Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӨЗ СӨЗІМ
Сиқырлы сөз зергері...

23.07.2024 1074

Сиқырлы сөз зергері 14+

Сиқырлы сөз зергері - adebiportal.kz

Жаныңа қуат беретін, бойыңа шуақ дарытатын бір жырлар болады. Сондай аяулы әрі жақын. Қанша оқысаң да жалықтырмайды. Ал сәл ұмытыңқырап барып парақтасаң, алапат әсері жоғалмайды. Жан түкпіріндегі әлдебір  сезімдеріңді қозғап,  ностальгияға шомасың. Сол кезде түтіні түзу ұшқан ауылың, шаңдақ жолда жарысып, құлын-тайдай тебісіп өскен бауырың, ғайыптың сырын білердей көрінген әжеңнің бейнесін әкеледі көз алдыңа. Тұтас бір картиналар түзіледі. Түзіледі де, өң мен түстің арасында ғайыпқа сіңеді.  

Елімізде урбанизация қарқыны зымырандай заулаған тұста ауыл ұғымы мен ондағы кешкен кезеңдердің көбі тек естелікке айналып барады. Аяулы болса да, ешқашан оралмайды, естелік қалпында қалады. Ғайыптың сиқырымен  өткенге орала қалған күннің өзінде кешкен сезімдеріңді, дүниені қабылдауыңды, болмысыңды бәз-баяғы қалпына келтіре алмайтыны анық. Далалықтан қалалыққа айналып бара жатқанда бала шағыңа ойша қайрыласың. Жұдырықтай жүрегіңде сағыныш пен аңсар оянады. Сол сәттерде жаныңа жақын авторлардың өлеңдеріне бойлайсың. Тұмасы тұнық бұлақтан қанып ішкендей ғажап күй кешесің. Мен үшін дәл сондай аяулы автордың бірі, қазақ поэзиясының белді өкілі – Бауыржан Жақып. 

Бір ғана «Әжемнің ұршығы» атты өлеңі жан дүниеңді толқытып барып, терең ойларға жетелей жөнеледі. Бұл өлең – ақын танымын, болмысын, азаматтық үнін, өлеңдегі тереңдігін аңғартады. Мына екі шумақтың өзі соған дәлел:    

«Бір сәтке, әже, тыншып па ең –

Шүйкеге мол жіп жиылып.

Отырушы едің ұршықпен

Уақытты қоса иіріп.

...Өзімді сонда жұбатып,

Өмірге іштей күйінгем.

Ұршық қой мына Уақыт

Жіп қылып бәрін иірген». 

«Әжемнің ұршығы» ақынның студент кезінде жазылған жыры болғанымен, ауыздан-ауызға көшкен халықтың эпос жырларындай қуатты туынды. Бозбала шақта авторын білмесек те, жаттап өстік. Қала тіршілігіне араласқанда да ұмытпай, жыл өткен сайын қаншалықты терең әрі мөлдір жыр жолдары екенін ұғындық. Ностальгияға беріліп, әженің жылы алақаны мен мейірімін көріп өскен әрбір жанның бұл жырды оқығаны анық. Әр тармағында қарағайлы орманның саф тазалығындай тазалық, күн сәулесі жаңадан түсе бастаған тау сілемдеріндегідей көркемдік, шық тұнған жапырақ бедеріндегі тұнықтық бар. Сол секілді ақынның «Қолтаңба» атты өлеңі де қазақ әдебиетіндегі олжалы әрі бірегей туынды. Әдебиет алыптары мен классик қаламгерлердің оң бағасы мен батасын алып, уақыттың қатал сынынан өткен бұл жырда ақын:

«...Жылытар балғын денені,

Қос шуақ барын сеземіз.

Көкте күн сәуле себеді,

Нұр төгіп жерден әжеміз.

Ертеңгі күні ертемен,

Құрт жаяды сықпалап,

Жас құрттан жейміз еркелер,

Сол дәмнен бойға құт тарап.

Келешек бізді күтті алдан,

Келмеске сәби күн кетті.

Сол кезде сықпа құрттарда,

Қолтаңбаң барын білмеппін.

Құртыңды аңсап, жаныммен,

Қолтаңбасын мен сағындым –

Аялы алақаның мен,

Салалы саусақтарыңның.

Мен – тірі, ал сен – аруақ,

Қолтаңбаң барын білесің.

Түсімде менің әр уақ,

Құрт жайып, әже, жүресің» –  деп жырлайды. Өлеңнің әр тармағы оқылған сайын алпыс екі тамырыңды белгісіз бір тылсым бойлап өткендей ешкімге ұғынықсыз сезімді кешесің. Әлдебір сағыныштан мауқың басылғандай, жеңілдеп қаласың.

 Ақын шығармашылығымен «Қолтаңба» мен «Уақыт ұршығы» атты кітаптары арқылы таныстым. Он бес-он алты жасымда өлең құдіретінің нәзік иірімі мен тереңдігі қандай қияндарға жетелей алатынын анық аңғартқан осы кітаптар десем, қате болмас. Кейін «Қызыл қайың» жыр жинағын тұшынып оқып, ақынның азаматтық үніне, тегеурінді толғауларына тәнті болдық. Содан бері қаламгердің қаншама кітабы оқырманға жол тартты. Тиісті бағасын алып, әдеби ортада талай жылы сөз айтылды. Бірақ қанша жыл өтсе де,  Қадыр Мырза-Әлі айтпақшы, «шығармашылық денсаулығы бұзылмаған», өз биігінен аласармаған. Ақынның шығармашылық лабороториясына баға беруден аулақпын, әрине. Өйткені, оның кесек-кесек туындылары әлдеқашан мойындалып, халықтың шынайы ықыласына бөленген. Жыл өткен сайын халқының тілеуімен қаламгерлік қабілет-қарымы биіктеп, емендей берік қалпында тамырын тереңге жайып келеді. Қазақтың көрнекті ақындарының бірі Аманхан Әлімұлы ағамыздың бір сөзі еске түседі: «Сынау үшін сынама, мақтау үшін мақтама» дейтін. Бұл – Бауыржан Жақыпты жалаң мақтау емес – мойындау, інілік ілтипат пен ізеттен. 

Сөзден жеңіл һәм ауыр ештеңе жоқ. Ақын қай тақырыпқа қалам тартса да, үлкен жауапкершілікпен, аса ыждаһаттылықпен, көрегендікпен жырлайды. Киелі топырақтың киесін сезініп, онысы бойына рух болып қонғандықтан, қаламы қуат кетпеген. Қайнардың атырабы, Абыралының топырағы, Қасқабұлақтың тылсымы, Жидебайдың жұмбағы таңдайына жыр қондырып, маңдайына бақ дарытқан болса керек. Бұл «Рухымның алтын бесігі» атты өлеңнен анық байқалады. Қазақ халқы қастерлеген Қарауылды, Оспанкөлді, Саятқораны, Ақшоқыны жырына арқау еткен ақын Шыңғыстау баурайы – өз шығармашылығының ғана галереясы емес, мұқым қазақтың алқалы төрі, қара өлеңнің «қағбасы» екеніне иландырады. 

«Көктемде күтіп жыл құсын,

Самғатқан көкке жыр құсын.

Рухымның алтын бесігі –

Тербей бер мені, Шыңғысым» деп жырлаған ақынның эпикалық қуаты мол екені туған жерге арналған топтамалардан анық білінеді. Туған жерінің сұлулыққа тұнып тұрған келісті келбетін ақын артық бояусыз, пафоссыз, байсалды баяндайды. Көп үңілген сурет болса да, жаңа көргендей әсер алып, жүрек қылын шертіп өтетін татымды бояулары самсап тұрады. 

Жоғарыда мысалға келтірген өлеңіміз кейінгі жылдар бедерінде жарық көрген «Білте шамның жарығы» атты кітабының 15-бетінде тұр. Жалпы, бұл ақынның ең таңдаулы, өз екшеуінен өткен, халықтың ыстық ықыласына бөленген, тынысы кең, сиясы кебе қоймаған туындылары да топтастырылған кітап. Жуырда қолыма түскен жыр жинағы несімен құнды? Бауыржан Жақып поэзиясының ең ұтымды тұсы – ондағы шындық пен шеберліктің ұштасуында, үн мен ұғымның сұлу үйлесімінде. Құрғақ суреттеуден ада. Әдемі ырғақ, келісті сөзбен оқырманына ойын жеткізеді. Ақ қағазға өрнектеген әрбір әрпінен азаматтық пейіл мен адамгершілік мейір самалы аңқылдап есіп тұрады. Түрлі формада толғаса да, мақсат-мұраты – гуманистік идеяларға жетелеу. 

«Үнімді тыңда, далам, тыңда ғалам,

Санаңды сан ойменен шырмап алам.

Ұшырдым сезімімнен қанат байлап,

Кішкентай жүрегімді жыр бораған» – деп жырлаған ақынның бұл кітабында екі жүзден астам өлең болса, әрқайсысы бір сәт ойлануға, өзгені ойландыруға қуаты жетерлік.

Табиғат лирикасы мен философиялық ой-толғамдарынан бөлек шайыр шындық «шырағына» айналып, жүректерді от болып қаритынын, ел басына түскен түрлі тақсірет пен нәубетке налитынын, экологиялық һәм табиғи апаттарға бей-жай қарай алмай, төзгісіз қасіреттерге көз жұма алмайтынын көрсетеді. Әсіресе, атом қасіретіне қатысты жырлары жүректі шым еткізеді. Себебі  атом қасіреті – ақын қасіреті. 

«Тамыздың жиырма тоғызы...

Көзімді менің байлады,

Денеме дерт боп бойлады.

Жер-Ананың ақ шашын,

Ақ шашын жұлып ойнады.

Құстардың тоқтап сайрауы,

Бойымда қаным қайнады.

Өртенді атақонысым

Қырдағы мен ойдағы...». 

Жыраулардай екпіндетіп, халқына жұбаныш болғысы келіп, ел қасіретін өз қасіретіндей қабылдап, өн бойынан өткізіп барып, жан сөзін жеткізеді. Жалпы адамзатқа үн қататын жырлар ақында жетерлік. Ол – жалқының емес, жалпының үні. Бауыржан Жақыптың шығармашылығына баға берген қаламгерлер мен сыншылар көп болғанымен, дөп айтқан Р.Ниязбек болса керек-ті. «Ақ шырағданның жарығында жетпіс түрлі сәуле болса, Бауыржанның өлеңдерінде де сондай жетпіс түрлі бояу, өрнек бар екені көзі қарақты кісілерге бұрыннан белгілі. Бұл – ақынның ақынына ғана бұйыратын Тәңір сыйлығы» дейді. Бұдан артық анықтама, бұдан асқан сипаттама беру мүмкін емес шығар. Бізге бір белгілісі, замана көшіп, дәуірлер алмасса да, Бауыржан Жақып өлеңдері уақыттың кез келген сынына төтеп береді. Өміршең туындылары арқылы ол әлдеқашан дәлелденіп те қойған секілді. 

Абай туған қасиетті топырақтың тарланы биыл дәл осы «Білте шамның жарығы» атты кітабымен Абай атындағы Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып отыр. Толайым шығармалары арқылы темірқазық жұлдызындай көпке жол сілтеп жүрген ақын топтан озып, құлагердей арқырап, маңдайы жарқырап алғашқы болып келеді деген сенімге иланамыз.

Саян ЕСЖАН,

ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар