Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
А.Алтайдың «Туажат» романындағы бөрі архетип образ...

27.07.2023 2021

А.Алтайдың «Туажат» романындағы бөрі архетип образы 14+

А.Алтайдың «Туажат» романындағы бөрі архетип образы - adebiportal.kz

Архетип образдар архаикалық дәуірлерде сақталған ілкі образдар мен символдар ретінде адамзат санасында бейсаналы түрде сақталып, бағзы заманнан бізге жеткен. Ғалым, психоаналитик К. Юнг архетип ұғымын ұжымдық бейсаналықпен байланыстыра отырып, негізгі «персона/өздік», «көлеңке», «анима», «анимус», «ұлы ана/абыз қарт», «сәби» деп көрсете келе, осы аталғандардың негізінде архетиптің түрлері дами беретіндігін айтады. Соның ішінде қасқырдың бірнеше суб-архетипін атап көрсетеді:

- Ромул мен Ремді емізген ұлы бөрі ана ретінде келетін қамқоршы, тәрбиелеуші (Анима);

- инициацияға жетелеуші қасқыр, жас қасқырларды үлкен өмірге үйретуші (Анима);

- мысыр мифологиясындағыдай адам жанын қақпадан өткізетін күзетші (көлеңке);

- қой терісін жамылған қасқыр, өзінің «Менін», инстинкті тағылық болмысын жасырып, бейкүнә мен жұмсақтық қасиеттерін дамытушы (Персона);

- ұлыған қасқыр, өзінің ішкі дауысын танытып, басқалармен қарым-қатынасқа түсетін қасқыр (Эго);

- қозы мен қасқыр бірге, ішкі жандүниесінің көрінісі (Өздік);

- өз өмірін қолына алған, жауапты қасқыр (Эгоның толысуы).

«Бөрі» тотемін Юнг ұсынған «Ұлы ана» архетипі негізінде жан-жақты толық ашуда А. Алтайдың «Туажат» романы алуға болады. Себебі бұл шығармада мифологиялық мотивтер мен архетип образдар түгел қамтылған, бас кейіпкердің әрдайым жанында бөрі-ана рухы табылып отырады. Көркем шығармада автор Байбураның образын ашуда тегін бөрі архетипін алған жоқ. Кеңес үкіметінің солақай саясатының кесірінен отбасынан, оқуы мен жұмысынан, сүйген адамы мен достарынан айырылылған бас қаһарман арқылы бөрі тотемді еркін қазақтың қамауға алынуы немесе өз елінде жүріп қиянат көруі сияқты ауыр жағдайлар кейіпкер жанына дерт салу арқылы сипатталады. Сол ашу-ызаны, өшпенділікті аңшылыққа шығып қасқырдан алмақ болған Байбура ерекше мистикалық жағдайға тап болады. Ауланған екі қасқырдың бірі арланды өлтіріп, қаншық қасқырдың терісін сыпырып алады.

Алайда терісі сыпырылған қаншық қасқырдың үстінен беймәлім сағым көтеріліп Байбура жаққа беттейді, бөрі басты, құйрықты сағым оны айналшықтап, төбесінен шеңбер жасап кейін ұшып кетеді. Аңшы үстінен құйрықты сағымның дөңгелене айналуынан Ежелгі Мысыр мифологиясында кездесетін «уроборос», өз құйрығын тістеген жылан – мәңгілік шеңбер, шексіздік пен циклды жүйе, өлім мен қайта тірілу символы болып табылады. Психология ғылымында Юнг уроборосты архетип ретінде қарастырса, Нойманн тұлға дамуының алғашқы сатыларында талдау жасайды, яғни адам санасының бейсаналықпен арақатынасын ажырата алмаған сәттерін сипаттайды. Шығармада Байбураның өзі де қаншық қасқыр деп ойлағаны, жабайы қасқыр емес қасиетті бөрі-ана болып шықты деген ойымен ұштасады. Осы ретте Юнг ана архетипін зерттеуде: «Ана архетипі магиялық шеңбер немесе мандала түрінде беріліп, қорғаушы, қамқоршы күшке ие болады» деп уроборос туралы идеяларының арасында байланысты аңғаруға болады.

Терісі сыпырылған аңның қайта жаңарып жаны қиналған кейіпкерге бөрі-ана рухы ретінде келуімен автор мифологиялық символды қолдану арқылы тамаша шешім таба білген. Бұның барлығы ұжымдық бейсаналық негізінде жатқан архетип қабаттардың әсері екені сөзсіз.

Міне оқиға осыдан өрбиді, алғашында бір пәлеге ұрындым деп шошынған бас қаһарманның бөрі басты сағым, құдіретті «Бөрі Ана» болып шығады, боранда адасып бейітте түнеген Байбураға жол көрсетуден бастап, қолдаушысы, қорғаушысы болады. Ашина немесе Ромул мен Рем туралы аңыздардағы ана-бөрі архетип мотиві А.Алтай шығармасында жалғастық тапқанын аңғаруға болады. Барлығында да ұрғашы бөрі қамқоршы, құтқарушы, қолдаушы ана кейпінде беріледі. Көркем шығармада Байбураның басына қандай да бір қауіп төнген сәтте ана-бөрі жанынан табалады: соғыста оттың астында қалғанда, суға батып бара жатқанда, қараңғы түнекте адасқанда әрдайым бөрі сұлбасындағы рух жәрдем етіп, жебеп жүреді: «…Талай мәрте сын сағаты соққан сәтте көктен түскен Ғайсадай сап ете қалатын бөрі болмысты боз сәуле – Бөрі-Ана ажал аузынан қағып қалды. Бөрі киесі – мұның иесі екен… төребейіт төрінде жолығысып, тілсіз түсініскеннен бері Бөрі-Анадай Бозиесі иенде қалдырған жері жоқ. Жол таппай тұрған сәтінде көкмұнар арасынан боз сәуле болып бұлаңдап, алдына түсіп алшаңдай басатын. Бұл артынан көзсіз еретін…».

Романда тағы бір аңғаратын жайт, кейіпкер қасқырдың терісін тірідей сыпырып алуы қазақ халқының жанын аршып, жанына жара салып жатқан озбырлардан ала алмаған өшпенділігін байқұс хайуаннан алуы жан күйзелісін, ауыр психикалық жағдайын көрсетеді. Автор да шығарманың басында романның «желтоқсан оқиғасы» құрбандарына арналғанын, қазақ жастарының қиын тағдыры негізінде жазылғанын айта кетеді. Бұл ретте Юнг «Психология және өнер» зерттеуінде автор тағдырының көркем шығармаға әсері жайлы ойын келтірер болсақ: «Шығармашылықтың психологиялық түрі адамның саналы ғұмырымен: драмалық тәжірибесі, күшті эмоциясы мен мұң-қайғысы, құштарлығы мен тұтас адамзат өмір тәжірибесімен байланыста жұмыс жасалады». Автор өрімдей қазақ қыз-жігіттерінің елі мен жерінің бостандығы жолында көрген азаптарын өз көзімен көріп, барлық болған жантүршігерлік жайттардың жазушы жанын да ауыртқанын байқауға болады.

Психолог ғалымдар адам өмірінің қалыптасу жолында сәбилік кезеңдегі естеліктердің маңызы зор екендігін баса айтады, соның дәлелі көркем шығармадағы бесіктегі сәби образы арқылы болашақ тұлғаның өмір жолын айқындап бергендей. Бұл туралы Юнгтің «Жан және миф» еңбегінде сәби архетипіне тоқталып, «сәби мотиві» баланың кішкене кезіндегі естеліктерімен байланысты болса, архетип тұрғысынан келгенде оған ұжымдық бейсаналық тән болғандықтан, «сәби мотиві ұжымдық жан сәбилік, санаға дейінгі аспектіде танылады» дейді, жекелеген сәбидің түсінігі емес, жалпы ұлт санасындағы мәселе қозғалғанын көрсетеді.

Сәби шағында түз тағыларының арқасында апаттан аман қалған кейіпкерді сол кезден бастап түз тағыларының киесі өз қамқорлығына алған, кейіннен оның бөрі-ана бейнесінде көрінуін байқаймыз.

«Бүкіл әлемде адамдармен ерекше құпия байланысы бар тіршілік иелері туралы ертегілер айтылады. Себебі олар архетип ретінде адам жанының бір сырларын біледі», – деген тұжырымдаманы тарқатар болсақ, анасыз өскен бас қаһарманның сәби шағындағы тағдыры да аянышты, бұл туралы шығармада Байбура түс көру арқылы көрсетеді. Себебі адам архетип әлеміне ұйқыда немесе қиялында, балалықты еске алғанда енеді. Еш алаңсыз бесікте жатқан сәби мен анасы сұмдық дауылға тап болады: «Шаңырағы шашалып, керегесі күйреп далада қалған, қазан-ошағы жайрап, түңілік-туырлығы түтіліп түзде жоғалған киіз үй мен көкке ұшып кеткен ана ғана Тесікұяға жете алмады. Зәулім теректің басындағы бұтаққа кеп ілініп қалған бесік қана. Бесік қана ішіндегі Байбурадай сәбиімен есен-аман, бүлінусіз бүтін жеткен» деген үзіндіден барлығын жайпаған табиғаттың тосын мінезі бір ошақтың отын сөндіріп, бейкүнә сәбиді анасынан айырды. Бірақ Тәңірінің қолдауымен бала аман қалады, үш күн бойы талға ілінген бесіктегі баланы көкте Шәулі қыран тамақтандырса, жерде қос бөрінің шибөріден қорғауы аспан-әке, жер-ана символикасы негізінде бейнеленген. Ал қыранның баланы өлмес үшін қоянның қанымен қоректендіруі де символикалық тұрғыдан қазақ халқының басына түскен ауыр жағдайдың көрінісі. Сәбидің туа салысымен уызына жарымай, анасынан айырылуы мен қазақ үшін қасиетті жері жер-ана, отан анадан айырылуы сабақтасып жатыр.

Сәбидің анасынан айырылып, жапан түзде жалғыз қалуы көне мифологияларда кездесетін «жетім бала» мотиві негізінде өрбіген. Зевс, Апаллон, Гермес туралы аңыздарға ортақ мотив анасынан ажырап қалған сәби бейнесі. Бірінде анасы сәбиін қорғау мақсатында тастап кетсе, бірінде сыртқы күштердің әсерінен жабайы табиғат аясында құдайлар мен жабайы аңдардың қоректендіруімен аман қалған сәби. Бұндай сюжет көшпенділер тарихында кездесетін Ашина туралы аңыздарда да айталады.

Л.Д. Винчи туралы Фрейд пен Нойманн еңбектерінде суретшінің естеліктерінде сәби шағында бесікте жатқанда тазқарға құсының келгені туралы жазғандары бойынша ғалымдар түрлі жорамалдар жасайды. Дегенмен оның қандай құс екені маңызды емес, маңыздысы ежелгі түрлі мифологияда кездесетін құс – рух, жан символында берілуінде. Бұл тұста «Туажат» романында да бас кейіпкерді бөрі-ананың түсінде де, өңінде де келіп қорғауы бөрінің көшпенділер тотемі ретінде қазақты қорғаушы рух іспетті бейнеленген. Ұлттық ерекшеліктерге байналысты бөрі – жан, рух Ұлы ана архетипімен сәйкес келеді.

Юнг архетипті түспен байланыстырады, романда да кейіпкердің балбырап, ғажап түс көріп, қиялға берілуі кейіннен өңіне айналуы тегін емес: «Байбура анасыз өсті. Аналық сезімге аңсар күймен балалық шағы да өтіпті. Ана-Бөрі ғана басып, анасын жоқтатпапты. Қазір де қасында шоқиып отыр – бөрі сұлбалы Бозиесі...», – ұйқыдан оянған сәтте жанында бөрі-ананың отыруы тамаша жымдастырыған, «Тағы әйел сүйек пен шаш арқылы қайта оралып отырады. Ол түсте жартылай ұмыт болған, түсініксіз оқиғалар мен жағдай түрінде көрінеді», – дейді. Байбураның қорғаушысы болған Бөрі-Ана архетипі марқұм анасының рухы мен бүкіл қазақтың тотемі болған бөрі рухы сабақтасып жатыр. Романда әрмен қарай барлық оқиға желісі негізгі кейіпкермен қатар бөрі-ана Ұлы ана архетипі принципімен өрбиді. Боранда адасқан Байбураны артынан жетелеп кете барады, яғни қаһарман өмірінің жаңа парағы ашылғанын аңғартады. Бөрі-ананы Юнгтің топтастыруы бойынша ұлы ана архетипі деп қарастырсақ, Эстес «Тағы әйел» архетипін ұсынады, ал Воглер зерттеулері бойынша «серіктес» архетипі деп алуымызға болады. Әр ғалым өзінше топшалағанымен барлығының атқаратын қызметі біреу. Воглер серіктес архетипі ежелгі мысырлықтар мен римдіктердің наным-сенімінде сондай қорғаушы-рух болғандығын айта келе, «Ол кішкене періште, қорғаушы иесі ретінде адамға дұрыс жол сілтеуші, бағыт беруші болуы мүмкін» деп «союзниктің» бейнесі мен қызметіне тоқталып өтеді. Романда Байбураның қорғаушы періштесі ретінде көшпенділердің тотемі бөрі архетипі алынған.

Байбураның өзі де бауыр басып қалған, бөрі сәулесі пайда болғанда, артынан ессіз ере береді. Осы тұста К.П. Эстестің тағы әйел туралы «...Олар бізді сабырға шақырып, кейде жігерімізді қайрады, сенімімізді күшейтіп, барлығын үйретті. Олар біздің жанымыз бен тәніміздің бір бөлшегі ретінде тағы табиғатпен егіз болмысымыздан ажырап қалмауға үйретті» деген ұстанымы адам үшін ананың орнын айқындап береді, адамзаттың негізі болған ана архетипі шығармада бөрі тотемімен сипатталады. Ана рухының ғайыптан пайда болуы, бөрі инстинктінің мықтылығымен байланыстыруға да болады. Бұл туралы К.П. Эстестің зерттеуінде тағы әйел мен ұрғашы бөрі екеуіне тән ұқсастың интуиция мен инстинкт мәселесіне тоқталады.

«Осы бір отпен ыстала, отпен аластала қысылған жандәрмен сәтте қызыл жалынды серпе көк-жасыл сәуле көк төрінен түре түсті... бұл Байбураның басына сын сағаты соққан сәтте жеті қат көк төрінен көк сағым боп оралатын баяғы Бозиесі – Ана-Бөрі болатын. Байбураның күйіп-жанған тәні тіксіне, ой-санасы сілкіне түсінді. Боз бөріге айналған бозамық сұлба мұның тәнсіз рухын ақырғы рет ахиретке ертіп ала жөнелді», – деген үзіндіден неге от ішінде қалған қаһарманды Бөрі-Ана құтқармады деген сауал туындайды, себебі Байбураның жан қалауы да осы еді, бұл ретте К.П.Эстес тағы әйел архетипін жан беруші және жан алушы деп сипаттайды: ұрпақ әкеліп, адамға өмір сыйлаушы ана ретінде және жан алушы – азаптан құтқарушы бейнесінде де болуы мүмкін деген ұстанымда: «Жаратушы ана жан берумен қатар кейде керісінше, жан алушы да болып келеді. Осындай екі жақтылықтың салдарынан мына әлемде біздің алдымызда үлкен мәселе тұр: біздің айналамызда немесе жандүниемізде не болуы керек, ал не өлу керек деген мәселені шешу. Біздің міндетіміз осы екеуінің мерзімін анықтау, өлуі немесе кетуі керек дүниеге рұқсат беру, ал болуы керекке ары қарай өмір сүруге мүмкіндік беру».

Ұлы ана архетипі тек қорғаушы, жебеуші ана ғана емес, жер ана, отан, адамның туған жерін де жатқыза аламыз. Себебі табиғатпен үндестікте өмір сүретін көшпенділер үшін жер ананың маңызы зор. Романда қаһарманның өз баспанасы жоқ бөрі сияқты түз тағысы. Соғыста, тау-тастың арасында жат жерде қапаста жүргендей күйде болса, елге оралған соң туған жердің әсем табиғатының аясында отаны жер-ананың қамқорында болғандай әсер қалдырады.

Қаншама оттың ішінде жүріп, талай қырғыннан аман қалған бас кейіпкердің күн ыстықта айнаның шағылысуынан тұтанған өрттен мерт болуы символдық тұрғыдан табылған сәтті шешім. Қанша уақыт туған жерінен жырақта жүріп, өз отанын сағынған жан үшін туған жердің топырағының бұйыруынан артық бақ жоқтығын көрсеткендей.

Романның өн бойында қапаста, басы байлы мәңгүрттің күйін кешкен бас кейіпкер тағылық, бөріге тән еркіндікті аңсайды, шығарма соңында сол бөрі ана рухы мәңгілікке еркіндік әлеміне алып кетеді. Көк аспанға, тәңірге жету, жаны тыныштық тауып, рухының жетіқат аспанға ұшуы да еркіндік рухын аңғартады. Көк бөрінің Байбура рухын көк аспанға алып кетуі, түркі халықтарына тән көк аспан әлемінің қасиетін танытады, себебі кейіпкер жанының байыз тауып өз еркімен самғап бара жатқанын аңғарамыз. Ал славян халықтарында керісінше жер асты әлемі тыныштықтың символы болған. Осы жерде әр ұлттың өзіндік болмысына, дүниетанымы мен тұрмыс-тіршілігіне байланысты ұстанымдарының түрліше сипатта болатындығын байқаймыз.

Автор ұлы ана архетипі ретінде бөріні алу себебі, бөрі – көшпелі қазақ халқының тотемі, әр қазақтың бойында бөрінің қан бар деген түсінікке сай жаны, рухы бөрі тектес еркін, азат халық екенін көрсетеді.

Кез келген көркем шығарманың астарында архетип образдар мен мифтік мотивтер негізінде астарлы түйін, оқырманға айтар ойы жатады. Автор шығарма арқауына бас кейіпкердің жол көрсетушісі, қорғаушысы, демеушісі ретінде бөрі ананы алу себебі көшпенділердің ұжымдық бейсанасында бөрі тотемі еркіндік, рух, жанды бейнелеген. Шығармада сол еркіндікті аңсаған қазақ жастарының басынан кешкен ауыр тағдырын Байбура арқылы жеткізеді. Өзінің тегіндегі еркіндігі мен ұлттық рухынан ажырап, дәрменсіз күйге түскен кейіпкерді жебеуші ұлы ана бөрі архетипі. Романда көшпенді қазақ дүниетанымында сақталған априорлы еркіндік идеясы бөрі архетипі арқылы берілген. Себебі әрбір ұлттық архетип образдарда ұжымды бейсаналық негізінде сол этностың тағдыры, тұрмыс-тіршілігі, таным-түсінігі барлығы сақталған.

Қазақ халқының даму тархында фольклорлық шығармалардан бастап, орта ғасырлардағы жаугершілік замандарда, бертін ХХ ғасырда Кеңес үкіметінің озбырлығына төтеп берген мықтылық пен күрескерлік рухты танытуда бөрі архетип образын ақын-жазушылар әрдайым шығармаларға арқау ете отырып, көшпелі қазақ халқының ұлттық бейсанасындағы архетип түсініктерді: еркіндік пен ұлттық рухты, әділдік пен қайсарлықты қайта жаңғыртып, рухтандырып отырғанын аңғаруға болады. 

Ләйлә  Демесінова

PhD доктор 

                                                                                              


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар