Әлем әдебиетінің өткен ғасырдағы ең үздік өкілдерінің бірі, қазіргі заман жапон әдебиетінің айтулы тұлғасы, жазушы, драматург, сценарист Кобо Абэ (шын есімі – Абэ Кимифуса) – адам жанының терең қойнауларын, нәзік ирімдерін тамыршыдай тап басып, шебер әспеттейтін суреткер. Экзистенциялизм әдеби бағытында жазатын жазушылардың бірі. Сондықтан да оны батыс әдебиетінде «Жапонның Кафкасы» деп те атайды. Оның шығармашылық әлемі – өзіне тән философиялық қолтаңбасымен, сұңғыла байқампаздығымен, адам болмысының ұңғыл-шұңғылын, құпия, жасырын қабаттарын қолға қойғандай дәлдікпен бейнелеп бере алатын жасампаздық қуатымен ерекшеленеді. Абэ шығармашылық жолында Достоевский, Хайдеггер, Кафка, Ницше, Аллан По сынды ХІХ, ХХ ғасырдағы ойшыл-жазушыларды өзіне өнеге тұтқан. Оларды ғылыми тұрғыдан зерттеп, еңбектерін өз туындыларын да синтездеп пайдалана білген жазушы.
Кобо Абэ Жапонияда туғанымен, Қытай жерінде ержеткен. Анасы Хохккайдода, әкесі Токиода қызымет атқарған. Бір бүтін отбасының (тұлғаның) осылай үшке бөлінуі жас Абэның қалыптасуына, өсіп-жетілу жолына айтарлықтай әсерін тигізеді. 1978 жылы берген бір сұхбатында, осы жайыттарды баяндай келіп, өзіне: "Мен шынымен туған жерсіз адаммын ба? Туған жер дейтін адами тиіптегі ұғым мені неге сонша үрейге шақыра береді? Қарапайым адамдар үшін киелі, құнды саналатын осы таным мені неге үнемі әуреге сала береді?",- деген сұрақтарға толы, түпсанасындағы дағдарыстар туралы ашық баяндайды. Жазушының өмір жолындағы осы бір қайшылықты кезең, жанның екіге айырылуы, сананың тұтастықтан ажырауы шығармашылық әлеміне ерекше әсер еткені айтпаса да түсінікті. Жазушы өмір бойына өзіне осы сауалдарды қойып, үнемі арпалысумен, үнемі дағдарумен, тартыспен өткені анық. Абэ шығармашылықпен 1940 жылдардан бастап айналыса бастайды. Алғашқы романы 1951 жылы «Қабырға» деген атпен жарық көрген болатын. Осы повесі үшін Жапонияның Акутагава атындағы әдеби сыйлығын иеленген еді. Одан кейін «Төртінші мұз дәуірі», «Құм құрсауындағы әйел», «Жатәлпет», «Өртенген карта», «Жәшік-адам» сынды шығармалары басылып шыға бастайды. Бірнеше романдарының желісімен кино түсіріледі. Ол 1961 жылы «Құм құрсауындағы әйел» романы үшін «Иомури» газетінің сыйлығын иемденеді. Бұл шығармасында автор адам мен қоғам, адам мен оны қалыптастырған уақыт, кеңістік, заман сынды абстрактілі ұғымдар арасындағы қайшылықтар мен бөліп жаруға келмейтін тұтастық туралы тереңнен ой қозғайды. Құм құрсауында қалған ер мен әйелдің жанарпалысы арқылы, адам танымының тұңғиығына және адам қалыптастырған ортаның қым-қуыт әлеміне барлау жасайды. Жазушы осы романы туралы бірде: «Егер дүниеде жек көрушілік, астамшылық үстемдік етсе, адамдардың қарым - қатынасы бүлінсе, қоғамның қалай дағдаратынын көрсеткім келді»,- дейді. Абэның кезкелген шығармасы жазушы қиялының туындысы десек те, автор қашанда жапон жанының астарлы ақиқатын, адам бітімінің түп қазығын табыға қадам жасайды. Мұнда адамның жалғыздығы, болашаққа деген алаң көңіл, қоғамға деген қажетсіздік пен шарасыздық, келер ұрпаққа деген аманат-өмір әркез менмұндалап тұрады. Жазушының «Құм құрсауындағы әйел» атты романы әне сондай кесек туындылардың бірі. Бұл романда да автор "адам - өз тағдырына өзі қожа" деген жаттанды, таптаурын түсініктің тас-талқанын шығарады. Адам тығырыққа тіреліп, одан жанталаса қашқанымен, бәрібір өзі жасаған ортаның жемісі екенін, құмдағы кейіпкерлердің арпалысы арқылы суреттейді.
Кобо Абэның «Құм құрсауындағы әйел» романының қысқаша мазмұны былай өрбиді. 1955 жылы 18 тамызда бас кейіпкердің бірі Зюмпей Ники поезбен жарты-ақ сағат жол жүретін қала сыртындағы теңіз жағалауына кетеді де, сол қалпы ізім-ғйым жоғалады. Оралмайды. Арада аз күн өткеннен кейін жергілікті полиция аласұрып іздейді, газеттерге хабарлама беріледі. Бірақ ешқандай дерек жоқ. Қалада тұратын қарапайым ғана осы бір мұғалімнің әуестігі – этимология, яки жәндіктерді жинап, зерттеу екен. Сол аңсардың жетегімен теңіз жағасына қарай пойезбен, одан ары автобусқа отырып жеткен жігіт құм шағылдар қоршаған теңіз жағасының өзгеше көрінісін және ондағы ауыл құрылыстарына таң қалады. Шынында, теңіз жағасындағы ауылдың құрылымы таңғажайып еді, құм төбелердің, жарқабақтардың арасында алып қазаншұңқырлар бар, онда ауыл үйлері орналасқан. Алып қазаншұңқырлардың арасы жалғасып жатады, біздің кейіпкеріміздің өзі оны құдды ара ұясының ішін еске түсіреді деп сипатттайды. Құм арасынан жәндік іздеп, құм туралы не түрлі ойларға шырмалып келе жатқан әлгі жігіт қазаншұқырдың етегіндегі ұлу бақалшағына ұқсас ескі лашықты еске түсірмекші болып тұрғанда, кенет аяғының астындағы құм сау етіп ағып, қазан шұңқырға құлап кете жаздайды. Осы кезде оның артынан бір шал пайда болады, шал оған ең соңғы автобустың қалаға кетіп қалғанын айтады. Сонымен оны кедей ауылдың ең шетіндегі бір үйге алып келеді де, «осында ештеңеге алаңдамай түней беріңіз»,- деп жарқабақтан салбырап тұрған саты жіптен төмен түсіріп жіберіп, өзі жоғарыда сәл аялдайды да кетіп қалады. Саты жіппен шұңқырдың түбіне түскен Никиді қолында ұстаған шамы бар, аласа бойлы, жасы отызға енді ілінген бір әйел күтіп алады (бұл әйелдің күйеуі мен орта мектеп оқитын қызы содан бір жыл бұрын теңіз дауылы соққан кезде тауыққораны аман алып қаламыз деп лашықтан шығып кеткен, кейін дүлей құмды боранға ұшырап, құм астында көміліп өлген). Алыста қалған балалық шағына қайта оралғандай болған жігіт қабырғалары ырсиып, тіреуіштері қисайған, барлық терезелері тақтамен бітелген ескі лашықтың ішіне топ ете түседі де, осы жерде сол қалғаннан жеті жыл бойы тұрақтап қалады. Тұрақты мекені болды дегеннен гөрі, амалсыз қолы байланды деп мәлім еткен ләзім. Оқырмандарға түсінікті болуы үшін, романның басын осылай бір ашып алайық. Бұдан ары баяндай берсек, романды тұтасымен ежіктеп шығуға тура келер еді, бірақ оның қажеті бола қоймас па деймін. Шығарма онсызда шым-шытырық сюжеттер астасып, не қилы кейіпкерлердің мінездемесі суреттелген романдардың қатарынан емес. Шығарманың сюжеті қарапайым, түсінікті, бірақ ой арқауы күрделі. Кейіпкерлері жәндік жинағалы келген мұғалім жігіт пен құм құрсауында қалған жалғыз әйел. Бүкіл романның баяны қазаншұңқырдың түбіндегі ескі лашықта таңертеңнен кешке дейін құм таситын ер мен әйелдің төңірегінде өрістейді. Тіпті бұлардың аты-жөні де бастан аяқ айтылмайды, шығарманың ең соңында жоғалған жігіттің әйелі сотқа берген арызында ғана оның есім-сойы Дзиумпи Ники екені білінеді. Бір қызықты жағдай, сотқа берілген арызда Дзиумпей Никидің 1924 жылы 7 наурызда туғаны жазылған. Қалай екені қайдам, осы арада бір түйсік келеді, автор Кобо Абэннің туған күнін қарап көрсем, ол да 1924 жылы 7 науырызда дүниеге келген екен. Әрине, өзі сомдап отырған кейіпкерге өзінің туған ай-күнін жазып жіберудің ешқандай әбестігі жоқ қой. Қаламгердің ыстық ой-ақылын жазып шыққан кейіпкерге өзінің әлде бір қасиетін, портретін, мінездемесін сіңіріп жіберу – әдепкі жағдай. Қазірше, «осы романнан қалай ғибаратландың, қандай пайдасына ортақ болып немесе зарарынан қашық болдың» деген тақырыпқа ой сараптап көрсек деген ниет.
Шындығында, шағын романды оқып болғанша, теңізде қанаты талатын құйттай құстар сынды діңкелкеп қаласың. Бұның жанарының философиялық роман екендігін ары-бері оқығасын біле қоямыз. Нақтылап изіммен айтқанда – экзистенциализм. Ондай пәлсапалық Һәм көркем шығармалардың соқпақ басында Ницше, Достоевский, Альбер Камю, Сартр сияқты философ жазушылардың туындылары тұрғандығын да білесіз. Дегенмен, сонысына қарамастан бір оқып болғасын жымиып қана есіңе алатын қызығы мол, жеңіл мазмұнды шығармалардан гөрі, бұндай «тасбақа жүрісті» терең шығармаларды өмір бойы ұмытпайтының анық. Ол құлпытасқа қашап жазған мың жылдық дұға-өсиеттер сияқты, тұла бойыңызды шымырлатып, ой аспаныңызға зор сілкініс әкеледі. Сана кеңестігімізге бірсін-бірсін тамған көк-жасыл ніл бояудай біртіндеп жайылып, ақыр соңында өзінің «Ой патшалығымен» сізді жылдар бойы жаулап алатын болады. Бір ғана құм турасында төмендегідей ойларды көп кезіктіруге болады.
Әгәрәки, орнықты өмір сүруден бас тартып, құм көшкіннің еркіне бағынсақ, бәсекелестіктен де арыласың, құмда да шөп өседі, жануарлар мен жәндіктер тіршілік етеді. Бұлардың бәрі – бейімделгіштіктің алапат қуаты арқасында бәсекелестік шеңберінен құтылған тіршілік иелері.
Иә, сегізден бір миллиметр болатын орташа диаметрінен басқа өзіндік пішімі жоқ осы құм... өзіндік пішімі жоқ, бірақ бет қаратпас күші бар бұл пәлеге ештеңеде қарсы тұра алмайды... мүмкін, пішімсіздіктің өзі күштіліктің ең жоғарғы көрінісі шығар.
Әлем түптеп келгенде сол құмға ұқсайды емес пе? Cол құмның өзі, тып-тыныш күйде жатқан кезінде, өзінің бар-жоғын түк сездірмейді. Шын мәнінде қозғалатын құм емес, әлгі қозғалыстың өзі құм.
Құмның болмысы туралы дәл, нақтылы бейнеленген сөйлемдер мен құм туралы философиялық ойлардың ұштасуы шығарманың тұлғасын құрайды. Еркек жәндікті қанық біледі, әйел құм табиғатының сырын түсінеді. Әрине, зер салып қарасаңыз, құм туралы ғана емес, аспан, ауа, құйын, теңіз, дыбыс, жұлдыздар т.б жаратылыстық әлем туралы да көптеген ойлар мен бейнелерге ұшырасасыз. Осылардың барлығы бас құрай келе, ақыр соңына адам тағдыры дейтін ұлы тақырыпты қаузағаны көрінеді. Мұхиттан қыр-арқасы дөңкиіп шыққан «Теңіз тасбақасының» ұлы тұлғасы сұлбаланып көз алдыңызға келеді. Адам кім, адам өмірінің мәні не, үнемі бір қалыптан шыықпайтын адамдардың тіршілік тағдыр жолы қандай, адамдар өмірінің мәнін аша ала ма? дейтін сансыз сауалдардың тұқымын санаңызға егіп кетеді. Сондықтан да Кобо Абэ романының сырт құрылымындағы қарапайымдылығына қарамастан, оқып болғанша оқырманды сансыз ойлардың қармағына іліп жібереді. Мәтіннің арасындағы сөйлемдерден, кейіпкердің ойынан, автордың (Нарратордың) баяндап отырған сөз ләмінен, еркек пен әйелдің диалогынан, осылардың бәрінен самаладай жымыңдап, мың сан ойлар туады. Романның әрбір ой сораптары туралы түсіндірме жасау – «Егілме құмды күрекпен тасыған» сынды өнімсіз шаруа болар еді. Өйткені, әркім бұндай пәлсапалық романдардан әр қалай дәм алады. Осы романды бес адам оқып, бес адам кездесіп кеңессе, бесеуі соның ішіндегі бір оқиға туралы әр қалай тұспал жасағанын айтар еді. Бір ғана жауапқа арналған жалғыз сауалды туынды емес, ішіне көптеген ұсақ сұрақтарды жинаған күрделі туынды. Жеке роман ретінде, аңғарған әңгімемді айтып көрейін.
Ники бұл қазан шұңқырлардан бір рет қашып шықпақшы болып, төбе-төбе құмдардың арасында адасып сәтсіздікке ұшыраған еді. Ең соңында ол су жинайтын құрылғы ойлап табады да, бар ынта-ықыласын осы аспапқа аударады. Әйел соңында түсік тастап, қалаға ауруханаға жөнелтілген кезде Зюмпей Никидың қалаға кетіп қалуына болар еді, бірақ ол су жинау құрылысындағы тастай суық суға қолын малып тұрып, қатты әсерленеді. Осы жаңалығын ауыл тұрғындарына айтқысы, түсіндіргісі келеді. «Ал қашуға келсек, ол туралы ойлануға әлі уақыт бар»,- деп шығарма аяқталады. Шығарманың бүкіл мән-мағынасын роман соңындағы тұжырымдармен түсіндіруге де, немесе романның ұлы сарынымен де ұғынуға болады. Шығарманы оқып отырғанда, әркімнің де қазып жатқан бір құмы бар секілді сезінетініңіз айдан анық. Теңіз жағасындағы құм құрсаған өзгеше құрылымды ауылды өзіңіз өмір сүріп жатқан ортамен қатар өріп, романдағы тұтқын кейіпкердің ой-сауалын өзіңізге құйып көрсеңіз болғаны. Құм сіз үшін ненің нышаны болуы мүмкін, уақыт десеңіз уақыт, бітпейтін мәнсіз қызмет, мағынасыз жұмыстар, өмірдегі басқада түрлі мәселелер десеңіз де, тіпті мың милиондаған адамдардың өмір жолы десеңіз де әбден болады. Құм – олардың баламасына жарап тұр. Жігіт қаладан келетін газеттерді құм ішіндегі лашықта жатып ап оқып отырады. Қалада да ұқсас өмір тіпті мән-мағынасыз ақпараттар көп-ақ. Еркек пен әйел әр күні құмды күреп, шелекке салып, жоғарыға қарай сатымен жөнелтуі керек, әйтпесе, оларға жоғарыдан су, балық, азық-түлік берілмейді. Бір күн ғана түнеуге келген Ники осы тағдырға, осы сарынға бойы үйрене бастайды, құм арасынан көптеген білімдер үйренеді. Мағынасыздықтан мағына табады. Құбылыстан мән көреді. Ол өз ырқынан тыс жағдайда жеті жыл уақыт сарып етеді. Ақыр түбі, оның ой-санасы сол ортаға үйлесіп шығады. Романның ту басында ол өзіндік таным-жүйесі бар, басқаша ойлайтын адам еді. Роман соңында Ники құмды ауылдың жай-жапсарына қанығады, тәулік бойындағы құмның, жаратылыстың, климаттың, тұрғылықты адамдардың мінезін түйсінеді. Роман адамның жалғыздығын, тіршілік үшін алаңдауын, өз тағдырына өзі қожа бола алмайтындығын, қоғамнан қашып құтыла алмайтын дәрменсіздігін, тығырыққа тірелетін жанталастық күйін т.б тақырыптарды сәтті бейнелеген романның ішінен сауалдардың шешімін таба аласыз, мүмкін таба алмссыз, қайталай оқып ойланып жүрерсіз.
Фариза мен Ақұштап
Қорыта келгенде, «Құм құрсауындағы әйел» романы – Кобо Абэнің стилін анық танытатын басты шығармаларының бірі, экзистенциализм мен сюрреализмды зерделеген оның романдары парасаттылыққа, пәлсапаға, өмірдегі сауалдардың шешімін табуға арналған. Кобо Абэнің ата-баба тегі Хоккаидодан, 1924 жылы Токиода дәрігер отбасында дүниеге келген, әке-шешесі бала кезінде Қытайдың Шын Иаң қаласына көшіп келеді де, Кобо сонда орталау мектеп бітіргенше оқиды. 1940 жылы 16 жасында Жапонияға қайтып, Токио қаласында орта мектепке оқуға түседі, кейін университетте медицина бойынша білім алады. «Құм құрсауындағы әйел» романы 1961 жылы басылып шығады. 1994 жылы Нобель сыйлығын алу сәтінде жазушы Кэнзабуро Оэ мырза: «Бұл күндері Кобе Абэ мырза тірі болған болса, бұл құрметті мінбеде мен емес, сол кісінің тұрғаны дұрысырақ болар еді»,- деген екен. Кобо Абэ 1993 жылы дүниеден озыпты. Осы марқұм Әбіш Кекілбаев ағамыздан естіген шағын әңгімені қыстыра кеткім келеді. Мөлшері 2014 жылдың қыс айларында Астана қаласында ақын апамыз Ақұштап Бақтыгерейдің жыр кеші өткен еді. Қақаған аязда, қасымды ақын досым бар, елорданың іргесіндегі концерт залға мамырлап жүріп жеттік әйтеуір. Аралықта Әбіш аға сахнаға шығып, Ақұштап, Фаризалардың жас кездер туралы, сондағы жастық өмір, жарқын кез туралы әңгіме бастады. 1973 жылы 4-9 желтоқсан аралығында Азия-Африка жазушыларының бесінші жиналысы Алматыда өтті де, сонда 69 елден екі жүзден астам әдебиетшілер жиналды. «Жиналыс аралығында залға шықсам, анадайдан Жапоннан келген Кэндзабуро Оэ мен Кобо Абэ деген жазушылар тұр екен, соларға қарай барып амандасайын, аз да болса әңгімелесе қояйыншы деп аяңдап бара жатсам, қайдан сап ете түскенін білмеймін, Аққұштап пен Фариза сап ете түсті де:
- Әбіш, жүрші, үйге барып әңгіме айтайық, шай ішейік, кездеспегелі қанша уақыт,-деп, екеуі екі қолтығымнан сарт еткізіп ұстады да, дедектете жөнелді.
- Әй, анау Жапоннан келген мықтылармен әңгімелесейін, азырақ мұрсат беріңдерші өздерің,-деп едім.
- Оны не қыласың, саған кереметтей өлең оқып береміз, олардың қайран қаларлық несі бар,-деп қутыңдасқаны.
- Ой, сен екеуің де бір максималист екенсіңдер, олар деген жапоннан келген ең мықты қаламгерлер еді, сөз жоқ үлкен жазушылар...- деп өзімше бұлдансам да, амал жоқ, осылардың ырқымен кеттім»,- деп кеңк-кеңк күлді. «Енді бүгін міне екеуі де Азия әдебиетінің пайғамбарлары, бірі нобель әдебиет сыйлығын алды, жорамалым қате кетпеген сияқты»,- деп әңгімесін одан ары жалғады (Сол Азия-Африка әдебиетінің құрылтайы өтетін 1973 жылы АбЭ 49 жаста, Оэ 38 жаста, Әбіш 34 жаста екен).
ХХ ғасырдың болмысын, әлеуметтік мәселелерін, адамдардың психологиясын, өмір философисын жапон қаламгерлерінің ішінде Кобо Абэ өзінше өрнектеп тасқа басқандай таңбалап кетті. Жазушының әдіптеген ой кестелері замандар бойы өз құндылығын жоймайтын құнды дүниелер екеніне осы романын оқығанда анық көзіміз жетті. Бағанадан бергі әңгімені сіз де мүмкін бір парақтап шығарсыз деген көңілмен баяндадық ғой деп отырмын.
Жазушы, аудармашы: Тілеухан Жұмаханов
Сөз соңында оқырманға жапон халқының ұлы суреткері Кобо Абэның «Құм құрсауындағы әйел» сынды аса күрделі, көркемдік қуаты күшті, терең философиялық ирімге толы шығармасын ана тілімізге сәтті тәржімалаған жазушы, баспагер, аудармашы Тілеухан Жұмаханов туралы шағын мәлімет бере кеткенді жөн санадық. Тілеухан Жұмахан Қызылорда облысы, Арал өңірінің тумасы. ҚазҰУ-дың түлегі. Алғашқы әңгімесі «Қыстың соңғы түні» деген атпен «Жалын» журналында жарық көрген. Әр жылдары «Қазақстан» теледидарында, «Қазақстан әйелдері» журналында, «Жалын» журналында, «Қазақстан энциклопедиясы» баспасында қызымет атқарған. Өмірінің соңғы жылдары «Адамар» баспасында директорлық қызыметте болған. Аударма саласында да белсенді еңбек етіп, біз тілге тиек еткен романнан тыс үнді жазушысы Ананта Муртидің «Самскара» романын қазақшалаған. Тілеухан Жұмаханов Достоевскийдің «Қылмыс пен жаза» романының қазақ тіліндегі аудармасын оқып, аударманың кемшіл тұстарының көп екендігін көргесін, өзі бел шешіп аударма жұмысына кірісіп кетеді. Соның нәтижесінде осы жапон жазушысының «Құмдағы әйел» романын қазақшалауға отырады. Жалпы әдебиеттанушылардың осы аударма туралы пікірі өте жақсы. Қазақ әдебиетіндегі сәтті шыққан аудармалардың қатарына жатқызады. Оқырман қауымның пікірінше аталмыш романның орыс тіліндегі нұсқасы, оқуға ауыр, ойы бұлыңғыр, тілі күрделі деген пікір жиі айтылады. Ал, Тілеухан Жұмахановтың аудармасы шынында «тілге жеңіл, жүрекке жылы тиеді». Тура жапонның өз тілінде, өз ойлау жүйесінде, өз психологиялық көңіл-күйінде отырғандай күй кешесіз. Осы тұрғыдан келген де ұлы суреткердің ең айтулы шығармасын өз тілімізге еркін аударған қаламгерге шын жүректен алғыс білдіреміз.
Көрнекі сурет: Ирина Васильева "Кружево"
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.