Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЭССЕ
Айсұлу Рүстем. Өлең мені ешқашан тастап кеткен еме...

09.07.2024 2526

Айсұлу Рүстем. Өлең мені ешқашан тастап кеткен емес

Айсұлу Рүстем. Өлең мені ешқашан тастап кеткен емес - adebiportal.kz

Кез келген өнердің мақсаты – адам жанына әсер етіп, жанын қуанышқа бөлеп, өмір сүйгіштігін оятып, тұтас өмірге сұлулық пен мейірім дарыту. Бұған келгенде, әсіресе, поэзиядағы сөз бен суретке ештеңе тең келмейді. Сұлулықты, өмірдің әр сәтін сезіну жанның ең терең түкпірінен шығады, оның соншама нәзік болатыны содан. Шығармашылық адамы өзінің әр дүниесіне жан толқынысымен келуі тиіс. Өлеңінен ақынның жан тазалығы көрінсе, ол – поэзия. Сондай нәзік, сырлы, сезімтал өлең иесі Айсұлу Рүстем. Ең кереметі шынайылық, ол бар жерде автормен бірге толқып, неше қилы сезімді бастан кешесің ғой, ақын өлеңдерінен сол сезіледі.

Сонымен «Әдебиет порталының» бүгінгі қонағы – ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, журналист, аудармашы Айсұлу Рүстем.

 

Өлең жазатынымды білдірмеуге тырысатынмын

- Айсұлу апай, сізді өлеңдеріңізді әлеуметтік желіден оқып барып таныдық. Бұрынырақта «Әдебиет порталына» да шыққан екен, сондай нәзік лирика. Әлі де өлең  жазатын шығарсыз?

Менің негізгі оқыған мамандығым – инженер, Алматының политехникалық институтын бітіргенмін. Төртінші не бесінші сыныпта, шығарманың орнына өлең жазсаңдар да болады дегені мұғалімнің. Соған қыс туралы екі шумақ жазыппын. Ол кездің қысы атайман болатын. Бет қаратпайтын суық, маңдайды жарып бара жататын аяз. Сол кішкене кезімде марқұм Бибінұр апайым анама мені «шығарманы ерекше жақсы жазады, өзім таң қаламын», – депті. Апам соны маған айтқаны бар. Ынталандырды ма екен... Әдебиеттен сабақ берген марқұм Сұлтан ағайымның сабақ беруі өте ерекше болды. Эпостардан үзінділерді жатқа оқитын. Даусы да диктордың даусы сияқты еді. «Қазақ әдебиеті» мен «Білім және еңбекті» үзбей оқыдым. Жалпы сын мақалаларды сол кезден көп оқитынмын, неге екенін... Физиканы, жаратылыстану ғылымдарын да жақсы көрдім. Содан өзімнен үлкен апайым политехқа бар, филфакқа оқуға түсе алмай қаларсың (адам көп болады екен, өзі соның алдында оқуға түсе алмай көп жүріп барып түскен) дегесін, политехқа тапсырдым. Ауыл мектебін жақсы бітірсем де, мұнда төмен баллмен зорға іліктім. Сонымен әдебиетке құштарлығым айдалада қалды. 

     Оқу орысша жүреді екен. Содан күлкі де жоқ, ұйқы да жоқ. Күні-түні сабақ оқу, конспект көшіру, тіл үйрену. Жалпы геологиядан әйгілі Г.Ц Медоевқа емтихан тапсырдым, Биосфера туралы курстық жұмысты әуелі қазақша жазып, оны өзім орысшаға аударып, қатесін қасымдағы орыс тілді Гүлбарамға түзеттіріп, оқушының дәптеріне жазып тапсырғанмын. Сол жолы Г.Ц. Медоев (Алан Медоевтың әкесі ғой) менің еңбегімді, ұмтылысымды, жалпы ұстанымымды, аудармашылық қабілетімді бағалапсөздік жинаумен айналыс, қазақ жазушыларының орысшаға аударылған кітаптарын оқып, орысшаны үйрене түс», – деп ұстаздық ақылын айтты. Политех маған үлкен өмір мектебі болды. Жақсы, білімді ұстаздарым көп болды. Оны бітіргенімді мақтанып айта аламын.  Өлең мені ешқашан тастап кеткен емес. Ол менімен әлі де бірге. Сүйекпен берілген ғой. Сүйекпен кететін болар. Қуанышым да, қайғым да содан. 

     - Ең қиыны – еңбек ету. Қаламгер мігірсіз ой кешіп, іздену арқылы өседі, сол жеткенімен өзінде не бар: ақиқатқа жақындатар идея ма, осы уақытты, оның  өзгерісін тап басатын байқағыштық, дүние туралы онтологиялық сұраққа жауап іздейтін дербес таным ба… сол жолда тер төгіп бір биікке жетуді мұрат қылады. Сіз нені мұрат қылдыңыз?

       - Мен ақын болам деп мақсат қоймаппын. Төрт жасымда хат таныппын. Бала күнімнен адам болуды құлаққа құйған ғой, тек адам болуды. Дәрілік заттар және медициналық бұйымдарды сараптайтын орталыққа жұмысқа алып жатып, директоры инженерлік ойлау жүйеңізге сендім деген. Осы соңғы он бес жыл ішінде сол мамандығымды көп ойладым. Өлеңді емес. Сол жылдары ғана мен өзімнің оқыған оқуымды, мамандығымды мақтан еттім. Сол кезде ғана мен оның қадірін білдім. Жастықпен ол салада көп жүрмей кетіп қалғаным болмаса... Кейін, есейе келе, соңыма бұрылып қарап отырсам, ол ғылым жолы екен. Маған оны тәптіштеп кім айтып отырсын. Жаны ашитын ешкім жоқ, үлкен қала, пәтерде, жалғыз жүрген кезім. Ол ортаның орысшалығы шаршатып кеткені де бар.

Мені өлең жазатыны бар десе, аңтарылып бәрі қарайтын... мынаның есі дұрыс емес деген сияқты естілетін маған. (Мен өлең жазатынымды білдірмеуге тырысатынмын). Мені басқа бір әлемнен келген жандай көріп, шексіз құрметтейтін. Олардың көпшілігі  математиктер ғой, В.М. Брадис таблицасын шеше алатын, жоғары математикадан емтиханды автоматпен алып жүре беретін. Политехта оқу дегенде, механиканың теориясын тапсырып барып қызбен, жігітпен жүресің, сопроматты тапсырсаң үйленуге болады деген тәмсіл болған сол кезде. Міне, оған дейін қылтыңдауға болмайды. Ал ол пәндерді сен жоғары курстарда оқисың. Оған дейін сан салалы сабақтың түр-түрі бар. Химияның, физиканың түр-түрін оқыдық. Білім бәріне үйретеді ғой, төзімділікке де. 

(Төменде ВЛК комиссиясының берген қорытындысы). 

Журналда бәрі үлкен кісілер, оқу-тоқуы көп, көрген-білгені. Мен ғана сары ауыз... үйрендім, Фариза апайдың қатал мектебінен өттім. Іздену, еңбектену, өзіңе талап қою... демалыста да бел шешпейсің, кітапханада отырасың. Кейде лездемеде маған шүйлігетіні бар-ды, өмірі бетіме кісі келіп көрмеген ерке қызбын ғой, апайға не істерімді білмей, долылық қысып, көзімнен жас атып кеткені де бар. Әшірбек Көпішев (орынбасары) бетін басады, апам айтады сендер бұны аяп отырсыңдар ма, бұл долы ғой, долылықтан жылайды деп...Қызық.Кейде апайдың сұрайтыны бар, осы сендер демалыста қайда барасыңдар ей деп.. Ол да бір дәурен екен. Менің бір өлеңім бар...апама жаздым, өзі көрген жоқ. Кейде номердің быт-шытын шығарып, талқандап өзі кетіп қалады жиналысқа. Біз әуелі аңтарылып, содан кейін ес жиып, редактордың бөлмесінде шай ішеміз.

Ол – менің жанымның кешкен күйлері

- Кейде өлеңдерден бөлек бұрын жазылған күнделіктерден үзіктер жариялап отырасыз. Онда көп сыр бары аңғарылады. Мүмкін, оқырман үшін құнды дерек әлде пайымдар да табылатын шығар... Мүмкін, сіздің жеке қорыңызда өмірден өтіп кеткен сиректердің хаттары мен фотосуреттері де сақталған шығар...

- Күнделігім бар. Күнделіктің бәрі шимай-шатпақ өлеңге толы. Хаттар туралы да уақыты келгенде айтармын. Онымен жұмыс жасауым керек. Бір қызығы, әр бетін ашқан сайын сол кездегі көңіл-күйіме кезігіп қаламын... Ол менің жанымның кешкен күйлері, шығармашылығым екен ғой. Енді ғана ұқтым. Құдды соғыс аяқталған сияқты, балалар өскен соң ғана. 

 

- Жасырақ кезде Мәскеуде тұрыпсыздар. Үнемі жазумен болғаныңыз көрінеді. Адам жазуға құштарлықты  қайдан алады? Өйткені, бұл жолда тез нәтижеге жету оңай емес, бұнда ақыл-сананың бір сәттік өзгерісімен, аяқ астынан жарқ етіп, лезде сөніп үлгеретін әсермен алысқа бара алмайсың, ал столдан тұрмай үздіксіз жұмыс істейтін тынымсыз еңбектен жазушы  кейде жаза алмауы, кейде шығармашылық тоқырауға ұшырауы мүмкін, оның бәрі түбі болмай қоймайтын белгі. Бұған қатысты сіздің пікіріңізді білгіміз келеді. 

     - Осы сұрағыңнан мен өзім немен өмір сүрдім деп ойланып отырмын. Мен Мәскеуге Мәлік оқуға түскен соң, бірге барғаным рас. Бірақ өзім де 1995 жылы Мәскеудегі М.Горький атындағы Әдебиет институтының екі жылдық Жоғарғы курсына (негізінен техникалық білімі бар ақын-жазушылар оқитын) құжат тапсырып, сонда оқуға қабылдандым. Бұл менің бала күнгі арманым еді. Бірақ... қара сөзбен келістіріп айта алмаспын. Қысқасы, оқу ақылы болып кетті де, сол мәселені шеше алмадым. Балам  – Асқарым да өте кішкентай болды. Өлеңде бұны былай бейнелеп едім:

Ашуың толтырып ұртыңа,

Тентек жел, шашымды жұлқыма.

Ай батып кеткендей бір сәтке,

Ойланып тұрды да.

Ескіні еске алмау бір күнә,

Мүмкін бе өмірге ұмтыла?

...Түңіліп қайтемін өмірден,

Күн куә бәріне, түн куә. 

Сонымен арман – арман күйінде қалды. Шығармашылық тоқырау, әрине, болды ғой. Бірақ мен оны кітап оқумен, баланы оқытумен, баламды сүюмен, аударма жасаумен, ақын-жазушылардың өмірбаяндарын, күнделік-хаттарын оқып, өзіме ұқсастық табумен, өзімді жұбатып, ізденумен өткердім. Жазумен жұбандым, мен өзімді іштей өзім сезген күннен бастап мықты өлеңдер жаза бастадым деп ойлаймын.  Әдебиет институтының сол кездегі проректоры  мағанақысын төлемесең де оқи бер, кейін көреміз, алаңдама», – деген. Менің отбасылық жағдайым болмады, Мәліктің сабағы түнге дейін, оларда кешкі рисунок деген бар, түнде бітеді, өзі бізді асыраушы, күнде Арбатқа барады, балам да өте кішкентай болды ғой, бір жастан жаңа асқан. Онда несіне талпынып, оқуға ұмтылдыңыз дейсіз бе, оқығым келді, ол құштарлықты дәл бейнелеу қиын, өлеңім-жүрегім ғой мазамды алған. Мәскеудің оқымыстылары, интеллигенциясы мықты. Ол туралы көп айтуға болады. Лайықты. Ондай жақсыларды ұмыту қиын. 

- Бір үйде екі бірдей өнер адамы тұрады. Есімі шетелдіктерге де таныс белгілі суретші Мәлік ағамыз сіздің өмірлік серігіңіз. Екі бірдей шығармашылық иесінің бір шаңырақ астында тұруы  өзара  рухани үйлесімге әкелуі мүмкін деп ойлаймыз. Біріңіз қылқаламмен, біріңіз сөзбен сурет салуда бір-біріңізді толықтырған, өсірген, әсер еткен кездеріңіз болды ма?

- Жоқ. Менің өлеңіме оның, оның суретіне менің әсерім болды дей алмаймын. Мен суретті түсіне бермеймін. Ол  мен үшін жұмбақ өнер. Үнсіздік әлемі. Әркім өз шығармашылығында өзі туралы айтар. Мен өзім туралы ғана айтайын. Үнемі оқу, үйдегі өнер әлемі туралы атмосфера. Атақты суретшілер. Бұлардың дүниені көруі басқа... Суретшілердің болмысы жалпы сәл басқалау. Тіпті бөлек. Үнсіздік. Салқынқандылық. Тіпті қатыгездікпен шектесетін қаттылық бар сияқты. Бұлар анатомия оқиды, соны меңгереді ғой. Дәрігерлер сияқты адамды зерттеп көріп тұратыны бар. Екі өнер адамының бірге тұруы бір жағынан жақсы, түсінесің ғой бәрін. Бірақ өзіңе де кеңістік, өзіңе де сол мейірім керек бір күйде жүресің. Тұрмыс деген қиын ғой, оның үстіне сүйікті балаларың болса. Әйтеуір екеудің біреуіне сол жүк көбірек батып, екеудің біреуіне сол жүк тісін батыратын болар. Мәліктің маған көмегі – кітап оқуыма кедергісі жоқ. Бірге жинадық кітапты. Қайта тіпті анау істелмеді, мынау былай болмады демейді. Әйелдің кітап оқып жатуына да уақыт керек қой, сол уақытты менен алып қоймапты. Тек тірлікті ұйымдастыру өзіме өте қиын, Қазақстанда тұрмыс өте қиын. Өнер адамы түгілі жай пендеге өмір сүру өте ауыр. Мен Мәскеуде жақсы тұрыппын, осында келгенде білдім оны. 

Өзі шебер болғасын, менен гөрі өзінің қолы ұсынақты ғой.  Жас кезімізде балаларды да күтуге, бағуға өзі көп еңбек етті. Үйді де жөндеп, әдемі ыдыстар алып, жайнатып қоятын ерінбей. Жанынан қалдырмай, Мәскеуде ертіп жүріп, асырады. Алматыда да сол, пәтерде, жатақханада көп жүрдік. Жанын біз үшін де отқа көп салды. Мен ол жағынан талап қойғышпын. Кері қайтуды білмеппін. 2004 жылы алғашқы жеке көрмесін аштық, жатақханада тұрамыз. Жас болдық қой, содан да соның бәрі қызық еді. Үлкен баламның бізге көмегі көп болды, тынысым ғой менің. Құдай өзі қиыстырайын десе қиыстырады екен. Солай сияқты. Сенбеуге әддің қалмайды. 

Ал мен оның суретін түсінемін дей алмаймын. Жалпы сурет бізге кейін келген өнер ғой. Оны мен түсінбеймін. Қызығатыным болмаса. Өте қиын өнер, бейнеті көп. Ғылым ретінде бізде әлі дамыған жоқ. Біздегі көп адамның сурет салдым деуі сол өнердің теңізінің бетінде қалқып жүру ғой, біреу біліп, біреу білмей...

***

Ұшқым келіп,

Жер үстінен кеткім келіп, ұшпаймын 

Аяздаймын,

Қар жаумаған қыстаймын.

Қайдан ұшам,

Сынық қанат жүрегім.

Сыңар қанат

Мен жаралы құстаймын. 

Жағалауға бұрғым келді кемемді.

Көрдім бойлап, 

Көрдім және тереңді.

Жұлып алдың Қауырсынымды, 

Қалай жақсы көре аламын сені енді? 

Ай сәулесі, 

Жымыңын да жұлдыздың

Ұғынбайтын секілді бір түнгі ізбін. 

Мені жақсы көреді деп ойлаппын

Арасында тұрсам-дағы мың қыздың...

Жүрегімді

Көз ілдірмей мұң түртіп, 

Қан мен жанды бүлдіртіп, 

Жалғыз құсым

Ол жанымда ән салған,

Қона алмайды ол да үркіп...

2009 жыл маусым.

 

Адамға еркіндік берілмеген...

- Сіздің өлеңдеріңізден сезімтал жанның шуағы сезіледі. Жалпы мінез деген нәрсенің өнерге ролі қандай? Барлық кезде, барлық жағдайда сабырлы болу, орнықтылық, байыптылық шығармашылыққа әсер ете ме?

- Мені сабырлы деп қалдыңдар ма? Қайдағы... Мен тынымсыз, мазасыз адаммын. Жаным өте жұқа...Төзімді шығармын. Тағдыр ғой мені бәріне үйреткен. Үндемей жүруді үйрендім, – деп жаздым ғой өлеңімде. Сабыр деген жақсы ау...тәрбиеден бе екен. Анам қатал болды. Анам тірі болды ғой. Намыс. Жауапкершілік. Үнемі іштей өзіңмен алысу... Оқуға түсер кезде қазақтың бір таңғажайып ғалым қызының қолында аз-маз тұрдым. Қатал болды. Көп нәрсе үйретті. Одан Фариза апамыздың қолында болдым. Ерке қыз едім... мен тіпті шатақ болдым. Үндемей жүруді кейін үйрендім. Өмір ме үйреткен...

Адамға еркіндік берілмеген... соны ұғу керек сияқты. Жалғыз жүрсең де, адам ең әуелі өзінен ұялу керек қой, міне сол тұрғыда адамда еркіндік жоқ. Ол жаратылысқа байланған. Тіпті кейде бір көңілің шарықтап кетсе де... дүние сені әп-сәтте орныңа қоятын сияқты..  Өзіңді шектеу шығармашылыққа кедергі ғой, әрине. Содан көп уақыт жаза алмай, жазсам да жарияламай жүрдім емес пе...

...Үн-түнсіз жүруді үйрендім.

Тауыстың түріндей түрлен күн.

Үйіме әкеліп бұтағын, 

Иісіне сүйендім сиреньнің.

Қараңғы. Айнала қарматып 

Болмады. Атпады таң да түк.

Алыстан аңсатып қойғаны 

Аты бал сияқты Алматы.

- Алдыңыздағы аға-апалар, замандастарыңыз жайлы жылы естелігіңіз бар шығар. Сол жөнінде аз-кем сыр тарқатсаңыз. Өйткені кейде ақын-жазушылар естелік айтқанда ішінде сізді де атап өтеді. 

- Политехтан соң Алматыдағы У.М. Ахмедсафин атындағы Гидрогеология және геофизика институтының зертханасында инженерлік қызмет істедім. Сол жылдары өлеңді көп жаздым. Үйрену, өзімді іздеу ғой. Еліктеу. Фариза апайды студент кезден білеміз бәріміз. Ара-тұра өзім барып тұратынмын. Кененнің 100 жылдығында Жұматай ағаны көрдім, бірінші рет. Жұматай Жақыпбай аға өлеңдерімді ұнатып, «Жалын» журналына шығарды. Бұл 1984 жылдың аяғы, 1985 жылдың басы. Ол кезде бұл өте беделді басылым. Сол жылы «Аудитория» жинағына да шыққанмын. Содан бір күні жұмысқа келсем,  Фариза апай жұмысыма телефон соғып, өздерінде бір орын босағанын айтты. Хат бөлімі. Оның алдында апайдан жұмыс сұрағанмын, ол енді бұл институтқа келмей тұрғандағы жағдай. Одан кейін ол туралы ұмытып та кеткем. Ойланып қалдым. 

Сол институттың орынбасары, парткомы Текей Қарамұрзиевты сырттай ғана танып-білетінмін. Кездесе қалса, алдын кесіп өтпей, тұрып қалатынмын. Аяғын сылтып басып жүретін, ойлы өткір көздерінен  анама ұқсастық көретінмін. Сол қазақы мінезімді іш тартып жүрген болса керек. «Жалындағы» өлеңді оқып-танысқан соң, бір күні мені шақыртып алды. «Балам, сен өзің қазақша жазады екенсің ғой. Өлеңдеріңді оқыдым. Сені біздің секторға ауыстырайық, тақырып берейік. Сөздікпен айналысайық, жұмыс көп қой. Маған қазақша білетін кадр керек»,- деді. Сыртынан бұл кісіні аса қатал деп еститінмін. Тағы ойланып қалдым. Сөйтіп жүргенімде Фариза апам: «сен неғып жүрсің, бүгін шық та кел, мында жұрт ол орынға таласып жатыр емес пе» дегені. Бұдан кейін ойлануға мұрша болмады. Сөйтіп, бала күннен арман болған журналисткаға мен бір күнде келдім. 

 

Фариза апам туралы айтпайын десем де, айтып қаламын. Өйткені өзімнің өмірімде ізі қалған адам ғой. Қатал журналистік мектебінен өттім. Ол кісімен бірге әрі қиын, әрі қызық болды. Өлеңді де жаздым. 1986 жылы тамыз айында Жазушылар Одағында бір жиында өлең оқыдым, біреулерге еріп кездейсоқ барғанмын. Сол өлеңдерімді қараша айында Иранбек ағамыз «Қазақ әдебиетіне» жариялады. Міне, мен әдебиетке осылай келгем. Мен сол жылдардағы ақын-жазушылардың бәрін білдім. Анау тоғыз қабатты үйде бірнеше жыл қызмет еткеннің бәрі мені  көрді емес пе? Олар да мені білді ғой. Жақын араласқандары, бірге қызмет істегендері де болды. Содан еске алатын болар. Тіпті қазіргі аты белгілі кейбір ақын жазушы, журналистердің мектептегі шимай-шатпақтарын «Балбұлаққа» дайындап, алғаш шығарған да біз болармыз. Жуырда журналдың тігіндісін қарап отырып, соны байқадым...

Жазбайын десем де...

- Сіздер тоқсаныншы жылдарды өткердіңіздер, ол кездерде қаламақы да жоқ, ақын-жазушылар шеттеп қалған кез. Сонда да жазудан ұзамады. Жалпы ішкі тепе-теңдік деген нәрсе бар ғой, ол көбіне жай ғана ішкі ереже есепті. Яғни сен өзің айналысқан, мақсат қылған іске өзің пайдасын көргеніңнен де көбірек жұмсалуың керек. Мысалы, айлығың аз деп жұмысыңды қалай солай істей алмайсың, онда ол өтірік, өзіңді, қоғамды алдау  болады, бұны айтып отырғанымыз,  нағыз шығармашылық адамдары қаламақы алмаса да, танымалдыққа жетпесе де, байып кетпесе де жаза береді, жазу мұратына соңына дейін адал қарайды, оған оны осы ішкі тепе-теңдікті ұстауы жеткізеді.  Сіздің бұған көзқарасыңыз қандай?

- Мен елден 1992 жылы кеттім. Оған дейін Фариза апамның журналында болдым ғой. Апамыздың жүрген жері береке де еді. Қалтамыз үнемі қалың болатын. Кейде марқұм кімнің арқасы деп қоятын еді... жарықтығым ай.. Бірақ өз басым ешқашан өлеңді табыс көзі деп ойламаппын. Өлеңді жаным дертті болып жаздым. Ол менің жанымның күйі. Әлі де сол. Жазбайын десем де, ол кимелеп мені аттап өтеді...әйтпесе ауырып қаламын, жаным жай таппайды. Сол жынымды шығарып қана аман қаламын... тіпті ол өлеңді ешкім көрмесе де. Осы өлеңді жазған күйім әлі есімде, содан да маған өте ыстық. Қосымша жұмыстан шығып үйге келе жаттым, санамда осы өлең...

ӨЛЕҢ МЕНІ ІЗДЕДІ

...Көшелерді таңда кезіп күз демі,

Жапыраққа шық тізгені.

Ерте оянып, ертегі айтып осылай

Өлең мені іздеді.

Жүрегімді жуып өтті бір ағын

Естімей ме құлағың?

Алатаудың биігінен дәметіп

Бұлағындай жыладым.

Ақбас таудың сүйгенде не асқарын?

Бұлт  – көңілім. Тас та мұң.

Өзгере алмай өтесің,

Өлшеп берген қас-қағым.

...Көшелерді таңда кезіп күз демі,

Жапыраққа шық тізгені.

Ерте оянып, ертегі айтып осылай

Өлең мені іздеді. 

2002 жыл, тамыз. Алматы.

- Ақын адамсыз. Оңашалықтан рахат алу, өз кеңістігіңді сезіну дегенді қалай түсінесіз? Өйткені кеңістік – бұл жазушы қиялы, оның күйі, вибрациясы деп түсінеміз ғой. Әлде бұл онша маңызды емес пе?

- Мен қырда жалғыз үй, жалғыздықта өскен баламын. Бала күнімнен сол өз ойыммен болуды жақсы көрдім. Радио тыңдап өстім, газет-жорнал көп болды. Мәлік  те үнемі сыртта жүреді ғой. Мен үйде баламен жалғыз қалатынмын көбіне. Еріксіз, екі жалғыздық сияқты. Кейін тіпті күй таңдамайтын да болдым... көптің ішінде жалғыз отыратын сияқтымын. Іштей үнемі жалғыздық сезінем, өз ойларыммен. Той-топырдан қашып, сол кеңістікке ешкімді кіргізбеймін деп қанша жексұрын болдым десеңші. Оқыған сайын аз білетініңді сезіну де қиын. Осы сұхбатқа да уақыт таба алмай қиналдым. Мен өзімді түгел өзгелерге арнаппын. Өлеңдерім тасты жарып шыққан бұлақ сияқты, шықпасына болмайтын...

- Сіздің соңғыда шыққан кітаптарды, жаңа авторларды оқып отыратыныңызды байқадық. Бұл әуелден әдетіңіз бе?

- Қай ортаға барсам да өзімді таба алмаймын. Былайғы өмірде көп нәрсені ұқпаймын. Мен сол кітаптар әлемінде өскенмін, сол әлемде өмір сүріппін. Үлкен баламды кішкене күнінен кітапқа баулыдым ғой... Өткенде бұрынғы Пушкин ат. орталық кітапханаға бардым, билетімді жаңартып... Басқаша бір күй сезіндім...Кітапсыз өсу мүмкін емес қой. Бірақ өзімнің қаншалықты көп оқығанымды білмеймін, кітапханам бар (жоғалтқаным тым-тым көп... іздену деген мен үшін өмір бойы аласұру болды). Осы сұраққа жауап іздесем, өзім күн көре алмай жүріп, Серікбол Қондыбай, Таласбек т.т. іздеп жүріп оқыппын. Танымаймын. Сол жылдарғы күнделігімде тұр. Бұл менің өмірім екен. Солай қалыптасыппын. Не бітіргенімді, көңілге не тоқығанымды – келесі өлеңдер жинағым айтар.

- Кейінгі кезде жазып жүрген ақын сіңлілеріңізді оқып отырасыз ба? Не байқайсыз? Жетіп не жетпей жатқаны сізге байқалатын шығар?

- Оқимын. Ләйлі, Мәдина, Ғазиза, Сағыныш, Гүлбақыт, Әсел, Динара, Әлия – олар көп-ақ. Былтыр бір ақын қыз өмірден өтті ғой. Өлеңдері қандай мұңды. Әдебиет те (адам жаны сияқты) терең мұхит тәрізді. Ізденістері ұнайды. Ой қайталанады... дегендей. Көп қой... негізі өлең жазу ол бер жағында жүру екен.

Менің бір ағам айтатын, Блок ана туралы өз өлеңін 140 рет көшірген деп...тым қатал мектептен өткен сияқтымын.

Қазаққа жетпейтін нәрсе білім ғой. Техника саласын игеру. Төрт дипломы бар жас адамның шарушылық бөлімін басқаруға ұмтылуын, немесе журналистік дипломмен пол жуып жүруді немен түсіндіруге болады? Жастар өз өмірін қолға алып үйренуі керек. 

 

Қызыл көйлек

Күндерді сонау ойша кезгенім

Көлегейлесе жүзімді өзге мұң.

Бірге жүргенде айтушы ең ылғи

Ұнайды деп те қызыл көйлегің.

 

Тырыспасам да ұнауға саған,

Жылағым келсе жылай да салам.

Қызыл көйлекті қыз кездесті ме,

Ол-дағы мендей ұнай ма саған.

 

...Бұл күнде бәрі басқаша, жаным.

Жанарымды сан жасқаған жалын.

Кигім келмесе қызыл көйлекті

Өзіммен қалай қастаса аламын.

 

...Өтті дегенге сенгім келмейді.

Өзгенің бағына төнгім келмейді.

Есіме сені сала бергені үшін

Қызыл көйлекті көргім келмейді.

 

Салып жүргенде тірлігім тезге мың,

Расқа айналды сенгенім, сезгенім.

Қызыл көйлектің, білмедің, бірақ

Бейнелеп тұрғанын бақытын өзгенің...

 

 (1981 ж. студент кездегі өлең).                                   

***

Күн батады телміріп, 

Жел де жөнін айтпайды.

Сезіміңді өлтіріп,

Жанды үгеді жат қайғы.

Сен біреуді іздейсің, 

Сыр бөліскің бар шығар.

Күдеріңді үзбейсің

Үміт түбі таусылар.

Күліп бір күн жүрегі, 

Көңіліне күй еніп, 

Адам өмір сүреді

Жоқ нәрсеге сүйеніп. 

Күн батады телміріп, 

Жел де жөнін айтпайды. 

Сезіміңді өлтіріп, 

Жанды үгеді жат қайғы...

(1986 жыл 2 май, түн. Алматы).

***

Бұлттар, мені биікке алып ұшшы. 

Өксік буды жүректі жалынышты. 

Түпсіз көкке қараймын. Қайда қоям

Тыншытпаған бір сәтке сағынышты.

Ақ қар, мені ақ шыңға алып ұшшы.

Жердегі тіршіліктен жаңылыстым. 

Буға,суға айналып кетсем екен.

Алып ұшшы еліне ақ ырыс, Күн.

Айға сіңлі болайын, Күнге құрбы.

Бойымызға сіңіріп бірге нұрды.

Жұлдыз болып қарайын тас төбеден 

Білдірмейін мен зорға жүргенімді. 

Бұлттар, мені биікке алып ұшшы...

(1993ж. Мәскеу).

Ақын Айсұлу Рүстем туралы дерек. 

Ақын 1960 жылы Қызылорда облысында дүниеге келген. Алматыдағы Қазақ политехникалық институтын бітірген. Республикалық «Пионер-Ақжелкен» журналында редактор, аға редактор, «Қазақстан», «Хабар» телеарналарында аудармашы, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің «Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығында»ШЖҚ РМК бас маман, аудармашы- қызметтерін атқарған.1984 жылы жас ақындардың «Аудитория» жинағына бір топ өлеңі енген. Өлеңдері республикалық баспасөзде 1984жылдан жарияланып келеді. 2009 жылы «Өлке» баспасынан «Құм ішіндегі ән» атты кітабы жарық көрген. Қазақ поэзиясының «Жыр маржаны» антологиясына енген. 2021 жылы «Molia & DOS» ЖШС баспасынан «Мезгіл әуендері» жыр жинағына, 2023 жылы «Molia & DOS» ЖШС баспасынан «Махаббат жырлары» жыр жинағына өлеңдері енген.

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар