жазылған әнді нақышына келтіре шырқады.
Қаламгерді құттықтауға келген бір топ ақын жолдастары мен қоғам қайраткерлері Әшірбек Сығай, Кеңес Дүйсекеев, Көпен Әмірбексынды тағы да басқа зиялы қауым өкілдері сахнаға шығып ізгі ниеттерін білдірді. Ақын, сатирик Көпен Әмірбек Ұлықбек ақынның лирикалық өлеңдерін оқып, ақын өмірінен естеліктер ұсынды. Моңғолия халқының құттықтауын ақын Сұраған Рахметұлы жеткізді. Ақынның «Киіз кітап» атты кітабының моңғол тіліндегі нұсқасын кеш иесіне табыстады.
Кеш барысында өнер көрсеткен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенттері ақынның сөзіне жазылған бірнеше әнді орындап, ақынның жүрекжарды жырларын көрермен қауымға ерекше ықыласпен ұсына білді. Оқырмандарды, әсіресе студент жастар өздерін толғандырып жүрген әдебиетке, өнерге байланысты сауалдарына ақыннан жақсы жауаптар ала білді.
Кеш соңында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры Дихан Қамзабекұлы ақынға ұлттық университеттің ең құрметті белгісі Л.Н.Гумилев атындағы төсбелгімен марапаттады. Көптен бері ақынның жырын сағынған Елорда халқы 60 жасқа толған ақынның шығармашылығымен жіті танысып, әсерлі кештен ерекше көңіл-күймен тарасты. Иісі қазақ халқының маңдайына біткен жарық жұлдызы, Алаштың айтулы ақынына біз де амандық, шығармашылық жетістіктер тілейміз! Мерейлі мерейтойыңыз тағы да құтты болсын, Ұлықбек аға!
adebiportal.kz
Бөлісу: