Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ӨНЕР
/
Нұрақай күйші...

28.08.2025 632

Нұрақай күйші 12+

Нұрақай күйші - adebiportal.kz

Бұл көне аспап қолға тигелі де он жылдан асыпты. Домбыраны қағып-қағып жіберіп, «Қоңыр» күйін тартқанымда: «Арманға жетті деген осы емес пе?» деген едік. Әбікен репертуарын тарту үшін табиғи талант, дәстүрлі күйдің білгірінен көрген үлгіңе қоса, жақсы аспап керек екені де белгілі ғой. «Әбікеннің домбырасының үніне келетін аспап табылмайды-ау!» - деп күдер үзе қамығатын кездер де болды. Ақыры, табылды. Домбыра болғанда да 1937 жылы жасалған өзі де қоңыр, үні де қоңыр, дыбысы жұмсақ әрі өткір, шерлі күйді шерткенде абызша күңіреніп, күрсінетін, жайдары күйді тартқанда қаздай қаңқылдап, жаныңа сәуле түсіретін домбыра болып шықты.

Бірде Солтүстік Қазақстан облыстық филармониясының артис-солисі, Жанат Айтбаевқа Сәбит Рахымжанұлы телефон шалып: «Үйге келші», - деп өтініш айтыпты. Электр саласының маманы Сәбит ағамыз сол өңірдегі көкірегі ояу жанның бірі еді. Көптеген ақынның өлеңін жатқа айтып, әлемге аты мәлім жазушылар шығармасынан да сөз қозғап отыратын. Әнші бауыры ағасының лебізін жерде қалдырмай: «Үйге кірсем, Сәбит ағам көңілсіз отыр. – Не боп қалды аға, десем,  – Фариза Оңғарсынова өмірден өтті ғой», – депті. Екеуара әңгіме ұзаққа созылса керек. Бір кезде төрде ілулі тұрған домбыраға Жанаттың көзі түсіп, қолына алып, «1937 жылғы» деген жазуы бар көне аспапқа қызыға қарап, «Мына домбыраңызды мен ұстайын!» - деп төтесінен бір-ақ тартыпты. Мәрт Сәбең: «Бірде қайыншылап, қайын жұртыма барғанымда, гаражда бір бұрышта қоқыстың арасында жатқан домбыраны байқап қалдым да, қайын енемнен: «Бұл кімнің домбырасы?» - деп сұраған едім. Енем: «Бұл Нұрақай күйшінің домбырасы, сен үйіңе алып кетші, әйтпесе біреу-міреу отқа салып жіберер», – деп беріп еді. Енді  сен әншісің, - депті Жанат ағама, осы өңірде үзіліп қалған дәстүрлі әнді сен жалғадың ғой, ала ғой»,- депті.

Көп ұзамай домбыраны Жанат ағам маған салып жіберді. Мен бетіне фанера жапсырылып, мойыны сынып тұрған домбыраны белгілі шебер Талант Тежекеновке жібердім. Талант көне аспапқа ескіше бет тақтай салып (жапсырма қаптама ағашсыз, яғни шпонсыз), бет ағашына жұқалап қана лак жағып, тартып көріпті. Маған телефон шалып: «Сатып алайын сенен?», - деді. Таланттың өзі де жақсы күйші. Домбыраның шешен сөйлеп тұрғанын ішім сезді. «Сатпаймын!», - дедім. Содан Қызылжардан Астанаға, Астанадан Алматыға шала-жансар жеткен домбыраға Талант шебер тіл бітірді. 

Мойны сынып, бетіне ебедейсіз фанера жапсырылған домбыраны алғаш көргенде аяп кетіп едім. Бұл аспап кезінде бір өңірге аты шыққан дәулескер күйшінің, не бір әншінің қолында талай сұңқылдаған болар, - деп жоритынмын. Қызылжар барғанда Сәбит ағаның өзінен заманында талайға таңдай қақтырған әйгілі күйшінің 1980 жылдарға дейін өмір сүріп, ешкімге керексіз, елеусіз қалғанын, үкілі домбыраның иесінің (домбыраның басында үкі тағуға арналған арнайы тесігі бар) үмітсіз, аянышты тағдырын естідім. Сосын, естігенімді хатқа түсірейін деп шештім. 

Дүйсенбіұлы Нұрақай – азан шақырып қойған аты Нұрахмет. Күйшінің туған жылы жайында ақпарат жоқ. Көшелі өнерді серік қылғанын таныған жұрты Нұрахмет күйшіні еркелетіп, Нұрақай атапты. Арғы атасы Атығай Құлеке Тәңірбердіұлының соңына ерген жеті батырдың бірі деседі. «Нұрақай күйді іліп-қағып тартушы еді, байыппен шертуші еді, қолындағы домбырасы қылықты қыздай үн қатушы еді», - деп еске алысады екен көз көргендер. «Нұрақай «Терісқақпай» күйін қандай толқытады», - деушілер де болыпты. Нұрақай – Атығай руынан шыққан Мәмбет батырдың тікелей ұрпағы. 

Домбыраны зергер, ұста, ісмер әрі шешен Керейдің Қантай руынан шыққан Айтбай Ізтолыұлы жасап, Нұрақайға сыйға тартыпты. «Керейден ұл туса, ағашқа күн туады», - дейді халқымыз. Жүйрікті бір көріп, ат әбзелін қайта жөндемейтін ісмер Айтбай аталы жерге аттанып бара жатқан қыз жасауын, сақинасы білезігі мен сырғасын  көз жауын алардай қылады екен. 

Қазақтың Страдивариі атанған Қамар Қасымов: «Орыс аспаптары қатты ағашты сүйеді, қазақ аспаптарының жұмсақ үнін шығару үшін жұмсақ ағаш қажет», - деп жазғаны бар. Айтбай шебер жасаған домбыра ағашының жұмсақтығы соншалық, тұтас шабылған аспаптың шанақ тұсына тырнақ батырса ойылып із қалып қояды. Шебер домбыраны қандай ағаштан жасалатынын жақсы білген. Демек, кезінде Біржан сал, Ақан серілерге домбыра жасаған шеберлерден үлгі көрген, не болмаса өзінше ізденген. Домбыраның мақпалдай жұмсақ үні осы сөзімізге дәлел болады. Бұл аспаптың үні Әбікен Хасенов пен Дина Нүрпейісова ұстаған домбыраларға ерекше ұқсайды. Ол аспаптарды Қамар Қасымов жасаған. Яғни Ізтолыұлы Айтбайды Қамар Қасымов сынды ерекше дарын иесі деуге негіз бар.

1936 жылы құрылған «Бірлік» колхозының жөн білетін бір бәйбішесі: «Нұрақай, сенің мына он саусағың да қара жерде шіриді-ау!» - депті. Өзі де бір кісідей күй шертетін Айтбай шебер Нұрақай күйшіге арнап домбыра шауып беріп, домбыраның артына: «1937 жыл, 25 декабрь, Ізтолыұлы Айтбайдан», - деп төте жазумен ойып жазып, домбыраға үкі тағып беріпті. 

Жаңа құрылған «Бірлік» колхозының бірінші бригадасында Нұрақай күйші, екінші бригадасында Нұртазаұлы Дәули деген күйші тұрса, көрші отырған «Балуан» колхозында Айтбай шебер өмір сүріпті. 

«Дәули домбыраны бебеулетіп дауылдатып тартады, домбырасының шанағынан бір үйір жылқыны айдап шыққандай қылады, арынды күйлерді шалқытады. Өзі алып адам болды. Көмбе сыпырып, теңге іліп, көкпар тартты», - деп айтады білетіндер. 

1980 жылдарға дейін өмір сүрген екі күйші, бір шебер жайында бар ақпарат осы. Турасында осы ғана. 

Өзім ұстап жүрген домбыраның тарихын сұраушыларға: «Шебер мен күйші 1937–1938 жылдардағы қуғын-сүргіннен аман қалмаған», - деп білмей айтып жүріппін. Ал, «Екі күйші мен шебер бертінге дейін өмір сүрді», - дегенді естігенде, таңданысымда шек болмады. Ілияс Жансүгіров «Қазақ күйлері жиналсын» деген мақаласында: «Елде Тойтан деген күйші болды, ол, қырық күй тартушы еді. Тойтанмен бірге қырық күй өлді», - деп жазғаны бар. Нұрақай мен Дәули қанша күйді өзімен бірге ала кетті екен? «Домбырасының шанағынан бір үйір жылқыны айдап шыққандай қылушы еді», - деген қандай ғажап теңеу. Кешегі Рүстембек Омаровтың қайратты күйшілігін, уытты дыбысын еске салардай. «Нұрақайдың қолындағы домбырасы қылықты қыздай үн қатушы еді», - дегені бүгінгі Сәрсенғали Жүзбаев күйшілігін суреттегендей сөз емес пе?

Енді, Ілияс Жансүгіров жазған Тойтан өнерпаздың күйшілігі жайында бірауыз сөз айта алмағаныңдай, Нұрақай мен Дәули күйші турасында да ләм дей алмаймыз. Неге? 

1955 жылы Қытаймен шекара ашылып, Совет Одағының азаматы деп танылғандар қайта орала бастайды. «Бірлік» колхозына келген көштің ішінде тек қазақ ұлтынан ғана емес, ұйғыр, өзбекті де қоныстандырады. 1954–1960 жылдары жүргізілген тың игеру науқанын желеу етіп, сол колхозға белорус, орыс, кәріс ұлттарын да қоса отырғызады. Колхоздасу жылдары бой көтерген қазақ мектебінде орыс сыныбы ашылып, аралас мектеп құрылады. «Бірлі»к колхозының дүкеніне жұмасына екі рет автолавкамен арақ әкеліне бастайды. Көп ұзамай арақты жұманың соңына дейін жеткізбеу әдетке айналады. Кейбір келіншек: «Қызыл арақ әкелмеші, тек қана ақ әкелші», - дейтінді шығарады. «Бірлік» колхозы құрылғанға дейін ол жердің аты – Сарықамыс, Нұрақай күйшінің ата қонысы Бірінші бригада – Қызылағаш, Дәули күйшінің ауылы Екінші бригада – Ұзынағаш, Сергеевка – Тасөткел, Семиполка – Қоскөл, Спасовка – Қоржынкөл, Николаевка - Көбеш аталыпты. 

Сызылтып Ақан серінің «Маңмаңгеріне» салып отырған ауыл бірнеше жылдың ішінде гүжілдетіп, орыстың халық әні «Ой, мороз, морозға» басады. Нұрақайдың жұрты «Терісқақпайдан» теріс айналыпты. Өнерлісін еркелетіп, домбырасына үкі тағып, қыз жасауына ерекше мән беріп, ән баптап, күй шалқытып, шежіре шерткен елдің келбеті осылай құбылады.

Сәбеңмен болған әңгіменің ұзын-ырғасы – осы. Қызылжардан келгеніме жарты ай өтсе де, «Кішкене ғана арық шал еді, Нұрақай күйші» деген сөз ойымнан кетпей қойды. 

Көкшетау, Қызылжар өңірлерінде күйші болмауы мүмкін емес деп топшылаушы едім. Мысалы, Біржан салдың «Теміртас» әнінің құрылымы аспаптық музыкаға тым жақын. Тіпті «Қосбасар» күйін әнге айналдырған сынды. «Теміртасты» тыңдап отырған жан Сенбектің «Наз қосбасарын», Әбдінің «Тәубә қосбасары», «Мұң қосбасары» сынды күйлерді ойша бір шолып өткендей болады (Біз бұл жерде Біржан сал Арқа күйшілерінің күйін әнге айналдырды дегенді меңзеп отыр­ғамыз жоқ. Әбди, Сенбектерден сал Біржанның заманы ертерек. Тек вокалдық музыка мен аспаптық музыканың тамырластығы жайында ғана айтып отырмыз). Біржан сал мен Ақан сері, Үкілі Ыбырай сынды алып тұлғалардың қалыптасуына қиссашылдық, күйшілік дәстүрдің ықпалы болмауы мүмкін емес. Біржан салдың Ақкөл-Жайылмаға келгенінде Әлхамбек шеберді шақыртып алып: «Естайдың даусына келетін домбыра шауып бер және домбырада қолы жүгіретін болсын», - деп тапсырма бергенін бірнеше мақалада жаздым. Керекудегі Әлхамбекті танып отырған Біржан сал Көкше мен Қызылжар өңіріндегі күйдің жайын білмеуі мүмкін емес. Әрине, түптеп келгенде, бұл долбар ғана. Бір күйдің үнтаспасы қалмаған соң сөз сөйлеу де оңай емес. 

Ақкөл-Жайылмада өмір сүрген қиссашы Ыбырайдың Темірболаты қиссаны ұмытпас үшін қамыстың арасына барып жырлапты деген дерек бар. Арқаның әні мен күйіне салынған тыйым Ақкөлді де айналып өтпеген. Десе де өзім көрген Кәкен, Лөкөтбай нағашыларымның домбыра шертуі, әсіресе Кәкен ақсақалдың ән салуынан Естай дәуірінің самалы есіп тұратын.

Нұрақайдан күй де, ұрпақ та қалмапты. Қартайғанда бір інісінің қолында тұрып, сол шаңырақта бақиға аттаныпты. Екі күйші, бір шеберден қалған жалғыз белгі - мен ұстап жүрген қоңыр домбыра ғана. 

Сол домбырамен «Қоңыр», «Көкейкесті», «Қырмызы қосбасар», «Бозайғыр», «Сары­жайлау» сынды сүбелі күйлерді республикалық телеарналар мен радиода, Роза Бағланова атындағы Мемлекеттік академиялық «Қазақконцерт» сахнасында, Қазақ ұлттық өнер университеті залында талай тарттым. Алладан рұқсат болса, әлі де шертеміз.

Жұпар үнді домбырамның үзіліп қайта жалғанған мойнына тағылған пернелер бір ауылдың, бәлки бір ұлттың өткен күнінен сыр шертіп тұратындай.

Қайрат Айтбай, күйші, өнертанушы


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@qcontent.kz 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар