Абай
М.Әуезовтың «Абай жолы» романының бас кейіпкері: Біз ақын өмірінің елу жылына айғақ боламыз. Абайдың адам, азамат, ақын ретінде қалыптасуы сол жарты ғасыр ішіндегі қазақ қоғамының барлық саласындағы өмірдің барлық ойы-қыры, қия-қалтарысымен өріле суреттеледі. Абай арқылы өткен ғасырдың екінші жартысындағы және осы ғасырдың басындағы бүкіл халық тіршілігін, оның көп бұралаң тағдырын, ой-арманын, мақсат-мүддесін, күрес-тартысын... бәр-бәрін түгел шарлап өтеміз. «Халық» дегенде, бұл ұғымның негізінде ұлттың әдет-ғұрпы ғана емес, ұлттық рухы жататыны сөзсіз. Демек, «Абай жолында» кешегі қазақтардың тұрмысы, әдет-ғұрпы ғана емес, күллі рухы сайрап білініп тұр. Алғашқы кітапта адам, азамат ретінде қалыптасқан Абай кейінгі кітаптарда ақын, қайраткер ретінде қиян-қилы қимыл-әрекеттерге көшеді. Осы желінің ұзына бойында оның тарам-тарам өсу, даму жолдары, белес-белес өрістеу, шарықтау биіктері жатыр. Бір кереметі - осылардың бәрі тек қана сыртқы сарт-сұрт, ылғи қолма-қол «қимыл-күшпен емес, шығармашылық іспен» (Әуезов), яғни ішкі көңіл күйіндегі нәзік ағыстар мен толқындар арқылы, солардың сан түрлі иін-иірімдері арқылы қат-қабат астарлы көрініс табады. Қаһарман іштей түлеп өседі. Демек, рухани мағынасында Абай, бір жағынан, сыр мен сезімнен, ой мен санадан құйылып жасалған терең психологиялық тұлға. Бас кейіпкердің парасат пен философияға толы болмыс-бітіміндегі қайталанбас қадыр-қасиетте осында жатыр. Абай - кең құлашты, мол тынысты эпикалық тұлға. Бұл тұлғаны автор эпопеяның басынан аяғына дейін өрмек тоқығандай, бір де бір тінін үзбестен тартып, асықпай өріп шығады. Көл-көсір нақты да затты деталь, ұшан-теңіз психологиялық анализ, сан-сала іс-әрекет, қимыл-харекет - осылардың бәрі Абай тұлғасын сомдауға қызмет етеді. Осылардың бәрінде де автор өз қаһарманының «жан диалектикасын» бойлап, ілгерілейді де отырады. Абай тұлғасы оқырманның көз алдында көктей өсіп, автордың өзі айтқандай, құз-жартасты жарып шығып жапырақ жайған шынарға - символ бейнеге айналады.
«Абай» - (Ибраһим) Құнанбаев (Құнанбайұлы) — ұлы ақын, ағартушы, қазақ әдеби тілінің негізін қалаушы, философ, композитор, аудармашы.