Баян Болатхановамен сырттай таныс едім. Осы көктемде бір жиында кездесіп қалғанымызда Баян сіңілім ілтипат білдіріп, мұқабасы жап-жасыл «Менің жасыл әлемім» (2022) атты балаларға арналған шығармалар жинағын сыйға тартты. Сол жолы оқып шығып, ойымды жазамын деп мен де шын көңілімді білдірдім. Үйге келе сала «Дарабоз» сыйлығын алған «Бибіажар мен Бойтұмар» атты хикаятын бас алмай оқып шықтым. Кітап көрмегендіктен емес, Баян қалай жазады екен деп ойладым. Осы бір өзім аз танысам да көп әйелге ұқсамайтын, мойылдай көздері алдамайтын, өмірдің бағасын білетін жан ғой деп жүретін адамды шығармаларынан тануға асыққанмын. Бибіажар мен Бойтұмардың құрылымдық «қитұрқылары», кісі сөйлету тәсілдері, қазақы қалыпты өмірдің белгілібір кезеңдік сипаты, шығармадағы пейзаж, илану, аңлау, ширығу, төзіп, төзбеу психологиясын кіріктірудегі автор табиғатымен тамырласқан шеберлік шыңдаған өзіндік өзгешелік бей-жай қалдырған жоқ. Қалған дүниелерді оқып барып жазамын деп жүргенімде жаз да өтіп бара жатыр екен.
Түрлі-түсті суретті безендіру, жекелеген фотосуреттер, әңгіме тақырыптарында балалар кітабының классикалық үрдістерін еске түсіргендей бір тартымдылық бар. «Бөкеннің бастан кешкендері» атты көркем хикаят жеке әңгімелерден тұрады. «Ә» дегенде «көк майса балалық» тіркесі ұнап кетті. Үш-төрт жасар сәбидің ортада қалыптасқан сезім-түйсігі, әрекет дағдысы – автордың жарқын сағынышы. «Менің жасыл әлемім» атты әңгімедегі малды ауылдың бағзы замандардан жасап келе жатқан тұрмыстық әрекет, атрибуттары жүрек жылытады. Ойын баласының Атасы мен Апасы тау етегіндегі ауылдан көк шыбықпен шапқылап ойнап жүрген көкмайса балалықтың бір күнінде әкеліп берген жасыл велосипед пен жасыл тәпішкесі – алаңсыз балалық шақтың жап-жасыл дүние аясында нұрланған, қайтып келмес бақыты. Нәрестелер, ғалымдардың айтуынша, дүниеге данышпан болып келіп, біртіндеп ол қабілетінен айырылатын көрінеді. Бала жаратылысы да тым идеализацияланып жасандылықпен сықиып тұратын идеологиялық ықпал тұсаулап тастаған қазақ балалар әдебиетінің кенде қалған өмірлік негіздерін көркемдік кеңістікке шығарудың жауапкершілігінде Баян Болатханова төрт аяғы тең жорға шығарма жазудың ауыр машақатынан қашпайды. Көз көрген өмірді сәби кеудесін жылытқан қызуын қайтармай жазуға пейілді. «Қарақиядағы көкпар» атты әңгімеде де бала күндердің жарығын, таусылмас шаттығын тоймай баяндау. Тойға фотоға түсіретін ағаның келуінің өзі бір сенсация болып еді кішкентайлар үшін. Әңгіменің бала кейіпкері – сол тойда түскен сурет, сірә, «Менің жасыл әлемім» кітабының мұқабасындағы тостағандай көздері жарқырап, алаңсыз дүниеге таң-тамаша қарап тұра қалған кішкентай қыз. «Атамның жанында, қазақүйдің жанында қара боп, қалқиып тұрып мен де суретке түстім. Одан басқа велосипедке мініп тұрғанымды да түсірді. Мен ғана емес, бүйрек беттерін күн сүйген, монтаны достарымның бәрі де бұл күнді есте сақтаған шығар-ау» (аталған жинақ, 12-бет).
Сәби шақтың сарқылмас әсерлері, бала жанын бақытты еткен әр сәт, әр көрініс суретті дәлдікпен жанданады. Аяқасты жаңбыр құйып, бірде мұздатып, бірде шайдай ашылып жарқырап тұратын жайлау табиғаты сәби кейіпкердің есінде сол күйінде қалып қойған ғұмыр бойы мерекесі екендігіне сенесің, сендіреді. Тауға, тасқа, көкке, шөпке шаттанып, әке-шеше алақанында, ағайын-туыс ортасында жарылқанып кісі болды. Бала туалы жазудың азабы да, ғажабы да аз болмаса керек. Пәлсапа соғуды, шешенсуді балаларға жазылған шығармалар жатырқайды. Кейіпкер –автор үшін өзін тастап кетпеген, өзі де құтылуға құштар емес балалық шақ – өміртанымының бастауы, жүрекке жылу жиған асыл мекен. Қарақиядағы көкпарда аттан мертігіп, бұғанасы шығып, бір қолын иығына асып жүрген атасының көкпар күнгі кесімді мінезі жұқты.
«Ши қалпақта» малшы ауылдың жайлаудағы өмір рахаты шалқиды. Қазақүй. Төрдегі тең-тең көмпиген көрпелерді алып төсек салып жүрген апасы. Әппақ зерленген күндік орап, кимешек киіп отырған шүйкедей әжесі. Сондай бір қалпы бұзылмаған ыстық өмірдің әлде бір күнінде кішкентай Бөкен қыз өзі үшін және бір жаңалық ашты. «... Бөкеннің тобылғы түсті дүниені өз бояу, өз әрімен көргені шамасы сол күні-ау. Ертеңгісін күн ашық болған. Жазғы тау іші тымық та салқын. Дымқыл ауадан жаңбырдың, бұршақтың, қардың лебі білінеді. Төбеге тез өрмелеп шыққан күн шақырайып тұрса да, әп-сәтте ақ бас таулардың ұшар басына қарай қазбауыр бұлттар да қалықтап көтеріле бастады». Күн күркіреп, найзағай шатырлады. Шелектеп құйылып, көл-көсір су төгілді. Жаңбыр, сонан соң пытырлап бор кәмпит бұршақтар жауды. Ол аздай қалықтап қар түскен. Табиғаттың әп-сәтте мың құбылған мінезі бота көзді бүлдіршінді біресе сыртқа жүгіртіп, біресе ішке тығылтып үйге тұрғызбады. Бала күннің қызығы көп. Ойлаушы едім кішкентай қыздардың балалық шағын біздің балалар жазушылары неге жазбай екен деп. Осы жоқты Баянның жинағынан таптым десем, басқалар ренжімесін. «Ши қалпақ» әңгімесіндегі нағашы ауылына барған Бөкеннің «бастан кешкені» кішкентай қыздардың барлығының басынан өткен. Әлі есімде, ауылға 1956 жылы көрші Қытай елінен сәбет паспортымен қайта көшіп келген құрбымыздан «Москваны көрдің бе?» деп сұрағанбыз. «Көрдім» деген. «Қалада тұрдым» деген. Қаласы сол кездегі үлкен ауыл екен. 1962 жылы шекараның арғы бетінен келген құрбыларымызға дос қызым екеуміз «қыр көрсетіп» біреуіміз екіншімізге: «Вода пойдешь?» деп сұрақ қойып, тұп-тура «Вода пойдешь» деп жауап беретінбіз. Катя, Шура болып шыға келгенбіз. «Менің жасыл әлемімдегі» Бөкеннің жүрегін жылытып кеткен нағашы ағасының құйтымдай қызы қазақы өмірдегі ағайын-туыстың жібін жалғайды. Жасыл пүліш тақия, қос етек қызыл крепдешин көйлек, сәтен шалбар киіп көктен түспесе де таудан түсіп келген кішкентай қыз нағашы әпкелерінің сәні бөлек киімін көріп қызығып, қызғанды. Балаға ғана емес, адам атаулыға етене аса ұнамды көрінбейтін құлық. Бірақ бала қызғанышын жасырып, жаппайды. Білдірмей безірейіп, өтірік көлгірси алмайды. Шындығын жылап, долданып шашып тастайды. Бөкен де ши қалпақтың жайын түсінгенде қыстығып жылап, әке-шешенің екі аяғын бір етікке тығып, маған да осындай қалпақ әперіңдер деп қиғылық салған. Далада қалпақ жатқан жоқ, бірақ ерке Бөкенге, айтқанын жасатып үйренген Бөкенге бұл «проблема» емес. Тығырықтан манадан бері бірі – бірін танып шүйіркелесе ойнап жүрген, таңсық дүниелерге қатысты сұрақтары бітпеген, тіпті Бөкеннен орысша сөйлеуді, іштері дұрыс емесін сезіп тұрса да, қуана үйренген құйтымдай туысқан қыздардың бірі шығарған. Автор осы бір тұста дәстүрлі ағайындық институттың құндылығына екпін түсіруді көздегендей. Қимасын қымбат жандарға қуана сыйлайтын дарқандық та дәріптелген. «Қаршадай болып, әпкелік жолын сол кезде білген екен ғой», – деп ойлады Бөкен кейіннен. Аралары бір жарым жас болса да сол Төмпішке кейін де бұның көңіліне ешқашан жел болып тимепті. Құйтақандай болса да шамасына қарамай, жылаған кезінде жаныңнан табылатын, өз қалпағын шешіп беріп, жұбата алатын әпкеңнің болғаны қандай жақсы» (26-бет). Кішкентай Бөкеннің өмірпайымы авторға да, оқушыға да ыстық. Жинақтағы келелі цикл – «Қыстауда». «Юла» әңгімесінде кейіпкер өзі үшін және жаңалық ашады. Ауыл үйдің арасында өтіп жататын сол бір уақыттың бұйығылау өмірі, баласының зырылдауығын байқаусыз сындырып алғанда көрші ападан ауыр сөздер естігені есею баспалдақтарының бірі екен.
«Ию-қию». Автор ел өмірінің нақтылы бір кезеңімен тұспа-тұс өткен балалық шақтың бақытын аялап жазады. Байқампаз. Небір ауыр шақтар ендігі еңсе тіктеткен қымбат, қимас күндердің жолында кеткен. Кішкентай қыз көрші-қолаңның берекелі ортасында өткен-кеткенді құлағына құйып өсті. Әңгімедегі, жалпы осы жинақтағы авторлық сөз қолданыстарға сүйініп отырдым. Қас қарая жиналып әңгіме-дүкен құратын бір ұзақ кеште көрші апа айтқан «Ию-қию» дейтін сұмдық, сол қорқыныш сезінген түнде бұл әлі танымайтын Костя ағаның Наташа мен Валя дейтін қыздарының әйбәт киімдері туралы еліктіре айтқан әжесінің әңгімесі. Әңгімеші әже – қуыршақтай қыздың жантанушысы. Жантанушы – әжелеріміздің асыл бейнесін ашып тұрған сөз. Келесі цикл – «Көктеуде».
«Алашапан». Сәби кейіпкер әңгімеден әңгімеге қыстаудан көктеуге, көктеуден жайлауға көшіп жүретіндеріндей өтіп отыратын атасы мен апасын айтады. Олардың мейірімі шексіз. Олар ұдайы еңбек үстінде. Олар дана. Олар ең қымбат жандары. Алашапан саулықтың құйтымдай алашапан қозысын атасы мен апасы бәсіреге байлаған. Қозысымен бірге Бәшкебай да өсіп, ес біліп қалған. Атасы мен апасы бірде «Сен туғанға дейін атаң екеуміз осы алашапанды бала қылдық» деген. Кішкентай кейіпкер біртіндеп есейіп, енді сыр аңлап, адамдар бетпе-бет келмей қоймайтын тағдырды ойлай бастапты. «Біздің отбасымыз атам мен апамның соғыстан кейін көтерген екінші шаңырағы еді. Ол уақытта «соғысқа дейін, соғыстан кейін» деп қана... күңгір-күңгір сөз қозғалатын. Ах ұрған күрсініспен, мұңмен, мойыл көздің қиығынан тырс-тырс тамған көз жасымен қоса шертілетін сол бір шерменде сырларды естімесем ғой. Енді ше, бұл әділетсіздікке қалай төзесің? Қалай өксіп-өксіп жыламауға болады? Әрине, мұны оларға көрсетпеуге тырысамын ғой. Еңкілдеп кеп қалған көз жасымды айтамын... Онсыз да шерлі жүректерін ауыртып қайтейін. Өзім көрмеген бауырларымды еске алсам болды мұрнымды қорс-қорс тартып, жастығымды көз жасына бұлай, бұлай, бұйығып, ұйықтап кетер едім» (40-бет). Атасының да, Апасының да соғысқа дейін дәл өзі сияқты балалары болған… Соғыс туралы біздің әдебиетте аз жазылған жоқ. Адамды тәлкек қылғаны, әбігерге салғаны да айтылып келеді. Баян Болатханованың құйтымдай кейіпкерінің Атасы мен Апасының арылмас мұңымен жабықтырған осы әңгімесі де осал емес. Әр әңгімеде кішкентай адамның өміртанымын түзген таңбалы бір сәттер бар. Тағылым бар. Көшпелі, малжанды елдің дағдылы тұрмысы көз алдыдан өтіп жатады. Қаншама жер атаулары кезігеді. Қымбат жандар ортасы марқайтады. Сырын ішке бүккен айнала. Қыс көрпесін жинап, жасанған жасыл жон, қыр-қыраттар. Қыр астынан ақ торғын бәйшешек қылтияды. Ақ торғын бәйшешек. Табылған теңеу. Таптырмаған теңеу. Күміс жылғалар жылтырай құлдилап асыға жүгіргенін де қуана сипаттайды өмірді жақсы көретін бүлдіршін қыз бала. Қозы-лағын бағып жүрген дала баласының шексіздікпен тілдесуі дейді кішкентай кейіпкерге қолұшын беруге бейім «көрінбейтін» кейіпкер-автор. Мұндайда кішкене қыздың әңгімесіне есейген автор-кейіпкердің орайы келген естелік-толғамы араласады. Кішкене тұлғаның өмірсабақтары не жақсы, не жаманның жайында да тағылымды. Бала емес пе, біліп, білмей, бүлдіріп алуға дайын тұратын кішкентайлардың қарлығаш салған ұяларды бұза бастаған қонақ бала Отарханға ілесе кеткені рас. «Қайтып келші, қарлығаш» әңгімесі ділмарсып ақыл айту өтпейтін бала өмірдің бір фактісімен тыйымға шақырады.
«Мектепте». Кішкене балақай енді мектепке барды. Атасы мен Апасы да ауыл жаққа жақындап көшіп келген. Ендігі өмір жаңа мазмұнмен байыған. Қысқа-қысқа эпизодтарға сыймайтын кеңістік ашқан. Кеңістікті тауыса түгендеуге Бөкен кейіпкеріміз тым бейілді. Айнала сапырылысқан тіршілік дыбысына құлағы тым түрік.
«Хат». Бұл да бір қызық хикая. Бөкен қыз пальтосының қалтасынан тауып алған хаттың әңгімесін жымиып отырып оқыдық. Осындай бір хат хикаялары бала күнде кімнің басынан өтпеген. Мектеп өмірі де жан тазалығына, ынтымаққа баулыған ғажап бір деурені еді Ақботаның. Есейіп келеді. Өмір үйірімі енді сыртынан қаратып, таңырқатып тұрғызбайды. Тартып әкетіп, ағыспен араластырады. Кішкене кейіпкеріміз біртіндеп бой жетіп келеді. Үй шаруасына епті, сабағына үздік үлкен-кіші жүрген ортаның сырына қаныға бастаған, кісі болып қалды. Байқампаз, бапты, байыпты. «Аңғақ» атты әңгімеде де автор детальшыл, аңғармайтыны жоқ. Ауыл үйдің баянды өмір ырғағы. Сары сиырын сауып болып, табынға қосуға кеткен апасын айтқанда да, қасқа биенің ер-тұрманын жөндеп қора жақта жүрген атасын әңгімеге қосқанда да соншалықты бір асықпайтын кеңдікпен, әр затты түгендеген дәлдікпен, географиялық нүктесін көрсеткен нақтылықпен баяндар еді. Осының барлығында адам мінездерін, әрекеттерін, аңсар-армандарын иланымды қалпында сыйғызады. Қазақ баласын бұзуда алдына қара салмаған арақ туралы «Аңғақ» әңгімесін бір түрлі қысыла, қымсына оқисың. Жаппай жайлап, басқа шауып төске өрлеген аждаһа сол бір уақыттардағы қазақ ауылының сүйкімсіз шындығы болатын. Әңгімеде ағайынның ауызбіршілігіне басымдық беріледі. Төркініне кетіп қалған тәтесін алып қайтқанда көрген, түйгенімен қаз-қалпында ортақтастырады. ІІ бөлім «Әлеуметтік-психологиялық әңгімелер» аталыпты.
«Майдангер шалдың немересі». Бөлім атауының өзінен «айғайлап» тұрған әлеуметтің күйі, мәселесі – автордың жан алаңы. Әңгіме бадырақ көз, төртбақ жігіт, үлкен қаладағы үлкен оқу орнының қарауылы Бейсенбектің күн ұзақ кірген-шыққанды бақылаудан жалыға бастағанында әлденеге бел байлағанын баяндаудан басталады. Психологиялық талдау дейсіз бе, барлау дейсіз бе шеберлік тізгіндеген, сақайған жазушының қолтаңбасы құрмет сезімін оятып, оқи бастадық. Бұл баян «кредит» атты ХХІ ғасырдың қазаққа келген бір нәубеті туралы болып көрінді. Шымыр, ширақ әңгіме иландырып, бір күлдіріп, бір мұңайтып оқылды. Автор кейіпкерін аяды ма, әйтеуір істі асқындырмай аяқтапты. Банктен қарыз алып ұяқыдан, күлкіден қалған отағасының «екі адым кейін, бір адым ілгері» тактикасын ұстанып тығырықтан шығып кткеніне сенгің келеді, «қайдам?..» деген күдік те басын қақшаңдатады. «Әппақи». Нарық қарық қылмаған таныс-бейтаныс замандас жандардың жан күйі, мұң-шаттығы. Автор беталысы беймәлім тобыр тірлікті тіптен де қабылдауға жоқ. Арандаған алапат өзгерістер адамды бұзбай қоймаған. Алдаушы, аярлар қаптап кеткен. «Әжетхана «ханшасы»» атты әңгімедегі «әжетхана» сөзімен астасқан лас өмір жирендіреді. «Бұзылмағандар». «Бұзылғандар». Қорлаған кім? Қор болған кім? Текетірес, бітімі жоқ қаттылық, жатсыну қай уақытта басымдық алып кетті?Несиемен алысып, күні қараң болған көптің бірі үшін амалсыз жалға беріп кеткенде өздері Ақмысық дейтін қара мысық қаңғып далада қалған. Үй иесінің бұл да бір күйігі болғанына сендіріп жазылған әңгіме – «Ақмысық» та әлеуметтің жайынан. Ауыртпалық арқалаған ІІ бөлімнен «Ертегілер» атты ІІІ бөлімге өткенде «уһ!» деп, бір жеңілдеп аласың. Баян Болатханова ізгілік жеңіс тойлайтын ертегіге келгенде бағзы замандардың ертегі туғызушыларынан қалыспайтын қалам иесі болып шықты. Есіле баяндап, эпикалық өріс жайлатып, жан сауықтырып жазады. ІV бөлім хикаяттар. «Бибіажар мен бойтұмар». Қайта оқыдым. «Дарабоз» бәйгесін алған туынды. Хикаятта І бөлімдегі кішкене қыз бала есейіп, бой жеткен. Әлі сол баяғы Атасы, Апасы – үшеуі. Дүниенің қалт еткені Бибіажардың көзінде. Бұл есейіп бой жеткенше іргесі бұзылмайтындай Одақ тарап кетті. Қоғам мүлкі жекешеленді. Көп дүние қараусыз қалып тозды. Талан-таражға түсті. Сол екіарада Бибіажар да ненің не екенін айтпай білетін зерек қыз болып өсіпті. Осының барлығы хикаятта мазмұн ашқан оқиға барысында, астастыра, шендестіре қамтылған өмір айшықтарында дәйектелген. Адам мінездері, ақ пен қараның астыртын арпалысы, қамкөңіл жандардың қаяулы мұңы, ширыққан шешімді сәттері шым-шым жүрек қозғап, жанға майдай жағып, ынтықтырып тартып отырады. Баяндауға барлығын қосып жазуымен автор оқушысын «байлап» тастайды. Мен бұл кітаптан өзім сонау бір жылдары ұдайы балалар әдебиетінен іздейтін қыз баланың жанын таптым. Алаңсыз бала шақтағы кішкентай өміріміздің өшпеген, суымаған отына жылындым. Көңіліңе қарап, өтірігіңді шын көруге мақұл, ақпейіл, көрмесе іздеп тұратын бала достарыммен табыстым. Асқар тау әкенің қамқор, қорған болған тұлғасы тірілді. Анам жайған ақ дастарханның шетінде қайта отырдым. Бірге туған бауырдың басқадан таппайтын жақындығын сезіндім. Адам баласының тіршілік игілігін, бар мен жоқта бүлінбейтін мығымдығын көрдім. Қылаң берген келеңсіз кейбір құбылыстардың ізгілікке тізе бүгетінін, жеңілетінін сезіндім.
Баян Болатханова – жасы кіші болғанымен, тәрбиесі, тағылымы ортақ ортада қалыптасқан замандасым. Оның өмір мұхитында талмай жүзуге бар, жақсылық қалайтын жаны шығармаларында жарқырап көрініп тұрғаны қуантты. Тілге сақ, жомарт жазу мәнерін бағаладым. Жазу өнерінде бойын жасырған көп дарынның бірі екенсің-ау деп түйдім.
ХІХ ғасырды қазақ арасына көп келген жатжұрттықтар бұл елдегі бала десе ішкен асын жерге қоятын балажандылыққа, бала культына қайран қалған. Баян Болатханованың мен оқыған бұл кітабында бабалар дәстүрі, бала құндылығы салтанат құрыпты.
P.S. «Мен оқыған бір кітап» – авторлық жобам. Ара-тұра, жаңа кітап қолыма тигенде осындай эссе-толғамдар қағазға түседі. Баян Болатханова сыйға тартқан жан тазартар жаңа кітапты бастан-аяқ оқып шығып, осы бір толғаныс жазылды.
Қанипаш МӘДІБАЕВА,
М.О. Әуезов атындағы
ӘӨИ бас ғылыми қызметкері,
ф.ғ.д., профессор
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.