Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӨНЕР
Абай Һәм Таласбек...

08.08.2024 2133

Абай Һәм Таласбек 6+

Абай Һәм Таласбек - adebiportal.kz

Өмірде әлсін-әлсін алдыңды орап шыға беретін тұлғалар болады. Қанша уақыт өтсе де, соқпайын десең де, келмейін десең де кес-кестеп ар-ұятыңның күзетшісіндей, ақыл-ойыңның шамшырағындай жарқырап жол көрсетіп, ойыңның тоң-теріс тұсын күзейді де отыратын.

Білмеймін, кімге қалай, дәл біздің сексенші, тоқсаншы жылғы буынның алдында қасқа маңдайы жарқырап, маңғаз кейіппен Таласбек Әсемқұлов өзгеше бір рухани әкелік бейнемен қалды. Тарихты өткендер жасағанымен, кейінгілер жазады. Тұлға да солай. Заманында бағасы келіспей, бөз матадай өтпей тұрған адами келбетінің бағасын кейінгі буын нақты береді. Замандасы, өзінен бұрын өткен аға буын өкілдер бәлкім тани алмай, бәлкім парықтай алмай жатуы мүмкін, бірақ, соңғы буын, соңғы ұрпақ әділ таразыны өткендерден де қатал, өткендерден де ашық қоя алатын бір әділеттің кезегі болады. Міне, бұл кім болса да уақыт ағысымен адам деген ағзасына есім байлап алған кім-кімге де берілген шынайы баға болса керек.

Жарықтық, тірі болса, биыл алпыстың тоғызына келер еді. Мына заманда жетпіс-сексен деген - сондай бір қаусап тұрған жас емес. Осыдан он жыл алдында алпысқа да ілінбей кете бергенінде қазақ қоғамы, қазақ руханияты, қазақ өнері кімді жоғалтқанын, кімнен айырылғанын білмей де қалған еді.

Биыл дүниеден озғанына он жыл болады. Бірақ, бір қызығы, Таласбек Әсемқұловтың әр мақаласын оқып, әр сұхбатын тыңдаған сайын Таласбек бейнесінің қоюлығы арта түскенін көресің. Оның әр сөйлемі саған бағдар көрсетіп, әр ойы сенімен сыр-сұхбатта болғандай, жаныңда отырып, ішіңе кіріп, қояңды ақтарып тастағандай жақын сезінесің. Ішсең шөлің қанатын, қарасаң көзің тоятын бұндай рухани әлемнің қуаты мен көркемдігіне тамсанасың да, таңданасың.

Әр дәуір, әр уақыт әр халыққа өз емшісін жіберетіндей. Әдетте кісінің денесі дертті болса әуелі оның диагнозын тауып алып, сосын ем-шара жасамайтын ба еді. Ел де, мемлекет те, халық та сондай. Ұлттың диагнозын дәп басып айту үшін өмірдің ыстық-суығынан бұрын, басыңда алапат парасат пен пайым күші болуы қажет. Таласбек Әсемқұлов болса осы талаптың үддесінен шыға отырып, ұлт қасіреті мен қуанышына ғылыми талдаулар жасап, қазақ қоғамының қай деңгейде тұрғанын, қайда кетіп бара жатқанын алдымызға жайып салып отырған санаулы тұлғалардың бірегейі-тін. «Аштық пен соғысын» алыңыз. Оралхан Бөкейдің «Мынау аппақ дүниесінде» әкесі соғыста қаза болып, қайтып оралмайтын Қожақтың ауылға агроном болып келген неміс қызды иттің етінен жек көретіні, және ауылдағылардың Қожақтың «Қаны бұзылған» деп оның маңына жолаудан қорқатыны бар емес пе еді. Оралхан бұл жерде Таласбек қаузайтын «Аштық пен соғыстағы» шындықты көркем мәтінде аса көрегендікпен кестелеп кеткен. Шығармадағы «Қаны бұзылған» ол жалғыз Қожақ па еді. Таласбекті оқыңыз соғыстың қаншалықты санамызда таңба қалдырғанын, тіпті шағын деталь, осы күннің көп қазағының, әсіресе орыс тілді қазақтың санасында неміс десе бір жері әлі күн қисая қалатын әдеті бар. Бұл - санадағы таңба, із адам мінезі болып бетке шыққандағы кейіпі емес дей аласыз ба?

Тәкеңнің көп шиырлап із салатын тұлғасы - Абай атамыз. Таласбек Әсемқұлов Абайдың көркемдік әлемін өзгеше бір түйсікпен бағдарлап, мүлде басқаша кепте парақтап отырады. Бұл неге? Өз айтпақтайын: «Оянудың өзі пәленбай түрлі. Кейде баяғыда жер бетінен көшкен бір адам жаңа сапада қайта оянуы мүмкін. Абайдың өлең өрнегін байыптай зерделеген адам Бұқар жыраудың қайта тірілгенін бірден ажыратады», - дейді. «Абайдың ұлы жұмбағы» атты мақаласында: «Сен мені не етесің?» - деген Абайдың 1889 жылы жазылған өлеңін талдайды. Ондай талдау бұған дейінгі қазақ поэзиясында болмаған талдау-ау. Онда қазіргі біздің санамыздағы авторитет Абайды құр мақтап отырып алған авторды көрмейсіз. Өлеңді жазған Абайды былай қойып қояды да, мәтінге сүңгіп кіріп, мәтіннің не айтқысы кеп тұрғанын, өлеңдегі кейіпкер не дегісі келеді дегендей екеуара жыландай арбасқан күйді көресіз. Бұл жерде Таласбек шынайы өнердің иіріміне түсіп, өлең мазмұнындағы ойды Абайдан соң жүз жыл өткенде ғана шеберлікпен екшеп алып шығады. Бір қарағанда бұл бір өлеңде тұрған не бар деуіңіз мүмкін. Бірақ, автор көміп кетіп отырған ойды қырағы оқырман ретінде Таласбек топырағын да қопсытпай, шаңын да көтермей, қопарып қолға ұстатады. Егер жазылған шығарманың құпиясын оқырман таппаса, түсінбесе, жазған дүниенің мәні мен маңызын ашып айтып бере алмаса үлкен роман да, шағын поэзия да өлі күйінде жата береді. Бір ғана өлеңді талдау арқылы шын өнер мен шын өнер жасай алған Абайды Таласбек қалай қайта құлпыртты, өлең қалай қайта оқылды. Тіпті өнердің мұндай жұмбақ қыры бар екенін біз секілді кейінгі буын өкілдері түгіл, алдыңғы буын ағалардың басына да келмеген ойды салады. Бір өлеңді талдау арқылы өнер бағамының, өнер болмысының қырын Таласбек оқырман санасына осылай Абай секілді қайтадан мұнара тұрғызып береді.

«Сұлулықта ояну» атты мақаласында Таласбек Абайды қайта тірілген Бұқарға теңейді. Әрине, өз дәуірлерінің рухани ағысы мен рухани болмысын тамыршыдай терең түсінген бұл қос тұлғаға айтар дауымыз жоқ. Бұқар жыр түрінде келген қазақ руханиятының маягі болса, Абай өлең түрінде келген, қара сөз үлгісімен қазақ жан дүниесінің қан-сөлін сығымдап беріп кеткен ұлы тұлғасы. Ал, Таласбек ше? «Сұлулықта оянуды» қайыра оқып отырғанда, бүгіндері  марқұмға айналған Таласбектің өзі кім болды қазір деген ой еріксіз еске түседі. Ұлы ұлыларды оятады, ұлы ұлыларды тәпсірлейді. Ендеше, Таласбек мақала пайымымен солардың қайтадан туған, қайта жаңғырған жиынтығы десек артық айтқан болмаспыз. Көксейтіндері - еркіндік, айтатындары - рухтың әңгімесі. Егер Таласбектің Абай Бұқардың қайта тірілген деген астарлы сөзіне келісер болсаңыз, онда Әсемқұлов – Бұқар-Абайдан кейінгі келесі дәуірді сапалық деңгейге көтеріп тастауға келген қазақ руханиятының үшінші фазасы. Әйтпесе «Сен мені не етесіңді?» сонша талдауға пайымы жетер ме еді. Олардың рух әлеміне шыға отырып, олар күйген күйікке күйіп, олар шеккен азапты түйсіне алуға тек солардың парасат биігіне көтерілген сана күшің болуы керек емес пе? Таласбекте ол жетіп артылмаса, кем емес еді.

Жаңа заманғы өнер талаптары мен мәтін құрау стилінің үздіксіз өсіп, өзгеріп отыратынын ескерсек, мақал-мәтел мен көне сөзді көп сынау Абайда жиі кездеседі. «Өлең - сөздің патшасы, сөз сарасы» атты өлеңде «Ескі бише отырман бос мақалдап» деп келетін өлең тармақтары көп. Бұл алғашқы әдеби сын еді. Өлеңге, өнерге қойылған Абайдың протесті еді. Абай өлең реформасының келуімен ойды жаңаша таңбалануы, ескі жыраулық бір сарындығы сөз саптасынан арылумен кешегі Мағжан, Ілияс, Жүсіпбектер көктеп шыққан жоқ па еді. Бұл туралы әдебиеттанушы-ғалым, академик Зәки Ахметов: «Абай жаңа өлшем, шумақ, ұйқас түрлерін орнықтыруда қандай асқан өнерпаздық көрсетсе, бұрыннан белгілі көп тараған өлшем-өрнектерді керек жерінде қырнап, өңдеп, түрлендіріп, мейлінше мол пайдалану жағынан да соншалық зор өнегелі іс атқарды», - деп атап өтеді. 

Бір қызығы «Абайдың ұлы жұмбағы» мен «Сұлулықта ояну» деген екі мақаласында Таласбек өз заманының әдеби үрдісі мен әдеби сыншылығына Абайдай зер салып, Абайдай сын айтады. Бұл жерде Әсемқұлов тағы да Абайды таған етіп мақала өзегін өріп шығады. Абайдан жалғасын тапқан әдеби өрнектің ұршығын енді Таласбек қолына алады да хакім секілді қазақ әдебиетін асты-үстіне түсіре қопарып, шырық иіреді. Енді Таласбекті Абай демей көріңіз. Абай болғанда әдеби үрдістер мен рухани сапаны ғылыми тұрғыдан деңгейін өсіріп, талғамның шкаласын жоғары көтеріп тастағанын айтыңыз. Интеллектуал қазақ Болат Атабаев бір сұхбатында: «Абай қазаққа берілген шанс!» - дейді, ал, Таласбек те қазаққа берілген кезекті шанс тұғын. Абайдың келуімен жазу үрдісі қалай өзгеріске ұшырап, ой ағысы қалай басқаша аққанын; ойды жеткізу әдісінің түрленуімен қазақ ойлау формасының қалай жаңаланғаны қазіргі қоғам үшін әбден мойындалған дүние. Таласбектен кейін де қарап отырсақ қазақ ой қуатының бір бел асқанын, шығармашылық тәсілінің заманаға бейімделіп, экспериментке лап қойғанын көріп отырасыз. 

Бұқар-Абай-Таласбек сынды ұрпақтар сабақтастығын тұлғалардың қазақ деген халықтың рух әлемі ішінде еріген қазақ ақыл-ойына жаңаша кеңістік ашып берген, оны сана күшімен тым шырқау биікке көтеріп тастауға ат салысқан эстафеташылар деп қабылдасақ болады. «Сұлулықта оянуда» Таласбек тағы бүй дейді: «Қандай да болмасын шығарма, егерде ол жаңашыл болса – қашанда интеллектуалдық провокация. Шығармадағы жаңа түйсік, жаңа ойдың әсерінен қоғамда интеллектуалдық дауыл басталады. Осылайша, қоғам түлеп, жаңарып, жасарып отырады.»

Ағып тұрған ой ағысын әр заманда әр түрлі таңбалауды біз стиль деп алып жүрміз. Міне, осы стильдің қалыптасуына Абай, Таласбек секілді ойшыл адамдардың ой қозғалысы ауадай қажет. Шығармашылық сең солардың ықпалымен қозғалып, творчестволық бум солардың демімен күш алады. Көркем мәтінді кестелейтін сөз саптау тәсілінің түрленуі ұлт ойлау формасының өсуіне алып келетінін жоғарыда Таласбек те растайды. 

Бұрын рухани баспалдақ Абай еді, хакім Абай еді. Енді келесі асар баспалдақ Таласбек деп, хакім Таласбек деп атай берсек артық айтқан болмаспыз, бұл анықтамамен хакім Абайдың бәсі түсіп, бағасы кемімейді. Қайта жаңа талдаулар мен жаңа көзқарастардың арқасында «Сен мені не етесің?» сынды жаңа қырынан ашылған жауһарларды тауып алып жатуымыз ғажап емес.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар