Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӨЗ СӨЗІМ
Ағайынның азары болса да, безері болмайды...

17.01.2023 2707

Ағайынның азары болса да, безері болмайды 14+

Ағайынның азары болса да, безері болмайды - adebiportal.kz

Қабдеш Жұмаділов екеуміз ҚХР Шыңжаң Шәуешек қаласының тумасымыз. Шәуешек гимназиясында Қабең 1953-1954 жылдары, мен 1956-1958 жылдары іркес-тіркес сол білім ордасынан оқу бітірдік. Оқушы кезінде-ақ қаламынан үміт күттірген жас талант иесінің «Жамал» атты әңгімесін «Шыңжаң искусствосы» (Қазіргі «Шұғыла») журналының 1953 жылғы санынан оқығаным әлі есімде. 

Әдебиет әлеміне әуелде поэзияға бұрау салған жас қаламгердің сол кездің өзінде сол ортада салтқа айналып бара жатқан ауқымдық ұран-айғайдан бөлекшелеу келген көркемдігі басым өлеңдері жалт етіп көрініп қалып жүрді. Осы аралықта Қытай-Кеңес екі елдің өзара студент алмасу ыңғайымен Қабдешті туған топырақ алақан жайып, ел жұрт батасын беріп Алматыға оқуға аттандырып салды. Осылайша бағы жанып өркениеті өрге ұмтылған елге құтты қадам тастаған жерлесіммен мен 1958-1959 жылдары Шыңжаң университетінде оқып жүрген кезімде, ара-тұра өлке дәрежелі «Шыңжаң газетінің» әдебиет арнасына өлең-әңгімелер ұсынып жүрген сәттердің бірінде жүздесе кеттім.

Қабдешті бүкіл Қытай елі бойынша дабылы жер сілкіген (Стиль дұрыстау) науқанына қатыстыру үшін Алматыдан қайтарып әкеліп, «Шыңжаң газеті» қазақ редакциясына жұмысқа орналастырып қойған екен. Осының алдында ғана сол газетте басылым көрген бір әңгімемнің қаламақысынан дәметіп редакцияның есігін аттағаным сол еді, бөлім меңгерушісі жазушы Қайролла Баянбайұлы өзімен қатарлас отырған бітім-тұрқы орта бойлының әдемісі, толықша, иықты келген, кең маңдайлы, сұлуша мойыл өңдес жігітті меңзеп маған: « Әдебиет бетінің редакторы, шәуешектік жерлесің Қабдеш Жұмаділ дейтін азамат, танысып қойыңдар», - деді.

Ол жылдары экономикасы толық есейе қоймаған Қытай зиялыларының үстінде етегінен тартып омыраудың өргі тұсы кеңірдекке дейін қаз қатар түймелер самсыған төрт қалталы тік жаға шапаншалар болушы еді, үстінде сырт көзге таңсық үлгіде иықтарын керіп түскен сұр жирен костюм мен бүктесіні пышақтың қырындай сындырылған күрең сымды, маңғаз отырған Қабдеш екеуміз саусақ айқастырдық.

Екеуара ағайындық ілтипат осылай басталды. Шәуешекте Қабдешпен қатарлас қалам тартқан сол кездің өзінде «Шытырманнан шыңға» дастаны шыққан Төлебек Жақыпбаев дейтін еті тірі, тентек қимылды ақын жігіт болушы еді, оны да сол тұстағы саяси желеміктің үрдесіні Алматыдан қайта ықтатып Үрімжіге әкеліп тастаған екен. Аласа бойлы, шұңғыл көз, құс мұрын, өрт жүзді жігіт біз оқыған университет асханасының отын жағып болып, кешінде өн-бойын сілекейлеген көмірдің қағын сілкіп тастап, көрер көзге олдағы костюммын қатырып киіп, қаздиып тұра қалушы еді. Осылайша қағуылға жолыққан шәуешектік екі сері ажарын сындырмай күнелтіп жатты.

