Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Темірхан Медетбек: «Поэзия – бүгіннің ғана емес, б...

16.03.2017 6486

Темірхан Медетбек: «Поэзия – бүгіннің ғана емес, болашақтың да перзенті»

Темірхан Медетбек: «Поэзия – бүгіннің ғана емес, болашақтың да перзенті» - adebiportal.kz

Ақындық пен өлеңшілдіктің айырмашылығы жер мен көктей. Бірақ оны танып білу үшін үлкен талғам керек. Ал талғам жұрттың бәрінде бірдей бола бермейді. Қай заман, қай кезде де ақындар да, өлеңшілер де болған.

271ffc15186e3a2282c2c9e403323bd2.jpg

***


Арлы ақын ғана ұлттың үні, елдің намысы бола алады. Арлы ақын ғана әділдік пен шындықты айтады. Ал әділдік пен шындықты айту оңай шаруа емес. Оған батылдық керек.


***


Поэзия – көркем шығарма. Құрғақ саясат пен әдебиетті шатастырып алуға болмайды. Көркемдігі болмаса өлең тумайды. Саясат – қоғамды өзгертетін алып құрал. Қоғамдағы өзгерістерді өлең-жырына арқау етпейтін ақын жоқ. Демек, «қазақ поэзиясы саяси астарсыз өлеңге құмар» деп тағы да айта алмаймыз.


***


Шын ақында пендешіліктен биік тұратын екінші өмір – рухани өмір бар. Әдетте, ақынның рухани өмірі өлгеннен кейін басталады деп жатады ғой. Дұрыс-ақ. Әйтсе де, ол рухани өмір аспаннан келіп түспейді. Оның бүкіл шығармасында тұрады. Яғни, оның екінші өмірі, рухани өмірі тірі кезінде-ақ жұмыс істейді. Олай болса, нағыз ақын – төрт құбыласы түгел болып тұрса да, сол өмірдің күйінішімен өмір сүреді.


***


Шын ақын – өзі өмір сүріп жүрген қоғамнан тыс өмір сүре алмайды. Тіпті, онымен біте қайнасып, біртұтас болып кетеді. Яғни, қоғам дерті – оның өз дерті. Мұндайда ол дүниені қараң қалдырып, мүлде түңіліп сөйлеуге хақылы.


***


Ақын өз мінезімен туады, яғни, жаратылыс табиғаты қандай болса, өлеңі де сондай. Әдетте, ұлттық рухы биік ақындардың мінездері бір-бірінің көшірмелері болмаса да, ұқсас болып келеді. Бәрі де бірбеткей, бәрі де қайсар. Қалыпқа сыймайды, қамытқа басын кіргізбейді.


***

Ақын азаматтығы тек елі мен жеріне жігер беру ғана емес. Егер ақын азаматтығын осы тұрыда, осы арнадан ғана іздейтін болсақ, онда оның аясын тым тарылтып алар едік. Ақын азаматтығы, ең алдымен, ақиқатты айтуында, ал ақиқатты айту нағыз патриоттың ғана қолынан келмек.


***


Адам тәрбиелеу мәселесі – тек педагогика ғылымының ғана емес, әдебиет пен өнердің де, соның ішінде өлеңнің де басты міндеті. Рухсыз өлең – өлі өлең!


***


Бiз үшiн қазақ поэзиясында Абайдан өткен интеллектi, Абай поэзиясынан өткен интеллектуалды поэзия жоқ. Бiрақ одан салқын ақылмен жазылған бiр жолды, бiр сөздi кездестiре алмайсыз. Бәрi де үлкен эмоциялық сезiммен,үлкен жүрекпен жазылған. Ақын эмоциясы сөздiң бетiнде емес, iшкi астарында, тереңде жатады. Ол ақылмен емес, жүрекпен ойлайды. Оның «ойлы құлақ», «ойлы жүрек», «ойлы көз» деген тiркестерi де тектен тек емес. Оның он төртiншi қара сөзiнде: «Тiл жүректiң айтқанынан көнсе, жалған шықпайды», – деуi де сондықтан.


***


Абай – бiз үшiн эталон. Темiрқазық. Ондай жүгiнiске бiз «мұндай үлгi Абайда жоқ, сондықтан бiзге жат» деп шыға келемiз. Абайша жазудың бiзге қажетi жоқ. Өйткенi Абай өзiнен алдынғыларды қайталамаған, басқаша жазған. Үйренсек, сонысынан үйренейiк. Сондықтан жаңалыққа тiксiнбей тұрып, алдымен оның болашағын бiр бағдарлап алғанымыз жөн. Поэзия – бүгіннің ғана емес, болашақтың да перзенті. Өкінішке орай, бізде поэзияға болашақтың көзімен қарау жетісе бермейді.


***


Шын талантты ойшыл ақындардың творчестволарын қалқан еткен өлең жазғыштар ендi ешқандай тосқауылсыз әлгiндей «философиялық ойшыл» өлеңдердi қарша боратты. Содан барып машиналанған машық, механикаландырылған штамп пайда болады. Әрине, бүгiнде бәрi де орны-орнына келген болса, бұл айтылғандарды өткен шақ еншiсiне қалдырып, ауызға алмай-ақ, аттап өте шығуға болар едi. Амал не, өкiнiшке орай, олай емес. Әлi күнге дейiн «ойлы» өлеңдердiң жұлдызы жоғары, әлi күнге дейiн «ойлы» өлеңдердiң жолы болғыш. Сол «ойлы» өдеңдер жұртты ойландыра ма, – онымен ешкiмнiң шаруасы жоқ.


***


Әр ақынның өзiне тән талант табиғаты, өзiне тән дүниетанымы болғанымен, өзi ғана еншiлеп, өзi ғана отау үй ғып тiгiп алған тақырыбы болмайды. Тақырып – жұрттың бәрiне ортақ. Әңгiме оны қалай игеруде, қай қырынан келуде болса, онда сөз басқа. Бұл ретте шын талант үшiн қайым заманнан берi келе жатқан мәңгiлiк тақырыптар да, бүгiнгi таңда ғылыми-техникалық революция дәуiрiнде дүниеге келiп жатқан тақырыптар да – бәрi-бәрi де ашылмай жатқан құпия жұмбақ, игерiлмей жатқан тың алқап. Қандай тақырыпқа болсын тек осы ниетпен барған талант қана өлеңдегi өз сөзiн айта алады.


***


Нағыз өлеңде бір сөздер екінші бір сөздердің мағынасына жұтылып кетіп, тағы бір ұғымын ұлғайтатын жаңа клеткаларға ие болып жатады. Сезімге соқтығысып шыққан сөз бен сөздің соқығысынан отты қимыл-қозғаыс, құбылмалы бояу, лепті әуен пайда болады да, өлең тұтас тірі организмге айналады. Ондай өлеңді сен қалай түсінбексің?! Сезінесің! Тек қана сезінесің!..


***


Ақын, ұлттың ұлы ақыны деңгейіне көтерілуі үшін, ол сол ұлттың қайғы- қасіретінің қанды жасын ішіп, оның бүкіл азабын жан-жүрегімен көтере білуі керек. Қанша ол тынысты, қанша ол қуатты болғанмен, қанша ол образ, теңеу, метафораларыңызды иіріп алып кеп өлеңге қызмет еткізіп қойғанмен. Ол өлеңдердің өзегінде ұлттық рух пен ұлттық мүдде жатпаса, онда ол ұлы ақын бола алмайды. Ірі ақын болуы мүмкін. Мықты ақын болуы мүмкін. Бірақ ол ұлттың ұлы ақыны емес.


***


Өлеңді оқып отырғанда, туу тереңнен естілетін – айналып соғып, дірілдеп тұрып алатын гуілге құлақ түріңізші. Ол – өзіміз айта беретін әуен де, әуез де емес. Ол – ақын жүрегінің қыжылы мен қызуын өзіне сіңіріп алған уақыт үні, яғни рухы! Сол рух қарапайым ғана сөздерге жан бітіріп, тереңдік пен темперамент беріп тұр.


***


Өлеңнiң өлең екенiн ақтап алатын бiр-ақ адвокат бар: ол – ой мен мағына. Олар жоқ болса, оған шеге ұйқас та, жұтынып тұрған ырғақ та ара түсе алмайды. Бiз кейде көтерер жүгi мен салмағы, дәнi бар, бiрақ ырғақ әуенiнен ақау табылып қалатын өлең, жырларды қарабайыр, прозаизм деп жерден ап, жерге сап төмпештеп жатамыз. Ондайда өлеңнiң ойына да, мағынасына да қарамаймыз. Ал оның есесiне, ырғақ пен ұйқастан маска киген «өлеңсымақтарға» кешiрiм жасап, ләм деп пiкiр айтпаймыз. Бiле бiлсек, нағыз қарабайырлық сол, нағыз прозаизм сол. Күрессек, ең алдымен сонымен күресейiк! Өйткенi өлең қалай да төрт жолдан, он бiр буыннан тұратын конвейр-конвейр боп төгiлiп жатқан кiрпiш-шумақтар емес. Ол кейiнгi кезде мағынасыз, мәнсiз жылтырақ сөздердiң жиынтығы боп бара жатқан, заказбен жазылатын ән текстерi де емес! Өлең – өлең!


***


Талай өлең жазылды, бірақ әлі де бір өлең жетпей тұрады. Өмірі жетпейтін де шығар. Сол жетіспеушілік қой қолымызға қалам ұстататын. Әйтпесе өлең жазбай кететін бе едік, кім білсін?


***


Өлеңге қамқорлық керек, оны қорғау керек деген өтiнiшiмiздi, өлеңдi оқуды жұрт сирексiтiп кеттi деген ренiшiмiздi кейбiреулер дұрыс түсiнбейтiн сияқты. Олар өлеңдi қорғау керек деген өтiнiшiмiздi тiлемсектiк деп, жұрттың өлең оқуы сирексiп кеттi деген ренiшiмiздi мүсәпiрлiк деп ұғатындай. Ал бұл – бiлген адамға халықтық мәселе. Керек болатын боса, ұлттық проблема. Өлеңнiң оқылмауынан мен өлеңмен өскен халықтың өзiн табиғи болмысынан алшақтап, сол халық жанының бiр қалтарыстары жүдеп, қасаң тартып бара жатқанын көргендей болам. Сондықтан бiзге өлеңге қамқорлықты сол халықтың болмысына қамқорлық деп ұққанымыз жөн. Өлеңдi қорғап, қамқор боп жатсақ, халық жанын қорғап, халық жанына қамқор боп жатырмыз деп ойлаған мақұл. Не болғанда да, халықтың өзiнiң табиғи болмысынан алшақтап бара жатуына салғырт қарауға болмайды.


***


Жазу үстеліне кеше ғана отырып, бес том жазып тастағандар бар. Шеттерінен өлеңшіл. Олардың жазғаны кітап дүкенінде Мұқағалимен, Төлеген, Жұмекендермен қатар тұрса да таңғалмайтын болдық. Осыдан кейін талғам төмендемей қайтеді?


***

Жалпы, ақын-жазушы деген жазу үстелiнде отырғанда ғана үлкен құбылыс. Ол – пайғамбар, үлкен құдiрет, ұлы күш. Олар өздерiн солай сезiнедi. Егер олай сезiне алмаса, онда жазу үстелiнiң маңайына жолаудың қажетi жоқ. Ал шығармасын жазып болғаннан кейiн ақын да, жазушы да, сазгер де – бəрi пенде. 


***


...Мен ізденіс пен эксперименттің ақынымын деп айтып өткенім бар ғой. Сол кезде, эксперименттер жасап жүрген тұсымда, бір көз жеткізген нәрсем, қандай бір болмасын, тіпті сәтті деп ойлайтын эксперименттеріңіздің өзі, егер ол ұлттық дәстүрмен, ұлттық рухпен өзінің күре тамырымен жалғасып жатпаса, өлі дүние болып шығатынына көзім жетті. Ал ғасырлар қойнауында жатса да көк түріктер сарыны біздің қанымыз бен жанымызда бар ғой. Сондықтан бұл сарынды жұртшылық, ұлттық рух үніне құлағы тосаң боп қалғандар болмаса, бірден қабылдады.


***


Қазіргі процесті «Өлеңге әркімнің де бар таласы» деп атауға мүлде болмайды. Өйткені бүгінгі таңда өлең деген «Еріккеннің ермегіне» айналды. Аса қастерлі, қасиетті өлең деген ұғым қорланып жатыр. Содан барып оқырман қауымның талғамы тым төмендеп бара жатқанын жасыра алмаймыз. Ал талғамы дұрыс деген адамдар көкжасық, сұрқай өлеңдерді оқып, поэзиядан көңілі қалуда.

Рас, өресі биік, өлшемі кең өлеңдер жоқ емес, бар. Бірақ ондай өлеңдердің бет-жүзін, кескін- келбетін көлегейлеп, топан судай жөңкіліп жатқан әлгіндей лайлы өлеңдер көрсетпей бара ма деп қорқам. Ал олармен күресудің жолы әзір табылмай тұр.


***


Әсiлi, Ақынға жалғыздықтан өткен дос та, жалғыздықтан өткен қас та жоқ. Дос болатыны: ақын Жалғыздыққа мұңын шағады. Зарлайды. Шер-шеменiн ақтарады. Баянсыз өмiрiн, байлаусыз тiрлiгiн айтады. Күйiнедi. Күйзеледi. Соның, тек соның алдында еңiрегенде етегi толады. Өйткенi ол өзiмен өзi оңаша қалып, сумаңдаған сөздер мен сұрқия көздердiң табасына күймейдi. Ол тек Жалғыздықтың алдында ғана ағыл-тегiл жылап отырып ақтарылады. Өйткенi жалғыздық – ақынның өзi. Қас болатыны: Жалғыздық ақынның жанын талайды, жүрегiн шеңгелдеп сығып, қанын сорғалатады. Адымын аштырмайды, аяғын бастырмайды. Тiрсегiне кiсен, мойнына бұғау боп түседi. Мазақ пен азаптың отына шыжғырылады. Анталаған дұшпанның қақ ортасында қарусыз қалдырады. Сенiң жәбiр-жапаңды, торығып қамыққаныңды бөлiсетiн бiр жан жоқ. Айдалада қалған қу түбiр қорғансызсың.


***


Көп ақын әдетте, әдебиет есiгiн тек таза ақын ретiнде ашады. Яғни олардың өлеңдерiнiң тұла бойынан құдай берген талант табиғаты қоспасыз балауса қалпында ғана көрiнедi. Сондықтан да олардың өлеңдерi алғашқыда негiзiнен табиғат көрiнiстерi мен сезiм құбылыстары жайында болып келедi. Бұл керек десеңiз, табиғи заңдылық. Өйткенi талант та бiр, балауса тал шыбық та бiр. Ол шыбық қуаттану үшiн өмiр мен тiршiлiктiң терең қатпарларында жатқан құбылыстардан, көз майын тауысар құнарлы iлiм-бiлiмнен, құйқалы дәстүр топырағынан тамыр тартуы, ол шыбық қайраттануы үшiн заман мен уақыт желiнiң өтiнде тұрып, буын қатайту керек. Сондай тезден өткеннен кейiн барып, оның азаматтық биiк тұлғаға көтерiлуi мүмкiн.


***


Біздің ата-бабамыздың бүкіл поэзиясындағы ең басты қасиет – арлылығы мен күрескерлігі. Осы екі қасиет қазіргі көптеген ақындарымыздың бойында жоқ.


***


Қазақ жырауларының өлеңдерiн оқып отырсаңыз, сөз жоқ., сiздiң құлағыңызға шетсiз-шексiз даланы тiрiлтiп, дүрлiктiрiп бара жатқан тұяқ дүбiрi, мың сан қолдың қиқуы мен айқайы, қынаптан суырылған қылыштардың сатұр-сұтыр соқтығысы, қысқада кегi, ұзында өшi кеткен жандардың бiр-бiрiмен ұстаса кеткендегi тұншыға шыққан арсы-гүрсi қыжылды демi, қару тиген қалқан шыңылы мен аңыратып тартқан адырналардан ұшқан қауырсынды жебелердiң суылы – бәрi-бәрi естiлiп жатары сөзсiз. Жортуылды ержүрек поэзия! Оған мамыражай экзотика мүлде жат! Сондықтан да бiздiң сол бiр кезеңдегi поэзиямызды Көшпелiлер немесе Далалықтар поэзиясы десе, әлдеқайда тиiмдi, әлдеқайда орынды сияқты.


***


Айналамыздағы елдермен салыстырғанда біздің поэзиямыз әлдеқайда күшті, әлдеқайда қуатты, әлдеқайда бай. Өйткені қазақ поэзиясының топырағы бай.

(Ақынның әр жылғы мақалалары мен сұқбаттарынан)


Әзірлеген: Асылбек Жаңбырбай


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар