Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
АҢЫЗ-ӘФСАНА
Әдебиет аңыз-ертегіге қарыздар...

16.07.2021 5808

Әдебиет аңыз-ертегіге қарыздар 12+

Әдебиет аңыз-ертегіге қарыздар - adebiportal.kz

Мұхтар Әуезов «Бәріміз көкірегі кең, бауыры ыстық, етек-жеңі мол фольклор дейтін әженің құшағынан шыққанбыз», - депті. Ауыз әдебиеті қашанда ұлт руханиятының айнасы. Бір халықтың ғасырлар бойы жүріп өткен жолы, ұланасыр уақыт дауылы мен кеңістік соқпағы ішінде, бұралаң, күрделі тартысқа толы кезеңдерден қалған, ұлт жадысының мәйегі. Аласапыранды ғасырлар ішінде өзінің даму, қалыптасу, тәрбиелену жолындағы, өмір, тіршілік құбылыстарынан жиған тәжірибесі. Сол тәжірибенің сөз жүзінде, сана биігінде жетіліп, хатқа түскен, уақыт сүзгісінен өтіп, бізге жеткен тарихи сана мен мәдениеттің жаңғырығы. Бүгінгі сөз ұлттың алтын қазығына айналған ауыз әдебиеті туралы болмақ.

Фольклор – әдебиетіміздің бұдан кейінгі жүрер жолының бағыты. Ұлт әдебиетінің бағыт-бағдарын белгілеуші немесе сол әдебиеттің арқауы. Қайнар көзі. Бастау алар тұмасы. Сондықтан әлемдегі қай халық үшін болмасын, әдеби мұраларды жинау, сақтау, реттеу, зерттеу қашанда мемлекет алдындағы салмағы ауыр жұмыстардың бірі болған. Әрине, қазақ әдебиетінің тағдыры да қазақ халқының тағдыры, күреске толы өмір жолы сияқты. Талай рет үзілген, талай рет жалғанған дегендей. Сосын да, ұлт мұрасын адақтау, жинау үнемі жалғасып отыратын үрдіс. Оның туа бітті табиғи заңдылығы сол. Ауыз әдебеитінің мазмұны мол, көлемі кең, түрі жағынан сан алуан. Мақаламыздың ретіне қарай, жинақтап, ықшамдап айтсақ төмендегідей бірнеше фольклорлық мұрамыздың табиғатын қарастыруға талпынамыз.

Әуелі ертегілер мен аңыздар. Бұлар кезкелген халықтың ауыз әдебиетінің бастауы. Түпқайнары. Ұлттың тұтас әдебиеті ертегі, аңыз, мифтердің алдында қарыздар. Айталық, батырлар туралы ертегілер мен аңыздарды айтайық. Ежелден елге әйгілі Қабанбай, Есенгелді, Бұхар, Боран, Көкжалбарақ сияқты ел ардақтылары туралы, жүздеген аңыздар әлі толықтай жинақталып, жүйеленіп, ғылыми айналымға түсе қойған жоқ. Бәрін айтпағанда, Аснқайғының ел ішіне толық тарқамаған, әсіресі, Үшқұлыстай, Еренқабырға туралы айтты дейтін аталы сөздері дерексіз, тиянақсыз түрде кетіп барады. Халықтың ішкі қорқынышы мен табиғаттың тылсым құбылыстарынан туған дию пері, жезтырнақ, жалмауыз, қарапайым халық ішінен шыққан елеусіз Тазша баланың ерліктері, қорқау байды, қаһарлы биді, өз заманының шонжарларын аямай әжуалаған, әділ патша мен қайырымды уәзір туралы айтылымдардың өзі ел ішіне кең тарағанымен, жиналып, реттелу жағынан әлі де толыққанды жұмыстардың кезегін күтіп тұр. Осы орайда күй туралы ертегілер мен аңыздарды да тілге тиек етуге тура келеді. Өйткені, осы уақытқа дейін, күйге қатысты аңыздар не күйші, музыка танушы ғалымдардың тарапынан, не әдебиетші, фольклортанушы ғалымдардың тарапынан толықтай зерттеу нысанына айнала алмай екі ортада жетім күй кешіп келе жатты. Әдебиеттанушы ғалымдар музыканттарға сілтесе, музыкатанушы мамандар әдебиетшілерге сілтеп, арадағы күйдің тарихына, табиғатына қатысты аңыз-ертегілер сұраусыз, іздеусіз қалғаны бар. Тек, ғалым Ақселеу Сейдімбек осы мәселеге бел шешіп кіріскеннен кейін ғана оң шешімін таба бастаған болатын. Дескете, ғалымның сол ұлы бастамаға арқау болған жұмысы әлі де болса жалғастырушысын, іздеушісін күтіп жатқаны белгілі. Өйткені, бұндай ғылым өз уақытымен, өз заманымен, өз буынымен бірге жасарып, жаңарыпғ түлеп отыруы тиіс еді. Қазақ баласы, қария тарихтың қым-қиғаш тарихын баяндай отырып, осы кезеңнің куәсі болған ән мен күйдің де өз өрнегін үнемі баяндап отырған. Кейде, тарихи деректер мен уақиғалардан көрі, сол заманнан қалған осы күйлер мен ән сынды музыкалық мұралардың алар орыны артық болған. Сол ән немесе күй естілгенде сол заман, сол тарих, сол уақыт туралы аңызбен астасқан уақиға өрби жөнелетін болған. Өкініштісі, қазір ең ескі, бағзыдағы күйлер тартылмай, тарихи мәртебесі айтылмайтын болып барады. Бұл былай қарағанда әдепкі уақиға сияқты көрінгенімен, астарында елдік санаттағы трагедиясы бар кеп. Мысалы, бүгінгі елдің дені білетін, ел құлағында жүрген, күйге әуесі бар әрқазақ өзінше тартатын «Марқабылдың қарақасқа аты» деген күйдің өз тарихы мен тағдыры бар. Орындаушылар осы тарихымен қоса айтып, тыңдарманын еліте отырса, күйдің мазмұны мен мәнін аса түсетіндей еді.

Ауыз әдебиеті туралы сөз болғанда, мақал-мәтел мен шешендік сөз туралы ой тарқатпау мүмкін емес. Өйткені мақал-мәтелдің әрбірінде өзіндік тарих жатыр. Бір ғана мысал келтіре кетейік. Ертеректе іргелес отырған арғын мен найман ел арасындағы әртүрлі дау-дамайлары толастамаған екен. Осындай талас үстінде, аға баласы арғын қашанда үстем шығып, тізесін батырып кетіп отырыпты. Арғын мен найманның бір келелі отырысында, арғын жақ әдеттегідей өз шешенін ортаға салады. Осы кезде найман жағы бала Бекбосынды топқа салуды жөн көрген сыңайлы. Десек те, арғын жағы баланы қомсынып, сәлемін де түзу алмастан: «Ей, әкеден бала нешу туады?» деп сұрапты. Сонда Бекбосын тайсалмастан: «Әкеден бала нешеу туады дейсің, Туғанның бірі әкенің ізін баста туады, бірі әкеден оза туады, ал бірі, атаның көтінен кейін қаша туады», - деп ілезде жауап қайтарады. Жас баланың ойланбастанан айтқан аталы сөзіне ыразы болған арғын жағы, найманнан ата сөзін уысынан шығармайтын абзал ұл туған екен, алашқа ортақ ұл болғалы тұр екен деп, дау-дамайды тоқтатқан екен деседі. Кейде, қазақ шешендік сөздері мен мақал-мәтелдерінің осындай өз жобасына сай шығу тарихы бпр. «Атадан бала үшеу туады» деген өмірлік тәжірибеге сүйенген сүбелі сөз осыдан қалған деседі, ескі тарих.

«Алпыс екі қоңыр», «Тотынама», «Қырымның қырық батыры», «Қырық уәзір» сынды әдеби мұраларымыздың деректерін біз әлі күнге болжап, нақтыландыр алмай отырмыз. Осы айтылған қиссалар әрбірі қырық күннен айтылатын көл-көсір шығармалар деген сөз бар. Егер осы айтылымның бәрі жиналып, зерттеліп, ғылыми айналымға түсіп қоймай, өмірлік қағидаларымызға кіріп, қайта жаңғырса ұлттық әдебиетіміздің абыройын аспандата түсер еді. Айталық, ел аузында көп айтылатын қазақтың «Алпыс екі қоңыры» туралы нақты, дәйекті, ғылыми пікір жоқтың қасы. Бір анығы, оның жалғыз күй емес, майда, қоңыр сарындағы күйлер желісі екендігі. Мүмкін, адамның алпыс екі тамырына қатысты туған ұғым болса керек. Өйткені, күй мен адам сезімі, жандүниесі біте қайнаған дүние екені анық. Бұл қазақ фольклоры мен музыкатану ғылымы бірлесе тізе қоса отырып, ортақ атқаратын қызымет деп білеміз.

Шешендік туралы ел есіндегі әңгімелер қашанда, Қожанасыр, Алдаркөсе, Тазшабала, Жиренше шешен сынды аңыз кейіпкерлермен астасып жатады. Бұлардың халық арасында кең таралуына аса қызықты, юмырға толы болғандығы да басты себеп болуы мүмкін. Осы саланы тыңғылықты зерттеп жүрген ғалымдардың пайымынша да, бұл саладағы аңыз-әңгімелердің жиналып, зерттеліп жүргені әлі де болса мардымсыз көрінеді. Қалай болмасын, біз осы жиналған мұрамыздың өзін рухани айналымға енгізіп, жандүниемізбен тоғыстыра алсақ жаман болмас еді. Осындай қызықты аңыздық кейіпкерлермен қатар, ауыз әдебиетіміз де, тарихи тұлғалар, әсіресе, батырлар мен би-шешендер туралы аңыздық сипаты басым әңгімелер көп сақталған. Сондай тарихи тұлғалардың қатарында, Майқы би, Едіге би сынды қайраткерлер көп айтылады. Айталық, Едіге би туралы ел арасына кең тараған мына бір уақиғаны қайыра бір еске салып көрелік. Ескі тауарихтың жүлгелеуінше, бір күні, Едіге бидің алдына бір балаға таласқан екі әйел арзу-арманын арқалап келеді. Екі әйелдің де айтар уәжі, бала туралы. Ортадағы бір баланың өз кіндігінен нәр алғанына еш күмәндары болмапты. Негізінде бұл екеуі бір байдың екі әйелі екен дейді. Би алдында екі ана, ант-су ішіп, бар наласын айтып, баланың өз құрсағынан екендігін дәлелдеп бағыпты. Бұндай дауды бұрын-соңды көрмеген қарт би әбден абдырап, сасып қалады. Содан ойлана келе, бұрын болмаған дауға, бұрын болмаған билік айтуға іштей шешім қабылдапты. Содан, екі әйелдің ортасында тұрған жалғыз ұлды, екеуіне ұстатып қояды да, екеуіне тең бөліп беруге уәде етеді. Сайдың тасындай бір жігітті шақырады да, алмас қылышын беріп, баланы екіге қақ бөлуге шақырады. Осы кезде, мынандай қатал үкімге шыдамаған әйелдердің бірі, «ойбай, қайда жүрседе, қай әйелдің бауырында болса да, әуелі қара жерді басып, аман жүрсінші»,- деп шыр-пыр болып араша түсіпті. Сонда, Едіге, екіленбестен: «Бала, қашанда амандығын, саулығын тілеген ананыкі. Өгей шеше, қашанда өгейлігін істейді»,- деп ана мен баланы қауыштырыпты. Кейінгі ұрпақтың есінде болсын деген ниетпен мынандай бір хикаят айтып береді. Сондағы әлхиссаның бір қайырымы: «Бұрынғы заманда, соқыр әрі ақсақ бір хан «сау адам етіп менің тірі суретімді сыз» деп қол астындағыларға қиғылық салады. Бұндай озбр әмірдің екұдай қылығын көтере алмаған халық қатты сасады. Бәрі жиылып ханның көкейіндегісін таба алмай ділгір болады. Осындай әрі күлкілі, әрі қасіретті күйде отырған елдің бабына, бір жас суретші келіп, ханның жүрелей отырып, бір тізесін бүгіп, бір көзін қысып аң атып отырған бейнесін кенепке қондыралды. Сүйтіп патшасын соқырлықтан, елін қырғыннан аман алып қалады. Бұндай уақиғаны өз заманының бірегей тапқырлығы ретінде аузыға алмау мүмкін емес. Бұл әңгімемізге арқау болып отырған шешендік үлгісіндегі сөзге демеу болып отырған әңгіменің бір парасы делік. Ғалым Зенйнолла Сәнік сынды ғалымның жазуынша, көп хатқа түспеген Ықыш, Дығай, Ақжарқын, Отарбай сынды шешендер де өткен екен. Олардан да небір асыл сөздің сынығы қалған екен.

Халық мұрасының мәуелі бұтағы ол – халық өлең-жырлары мен әндері. Ежелгі халық өлеңдерінің түрі де, мазмұны да саналуан болған. Айталық, айтыс өлең, қоштасу өлеңі, жар-жар, жоқтау, естірту, сыңсыма, тақпақ, қара өлең, тау өлең, өтірік өлең, жұмбақ өлең, ата өлең, бәдік өлең, қайың өлең, төрт түлік туралы өлеңдер мен жаратылыстың сан түрлі құбылыстарына арналған өлең болып кете береді. Мысал, күн, ай, жылнама туралы өлеңдер халық арасында көп сақталған. Осы жерде бұрын көп ескеріле бермейтін, календарлық өлеңдерге тоқтала кетуге болады. Қазақ танымы бұрыннан айға, жұлдызға, күнге, тағыда басқа аспан құбылыстарына қарап ауарайын болжап отырған. Жыл санау мен жыл қайырымы арқылы жас санап, мүшел болжап, адам тағдыры туралы дүниелерді де жобалап зерттей білген. Осы санаға сіңген, дағдыға айналған өмірлік тәжірибеден аспан құбылыстары туралы өлеңдер жеткен. Мына бір ең ескі өлеңді оқып көрелік. «Үштің айы – күштің айы, бірдің айы – сүрдің айы, көкек айы – көкіншек, мамыр айы – май ішек, маужыраған – маусым, шіліңгір – шілде, керім салы сар – тамыз, мизам қоңыр – күз, қазан – қара күз, қағын,ан – қараша, желіккен – желтоқсан, қырықаяқ – қаңтар». Міне, бұл көшпенді бабаларымыздың он екі ай туралы қысқа нұсқа тұжырып айтқан ұғымдары. Бір қарағанда баланың танымына арнап шығарғандай осындай жырлардан адамның табиғаттануға деген, табиғатқа деген аса терең махаббатын көруге болады. Осындай нақышты жырлардың көбі халықтық әндермен қосыла айтуға бейім. Демек осындай жырлардың мазмұнына қарай өзіндік әуені болуы заңды құбылыс.

Біз тілге тиек етіп отырған далалық мұралардың заманауи үлгісін, біз бізге сөзі жеткен таяу заман ақындардан көре аламыз. Кәсіби әдебиетшілер болмаса, былайғы оқырман тегіс біле бермейтін арғы беттегі ақындарды еске түсіріп көрсек те бірқадау жерге жететіндейміз. Әрине, ондай тізімнің басы Ақыт пен Таңжарықтан басталатыны анық. Одан соң Көдекбай, Әсет, Есбол, Қадыржан, Көтбай, Ақбеттес, Төлеубай, Әбубакір, Рахымжан, Демежан, Боғдабай, Жанұзақ, Әріпжан, Ауған, Күнболат, Арғынбек сияқты ақындырымыздың аты біршама белгілі. Осы аталған ақындардың, жыр-дастандары ел арасында көп айтылып жүргенімен, толықтай жиналмаған, реттелмеген жырлары да біршама. Тіпті кей ақындардың өлеңдері әлі күнге бірінің атына бірі телініп кеткен. Осындай дүрмектің думпуі ішінде құйындай сапырылып жүріп, кейбір өлеңдері ұмытылып та кетті. Көп өлеңдері жол-жөнекей өзгеріске ұшырады да. Дегенмен осы аталған ақындардың қай-қайсысының болсын өлеңдерінен, сол кездегі халықтың саяси-әлеуметтік жағдайын, өз заманының күрделі уақиғаларына байланысты тарихи деректерді, салт-санамыз бен, тіл, діл, дінімізге байланысты көптеген кешірмелерін біле аламыз. Бұндай обьектілер қазіргі ғалымдар үшін әлі де мол азық болып келе жатқаны айқын. Қазақ сияқты сөз қадырын баққан ел үшін, бұндай ескі ақындардың өлеңі қашанда, аят пен хадистан кем болмаған. Мысалға халық ауызында кең тараған Қабанбай дастанынан біз батырдың, біз оның 1700 жылдары жүріп өткен жолдарын анық көре аламыз. Жырдағы деректерге сүйенсек Қабанбай Барлық, Қоңыроба, Сауыр, Бұратан, Іле өңірлерінде жүргенін мәлім болады. Айталық, Іледегі Қабанбай шоқысы күні бүгінге дейін бар. Қазақтың айбары мен намысының айғағындай әлі де ғасырлар бойына қасқайып тұра беретіні даусыз. Сонымен жалғас Өртекесте Қабанбай атының ізі, Барлық тауының баурайындағы Қубас аттың сүйегі, Қызай жұртының ішіндегі Қабанбай аталатын тармақтың бәрі де батырдың айналасынан мол мағұлымат беретін деректер екені күмәнсіз. Сонай-ақа, аруақты ердің қазақ қолын бастап, Тарбағатай, Барлық, Алатау, Сайран, Аягөз, Іле өңірінде ат шалдырып, қалмақты түре қуғаны туралы қолмен қойғандай, көзбен көргендей осы жыр да айтылады. Ал, Қабанбайдың інісі Қарақұрсақты қырғыздың Әтеке жырығы шауып кеткенде, Қабанбайдың қайғысына ортақтасып, қалың ел қолқалай жиналып, кек алысып береміз дейтін тұсы, естіген адамның сүйегін шымырлататындай деңгейде жырланады. Исі тұран жұртының шерлі шайыры Мағжанның «Батыр Баян» дастанындағы, Абылайдың азулы батырлары ұрысқа жиналатын тұсын, алапатын асырып суреттейтініндей кеп. Бірге оқып көрелік.

Келіпті өзі батыр Хан Абылай,

Келіпті қанжығалы Ер Бөгенбай,

Керейден іздеп кепті Ер Жәнібек,

Мұрыннан іздеп кепті Ер Баймұрат,

Келіпті Шаншықұлдан Бердііқожа,

Келіпті Қырқосатпен Матай батыр,

Тоқпақтан іздеп кепті Ер Қасабай,

Келіпті Байған адам, батыр Шөрек,

Көкжарғыдан келіпті Көкжал Барақ,

Керейден өзі жәндік Жантай келді,

Келіпті Тоғасқосай Ердәулетбай,

Келіпті Қаздауысты Ер Қазыбек,

Үйсіннен іздеп кепті Райымбек.

Міне, осындай алапаты тасыған жырды оқи отырып, сол тұстағы алаш ұранды қазақтың ауызбіршілігін көруге болады. Ер Қабанбайдың намысын, киіз турлықты қазақтың ортақ намысы көріп, тәмәм жұрттан осыншама батырдың жиналуы, қазіргі бейбіт күнде де аруағыңды асырып, мерейіңді тасытқандай күш береді. Бұндай әдеби мұралар, бізге жақсы өлеңнің үлгісін көрсетіп қана қоймай, зерттеушісі мен іздеушісіне мол тарихи дерек бере алуымен құнды. Айталық, осы жырдағы Қабанбайдың қырғызды шауып, Әтеке Жырықтың басын алардағы Қубас атымен сырласқан тұсы, тұтас әдебиетіміздегі жырдың озық үлгісі ғана емес, жаугершілік заманның көрінісі ғана емес, алаштанудың, бұрнағы қазақтың қандай адамшылық жарасымда болғанының айқын айнасы. Міне, ежелгі әдеби жәдігерлер осындай құндылығымен қымбат. Оны жинау, зерттеу, уақыт ағысымен, заман сұранысымен жалғасып жүріп отыратын күрделі және тоқтаусыз жұмыс. Осы жолдағы жанкешті ғалымдарға қашанда сәттілік тілейміз.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар