Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӨНЕР
Ағайынды Люмьерлер...

22.03.2022 3957

Ағайынды Люмьерлер 14+

Ағайынды Люмьерлер - adebiportal.kz

22 наурыз түркі халықтары үшін ұлыстың ұлы күні. Айдан аман, жылдан есен шығып, көктемнің көкөзек шағына жеткен олар, міне, арқа-жарқа болып Наурыз мейрамын тойлап жатыр. 22 наурыз – әлемдік кинематограф тарихында да ұлық дата. 1895 жылы дәл осы күні Парижде үлкен экраннан тарихтағы тұңғыш кинофильм көрсетіледі. Бас-аяғы 42 секундтық қысқа метражды деректі кинокартина «Зауыттан шыққан жұмыскерлер» деп аталады. Авторы – ағайынды Люмьерлер.

Фильм Лиондағы Сен-Виктор көшесіндегі 25 үйде орналасқан Люмьерлердің өз фабрикаларының қақпасы алдында түсірілген болатын. Кейін ағайынды жігіттердің үлкені – қай шаруаны да дөңгелентіп әкететін шебер ұйымдастырушы Огюст Луи Мари Николя Люмьер мен кішісі – «Синематограф» аппаратын жасаған өнертапқыш Луи Жан Люмьердің елгезектігі арқасында, «Зауыттан шыққан жұмыскерлер» Париждегі «Гран-кафенің» жертөлесінде өткен алғашқы ақылы киносеанс ұсынымы ретінде де тарихта қалады.

Жұмыскерлердің зауыттан шығып үйді-үйіне тарай бастаған сәтін көрсететін сюжеттің үш түрлі түсірілімі сақталған екен. Атақты француз кнорежиссері Бертран Таверьненің айтуынша, ағайынды Люмьерлер сеанстарда осылардың қолға іліккенін алып көрсете береді екен. Сөзінің дәлелі ретінде жарықтың өзгеруін, ағаш көлеңкелерінің қою-сұйық болып құбылатынын көлденең тартады. Сондай-ақ кадрда пайда болатын иттер, велосипедші мен атарбалар бізге жеткен үш нұсқаның бірінде бар, бірінде жоқ. Демек, жұмыскерлермен түсірілім жайын алдын-ала келісіп, дубль жайын пысықтап алған Люмьерлер фабрикадан шыққан адамдарды күні бойы таспаға басқан деп болжауға болады.

Ағайынды Люмьерлер 1895-1898 жылдар аралығында ұзын ырғасы 1800 лента жазыпты. Сөйтіп кино тарихында қалуы тиіс қыруар байлықты 1946 жылы өз қолдарымен әкеліп Француз синематикасына тапсырған.

Тұңғыш кинодан бөлек, тарихтағы тұңғыш кинопостер де ағайынды Люмьерлерге тиесілі. Ол – 1895 жылы 28 желтоқсанда көрсетілмек киноның анонсы еді. Онда Капуцинок Бульварындағы Гранд Кафе алдында киносеансқа жиналған адамдар тобы бейнеленген. Осы кинопостер 2018 жылы Сотбис аукцион үйінде сатылымға шығарылған екен. Сөйтіп арғы-бергі тарихта бәсеке-саудаға қойылған плокаттар арасында рекорд орнатып, 160 000 фунтка сатылады.

Ағайынды Люмьерлердің қолынан шыққан екінші атақты кинопостер – 1895 жылы «Су болған суарушы» фильмінің жарнамасы. Бұл туынды постер арқылы тәп-тәуір түсім әкелген алғашқы бас-аяғы бүтін қысқа метражды фильм саналады.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар