Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
АУДАРМА
Айнаш Қасым. Кездесетін сәт жақын...

14.02.2023 2767

Айнаш Қасым. Кездесетін сәт жақын 14+

Айнаш Қасым. Кездесетін сәт жақын - adebiportal.kz

Иранның қазіргі поэзиясынан аударма

Мен сені күтемін

(Нима Иушидж)

 

Мен сені түндерде күтемін.

Орман ағаштарының көлеңкесі ұзарғанда,

Басқалар сені күтуден шаршап, қайғыға батқанда,

Мен сені күтемін...

Түнде сайлар өлген жыландар сынды тыныштыққа оранғанда,

Лала гүлі тау қарағайының діңіне жармасқанда,

Сен мені есіңе аласың ба, алмайсың ба,

Бірақ мен сені ойлаудан танбаймын.

Мен сені күтемін.

 

***

 

Судың сарылы

(Соһраб Сепеһри)

 

Аспан мына көзқараспен барлық нәрсені – сұрықсыздық пен сұлулықты,

Жақсы мен жаманды, тіпті өлім мен зынданды бірдей көреді.

Неліктен жылқыны асыл жануар, көгершінді әдемі деп айтатындықтарын

Мен білмеймін.

Неліктен тордағы ешбіреу құзғын емес?

Қызыл беденің лалагүлден несі кем?

Көзді жуып, басқаша көру керек...

Мекен жай

(Соһраб Сепеһри)

 

– Достың үйі қайда? 
Салт атты сұрағанда таң еді.
Аспан бөгелді.
Жүргінші ерніндегі нұрдың бұтағын
Түн қараңғылығына сыйлады. 
Саусағымен аққайыңға нұсқап: 
«Ағашқа жетпей,
Құдайдың түсінен
Жасылырақ «көше бақ» бар. 
Ол жерде
Махаббат адалдықтың мамығындай көгілдір. 
Балиғаттың артынан көрінетін 
Көшенің соңына дейін барасың.
Кейін жалғыз гүл жаққа бұрыласың. 
Гүлге екі қадам қалғанда,
Әпсаналық мәңгілік қайнаған бұрқаққа
Аяғың тиеді.
Бойыңды мөлдір қорқыныш билейді.
Кеңістіктің ағынды риясыздығында 
Сыбдыр естисің.
Биік шыршамен өрлеп,
Нұрдың ұясынан балапан алған 
Баланы көресің. 
Одан 
«Достың үйі қайда?» – деп сұрайсың.

 

***

 

Мәрсие

(Ахмад Шамлу)

 

Сені іздеп,

Таудың етегі мен теңіз бен шөптің босағасына жылаймын. 

Сені іздеп, желдің өтінде

Маусымдардың тоғысы мен 

Бұлтты аспанды ескі терезенің жақтауы ететін

Терезенің сынған ағашында жылаймын.

Сенің суретіңді күтумен

Мына бос дәптер

Қашанға дейін,

Қашанға дейін

Парақталады?

Кездесу сәті

(Ахаван Салес)

 

Кездесетін сәт жақын.

Мен тағы естен айрылдым, маспын. 

Тағы жүрегім мен қолым дірілдеп,

Тағы басқа бір әлемге енген сындымын. 

Аңдаусызда бетімнің ұшын кесіп кетпе, ұстара!

Шашымды бұзба, қол!

Абыройымды төкпе, жүрек!

Уа, ішпей мас!

Кездесетін сәт жақын. 

 

***

 

Көктемге сен!

(Ферейдун Мошейри)

 

Терезелерді аш! 

Самал жел мамыргүлдердің туған күнін тойлайды.

Көктем әр бұтақтың үстінде, әр жапырақтың жанында шам жаққан. 

Барлық қарлығаш қайтып оралып,

Балғындықты жырлауда.

Көше біртұтас әнге айналып,

Шие ағашы мамыргүлдердің мейрамының сыйлығы ретінде 

Етегін гүлге толтырды.

Терезелерді аш, дос!

Есіңде бар ма,

Алапат шөлдің жерді күйдіргені?

Жапырақтар солып,

Шөлдің жердің жанына не істегені?

Есіңде ме?

Ұзақ түндердің қараңғылығында,

Аяздың шапалағы жүзім ағашына не істеді? 

Ақгүлдердің бастары мен кеуделеріне 

Түн ортасында қаһарлы жел не істеді?

Есіңде ме?

Енді жаңбырдың мұғжизасын қабылда!

Жомарттықты көгалдың көзінен көр!

Махаббатты самал желдің рухынан сезін!

Мынау тар көшеде

Осы құр қолымен

Мамыргүлдердің туған күнін 

Тойлауда. 

Топырақ жанданды.

Сен неліктен тасқа айналдың?

Сен неліктен соншама сағынышқа салындың?

Терезелерді ашыып,

Көктемді қабылда!

 

Жол болсын!

(Шафии Кадкани)

 

– Осынша асығып қайда барасың? деп

Таспашөп самал желден сұрады.

– Бұл жерден жаным құлазыды.

Мына шөлдің шаңынан

Сапарға шыққың келмей ме?

– Асақ арманым, бірақ,

Амал не, аяғым шідерлеулі.

Осынша асығып қайда барасың?

– Бұл сарайымнан басқа қай жер болса, сол жерге.

Сапар оң болсын! Бірақ, сен достық пен Құдай үшін 

Мына қорқынышты шөлден аман-есен өткенде 

Бүршіктер мен жаңбырға

Менің сәлемімді жеткіз.

Маржан

(Һушанг Ебтеһадж)

 

Су астындағы тас

Көк теңіздің түнерген тұңғиығында

Қорқынышты көрдің түбінде жалғызсырап,

Суық пен тымықта үнсіз жатты.

Ол өзінің үнсіздігімен қараңғы қабірде ұмытылды...

Оған күн нұры ешқашан түскен емес.

Түнде ай оған сәулесін шашқан жоқ.

Түндерде ыңырсығанда,

Көз жасын төгіп, сандырақтағанда

Көк шұңқырда

Оны еститін жан болған жоқ.

Судың астындағы тас... сынған тас...

Тірі.

Үміті үзілмеген.

Егер ол жүрек болғанда, ғашықтың кеудесінде болар еді.

Егер гүл болғанда күннің арқасында бүршік жарар еді.

 

Сылтау

(Һушанг Ебтеһадж)

 

Уа, махаббат!

Барлық сылтау сенен.

Мен үнсізбін. Бұл ән сенен.

Таңертеңгі қатты дабыс пен

Түнгі мына сыбыр сенен.

Мен өз қайғымды білмеймін.

Мына сылтаусыз көз жасы сенен.

Уа, пәк адамның көңілінің сәулесі!

Менің қырманымдағы өрт сенен.

Сен жадылаған адамның тілі жоқ,

Егер болса да, бар сөзі сен туралы.

Менің кемем үшін теңізде қандай қорқыныш бар?

Дауыл сенен болғанда, жаға да сенен.

Шарап берсең, де бермесең де қайғы жоқ.

Мастық та сенен, шарапхана да сенен.

Мына шаттық пен мастық та сенен.

Сенің алдыңда ақыл қалай асаулық танытады?

Ол жуас. Шабу саған тиесілі.

Мен үнсіз, белгісіз өтемін.

Мәңгілік даңқ саған тиесілі.

Көлеңке сынды мені жерден көтер.

Бұл жерде бас пен босаға сенсің.

Әлемді ақындарға тапсырыңдар!

(Мохаммад Реза Абдулмалекиан)

 

Әлемді ақындарға тапсырыңдар!

Сенімді болыңдар!

Сөздерді оятып,

Атыздарға гүл мен бидай егеді.

Әлемді ақындарға тапсырыңдар.

Биябан мен жаңбыр, –

Екеуі де қуанады.

Әлемді ақындарға тапсырыңдар.

Сенімді болыңдар! Сарбаздар ән айтып,

Ғашық болады.

Мылтықтарын оқтап қойып,

Оянбайды.

Әлемді ақындарға тапсырыңдар!

Дуалдар құлап,

Шекаралардың түстері оңып,

Дарақтар көшелерге шығып,

Автобустың сапында шешек атады.

Құстар мініп,

Жерлестердің бәріне күнбағыстың дәнінен ауыз тигізеді.

Осыны қаламап па едіңдер?

Ондай болса неге босқа іркіліп тұрсыңдар?

Ой мен күдікті қойыңдар!

Әлемді ақындарға тапсырыңдар!

Мына сергелдең ұйқастар,

Егер сандықтардан бас көтермесе,

Қартайып кетеді. Құс болмайды.

Құссыз әлем –

Тек ататын жәһаннам…

 

Жүзімнің жыры

(Надир Надирпур)

Не дейсіңдер?

Шірне қайда?

Жүзімнің тәтті дәніндегі мына суда ма?

Шірне қайда?

Бұл – көз жасы.

Миһнат шеккен кәрі бағбанның көз жасы – 

Түндерде жол жүріп,

Түнімен таңға дейін ояу болып,

Жүзімдіктерді суғарып,

Арқасын жүзімнің сабақтары сынды бүгіп,

Әрбір дәнге көз жасынан нұр сыйлаған.

Әрбір жүзімнің сабағын жүрегінің қанымен өсірген.

Не дейсіңдер?

Шірне қайда? Жүзімнің тәтті дәніндегі су ма?

Шірне қайда? Бұл қан –

Миһнат шеккен кәрі бағбанның қаны.

Соншалықты оңай алмаңдар оны!

Соншалықты оңай ішпеңдер оны! 

Уа, менің өлеңімнің сатып алушылары, сендер де!

Егер сөзімнің нәзік дәндерінен

Немесе өлеңімнің жарық сабақтарынан,

Шарап пен шірне көрсеңдер, 

Менің көз жасым мен қанымнан басқа ештеңе емес.

Шірне қайда? Бұл – көз жасы. Бұл – қан.

Шарабын қайдан оқыдыңдар?

Бұл мастық сенің ол мастығың емес. 

Сендер менің қанымнан массыңдар.

Ішіп жатқан қаннан,

Менің жүрегімнің қанынан массыңдар.

Жүрегімнен суыратын әр сөзім – менің жанайқайым.

Менің әр өлеңім – теңіз,

Шарап пен қанға толы теңіз.

Шірне қайда? Мына әр сөздің дәніндегі көз жасында ма?

Шірне қайда? Өлеңнің әр сабағындағы қанда ма?

Әрбір дәнді, еріндер мен әрбір сабақты, тісті соншалықты оңай қысасыңдар. 

Мына кеседегі – менің қаным.

Мына тостағандағы менің көз жасым.

Соншалықты оңай алмаңдар!

Соншалықты оңай ішпеңдер!

 

Парсы тілінен аударған: Айнаш Қасым


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар