Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӨНЕР
Тасада қалған талант...

30.05.2018 9706

Тасада қалған талант

Тасада қалған талант - adebiportal.kz

Ақын Н. Әлімқұловтың туғанына 90 жыл

1960, 1970-1980 жылдар аралығында жазылған «Қайдасың?» (Ш.Қалдаяқов), «Алтыным» (Ә.Бейсеуов), «Алатау» (Н.Тілендиев), «Мойынқұмда» (Ш.Қалдаяқов), «Қайықта» (Ш.Қалдаяқов), «Армандастар» (Ә.Бейсеуов) секілді тағы басқа ретро әндердің сөзін жазған қазақтың талантты ақыны – Нұрсұлтан Әлімқұлов еді. Қазақтың маңдайына біткен Нұрғиса Тілендиев, Әсет Бейсеуов, Шәмші Қалдаяқов сынды хас талант композиторлармен шығармашылық қарым-қатынаста болып, көптеген әндерді дүниеге әкелген ақынды туған елі есінен шығарып алса керек...

Ақын Нұрсұлтан Әлімқұлов 1928 жылдың 14 сәуірінде Алматы облысы, Қарасай ауданы, Қаскелең елді мекенінде дүниеге келген. 1950 жылғы қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ –нің түлегі. 1960 жылы Қазақстан Жазушылар Одағына мүшелікке өткен. 1957 жылдан өмірінің соңына дейін шығармашылықпен айналысқан ақын төрт жүзден астам түрлі әндердің сөзін жазған. «Барабаншы қоян» (1976) балаларға арналған өлеңдер, «Баспалдақтар» (1982) өлеңдер, «Тау самалы» ән мәтіндері жинағы және «Сарыжайлау» кітаптарының авторы.

Миллиондаған әнсүйер қауымның ауызында жүретін көңілді, жайдарлы әндердің сөзін жазған ақын ағамызды ұмытқан секілдіміз бе, қалай өзі? Мектеп жасындағы баладан бастап еңкейген қарияға дейін бәрі-бәрі осы әндерді түрлі бас қосу жиындарда, той-томалақтарда айтып жүреді. Әсіресе, «Армандастар» әні көптеген әншілеріміздің бағын ашты. Әнді алғашқы болып ҚР Халық әртісі Сара Тыныштығұлова орындаған. Кейін «Армандастар» әні Нұрғали Нүсіпжанов, Сұлушаш Нұрмағамбетова, Мақпал Жүнісова т.б. әншілердің әнқоржынына енді. «Армандастар» әні жылдан жылға жалғасып, шырқалып келе жатқан әсем ән. Ақынның сөзіне жазылған кез келген әнді бөле жаруға келмейді. Барлығы сапалы әндер, сондықтан өміршең бола бермек! Әйтпесе, әрбір әннің жазылғанына отыз, қырық жыл толған шығар. Бұл не деген құдірет десеңші!

2013 жылы ақынның туғанына 85 жыл толған еді. Тек профессор Серік Негимовтың «Қазақ әдебиеті» газетіне шыққан «Ән сөзінің классигі» мақаласы болмаса, басқа зиялы қауым өкілдері де, мәдениет министрлігі де, тіпті, жазушылар одағы да ақынның шығармашылығын жас ұрпаққа насихаттауға селқос қарап, еске алу шараларында ұйымдастырмаған. «Көзден кеткісін, көңілден кетті» дегендей мерейтойы да аталмады. Ешкім ескермеді. Көзін көрген тұстастары да қыбыр етпеген сыңайлы.

Талантты ақын ән мәтіндерін ғана жазып қойған жоқ, оның қаламынан «Шипахана», «Болатбек», «Дәрігер», «Мұғалім» сынды поэмалар да туған. Ақын Алаштың ардақты азаматы Тұрар Рысқұловтың құрметіне арналған «Бала Тұрар» атты эпикалық шығармасы бар ақынның елеусіз қалғаны – асылымызды құрметтей алмағанымыз болар. Ақынның «Ұйқыдағы ару» атты лирикалық поэмасы Қапал-Арасан өңіріндегі «Арасан» шипажайында жазылған екен.

Көптеген әндердің сөзін жазған ақынның құрметіне мектеп пен көше атын беріп жатса да, артық етпейтін еді... «Өзі жоқтың көзі жоқ» дегендей, артында жоқтаушысы, мұрагері болмаған соң, кез келген шын талант иесі тасада қалады. Оларды күн түспейтін көлеңке арасынан аршып алып, туған елімен қайта қауыштыру – әдебиеттанушылар мен өнер зерттеушілерінің міндеті.

... жұмырбасты пендеге өмір барда, өлімнің келуі болар. Ал, өнер туындылары, ақиқатын айтқанда, халықтың жүрегінен орын алған туындылар ешқашан өлмек емес. Бүгін біз Нұрсұлтан Әлімқұловты ұмытсақ та, оның шығармалары, әнге айналып кеткен өлеңдері – хаық жадынан кетер емес!

Асылдарымызды бағалай білейікші!..

Елдос ТОҚТАРБАЙ


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар