Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Вислава Шимборскаяның Нобель мінберіндегі баяндама...

22.08.2017 3060

Вислава Шимборскаяның Нобель мінберіндегі баяндамасы

Вислава Шимборскаяның Нобель мінберіндегі баяндамасы - adebiportal.kz

szymborska.jpg



Баяндаманың алғашқы сөзін айту қашан да қиын. Оны енді айтқан болдым... Бірақ маған кейінгілерін, үшінші, алтыншы, оныншы сөйлемдерін айту тіптен қиын соғып тұр. Себебі, поэзия жайлы толғануым керек. Бұл тақырып туралы бұрын да көп баяндама жасап, жарытпағам. Тіпті, ешқашан поэзия жайлы көсіліп сөйлемедім десем де болады. Сондықтан менің баяндамам тым ұзақ болмайды. Қысқа болған соң, кейбір күңгірт тұстарды азырақ қаперге сала кетейін.


Бүгінгі ақындардың бәрі де – күмәншіл. Олар ең алдымен өздеріне шүбәланады. Жұрт алдында ақынмын деп айтқысы келмейді. Олай деуден ептеп ұялатын сияқты. Біздің мынау у-шуға толы заманымызда, кемшілік бай­қалады екен, оны «менің кемшілігім» деп мойындау қиын да емес. Бірақ өзіңнің артық­шылығыңды айту әлдеқайда қиын. Өйткені, ол тереңге жасырынған, оған өзің де тым сене бермейсің... Ақын түрлі құжаттарды толтырғанда немесе біреумен әңгімелескенде, өз мамандығын айтуға тура келетін кездер болады. Сонда ол жалпы түрде өзін «қаламгермін» дей салады. Немесе жазған шығармасының атын ғана атайды. Мейлі үкімет қызметкерлері, яки автобуста бірге отырған жолаушы болсын, ақындарға кезіккенде олар ешқашан да ақынмен жолыққанына онша илана бермейді. Аздап мазасызданады.. Философтардың да осындай әуреге жолығатынына сенімдімін. Бірақ олар өз мамандықтарына бір ғылыми атақ қосады. Мәселен, философия ғылымдарының кандидаты, профессор дегендей. Міне, бұл естір құлаққа да әлдеқайда байсалды сөз.


Поэзияның ғылыми атағы – профессорлығы жоқ. Сонда, бұл мамандық үшін курс ашып, емтихан алып, диссертация жаздырып, оған өмірбаяны мен түсініктеме қосып, диплом алуды талап ету керек пе? Жұртты ақын екеніңе сендіруге өлең жазылған беттер жеткіліксіз екен. Ол қағаздарға ең жақсы өлеңдер жазылған болса да, керегі таңба басылған парақ па сонда? Біздің есімізде, дәл осы себептен Ресей поэзиясының мақтанышы, Нобель сыйлығының иегері Иосиф Бродовский қуғындалды, сотталды. Үкімет ақын болуына рұқсат еткен куәлігі болмағандықтан, ол «арамтамақ» саналды.


Бірнеше жылдың алдында Иосиф Бродовскиймен таныстым. Ол кез қуанышты әрі бақытты сәтім еді. Сонда Бродовскийдің өзін «ақынмын» деп айтуды ұнататынын аңғардым. Ақын екенін өзі өте сенімді айтады. Титтей де екі ойлы болмайды. Дауысынан бостандыққа шақырған леп еседі. Бұл оның жас кезінде ит қорлықты көп көргенінен болар деп ойлаймын.

Оқи отырыңыз: Тұрсынжан Шапай: Ақынның ұқсайтын-ұқсамайтын мені


Кейбір өркениетті мемлекеттерде адамның арына ақау түспейді. Ақындар, әрине, өлеңінің жариялануын, жұрттың бәрі жамырап оқуын қаласа да басқалардан көрнекті болуға күш салып, өлермендікке бой ұрмайды. Күні кеше, яғни XX ғасырдың алғашқы он жылдығында ақындар жұрттан бөлекше киініп, ғажайып кейіптерге еніп, елдің назарын өздеріне бұратын. Бұл сол кездің көзімен қарағанда, тиімді де еді.


Қазір ақынның есікті тас бекітіп алып, үйде отыратын шағы. Ол енді өзін әшекейлеуді мүлде қойып, әдемі кейіпке енуді тастауы керек. Өлеңге қатысты айырықша заттар да қажетсіз. Өзі ғана тып-тыныш отырып, шабытын күтуі тиіс. Ең маңыздысы, міне, осы.
Басқаша құбылыс – қазір ғалымдар мен үлкен суреткерлердің өмірін бейнелейтін фильмдер пайда болды. Талабы таудай режиссерлер өздеріне шығармашылықтың барысын нақ көрсетуді міндет етті. Шығармашылық арқылы ірі ғылыми жаңалықтар ашуға, ең керемет көркем шығармалар тудыруға болады. Зертханалар, әр түрлі аспаптар, машиналар, міне, бұлар белгілі уақыттан кейін адамдардың назарын тартады. Бұл шүбәлі сәттердің драмалық сипаты бар. Мың қайталанған тәжірибелерге болымсыз өзгеріс енгізсе, нәтижеге жетер ме екен дейсіз. Суретші жөніндегі фильмде, бір суреттің қалай салынғаны – бірінші сызығынан соңғы сызығына дейін толық көрсетіледі. Музыкант жайлы фильмде, композитордың өз шығармашылығындағы алғашқы кезеңнен бастап, шығармасы нотаға түсірілгенге дейінгі аралық бейнеленеді. Бұл форма кемелді болмас. Өйткені, ол бөлекше рухани халді, көре де, ести де алатын нәрсе ғой.


Ақындардың жайы бәрінен қиын. Олардың өмірі тіптен көмескі. Жалғыз өзі үстел басында отырады немесе төсекте жатады. Кірпігін қақпастан қабырғаға немесе төбеге қадалады. Кейде жеті жол өлең жазады. Онысының тең жартысын біраз уақыттан кейін қайта өшіреді. Бір сағаттан соң тағы да сол әрекет қайталанады. Бұған қалай төзерсің?


Мен бұл жерде шабыт жайлы айтып қалдым. Шабыт деген, сірә, не? Егер шабыттың бар екені рас болса, қазіргі ақындар оған айқын жауап бере алмайды. Бұл олардың жүрек тебіренісінен игілік көрмегенінен емес, өзі білмейтін болған соң, басқаларға да анық түсіндіре алмайтындығында ғой. Мен де солаймын. Кейде осы сұрауға тап келгенде, оның мәнінен жалтарғым кеп тұрады. Менің жауабым былай, шабыт – ақындарға немесе кең мағынадан айтқанда, шығармашылық адамдарына тән ерекше құқық емес. Бұрын да, қазір де шабытына мінген адамдар бар. Болашақта да бола бермек. Олар – өз қалауы бойынша осы жолды таңдаған және сол жұмысты махаббатпен, арманмен орындайды. Олардың арасында дәрігерлер, мұғалімдер, бағбандар және мыңдаған басқа кәсіптің иелері бар. Егер олар жұмыс үстінде кедергілерге тап болса, тәуекелге барады. Бұл тәуекелдің соңы қиындықтар мен жеңілістерге ұшыра­тады. Бірақ одан баз кешпейді. Мәселелердің дұрыс шешілуі де мәселе тудырады. Шабыт деген не өзі? Жауап беруге тырыссаң да, аман қалар жерің сол – «білмеймін». Жұмысқа тәуекелмен кірісетін адамдар тым аз. Дүниежүзіндегі көп адамдардың жұ­мы­сының мәні – тіршілік қамы. Жұмыс істемесе өмір сүре алмайтын­дықтан тынымсыз күйбеңдейді. Жұмысын ризалығымен таңдап алмаған, тұрмыс жағдайы мәжбүрлеген. Бұл – адамзаттың ең үлкен бақыт­сыздықтарының бірі және ол бақытсыздық жалғаса бермек. Сондықтан мен ақындардың шабытты монополияудан арылып, саны аз рух бостан­дығының тобында болуын қалаймын. Ал бұл тұжырымым тыңдаушының сауалын тудыруы мүмкін.


Көптеген қанішерлер, басбилеушілер, есерсоқтар мен отқа май құюшылар билікті тартып алу үшін даңғаза ұрандарды көп пайдаланады. Олар да өздерінің сол қызметтерін сүйеді және оны өз парасаттары мен күштерін сарқа жұмсап орындайды. Бірақ олар «біледі». Білу – олар үшін біліп қойса ғана болатын нәрсе. Басқа дүние қызықтырмайды. Өйткені, басқаның бәрі олардың қолындағы куәлікке пайдасыз. Ал жаңа мәселелерді ортаға алып шықпайтын білім атаулының бәрі өзінің өміршеңдігі мен өмірге деген ынтасын жояды. Біз тарихтан және болмыстан анық сезгеніміздей, бұл құбылыс қоғамды күйретеді. Сондық­тан мен сөйлем ішінде кездесетін «білмеймін» деген сөзді өте жоғары бағалаймын. Бұл сөз кіші әріппен жазылғанымен, оларға қайрылмас қанат бітіп, өмірімізге жаңа кеңестік ашты. Кішкене ғана Жер шарындағы болмыс көлемін ұлғайтты. Егер Исаак Ньютон өзінің «білмейтінін» мойындамаса, бақшасындағы бір алманың жерге топ ете түсуі – ол үшін жауған мұз түйіршіктеріндей-ақ болар еді де, ары кетсе алманың дәмін татып, асай салар еді. Егер менің бауырласым Мария Склодовская Кюри өзіне «білмеймін» демеген болса, оның химия пәнінің мұғалімі болып, ақсүйек әулеттің әйелдерін оқытып, еңбекақысымен күн көріп, өмірін жадағай өткізуі шүбәсіз еді. Бірақ ол өзіне «білмеймін» дей алды. Бұл сөз оны Стокгольмдағы қашан да көңілі байыз таппайтын, ылғи да ізденісте жүретіндерге Нобель сыйлығын ұсынатын жерге екі рет алып келді.


Ақындар да солай. Кім де кім нағыз ақын болғысы келсе, ол үнемі өзіне «ештеңе білмеймін» деп, ізденісте жүруі қажет. Ол өзінің әр шығармасында «мәңгілік дүние айттым» дегісі келсе де, бірақ шығармаға соңғы нүкте қойғанда екі ойлы болады. Өйткені, ол мұның уақытша ғана айтылған нәрсе екенін, бұлай деу жеткіліксіз екенін біледі. Ол тағы бір рет, қайталап айтуға тиіс болады. Сосын өзінің наразы болатын себептерін көрсетеді. Ақырында әдебиеттанушылар оның шығармасына бір белгі қадап, «нәтиже» деп қарайды.


Кейде тіпті, мүлде болмайтын істерді ойлап кететінім бар. Мәселен, Екклесиастпен әңгімелестім деп қиялдауға батылдық еттім. Ол да «адамның бар қаракетінің еш мәні жоқ» деп аһ ұратын ақын. Ол – ең ұлы, керемет ақындардың бірі (мен осылай дер едім). Осы бір қасиеті үшін де мен оған тағзым етемін. Мен оның қолынан ұстап тұрып: «Екклесиаст, сіз Күн астында жаңалық болмайды деп едіңіз. Бірақ өзіңіз Күн астында болған жаңалық емессіз бе? Қаламыңыздан туған дастан да Күн астында жазылды ғой. Сіз секілді ешкім де мұндай дастан жазбаған. Мына сауір ағашын айталық, сіз оның көлеңкесінде отырсыз. Бірақ бұл ағаш дүние жаралғаннан бері осында өсіп тұрған жоқ-ты. Ол кезде мұнда басқа бір сауір ағашы болған-ды. Бұл ағаш сіз көрген мына сауір ағашына өте ұқсайды. Бірақ, бұл емес. Екклесиаста, тағы нелерді жазбақшысың? Ойланып көрдіңіз бе? Өткен жолғы дастаныңызда қуаныш туралы жаздыңыз. Алайда, бұл қуаныш алдамшы қуаныш емес пе? Қуаныш жайында тағы бір дастан жазар ма едіңіз? Сіз, сірә, «бәрін жазып болдым, қосарым жоқ» демессіз. Өйткені, дүниедегі ешқандай ақын олай демесі анық. Сіздей ұлы ақынның жөні тіптен басқа», – деймін.


Біз әлемнің алыптығын өзіміздің қораштығымыздан үйренеміз. Әсіресе, біз оның (алып әлемнің) адамдардың, жануарлардың, тіпті, өсімдіктердің азабымен жұмысы болмайтынын көреміз. Содан кейін оның қатыгез екенін одан сайын айқын сеземіз. Ал сонда біз қалайша өсімдіктер мұндай азаптан қағыс қалады деп қарай аламыз? Кейде алып жұлдыздардың сәулесімен жарық болған аспанды ойлаймыз. Ол жұлдыздардың жанында тағы бір планеталар бар. Сонда, ол планеталарда неге тіршілік болмайды? Оларда шынымен тіршілік жоқ болғаны ма? Мен оны білмеймін. Біз осы шексіз, үлкен театрға кіретін билет алғанбыз. Ол театр жөнінде нені болса да айта аламыз. Өкінішті жері – билеттің уақыты тым қысқа. Екі күннің арасымен шектелген. Бұл дүние жөнінде тағы не айтар едік? Айтарымыз – ол тым ғажайып.


«Ғажайып» деген сөз іс жүзінде алдау ғана. Өйткені, жұрт біле бермейтін, жалпы мойындалған ережелерге симайтын нәрселер. Біздің әдеттерімізге үйлеспейтін, ақылға қонымсыз дүниелер ғана ғажайып болады. Демек, ақылға қонымды дүние дегеніңіз жоқ. Ал біздің таңдануымыз– дара болмыс. Ол пәлендей бір салыстырудан туған емес.


Иә, әдеттегі бейнелеу формаларында, әр сөйлемді, яки әр сөзді тәптіштеп ойлау шарт емес. Бәріміз де «күнделікті тұрмыс», «қарапайым дүние», «заттардың жай тәртібі», «анау-мынау» деп айта береміз. Бірақ өлеңде әр сөзді салмақтау керек. Демек, оны қарапайым, әдеттегі деуге келмейді. Бір кесек тас, бір шуда бұлт, әрбір күн, әрбір кеш – бәрі де қарапайым, әдеттегі нәрсе емес. Ең алдымен бұл дүниенің болмысы ешкімге тән емес. Ендеше, ақынның жазатын дүниесі сарқылмақ емес!

adebiportal.kz

Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар