Бүгінгі қоғамда өзекті болып отырған латын әліпбиіне көшу реформасы, кәсіби аударманы дамытумен қоса термін жасау мәселесі төңірегінде, Жазушылар Одағына жасаған кейбір ұсыныстары жөнінде әдебиеттанушы Әбіл-Серік Әліәкбар ағамызды сұхбатқа тартқан едік.
- Сізді оқырмандарға таныстырудың керегі жоқ сияқты?
- Керегі бар. Бар кәдік төлқұжат үстеліндегі Аякөздік орыс тілділер кезінде Әлиәкбар деген сойымды қате жазып жіберді. Қазір кіндік кескен жерім Дүр Дулат пен Ару Баян еліндегі орыс тілді қазақтар Алматы мен Нұр-Сұлтанға үдіре көшіп, аты-жөн қазақи мәнерде қатесіз жазыла бастады. Содан төлқұжаттағыдай Әліәкбар деп жазылғандықтан көбі мені не Иран, не Түркиядан келген қазақ деп таниды екен.
Ал, өзіңді ағаң ретінде «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты болуыңмен құттықтаймын!
- Ауылда тұрған жанды көп ешкім біле бермейді. Және кітапханада сіз жазды дейтін кітап та ұшыраспайды. Ал, сізді әдебиеттанушы ғалымдар да, қалың қаламгерлер қауымы да, мектеп ұстаздары да жақсы таниды. Себебі неде?
- Мен танылайын деп танылдым ба!? Бәріне Дәурен Қуат, Ақберен Елгезек және Бауыржан Қарағызұлы сынды үш бауырымның өз сайттарына ғылыми-танымдық мақалаларымды басуы түрткі болды. Жұрт оқыды. Жылы қабылдады. Оңы мен солымды айтты. Олар болмаса, жазғандарым жеке архивімде шаң басып жатар еді.
Жалпы мен салыстырмалы әдебиеттанушымын. Оған ешбір оқу орында оқытпайды. Маман етіп дайындамайды. Магистрлік, PhD докторлық атақ қорғатпайды. Ізденгісі келген жан өз білім қоржынына орай ұлт әдебиетін әлемдік әдебиетпен салыстырып өз философиялық түйіндеуін жасайды.
Бізде жалпы оқулық жазу үрдісі қалыптаспаған осы бағытта әдебиет теориясынан 5 бірдей оқулық аудардым. Бәрін баспадан шығармай, электронды оқулық күйінде ТМД-лық сайттарға орналыстырып қойдым. Тек қазақ қана емес, қырғыз бен қарақалпақ ағайындар да оқиды екен. Өздерің де бес аударма электрондық кітабыма орын бердіңдер, рахмет!
Қазір ғылыммен айналысқан әдебиеттанушы кітап шығарып, демеуші іздеп әуре болмай, бірден тегін әм езбейенсіз әдебиеттану саласындағы ТМД-лық сайттарға өз еңбектерін орналастыра алады. Сондай-ақ, оқырмандар арасында да ешкім кітапханаға барып әуре болмай, еңбек пен авторының атын теріп, керек туындысын үйде отырып оқи алатын дәрежеге жетті.
- Латын жазуы туралы бірталай проблемалық мақалаңыз шықты. Сонда сізді жаңа қырыңыздан танығандай болдым.
- Жалпы, әр қазақ ұлтшыл болуы керек. Оны ұлтжанды деп атайтындарға жыным келеді. Мен шоқайшылмын, яғни, ешкімді қазақ-өзбек деп бөлмеймін. Өзбектер сонау 1993 жылы латынға көшкен кезде біз «көрпемізге қарай көсіліп» кіріл әрпіне 28 дыбыстық Тіл Реформасын жасауымыз керек еді. Оны жіберіп алдық. Енді QWERTY-ге сиятын және сыймайтын қазақ латын жазуы «Даудың басы Дайрабайдың сиырына» айналды. Інтернет жорналшылар осы мәселені орынды сөз етіп жүр. Соның бірі – «Абай кз»-те істейтін өзіммін. Ахмет Байтұрсын дәйекшесін негіз етіп алсақ, қазақ жазуы бір юникодтық өзгеріспен QWERTY-ге сыйып кетеді.
Жасыратын жоқ, кейбіреулер – «Ойбай, Тілді дамыту керек»,- деп ойбайлаудың шебері. Бірақ қамыптық (компьютерлік) кәсіби лексиканы кірме сөздер арқылы дамытудың не екенін білмеушілік «қазақтың төл латын жазуын» қабылдауға қол байлау болуды пернеге (кіләбаға) орысша «ё» ағылшынша «`» тұрған жерге үстіге қонақтаған әңғүө-ге не « ̈ » än̈g̈ÿö, не « ̕ кейін» a̕n̕g̕y̕̕o̕ не « ҆ орта» a҆n҆g҆y҆o҆ дәйекшелік өзгерісін қабылдауды Ctrl басқандағы (~) сол қалпында қалдырып, (`) басқанда әңғүө кейін дәйекше болатын не « ̈ » не « ̕ кейін» не « ҆ орта»-ның бірін таңдап, өте сирек қолданылатын ж әрпіне (zh) және жетім балаға айналған и-ге өз (J) қайтарып беріп, ш-ны қазір пайдаға жармайтын (с) әрпімен белгілесе болды. Ал, әңғүө кейін дәйекше болатын не « ̈ » не « ̕ » не « ҆ орта»-ның бірін төл юникодмызға айналдырсақ ағылшындық Unicode-тағы (~) сол қалпында қалып, тек (`) қана өзгеріске ұшырайды.
Сонда ұлттық таңдау дәйекше: әіңғүө-лерге не “« ̈ » «00А8 Unicode»” än̈g̈ÿö, не “« ̕ » «0060 Unicode»” ̕а҆n̕g̕y̕̕o̕ не “« ҆» «00В4 Unicode»” a҆n҆g҆y҆o҆ бірін қабылдау керек. Бұны жалғыз мен емес, тұтас алаш қоғамы қалап отыр. Қайталап айтамын QWERTY өзгермеуі керек. Орыс тілді қазақтар үшін Ұлықбек ағамыз тұңғыш рет қозғаған «Яковлевтік орыс латыны» Орталық Азиядағы латын жазуы деп қабылдануы шарт. Осы Ұлықбек ағамыздың ұлттық концепциялық идеясын қазір сайлауға түсіп жатқан бірде-бір партияның сөз етпеуін немен түсіндіреміз?!
- Сіз жұрт перне тақта десе – кіләбі дейсіз, олар компьютер десе – қамып дейсіз. Жақында ФБ парақшаңыздан «Үй жағдайында дубляж жасау» деген үш бірдей бейне сабағыңызды қарап шықтым. Жалпы Қамыптық (компьютерлік) кәсіби лексиканы жасап шығуға не кедергі?
- Қазақы математикалық білімсіздік кедергі. Әр қазақ баласының құлағына «Математика – ең қиын пән» дегенді сіңіріп, мектеп табалдырығын аттамай жатып бүлдіршінді мүлдем шошытып тастайды.
Бұл – бір. Екінші мәселе – кірме сөз қабылдау үрдісі 30 жыл бойы жолға қойылған жоқ. Үшінші термін жасаумен тек тілшілер ғана айналысып келеді. Негізі тілшілер термін жасаумен емес, мәшиналық тәржіма жасаумен айналысып, тіліміздегі барша жұрнақ пен жалғауды ағылшын тіліне аударуға тиіс. Ол мүлдем қолға алынған жоқ. Түбір сөздерді ағылшын тілінің түбір сөздерімен синонимсіз баламалау бағытында тек математиктер ғана әрекет жасауда. Бұны тәш қылсақ, әр қазақ шет тілдерін үйренбей-ақ, ана тілімізде көркем туындыдан басқа әлемдік жазу тілі дамыған елдердің барша інтернет материалын оқып біле алады. Лайым соған жазсын!
Қазір жұртқа танымал бағдарламалардың тілі қазақша емес, неге? Себебі ІТ маманы – филологияны, филолог – ІТ саласын білмегендіктен. Осы бағыт дамыса қазақ техникалық ұлтқа айналады.
- Қазақ техникалық ұлтқа айналуы үшін тағы не істеу керек?
- Жазушылар Одағы жанынан ЖОО бітірген дәл қазір не мектепке, не ЖОО керек емес, кәсіби филолог жастарға арнап әдебиет институтын ашуымыз керек. Міне, жұмыссыз жүрген толып жатқан әдебиетші мамандар ұлттық мәдени контент қалыптастыруға ат салысады. Онлайн сабақтардан дәріс алады. Міне, осы ашылған институтқа сабақты филологтар емес, кәсіби аудармашылар мен шығармашылық адамдары саналатын сазгерлер, киногерлер, суретшілер әм ақын-жазушылар беруі керек.
Сонда ән аударатын, комикс аударатын, субтитр жасайтын, кино мен телехикаят т.б. ана тілімізге тәржімалайтын авторлар ұжымы өмірге келеді. Және қазақ тілді бейне өнімдерге Жазушылар Одағы тарапынан цензура керек.
Тек қана қазақ тілді аңыста орыс тілін араластырмай Жазушылар, Суретшілер, Сазгерлер және Киногерлер Одағы Президентке тікелей бағынатын жеке бір комитетке айналса, жаһандану процесінде жұтылып кетпейміз.
- “Ұлттық мәдени контент қалыптастыру” деген түсінік модаға айналған сияқты. Сіздің бұған көзқарасыңыз қалай?
- Ең бірінші мәдени контент жасаушыларға төленетін ақша көзін қарастыру керек. Ондай ақша көздері бар. Оны іске асырудың жолдары да өте көп. Атап айтсақ, Ірі компаниялар қызметкерлерінен айына – 100, ЖШС – 10, жеке кәсіпкерлер мен мемлекеттік ұйымдар мен ұжымдар үшін – 1 теңгеден «мәдени контент» үшін салық салу. Және ұялы телефонға құйылатын ақшадан 50 теңгені «мәдени контент» үшін ұстап қалуды Теле-2, Актив т.б. байланыс операторларға міндеттеу.
РФ арналарын көрсетіп жатқан операторлардан Заңмен мәжбүрлеу арқылы көрермендердің абоненттік төлемдерінен аудармашылар үшін ақша аудартуға қол жеткізу. Бұны жүзеге асу үшін қазақ тілді кәсіподақ құрылуы керек. Ұлттық мәдени контент ешбір партияға да, қоғамдық қозғалысқа да керек емес, өйткені, олардың қазақ тілінің өркендеуін керек етпейтін орыс тілді электораты бар, сондықтан, ұлтты жұтылып кетуден сақтайтын дербес мәдени контент кәсіподағы Жазушылар Одағы жанынан құрылуға тиіс.
Тіл үшін күресте тек кәсіподақ арқылы ғана жеңеміз. Қазаққа ұлттық партия құрғызбағандықтан іштей орыс тілді әм қазақ тілді деп қаққа жарылатын саяси партиялардан еш қайыр жоқ. Бір партия бастағанды, екінші партия белден үзіп, сылқ еткізе салады.
Жалпы, «қазақ тілі қазаққа керек» десеңіз қателесесіз. Қазақ тілі – ана тілімізді түсінетін құмық, ноғай, татар-башқұрт, қарашай-балқар, өзбектің қыпшақ диалектісінде сөйлейтіндерге, қарғыз-қарақалпаққа да керек. Олар өз тілінде жоғын бізден табады. Қазақ тілі елімізде табалдырықтан оза алмай тұрса, өзге түркі елдерінде құрметке ие. Бұл – аудитория үлкен бизнес. Осы үлкен бизнес істің жөнін білген жанға кітап саудасы, кинопрокат арқылы мол табыс әкеледі.
Жазушысы кедей ел – сорлы ел. Елу елдің қатарына озық технологиямызбен емес, дәулетті қаламгерлерімізбен қосылсақ. Бақ та, дәулет те сонда...
Әлі есімде қазақ зиялылары 1989 жылы қазақ қаламгерлерінің бастамасымен «Тіл туралы Заңды» қабылдатты. Сол кездегі астанамыз – Алматыда өткен «Қазақ тілі» қоғамының съезіне қазір Жамбыл атындағы ҒЗО директоры досым Алмасбек Мәуленовпен бірге қатысқанмын. Енді қаламгерлеріміз медиаөніммен Орталық Азия елдерін қазақ тілінде жаулауға дем береді деп сенемін. Оны бізден әлемдегі 22 миллион қазақ тілді аудитория күтіп отыр. Кезінде, яғни, 1870-1928 жж. Алаш кітаби ақындары қазақ шағатайымен Орталық Азияны қалай жауласа, олардың бүгінгі ұрпағы біздер солай жаулауымыз керек.
- Сіздің сөзіңізге сайсақ бәрі де қаламгерлер мен Жазушылар Одағына тіреліп тұрған сияқты. Әлде мен ойыңызды қате ұғындым ба? Бұл пікірді өзіңіздің «Қаламгерлерін ардақтамаған ел тозады» деген мақалаңызда жазған болатынсыз. Әлі де сол пікірдесіз бе?
- Тілдік тәуелсіздіктің басты діңгегі – мәдени контент. Осы мәдени контентті қалыптастыруға кез-келген алаш баласы ат салыса алса да, бірақ... бірде – бұла, бірде – делі тентек, енді бірде – дегдар биязы алаш қаламгерлерінің орны бөлек. Қазақ қаламгерлерін дарынды-орташа, мықты-нашар деп бөлуге еш қақымыз жоқ. Жазушылық – Алланың асыл сыйы. Бірақ тап осы асыл сыйды орыс ділді қазақ билігі орынды кәдесіне жаратып отырған жоқ.
Мен салыстырмалы әдебиеттанушы ретінде «Әр қаламгер – менің жалғызым» деген қағидатты ту етіп ұстанған жанмын. Сондықтан қаламгерлердің барша проблемасы – менің де проблемам. Тіпті өз ортасы менсінбейтін ақынның туындысынан жарқыраған бір теңеу кезіктірсем алтын тапқандай қуанып қаламын.
Кітап бағасы шарықтады. Қаламақы төленбейді. Неге қазақ қоғамы мен билігі ұлттық мәдениеттің жауһары саналатын қаламгерлерін алақанға салып әлпештемейді?! ТМД мен әлем елдеріндегі қазақты ғана емес, оған жаны мен қаны әм ділі жақындарды қосқанда 22 миллион болатын қазақ тілді аудиторияға 700 қаламгер аз.
Қазақ жазушысының, ішінде өзің де барсың, 300-350 беттік кітабы ең арзан қағазға басылып, жұқа мұқабамен құны 100 теңге ғана болып жыл сайын неге 100-200 мың данамен еліміздегі кітапханаларға әм қалтасы көтеретін алаш оқырманына жол тартпайды?! Міндетті түрде тендермен басылып шығады деген не сөз? Сыртын жылтыратып, ішін сұлулап, бағасын шарықтатудан не ұтамыз! Қазақ тілді кітаптың тасымал тарифін азайтып, салынатын ҚҚС алып тастауға не кедергі!?
Қазақ кітабы дамуы үшін Зейнетақы қорынан ақша шығарып, ЕуАзЭО аясында РФ қағаз шығаратын фабрикаларының акцияларын сатып алайық. Ұлттық Баспа өнімдерін өзімізде шығарайық. Неге біз саусағымызды қимылдатпай, билікке орынды дат айтпай қазақ кітабы мен қаламгері турасында үйде отырып алып «қара аспанды төндіріп» зарланамыз?!
- Жақында жұмысқа тұрыпсыз. Оныңыз мемлекеттік тілді дамытумен байланысты екен. Сұхбат барысында осы жайында сөз етсеңіз?
- Ә, бұның өз себебі бар. Марқұм Аманхан ағам: «мемлекеттік тілді оқыту орталығына тұрғаның оң» деген еді. Сол кісінің аруағы дем болды ма? ШҚО Бородулиха аудандық тілдерді оқыту орталығына қамыптық бағдарламашы болып табан іліктірдім. Менің филологтардың ішінде алғашқылардың бірі болып, қамып тілін меңгеруіме себеп болған, екінші мамандық ретінде бағдарламалар тілін үйреткен Шәкәрім атындағы СМУ математика мен физиканы оқыту кафедрасының ұстаздары ұжымына және осы ЖОО проректоры досым Оралтай Мұратханұлына алғысым зор.
Мен үйде отырып, кино аударып, дубляж жасауға қатысты бейнебаяндар түсіріп, білгісі келген филологтарға үйретіп жүрген едім. Оның өз себебі бар. Бізде аудармашы дегенде мәтін аударатындар деп ұғады. Олай емес, кино немесе бейнеөнім дыбысталуы үшін субтитрлік және комикс қазақша сөйлеуі үшін фото аударма дегендер бар. Қазақ аудармасы бұл бағытта мүлде дамымай кенжелеп жатыр. Субтитрлік қорымыз – нөл.
Атап айтсақ, біздің 14 облыста және үш миллионер қалада жергілікті аударма мектебі мен редакторлар алқасы қалыптаспай отыр. Және осы жергілікті аударма мектебі мен редакторлар алқасын қолдайтын медиабизнес құрылымы өмірге келмеуде. Орыс тілділердің Ресейі бар. Онда 200 жылдық тарихы бар аударма мектебі мен редакторлар алқасы бізге өз медиаөнімдерін көктемгі селдей тасқындатты. Неге біз бюджеттегі барша ақшаны қазақ тілінде там-тұмдап, орыс тілінде ақпаратты селдей ағызатын орыс тілді сайттарды қаржыланыруға үйіп-төгеміз. Не бір сайт, не бір арна ашсақ, неге орыс тілін қосанжарластырамыз? Немене 700 қаламгері бар ел сайтты материалға ана тілінде толтыра алмай ма? Еш бір Заңда Қазақстан қос тілді мемлекет деп жазылмаған. Орыс тілді жарнама да, маңдайша да заңсыз. Осыны әр қазақ білуі керек.
Билік тарапынан қазақ тілділердің попмәдениетке (ислам ділді ұлттық дүниетанымдағы бұқаралық мәдениетке) деген медиа сұранысы өтелмей келеді. Кітап бағасы мен кино билеті аспандап тұрғанын сөз етпегенде. Өзге тілдегі кітаптарды аударып, аудионұсқасы мен электронды нұсқасын сайттарға орналастыру жағы кемшін соғады. Кино мен бейне өнімдерді аудару шенеуініктер тарапынан реттеліп, белгілі бір жандардың ғана нәпақасына айналды. Ұлттық Кинопрокат (солай деп айтуға аузың бармайды) РФ кино тұсаукесерлерін бізге тықпалаудан жалығар емес.
Тілдерді оқыту орталықтары жанынан аударма мектебі мен редакторлар алқасын ұймдастыру жолға қойылуы керек. Қазақ тілінде айлық абонементтері 500 теңгеден аспайтын онлайн кітапханалар және 1 теңгеге не киносериал не көркемфильм көрсететін киносайттар ашатын уақыт келді. Жабылған тойханаларды кинотеатрларға айналдырса бизнесмендер ұтады. Ол үшін 14 облыстың және үш миллионер қаланың әр аудандарында құрылған қазақ тілді отандық дубляж бірлестіктері керек. Оларды құрудың түк қиындығы жоқ. Тек аудандық Тілдерді оқыту орталықтары жанынан аударма мектебі мен редакторлар алқасын ұймдастыруға мекеме басшыларына құзірет беріп, мемлекеттік тілді дамытуға жұмсаған қаржыдан ақша бөлсе ғана болғаны.
Қазақ дубляжы қиырдағы аудандарда жолға қойылмай біз ұлт болып өз мәдениетімізді қанат жайғыза алмаймыз. Ол үшін маман дайындау азаматтық парызымыз. Осы парызды тек Жазушылар одағы жанынан құрылған Әдебиет институты ғана өтей алады. Оны бітіргендер өз аудандарында ұлттық дубляжды өркендетеді. Қазақ бұрын газет ашса, тойхана ашса, енді дубляж орталығын ашуы керек. Бұл – уақыт талабы. 22 миллион аудитория бізден соны күтеді. Ираннан, Түркиядан және Шығыс Түркістаннан т.б. елдерден келген қандастарымыз дубляж әлемінен өзіне орын таба алады.
Мәдениет ошағы бар әр шағын ауылда экраны үлкен плазмалық теледидар арқылы ересектерге – 100, балаларға – 50 теңгеден аударма фильмдер көрсете алатын дәрежеге жетсек, заманалық технологияны алаштың бағына қызмет еткізгеніміз. Өз басым осыны үнемі жүрген тұрған жерімде сөз етуден жалыққан емеспін. Айтып та, жазып та жүрмін.
- Ең соңғы қитұрқы сұрақ сіз неге ЖОО немесе колледжде сабақ бермейсіз?
- Дұрыс қойдың қазір қазақ елінде филологияны оқытатын 20-ға тарта мемлекеттік ЖОО бар. Бірақ олардың басшылығы тілші және әдебиетші ғалымдарды құлданып отыр.
- Бұныңызды қалай түсіндік? Қалайша құлданады?
- Мәселен, сіз ХІХ ғасырдың бірінші жартысындағы қазақ әдебиетінен не болмаса, лексикологиядан дәріс беретін болсаңыз. Тек сол сабақтан ғана беріп, толық жалақы алуға тиіссің. Қалған уақытта өз ғылыми салаң бойынша ізденуіңіз керек. Бірақ бізде олай емес. Оқытушыны мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімімен теңестіріп, бәленбай жүктемені мойына артып қойған. Одан бөлек магистр мен PhD доктор дайындауға уақытын бөледі. Соның кесірі латын жазуын қабылдауға ат салысуда ЖОО академик, профессор оқытушыларына тиіп жатыр. Әрі ЖОО оқытушыларының жалақысын көтеруде олардың тек өз пәнінен ғана беріп, ғылыми дәрежесі ескерілген айлық алуы мүлдем қарастырылмайды. ЖОО ұстазы азат болмай, қазақ ғылымы оның ішінде алаш әдебиеттану ғылымы алға басып дамымайды.
Мектеп туралы ауыз ауыртып айтпай-ақ та, қоямын!
- Ақыры ауызға алдыңыз, сөз ыңғайы кеп тұрғанда мектепті де тілге тиек етіңіз?
- Қазақ тілі мен қазақ әдебиеті математика мен геометрия сияқты жеке-жеке оқытылуы керек. Себебі тілді жақсы оқытатын ұстаз, әдебиетті оқыта алмайды. Немесе керісінше. Сол себепті тіл – бір бөлек, әдебиет бір бөлек –жеке-жеке пән ретінде оқытылуы керек. Әрі мектеп филолог дайындамайды. Грамматика мен синтаксисті бүгінгідей сала құлаш тоқсаннан-тоқсанға созып, сыныптан-сыныпқа созып, оқытудың қажеті де шамалы. Сол себепті, мысалға: сын есімнің тыныс белгісі ғана шәкірттер сауатты жаза білуі үшін тереңдетіп оқытылып, шырайлары т.б. желе жорта оқытылғаны ләзім. Әлі күнге дейін кез келген шәкірт мектептен іс-қағаздарын жүргізуді, шағын әңгіме, мақала, эссе жаза білуді үйреніп шығуына баса назар аударылмай келеді. Сол себепті олар ұлт әдебиеті мен ана тілінен білгенін қамыптық бағдарламада қолдана білмейді. Осы ескеріліп, мүлдем жаңа оқу бағдарламасы жасалуы керек. Қазір кеңестік дәуірде «Алтын медальға» бітіргендерден «Сын есім не?»-деп сұрасаң «Есің дұрыс па? Ол кімнің есінде қалады» дейді. Өйткені, өте үздік оқыған жан да мектептен қазақ грамматикасынан түк білмей шыққан деген ойға қалуға болады. Бұл – Кеңестік білім берудің қателігі. Осы қателік тәуелсіздік дәуіріндегі білім беруімізде түзетілмей, қазақ тілі мен әдебиеті шәкірт бойына құт болып байыздамайды.
- Уақытыңызды бөліп, «Әдебиет порталына» сұхбат бергеніңізге рахмет!
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.