Оралда Сәкен Сейфуллин атындағы мектеп бар екен. Ауласы да, ғимараты да тап-тұйнақтай таза. Сынып бөлмелері де, зертхана, кітапханалары да, сауықжайлары да әп-әсем. Жатақханасының қай бөлмесіне бас сұқсаңыз да, қыздың жиған жүгіндей, көз жауын алады. Кіреберісте үлкен сурет жаймасы тұр. Орта тұсында бір бүлдіршін қыз меруерт тістерін ақситып, күлімсірей қарайды. Бет-әлпеті таныс көрінді. Жақын барып қарап едік, жас кезіндегі Ақұштап Бақтыгереева болып шықты. Сөйтсе, ол осы мектепті 1961 жылы бітіріпті.
Дәл осы жылдың күзінде Алматыда өткен бір әдеби кеш есімде қалыпты. Қыздар институтының бір топ талапкер жастары сахнаға көтеріліп, өлең оқыды. Арасында әлгі суреттегі баданадай тістерін тегіс ақситып, күлімсірей қарайтын аққұба бойжеткен де болған-ды. Әлі студенттен гөрі мектеп шәкіртіне көбірек ұқсап, үлбіреп тұрған-ды. Мөлт қара көйлегіне омыраулай құлаған қоңырқай ұзын бұрымына көзім түскен. Көйлегі қаншалық шымқай қара болса, өзі соншалық уыздай ақ еді. Неге екені белгісіз, жадыма әйгілі әнші айтатын «Жайықтың құба талы секілденіп» дейтін сөз орала кеткен-ді.
Өңіне көңіл тойып, өлеңіне құлақ тостық. Көзінің жылты мол, бет-әлпеті батыл көрінгенімен, үнінде жүрексінгендік бар. Ауыл, ана, албырт жастық шақ туралы ағынан ақтарыла айтқан ақпейіл сырлар. «Өзі де, сөзі де тым нәзік екен. Көктемнің қызғалдағындай тез құлпырып, тез солып қалып жүрмесе...» деп ойлағанмын ішімнен.
Арада он шақты жыл өтті. Киностудияға қызметке келсем, ол да сонда істейді екен. Әріптестер ретінде үйірсектік танытып, жазғандарын оқып беріп жүрді. Сөйтсем, ол жайындағы қызғалдақтай тез солып қалып жүре ме дегенім бекер болып шықты. Өзімен бірге өлеңі де есейіп келеді екен. Көп ұзамай қабырғалы қаламгер болып алды.
Әдетте, «Қыздың жолы жіңішке» деседі ғой. Ал әдебиетте ол тіптен қылдырықтанып кетеді білем. Арғы-бергіде талай таңдайынан жарылған апаларымыз болыпты. Тіпті, Сырымды, Абылды, Шалды, Біржанды, Нұржанды, Майкөтті, Жамбылды сөзден сүріндірген сұңғыла арулардың өлеңдегі ғұмырлары бірер айтыстан аса алмапты. Ондай жағдай тек бізде ғана емес екен. Байқап қарасаңыз, қара ормандай қалың орыс әдебиетінің өзінде «алтын ғасыр» атанған ХІХ ғасырда жырға арқау болған талай ару табылса да, өзі де жыр жазған ару кездесе қоймапты. Бір шоқ ақ қайыңдай арулар аллеясы тек ХХ ғасырдың бас шамасында ғана бой сылапты. Оған оқырман қауым да, жазарман қауым да ойда жоқта астана іргесіндегі қалың қарағайдан бір үйір бұлан шығып, Нева даңғылының бойымен жосыла шапқылап бара жатқандай айран-асыр қалыпты.
Таң қала, бас шайқағандар да, шамдана бас шайқағандар да аз болмапты. Ұрынарға қара таппай отырған әйгілі футурист Владимир Маяковский әдебиеттің «кесте тоқу» еместігін айтып осқырынса, әдебиет салонына аяқ аттаған бйожеткендердің қай-қайсысына да құрағыта қарағыштап баққан айтулы джентельмен Александр Блок ақын қарындастарының өлеңдерінен гөрі өздеріне көбірек көңіл аударған сыңайлы. Олардан гөрі әлдеқайда салқынқанды, дегдар кісі болған Валерий Брюсовтың өзі, басқаларды былай қойғанда, әу бастан-ақ өзін «бонопартистка» санап, жұлынып келген қияңқы мінез Марина Цветаеваның алғашқы жинағын оқығанда «қарабайыр тұрмыстың жай-жапсарына үйір үйжандылығына» айрықша көңіл бөліп, әрқилы «сүйкімді ұсақ-түйектерді» жазып, өз талантын «әдемі болғанымен, қажеті шамалы» қайдағы бір «ылдырмақ-шылдырмақтарға» сарп етіп жүрер ме екен деп сескеніпті. Ал алабөтен жылы қабақ танытқан Николай Гумилев пен Максимилиан Волошин М. Цветаева өлеңдеріне біреуі «махаббат аңсаған аңғалдығы» үшін, біреуі «жан-тәнімен қуанатын албырттығы» үшін, қысқасы, екеуі де «қыздардың сырын қалқысыз айтып бергендігі» үшін тәнті болыпты.
Қыз ақындарға көзқарас орыс әдебиетінде осындай болғанда бізде қандай болғандығын айтпай-ақ аңғара беруге болатындай. Көптің көкірегіне көптен орнығып қалған ондай көзқарасты жеріне жеткізе келеке қылған азуы алты қарыс Фариза ақын: «Не ақын болу керек, не қатын болу керек!» деп, біржолата тұқыртып, тұжырымдаған еді. Қалжың да болса, қатқыл, бопса болса да, батыл айтылған сөз. Бұзау тіс дойырдың ізіндей жон теріңді жонып түсіретін жойқын тұжырым.
Иә, әйелдер мен әдебиет, дәлірек айтқанда, әдебиеттегі әйел мәселесі сонау бағзы замандағы Сапфо ханымнан бермен қарай қызылшеке айтыс тудырумен келеді. Атақты драмашы Софокльдің «Әйелдердің ең басты көркі – үндемегені» деген сөзі мемлекетшілдіктің алғашқы қисыншысы Аристотельдің құлағына майдай жағыпты. Ол енгізген «мемлекет адамы», «мемлекеттік тұлға» ұғымдары ғасырлар бойы тек еркектерге қатысты қолданылып келіпті. Әйелдің көпшілік алдында суырылып сөйлеуі шектен шыққан көргенсіздік саналыпты. Әйелге біткен ділмарлық әлеумет басына қаралай қатер төндіретін сұмдық есептеліпті. Мұндай жағдайда әйел саясатта да, әдебиетте де, не тындыра алмақшы?!
Еркек тұрып, әйел сөйлегеннен безген қауым жалғыз ежелгі гректер болмаса керек. Бағзы бабалар мұндай жағдайды әйелді мансұқтау деп емес, қайта әспеттеу деп ұққан сыңайлы. Сырын әлі түгел ашып болмаған жабайы жаратылыспен күнбе-күн бетпе-бет кездесіп отырған атам заманғы қауымдарда әйелдер үй мен балалардың қасында ұстауды қорлағандық деп емес, қастерлегендік деп білген. Бала мен әйелдің басын қатерге тікпейтін бабалар оларды жау мен дауға салуды ел бетіне қарай алмастай масқара көрген. Әйелдің жау қайтаруы мен дау тоқтатуы қай заманда да күнбе-күн кездесетін үйреншікті іс болмағанға ұқсайды. Оқта-текте аса шетін жағдайларда ғана амалдық жоқтығынан жасалатын мейлінше төтен қылық ретінде аңызға айналып, ауыздан ауызға ілігіп жүрген түрі бар. Ежелгі әдебиет әр күн сайын әркімнің басында бола беретін жағдайларды атымен ауызға алмаған. Сондықтан да Эсхил мен Софокол таргедияларындағы әйелдерге тән қылық пен құлықты сол кездегі грек қауымындағы әйелдер үшін үйреншікті іс екен деп қалмаған дұрыс. Ол кездегі әйелдердің жағдайын олардан гөрі Софокольдің үндемейтін әйелдерді төбесіне көтерген әлгі бір ауыз сөзі әлдеқайда дөп жеткізіп тұрғандай. Әзелгі грек-рим өркениеті негізінде өрбіген Еуропа тарихында жау қайтарған Жанна Д'Арк қандай сирек болса, сонау Сапфоның бергі жағында ауызға іліккен ақын әйелдер де сондай сирек.
Сол ежелгі өркениеттік өрмектің бір тіні болып есептелетін орыс әдебиетінде осыдан жүз жылдай бұрын ақын әйелдер бірінен соң бірі бас көтере бастағанда қалған қауымның жайбарақат қарай алмауының басты себебі де сонда жатқан сияқты. Семсер ұстап, серке болып қалған ноян ақын бұл жағдайды әйелдердің айбалта ұстағанындай көріп, қатты шошынды. Сөз өнерінің қадір-қасиетіне әбден жетік ғұлама ақын әлеуметпен тек өрелі тақырыпта сөйлесуге тиісті өлең өнері бұдан былай үй ішінің күлді көмеш гөйгөйіне ауысып кете ме деп уайымдады. Жаңа дәуір әдебиеті жаңа мінез бен жаңа пиғыл қалыптастырады деп дәметкен екі елгезек ақын бұған дейін өз сырын өзі ғана біліп, өзгеге тіс жарып көрмеген қыздардың сыры енді қыздардың өз ауыздарымен айтыла бастағанын әрі қызықтады, әрі қуаттады.
Бұрын-соңды ұшыраса қоймаған бұндай оқшау оқиға өзге топырақтарға да тамыр сала бастады. Оған дейін өз сырларын тек Сағди, Хафиз, Низами, Науаи, Абайдың аузымен айтып келген Шығыс қыздары да ХХ ғасырда қаламға жармасты. Расында да, Низами мен Науаи тек Мәжнүн болып алабұртып қоймай, Ләйлі болып та үздігіп шер төкпеп пе еді?! «Ақылыңа сөзің сай, сіз – жалын шоқ, біз – бір май, ыстық сөзің кірді ішке, май тұра ма шыжымай... Көңілің тұрса бізді алып, шыныменен қозғалып, біз – қырғауыл, сіз – тұйғын, тояттай бер, кел де алып; тал жібектей оралып, гүл шыбықтай бұралып, салмағыңнан жаншылып, қалсын құмар бір қанып..." деп, қазақ да»асында талай қыз аңсағанымен, бірақ Абай секілді аузы барып айта алмап еді ғой.
Бұған олардың ХХ ғасырда ғана тәуекелдері тұра алды. Өйткені әуелі Батыстың әлеуметтік ойын дүркін-дүркін дүрліктіріп баққан феминизм Шығыс жартышардағы жағдайды да жайбарақат қалдыра қоймады. Әлемдік ауқымда етек жайып жатқан феминистік қозғалыс әуелі әйелдердің мұңын айтып, жылап-сықтаумен басталды. Одан әйел теңдігін көксеушілікке ұласты. Бірте-бірте жынысаралық текетірес әуені күшейе түсті. Келе-келе езуші тап – еркектерге қарсы наразылық сарыны орын ала бастады. Ар-тұра өткендігінің өшін алуға тырысатын әйелдік реваншизммен астасып тұрды. Қалпақ кигендердің ит терілерін бастарына қаптау үрдіске айналды. Ол кешегі кеңестік кеңістікте де шаң беріп қалып жүрді. Өмірде шашы желкесіне жетпейтін, езуінен едірейген шылымы кетпейтін, айғырдай азынап, буыршындай буырқанған әңгүдік жеңгейлер мен қарындастар қандай көбейсе, әдебиетте де әйелдердің қолынан шыққан бөріктілерді бөрідей бөріктіріп тастағысы келетін, қаралай екі иығын жұлып жеп, зіркілдей сөйлейтін «еркекжал» шығармалар көбейді. Ондай әдепсіздік айыпталудың орнына әспеттелді. Абырой болғанда, бұл сарын қазақ топырағында соншалық дәурен құра қойған жоқ.
Қазақ аруларынан шыққан ақындар әуелі ғасыр басындағы ағаларының сарынына түсіп, қолында бір басының билігі жоқ қыр қыздарының мұңын мұңдады. Сосын әйел теңдігі жолындағы күреске үндеді.
Алпысыншы жылдардан бастап әйелдер поэзиясы мұндай өзін-өзі алдарқататын өтірік идиллиядан арыла бастады. Ақын апа-қарындастарымыз қай заманда да оңай болмаған және болмайтын әйелдік тылсым тауқыметтерді ашық айта бастады. Өз сезіміне өзі жетекші бол алмай, дәйім басқаның емеурініне емексіп қалғандықтан, абайсыз опық жегізіп, алданып не арбалып, жер соғып қалатын баянсыз махаббат, жолы жіңішке әйел баласының табынып тұрғанына өзі барып табыса алмайтын, құмартып тұрып, құшағын аша алмайтын әрі ұялшақтық, әрі намысшыл тәкаппар махаббатының жай-жапсарын риясыз жайып салатын шыншыл шығармалар көбейді. Бұрын «төсек тақырыбы» деп қалтарыс қалдырылып келген тылсым перденің ар жағындағы жан тауқыметін жалтақтамай айта білген интимдік лирика тек поэзияның ғана емес, күллі әдебиетіміздің гуманистік уытын күшейте түсті. Қалтқысыз айтылған қыз сыры қазақ әдебиетінің де тартымды тарауына, ажарлы арнасына айналды.
Солай болуына көрер көзге қомақты үлес қосып келе жатқан айтулы тұлғаларымыздың бірі Ақұштап Бақтыгереева екендігіне ешкім дау айта қоймас. Оның жырлары біздің әдебиетіміздегі күні кешеге дейін үстемдік құрып келген тірілей ұшпаққа шыққан балалар мен жұмаққа жолыққан аналар туралы әлеуметтік көлгірліктен де, бүгін жан-жағымыздан жағадай бас көтеріп жатқан жыныстық антогонизм мен феминистік әулекіліктен де атымен ада.
Ол әйел тақырыбын ежелден бар жыныстық дихотомия арнасында қарастырумен шектелмейді. Әйелді тек интимдік қатынастардың бір тарабы ретінде қаузастырған гендерлік поэзия мен философия өрелі ұғымды өресіздендіріп, көрікті ұғымды көріксіздендіргеннен басқа ештеңе бітірмейді. Сондықтан да шынайы гуманистік әдебиет үшін ұлттық, нәсілдік, таптық тұйықталу қандай жат болса, жыныстық тұйықталушылық та сондай жат. Ақұштап Бақтыгереева – бұл ақиқатты жете түсінетін және мейлінше жақтайтын ақын. Ол әйелдер тақырыбына басым мағына беріп, баянды түрде зерделеп келеді.
Оның сонау балалық шақ туралы өлеңдерінің өзінде «Екі жарты – бір бүтін» жарастықтың қыр-сырлары нышан беріп отырады. Ұл орнында ұстап, «Ертең келіншек алып берем» деп еркелетіп өсірген әкесі мен қос бұрымы төгілген қыз болып шыққаны үшін кешірім сұрайтын өлеңінен басталатын қыз сырының нәзік өрмегі бүкіл шығармашылық жолының негізгі арқауына айналған. Ол алыстағы ауылын да «Іздерім қайда құмдағы су алып қайтқан құдықтан, алқызыл гүлдер қырдағы бантигім шығар ұмытқан» деп сағынады. Еркекшора болып көрінгісі келмей, дүниеге тек қыз көзімен үңілгісі келеді. Мойнындағы орамалын ала қашқан жүйрік жел қолынан қуыршағын жұлып алып, жылатып кететін көрші баланы еске салады. «Сол кездегі сенің тентек мінезіңді мен бүгін сағынам деп ойладым ба?» деп егілетін бүлдіршін қыз аймалаған жібек самалды да әлі бейтаныс ғашығының өзіне үздіккен сағынышындай көреді. Осындай балаң сезім бірте-бірте есейе түседі. «Әр үйдің бір-бір нәні едік, ақылға өзге көнбейтін, бәріміз онда бала едік, ұл-қыз деп ешкім бөлмейтін. Таласа кешіп көлдерді, жарыса шаптық жолдармен, бұл күнде мінез өзгерді, сотқарлық бірдей болғанмен... шинелін киіп атаның, жалына тұлпар жеттіңдер; толтырып аға қатарын, әскерге сендер кеттіңдер; қағысып қатар өскен ек, ендігі сырды қызғандық, қызғалдақ гүлін кестелеп, орамал тігіп біз қалдық». Әуелі ұлдар мен қыздар болып, жарыса өрлеген ұрпақтар өрмегін үзіп алмау – Бақтыгереева әуендерінің тақырыбы және басты әуені. «Читаға, Киевке, әр жаққа, Владивостокқа, аулаққа, қыздар-ау, ұмытпай, жиі хат жазыңдар солдатқа» деген қарапайым сөздердің ар жағында да тек қыздарға тән мейірімді уайым қылтиып тұрғандай. Айтқандай, осы өлеңі газетке шыққан соң Ақұштапқа сүйіктісінен хат күте-күте көзі талған солдаттардың және хаттары жауып кеткен кезі де болғаны бар.
Барша асыл мұрат пен әдемі сезімдердің бастауы – балалық шақ. Ең қымбат қасиет – қимастық сезімі де сол балғын шақта өркен жаяды. «Қалмаған есейгенше еркелігі, мен едім осы жердің ерке гүлі; Сен болдың сол ауылдың аты шыққан, Кезінде теңдесі жоқ тентек ұлы... Оралмас шақты есіңе аласың ба, енді арман ағаш атқа таласу да, Мен сенен дара гүлдеп бөлек қалдым, Әзілқой жеңгелердің арасында. Кінәлі зулап өткен күндер ғана, өзгеше күй шертеді гүл мен дала; Ақылды әке болып жүрсің бе енді, кеп-кеше төбелесіп жүрген бала?..». Қай кезде де есіңе түсіп, елжірете сағынатын сәби кездің періште жарастығы қандай әсем жеткізілген!
Көрші үйлердің ұл мен қызының бір-біріне бауыр басқан қимастығынан басталатын жарастық – бүкіл адами тіршіліктің басты сипаты. Соны шынайы жырға қосқан ақын қыз бірте-бірте жүректер үндестігінің тұңғиық тереңіне бойлай түседі. Оның әкесіне, анасына, жеңгелеріне, құрбылары мен достарына бағышталған қай өлеңі де бүкіл адамзаттың басын біріктіріп тұрған рухани магнитизмнің аты да мейірім мен қимастық екендігіне қапысыз иліктіре алады. Ол бұл сиқыр күштің махаббат екендігін дәл басып, оны тек әйел мен еркек арасындағы құштарлық аясымен шектемейді. «Екі рет оралмайтын бір ғана өмір, өмірді ғашықтықпен сүю керек» деп ойлайтын ақын «Бақыт, сый табу үшін жер бетінен, алдымен сүю керек адамдарды» деп санайды. Мұндай ауқымды махаббаттың бәрібір басты тірегі әйел деп ұғады. «Ерге жар, балаға ана болмай ма қыз, қыз жоқта қызық жоғын ойланбаймыз», «Жарын сүйе білмейтін жасықтардың, елін сүйетіндігіне күмәндімін» деген жолдарды бүгінгі феминистік поэзияның басты пафосына айналып бара жатқан жыныстық шовинизм мен расизмге жатқыза алмайсыз. Өйткені бұл – үстемдікке емес, жарастыққа шақыратын өлеңдер.
А. Бақтыгерееваның өлеңдерінде сүйе білу – ең үлкен бақыт, сүйікті болу ең жоғарғы мәртебе ретінде сипатталады. Мұның екеуі де, оның ұғымынша, тек әйелдерге ғана бұйыратын мерей. Ендеше, бұған қанағаттанбай, қай заман, қай қоғамда да желдің өтінде, жаудың бетінде жүретін еркектік тағдырға құмартып, шалабүлінушілікті ештеңемен түсіндіруге болмайды. Тіптен бүгінгі заманғы әсіре феминизмге ұрынғандардың арасында еркектердің әйелге деген махаббатының өзін әйел теңдігін аяққа басқандық деп намыстанатындар толып жатыр. Сондықтан да еркектерден батылырақ көріну үшін еркектерден де асырып дөрекілік пен әулекілік жасауға тырысады. Бұл – тек әйелдердің ғана емес, бүкіл адамзаттың басына төніп келе жатқан қауіп.
Бұрын отбасыдан басталатын адамзат қауымдастығы бір тараптың әсіре бұйығылығы мен екінші тараптың әсіре өктемдігінен зардап шексе, енді екі тараптың да жыныстық нигилимзге ұрынып, бір-бірімен дөрекілік жарыстырған әсіре әулекіліктен зардап шегуі ықтимал. Бақтыгереева бұл топалаңды да тек әйелдіктің әзелгі түс мінездеріне уақтылы қайтара оралу арқылы ғана тойтаруға болады деп ойлайды. Ол «Сіңліге сыр» деген өлеңін «Жеңілмес мықты қаруың сенің – нәзіктік» деп түйіндейді. Оған салсаңыз, бұған дейін «Дүниені сұлулық құтқарады» деп келсек, енді «Дүниені нәзіктік құтқарады» дейтін кез келді. Өйткені нәзіктік жоқ жерде сұлулық жоқ. Ал оның екеуі де әйелде. Ендеше, әйел жаратқан тіршілікті тек әйел ғана аман сақтап қала алады. Олай болатыны: қай пенде өзінен басқаны жақсы көріп, анасына жаны ашудан үйренеді. Анасын аялаған адам қалғандарға қараулық жасай алмайды. Ал ондай аяушылық адамдардың бойына аналардың ақ сүтімен дариды. Аяушылықты білмейтін дөрекі әйел ана бола алмайды. Ана бола алмайтын әйел адамзатты өсіп-өндіре алмайды. Демек, әйелдердің дөрекіленуі күллі адамзаттың тұрпайылануы, сол арқылы күллі тіршілік тұқымының тұздай құруына әкеліп соқтырады.
Сондықтан да Ақұштап Бақтыгереева әйелдерді емес, әйелдікті жырлайды. Әйелдерді емес, әйелдікті қорғайды. Сол үшін де әйел әйел етіп тұрған ең басты қасиет – нәзіктікті дәріптейді. Оның Отан, туған жер, бауырлары мен балалары жайындағы жүрек тебірентерлік жырлары да сол нәзіктіктің түлектері. Тек нәзік жүректер ғана ел мен жердің, заман мен адамдардың қадір-қасиетін терең түсіне алады. «Жарасады екен қатал қыс адамы өжет аймаққа», «Анадан ерке туғанмен, өмірге қиын еркелеу», «Мәні болмас өмірдің бір сағыныш өртемей», «Маңқиған дала-мінездің қадірін аз-ау аңғарған», «ЭВМ-ға махаббат бағынбайды», «Жаным» деген жігітті жек көрмеңдер, өзі сүю – қыздардың соры ғана», «Боз үйдің ық жағында кемпір отыр, сәбидің күлде қалған қуыршағындай», «Бар адамға, қарағым, баға берме, бір ақымақ қалдырған көңілменен», «Көк тас та жып-жылы боп көрінді, ана, бетіне сенің бейнең салынғасын», «Ең қызық романның беттеріндей қыз-дәурен өте шықты парақталып»... Міне, мұның бәрі – тек нәзік жүрек түйсініп, нәзік көңіл айта алатын тылсым сырлар.
Бұл жағынан келгенде, Ақұштаптың тіл жетпеске сөз тауып, қиыннан қиыстырып айта білген аса сиқырлы өлеңдері баршылық. «Ақ ұлпа дала төсінде салт атты көрсем, дір етем. Сонау бір жағдай есімде сақталып әлі жүр екен... Ақ түндер барлық жарығын аяусыз жерге төккендей, аққулар біткен мамығын осында төсеп кеткендей. Қарасын із жоқ қайда да, теп-тегіс болып ағарған; қар емес, мынау айнала – тұнып бір тұрған ақ арман. Дүние көшкен көзімен қараймын қарлы моншаққа; ақ дала мендік сезіммен үндесіп кеткен сол шақта. Ақ ұлпа жапқан бұлт үстін, ақ нұрға бояп шатқалды; алғашқы жауған ақ ұшқын үлбіреп қана жатқан-ды; Жыр болып мен де төгілдім, тұрдым да әлде күй күтіп, сен сонау белден көріндің, жаныма жеттің құйғытып, Малшынған терге көк дөнен, қарысқан қолың тізгінде. Ентіге шауып жеткенмен, тілдеспей қалдық біз мүлде. Жаңағы аппақ арманды ес-түссіз қайта іздедім. Көрдім тек ойған қарды әлгі тұяқтың ғана іздерін. Ішімнен жанып, күйінем, үн қатар бойда күш қалмай, Жаңағы аппақ дүнием көзімнен бір-бір ұшқандай. Қайда әлгі шағы даланың, қайда енгі әлгі пәк күні? Талдырып көздің жанарын, күрмейтін тілді ақтығы? Жоса боп жатыр ақ дала, көңілімнің көлі бұрқанды. Ізіне қарап қап-қара, жек көріп кеттім тұлпарды. Ұрыстым сені өзімше, қай жақтан ғана тап болдың? Жыртылып қалды көзімше үлбіреп жатқан ақ торғын. Қинайтын тұяқ түскірді не шаруа болды мұнша асық? Ақ нұрға аймақ шат күліп, рақатқа тұңғыш батқанда, несіне шаптың ат мініп, үлпілдеп жатқан ақ қарға?..» Көз алдыңда күйреген ақтық пен пәктік қасіретін бұдан нәзік қалай жеткізуге болады?!
Немесе мына бір өлеңге құлақ салыңыз: «Аппақ-ау өңі даланығ, тап-таза қардың ұшқыны, ақтықтан талар жанарың сәулелі еді қыс түні... Болған соң өзің қасымда, мен келе жаттым жалындап, ақ түбіт шәлі басымда ағара түсті қалыңдап; көктемнің басы болар ма, сен мені алғаш сүйген күн. Ұмытып қысты, содан ба – қақпастан қарды үйге ендім. Үлгертпей мені не деуге, сен қарды еппен қаққаның. Сау ете қалды еденге иығыма қонған ақ қарым. Бір жалын шарпып өткендей, селк етіп, шоршып түстім мен. Қапыда сусып кеткендей ақ торғын көйлек үстімнен». Расында да, өң мен түстей сирек бақыт қаншалықты дәл, қаншалықты нәзік, қаншалықты әдепті жеткізілген!
Шын бақыт пен шын ренішті тек осылай нәзік түсіне алатын ақын ғана әйелдер тақырыбын ешқандай әлеуметтік қарадүрсіндікке ұрындырмай, аққудың балаң жүніндей мамық та майда жеткізе алмақшы. Мұндай асқан ұсынақтылықты бір кезде Маяковский айтқандай, «кесте тігушілік» деп, В. Брюсов айтқандай, үйішілік «сүйкімді ұсақ-түйек» деп те, «өмірдің ұсақ-түйектеріне есі кетіп арбалу» деп те айта алмайсыз. Ондай әсіре максимализм бүгінде жаппай рухани гермафродитизмге ұрындырып отыр. Әйел әйелдігін, күйеу күйеулігін ұмытпай, күліңнің басы күпсіп отыратын үйішілік береке орнамай тұрып, жалпыадамдық жарастықтан дәметуің құрғақ қиял сияқты. Ана бақытсыз, бала жетім қоғамның төсегені – ошаған, жастанғаны жантақ болмақшы. Тұла бойы тұнып тұрған аппақ арман Ақұштап Бақтыгерееваның әбден гүлдеп тұрған әсем алма бағындай жыр-әлемге көктемгі мұзғалақтай оқтын-оқтын оқыс шошындырып тұратын «түсі суық» тақырып та осы әйелдің арын, баланың болашағын оп-оңай тапап тастайтын опасыз махаббат пен топас тоят, арзымсыз сүю-күю. Тек махаббат аясымен шектелмейтін қатігездік пен ашкөздік. Жоқ, біздің заманымызда адами жарастық пен үйішілік бақыттан асқан әлеуметтік мәселе жоқ. ендеше, Ақұштап Бақтыгереева – ең қажетті бағытта, ең қиын майданда шайқас салып жүрген ержүрек суреткер. Оның жеңіске жете алар, жете алмасын кесіп айту қиын. Бұл – бәріміз үшін де өкініштісі. Бірақ «Үмітсіз – шайтан» деген.
Осы орайда өз басымнан өткен бір оқиға еске түседі. Орта мектепті бітірген Ұштаған ауылында көліктен түсіп жатып, қаздай тізіліп тұрған екі топты көзім шалды. Біреуі – өңшең мосқал еркектер мен әйелдер, екіншісі – өңкей бүлдіршін жігіттер мен қыздар. Бірінші топты еміс-еміс шырамытқандай болдым. Екінші топ көзіме оттай басылды. Бір кездегі өзіміз секілді. Шетінен алабұртып, үлбіреп тұр. Мосқал қарап тұрмай, маған айқайлап: «Әй, Әбіш, біз ғой сені танып тұрмыз. Ал сен бізді танып тұрсың ба?» деп қиқарланады. Дауыстарынан таныдым – менің бір кездердегі парталастарым. Ал екінші топ – солардың ұлдары мен қыздары. Мен де қиқарландым. «Жоқ, сендерді танымадым. Ал мына қыздармен, жігіттермен бірге оқығанмын», - деп бұрылып барып, балаларының беттерінен сүйдім. Сол айтқандай, Ақұштап, қазір бір кездегі бізге балаларымыздан гөрі немерелеріміз көбірек ұқсап барады. Біздің уайымымызды тек солар ұғып, біз жетпегенге тек солар жеткей! Туған күнің құтты болсын! Бар бол, пейілдің ақтығы мен сезімнің пәктігін жырлап ғұмыр кешкен Ару Ақын! Шалқарың шалқи бергей, айдында жүзген Ақ Желкен!
Әбіш КЕКІЛБАЕВ,
Халық жазушысы
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.