Қытай қазақ оқымыстылары іріктеліп топтасқан Үрімжі қаласының оқу-ағарту, мәдениет базарының қайнаған ортасынан Қабдеш аса сабырлы әрі орнықты мінезімен осылай орын тебе бастады. Бұл тұстары Қабдеш сырттай аңдуылда секілді болғанымен өлкелік партком орган газетінің (қазақ бөлімі) тізгінін ұстаушы өзі жазушы, әйгілі журналист абыройлы қоғам қайраткері, тегі шәуешектік Бұлантай Досжанинның септемелеп болсада іштей қорғаштауында болды. Айталық өлкелік үкімет жетекшілерінің бірі Ануар Жакулин, меңгерме дәрежелі міндеті бар Мағауия Жакулин, Жағда Бабалықұлы, Пәтқан Сүгірбаев сынды қоғам қайраткерлері мен қара қазаны қайнап асып төгіліп жататын Үрімжі сынды үлкен ортаның бас қосар тиянағы – Бұлантайдың үйінде, өзгеде үйір-шүйір кезде де Қабдешті Бөкең қанат астына алып отырды. Осының өзі Қабдештің кейін қаламына арқау болған Шыңжаң қоғамының арғы-бергі тарихи өткелектерге сауатты болуына дәнекер болғанын солардың аузынан естігенім бар еді. Қабдештің небәрі жалғыз төсек қойылған жұпыны тұрағына Үрімжідегі әр сала білім ордасы, университеттер мен жоғары білімдік мекемелер төңірегігдегі жас ақын-жазушылар келіп-кетіп бас қосып тұрды, жүйеден менің өз басымда бір шоғыр елеулі жеткіншек қаламгарлермен сол кісінің тұрағында тұмсық тиістірген кездерім болды, міне сөйтіп Қабдеш екеуміз көпкөрім үйірлесе бастадық.

1959-1960 жылдар тұсында Қытайда жалпы беттік зобалаң тудырған сыртқы себептермен қоса ішкі жақтан киіп әкеткен (Зор секіру, халық коммунасын құру) қозғалаңның зардабынан бүкіл миллиардтар қауымы күнделік күнкөріс, азық-түлік, киім-кешек сынды тұрмыстық жақтардан ауыр таршылық көрді. Сол қысталаң мезетте қысқы демалыс арасында Шәуешекке, ел жаққа барып қайтқан жолы ағамыз Омарғазы Айтанұлының еске салуымен жер-көктен іздесең таппайтын екі шөлмек ақ арақ және қол жасаған темекі ала келгем. Бір күні факультет кеңсесінің телефонынан Қабеңнің қоңыр даусы қоңыраулап қоя берді: «Омарғазы сен әкелген Шәуешектің Жүнжінін (ақ арақ) ұрттап, темекі түтінін иіскеп көп-көрім көбеңсіп қалдым дейді. Екі ағаңды бөлектегенің қалай?!»

Мен: «Сіздің де сыбағаңыз дайын тұр», - дедім. Күн аралатып барып ауылдың дәмін Қабеңнің қолына тигіздім. Өң-тұрқы жадырап: «Осындағылар аштыға улап жүр, аузыңнан шығарма!», - деді де, тартпасына сүңгітіп жіберді.

Осыдан кейін арттағы отбасылық жағдайдың шырмауымен университетті бітірмей кері бұрылдым. Әдетте ертеңімнен үмітті жүретін ел ағасы Бұлантай Досжан мені газетке жұмысқа алып қалмақшы болып еді, университет диплом беруден бас тартты.

Елге қайттым. Алдымда сыбағам тосып тұр екен... 1960 жылдар тұсындағы жалды миллиардтар жұртының басына бұлт болып үйіріліп шыға келген селебенің сеңіне тоғытылдым, әрине сол сең Қабдешті де құтқармады. Десе де бір әредекте арада азғана уақыт хабарсыз кеткен жерлесімді ақын Жабайыл Бейсеннен Шәуешекке келді деп естіп, 1962 жылдың ақпан айында ептеп ауылдағы ауыр еңбектен қысқа мұрсатпен сытылып шығып сәлемдестім. Қаланың қақ ортасындағы ұйғыр мешітімен іргелес түскен байырғы қазақша бастауыш мектепте дәл сабақ үстінде тұрған Қабеңе кіріп бардым, жерлесім алшы түскен асық секілді толықша денесін қаздитып сабақ өтіп тұр екен. Балаларды қара доскаға алдаусыратты да залға шықты, құшақтасып жүздестік. Қолма-қол үйіне ертіп барды, шешесі және Мәжит дейтін інісі болып бір ауызды там үйде ел қатарлы күн өткізіп жатқан Қабеңмен жазатайым матқапы тұста қысқа қайырым ғана тілдесіп қайттым.

٭٭٭

Арада арсы-күрсі толқынысқа толы жылдар аунап жатты. Қазақ елі топырағының дәм-тұзы шырқ үйірген Қабдештің атақ-даңқы сол елдің әдебиет кеңістігінің бір қиығында өзіндік сәулемен көзге түсті, тағы бір тұрғыдан оның кең өрісті прозасы қытай оқырмандарына да жетіп үлгірді. «Көкжиек» атты әлем әдебиетін бүкіл қытай төңірегіне тіпті өзге де шет жұртқа таныстырып тұратын басылымда Қабдеш шығармалары ара-тұра базар тауып тұрды.

Осыдан қырық жыл өткен соң Қабеңнің кіндік қаны тамған киелі топыраққа қайта айналып келіп аунап-қунап қайтқан тұсы менің қара шаңырағымның аса ауыр қаралы шағына тура келді, шешеміз ертерек дүние салған соң алды балиғаттан енді асқан екі ұл, екі қызға әрі әке, әрі шеше бола жүріп, менің университетке дейін білім алып есейіп-ержетуіме қан-терін төккен әкеміз дәл сол Қабдеш Шәуешекке келген тұста 92 жасында дүниеден өтті. Отбасымдағы әйелімнен тартып өзге бала шағалар (қараша дейтін іргелі жұрттың үздік-создық келімді-кетімді кісілердің көңіл айтып, құран оқу сынды салт-дәстүріне маталып) Шәуешектен алыс, тау жаққа жолаушылап кеткен еді.

Мен «Тарбағатай» атты әдеби журналдың бас редакторы болғандығым әрі сол журналдың кезекті санының таралымын қолымнан өткізу үшін мекеме табалдырығын аттаған уақытым Қабдештің Шәуешектегі сәтіне тура келді. Алыстан келген ағайынға отбасыма шақырып дәм татыру мүмкіндігі болмағандығы салдарынан аман-сәлемнің ыңғайы келмей екіұдай жүргенде, бір ретте ол кісінің гимназиядағы парталас сабақтасы, менің де досым аймақтық педколледждың ғылыми жетекшісі Сейіт дейтін азамат еркіме қоймастан Қабеңе бола жайылған дастарқанға дедектетіп алып барды. Айналасын аңдуылдап түгендеп отыратын зерек кісі бұл қалаға келгеннен бері Жұмабай сынды сол ортаның белгілі азаматының көзіне түсе қоймағандығын көңіліне әлде қашан бүккен секілді, салқын ғана тілдестік. Арамыздағы алғашқы диалог былай басталды: 

Қадірлі мейманға табақ тартылар алды, Қабдеш қолына су құйып жатқан қимылы ширақы, пысық жігіг белгілі ақын Алмас Ахметбекұлының жөн-жосығын сұрай қалды, қапелімде көмей қуысымнан қаңғылестеп келіп қалған түймедей қақырықты ыршытып жібердім: «Қабе, өзіңіз әлгі бір романыңызда орыстар «Хорошо-хорошо десе – қарашаға бір сойқан» - десіп арғы беттен – бергі бетке үрке жөнелген сол қараша дейтін елдің тұқымы», - деп едім, Қабдеш ыңғайсыздау бір бейнеде: «Ол естіген құлақ қой» - деп қос қолын сүле-сапа бір бейнеде орамалға сүйкеген секілді болды, мен тағы да өзімде сол қарашаның бір түтіні болған соң қаныма қызып әзілдеп қана: «Тегінде құлағыңыз қақас емес секілді еді ғой», - деп салдым. Көп жылдар кезікпеген ағайын ара алғашқы салқын лебіз осылай жаяу борасындап қана шаң көтерді.

Міне солай Қытайдың бауырмал жұрты алыстан ғана қаламының шытырын құмарта естіген, ал енді болса сағынып көрген қолтумасын кезектеп қолқусырып қошаметтеп жатқанда мен әкем Біләлға бағышталған бақи дүниесінің сауабымен жүріп, жалғыз қадаулап сырттап қалғаным – ол кісінің өкпесіне жел кіргізді.

Сөйткен жерлесіммен ендігі ара қатынас былай басталды. 1994 жылы Дүниежүзі қазақтарының екінші реткі құрылтайына Қытай жақтан келген делегация құрамында бірнеше қазақ қаламгерлері келдік. Қазақстан қонақ үйінде бір күн еру болдық. Сол аралықта Қабдешпен Қытайда қызметтес болған Батырхан Құсбегин менің бөлмеме келіп, Қабдешке аман-сәлем жасау үшін бірге баруға бұйымтай тастады, табалдырық аттадық. Әдеттегі қарапайым жолаушылық дастарқан үстінде Қабдеш Қытай қазақ ақын-жазушыларының беталысы, кәсіптік деңгейі секілділерді, солардың ішінде прозада кімдердің Қытай оқырмандарының марапат-мадағына ілініп жүргенін төтелеп сұрай қалды. Аузына келгенді сар еткізіп құса салатын паруайсыз Батырхан: «Кезінде өзіңмен қатарлас қалам ұстаған мына жуан сіңірлердің алды – көп томдық романдар, арты – молаңдап әңгіме-повестер дегенді шоғыр-шоғырымен бұрқ еткіздік, білгің келіп отырса мына менің қасымдағы Жұмабайдың қаламы түрткен туындысын қытайлар іздеп жүріп тәржімалап алады да, қайта-қайта марапаттап жатады, күні бүгін қытайға жаққанның бірі – осы Жұмабай ғана болып тұр», - деді. Бәкең осылай байқаусызда мені мақтаған болып Қытай десе жүрек соғысы кеуде қуысын текпілейтін Қабдештің отына май тамызды. 

Қалам қағысы дәстүрлі көркем прозаның үйреншікті аңғарында қалып қойған тар пейілді пенденің бірі, досым Құсбегин Қабдешті менен үркітіп тастап, өзінің кеуде сарайын кеңітіп алды.

Осыдан кейінде Қабеңмен ағайын-ара қатынасымызға жарықшақ түсіретін ұсақ-түйек не қилы зілсіз күбір-сыбырдың қыдырып жүргенін әр кез құлағым шалып қалып жүрді.

Бір реткі осы Алматыда кілең қандастар бас қосқан дастарқан үстінде, тегі сол қытайлық, бұл жақта бәйге алып жүрген әлгі бір айтыс ақыны өзінің Қытайға барған сапарында «Жел шығыстан тұрғанда» романымды оқығаны туралы Қабдешке: «Жұмабай Біләл сол романында 1962 жылғы Шәуешек халқының Қазақстан жеріне босқындығы туралы елеулі тұжырым көтерген екен, бірақ Шәуешек халқының қотарыла көшуін мен өз қолыммен ұйыстырып едім деуші едіңіз, Жұмабай сіз туралы ауыз ашпаған екен», - деп қана ағайынды екеуміздің араымызға сыбай-солтаң үрдесін тастап кеткенін өз аузынан естігенім бар.

1962 жылғы дүрбелең туралы мына бір әңгіме әлі есімде. Сол жолғы үркіннен кейін екі ел адамдарының ара қатынасы ұзақ жылдар тосырқап қалған бір мезетте, 1990 жылдардың ортасында Қытай жаққа алғаш ат ізін салғанның бірі болып тегі шәуешектік Заманбек Жәкенов деген жазушы ел аралап қыдырып қайтты. Жақын рулас кісінің Асылбек дейтін бауырымен бірге оқып едім. Сол себепті Зәкең менің үйімде қонақта болды. Ал кейінірек менің Алматыға келгенімді естіп, Заманбек аспа-төк мол дастарқан жайып Алматыға бұрынырақ Шәуешектен келген ақсақалдардың басын қосып, жерлестер ара өткен-кеткен әңгіменің арқауын ширатты. Шай арасы алғашқы дамыл кезі. Кең залға шығып қысыр кеңес қызған бір тұста оның да тегі шәуешектік, арғы атасы Еңсе қажы, ал оның баласы Таңғыт Дөрбілжін дейтін ауданның үкірдайы (аудан әкімі) міндетін ұзақ жылдар бойы арқалаған аты шулы кісінің баласы Айыпқан дәрігер әйгілі ғалым, қоғам қайраткері Жағда Бабалықұлы ақсақалға: «Жақа 1961 жылы сіз маған «Ата-бабаң өскен жер, туған елің Дөрбілжінге барып ептемелеп тиянақтап тұр, бірер жылдан кейін Кеңес үкіметі Қытаймен арадағы шекараны ашып, ондағы қазақтарды көпе-көрнеу өткізіп алуды бастайды, сен аса жасырын қимылдап алдын-ала қазақтарға іштей нәсихат жүргіз», - деп едіңіз. Ал мен «Ата-бабам ол жаққа бөгенайы әйгілі адамдар сезіліп қалуым әбден мүмкін» - деп сіздің тапсырмаңыздан бас тартқаным үшін бұл елге келіп күні бүгін аман-есен жүрмін ғой дегенде, сол үлкен топтың ортасында әңгіме естіп отырған Қабдештен үн шыққан жоқ. 

Менің жерлесім әрі сыныптас болған әйгілі ақын, атбегі, палуан, батыр жігіт отауыз шешен кісі Қажытай Ілиясұлы өз үйіндегі дастарқан үстінде: «Ей, Жұмабай мына отырған Қабдеш ағаңды Үржар өзенінен жаяу арқалап өткіздім», - дегенін де Қабдештің мырс етіп күлгені бар. Осы ұзақ жылдар бойы Қабдеш Жұмаділұлымен тек сырттай иек қағысып қана өтіп жүрдік, ауызба-ауыз кең отырып шүйіркелесудің мұрсаты келмеген сықылды болды. Солайда ол кісіні мен сырттай, тіпті қазірде силаумен келемін.

Әлгі Заманбек Жәкенов сол жолы қытайға барғанда Қабдештің Үрімжідегі кезінде сырттай таныстық беріп көңілдері жақын болған Гүлбану атты тарбағатайлық бойжеткеннің хабарын біліп беруді, егер мүмкіндік болса Қабдештің тапсыруымен онымен ауызба-ауыз тілдесіп қайту ойы бар екенін маған тапсырды. Әрине мен Қабдештің бұйымтайын қолма-қол жөнге келтірдім. Сенімді бір азамат арқылы шәуешектік арудың дерегі табылды. Қарапайым бір ауыл азаматына тұрмысқа шығып екі перзент сүйген Гүлбанудың ғұмыры қысқа болып, дүние салғандығын Заманбек естіп қайтты.

Деседе Қабдешпен бір жолы қысқа ғана тіл айқастырдық. Екінші реткі қазақ құрылтайы әредегінде Қабеңмен екі-үш адам әңгімелесе қалдық. Қасымдағы әлде кім Қабдештің жазу ғадеті туралы сөз қозғаған секілді болды. Қабең «Өзгені қойшы, жөні түзу бір қаламға жарымай жүрмін» - деп қалды.

Қалам демекші бойымдағы әдеттің бірі қалам құмарлық еді. Қалам шіркіннің де қолға тиді болды қамшы салдырмай ылпып отыратын ат секілдісі болады. Жазушылық тәжірибемде тап қазірде не қилы ұзақ жылғы су жорға қаламдардың елуден артығы қастерлеп сақтаулы тұр. Сол небір жебесі алтын, оқшантай сүңгісі күміспен күптелген, Қытайдағы, шетелдегі сапарларымда алдымен көзім түскен, қайдағы бір арқалы ат секілді қаламдарымның өзі жезұңғылы, қолға толымды әрі салмақты «Атом» маркалы біреуін қастерлеп алып жүргенмін. Қолма-қол Қабеңе сыйға тарттым. Мүмкін сол қалам ол кісінің қоймасында бүгінге дейін сақтаулы тұрған шығар.

Қабдеш Жұмаділов қам-қайғысыз, аса қастерлі алғашқы бақытты зәуренін кешкен Қытайдағы ел-жұртты қаламымен қалай қағытса да күні бүгін сол топырақтың құшағы жаюлы тұр. Мысалы тағы сол екінші реткі Дүниежүзі қазақтары құрылтайы Қытай делегациясы құрамында болған мезетте мен Қытай Жазушылар одағы құрметті жорасы салауатыммен және қасымдағы бір-екі жазушы арқылы үйірме бастығы Қытай орталық комитетінің кандидат мүшесі, Шынжаң саяси кеңесінің төрағасы Асхат Керімбайұлына Шәуешектің қолтумасы, Қазақстан Халық жазушысы Қабдеш Жүмаділовты төтелей арнайы құрметпен Қытайдағы ел-жұртқа барып қайтуға ұсыныс жасауға көндірдік. Асхат мырза айтқанымызды қабыл көріп, сол кездегі Тарбағатай аймағының уәлиі Қызайжанның шақыртуымен әйгілі ақын Жәркен Бөдешұлы екеуі аз күн Шәуешекте қыдырып қайтты. Сөйтіп қана сырттай және іштей сыйласып жүрген жерлесім Қабдеш Жұмаділовтың бір жолы: «Қазақ әдебиеті газетіне Жұмабайды жолатпаңдар, ол – қытайшыл!» - деп айғай салғаны бар. Недеуге болар... әрине, менің дәм татқан құдығыма түкіруді арым көтермейді.

Көп жақты білімді, мол тарихи сауатты, сөз ұшқыны қорғасындай ауыр аса шешен жерлесім Қабдеш Жұмаділов туралы бір реткі Өскемен сапарымда сонда шығатын «Дидар» газетіне берген сұхбатымда айтқан: «Қабдеш Жұмаділов қазіргі қазақ прозасы тұрғысынан алғанда ең санаулы классиктердің бірі» - деген сөзімді қайталағым келеді. Соңғы түйін ағайынның азары болса да, безері болмайды.

Жұмабай Біләлұлы 

Жұмабай Біләлұлы ҚХР жазушылар одағы VIII-IX құрылтайының тұрақты жорасы, Орталық Жазушылар одағы және Мәдениет министрі, мемлекеттік аз ұлттар әдебиет қоғамы, мемлекеттік ғылым академиясы сынды елеулі органдардың көп реткі марапатына ие болған, мемлекеттік еркеше степендия иегері. Қазақша он томдық, қытайша алты томдық шығармасы жарық көрген. ҚХР-ның бірінші дәрежелі жазушысы.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар