Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Әңгіме сиқыры – мистика арбауы...

17.03.2017 8474

Әңгіме сиқыры – мистика арбауы

Әңгіме сиқыры –  мистика арбауы - adebiportal.kz

(Думан Рамазанның “Жан” әңгімесі бойынша)

Біз қазір аз оқимыз, бірақ мәз оқимыз. Әдебиетсүйер қауымының өзінің жүрегі елжірейтін ақындары, көңілі құлаған жазушылары бар. Қазіргі саналы да, өрелі оқырманды мұрнынан сүйреп, «қазақ классикалық әдебиетін оқып жарытпай жатырсыңдар» деп еш сөгуге болмайды. Олар өзі ұнатқан 50-20 жас аралықтарындағы қаламгердің ғалымдар тарапынан жылы сөз естуін күтеді. Тек пікір білдіруді осы қаламгерлердің өз ортасына ғана сілтей салмай, ғалымдарымыздың әдеби процестегі орын алып жатқан құбылыстарға кешенді түрде атбасын бұрғаны орынды болар еді. Осы орайда қазақ әдебиетінің мәңгілік тақырыбы “перілік пен пенделіктің”, “періштелік пен сайтандықтың” басын аша зерделейтін кез туды. Ең бастысы...  

Қазақ қаламгерінің Жын-Шайтанмен күресуін қолдау керек пе, әлде оның әдеби барлығын білмегенсіп, түйеқұстай кеңестік дәуірдің теориялық ойларына басымызды тығып алып, ат-тонды ала қашу керек пе?!. Қазақ прозаиктері өздерінің мистикалық реализмдері, постмодерндік сезімталдықтары арқылы шайтанды Алдар көсе бабамыздай екі бүйірінен тепкілеп ат қып мініп алды. Осындайда осы бір әдеби құбылыстың сөз етілмеуі француздық әдебиет теоретигі А. Компаньонның “Французда теориялық ойдың болмағаны ма?!” деген ащы күйінуін ойға оралтады.

Кезінде тағы бір француз философы Бодлер өзінің “Қайыршыны төмпештеңдер” еңбегінде “Бейбақ Сократтың Жын-Шайтаны – тыйым салдырушы. Менікі керісінше – ұлығ бекемдеуші; өйткені, ол не іс-әрекеттің не болмаса қиян кескі күрестің Жын-Шайтаны” деп жазған болатын.  Тап осы жағдайды өз мәтіндері арқылы қазақ қаламгерлері бізге сездіргісі келеді.  

Оны елемеу, көзге ілмеу кеңестік дәуірдегі таптауырынды сын мен марксистік теорияның жалына жабысып алып, әдеби зерттеулерде “жаңа сын”, “поэтика”, “структурализм”, “семиология”, “нарратологияны”  қолданбау опа бермейтіні анық. Міне, осылар өз зерттеушілерін тапса, қазақ ғылымының бағы жанар еді де, заманалық әдебиетіміз сан алуан бояуымен оқырман қауымға жарқырай таныла түсер еді. 

Танымал ақынымыз Ерлан Жүніс журналист Гүлсара Шалқарға берген «Әдебиетте ешкім бірінші емеc» деген сұхбатында: “Мен түсініксіздікке, күңгірттікке ұрынамын деп қорықпаймын. Экспериментке барған мен емес, менің қоғамым. Экспериментке жетелеген – XXI ғасырдағы әлем, ол бәрін жаңадан бастағысы келеді. Тіпті тәуелсіздік алған жиырма жылдың ішінде біздің қоғам тек қана экспериментпен келе жатыр. Қазақ бұрындары кешпеген сезімдер мен ойларды, күрделі құрылымдарды осы жиырма жыл ішінде басынан кешірді. Таным түсінігі өзгерді, тіпті қоғамдық-әлеуметтік, басқа да секторлардың бәрінде жаңа кезеңдер ашылды. Мұның барлығы сол қоғамда өмір сүріп жатқан менің жаныма әсер етпеуі мүмкін емес еді. Бұл қоғамнан бөлектеніп, төрт қабырғаға қамалып, XIX ғасырдағы ескі ақындарша жырласам, маған жараспас та еді. Әрбір эксперимент өзіңді іздеу ғана емес, өз замандасыңды іздеу. Әдебиетте эксперименттер мен реформалар болмаса тағы болмайды. Мен өз эксперименттерімнің құрбанына айналуым мүмкін, одан мен ұтылғанмен, менің замандастарым ұтылмайды...

Сәтті не сәтсіз деп айтпай-ақ қояйын, бір айтарым – қазақ әдебиетіне  керегі жаңа форма емес, жаңа мазмұн” деген тамаша ой айтады.

Қазақ әдебиеті майданында Ерлан бауырымыз айтқандай қаламгерлеріміз тарапынан батыл эксперименттер мен қиян-кескі реформалар жүріп жатыр. Әр эксперменттің басында, әр реформаның артында оқырманға өздерін танытқан әдебиет дүрлері тұр. Бір нәрсе айқын – «Әдебиетте ешкім бірінші емеc». Солай десек те, постмодерндік сезімталдықпен мистикалық және сюрреалистік реализмде өзін танытқан жаңашыл қаламгерлеріміздің бірі, әрі бірегейі – Думан Рамазан. Бізге бұл пікірді оның екі бірдей шығармасы “Жан” мен ”Жын” айтқызып отыр. Автор екі түрлі хронотоптық кестелеуді қолданады. “Жан” әңгімесі “Өлілер мен тірілер әлемі арасындағы паралельге” құрылса,  ”Жында” “Реалды және бейреалды әлем арасындағы паралель” көркемдік шарттылық түзеді. Осы мақалада қаламгердің “Жан” әңгімесі сөз болады. 

Автордың көркемдік деңгейі жоғары болған сайын оның туындысы сюжетінің қайталанбастығы мен дербестігі айшықтала көзге ұрып тұрады. Міне, сондай сюжетінің қайталанбастығы мен дербестігі айшықтала көзге ұрып тұратын Думан Рамазан әңгімелерінің бірі – “Жан”.

Қазақ әдебиетінде алаш діни-философиялық дүниетанымындағы түрлі мифтік құбыжықтар формулаға айналып отыр. Бұнымен әдеби сын санасуға тиіс. Біз осы бір әдеби формулалықты көптеген ұлт авторларының шығармашылығында молынан ұшырататын болдық. Ол туындыны қолына алып оқыған оқырманды шындық өмірден аулақтатып, қаламгердің тылсымды әлеміне ойша саяхат жасауға жетелейді. Думан Рамазан “Жан” әңгімесінде бас кейіпкері Жұлдызжанның көмегімен әңгімелеуші архетиптер арқылы бізді ұлттық мәдени тақырыптармен, алашқа ғана тән стеротиптермен, әрі символдармен табыстырады. Формула дегеніміз – Думан әңгімесінің тіні болатын белгілі бір ұлттық арнайы штамптана синтезденген  комбинация,  әрі алаштық архетиптердің әңгімелеуші формада көрініс беруі. Ұлттық діни-философиялық түсініктің шығарма бойында адам жанының не көк кептер, не көк шыбын болып ұшып кетуін жаңа жағдайға бейімдей қолдану. Фольклорлық ұғым да, авторлық ұстаным да бір-бірінен алшақ кетіп тұрған жоқ. Заманалық қазақ өнері өзін стандартқа түсіруді хош көре бермесе де, жазушы қаламы арқылы ұлт арасында кең тараған белгілі бір дағдылы конструктылардың (қаңқаның) оқырман мен туындыгер арасын жалғайтын коммуникатор (арағайын) қызметін атқаратынын жоққа шығаруға болмайды. Бұл ұлт әдебиетіне тән әдеби формулалық арқылы өзін танытады. Бұрынғы кеңестік кезеңдегі формулалық кедейлікті, ұлттық дәстүрді тәрк етуді дағдылы конструктыға айналдырса, енді бұның орнын бағзы дәуірден тамыр тартқан фольклорлық-діни персонаждар мен ұғым-түсініктер басып отыр.

Өйткені, әңгіме жанры ұзақ жазылатын хикаят пен роман емес, сондықтан оқырман дүниетанымына жақсы таныс діни-мифологиялық ұғымдарды қаламгер түрлі ракруста бере алады. Бұл формулалық жазушыға өз туындысын бір жағы жылдам жазып шығуға септессе, екінші жағы өз ойын түрлі аспектіде ұғынуы үшін оқырманға ұсынуына мүмкіндік береді. Роман мен хикаят беллетристикада болмаса, көркемдігі жоғары туындыларда формулалыққа еш көнбейді.

Біз талдағалы отырған Думан Рамазанның “Жан” және ”Жын” атты екі әңгімесі екі түрлі бағытта екі түрлі тұрақты мотивті жаңаша көзқараспен жұртқа таныту болып табылады.

Әңгімеде басты желі бірі өлі, бір тірі қос жерлестің кешегі және бүгінгі өмірінің мұражайда ұштасуынан бастау алады. Автор осы әңгіменің экспозициясын көне түркілік “Ғажайып өмірге келу” мифін арқау еткені байқалады.

“Бір таңқаларлығы, қарымды қаламгер қайтыс боларынан аз-ақ күн бұрын бұның әке-шешесінің түсіне қатар кіріп, бір кескін-кейіпте көрініпті. Маңдайында күндей жарқыраған алтын жұлдыз бар екен дейді. Соны өз қолымен жұлып алып, бұлардың алақанына салып кетіпті. Үлкендер жағы оны жақсылыққа жорып, әрдайым мақтанышпен айтып отыратын. Содан жылдар бойы бала көтере алмай жүрген шешесінің аяғы ауырлап, тоғыз ай, тоғыз күннен кейін дүниеге бұл келіпті. Ата-анасы сол бір жақсы түсті естеріне алып, «Өмірде жұлдызы жансын!» деген ырыммен есімін Жұлдызжан қойыпты.”

Сонымен автор бізге осы әңгімесінде нені ұсынып отыр. Моноцентрлік әңгіме сюжеті «кәсіби драма» формуласы, махаббат машақаты, отбасылық құпияның жария болуы, Бөгде тіршілік иесінің іс-әрекеті формулалары Жұлдызжанның дардай жазушының мұражайында бастан кешкен оқиғалары арқылы эпикалық ауқымда суреттеледі. Автор дәстүрлі үш формулалықты тұрақты діни мотивтерді қатыстыру арқылы шығарма композициясын мистикалық реализм шарттылығына сай айшықтайды.

Зиялы қауым арасындағы текетіреске құрылған шым-шытырық  оқиғаларының «кәсіби драма» формуласы арқылы айшықталуы қазақ прозасында бұрыннан орын алған байырғы конструкты. Зиялы қауымның бір-бірімен бітпес күресінің көрінісі Ақбасты ақсақалдың Жұлдызжанға дүрсе қоя беруі арқылы суреттеледі.

Ақбасты ақсақал жазушының: “Білем, білем... кімдердің жібергенін... Ештеңе білмейтін аңқау қазақты тапқан екенсің! Солар ғой, сені әдейі жіберіп отырған... Көзі тірісінде де түртпектеп маза бермеп еді, өлгеннен соң да тыныш жатқызар емес!.. Енді қойса болар еді ғой!.. Селкілдеп-қалтылдап жүрсе де, жан-жағына зәр шашуын тияр емес... Әй, сен бала, оларға ілеспе! Айтағына еріп, айдауына жүр ме! Олар бүлінген, бұзылған, кірленген адамдар... Ар-иман жоқ, сені де бір күні боққа батырады! Сондықтан  ондай иттерден аулақ жүр!..

– Олар кімдер? – деген сауалдың аузынан қалай шығып кеткенін өзі де байқамай қалды.

– Бәсе, олар кімдер? – Ақсақалдың әжімді жүзі одан сайын сұрланып, көзі ақшиып кетті. Қолы дір-дір етеді. – Түк білмей қалуын қарашы-ей, мұның! Шық бұл жерден, жоғалт көзіңді! Ана айтақшыларыңа айта бар, мен енді оларға қарсы жаңа шабуыл бастаймын. Ажалдарынан бұрын өлтіріп, көздеріне көк шыбын үймелетемін! Әй, сен бала, естіп тұрсың ба, солай айт, айта бар ана қаусаған қара бүлдіргілерге... – деді түкірігі шашырап.

Жұлдызжанның зәресі ұшып кетті. Ештеңенің байыбына бара алмаса да, орнынан атып тұрып, шығар есікке қарай тұра жүгірді. Шығып бара жатып та:

– Иә, солар ғой, бұл сүмелекті жіберген, көрлеріңде өкіргір иттің балалары... – деген сөздерді құлағы шалып қалды.”

Иә, қаламгерді “Зор қылатын да, қор қылатында” өз ортасы деген ауыр ойға батасың.

Марқұм жазушының махаббат машақаты, отбасылық құпиясының ашылуы әңгімеде екі рет Жұлдызжанның аузымен сөз етіледі. Махаббат машақаты – әлеуметтік және психологиялық кедергілерді еңсеруден тұрады. Бірақ, жазушы оның еңсерілуін емес, оқырмандар арасында қаққа жарылған пікір тудыруын мақсат етеді. Құпия жария етіледі де, оның өз шешімін табуы белгісіз кейінгі кезеңге шегеріледі де, естушілердің оған қатысты сезімдік-психологиялық эмоцияларын басты орынға шығарады.

“Бәрін болмаса да, шет-жағалап білемін. Бұл кісінің тағы бір көңілдес келіншегі болған ғой! Содан да бір ұлы бар екенін білетін шығарсыз? 

– Жоқ, ондай әңгіме естіген емеспін!

– Қалайша?! Сіз осы мұражайдың қызметкері емессіз бе?

– Бұл өсек-аяң жинайтын орын емес.

– Мұражай бір жағынан ғылыми орталық қой!

– Ғылыми орталық екені рас. Бірақ ондай ұсақ-түйекке бола бас қатырмаймыз!

– Ол ұсақ-түйек емес қой, жазушы өмірінің ажырамас бір бөлшегі, талайлы тағдыры емес пе?! Одан неге қашқақтайсыздар?

– Дәлеліңіз бар ма, өзі?

– Бар. Тіпті ол әйелдің кім екенін де жақсы білемін. Керек болса ұлын да танимын, ағамыздың атына жазылған. Оны мен ғана емес, біздің ауылдың бәрі біледі. Сіздер қалай білмейсіздер?!

– Сіз өзі қызық адам екенсіз! Бұл жазушының абырой-беделіне көлеңке түсіру үшін кейбіреулердің әдейі ойлап тапқан өсек-аяңы. Сіз оған сене бермеңіз!

– Бұдан жазушының абырой-беделіне қандай көлеңке түспек? Ата-бабаларымыз үш-төрт әйел алған ғой!

– Бұрын болса болған шығар. Қазір ондай жоқ қой!

– Неге, қазір де тоқал алып, жырғап жатқандар жетерлік. Сіз көрмей жүр екенсіз!

– Сіз өзі бұнда не үшін келдіңіз? – деді қыз түсін суытыңқырап.

– Мұражайды көру үшін.”

Адюльтерлік (көзге шөп салу) сюжеттер бір жағы көзіміз үйренген мың бір түндік мотивтерге бірде ұқсаса, бірде одан алшақтай түскендігі де байқалып тұрады. Яғни, “өмірілік” жағдаят пен әдеби   сюжеттердің арасындағы қарым-қатынас әрқилы ұғынылып келеді, біреулер – оларды теңдестірсе, біреулер бөлектей көрсетуге бейім.     Ю. М. Лотман бұл жайында: «сюжет представляет собой мощное средство осмысления жизни. <…> Создавая сюжетные тексты, человек научился различать сюжеты в жизни и, таким образом, истолковывать себе эту жизнь» деген байыпты ой айтады.

Әдетте құпияны әшкерлеуші сый-сияпатқа бөленсе, біздің әңгімемізде әуелі ол осылай мұражай қызметкері Айжан қыздан сөз естиді. Ал Ақ басты қаламгердің алдына барған шақта Жұлдызжан «сұрасам ба, сұрамасам ба екен» деген екіұштылау оймен сәл кідіріп қалды да, «шешінген судан тайынбастың» күйін кешіп:

“– Жазушының заңды екі баласынан басқа тағы бір ұлы бар дейді ғой. Сол рас па? – деп қойып қалды.

– Саған оның не қажеті бар? – Ақсақалдың қас-қабағы түйіліп, түсі бұзылып кетті. – Мен ондай қитұрқы сұрақтарға жауап бермеймін! Сен өзі журналист емессің бе?

– Жоқ, студентпін!

– Сені мұнда кім жіберді?

– Ешкім...”  Ары қарай не болғанын бәріміз білеміз. Ақсақал аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығып, шәт-шәлекей күйге түседі. Бұл эпизод арқылы автор қаламгердің өмірін зерттеуде оның теріскейімен қоса, күңгейін де ашып жазуға тиісті екенімізді ұқтырады. Және ашылып жазылмайтын нәрсенің тарихи жағынан болашақ ұрпақ үшін керектігін өз көзқарасы тұрғысынан білдіруді құп көреді. 

Думан мистикамен өрілген мелодрамалық формула арқылы зұлымдыққа толы алаш әлемінің, ата-баба салтын ұстанушы моралдық қағидатын көлденең тарта отырып, ұлтымызға тән отбасылық құндылықтардың қызғыштай қорғалуын алға шығарады. Оны қызғыштай қорушы Айжан мен ақбас ақсақал. Автордың ұстанымы мен Жұлдызжанның көзқарасы оларға кереғар.

Бөгде тіршілік иесіннің іс-әрекетін алға тартуды автор мұражайдан шыққан Жұлдызжанның жұмбақ жолығысуына арқау етеді. Жанның басқаға қонуы ықтималдығын бас қаһарманның ішкі монологы арқылы береді. “Ақсақал неге сонша ашуланды екен? – деп ойлады. – Олар кімдер, кімдерді меңзеп отыр? Әй, кім болса, ол болсын, менің қандай қатысым бар? Ата сақалы аузына түскен адам, жазушы деген дардай аты тағы бар. Соншама кәрін төккені несі?!  Менің не жазығым бар? Оларды танымақ түгіл, кім екендерін де білмеймін ғой! Мұнысы несі екен, ә?! Жазушы боламын деймін, мынандай болса, жазушы болу да оңай емес қой! Бірін-бірі көре алмай, бір-бірінің жағасына жармасып, етегінен тартып, айтысып-тартысып жатады деп естуші едім. Сол шын болғаны ма?! Әйтпесе, жоқ жерден жау іздеп не керек? Сонда мен жазушы болуды не үшін армандадым?! Осы үшін бе? Жо... жоқ!.. Мен бәрібір жазушы боламын! Алған бетімнен қайтпаймын, бағытымнан айнымаймын! Мұндай дау-шарларға мүлде араласпаймын, жазумен ғана айналысамын! Түптің-түбінде ұлы жазушы болып, мақсатыма жетемін!” Осы ойды оның тылсымды ғайыптан жолығысудың аяғы бөгде тіршілік иесінің өліміне ұласып отырады. Иә, кептер кейпіндегі жазушының бәйбішесі неге Жұлдызжанмен жолықты, неге жылады, неге басына саңғыды осының бәрі түрлі ойға жетелейді.

“Төңірек тып-тыныш. Жанға жайлы салқын самал еседі. Маңайда қыбыр еткен пенде жоқ. Көк кептерлер ғана ұшып-қонып жүр. Кенет  бір ақ көгершін ұшып келіп, қарсы алдына қонды да, айналшықтай берді. Шегір көзінің сұғын қадап, ішіп-жеп барады. Қанатын қағып-қағып, мойнын созып-созып қояды. Гууг-гууг етіп гуілдейді. Бірдеңе айтқысы келетін сияқты. Бірақ Жұлдызжан құстың тілін қайдан ұқсын?! Аузын ашып, көзін жұма берді. Ақ көгершіннің ештеңеге қарайлайтын түрі жоқ, өңменінен өтердей сұқтана қарайды. Кенет көзіне көзі түсіп кетті. Қас-қағым сәтте қарсы алдында әйел бейнесі елес берді. Қолаң шашын жайып жіберген, ашаң жүзінен нұр төгіліп, тал бойынан шуақ шашырайды.  

– Сіз кімсіз? – деді бұл сасқалақтап.

        Ақмаңдайлы ару тіл қатар емес. Жауаптың орнына өткір жанарынан отты жалын жарқ ете қалғандай болды. Жұлдызжан көзін тас жұмып, алақанымен бетін бүркей берді. Бірақ бәлендей оқыс ештеңе бола қойған жоқ. Жасқаншақтай көзін қайта ашты. Әйел ұшты-күйлі жоқ. Ақ көгершін жаутаңдай қарап әлі тұр. Кенет секіріп орындыққа шықты. Онда да тұрақтай алмай, қолына кеп қонды. Тыпыршып тыныш тұра алар емес. Жұлдызжан да жатсынбай көгершіннің жотасынан жаймен сипалады. Сол жақ қанаты сәл майырылып қалыпты. Үсті-басы жып-жылтыр, жып-жылмағай. Әсіресе мойын тұсы қызылқоңыр түске боялып, күн көзіне шағылыса жалт-жұлт етеді. Қимыл-қозғалысы сондай ширақ. Бір кезде қанатын қаға секіріп, иығына қонды. Қайта-қайта мойнын соза қарап қояды.”

Иә, қазіргі қаламгерлеріміз қолданып жүрген әдеби формуланы алаш мәдениеті өзінің бағзыдан қалыптасқан ұғым-түсініктері, белгілі бір образдары, символдары мен мифтері арқылы қалыптастырып қойған. Ұлттық әдебиеттің дамуы барысында олардың бірі ескіріп, бірі жаңғырып, бірі жаңарып жатады. Осындай мифтік формулалардың өрімделуі қазіргі қазақ әңгімелерінің қозғаушы күшіне айналып үлгерді.  Бұл мәдени эволюция қазақ постмодернизміне тың серпін беріп, жаңашыл туындалардың өмірге келуіне түрткі болды.

Думан Рамазандай қаламгерлер шығармашылық ізденістері нәтижесінде дағдылы әдеби формулаларды “мәдени екшеу” арқылы өздерінің мистикалық реализмдерінің аясын кеңейте түсуге қол жеткізді. Осындай талғампаздықпен мәдени екшеу жасау кейбір жазушыларды әдеби даңққа бөлеп жүр. Кітаптың (бұл арада әңгіменің – Ә.Ә.Ә.) өз оқырманын табуы да осындай ұлт жадысындағы ескіні жаңғырта білуінен тұрады. Біз “Жан” әңгімесін заманалық әңгімеге жатқызсақ та, оның мәтіні бойында бүткіл алаштың мифтік түсінік-танымы орын алғанын жоққа шығара алмаймыз. Қазақтың түс көруі, көзіне әлдененің елестеуі ұлттық нақышта беріліп отыратын бұл шығарма өзінің автор тарапынан алға қойған діттеген әдеби мақсатына жете алған.

Онейрикалық (гр. oneiros түс көру) кеңістігі: оған: түс түрлері, аян беру, елестеу және т.б. жатады да, олар микросюжет түрінде қазіргі прозашыларымыз әңгімелерінде молынан ұшырасып жүр. Думанның онейрикалық кеңістіктегі Жұлдызжанның көзіне өткен оқиғалардың елестеп отыруы шығарманың үзікті эпизодтарына бөлшектеніп беріледі. «Сонда жазушының жаны Жұлдызжанға қонған ба?» деген ойға қаласың, иә, ол өзін осы үйде көптен тұрған қожайындай сезінеді. Белгілі жазушымен көзі тірісінде аралас-құралас болғандар ғана білетін жайт оған елес түрінде жаңғыра көрініс беріп отырады.

Мұражай қызметкері сұлу қыз Айжанның алғашқы таныстыруы: “Кенет ас үстеліне зер сала қарай беріп еді, көз алдына оны жағалай жайғасқан жазушының жанұясы елестеп кетті. Өзі, жұбайы, ұлы мен қызы емен-жарқын шүйіркелесіп отыр. Бұл көрініс жарқ-жұрқ еткен найзағайдың жарқылынан пайда болғандай қас-қағым сәтте елес берді де, жоқ болды. Жұлдызжан не болғанын өзі де түсіне алмады, бірақ ештеңе сездіргісі келмеді.

– Сіз ештеңе байқаған жоқсыз ба? – деді қызға сынай қарап.

– Жоқ, – деді ол таңданған пішінмен. – Нені?”

Жұлдызжан не болғанын бірден ұғынбайды. Ал, автор оның жауабын бізге әңгіменің экспозициясында беріп кеткен болатын. Етегі қанамаған әйелдің аяқ астынан бала көтеруі арқылы.  

Тағыда көзге елестеу эпидоды ұшырасады.

“– ...жазушының кабинеті, – деді бойжеткен екінші бөлмеге кіре бере, – Анау – жазу үстелі, үстіндегі қағаз-қарындашына дейін көзі тірісінде өзі тұтынған заттар.

Кенет тағы да қаламгердің жазу жазып отырған айшықты сәті елес берді. Қауырсын қанат қаламын ақ парақтың бетіне асығыс-үсігіс сүйкеп жатыр. Бұны елес деп те айтуға болмас, кәдімгі күнде көріп жүрген жұмыр басты пенденің тірі бейнесін анық көрді.

– Сіз... сіз...  – деп келе жатыр еді, лезде көзден ғайып болды.

– Кешіріңіз, кімге сөйлеп тұрсыз? – деді қыз үрпие қарап.

– Мен... мен... – Не айтарын білмей тұтыға берді. – Мен...”

Автор осы көзге елестеу оқиғалары арқылы жазушының өткен өмірін бізге танытуды мақсат тұтады. Бұндай елестеу Жұлдызжан аралаған барша бөлмелерде кезінде орын алған оқиғаларды, сыртта өскен терек түбінде болған гаражды Жұлдызжанға елестеу арқылы жария етіп отырады.

Адам жанының не балаға – жазушы, не құсқа – оның әйелі қонуын автор бабаларымыз кезінде ұстанған түрлі дәстүрлі діни түсінктердің тоғысуы арқылы бермек болғаны, мұсылман ретінде жаға ұстарлық жайт болса да құптаймыз. Осы өзгеге жан болып қонған ерлі-зайыптылардың өзара кездесуіне тоқталайық.

Ақ көгершін  бәріміз үшін адамзатқа ортақ  бейбітшілік символы ғана, ал, Думан Рамазан оның тылсымдық тек алаш болып жарылып, қазақ болып туған жан ғана ұғынатын жанның басқаға қонуының символы екенін ұқтырады. Автор үшін – ақ көгершін ұлттық сезім, құндылық, идеялық кешенді айқара таныту.

“Жұлдызжан жаңағы көріністің әсерінен арыла алмай, мең-зең күйде мәңгіріп отырып, тағы да ой теңізіне шомып кетті: «Бүгін маған не болды өзі?! Көзіме не көрінді?! Адам ба, әлде жын-шайтан ба? Бұл неғылған ару? Өзі сондай сұлу екен! Перінің қызы емес пе?! Жазушының әйеліне ұқсайды екен? Әй, тұра тұр... енді есіме түсті. Бұл шынымен сол ағамның үйіндегі жеңгей ғой! Бірге түскен суреттерін талай көргем. Иә, бұл сол, жазушының бәйбішесі. Ол менің көзіме не үшін көрінді? Мұнда қандай құпия-сыр бар? Әлде мені шынымен жын-шайтандар иектеп алғаны ма?! Бұл бір сәтсіз күн болды-ау! Мына көгершінге не жоқ?! Иығыма шығып алып, тайраңдап тұрғанын қарашы! Тап бір менің асыранды тотықұсым сияқты, қорқу, үрку, жатсыну жоқ. Әй, бірақ, мен білсем, бұл тегін көгершін емес. Бойынан біртүрлі бір жылылықты сезініп тұрмын. Көзінде көп сыр бар-ау!.. Қасиетіңнен айналайын, адалдықтың ақ періштесі, не айтқың келіп тұр, сайрашы бір көсіліп. Тыңдайын бір құлақ қойып. Айтшы, кәне, не дейсің?”

Ол назарын көгершінге  қайта аударды. О тоба, құстың көзі жасаурап тұр. Ойланып та үлгермей, көгершіннің мөлт-мөлт еткен жанарынан бір-екі тамшы жас үзіліп түсті. Жанары жасқа толып, шарасына сыймай кетті. Мөп-мөлдір мойыншақтар бірін-бірі қуалай, айғыз-айғыз із тастап, сынаптай сырғып барады.

Жұлдызжан құстың жылағанын алғаш рет көрді. Бірақ оған таңданып, таңдай қаға қойған жоқ. Өйткені ол да бір бойында жан, тамырында қан бар тіршілік иесі ғой. Оның да адам секілді жүрегі, бауыры, бүйрегі бар. Сөз жоқ, жаны қиналады, жүрегі сыздайды, бауыры езіледі, бүйрегі бүлкілдейді”. “Көгершін неге жылады?” деген сауалға кейіпкермен бірге жауап іздейміз, әрі табамыз. Өйткені, қазақ ұғымында әр нәрсені Құдай жұп қылып жаратқан, тек Бір Жаратушы ғана жалғыз.

Кептердің Жұлдызжанның әуелі қасына келуі, кейін басына қону әрекеті бәрісі-бәрі бұрынғы жарының қазіргі кейіпіне тояттау, өзінің адам кейпіне енбегені үшін долданып жылау, әрі артынан бұрынғы байының көзі тірісінде өзіне жасаған опасыздығы үшін басына саңғуы оның долылығын сездіреді. Әрі, “бақыр басты еркекті алтын басты әйел құрметтеу керек” деген бағзы түсінік қылаң беріп, еркекті бағаламаған әйелдің оңбайтындығын ұқтыратын ажалды ақыр туындап, кешірім сұрау үшін Жұлдызжан отырған автобустан қалыспай ұшқан ақ көгершін кейіпкердің көз алдында ажал құшады.

Көгершіннің екі түрлі типпен символдануы үлкен мәнге ие, жерден көтеріліп ұшып бара жатқан бейбітшілік көгершіні қазақ үшін Алла жаратқан мақлұқтың жасайтын көп қимылдарының бірін еске салады. Бар болғаны сол: ал, жанның кеудеден құс болып ұшуы әр қазақтың жүрегін зырқ еткізер тылсымды да, жұмбақ сәт. Думан осының соңғысына акцент түсіріп, ұлттық дүниетанымдағы авторлық концепцияға айналдырып отырған жайы бар.

Осы мақалада біз қолданып отырған формулалық қадам жазушыларымыздың әңгіме жанрындағы мифті-символикалық әдістерді қолдауын тәпсірлеу болып табылады. Біз осы бір жүйеге түскен формуалалық арқылы қаламгерлеріміздің өз оқырмандарына нені жазып, нені айтып жеткізбек болғанын ойша байқастай аламыз. Думанда дәстүрлі көзге жынның елестеуі аяулы бейненің елестеуімен алмастырылған.

Адам тым бағзыдан мифтуындыгері болып табылады. Қазір бұл бақыт тек қаламгерлердің еншісіне бұйырып, біз тек мәдени мифті тұтынушыға айналып үлгердік. Біз саналы тіршілік иесі ретінде өмір бойы тіршіліктің мәнін іздеп өтеміз. Міне, Думан Рамазан тіршіліктің мәні өткеніңнен қорытынды шығарып, содан сабақ алу керектігін Ақ Көгершін символдық персонажы арқылы ұқтырады. Араға өзге әйел кіріскен соң, жазушының бұрынғы шадыман өмірінен мән кеткенін бізге көгершіннің ащы жасы ұқтырады.

“...Көгершіннің көзінен пора-пора жас парлап тұр. Екі-үш тамшы жас алақанына тамды. Жайлап жалап көріп еді, дәмі ащы. «Құстың да жасы ащы болады екен-ау! – деп ойлады. – Көзінен сорасын ағызып, неменеге егіліп тұр?! Осыған не жетпейді екен?! Әй, бірақ құс екеш құстың да біз біле бермейтін өз өмірі, тағдыр-талайы болады ғой! Қайғы жамылып, қасірет арқалап жүр ме екен?! Сыңарынан айырылды ма, жоқ әлде бауыр еті – балапандарын жоғалтты ма?! Кім білсін! Әйтеуір, бір мұң бар-ау! Бұлардың да бірге туған ет-жақындары болады емес пе?! Әлде басына бір іс түсіп жүр ме екен?! Ой, өзі мен не қиялдап кеттім? Егер осы ойымды біреу-міреу оқып қойса, артын ашып күлер еді-ау!.. Әсіресе қу тілді Қуан білмей-ақ қойсын! Ол естісе, бүкіл елге жайып, масқарамды шығарады-ау!.. Неге екенін білмеймін, сол-ақ мені аңдиды да жүреді. Әй, қойшы соны, ит те болса досым ғой!..»

Ақ көгершін секіріп басына шықты. Төбе-құйқасы шымырлап қоя берді. Бірақ, мысқалдай да ауырлығы білінер емес. Тек қозғалған сайын тырнақтары батыңқырап, жыбырлатып әкетіп барады. Жанынан қиыс өтіп бара жатқан бір аққұба қыз бұған қарап мырс етіп күліп жіберді. Бұл да жылы жымиып, көзін қысып қалды. «Сасқан үйрек артымен жүзеді» демекші, не үшін көз қысқанын өзі де анық ажыратып жатпады. Қысылыңқырап қалған бойжеткен жүзін жылдам бұрып әкетті де, ләм-мим деп тіл қатпастан, аяғын асыға басып,  жөніне жөней берді.

Кенет төбесі суланып кеткендей болды. Ол құстың басына саңғып жібергенін сезді де, қолымен қаттырақ қағып жіберіп, орнынан атып тұрды. Көгершін анандай жерге ұшып барып топ ете түсті. Жалма-жан қалтасынан қол орамалын суырып алып, төбесін сүрте бастады. Алғашында ашуға мінсе де, артынша-ақ балаша қуанды: «Құстың төбеңе саңғығанын жақсы ырымға балап жатушы еді ғой көнекөз қариялар. «Басыңа бақ қонып, дәулетің артады, ырыс-құтың молаяды» демеуші ме еді! Бұл жақсылықтың нышаны шығар?! Құдай бірдеңе берер! Мүмкін, аяқ-астынан байып кетермін! Әй, бірақ кім біледі?! Қой, құр босқа қиялдай бергенше, жатақханама барып, ертеңгі сабаққа дайындалайын. Тездетіп барып жуынып алмасам болмас, қуаяқ Қуан басымдағы боқты көрсе, өмір бойы аузынан тастамай жыр ғып айтып жүрер! Ой, құрысын!..»

Ол ілби басып, аялдамаға қарай аяңдады. Жан-жағына көз тастап қояды. Адам аяғы аз, көше бойлап ағылған машиналар зу-зу етіп, зуылдап өтіп жатыр. Аялдамаға келіп, бос тұрған орындыққа отыра бергені сол еді, ақ көгершін секеңдеп жанына жетіп келді: «Өй, мынау менің артымнан қуып келген бе?!» – деп таң-тамаша қалды. Әй-шай жоқ, қайтадан қолына келіп қонды.”

Осы елестете қиялдаудың арқасында алаштың мифологиялық ойлау машығы қалыптасты. Соны автор бізге көгершін кейпінде қайтадан қайыра оралтып отыр. Біздің ұйқыдағы санамызды құстың ащы жасы мен саңғыған саңғырығы сілкілеп оятқандай болады. Өйткені, алаш мифологиясы бізге Жаратқан үстемдік құрған өзге әлемнің барлығын сездіреді. Бұл құс сол әлемнен өзіне жолығысар жол таппаған сыңарын іздеген бейбақтай көрініп кетеді. Ол сыңарын тапты. Бірақ өзі ажал құшып қайыра жоғалтты.

Барлық бұл пәнидегі тірлік – тек сүреңсіз көлеңке ғана, тек өлімнен кейін ғана адам өзінің өмірлік мұратын жүзеге асыра алатын сияқты. Ерінен кешірім өтінген әйелдің оның жаны қонған жанға арзуын айтпақ болғанынан бір ұғынатынымыз Думан үшін де, оның аталған әңгімесін оқып отырған біз үшін де өліп тірілу туралы миф қиял емес, өңімізде болатын оқиғалардың бірі деген түсініктің қалыптасуы.

Жаһандану дәуірінде алаштық кептер символы арқылы ұмыт болған ұлттық мифті қайыра оралтқан әңгіме сюжеті талайлы тағдырымыздың бір Жаратқанның қолында екендігін білгізеді. Өлілер мен тірілер әлемі арасындағы паралелль бізге қаламгер шеберлігі арқылы өз қақпасын ашады. Дағдылы өміріміз тылсымды әлеммен орын алмастырып, өлілер әлеміне  қалай аяқ басқанымызды аңдамай қаламыз.

Шынайы өнер туындысын жолықтыру дегеніміз – шынайы мистикалық кездесу, ол астар мәтін арқылы өзгелердің қателігін қайталамай “Өміріңді өзгерт” деп сыбырлағандай болады.

В. Шкловскийше ой толғасақ, қазақ прозашылары бәрін есте сақтаушы мың-мың жылдық тарихы бар мұрағатпен жұмыс істейді. Осы жұмыс істеу барысында әдебиет пен мәдениет арасындағы шығу тегі бағзыдан тамыр тартатын әдеби жады жаңғырып, бір-бірінен алшақ және кіндіктес сюжеттер дәстүрлік аяда тоғысуға түседі.

Қазіргі қазақ әдебиетінің сюжеттік репертуары біздің қоғамымызда орын алып жатқан әдеби, қоғамдық және тарихи процестерге тікелей байланысты. Көркем мазмұн шығармашылыққа дейін өмір сүрмейді, қайта керісінше қаламгердің өзі жинақтаған, ойға алған материалды өңдеуі барысында көркем форма ретінде туындайды. Өйткені, ең бастысы, біріншілікке бұл арада қазақ әдебиетіндегі  көркем мазмұны емес, өнерге еш қатысы жоқ ұлттық материал қазақтың жын-шайтанға, тылсым күштерге қатысты көзқарасын пайдалану тұрады.

Думан ұлттық материал қазақтың жын-шайтанға, тылсым күштерге қатысты көзқарасын өмірлік материал ретінде посмодерндік аңыста игеріп, мистикалық реализм шартына сай өңдеп, ақыр аяғында өзінің қаламгерлік шеберлігі арқасында жаңа мазмұндағы қазақ әңгімесін өмірге әкеліп отыр. Ал, осы Думан қаламынан шыққан әңгіменің ішінде бірінші орында көркем мазмұн емес, қайта оны өмірге әкелуші көркем форма бірінші болып саналады. Сонымен, біз сөз еткен әңгімедегі өнер мен прозаның мәні қаламгердің алаштық дүниетанымдық материалды шығармашылықпен еңсеруі. Осы еңсеру барысында көгершінің ұлт жадындағы мұсылман дініне дейінгі поэтикалық образы жаңғырып, автор тарапынан поэтикалық ойға ие бола түседі.

Ең бірінші Думан автор ретінде мұсылман дініне дейінгі ұлттық дүниетаныммен бетпе бет келіп, өзіндік көзқарсы мен позициясы тұрғысынан адам жанының кеудеден ұшып шығуы туралы көне түркілік мифті өз әңгімесіне өзек етуді ойға алады. Қаламгердің ойға алуы, әрі авторлық идеясы дегеніміз – әлі мінсіз түзілген көркем форма емес. Көркем мазмұн тек қаламгердің өз ойға алғанын сөзбен әрлеп, шығармашылықпен жүзеге асырғанда ғана өмірге келеді. Осы шығармашылық істелген жұмыс қазақ діни түсінігіне жаңа форма мен өзіндік үн сыйлап, туындыгермен өзіндік сұхбаттастық түзеді. Өмір формасы Думанға ғана тән көркем шығармашылық формасын иеленеді. Әңгіме тұтас күйінде автор санасының айшықтануы болып табылады. Қаламгер өзінің шығармашылық актісі үстінде тек қана өз үнін танытпайды, ұлттық сананың ғасырдан ғасырға ұласқан бүкіл тәжірибесі мен амалятын, әрі үндесе сұхбаттасқан тұтас өз буынының жанайқайы мен сырлы сөзін сыртқа лықсытады.

Мистикалық әуезеде оқырман үшін кей тұсы өте бұлдырлау жазылғанымен “Жан” әңгімесінде тек қаламгерге қатысты мынау жалған дүние туралы белгілі бір тұтастық пен мәнділікке ие ой айшығы бұғып, реалды өмірге қатысты өз бағалау жасауының ұштығы сезіліп тұрады. Жазушының өлімнен кейінгі өмір туралы түсінігін мына бір жолды оқыған сәтте байқастаймыз:

“Ақ көгершін ағылған көліктердің астында мыжылып қала берді. Ол тек шар сияқты дөңгеленген көкшіл жалынның көкке көтеріліп бара жатқанын байқап қалды”.

Абриль Де Виверо (Abril De Vivero) Хавьер (1905-1990) атты француз сюрреалистерімен тығыз қарым-қатынаста болған  перу ақыны, әрі әдебиет сыншысы бар. Соның кечуа үндістерінің қазақтың шыбын жанымен үндес жанның кеудені «көкбас шыбын» болып ұшып кетеді деген түсінігін өлең жолына іліктіруі бар. Француз сюрреалистерінің көсемі Бретон оның поэзиясы турасында: «Люблю эту голубую муху, что летит в небе в час, когда поют звезды» деген болатын. Думанның кептерінің өлімі ойды одан асырып беріп тұрғандығында дау жоқ.

Шошына селк етіп, жұдырықтай жүрегі дүрсілдеп, “Біссіміллә, біссімілләсын!” іштей күбірлеп айтып, көзін жұмған  Жұлдызжанның өлім табы таңбаланған қудай болып қуарған жүзі көз алдымыздан кетпей, Бас кейіпкермен қоса бізде “Құдайым сақтай гөр!.. Құдайым сақтай гөр!..” демеске шарамыз қалмайды. Трагедиялық пафос өмірден кейінгі өмірдің барлығын аңдатады. Қандай, ол өмір мұсылман түсінігіндегі ме, әлде бабаларымыз үндіге сыйлап кеткен Буддизм түсінігіндегі ме?! Осы бір мазасыз ой финалдық шешімі жоқ туындының бірінің қазақ әдебиетінде өмірге келгенін, бірақ, жазушы үшін туындыны түйіндеп, кесімді сөзді әр оқырман әр түрлі сөз ететін даулы пікірдің ұрығын шашып кетеді.  Бізде сол автобустың артқы орындығына сылқ етіп отыра кеткен Жұлдызжанның әрі-сәрі күйін кешіп, мазасыз ойлардың тұтқынында қалып, қағаздан басымызды көтереміз де, үйіміздегі диванға сылық етіп отыра кетеміз.

 

Әбіл-Серік ӘЛІӘКБАР,

әдебиет сыншысы

 

 

 

 

 

                                                                                               

 

 

 

 

 

 

 

 

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар