Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Адамзат ажалына асығып барады......

16.03.2017 4970

Адамзат ажалына асығып барады...

Адамзат ажалына асығып барады... - adebiportal.kz

Бір әңгіме - бір әлем

 

Адамзат ажалына асығып барады...

Иә, бұл бүгінде сан алуан жазушының тіліне тиек, қаламына арқау болған «ақиқат».

Дегенмен, былтырлары оқып, бір тұщынған Мұрат Алмасбекұлының «Жол аруағы» атты әңгімесін тағы бір шолып шығып, тағы да ауыр ойға шомдық...

Шынымен, адамзат баласы қайда асығып барады?

«Өмір бар жерде – өлім бар» деп келеміз ықылым замандардан бері. «Ажал оғы – тек Алладан» дейміз тағы. Газеттегі «мезгілсіз қайтыс болуына орай, қайғырып көңіл айтамыз» деген некрологты оқып алып, кәдімгідей күйіп-пісуші едім... «Мезгілсіз өлім бола ма екен?! Адам өлді ме – мезгілі келді деген сол емес пе?» деп. Алайда Мұрат бұл әңгімесінде осы мәселеге мүлде басқа қырынан қараған екен.

f106fc75591221dcd55b4d6e964b6b3b.jpg

Басқа қыры демекші, бүгінде ғаламторды ашып қалсаң, теледидарды қосып қалсаң, «анадай тасжолда мынадай апат болды, осынша адам қайтыс болды» деген ақпараттардан көз сүрініп, құлақ тұнады. Дегенмен, бүгінде ондай суыт хабарға кірпігіміз қыбыр етпей, жай ғана өткізе саламыз. Етіміздің өліп кеткені сонша, жүрегіміз бүлк етсеші...

Ал енді статистикаға қарасаңыз, жыл сайын жол апатынан қаза тапқандардың саны кейбір соғыстарда ажал құшқандардан асып түспесе, кем болмайды екен! Сұмдық қой! «Е-е, байғұс-ай, бір жаққа асығып, темір тұлпарын ышқынтып бара жатып, қапыда кетті ғой» дейсің баяғы... Өз басыңа келмейтіндей көресің. Басқа әлемде болып жатқандай...

Алайда Мұраттың әңгімедегі айтпақ ойы – барлық адамзат баласы өркениет деген «темір тұлпарда» бір жаққа асығып бара жатыр! Барлығымыз да сол көліктеміз. Тылсым табиғатпен біте қайнасқан, ғаламның болымсыз ғана ғажабын әрбір қан тамырымызбен сезіне білген дана өмірімізді, дара жолымызды темір табанға салып таптап, асфальттің астына көміп тастадық. Сол өркениет асфальтімен белгісіз бағытта «безілдетіп» барамыз, дейді әңгіме авторы.

Шағын әңгімедегі жол апатынан қаза болған көлік жүргізушісінің аруағы мен асфальт жолдың астына көмілген жер жолдың аруағы арасында өрбитін диалог өте терең әрі ауыр ойға шомдырады.

«... Мен көрімде тыныш жата алмадым. Мына өмірдің елесі жанымды азаптап, маза бермеді. Тыныштық іздеп жүрмін.

Жол аруағының кекете «мырс» еткен үні естілді.

– Сен сол тыныштықты таба қоямын деп ойлайсың ба? Ұят жоқ екен өзіңде...
– Не үшін?

Ол іштей үрейленіп қалды»...

Бұл шағын арбасудан автор ойының адам баласы өлген соң да тыныштық таба алмайды дегенге саятынын байқаймыз. Бәлкім олай емес те шығар... Дегенмен, ойландыратын мәселе. Тас жолмен темір тұлпарын ышқынтып бара жатып, тек өзін ғана емес, қасындағы жолаушылардың да қыршын өмірін қапыда қиған адамның жаны қалайша жай тапсын?! Мейлі ол жақсылыққа асығып бара жатсын, мейлі біреуге көмек көрсетуге жанұшырып бара жатсын, бәрібір қалыпты уақыт ағысынан асып кеткен адамның табаны жерден алшақтап, тағдыры қыл үстінде тұрады.

«Мен жерленгелі бір ғасырға таяды. Бірақ, аруағым түн кезіп, тыныштық таба алмайды. Себебі, жер ананың жылулығынан жеріген адамдардың суық болмысы өздерін сәт сайын өлімге байлауда. Олар бейбіт күнде бекер қырылуда. Мені астына жасырған жасанды жол жанын темірге байлаған адамдарды белгісіз бағытқа апара жатыр. Бұрынғы қара жолмен сапар шегетін адам біткеннің жан-болмысы жер анамен тұтасып, табиғатпен үндесетін. Бүгінгі адамның санасы, қасиет-құндылығы темірмен біте қайнасып, табиғатпен теке-тіресетін болды. Ал, әлемдегі ең ұлы заң ол – табиғаттың заңы. Өзгесінің бәрі жасанды. Сен де жаныңды темірге таңып, жасанды жолмен жүріп адасқан бір бейбақсың», - дейді жол аруағы.

Автордың айтпақ ойы түсінікті. Осы ойын көркемдей түсу үшін ол түрлі детальдерді де шебер қолданады. Беймәлім жаққа ауып бара жатқан ордалы жылан, тамырлары жалаңаштанып қалған Тамыр ағаш та символдық бейнелер. Тамыр ағаштың жер бетіне ырсиып шығып қалған жалаңаш тамырлары, әбден ескіріп, мылжа-мылжа мүжілген діңі қазіргі адамзат болмысының айнасы сияқты. Біз де табиғат анадан, Жер-анадан алшақтап, тамырымыз аршылып, үзіліп кетудің аз-ақ алдында тұрған ұрпақпыз. Қос көлік кеп бір-біріне тарс етіп соғылғанда, ағаш тамырларының шатыр-шұтыр үзілуі де адамзатты табиғатпен байланыстырып тұрған тамыр-өзектің морт кетуі деп сезіндік.

Адамзаттың суық темірге ыстық ықыласымен берілгені сонша, біз жүрген жерде, өркениет өркен жайып, асфальт жолдар алып даланың арқасын құрыстырған өңірде аруақтан да суық, ажалдан да сұсты ордалы жыландардың өзі шыдас бере алмай, басы ауған жаққа жөңкіле қашып бара жатыр...

Әрине, әңгіменің айтар ойы салмақты, айту мәнері да сауатты. Дегенмен біз көзді жұмып, мақтай беруден де аулақпыз. Кейбір ширата түсетін, ой сала шолып шығатын жерлері де бар. Мәселен, сіздерге қалай екенін білмеймін, дәл өзіме автор Жол аруағының аузымен тым көп ақыл айтып кеткен сияқты әсер қалдырды.

Мәселен: «...Айтпақшы, бағана сен «жақсылыққа асығу» туралы өзіңе сауал қойып едің ғой. Сен ол кезде жақсылыққа асығу керектігі жөнінде дұрыс ойладың. Бірақ, сенің оған жету қарқының өмірдің табиғи жүріс шектемесінен асып кетті. Ал, шынайылық пен табиғилықтан айырылған кез-келген құбылыс өзін де, өзгені де өкінішке қалдырады». 

 

Немесе «...Ал, әлемдегі ең ұлы заң ол – табиғаттың заңы. Өзгесінің бәрі жасанды. Сен де жаныңды темірге таңып, жасанды жолмен жүріп адасқан бір бейбақсың» деген сияқты жолдар бір ойды қайта-қайта қайталап, автордың онсыз да шебер жеткізе білген әңгіме арқауына көлеңке түсіріп тұр. Осы ауыр ойлардың бәрін бір ғана ишарамен оқырманның өзіне қалдыру керек еді. Осы ойларды оқырман өзі түю керек еді деген ойға қаласың. Ойға қаласың дегеннен шығады... Қандай шығарма болса да, оқырманын ойға қалдыра алса, сәтті шығарма емес пе? Ендеше, Мұрат Алмасбекұлының «Жол аруағы» әңгімесі де өзінше бір әлем деген түйін жасадық. 

 

Әбу-Асқар Мекешұлы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар