Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Тізімбек Анашұлы. Сағынышыңның садағасы бұл жалған...

14.07.2024 2198

Тізімбек Анашұлы. Сағынышыңның садағасы бұл жалған... 14+

Тізімбек Анашұлы. Сағынышыңның садағасы бұл жалған... - adebiportal.kz

АЛТАЙҒА САҒЫНЫШ

        Дәулетке

Ақ, нұр жүзі алжа-алжа, әрі тайған

керек емес Алтай да. 

Тәңірі бізді көп ойлаған, мол пішкен, 

сен де сондай мәрт ойла!

Ашылмаған есіктерді аш, 

бар, қазір! 

Керек болса, теуіп кір!

Барлығына бойы жіпсіз байланып

кешкен күннің неменесі оңып тұр?

Кеудең ішін ұялаған арман  құс

саған қымбат,

оған қымбат  көргені. 

Мекеніңе оралғанша көктегі, 

көз алдыңды кес-кестейді жердегі. 

Керек емес ештеңе де. 

Алтай да 

керек емес, қарашы! 

Пора-пора көз жасыңның сорасы

қоштасқанда омырауыңды жуса да, 

керек емес Алтайың! 

Алтай деген  Алтайды аңсап қартаю, 

сүю деген  сағыну. 

Бұ дүниенің азабы мен тозағаы

садағасы жаныңның! 

Қайран Алтай! 

Қайран жандар сен сүйген!.. 

Соларды ойлап аққан жасың жібітті

мына дүниені мелшиген. 

Сағынышыңның садағасы бұл жалған,

көз жасыңның садағасы, 

құрысыншы! 

Дүниеден бізді қызғанатындар

бізге ештеңе керек жоғын білсінші!..   

ЖАНСЕРІГЕ

Өлшеулі ғұмырымның ішіндегі

өлшеусіз бақытымның мүсіні өзің. 

Бөбегім, бөлтірігім, жыламашы, 

ағаңда жан қала ма сен жыласаң, 

қазақта ер қала ма мен жыласам! 

Өбектеп сені уатып алмақ үшін, 

шығардай болды-ау менің жан дауысым! 

Өзім деп ойлаушы едім келешекті, 

Келешек  сен екенсің, жолбарысым! 

Іңгәлап есігімнен сен кіргелі, 

сарқылмас сағынышқа көмдің мені. 

Құлыным, күншығысым, айтшы маған, 

бар сәби дәл өзіңдей мөлдір ме еді? 

Армандап сенің адам болғаныңды, 

Тәңірге ағаң талай жалбарынды. 

Тынымсыз қол-аяғы титтей күнім, 

көргім жоқ сенің жылап қалғаныңды!.. 

Не болды, неге сонша уанбадың? 

қарғам-ау, тіліңді мен ұға алмадым! 

Көргенде бұршақтаған көзің жасын, 

қасыңнан шыр айналып шыға алмадым... 

Құдай-ау, сен жылама, аман болшы, 

"Әубайлап..." апаң бастар өлеңге ерші! 

Жылатқан шөнжігімді сұм пәлекет, 

Қанеки, мықты болсаң, маған келші! 

                           ***

Сен жайында бұл жырды

мен жазбасам, кім жазсын.

Ақынынан қазақтың

абыройлы жыр қалсын.

Қош сөзіне ұйытқан

он сегіз мың ғаламды,

салхар ата тілімнің 

мені туған анамның

даңқыменен ант етем:

Тілі өлгенде қазақтың,

ары өледі Ұмайдың,

салты өледі Құдайдың!

Сол тіліме түспеген

ғажабыңа таң болдым.

Түн ұйқымды төрт бөлген

азабыңнан дал болдым.

Өлең де  өлең мен көрген,

мен сүйетін сен де  өлең!

Екі өлеңім жалғап тұр

зау аспанды жерменен.

Қош бол, менің жарығым,

ескіруде елесің.

Саған зәру жанымның

дәруі боп келесің.

Бәлкім, осы қалпыңмен

өлеңіме қонарсың.

Сағындырған даңқымен

сен де бір күн соларсың.

Дәл өзіңдей жан үшін

елжірейді Құдай да.

Жан жырымның арысың,

жабырқама, мұңайма!

Жай ойлама мен жайлы,

қазақ жайлы пәк ойла,

маңдайға әжім қонғанша,

ақ түскенше самайға!

Қош бол, менің жарығым,

кештеу айттым бұл сөзді.

Тым кеспірсіз күндерден

алып шығар жыр сені.

Менде қазір қалғаны 

өшкіндеген елесің.

Сол елесте көмулі

махаббаттың денесі.

Құмар едің өлеңге,

қастерлі едің өлеңдей, 

қашан ашып көргенше,

жататұғын еленбей.

Қош бол, менің өлеңдей

жанды өртеген асылым.

Шын ғашықтық терең ғой 

қалғанымен жасырын…

ЖҰБАТУ

Барсың ба, асыл шуағым,

көкірегімнің түбінде?

Көңлімнен көктеп шықтың ба

шөліркеп жүрген күнімде?

Тамаша қандай, қарашы,

шуағы Күннің нұр шашқан:

таласа көктеп жерде шөп,

тамып кеткелі тұрса аспан.

Көңілшек биыл бұлттар да,

құя салады қаласа.

Кеудеме қилы нұрлы ойлар

сия салады жараса.

Жұбатып барлық жарлыны,

жадымнан бүрлер сөз ізгі –

тойдыра алмай жанымды,

қандыра алмай шөлімді.

Алысқа құшақ сермесең,

қашығың саған ұшпай ма?

Томсарып тұрған жүзіңнен

Тәңірі келіп құшпай ма?

Жақында маған, шуағым,

лапылда тұрып қасымда.

Басында тұрсың таулардың,

басыңнан еш сөз асырма.

Тоқтама енді, тоқтама,

аялдамасын ізгілік.

Табаны қыза шаппай ма, 

тартықа түссе шын күлік.

Жаныңды кие жебеген,

арқаңды ие қоздырып –

әулие болып кетер ең,

адам болуға көндіріп.

Әділіңді айтшы, ақ сөйлеп,

ардай ақ қағаз алдында.

Орнында ма екен құтты өлең?

Құдай да онда бар мұнда!

                    ***   

Қайрат болса қайратың шын оянған, 

жолдар сайрап сен үшін шығады алдан. 

Бәрі де оңды, 

әр басқан қадамың  құт, 

қасиетті ойлармен дұғаланған. 

Есіркейді, сен маған! 

Қайтады есең! 

Қажау көріп қалдым деп тайқама сен. 

Кітаптардың беті кіл бүрлеген сөз, 

ал, астары онан да байтақ, әсем!

Жанып тұрсын шырағың жанды баурап

тұтқынынан кеще ойдың мәңгіге аулақ. 

Жақындаған қасыңа әр кеудеге

әсер етсін өткендей таң бір аунап. 

Қиял жүйрік, әрине, сөз де желді. 

Тастап кете алмайсың өз денеңді. 

Сенбе жұртқа, сенгені бүгініне 

ертең бар деп алдымда сенбегені.

Мың жылдардың басыңнан бұлты аунаса, 

сұм күндердің мұнары бүркер қанша? 

Күнә күйіп бітеді бәрін көктен

бағып тұрған жарықтық Күн тозғанша. 

Жаныңды күт. 

Жақсыға бағытталсын. 

Шаршағансың  білемін, қамыққансың. 

Сен дегенің  аң деп бұл неткен ғажап, 

қарап тұрған айнаға арыстансың! 

Махаббатың, мейірің, сағынышың

танытады өзгеге Тәңірі ісін. 

Болмай қалған сөздердің самалысың, 

жанбай қалған оттардың жарығысың.

Құшағыңды аш, -

лап қойсын табандамай

сағынышы бабаңның саған қарай!..

Кереметтің көгіне сіңіп кеткен, 

беу, біздің Әлихандар, Абайлар-ай!.. 

                           ***   

Өзімді іздеймін қуана алатын,

көктем кешінде көңіл қанатын

көк зеңгір аспанның төріне қағатын,

бәрін сүйетін, сезіне алатын

сәби жүрегін ауыра қалатын,

анасын көз жазса, сағына қалатын.

Бәрін сүйемін 

мен үшін туғандай

аспанда ай, жұлдыз, мынау кеш самалды,

таулардан сырғып кеп сылардай жарамды.

Жылардай күйдемін  нұр жауып тұр маған,

бұл күйді улаған кім менен ұрлаған?!..

Шуылдап, дүрілдеп көліктер тоқталмай,

жанымның үніне үн қосып жатқандай.

Көзбенен көрмесең, сез, Борхес, жаныңмен

жарасым шуағын төгілген Тәңірден.

Мен сені бұл сөзбен жұбата алмаспын,

Буэнос-Айрестің жаңбырлы түніндей

немесе Гомердің жүрегін жылытқан

шөлдегі жауындай, одан да тұнықтау,

одан да ғажайып, одан да әсерлі

бір кешке жолықтым, жайнатқан көшемді!

Мен қазір сенемін сен сенбес ғайыпқа,

сыймайды ол ғайып сендегі байыпқа.

жаныңа жақындап, жарығым қосайын,

жырымның жалбызын көзіңе тосайын,

мен сені Тұранның көгіне жалғаймын,

алайда, жаныңды жұбата алмаймын…

ШАЛҚЫМА

Жағымды ғой, жағымдылық бәрінде,

жаралғандай, жаралғандай көруге. 

Сағындым ғой қасымдағы кісіні, 

таңғы ауаның қошы бардай сөзімде. 

Жинап алып сұлулығын көздердің, 

Өлеңдердің, сезімдердің, өзгердім: 

Енді маған дұшпан да дос, дос та дос, 

достығымды барша жанға тең бөлдім. 

Мөлдіреген жанарлардың кінәсіз

жылуынан ояныңыз мына сіз. 

Дәл қазіргі мендей бәрін ұғасыз, 

көңіліңізді күн нұрымен жуасыз, 

өзіңіз де бір Күн болып шығасыз. 

Оны қалай түсіндірсем екен мен? 

Бұл сезімді Тәттімбеттен ұғасыз! 

Ұғасыз да, бақ аймалап шекеден, 

«Отыз сегізінші қара сөзде» тұрасыз. 

Оны мәңгі түсіндіре алмайсыз,

сөйте тұра бәрін білер жандайсыз. 

Тәттімбет пен Абайы бар қазақтың

арлы ойына таңдай қақпай қалмайсыз. 

Кешіріңіз, аруақтар да кешірсін, -

жақсы ойдан жылынған жан есірсін! 

Адам біткен осы сәтте жыр оқып, 

Тәңірінің әміріне бас ұрсын! 

Жеңілдеші сен де жүктен бойдағы, 

бізді сүйген Тәңірі сондай жайдары, 

біз сүйетін жүректердің ішінде

жайнап жатыр барлық істің байламы. 

Бұл өлеңім аяқталған жоқ әлі, 

жалғасы оның өздеріңнен болады. 

Бастаушы да мен емес ем, 

ешкім де 

бітіруге хақылы емес оны әлі... 

                           ***   

Білем  қорқасың суық ақылдан, 

Мен  нұрлы ақылмын ыстық жүректен оқылған. 

Сенің өзің де ақылды болғың келеді, 

шәкене бойыңмен әлемді көргің келеді, 

өлшегің келеді ойды қораңа қамап! 

Сол қораңа сия ма тәуелсіз ғажап, 

Сия ма өлген аруақ пен тірі қазақ?! 

Бостан ойымның өзін емес-ау, көлеңкесін көріп, 

қорашыл иттік түйсікпен бірден пәрменін сезіп, 

айғайлап атой салуға ыңғайланбашы! 

Мендегі күйлі сырға еріп, 

жырға айналсаңшы! 

Танып қоятындарың-ай, таным аяларыңнан шыққандарды, 

мына дүниені өзінше ұққандарды

және өзінше ұққандарды сүйетіндерді! 

Осылай қылды ар үшін күресу мені! 

Осылай қылды, Тәңірім, не қыласыңдар? 

Түндей қабақтарың түксиіп жолығасыңдар, 

зілдей бұғақтарың салбырап, 

қиналасыңдар! 

Өйткені, бір басымда он ғасырдың мұң-наласы бар! 

Қосылып кешші сол мұңды, 

нұрланасыңдар! 

АЛТАЙМЕН ҚОШТАСУ

Кешір мені, ана-Ертіс!

Кешір мені, дала, қыр!

Көзім жасы бұршақтап сенен кетіп барамын.

Кешір мені, туған жер, судың басын алған ел!

Саған лайық бола алсам, өлер едім тәубамен. 

Кешір мені, қоңыздар, 

домалаңдаған доңыздар! 

Кеудеме кеп қоныңдар,

ақ бас шыңын Алтайдың шытынатқан долы ызғар! 

Кешіріңдер, торғайлар, 

кешіріңдер, теректер, 

балаң едім маңдайын туған таудың желі өпкен.

Кешіріңдер, жусандар, қарағандар, жыңғылдар!

Неге қарай беремін мен сендерге, құрғырлар!

Кешір мені, ақ жаңбыр, кешір мені, бұлттар,

кешір мені суық қар - жүрегімді жылытқан!

Кешір мені, аққан су, кешір мені, бастаулар,

жерден емес, сендерді әкелген-ау аспаннан! 

Кешір мені, бабалар, кешір мені, аруақ,

аман болсақ, бейіште жолығармыз жамырап!

Мынау қайран жұртымнан кететінім рас па?

Саулап сақал-мұртынан, мен бе, сен бе жыласқан?

Кешір мені, туған жер, су басында қалған ел, 

саған лайық бола алсам, өлер едім тәубамен!..

 

Тізімбек Анашұлы 1990 жылы 30 мамырда ҚХР Алтай қаласы (бұрынғы Сарысүмбе), Қызылтас ауылында дүниеге келген. 2015 жылы Пекин Педагогикалық университетінің қытай әдебиеті мамандығы бойынша оқу бітірген. Университет кезінде Пекиннен шығатын «Ұлттар әдебиеті» журналының қазақ бөлімінде қызмет істеген. 2015-2023 жылдар аралығында ҚХР Алтай қаласында мектепте мұғалімдік қызмет атқарған. Өлеңдері мен мақалалары, сондай-ақ қытай ақын-жазушыларынан жасаған аудармалары республикалық түрлі басылымдарда жарық көрген. Биыл 2024 жылдың маусым айында Ата мекені Қазақстанға қоныс аударды. Қазір Астана қаласында тұрады. 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар