Ұлы Отан соғысындағы қанды қырғынға қатысып, ерлікпен көзге түскен қазақтың ақын-жазушылар аз емес. Қаламын қаруға айырбастап, майданның алдыңғы шебіне ұмтылған жазушы қауымының соғыс жылдарындағы өмірімен таныстырып отыру, сол бір қилы кезеңге байланысты олардың қаламынан туған шығармаларды жариялап отыру мақсатында «Әдебиет порталы» жаңа жоба ұсынып отыр. Жобаның алғашқы топтамасына дүние жүзін шарпыған жойқын соғыстың даңқты жауынгері, қаһарман қолбасшы, жазушы Бауыржан Момышұлы бастаған майдангерлердің шығармаларын, фотосуреттерін, естелік жазбаларын, бейнекөріністерін жариялау арқылы оқырмандармен қайта қауыштырамыз. Әр шығарылымда он майдангер қаламгерді қамтып жариялап отыратын боламыз.
1. Бауыржан МОМЫШҰЛЫ – майдангер жазушы. Совет Одағының батыры, жазушы, Екінші дүниежүзілік соғыстың даңқты жауынгері, әскери қолбасшы, стратег және тактик.
Өмірінен қызықты деректер:
- Желтоқсан айының 24 күні туған. Қыстың әбден қаһарына мініп тұратын шағында туған оның өміріне да аса ықпалы болған. Жайшылықта сабырлы, ал майданда аса қатал болған деседі. Бала кездегі лақап аты «Шаңтимес» болғанын біреу білсе, біреу білмес.
- Алғашқы еңбек жолын ұстаздықтан бастаған. 1928-1930 жылдары бастауыш мектепте сабақ берген.
- Әр саланың игеріп әкететін ерекше қабілетінің арқасында Шымкент өнеркәсіп банкінің экономисі болып та қызмет еткен. Қаржылық сауатты Момышұлы әскери саланы да тастамай қатар алып жүрген.
- Соғысқа дейінгі жылдары әскерде өнерімен талайды тәнті еткен. Ат үстінде қылышпен ойын көрсетуде асқан ептілік танытып, Буденныйдың көзіне түскен.
- Ұлы Отан соғысына генерал-майор И.В. Панфилов басқарған әйгілі дивизиясының құрамында 1941 жылдың қыркүйек айынан бастап қатысты.
- Бауыржан Момышұлы Москва үшін шайқаста 207 рет ұрысқа кірді.
- 1945 жылдың 16 қаңтарында Алматыға келген Бауыржанды М. Әуезов, Қ. Сәтбаев, т.б. ғалымдар соғыс туралы әңгіме-лекция өткізуге шақыртып, кездесу ұйымдастырады. Осы дәрістің стенограммасы кейін «Соғыс психология» деген атпен кітап болып басылды.
- Қанқұйлы соғыс уақытында дивизия басқарған екі-ақ қазақ болған. Біріншісі – Бауыржан Момышұлы, екіншісі – Әбілқайыр Баймолдин.
- Соғыстан кейін 1950-1955 жылдары полковник шенімен Совет Армиясы әскери академиясында сабақ береді. Совет одағының генералдары алдында дәріс оқыған оның асқан стратег, психолог, шешен, тапқыр адам болғанын көбісі мойындайды. Батыр ақын, алаштың арысы Мағжанды өз көзіммен көрдім деп осы кезді айтады.
- Бауыржан Момышұлы 1962 жылы Фидель Кастроның шақыруымен Куба еліне барды. Кейін 1963 жылы тағы бірнеше мәрте шақытумен арнайып сапармен барып қайтты. Бір айта кетерлігі, Куба елінің саяси күрескері Ф. Кастро түрмеде жатқан кезінде Момышұлының кітаптарын оқып, көзқарастарының нығаюына ықпал еткенін айтады.
- Елге оралған соң, Қорғаныс комиссариатына (қазіргіше министрлік) басшылықтан ойы болған. Алайда елдегі науқаншылдық оған жол бермеді. Тіпті ректор Өмірбек Жолдасбеков Қазақ ұлттық университетінің әскери кафедрасына жұмысқа алмақ болады. Алайда оған да қарсылық болған деседі.
- Кейін бірыңғай шығармашылыққа келді. Ол қазақ және орыс тілдерінде бірдей жазып, өз өміріндегі көрген білгендерін шығармаларына арқау етті.
- Момышұлы өмірінде бірнеше рет үйленіп, шаңырақ көтерген. Алғашқы зайыбы Бибіжамал Мұқанқызынан Бақытжан есімді ұлы дүниеге келген. Ұлы да жазушылықпен айналысқан. Екінші әйелі Вера Строева Бауыржанның әдебиетке келуіне әсер еткен. Клавдия Коркина атты сыған қызымен бас құрап, одан Елена Бауыржанқызы деген перзент сүйген. Тағы бір әйелі Бақытжамал Қалибекқызымен 13 жыл бірге болған.
Шығармалары:
- Ұшқан ұя (1974 жыл)
- Москва үшін шайқас
- Жауынгердің тұлғасы
- Майдан
- Майдандағы кездесулер
- Генерал Панфилов
- Төлеген Тоқтаров
- Куба әсерлері
- Адам қайраты (1981 жыл)
- Елбасына күн туса
- Психология войны
Бауыржан Момышұылының өмірі мен шығармашылығына қатысты тарихи фотосуреттер: Фотогалереядан қараңыз
- Бейнекөріністер: "Сөнбес сәуле" бағдарламасынан қараңыз
- Бауыржан Момышұлының афоризмдері
2. Хамза АБДУЛЛИН (1919-2001) – майдангер жазушы, аудармашы.
- Екі жоғары оқу орнын тәмамдаған. Алғашында 1932-1936 жылдары Омбы қаласындағы ауыл шаруашылығы жұмысшылар факультетінде (рабфак) оқыса, кейін Алматыдағы Коммунистік Журналистер институтын бітірген.
- 1941 жылы әскерге алынады, соңы соғысқа ұласып, Ұлы Отан соғысына қатысады.
- Соғыстың алғашқы жылдарында тұтқынға түсіп, концлагерь тауқыметін басынан өткерген. Кейін Мұстафа Шоқай ұйымдастырған Түркістан легионының қатарында болған.
- 1940 жылы Бүкілқазақстандық әдеби конкурсқа қатысып, «Шойын жолда» атты дастаны бірінші бәйгеге ие болды.
- Мағжанды көрген адам осы – Хамза Абдуллин. Мағжан ұсталып кеткенге дейін кездесіп тұрған, бірнеше рет үйінде болған.
- Хамза Абдуллин шығармашылығының негізгі саласы – көркем аударма. Солардың елеулісі – Грузияның ұлы ақыны Шота Руставелидің «Жолбарыс тонды жиһанкез» дастаны.
3. Хизмет АБДУЛЛИН (1925–1986) – майдангер жазушы, аудармашы.
- 10 қазанда Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Баяндай селосында туған. Өз ауылында, одан кейін «Ташкенсаз» орта мектебінде оқиды.
- Ұлы Отан соғысына қатысқан. Ол сол жылдары өзінің алғашқы өлең және әңгімелерін жазған.
- 1951–1955 жж. Алматыда шығып тұратын «Жаңа өмір» журналы редакциясында әдеби қызметкер, бөлім бастығы және жауапты хатшы қызметтерін атқарды. Қазақ педагогика институтында сырттай оқып, үш курсын бітірді.
- Хизмет Абдумуталипұлы бірқатар жылдар Қазақстан Жазушылары одағының жанындағы ұйғыр әдебиеті секциясын басқарды. Жазушының бірнеше повесть, романдары қазақ және орыс тілдерінде аударылып басылды. Өзі де көркем аудармамен шұғылданды.
Шығармалары:
- Гүлстан. Повесть. А., ҚМКӘБ, 1952;
- Һекаялар. Өлеңдер. А., ҚМКӘБ, 1953;
- Анайәт. Тарихи поэма. А., ҚМКӘБ, 1956;
- Давутжан. Поэма мен өлеңдер. А., ҚМКӘБ, 1959;
- Муһәббәт вә һәсрет. Әңгімелер. А., ҚМКӘБ, 1960;
- Турпаң тәвәсидә. Роман. А., «Жазушы», 1968;
- Тағдыр. Роман. А., «Жазушы», 1970;
- Бархандар. Әңгімелер. А., «Жазушы», 1972;
- Екі томдық Таңдамалы шығармалары А., «Жазушы», 1983-1984.
4. Ақынжанов МҰСАТАЙ (1905-1986) – майдангер жазушы.
- 1925 жылы Семейдің педтехникумын, 1929 жылы Орынбор қаласындағы Халық ағарту педагогикалық институтын бітірген.
- Әкімшілік басқару орындарында қызмет атқарған. 1925-1941 жж. округтік, облыстық газетжурналдарды басқарған, республикалық баспасөздерде арнаулы тілші болған, облыстық, уездік, өлкелік комсомол комитетінің хатшысы, Семей және Алматы қалаларында ҚКП аудандық партия комитетінің хатшысы, Қазақстан КП Орталық Комитетінің жанындағы МарксЭнгельсЛенин (ИМЭЛ) институты Қазақ филиалының директоры болған.
- Одан кейін ҚазМУде ғылыми педагогикалық жұмыспен шұғылданды. «Қазақ халқының шығу тегі» тақырыбына докторлық диссертация қорғаған.
- Тарихи және тарихиәдеби тақырыптарға бірнеше монографиялары, кітапшалары жарық көрген. «Исатай мен Махамбет», «Сырым Датов», «Бағытай – Бағила», «Фрунзе», «Жеңіс қамы», «Шопан қыз», «Алтын сақа», «Алтын алқап сырлары», «Ыбырай Алтынсарин», т.б. драмалық шығармалары бар.
Шығармалары:
- «Жастарға үлгіөнеге». Мақалалар. Семейдің газетжурнал баспасы, 1925;
- «Шаруа достары». Мақала, очерктер. Қызылорда газетжурнал баспасы, 1926;
- «Садыр мен Садық». Әңгімелер. Семей газетжурнал баспасы, 1931
- Қазақ ағартушыларының саясиқоғамдық көзқарастарының қалыптасуы». А., ҚМКӘБ, 1948;
- «Абайдың өмірі мен творчествосы». Очерк. А., ҚМКӘБ, 1955;
- «Қазақ халқының шығуы және қалыптасуы». Зерттеу. А., «Ғылым», 1971;
- «Нұрсәуле – Шолпан». Пьесалар. А., «Жазушы», 1971.
5. Қасым АМАНЖОЛОВ – майдангер жазушы, қазақтың ірі ақыны.
- Әке-шешеден жастай жетім қалған, ол біраз жыл ағасының қолында өседі.
- 1931 жылы Ленинградтағы орман шаруашылығы институтына түсіп оқиды. Бірақ, денсаулығына байланысты және түскен оқуын да онша ұната қоймағандықтан, бірер жылдан кейін елге оралып, Орал қаласында "Екпінді құрылыс" газетіне қызметке орналасады.1933 жылы міндетті әскер қатарына алынып, оны сол Орал қаласында өтейді.
- Алғашқы өлеңдерін Қ. Аманжолов Семейде жазған.
- 1935 жылы әскер қызметінен босасымен Қасым Оралдың театр труппасын ұйымдастырып, өзі көркем басқарушысы болады. Бұл труппа тез өсіп, аз уақыт ішінде театр болып құрылды. Мұндағы ақынның еңбегі өте зор еді. Осы кездері Қ.Аманжоловтың ақындық, әншілік, артистік таланты жұртшылыққа танылды.
- Ақын 1941 жылы армия қатарына шақырылады. Сол қарсаңда "Мазасыз музыка", "Қоштасу", "Бейсекештің бес ұлы" секілді әсерлі, сыршыл сезімге толы, лепті өлеңдерін жазады. 1941-1943 жылдары Қиыр Шығыста болған Қасым 1943 жылы батыстағы майданға ауыстырылады, содан соғыс аяқталғанға дейін "қанды қырғын, қып-қызыл өрттің ішінде" болады. Намыскер, өр, қайсар Қасым жауынгерлік міндетін жан аямай атқарады, абыройлы болады.
- 1943 жылғы сұрапыл кезеңде дүниеге келген Қасымның бір ерекше, өлмес туындысы – "Ақын өлімі туралы аңыз" атты поэма. Бұл поэма Қасымның атын аспандатып, ақындық даңқын шырқау шыңға шығарған тұлғалы туынды. Бұл поэма Ұлы Отан соғысының майданында жаудың қоршауында қалып қойып, ерлікпен қаза тапқан Қасымның жақын досы, жас ақын А. Жұмағалиев туралы.
- 1947 жылдан бастап Қасым сырқаттанып, ара-тұра жатып қалып жүрді. Бірақ қандай ауыр қалде жатса да, өлең жазуын тоқтатқан жоқ. Сырқаты дендеген кездерде Қасым өлеңдерінде өзінің ақындық өмірі туралы жазатын. Бұған дәлел оның "Өзім туралы" атты өлеңі. 1954 жылы қыркүйек-қазан айларында Қ. Аманжолов Қазақстан Жазушыларының ІІІ сьезінің ашылуына қатынасты. Осы жылдың желтоқсан айынан бастап сырқаты мендей түсті.
1955 жылы 18 қаңтарда Қасым мәңгілікке көз жұмды.
- Шығармалар жинағы
- Қасым Аманжоловтың өмірі мен шығармашылығына қатысты тарихи фотосуреттер: Фотогалереядан қараңыз
6. Семен АНИСИМОВ (1911-1970) – майдангер жазушы.
- Өскемен, Семей педагогикалық техникумдарында, Ленинград Журналистика институтында оқыған.
- Алғашқы еңбек жолы мал шаруашылығы секторын басқарумен басталған. 1931-1933 жж. Семей облыстық «Прииртышская правда» газеті редакциясының ауыл шаруашылығы бөлімінде мал шаруашылығы секторын басқарған. Ұлы Отан соғысына қатысқан.
- Шығармашылығын өлеңмен бастаған ол прозада да қалам тартты. Отызыншы жылдардан бастап оның әңгімелері баспасөз беттерінде жарияланды.
- 1968 жылы «Жазушы» баспасынан «Тайна Паралона Крутихина» атты повесі мен әңгімелері жинағы жарыққа шықты.
Шығармалары:
- Прииртышье. Стихи. А., ҚМКӘБ. 1954;
- Родничок. Стихи.А., ҚМКӘБ, 1956;
- Современник. Поэма, стихи. А., ҚМКӘБ, 1962;
- Тайна Паралона Крутихина. Повесть. А., «Жазушы», 1968;
- Сентябрь. Стихи. А., «Жазушы», 1980.
7.Василий АНТОНОВ (1923-1984) – майдангер жазушы, аудармашы.
- Ол Ұлы Отан соғысына, Ленинград құрсауын бұзуға қатысқан. Армия қатарынан босағаннан кейін Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген.
- 1961 жылы алғашқы кітабы – сатиралық әңгімелер жинағы жарық көрді.
- Қазақ жазушыларының жанашыры болды. Көркем аударма саласында да жемісті еңбек етті: Ж. Тілековтің «Жоңғар даласында», Ө. Қанахинның «Дәмелі», Ж. Босақовтың «Дүрбелең» романдарын орысша сөйлеткен.
Шығармалары:
- Вот публика! Рассказы. А., ҚМКӘБ, 1961;
- Если останетесь живы. Повесть. А., ҚМКӘБ, 1962;
- Знакомая женщина. Повесть А., «Жазушы», 1964;
- Оглядись, если заблудился. Повесть. А., «Жазушы», 1966;
- За Ладогой. Повесть. А., «Жазушы», 1966;
- Последний вопрос. Повесть. А., «Жазушы», 1967;
- Журавли. Повесть. Рассказы. А., «Жазушы», 1983.
8. Ахметов СЕЙСЕНБЕК (1922-1994) – майдангер жазушы, аудармашы.
- 26 желтоқсанда Қазақ теміржолының Лепсі стансасы маңында Көкжиде деген жерде туған.
- Орталау мектепті бітіргеннен кейін 1938-1941 жж. Қапал педучилищесінде оқиды. Ұлы Отан соғысынан мүгедек болып елге оралған ол Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне түседі. Оны бітірген соң, Талдықорған облыстық газетінің жауапты хатшысы, сосын «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газеті редакциясында бөлім меңгерушісі, ұзақ жылдар бойы Қазақстан баспаларында редактор, аға редактор, бөлім меңгерушісі, Қазақ КСР Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитетінде аға бақылаушы редактор болды.
- Қазақ мемлекеттік университетінің аспирантурасын, жұмыс істей жүріп Мәскеу полиграфия институтының редакторлық бөлімін бітірген. Негізгі шығармашылық саласы – көркем аударма.
Аудармалары:
- Ай, қап! А., Монография. ҚМБ, 1954;
- М. Әуезовтің көркем аудармадағы шеберлігі. Зерттеу. А., «Мектеп»,
- 1976; А., Волошин. Кузнец жері. Роман. А., ҚМКӘБ, 1951;
- А. С. Макаренко. Ұстаздық дастан. Роман. А., ҚМКӘБ, 1956;
- Л.Соболев. Теңіз жаны. Повесть. А., ҚМКӘБ, 1957;
- А. Толстой. Никитаның балалық шағы. ҚМКӘБ, 1958;
- Арсеньев. Тайга тамашалары. Әңгімелер. А., «Жазушы», 1975;
- С. Солобейчик. Ыждаһатты оқу. Роман. А., «Мектеп», 1976;
- Е. Ильина. Сапар. Повесть. А., «Мектеп», 1978;
- И. Чобону. Өткелдер. Кукоара. Романдилогия. А., «Жазушы», 1979–1982;
- З. Посмыш. Жолаушы келіншек. Повесть. А., «Жазушы», 1985.
9. Ахтанов ТАХАУИ (1923–1994) – майдангер жазушы, аудармашы, ірі сөз зергері, Қазақстанның халық жазушысы.
· 25 қазанда Ақтөбе облысының Шалқар ауданы, Шетырғыз селосында туған.
· 1940 жылы Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтына оқуға түседі. Екінші курста оқып жүргенде өзі сұранып майданға аттанады. Алғашқы әдеби көркем шығармалары өлең, очерк түрінде майдан газеттерінің беттерінде жарияланды.
· 1948 жылы әскер қатарынан босағаннан кейін әдеби еңбекпен айналысады. Алғашқы өлеңдері «Жастар дауысы» деп аталатын ұжымдық жинақта жарық көрді. Осы кезде оның әдебисын мақалалары молырақ басылып, алғашқы монографиялық зерттеу еңбегі жарияланды. Әйтсе де, жазушының өнімді де жемісті еңбек еткен жанрлары – проза мен драматургия. Баспасөз бетінде алғаш жарық көрген әңгімесі – «Күй аңызы».
· 1956 жылы «Қаһарлы күндер» атты романы жарық көрді. «Дала сыры» повесі үшін (өңделіп, толықтырылып, «Боран» романына айналды) авторға 1966 жылы Қазақ КСРнің Абай атындағы Мемлекеттік сыйлығы берілді.
· 1968 жылы жазылған «Сәуле» драмасы, одан кейінгі «Боран», «Ант», «Әке мен бала» драмалары да қазақ сахнасының өміршең туындыларына айналды. «Махаббат мұңы», «Күтпеген кездесу» драмалары, «Арыстанның сыбағасы», «Күшік күйеу» комедиялары қазақ, орыс және туысқан халықтар сахнасында көрінді. А.Н. Толстойдың «Азапты сапарда» трилогиясын, М.Горькийдің әңгімелерін қазақ тіліне аударды.
· Әр түрлі қызмет орындарында болды. Көркем әдебиет баспасында редактор, бөлім меңгерушісі, киностудияда сценарий бөлімінің бастығы, «Әдебиет және искусство» – «Жұлдыз» журналының редакторы, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, көркемөнер бас басқармасының бастығы, республикалық кітап палатасының директоры сияқты жауапты қызметтер атқарды.
Шығармалары:
- Ғ. Мүсірепов. Әдеби сыночерк. А., ҚМКӘБ, 1956;
- Қаһарлы күндер. Роман. А., ҚМКӘБ, 1956;
- Махаббат мұңы. Повестер мен әңгімелер. А., ҚМКӘБ, 1960;
- Дала сыры. Повестер мен әңгімелер. А., ҚМКӘБ, 1963;
- Көк құтан. Әңгімелер. А., «Жазушы», 1968;
- Керуен. Әдебиет туралы ойлар. А., «Жазушы», 1969;
- Үндістан хикаясы. Сапарнама. А., «Жазушы», 1971;
- Шырағың сөнбесін. Роман. Ант. Драма. А., «Жазушы», 1973;
- Таңдамалы шығармалары. 2 томдық. А., «Жазушы», 1974;
- Ана дауысы. Драмалар. А., «Жазушы», 1978;
- Көкейкесті. Әдебиет туралы ойлар. А., «Жазушы», 1980;
- Шырағың сөнбесін. Роман. А., «Жазушы», 1981;
- Шығармалар Бес томдық. І, ІІ том. «Жазушы», 1983;
- ІІІ, ІV том. А., «Жазушы», 1984;
- V том, А., «Жазушы», 1985.
10. Әбдіқадыров Қалмақан (1903-1964) – майдангер жазушы.
· Он екі жасынан жетім қалып, тағдыр тауқыметін басынан кешірген.
· 1925 жылы «Еңбекші қазақ» газеті редакциясына келіп, сонда көшір (ат айдаушы) болады.
· «Сырдария» деген тұңғыш өлеңі 1925 жылы «Еңбекші қазақ» газетінде жарияланады. Оның «Келес қызы» повесі кезінде идеялық көркемдігі жағынан айтуға тұрарлық шығарма ретінде танылды.
· «Қажымұқан» повесінде қазақ халқының атақты палуаны, классикалық күрестің дүниежүзілік чемпионы Қажымұқан Мұңайтпасовтың өмір жолы қызықты, тартымды баяндалған.
· Балалар әдебиетін өркендетуге өзіндік үлес қосқан. «Өміртайдың ауылы», «Амантай», «Алатаудың бауыры», «Тапқыш», «Тәтті қауын» және басқа да өлең, әңгімелері ұғымды, жатық тілмен жазылған.
· Жазушы «Мың бір түнді», өзбек әдебиетінің классигі Әлішер Науаидың таңдамалы өлеңдерін қазақ тіліне аударды.
· Ұлы Отан соғысына қатысқан. Қызыл Жұлдыз орденімен марапатталған
Шығармалары:
- Жалшы. Өлеңдер. Қызылорда. Қазақ баспасы, 1928;
- Екпінді. Өлеңдер. А., ҚМКӘБ, 1932;
- Шахтер. Өлеңдер. А., ҚМКӘБ, 1934,
- Өлеңдер. А., ҚМКӘБ, 1935;
- Алатаудың бауырында. Өлеңдер. А., ҚМКӘБ, 1935;
- Қ. Сәтпаев. Әңгіме. А., ҚМКӘБ, 1936;
- Тәтті қауын. Әңгімелер. ҚМКӘБ, 1936;
- Өміртайдың ауылы. Өлеңдер. А., ҚМКӘБ, 1936;
- Есек пен өгіз. Әңгімелер. А., ҚМКӘБ, 1937;
- Ленин мен Махмұт. Өлеңдер. А., ҚМКӘБ, 1937;
- Батыр. Поэма А., ҚМКӘБ, 1940;
- Серт. Өлеңдер. А., ҚМКӘБ, 1945;
- Тапқыш. Ертегі. А., ҚМКӘБ, 1947;
- Өлеңдер. А., ҚМКӘБ, 1948;
- Қажымұқан. Повесть. А., ҚМКӘБ, 1951;
- Әңгімелер. А., ҚМКӘБ, 1952;
- Ара туралы әңгіме. А., ҚМКӘБ, 1952;
- Мақташы қыз. Әңгімелер. А., ҚМКӘБ, 1953;
- Таңдамалы өлеңдер мен поэмалар. А., ҚМКӘБ, 1957.
№2. Қалам мен қаруды қатар ұстаған 10 қаламгер
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.