Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЭССЕ
Мирас Мұқаш. Біздің Такеша аға...

30.11.2018 6196

Мирас Мұқаш. Біздің Такеша аға

Мирас Мұқаш. Біздің Такеша аға - adebiportal.kz

(эссе)

Бірде әкем әлдебір әдеби кітап әкеліп берді. Жетінші, әлде сегізінші сыныпта оқитын кезім еді. Сырты жылтыраған қоңыр мұқабалы кітап. Қайран қалғаным ­– автор мұны менің атыма қолтаңба жазып, арнайы беріп жіберіпті.

Міне, менің жазушы Талғат Кеңесбаевтың шығармашылығымен алғаш танысуым осылай басталды.

***

Ақжүрек қаламгер ағамыздың қайтпас сапарға аттанғанына да қырық күн болыпты. Бірқатар хикаят, әңгімелерін қамтитын сонау «Француз әтірінің иісі» деген қоңыр кітабын парақтап, ойға батамын. Керемет мейірбан, жолдасына үстіндегі жалғыз жейдесін шешіп беруге даяр дейтіндей қолы ашық, сонша жомарт адам еді...

Талғат ағамның атын бозбала шақтан естіп-білгеніммен, алғаш жүзбе-жүз республикалық «Жетінші арнада» жұмыс істеп жүрген кезімде көрдім.

Онда «Жетінші арнаның» Алматыдағы бөлімшесі мен «Алаш айнасы» газетінің ұжымы бір ғимаратта, бірінші қабатта отыратын. Күнделікті шығатын көлемді басылымның жұмысы қашанда қарбалас. Алдыларындағы бір-бір компьютерге төніп, бар ынта-шынтасымен іске берілген журналистердің сырттағы әлеммен де байланыстары тығыз. Редакцияға да, басылым жетекшісі Серік Жанболаттың кабинетіне де келіп-кететін кісі аяғы бір басылмайды. Қалт еткенде мен де соларға қайырылып, шүйіркелесіп қалуға құмартамын. Серік аға кейде өзі шақырып алып, гитарамен жаңа әндерін орындап беретіні бар. Әкемнің курстасы болған соң ба, о кісінің кең кабинетіне именбей, еркін кіріп-шыға беремін. Бас редактордың орынбасары Дархан Бейсенбекті маңайлаймын...

Жаздың жаймашуақ күндерінің бірі болатын. Әдеттегідей алып-ұшып Дарханға келдім. Оның да есігін қағу ойға келмейді. Алқын-жұлқын кіріп келсем, досым әлдебір кісімен әңгімелесіп отыр. Бірден таныдым ­– кәдімгі өзім оқушы кезден сырттай, суреті арқылы білетін Талғат Кеңесбаев.

Үнсіз ғана, өзара қол беріп амандасқаннан кейін Дархан мені таныстырды. ­

– Мына жігіт – журналист-жазушы ініңіз Мирас Мұқаш. Менің досым.

Белгілі қаламгер Құлтөлеу Мұқаштың тұңғыш ұлы.

– О-о! Бұл баланы білеміз ғой. Екі-үш әңгімесін оқығанмын. Сенің досың менің досымның баласы екен ғой! – деп Тәкең ет-жақын бауырын көргендей, ерекше ықыласпен қайтадан құшақтай алды.

Бір көргеннен-ақ бұрыннан аралас-құралас адамдай, қалтқысыз сөйлесіп кеттік.

– Аға, сіздің бір кітабыңызды бала кезімде оқығанмын. Ертістің жағасында ұлын ертіп, балық аулап жүретін кейіпкеріңізбен жақсы таныспын, – дедім.

Мәз болып, бауырына тағы қысты.

– А, солай ма...

Айналып-толғанып жатыр.

– Сен білесің бе, мен осындағы Серік пен Мұратбек ағалардың жерлесімін ғой. Мына Дарханмен «Ана тілі» газетінде қызметтес болғанмын. Енді Астанадан келіп, қыдырып жүрген бетім, – деп жөнін айтты.

Телефон алмастық. Содан байланыс үзілген жоқ. Біз нөмірді жазып алғанмен, өздігімізден хабарласа бермейміз. Ал өзі жиі звондайды. Электронды поштаға әңгімелерін жібереді. Пікірімізді сұрайды.

– Аға, әңгімелеріңіз жақсы. Жылы. Жанға жайлы. Желпіп ескен самалдай нәзік лирика бар. Бұл да бір ерекше стиль болса керек...

– Бағаңа рахмет! Дегенмен, сенің маған сын пікірің қымбат. Сол жағын көбірек айтсайшы.

– Сынай қоятындай ештеңе жоқ сияқты. Және, шығарманы кәсіби талдайтындай деңгейге жеткен жоқпыз ғой, – деп қашқақтаймын.

– Жоқ, оқырман ретіндегі пікіріңнің өзі жеткілікті, қысылмай айта бер, мен кейбіреулердей емес, сынға төзімдімін. Терім қалың! – деп рахаттана күледі.

Сөзді бұрып, басқа тақырыпқа ойысамын. О кісі де біртіндеп ыңғайға жығылады.

– Сендер дайындап жүрген апталық «Нысана» бағдарламасы жақсы. Мәселені жіліктеп талдап, көрерменге ұғынықты дүниелер беріп жүрсіңдер.

– Ә-ә, рахмет, аға, ниетіңізге. Сол бағдарламаны әлі де болса жетілдіре түскіміз келеді.

Бір күні тағы хабарласты.

– «Нысанада» «Ақсақал аманаты» деген айдар ашылыпты ғой. Ел мен жердің тарихына терең бойлайды екен. Сендер бір ретін тауып, алдын-ала жоспарлап, Семей өңірі мен біздің Абай ауылын түсірсеңдер қайтеді? Әуезовтің ауылы Бөріліге барсақ...

Іштей қуанып кеттім.

– Жақсы ұсыныс екен, аға. Өте жақсы ұсыныс. Мен басшылармен ақылдасайын.

– Ақылдас, ақылдас. Шығармашылық топтың барып-келуі, жатын орны, бәрі менің мойнымда, – деді.

Қуанған себебім – Қарауылға, Абай мен Шәкәрімнің кесенелеріне соған дейін жолым түспеген болатын.

Мәселе бірден шешілді. Өйткені шығынды шақырушы тарап көтереді деген ұсыныс арна басшыларының құлағына жақты. Мән-жайға түсінген бойда Тәкеңнің өзі де Астанадан Алматыға дереу жетті. Алдын-ала, оператор жігіт екеуміздің құжаттарымыздың көшірмесін сұраған. Сөйтсек, Алматы – Семей бағытына жүретін пойызға билет алыпты.

Купеге жайғасқан соң жоспарды пысықтадық. Алматыдан – Семейге, Семейден Бөрілі арқылы Қарауылға тартатын болдық. Одан әрі Тарбағатай ауданының орталығы Ақсуатқа, Ер Жәнібектің 300 жылдығы тойланатын Қалбатауға барамыз. Сөйтіп, Өскеменге жетіп, одан Астанаға келуді ұйғардық.

Пойызға табан іліктіргеннен-ақ Тәкеңнің таныстары жолыға берді. Ары-бері вагон арасында жүрген адамдардың көпшілігі қалбалақтап келіп, біздің жолбасшымызбен емен-жарқын амандасады.

Ерсілі-қарсылы, аласапыран қимыл басылып, пойыз жүрісі қалыпты ырғаққа түскенде әңгіме тиегі ағытылды. Талғат аға жасырақ кезінде облыс әкімінің көмекшісі болғанын айтқан. Ол кезде облыс орталығы – Семей. Естіп отырсақ, бармаған жері, баспаған тауы жоқ. Аймақтың ойы мен қырын бес саусақтай біледі. Оралхан Бөкейдің тойын өткізгендерін, Мұстафа Өзтүрікпен жолыққанын төндіре айтқанда, телеоператор Алмас екеуміз ауыз ашып, көз жұмдық. Тура бір тәулікке созылған сапарда небір сыр шертілді.

Көліктен түссек, екі жігіт күтіп тұр. Семейдегі Абай музейінің қызметкерлері екен. Содан басталған Шығыстың қонақжайлығы біз қайтқанша бір толастамады.

Қарауылға жүрердің алдында аздап әлденіп алайық деп дәмханаға бұрылғанбыз. Жолға шыққаннан бір байқалған жәйт – Талғат аға бізге ақша жұмсатпады. Тіпті, қалтаға қол салдырғысы жоқ.

– Өзім төлеймін, жігіттер. Сендер менің қонағымсыңдар! Жолда тамақ ішетін жер болса, тағы да аялдайық. Қаржы жетеді, – дейді.

Семейде жолдас-жорасының көп екенін түсіндік. Телефонында дамыл жоқ. Қонаққа шақырады, қала сыртындағы саяжайда мал сойып жатырмыз деп хабарласады. Тәкең бізге қарайды. Біз қолымыздағы сағатымызды көрсетеміз. Уақыттың тығыздығын меңзегеніміз. Басты шаруамыз – Абай ауданында. Алдымен соны ықтияттауымыз қажет.

Ас ішіліп біткен соң жап-жас қыз бір жапырақ қағазға жазылған есебімізді алып келді. Талғат аға маған:

– Мынаны сен өз қолыңмен берші! –деп қолыма он мың теңге ұстатты.

Өзіміз де құралақан емес едік. Ұсынған ақшасын амалсыз алдым. Есебіміз жеті мың теңге екен. Әлгі ақшаны даяшы қыздың қолына беріп:

– Қызметтеріңе рахмет, қарындасым. Қалғанын қайтармай-ақ қой.

Жаңа ғана жарқылдап, жадырап отырған Тәкең бір сәт томсырайып, мұңайып қалғандай болды. Еріні кезеріп, жанары жасқа толып кетті.

– Тәке, сізге не болып қалды? – деп, екі жағынан қаумалап жатырмыз.

– Құлыным-оу, «қарындасым» дегенің үшін алғыс айтамын! Бұл байғұс бала кафеде қай бір жетіскеннен жүр дейсің? Қу тіршілік жасты да, жасамысты да жасытып бітті ғой, – деді.

Содан едәуір үнсіз қалып, мұңға батты. Америка Құрама Штаттарында жұмыс істеп жүрген қызы бар екенін естіп ем. Астанада қыздары бар. Соларды сағынып, алдағы болашақтары үшін алаңдайды-ау деп ойладым.

Жабыққан сәтінде құшақтап, жұбатсаң жас балаша тез жадырап, қайта көңілденіп шыға келетін әдеті бар екен. Жанының кіршіксіздігінен-ау...

Сапарымыз сәтті болды. Бәрі ойдағыдай өтті. Бөріліге бұрылдық. Абай тұрған үйде болдық. Кесенені әбден аралап, Қарауылда аялдадық.

Тәкеңнің танымайтын ақсақалы жоқ. Машинадан секіріп түсе сала амандасады. Өткен-кеткенді сұрап, әңгімелесе кетеді. Үйді-үйге кіріп ет жейміз, қымыз ішеміз. Сондағы ел қайтарғысы келмегендей, қонып кетуімізді өтінеді; бірақ жата-жастанатындай жағдай бар ма, қимай қоштасып, жолға шықтық.

Семейге қайтып келе жатқанда таспагеріміздің қалтасындағы телефонын жоғалтып алғаны мәлім болды. Жолда әлдеқалай түсіріп алған сияқты.

Ол соған қатты уайым жеп, мазасы кетті. Талғат аға қыңған жоқ:

– Саспа, бауырым! Ертең одан да күшті «сотка» алып беремін, нөміріңді қалпына келтіріп аласың. Мә, оған дейін менікін ала тұр! Келінді сағынып, сонымен сөйлескің келіп отыр ғой, ә?! – дейді жымиып.

Музей қызметкерлері арнайы жалдап қойған кең пәтерге келген бетте құладық. Жол ұрып тастапты.

Ертеңінде Алмас екеуміз ұйқыны қандырып, кешірек оянғанбыз. Тәкең үйде жоқ екен. Біраздан кейін әндетіп оралды. Қолында кішкентай қорабы бар. Онысы – су жаңа ұялы телефон көрінеді.

– Жуынып-шайынып алыңдар. Тамаққа барамыз. Түстен кейін қала әкімі Айбек қабылдайтын болды. Сұхбатты сол жерден жазып аласыңдар!

Алмас қипақтап қалды.

– Аға-оу, сізден ұят болды ғой. Мынауыңыз қымбаттау телефон ғой!

– Ұяты несі? Ұялушы болма. Қалалық «ЦУМ» бастығы менің жақын жолдасым. Соған бардым да, балама ең қымбат телефон бер дедім. Бұйырғаны осы. Ешбір қысылма, – деп арқасынан қағып жатыр.

Алмас Нұрдос – Өнер академиясын тәмәмдаған, жаны таза адамдарды жақсы көретін, өзі де ара-тұра ұйқастырып өлең жазатын жігіт. Қазір «КТК» арнасының белгілі телеоператорларының бірі. Бірден серпіліп, Тәкеңді құшақтай алды.

Әке мен бала құшақтасып тұрғандай жарасымды көрініс...

Тәкең де жол бойы ел-жұртқа екеумізді ұлдарым деп таныстырады. Біз де бас изеп, қоштап тұра береміз.

Семейдің сол кездегі әкімі Айбек Кәрімов кішіпейіл азамат екен. Лауазымды қызметкермін деп кергімеді. Жайлы креслосынан ұшып тұрып, төрін ұсынып, жылы қабылдады. Шаһардың болашақ даму жоспары туралы, тарихи нысандарға қандай қамқорлық жасалып жатқандығы жайында сұрап, таспаға басып алдық. Одан соң қала басшысы Тәкеңнен алдағы жоспарымызды сұраған.

– Енді бағытты қайда бұрасыздар? Бізден қандай көмек қажет?

– Айбек бауырым, Ақсуатқа баруымыз керек. Қазір жайлы такси табылса, шығып кетпекшіміз.

– Ақсуат өзімнің туып-өскен жерім ғой.

– Ақсуат – мына менің балам, жаңа ғана өзіңізден интервью алған Мирастың нағашыларының ауылы. Бөрітостағанға барып, Ырғызбай әулиенің басына соқпақшы.

– А, солай ма? Өзіміздің жиен екен ғой. Жиендердің нағашыларына ренжіп кеткені жарамайды. Ондай болса алаңдамаңыздар. Жақын маңдағы «Шығыс» деп аталатын мейрамханаға дәм әзірлетіп қойғанмын. Асықпай тынығып алыңыздар. Бір сағаттың айналасында «джип» дайындатып қоямын, – деді.

«Шығыс» мейрамханасында адам қарасы көп емес екен. Тек мол дастархан басында бір топ мұғалім, әріптестерінің мерейтойын атап өтіп жатқанын білдік. Оны естіген Талғат аға тыныш отыра алмады.

Сол кісілердің жанына жақындап, туған күнін тойлап жатқан ұстазға ізгі тілегін білдірді. Қалтасынан әжептәуір қаржы алып, ұсынды. Олар аң-таң. Әлгі кісі алмаймын деп безектейді. Тәкең алмаса ренжитінін айтып бой бермейді.

– Оқушы кезімде мұғалімдерімнің мазасын қашырып, біразының шашын ағартып едім. Соның өтеуі болсын. Бүкіл шәкірттеріңіздің атынан ұсынамын! – дейді.

Олар да біраздан соң жазушының шын пейілін ұққан секілді. Бізді орталарына шақырып, сөз беріп, біразға дейін жібермей қойды.

Мұғалімдерден мектепте ғана сұранушы едік. Әкімнің көмекшілері іздеп келгенде мейрамханадан әрең босап шықтық. Сүліктей қара «Land cruiser» әзір тұр екен. Алайда Семейден бірден шығып кете алмадық. Тәкең:

– Бір жолдастарыма соқпай кетпесек болмайды. Тоқсаныншы жылы қаланың тыныштығын қорғап, келімсектерден тазартқан «Жоламанның» жігіттері еді, – деді.

Қаладан шыға берістегі оңаша дәмханалардың бірінде бір топ кісі күтіп отырғанын көрдік. Жастары елуден асқан, алпысқа жақындаған азаматтар. Кезінде «дала заңдарымен» жүрген «арландар» болғаны бірден байқалғандай. Олар бірден Тәкеңді бас салды. Құшақтап, бетінен сүйіп, арқасынан қағып жатыр. Айтқан тілектеріне қарағанда, Талғат аға қызметте жүргенде спорт саласына облыс тарапынан көп қолдау жасатыпты. Бір топ жергілікті боксшының шет елге сапарлауына жол ашқан. Содан бері бауыр, дос болып кеткен...

Дегенмен, әңгіме тым созылыңқырап бара жатқанда тықыршып, мазам кете бастады. Талғат ағаға қарағыштаймын, ымдап, сағатымды нұсқаймын. Ақсуатқа ертерек жетіп, таңертең түсірілімді бастап кету керек.

Тәкең түсіне қойды.

– Жігіттер, айқара ашылған құшақтарың үшін, шын көңілден жайылған дастархандарың үшін көптен-көп рахмет! Мына ұлдарым жұмыспен жүр. Ертең Ақсуатқа, одан кейін Қалбатауға кетуіміз керек. Енді жолдан қалмайық! – деп кесімді сөз айтты.

Даурығып, бірді айтып бірге кетіп отырған кісілер бірден тынышталды.

Кез келген уақытта жанынын табылуға дайын екендерін айтып шығарып салды.

Ақсуаттағы нағашыларымның үйіне аялдадық. Түсіретін дүниелеріміз де жоспарға сай болды.

Одан Өскеменге тартқанбыз. Жол ұзақ. Ағамыз ананы-мынаны айтып әңгімеге тартқысы келеді. Мені жұмыс процесі алаңдата бастап еді. Ырың-жырыңдау отырыстар көбейіп, уақыттан біршама ұтылғанымызды енді аңдағандаймын. Түсірген дүниенің мәтінін жазып, монтажын жасап, жылдамырақ Астанаға жөнелтуім керек. Соның жайы қалай болатыны ойлантып, кең далаға тесіле қарап көп отырдым. Дәл сол сәтте ешкіммен сөйлесуге де зауқым болмады. Тәкең:

– Әй, Алмас, мына балаға айтшы, менімен сөйлескісі келмейді. Маған ұрсып отырған жоқ па өзі? – дейді.

– Аға, ол монтажын бітіргенше үндемейді. Жұмысын аяқтаған соң ғана беті бері қарайды...

Тәкең:

– Ә, дұрыс, дұрыс, – деп күлді.

Ақсуаттан таң атпай шыққанбыз. Бір кезде көліктің алдыңғы орындығында отырған Талғат ағам бізге қарай оқыс бұрылған:

– О-о, келді, келді!

– Не келді, аға?

– Бұрыннан келмей жүрген повестің бас жағы туды. «Түн құшағынан беті қызарып шыққан күннің маңдайы ағара бастаған еді»...

Содан көңілденсін. Көлікте отырған бойда қимылдап, екі иығын селкілдетіп, билегендей болады. Ыңылдап ән айтады. Бірақ қалаға жақындай бере тағы мұңайды. Көңілі бірден көтеріліп, дереу түсіп кететін кісі екенін байқағанбыз. Мән бермедік. Көлікті қалаға кіре берістегі қалың қорымға бұрғызды.

– Мына жерде менің режиссер бауырым, сендердің ағаларың Рүстем Есдәулетов жатыр! Соға кетейік.

Құлыптасқа алақанын тигізіп біраз тұрды. Тізе бүктік. Күбірлеп, іштей дұға жасап, бет сипадық...

Өскемендегі шаруамыз да тез аяқталған. Сол тұста «Шығыс-ақпаратты» басқарған Нұржан Қуантайұлы аға бәрімізді күтіп алып, қонақ қылды. Алмас екеуміз сәл отырып, жұмысымызды бітіруге асықтық. Ұлттық арнаның Шығыс Қазақстан облысындағы тілшісі, әріптес досым Берік Көшербаевтың арқасында мәтінімізді жазып, монтажымызды аяқтап, кешкі тоғыздан кейін тып-тыныш күйге енетін қаланы қызықтап, Ертістің бойын жағалап ұзақ жүріп, қонақ үйге қайттық.

Талғат Кеңесбаевтың ықпалымен республикаға тарайтын «Жетінші арнаның» ақпараттық-сараптамалық бағдарламасы арқылы Шығыстың тарихи, елеулі орындары туралы үш бірдей арнайы репортаж циклы эфирге шықты. Аға оған қатты қуанды.

Сол сапарда-ақ, мен ол кісіні, неліктен екенін, Такеша аға деп кетіппін. Оған өзі де баладай мәз болған еді...

Тәкең Астанада қалды, біз Алматымызға қайттық. Әрдайым әлеуметтік желі арқылы хабарласып отырдық.

Бұдан бір жыл бұрын мен де Елордаға қоныс аудардым. Тәкеңнің ағасы қайтыс болғанын естігенмін. Бір демалыс күні, өзіне ескертіп арнайы бардым. Гүлмира апай екеуі құрақ ұшып қарсы алды. Ет асып қойыпты.

– Ешкімнің ала жібін аттамай, көлденең ақшаға қызықпай тыныш жүр! – деп ағалық ақылын айтты. – Кеңесшіге кеңес беріп отырған мен қандай мықтымын, ә! – деп әйеліне мейірлене жымияды. Гүлмира апай да шын ықыласымен баласын күткендей бәйек болып жүр.

– Келесі келгенде келінді ерте кел. Балаларды да тастама. Ағаң өзін іздеп келген бауырларын ешқашан жатырқамайды. Қайта қазір біраз науқастанып жүргенде келіп тұрғандарың жақсы. Қанаттанып, мерейі тасиды. Жазылып кеттім деп далаға шығып кетеді. Серуендеп, сергіп қалады, – деп жатыр.

– Енді ауырмаңыз аға, «это не ваш стиль» деймін.

– Есть! Ауырмаймын, ақылды боламын, жазамын! – деп бас шұлғиды.

Біраз әңгімелесіп, жиірек келіп тұрайын деп уәде беріп, үйге қайттым. Ол кісі мені шығарып салмаққа сыртқа ере шықты.

***

Талғат ағаның өз буынымен, аға әріптестерімен қандай қарым-қатынаста болғанын біле бермеймін. Оған мән де бермеппін. Бір білетінім, жазып-сызып жүрген жастарға қамқорлығын аяған жоқ. Қолындағы соңғы қаржысын бөліп беруге даяр тұратындай еді. Оны танитындар жинала қалсақ, ешкімге зияны жоқ тазалығын айтып, кейбір күлкі келтіретін қылықтарын еске түсіріп, «біздің Такеша аға сондай мықты ғой» деуші едік. «Ұлт болмысы» бәйгесінен бас жүлдені еншілеп, көлік мінгенде де шын қуандық.

Ол кісінің тіршілігінде жолдас-жоралары көп еді. Көпшілігі қалталы азаматтар. Кәсіпкерлер. Бізбен бірге Шығысты шарлағанда солар демеуші болғанын білдік. «Түсірілім тобын алып келемін, жерге қарап қалмайық» деп ескерткенге ұқсайды. Тәкеңнің жомарттығын көрген біз ғана емес сияқтымыз...

Қыркүйектің бел ортасында аяқ астынан жығылыпты дегенге онша мән бермеппіз. Өйткені рухы мықты азаматтың барлық ауру-сырқауды жеңіп, құлан-таза сауығып кететініне сенімді едік.

Енді бармақ тістегеннен пайда жоқ. Тек төсек тартып, ауруханада жатқанында бір кіріп шығуға уақыт таппағаныма өкінемін.

Ол кезінде өзімізді ертіп апарған Абай ауданындағы кіндік қаны тамған Саржалда жерленді.

***

Мені үйінен жолға дейін шығарып салғаны, күні кешегідей көз алдымда. Біраз күн бұрын аяғы сүрініп, аулада құлап қалған екен. Басы зақымданыпты. Жүрісі баяу.

– Аға, абайлап жүріңіз. Үйге қайта беріңізші енді, – деймін.

– Сәл ғана, ана бір тұсқа дейін шығарып салайын! – деп иегімен алдыңғы жақты нұсқап, біразға дейін еріп келіп тоқтады.

Мен ұзай бердім. Артыма қайырылсам, Тәкең маған әлі қарап тұр екен. Шұғыл қимылмен бұрылдым да, жұмулы жұдырығымды көкке көтердім.

– Аман болыңыз аға! – деп дауыстадым.

Ол кісі әдеттегідей жылы жымиды. Сол қалпы есімде қалды. Сол бейнесі көз алдымда әлі тұр.

Қош болыңыз, Такеша аға!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар