Жақып МЫРЗАҚАН,
тарихшы-этнограф, жазушы-ғалым
- Жақып Бірлікұлы, сіз қазір кезде Қытай мен шетелдерге белгілі тарихшы-этнограф, жазушы-ғалымсыз. Алайда, сіз алғаш Қытайда тарихшы емес, әдебиетші, қаламгер ретінде танымал болыпсыз. Сіз әдебиетке қалай келдіңіз?
- Бала кезімде әңгіме тыңдауға құмар болдым. Әкем – Бірлік мені еңбеккерлікке, шыдамды, табанды болуға тәрбиеледі. Шешем – Құрманқан ақын болып аты шықпаса да, өлең құмар кісі еді. Мені той-томалаққа, әсіресе, айтыстарға жиі апарып жүретін. Нағашы әжем ісмер, ертек айтуға өте шебер кісі еді. Нағашы ағам – Құрманәлі домбыра шертетін, Әсет пен Таңжарық өлеңдерін жатқа айтатын. Мен осы кісіден Әсет, Таңжарық өлеңдерін қағазға түсіріп алып жүрдім. Орталау мектеп оқып жүрген кезімде-ақ менің тарих және әдебиет пәніне деген қызығуым бөлекше болды. Ұстаздарымның сабақ өтуінде де адамды өзіне баурау қуаты болғанын айту қажет. Мектепте тарих мұғалімі Жұман Ыбырайымұлының дүние тарихындағы ірі оқиғалар, құлдар, шаруалар көтерілістері және олардың көсемдері жөніндегі қызықты әңгімелері мені өзіне қатты баурайтын. Ал енді әдебиет пәнінен оқытушымыз Оразбай Камалиұлының сабақ өту әдісі тіптен бөлек еді. Ол кезде біздің оқулықтарымыз түгел дерлік Қазақстаннан келетін. Оразбай мұғалім осы оқулықтағы сабақ мазмұндарына бірлестіріп әлем әдебиеті алыптарының, әсіресе, орыстың ұлы жазушыларының шығармаларын және Қазақстан ақын-жазушыларының өмірі мен жасампаздығы туралы майын тамызып әңгімелеп беретін. Жақсы ұстаз – асыл қазына-үлгі. Әсіресе, бастауыш, орта мектеп мұғалімдерінің білімі мен салауаты өзінің оқушыларына ерекше ықпал жасайды. Бұл – өз басымнан кешірген өмір тәжірибем. 1955 жылы Іленің Сүйдің ауданынан орта мектепті бітіріп, Үрімжіге келіп Шыңжаң университетіне (олкезде иниститут болатын) оқуға түскенімде, менің таңдаған мамандығым – тарих болды. Ол кезде тарих пен жағрафия бір факультет еді. Шыңжаң университеті – Шыңжаңдағы ең ірі білім ордасы. Ондағы ханзу және әлем әдебиеті классиктерінің шығармаларын бар ынта-пейіліммен қызыға оқып, құныға үйрендім. Менің тырнақалды әдеби шығармалар (өлең, әңгіме) жазуым да осы кезде басталды.
– Ең алғаш жазған әдеби туындыңыз есіңізде ме?
– Ол есімде қалмапты. Бірақ, 1956 жылдан бастап үйреншік өлең, әңгіме жаза бастағанымды білемін.
– Университет бітіргеннен кейінгі еңбек жолыңызды қай жерден бастадыңыз?
– Біз 1958 жылы иниститут бітірсек те, сол тұстағы «стиль дұрыстау қозғалысы» және болат қорыту, темір жол төсеу науқандырына қатынасу салдарынан дер кезінде қызметке бөлінбей, 1959 жылы ақпанда Қытай ғылым академиясы Шыңжаң бөлімшесінің тарих зерттеу бөліміне жұмысқа тұрдым.
– Демек, сол кезден бастап тарихи зертеу жұмысымен айналысқан болдыңыз ғой?
– Академияның тарихи зерттеу бөліміне келіп орналассам да, сол кездегі қоғамдық жағдайдың себебінен тарих кәсібімен шұғылдану, әсіресе, ұлт тарихын зерттеумен айналысу қиынға соғып тұрған кез еді. Материал тапшы, қоғамдық орта қиын жағдайда, зерттеу жұмысы тұралаған... Ғылыми зерттеу нәтижелерін жариялайтын басылым не ғылыми журнал да жоқ. Сонымен, не керек, сол кездегі Академия бастығының орынбасары, тарих-этнография ғалымы Гу Бау мен секілді жастарды Шыңжаң университетіне ханзу тілін үйренуге жіберді. Одан кейін іле-шала Үрімжінің Қаратау (қазір Наншан деп атар жүр) өңіріне қоғамдық тексеруге аттандырды. Бұл барыста мен бір жағынан ханзу тілін үйреніп, қоғамдық тексеру естеліктерін жазсам, екінші жағынан, бала күнімнен қаныма сіңген халық ауыз әдебиетіне деген құштарлығым бойынша, қара өлең, мақал-мәтелдер, шешендік сөздер, аңыз әңгімелер, т.б. жинап жүрдім. Сөйтіп, қоғамдық өмірді үңіле зерттей бастадым. 1960 жылы «Шыңжаң газетінде» «Көркейю жолындағы ғылым ордасы» деген әдеби очеркімді басты. 1962 жылы «Шұғыла» журналының 5-ші санында «Жайлау гүлдері» атты көлемді әңгімем жарияланды. Демек ол кезде әдеби шығармаларды жарияланса да, ғылыми зерттеу, әсіресе, ұлт тарихына қатысты зерттеу жүргізу қиын шақ-тұғын. Сол себептен де мен қосымша кәсібім – әдебиет жасампаздығымен айналысуға шындап кірістім. «Мәдениет зор төңкерісі» деген алапат басталғанға дейін «Жайлау гүлдері», «Туған жер махаббаты», «Текес даласында», «Досыма хат» сияқты әңгіме-эсселерімді және «Туған жер жырлары», «Жаңа қала» қатарлы өлеңдерімді жарялап үлгірдім.
– Біздің білуімізше, сіз қытай қазақ әдебиетініде роман жанрына бірінші болып түрен салыпсыз. Мұндай талпыныс сізге қайдан келді?
– Жаңа өзіңе алғашқы қызмет жолымды қоғамдық тексеруден бастағанымды айтым ғой. Содан кейін мен 1962 жылдан 1963 жылдың соңына дейін екі жыл Іледе іссапарда болдым. Мұнда негізінен археологиялақ барлау мен археологиялық қазба жұмысына қатыстым. Осында жүргенде мен көп материалдарға ие болдым. Ел ішінен аңызға айналған адамдар туралы естіп, көп тарихи оқиғаларды жинадым. Бұл қордаланған материалдар мені бір кесек шығарма жазуға түртпектеді. Сонымен, 1964 жылы «Сахара қыраны» деген атпен повесть жаза бастағам. Ұйым мені сол жылы Қашқарға социалистік тәрбиеге жіберді. 1966 жылдың көктемінде, яғни «мәдениет зор төңкерісі» басталған кезде Үрімжіге қайтып келдім. Ол кезде «Байтал түгіл бас қайғы» дегендейін қолға қалам алудан қалдық. Осылайша «Сахара қыраны» аяқталмай қалды. 1971 жылдың соңынан 1972 жылдың көктеміне дейін Алтай аймағына жүргізілген қоғамдық тексеру жұмысына қатынасу барысында, Алтай өңірінің азаттықтың қарсаңы мен азаттықтың бастапқы (1949 жылдан 1952 жылды қамтиды) жылдарына қатысты қыруар материалдарға қол жеткізіп, Шыңжаң қазақтыры және Шыңжаң халқы басынан кешкен тарихи оқиғаларға өзім тікелей қанық болдым. Оны 1960 жылдың бас кезіндегі Үрімжі, Қаратау және Іле өңіріндегі қоғамдық тексеруден жиған әлгі повеске қатысты материалдарға ұштастыра толғандым. Сонымен, 1972 жылы Алтай сапарынан қайтып келгеннен кейін естіген-білгендерімді мұрағаттан көргендерімді салыстырып, романның композициялық құрылысына негіз қаладым. 1973 жылдың қаңтарынан бастап «Арман асуында» деген романның алғашқы нұсқасын жаза бастадым.
– Алғаш жазбақшы болған повесіңіз сіз жинаған қыруар метериалға шағындық жасаған болды ғой?
– Дұрыс айтасың. Он жылдан аса жинаған материалдарымнығ молдығы бұрынғы повесть жазу ойымнан айнытып, менің роман жазуыма еркін жол ашты...
– Жаңа бір сөзіңізде ол кезде қолға қалам алып шығарма жазу былай тұрсын «байтал түгіл бас қайғымен» болып кеткеніңізгі айтып қалдыңыз. «Арман асуынданы» сонда сіз қалай жаздыңыз?
– Толғағы піскен жасампаздық еңбекке өзің де тасқындаған жігермен кіріседі екенсің. Ондай кезде сен басыңа төнген қауіп-қатерден де қорықпайсың. Тап келген әрқандай қиыншылық пен кедергіні жеңіп шығуға да бекінеді екенсің. «Арман асуынданы» жазуда мен осындай көңіл күйде болдым. Сондықтан мен «мәдениет зор төңкерісі» сынды бұл ойран да құйындай тез өтіп кетеді деп сендім. Бірақ оның қара бораны мен ойлағандай емес, бір де үдеп, бір де бәсеңдеп соғып тұрып алған кезде сақтық керектігін де ойладым. Сонымен жазып жатқан романымды өзгелерден мүлде құпия ұстадым. Алғаш бұл сырымды бір ғана адамға, өзімнің өмірлік серігім Нұржамал Тәуірбековаға айттым. Ол менің ойламаған жерден бәлеге тап болуыма алаңдаса да, мені бүкіл ынта-пейілімен қолдады. Сол бір сүркейлі жылдары «сасық зиялы» саналып, «таптық құрамы жаман» деп қаралып, екеуіміз екі жақта тұрмыс қиыншылығынан тозып жүрген жағдайда да, ол менің «Арман асуынданы» алаңсыз жазуыма жағдай жаратты. Мұны айта берсек, әңгіме көп. Тіпті, қызмет ғимаратымызды солшылдарды қолдайтын әскери бөлімдерге босатып беріп, Шыңжаң Ғылым-техника комитетінің ғимаратына кірме болып отырғанбыз. Күндіз мен ел қатарлы дәстүрге айналған үйренулерге қатысамын. Ал әр күні кеште иен қалатын сол ғимараттың бірінші қабатындағы жұмыс бөлмемде, түнгі сағат 12-ге дейін тынбай жазатынмын.
«Арман асуынданы» осындай қиын жағдайда жаздым. Алайда алды түрмеге тоғытылып, арты қуғын-сүргінге тап болған аға буын немесе орта буын басым көп санды ақын-жазушыларға қарағанда менің күнім шынында «тәуір» еді. Маған жау көзбен қарап, мені табанға таптағысы келетін солақай белсенділерге өзім секілді «сенімсіз зиялылар» бірлесіп төтеп беруге біршама жетіліп қалған едік...
– «Арман асуында» романы арқылы қандай қоғамдық өмір суреттемек болдыңыз?
– Аталмыш романды жазу барысында, сол бір бұрылыс кезеңдегі, Үш аймақ (Іле, Тарбағатай және Алтай аймағы) төңкерісі жеңіске жеткен өңірдегі әр ұлт, әр таптың типтік өкілдерінің образын заманына сай сомдап шығу еді. Әсіресе, Іле өңіріндегі қазақтар жиі қоныстанған аудандардағы қоғамдық қайшылықтар мен күрестерді өз қалпында, заманына сай, өмірде бар нағыз адамдардан етіп жазуыма тура келетін. Бірақ оларды дәуірдің айнасы ретінде жазып шығу өте қиынға түсті. Ол кезде тарихи шындықты жазу, «ұлт намысын жырту» деген отпен ойнағанмен тең болатын. Осылайша үдей соғып тұрған «мәдениет зор төңкерісінің» қара бораны қаламымды «кібіртіктетуге» мәжбүрлейтін. Дегенмен мұндай кезде менің зерттеушілігім жақсы ес қатты. Романға тарихи астар етіп отырған бұрылыс кезеңдегі күрделі де, бұраң тарихи оқиғалар маған біршама қанық болатын. Әсіресе, Шыңжаңның бейбіт жолмен азат болуы, Үш аймақ төңкерісінің Қытай компартиясының басшылығындағы Қытай төңкерісімен қалай тоғысқаны маған айдан анық еді. Егер сол бір бұрылыс кезеңін тарихи шындыққа сай көркем шығарма етіп шыға алсам, оны ешкімнің де өз білгенінше «сыбай» алмайтынына көзім жететін.
– Естуімізше, «Арман асуынданың» алғашқы қолжазбасы жазылып болған кезде-ақ Шыңжаң халық баспасы сізді іздеген екен. Олар сіздің ромнды жасырын жазып жүргеніңізді қалай біліп қойған?
– 1973 жылдың соңынала роман жазылып бола бере, әсіресе, 1950-ші жылдардың бастарындағы кейбір тарихи оқиғаларды бедерлеуге тура келгенде аздап дүдәмал жағдайларға да кез болдым. Сонымен осы дәуір жағдайына қанық Жұман Ыбырайымұлы (алғашқы тарих мұғалімім) мен Әбдірешит Байболатов ағаларымнан сол кездегі қоғамдық, әлеуметтік, саяси жағдайларды сұрастырдым. «Шұғыла» жұрналына жауапты жұмыс істеп жүрген жазушы ағамыз Әбдірешит Байболатов 1974 жылдың көктемінде романның алғашқы нұсқасын жазып болған кезімде Шыңжаң халық баспсындағыларға айтқан көрінеді. Құдай оңдап, дәл сол кезде Дың Шау пиң (Дэн Сяо Пин) Орталықтың билігіне араласып, бүкіл ел ішіндегі ахуал жақсаруына үміт туған-ды. Бір күні сол кездегі Шыңжаң халық баспасынан бір кісі мені іздеп келіп: «Жә, бауырым, мен Әшікен деген ағаң боламын», – деді. «Сізді сырттай танимын дедім», - дедім мен. «Олай болса мен сені үлкен бұйымтаймен әдейі іздеп келіп отырмын, сен роман жазып бітіріпсің. Осы романыңды мемлекетіміз құрылғандығының 25 жылдығы, Іле қазақ автономиялы облысының 20 жылдығына арнайы шығарсақ деп, жоспарлап отырмыз. Алдымен маман көпшілік оқып көрсін. Егер сол топ «Мынаның жілігі татиды екен» деп, жатса, онан кейін өңдеп бірақ берсең жақсы емес пе!? Егер олар «жарамсыз» деп жатса сіз де асықпайсыз, біз де асықпаймыз», - деді. Мен келістім. Сонымен Оразбек Қанапин, Әбдіманап Әбеуұлы, Қалиолла Нұртазаұлы, Сұлтан Имаш, Шеризат Ысқақұлы, Әшікен қатарлы Шыңжаң халық баспасының қызметкерлері мен ақпарат, баспасөздің редакторлары бар, онға тарта адам келді. Олар романды ондаған күн оқып, одан соң талқылап, бір ауыздан баспаға әзірлеуге қосылды. Жалпы бағалаулары жаман болған жоқ. Олар тезірек өңдеп тапсыруымды талап етті. Өңдеп жатқан кезімде заман және құбылды, мен де үлгіртіп тапсырып бере алмадым. Сөйтіп, аумалы-төкпелі саяси жағдай және басқа да себептер салдарынан бұл роман ішінара өңделген қалпында қызмет столымның тартпасында 4 жыл құлыптаулы жатты.
– Одан кейін не болды?
– Партия Орталық комитетінің ХІ кезекті 3-мәжілісінен кейін ғылым мен әдебиет, көркемөнердің күндей жайнаған көктемі туды. Осындай тамаша жағдайда Шыңжаң халық баспасы мені қайта іздеді. Романның өңделген нұсқасын тез тапсыруымды ұсынды. Баспа жоспары 1978 жылдың ішінде романды автор жағынан қайта өңдеуден өткізіп, ресіми әзірлеп, 1979 жылы мемлекет мерекесінің 30 жылдығы мен Іле қазақ автономиялы облысының 25 жылдығы сынды қос торқалы тойға үлгіртіп, жарыққа шығару екен.
Осылайша 1978 жылдың көктемінде, Шыңжаң халық баспасы қазақ редакциясы Ғылажден Оспановты сол кездегі менің жұмыс мекемем – Шыңжаң ұлттарды зерттеу орнының басшылығына жіберді. Мақсат – менің «Арман асуынданы» дер кезінде қайта өңдеуіме жағдай туғызу. Менің сол кездегі бастығым Чыңхуа бұл өтінішті қолма-қол қанағаттандырды. Осылайша мен романды ұқыптылықпен қайта өңдеуге кірістім. 1978 жылы «Арман асуында» романы қатарынан екі рет өңдеуден өткен соң күзде баспаға тапсырылды. 1979 жылдың қазан айында ол кітап баспадан шығып, жыл соңында тарап кетті. «Арман асуында» сол кездің өзінде-ақ ел ішінде жақсы бағасын алды. Баспасөзде, электронды ақпарат құралдарында (ханзуша-қазақша екі тілде) жақсы дәріптелді. Әсіресе, әдебиет сыншылары мен журналистер тарапынан жоғары баға алды. Ең алдымен «Шыңжаң» (№12, 03.04.1980 ж.) газетінің тілшісі Тиейіңнің «Алғашқы гүл ашқанда» атты мақаласы (ханзу тілінде) жарияланды. Іле-шала «Шұғыла» (№3 санында, 1980 ж.) журналында әйгілі әдеби сыншысы, жазушы Әуелқан Қалиұлының «Еліміз қазағының тұңғыш романы» атты әдеби-сын мақаласы жарияланды. Шыңжаң халық радио станциясы мен Орталық радио станциясы тыңдарман қауымға әуе кеңестігі арқылы таратты. Әдебиетке шөліркеп жүрген қалың оқырман құшақ жая қарысы алды.
– Осы кезде сіз қандай көңіл күйде болдыңыз?
– Шынымды айтсам, сол кезде менің қуанышымда шек болмады. Әсіресе, менің айналамдағы дос-жарандарым, әдебиет шебіндегі қаламдастарым, туған-туыстарым тегіс менің қуанышыма ортақтасты. Шын жүректен құттықтаған, алғысқа толы көптеген хаттар тапсырып алдым. Олар менің жігерімді қайрап, шабытыма шабыт қосты. Әдебиет жасампаздығы мен ғылыми зертеуге тың тебінмен кірісуіме күш берді.
– Шыңжаң қазақ романдарының арасында «Арман асуында» бірінші болып ханзу тіліне тәржімаланыпты. Мұның сыры неде?
– Романның ханзу тіліне аударылуын Шыңжаң халық баспасы өзі жоспарға кіргізіпті. Тәржімалау міндетін қазақ тілін арнаулы үйренген шебер аудармашы, әдебиет пен мәдениет білгірі Яң Чіңшұн мырза мен белгілі ақын, фолклорист Жұман Әбішұлы мойындарына алыпты. Олар 1980 жылдан аудара бастаған. Бұл романнан Үрімжіде ханзу тілінде шығатын «Шыңжаң ұлттар әдебиеті» және «Шекара өңір» қатарлы әдеби журналдар 1981 жылы ұзақ-ұзақ үзінділер жариялады. 1982 жылы «Арман асуында» романы ханзутілінде мол таралыммен кітап болып шығып, қытай оқырмандарына жол тартты. Бір қызығы – сол жылы күзде Қытай жазушылар одағы мені ресіми мүшелікке қабылдағаны туралы хабар алдым. 1979 жылы Шыңжаң жазушылар одағының мүшелігіне қабылданған болатынмын. Сөйтіп мен 1983 жылдың соңы 1984 жылдың басында Бейжіңде ашылған Қытай жазушылар қоғамының IV құрылтайының қатысушысы болдым. Өйткені «Арман асуынданың» ханзу тілінде жариялануы мені ел ішіне кеңінен танытқан еді.
– Аталмыш романды ханзу оқырмандары қалай қабылдады?
– Өте жылы қабылдады. Ол туралы ханзудың кейбір әйгілі жазушылары мен әдебиет қайраткерлері жақсы лебіз білдіріп, беделді сыншылар әділ бағаларын берген еді. Мәселен, әйгілі моңғол жазушы, кезінде Қытай аз санды ұлт жазушылары Ғылыми қоғамының төрағасы Малшынху «Халық газетінде» («Rimin ribau», 24.12.1984 ж.) жарияланған мақаласында, еліміздегі ұсақ ұлт жазушыларының «Арман асуында» қатарлы шығармаларына тоқтала келіп: «Осылардың барлығы да ұлттық ерекшелік пен дәуір рухын ұштастыру жақтарындағы тың ізденіс және жасампаздық байқалады», - деп жоғары баға берді. Сол кездегі Шыңжаң әдебиет-көркемөнершілер бірлестігінің орынбасар төрағасы, әйгілі әдебиет сыншысы Уаң Жұңмиң мырза «Шыңжаң ұлттар әдебиеті» (1983 жылы) журналының бірінші нөмірінде жарияланған «Арман асуында» романына баға» деген мақаласында Лушин (Лушин (1881-1936 ж.) – қытайдың ұлы классик жазушысы. Ә.Ә.) және Белнсикийлердің роман жөніндегі тұжырымдарын алға тарта келіп: «Осы бір өлшемнен келгенде қазақ жазушысы Жақып Мырзақанов жазған «Арман асуында» романы еліміз қазақ әдебиеті тарихында бастамалық маңыз алады. Сонымен бірге ол еліміз қазіргі заман тарихында да өз сыбағасын алуға әбден татиды...». «Мұндағы ең бір маңызды түйін мынау. Бұл туынды Шыңжаңдағы үш аймақ төңкерісінің тарихына толық тұжырым жасап, төңкерістегі әр ұлт халқының Гоминдаң кертартпашыларының үстемдігіне қарсы шайқастағы күрес бағытының терең ықпалын тұрақтандырады...», «Арман асуында» тек Іле сахарасымен шектеліп отырған жоқ, оның көркемдік көрінісі тіпті де кең жатыр. Әбіл, Болат, Бекбосын, Нәсіп қатарлылар Іле қазақ сахарасында жасап отырғанымен, олардың қимылдарының сыр-сипаты бүкіл Шыңжаңдағы, тұтас Қытай азаттық күрес тарихын шарпып жатады...». «Романның эстетикалық бітімі жағындағы ізденістер өмір шындығы мен көркемдік шындықтың жоғары дәрежедегі бірлігін аңғартады», - деген мазмұндағы бағалары мен сол кезде танымайтын, тіпті романым жайлы әңгімелесіп те көрмеген бір әдебиет сыншысының «Арман асуынданы» мұқияттылықпен қайталай оқып, зерттеу негізінде жазған әділ бағасы деп білемін.
– Екінші романыңыз «Таңқурай» туралы да білгіміз келеді?
– Менің екінші романым «Таңқурай» өзіме ең қанық зиялылар өмірінен, әсіресе, ғылым саласындағы зиялылар тағдырынан жазылды. Мен бұл романды жазуға аяқ астынан келе қалғаным жоқ. 1974 жылы «Арман асуынданың» алғашқы қолжазбасы жазылып болған соң-ақ, еліміз қазақ зиялылар өмірінен бір кесек шығарма жазу жөнінде толғана бастадым. Ол кезде «мәдениет зор төңкерісі» әлі аяқтамаған. Бұл тақырыпта қалам тарытқанымда «стил дұрыстаудан» тартып «мәдениет зор төңкерісі» кезіне дейінгі солақай саясат дәурендеген кездегі бұрын құлақ естіп, көз көрмеген дейтіндей қиын тағдырға тап болған зиялылардың бүкіл ел халқымен бірге басынан кешірген оқиғалары желі болып тартылғандықтан, оның үстіне бұл кезеңнің, яғни қаңтардағы аяздай қатаң дәуірдің аяғы немен тынары белгісіз болғандықтан қайшылыққа толы қиял шүңетінде тұншығып жүрдім. Бұл романды жазуға, жазғанда да көне сүрдекпен емес, тың үрдіспен жазуға 1979 жылы бекіндім...
– Сіздің жазуышылықпен алаңсыз айналыса беруіңізге болар еді ғой, ғылым жолына түсіп кетуіңіздің себебі неде?
– Өмір маған кәсіптік жақтан екі жол тартты. Бәрінен де қызығы – менің алдымен қосымша кәсібім әдебиет жасампазыдығында табысқа жетуім. Бұған менің жазушылықтағы ерекше талантым себепші болды деп мақтанудан аулақпын. «Арман асуында» Қытай қазағының тұңғыш ромны атанып, мені атақ-абыройға бөлеген жылдары, расымды айтсам негізгі мамандығым тарихтан ат кекілін кесіп, кәсіптік жазушы болуды да ойладым. Шыңжаң жазушылар қоғамы да мені соған бейімдеп, Бейжіңге Лушүн әдебиет иниститутына оқуға жіберді. 1981 жылы осы Бейжіңде жаза бастадым, жазғанда да көсіле, еркін жаздым. Мені сол бір кезде талант иектеді десем артық болмайды. Бірақ 1985 жылдан кейін негізгі мамандығым – тарих зерттеуге, әсіресе, ұлтымыздың тарихымен этнографиясын зерттеуге мықтап кірісуіме тура келді. Кейбіреулер мені «Таңқурай» тартыс тудырғаннан кейін жазушылықтан суынды деп ойласа керек... Бірақ шынайы өмір одан өзгеше. «Ат айналып қазығын табады» дегендей, азамат та толысқан шағында үйренген мамандығына ойысады екен. Оның үстіне бұрынғыдай емес, саясат оңалып, тарих зерттеуге кең жол ашылған кез туды. Замана талабы, жоғары мектепте оқыған және қызмет барысында қыр соңына түсіп жинап-терген халықымыздың мәдениеті мен тарихына, этнографиясына қатысты қырыуар материалдар және қоғамдық орта (баяғы әр ұлт зерттермендері жиылған академия) менің тарихи зерттеуге шындап кірісуіме бағыттады. Бірақ шағын әдеби шығармалар жазуым тоқтамады, көлемді әдеби шығарма жазуға уақыт шығара алмадым. Оған 1989 жылдан бергі ілгері-кейін баспадан шыққан қазақ тарихы, этнографиясына қатысты зерттеу кітаптарым және көптеген ғылыми мақалаларым куә. Оның үстіне ондаған жылдар бойы Академияда басшылық қызмет өтеу барысындағы қарбаластық, әсіресе, қазақ тарихы, әдебиеті, мәдениеті тарихына қатысты бір неше мемлекеттік және Шыңжаң деңгейіндегі зерттеу тақырыбына жетекшілік еттім. Осыған орай баспадан шыққан бірнеше кесек ғылыми еңбектерге де бас редакторлық еттім. Алайда, мен 1962 жылдан бері жазған әңгімелерім мен эсселерімді «Дала гүлі» (1984 жылы) мен «Тағдырдың тартуы» (2010 жылы) атты екі жинаққа топтастырылып баспадан шығардым. Бұл – менің әдебиеттен бір жолата қол үзіп кетпегенімді білдірсе керек.
– «Жылтырағанның бәрі алтын емес» демекші, Қытай қазақ әдебиетінің дамуына шүкіршілік етсек те, кемшіліктері де жетіп-артылуы мүмкін. Осы туралы ойыңызды білсек?
– «Сын түзелмей мін түзелмейді» деп ата-баларымыз бекер айтпаған. Қытай қазақ әдебиетінің қазіргі өркендеу барысы, жеткен биігі, шыққан өресі жөнінде кеңінен, жан-жақтылы толғанатын кезеңге жеттік. Әдеби жасампаздықта қазірге дейін басылым көрген 70-тен аса романның көбінде ешқандай баға берілген жоқ. Ал ауызға алынбағанның бәрі нашар, жарақсыз деуге болмайды. Сондай-ақ бірнеше әдеби-сын мақала жазылса оны таңдаулы роман деуден де аулақпыз. Дегенмен, қалай дегенде де, ауызға ілінгені, талас-тартысқа түскені жақсы.
Бүгінгі әдебиетімізге «шүкіршілік» айтатын қақымыз бар. Бірақ кетіп жатқан кемістіктер де аз емес. Өз басым жүз пайыз жақсы деу де, ілікке алғысыз қып жоққа шығару да дұрыс емес деген ойдамын. Кезінде арнайы ғылыми талқы жиында оқылып, одан соң «Шұғыла» журналында жарияланған «Роман жасампаздығы жөніндегі ойларым» атты мақаламда, әдебиет сыны, әсіресе, романдарды бағалау жөніндегі ойларымды айтқан едім. Кейінгі кезде жазылған әдебиет сыны жөніндегі еңбектерде менің осы мақаламды «үлгі болатын» әдеби-сын мақалалардың қатарына қойыпты. Мен әлі де осы мақаламдағы ойларымда қаламын. Бұл арада біреуін ғана алға тартсам, мен «мәдениет төңкерісі» тұсында немесе ол жаңа аяқтаған кезде жазылған, баспадан шыққан романдарға сол бір дәуір тұрғысынан әділ баға беруді көтердім. Өйткені ол шығармаларға сол дәуірдің өшпес таңбасы басылған. Бұл біз мойындауға тиісті «ащы шындық». Олар Жұмабай Біләлұлының «Жондағы жорықтары», Оразхан Ахметовтың «Өзгерген өнірі», Оразбек Әбілұлының «Ұстазы», Ғалым Қанапияұлының «Бұрқасыны», Тұрсынәлі Ырыскелдиевтің «Тасқыны» және басқалар әдебиет тарихымыздағы орны бір бөлек шығармалар. Әдебиетіміздің қазіргі даму, шыққан биігі (трилогия мен эпопеялар дүниеге келуі) тегіс сол кездегі жеткен жетістігіміздің заңды жалғасы.
Ең маңыздысы – дұрыс, әділ көзқарас қана әдебиет сынымыздың дұрыс арнамен дамуына жол ашады. Бұл үшін әдебиет сынындағы түрлі пендешіліктен сақтануымыз керек.
– «Алдыңғы буын ағалар, кейінгі буын інілер» демекші, өзіңіздің соңыннан ілескен жас ақын-жазушылар туралы пікіріңізді білсек...
– Жас ақын-жазушылардың шығармаларын мүмкіндігінше көбірек танып-білуге тырысамын. Өткені олар – болашағымыз. Әрине, бәрін оқып отыруға мұрша да жоқ. Ал болашағынан үміт күттіріп жүрген жас талат иелеріне ерекше ыстық ықыласпен қарап, олардың шығармалары қолыма тисе-ақ оқимын. Атамыз қазақ «Отызда орда бұзбасаң, қырқыңда қырдан аса алмайсың» деп бекер айтпаған. Қазір кейінгі ақын-жазушыларымыздың алды бүкіл елге танымал ақын-жазушыларға айналды. Бұл бізді неге қуантпасқа?! Олардың жасампаздықтағы тың серпінін, жалындаған жігерін көріп қуанасың. Мәселен, прозаны алсақ Әкбар Мәжитұлы, Шәміс Құмарұлы, Ақан Сейітқамзаұлы, Шаймұрат Қамзаұлы, Болат Кәрібаев, Құрманәлі Жүнісқанов, Мәулітқан Әбілғазыұлы, Еркеш Құрманбекқызы, Қайша Тәбәракқызы, Қырбақ Нұрғалиев т.б. Бұлардың кейбіреуі 3-4 роман беріп үлгірді. Ал кейбіреуінің жазу шеберлігі тіпті әйбат. Оларды өзге ұлттар, тіпті, шетел таныды. Бұлардың арасындағы Ә.Мәжитұлы, Е.Құрманбекқызы, Қ.Тәбәракқызы қатарлылар ханзу тілінде жазып кеңінен танылған және мемлекеттік сыйлықтарға ие болған қос тілді жазушыларымыз саналады. Олар қазір басқа қазақ жазушылары мен зертеушілерінің шығармаларын ханзу тіліне тәржімалап бүкіл елге және өзге ұлттарға таныстыруда да тамаша табыстарға қол жеткізді. Енді бұлардың соңынан шыққан талай жас талант иелеріміз тағы бар...
Жас ақындарымыздың қатары мол, ізденіс жолы кең болғандықтан бұл сұхбатта олар жөнінде арнаулы тоқталмайын. Дегенмен мен Балапан Рабатов, Сәулет Тоқтыбаев, Ыдырыс Әділқанов, Тәпей Қайысқанұлы, Біліспек Әбдіразақ, Қабай Сүлейменұлы, Сәрсен Ақанбекұлы, Жеңісқан Түсіпұлы, Бауыржан Шормақұлы, Азия Мағыперқызы, Серік Әбілұлы, Гүлнар Қуанбекқызы, Нұрболат Әбдіқадырұлы қатарлы бір топ ізденгіш жас ақын-жазушыларымыздың болашағынан үлкен үміт күтемін.
– Әңгімеңізге рахмет, аға!
Сұхбатты жүргізген Әлімжан ӘШІМҰЛЫ
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.